Фиқһ мәселелері

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы (22)

Имам Құранды дауыстап оқымайтын намаз ракағаттарында Құран оқудың міндеттілігі

«وُجُوبُ القِرَاءَةِ فيِ السِّرِّيَّةِ»

 

Ал имам Құранды дауыстап оқымайтын ракағаттарға қатысты айтар болсақ, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл намаздарды орындау кезінде Құран оқуға үндейтін. Мәселен, Жәбир: «Біз бесін (зуһр), екінті (аср) намаздарында имамның артында тұрып, алғашқы екі ракағатта  «әл-Фатиха» сүресі мен  басқа бір сүрені және соңғы екі ракағатта тек «әл-Фатиха» сүресін оқитынбыз», — деп айтқан[1].

«Ол сахабаларымен бірге екінті намазын орындағанда» олардан Құран оқуын бөлмеуін қадала өтінді «және  (намазды аяқтаған соң): «Сендерден кім «Ұлы Раббыңның атын пәкте» (яғни «Әғла» сүресін)  оқыды?» — деп сұрады.  Біреу: «Мен [бірақ мен мұны тек игі ниетпен ғана жасадым]», — деп жауап берді. Сонда ол: «Мен біреудің осыда менімен жарысып жатқанын білгенмін», — деді.[2]

«قَدْ عَرَفْتُ أَنَّ رَجُلاً خَالَجنِيَهَا»

Басқа бір хадисте: «Олар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) артында (ұйып) тұрғанда Құранды [дауыстап] оқитын, сонда ол (оларға):

«خَلَطّتُم عَلَيَّ القُرْآنَ»

«Сендер менің (Құран) оқуымды бөлдіңдер», — деп айтты», — деп хабарланады.[3]

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деп айтқан:

«إِنَّ الْمُصَلِّيَ يُنَاجِي رَبَّهُ عَزَّ وَجَلَّ فَلْيَنْظُرْ بِمَا يُنَاجِيهِ بِه، وَلَا يَجْهَرْ بَعْضُكُمْ عَلَى بَعْضٍ بِالْقِرَاءَةِ».

«Ақиқатында, намаз орындаушы Раббысымен құпия сұхбат жүргізеді, сондықтан да ол Оған жүгініп тұрған нәрселерінде сақтық (құнттылық) танытуы қажет. (Ендеше) Құранды (бір-біріңмен жарыса) дауыстап оқып, біріңді бірің бөлмеңдер!». [4]

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деп айтатын:

«مَنْ قَرَأَ حَرْفاً مِنْ كِتَابِ اللهِ فَلَهُ بِهِ حَسَنَةٌ، وَاْلحَسَنَةُ بِعَشْرِ أَمْثَالِهَا، لَا أَقُولُ ﴿الم﴾ حَرْفٌ؛ وَلَكِنْ أَلِفٌ حَرْفٌ، وَ(لامٌ) حَرْفٌ، وَ(مِيمٌ) حَرْفٌ».

«Аллаһтың Кітабынан бір әріп оқыған әрбір адамға осы үшін бір игі іс жазылады, ал әрбір игі іске он есе (сауап) беріледі. Мен: ««Әлиф», «ләм», «мим» — бұл бір әріп», — деп айтып тұрған жоқпын, жоқ, «әлиф» — бір әріп, «ләм» — бір әріп,  және «мим»— бір әріп»[5].



[1] Ибн Мәжаһ бұл хадисті жеткізушілердің  сенімді тізбегі арқылы келтіреді. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» (506) кітабында келтірілген.

[2] Муслим, Абу  Ауана және әс-Сираж.

[3] Әл-Бухари «Жуз әл-Қира’а» кітабында, Ахмад және әс-Сираж жақсы иснадпен.

[4] Мәлик, әл-Бухари «Әф‘ал әл-‘Ибад» кітабында бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді. Маңызды ескерпе! Имам Құранды дауыстап оқымайтын ракағаттарда оны оқу және имам Құранды дауыстап оқитын ракағаттарда оны оқудан тыйылудың орынды екендігі туралы пікірді алғашында имам әш-Шәфи‘и де ұстанған. Сондай-ақ бұл көзқарасты Абу Ханифаның шәкірті Мухаммад та (Ибн әл-Хасан — Аудармашының ескертпесі.) ұстанған еді, бұл туралы одан жеткізілетін деректе айтылғандай; тура осы көзқарасқа Али әл-Қари және (ханафи) мазһабының  басқа кейбір шейхтары да басымдық беретін.  Басқалардың қатарында бұл пікірді әз-Зуһри, Мәлик, Ибн әл-Мубарак, Ахмад ибн Хәнбал сынды имамдар, кейбір хадис білгірлері (мухаддистер), сондай-ақ шейх-ул-ислам Ибн Таймийа ұстанған.

[5] Әт-Тирмизи және Ибн Мәжаһ бұл хадисті сенімді иснадпен келтіреді. Бұл хадисті сондай-ақ  Әжжури де «Адаб Хәмлә әл-Қур’ан» кітабында келтіреді. Ал «Кім имамның артында ұйып Құран оқыса, соның аузы Отқа толады» деген хадиске келер болсақ, ол өтірік, ойдан шығарылған (мәуду’) хадис, бұл туралы «әс-Силсилат әл-Әхадис әд-Да‘ифа» кітабында келтірілгендей (№ 569). Қз.: Қосымша № 3.

жалғасы бар