Ақида,  Бұрмалаулар

Қабір орындарын құлшылық-ғибадат орындарына айналдыруға тыйым салынғандығы туралы

Оқырмандарымызға «Қабір-кесене-мазарларға, әруақ-әулиелер мен киелерге сиыну – қазақ халқын опат болуға алып баратын жол» атты кітабының он жетінші тарауын ұсынамыз.

Жүктеп алу.

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

1-Бөлім. Кіріспе

Өткен тарауларда біз көпқұдайшылықты енгізудің және таратудың көптеген сатыларын зерттеп шыққан болатынбыз. Біз Түркістанда, Арыстан Бабта, Бекет Атада т.с.с. жерлерге сапарлар мен жиналыстар ұйымдастырушылардың мақсаттарын, оны іске асыру құралдары мен көздерін түсіндік. Біз олардың дәйектерін қарап шығып, оларға жауап бердік, әрі осы орайда олар өз амалдарының басым бөлігінде ешқандай дәлелдерге сүйенбейтінін, бұдан қалса қасиетті мәтіндер мұндай амалдарды жасайтындарға қатысты тыйымдарға, қорқытуларға, лағынеттерге толы екеніне көз жеткіздік.

Сондай-ақ біз осы адамдардың имам Абу Ханифа мәзһабына ешқандай қатысы жоқ екендігін және оны тек өз мақсаттарына жету үшін ғана жамылғы ететінін анықтаған болатынбыз. Сол үшін көптеген тарауларда біз ханафи мәзһабын ұстанған ғалымдардың мәтіндерін келтіруге тырыстық. Біз бұл мәтіндерді сондай-ақ құрметті оқырман мұндай адамдардың пұтқа табынушылық ұмтылыстарына тек «мәзһаб ұстанбайтындар», «уаххабилер», «варварлар», «Абу Ханифа мәзһабын жек көрушілер», «мәңгүрттер», «надандар», «өз тарихын білмейтін және ата-бабаларын құрметтемейтін адамдар», «экстремисттер мен фундаменталисттер» ғана қарсы болады деген мәлімдемелері және осы сияқты қорлаушы таңбалары мен жағып жатқан күйелері – осы мәлімдемелердің барлығы тап-таза өтірік, күнә және жала екендігін түсінуі үшін келтірген болатынбыз.

Аллаһ былай деді: «Ал мүмін ерлер мен мүмін әйелдерді жазықсыз қорлап-кейіткендер жала жауып, ашық күнә жүктеп алды» («Әхзаб» сүресі, 33:58).

Біз осы адамдар ақиқатты жақтаушылардың дәлел ретінде келтірген қасиетті мәтіндеріне қарсы лайықты түрде және ғылыми тұрғыдан жауап беруге мүмкіндік беретін ешқандай дәлелдері болмағандықтан осындай орынсыз шабуылдар мен таңба ілулерге жүгінуге мәжбүр екендіктерін өзіміз үшін ұғып алдық.

Бұдан қалса, біз өзіміз үшін дәл осы адамдардың өздері нағыз мәзһабсыздар, варварлар, мәзһабты жек көрушілер, өтірікшілер және күнәһарлар болып табылатынын да ашып алдық. Олар өздеріне дейін өмір сүрген Кітап иелеріне, көпқұдайшылдарға, грек пәлсапашыларына және рафиди-шиғаларға қатаң түрде ілеседі. Олар Түркістанды, Бекет Атаны т.с.с. қабір-кесенелерді пұтқа табынушылық ғибадат орындарына айналдырып бітті және осының әдістерін басқа да жерлерге таратуда.

Осы тарауда көпқұдайшылықты таратудың тағы бір сатысы туралы да сөз қозғалады. Бұл саты, алғаш қарағанда, мүлде айыпсыз болып көрінеді. Ол, одан алдынғы басқалары сияқты, өте жақсы бүкпеленген, әрі олардың іс-әрекеттеріне, сондай-ақ олардың «Бұда не жамандық бар?» деген үнемі қайталайтын өтірік сұрағына ешқандай қатысы болмаған имам Абу Ханифаның мәзһабының пердесімен жабылған.

Бұл тарауда біз бір ғана Аллаһқа ешкімді және еш нәрсені серік қоспастан, ықыласты түрде  құлшылық ететін, Аллаһтың разылығына ұмтылатын, Аллаһ пен Оның Елшісін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жақсы көретін адам туралы сөз етеміз. Ол намазды орындайды, дұға етеді, Аллаһты көп-көп зікір етеді, Құран оқиды, жалғыз Аллаһқа ғана арнап құрбан шалады. Ол Аллаһтың Дидарына ұмтылады, Аллаһтың сыйынан үміт етеді, Оған риясыз ықыласты түрде ғибадат жасап, Оның алдында дінін тазартады…

Бірақ! Осы нәрселерді ол қабір орындарында да, кесене-мазарлардың маңында да істей береді.

Мен құрметті оқырманды бұл адамның осы қабірлерге және ондағы «әулиелерге» құлшылық жасамайтындығына, ол сол жерлерде ғибадат жасау сауабы бойынша артығырақ деп санамайтындығына назар бұруын сұраймын. Ол осы орындарды қасиетті және кұт-берекелі деп санамайды, ол өз амалдарының сауабын әруақтарға бағыштамайды… ол әшейін, жаздың шуақты күндерінде басқалармен қосылып Түркістан, Бекет Ата сияқты қабір орындарына барады. Оны бұған көбірек серуеңдеп және демалып қайтуға деген ұмтылыс тартады. Ол сол жерлерге тек қызық көру үшін және осы танымал кесенелерді тамашалап қайту үшін ғана бара жатқан болуы да мүмкін. Ол көптеген адамдардың шоғырлануынан пайда көріп, оларға бір нәрселерді сату үшін баратын жай саудагер де болуы мүмкін. Ол осы жерге келген кезінде басқа мұсылмандар сияқты намаз уақыты кірген кезде оны орындайды, сондай-ақ Құран оқиды, ғибадаттың басқа да жоғарыда аталған түрлерін орындайды, әрі осы орайда ешқандай бұрмаланған сенімдерге ие емес.

Ал енді осының барлығы туралы дініміз не дейтінін көрейікші.

2-Бөлім. Қасиетті мәтіндер қабір орындарында Аллаһқа құлшылық  етудің тыйым салынғандығы туралы

1. Абу Са’ид әл-Худри Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Зираттар мен моншалардан өзге барлық жер ғибадат жасайтын орын болып табылады»  (хадис сенімді (сахих); Ахмад 3/83; Абу Дауд 492; Тирмизи 317; Ибн Мәжаһ 745 т.б.; шейх әл-Әлбани, Муқбил т.б. хадисті сахих (сенімді) деген. Қз.: «әл-Ируа» 1/320 және «әс-Сахих «әл-Муснад»» № 380).

Осы хадистен біз намазды және т.б. ғибадаттарды қабірлер мен моншалардан басқа жердің барлық бөліктерінде орындай аламыз деген қорытынды шығарамыз.

2. Ибн ‘Умар Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Намазды өз үйлеріңде де орындаңдар, үйлеріңді қабірлерге айналдырмаңдар»  (хадис сенімді (сахих); Бухари 1187; Муслим 777; Ахмад 4511, 4653, 4065; Абу Дауд 1448; Ибн Мәжаһ 1377).

Бұл хадис егер адам үйінде нәпіл-сүннет намаздарын орындауды тоқтатса, оның үйі зиратқа ұқсап қалатындығы туралы куәлік етеді, өйткені қабір орындарында намаз орындалмайды.

3. Жундуб ибн Самура Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің өліміне бес күн қалғанда былай дегенін баяндаған: «Ақиқатында, сендерге дейінгі (қауымдар) пайғамбарлары мен салиқалы адамдарының жерленген орындарын ғибадат орындарына айналдыратын, ал сендер бұлай істемеңдер, ақиқатында, мен мұны сендерге харам етемін» (хадис сенімді (сахих); Муслим 532).

Бұл хадистен бірден бірнеше қорытынды жасауға болады:

1. Пайғамбарлар мен салиқалы адамдар жерленген орындарда ғибадат жасау бізге дейін өмір сүрген қауымдардың амалдарынан болған. Мұның мәні бұл амалдың Исламға ешқандай қатысы жоқ екендігінде.

2. Бұл хадисте пайғамбарлардың ғана емес, сондай-ақ салиқалы адамдардың жерленген орындарында да ғибадат-құлшылық жасауға болмайтындығына дәлел бар.

3. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл туралы қайтыс болуына бес күн қалған кезде айтқан еді, ал бұл осы мәселенің өте маңызды және қауіпті екеніне нұсқайды. Не үшін өзінің қайтыс болуының қарсаңында ауырған кезінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәл осы туралы айтты? Өйткені Аллаһқа қабірлерде, кесене-мазарлардың алдында және адамдар жерленген орындарында құлшылық ету салиқалы адамдардың өздеріне құлшылық етуге алып келетін қауіпті құбылыс болып табылады, ал соңғысы көпқұдайшылықтың нағыз өзі. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәл сол көпқұдайшылықтан сақтандырып ескерту үшін жіберілген еді ғой!

4. Көпқұдайшылыққа алып баратын барлық жолдарды жабу шариғаттың маңызды мақсаты болып табылады. Дәл осы себепті де Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өлім алды ауруына қарамастан осы ескерту сөздерін айтқан болатын.

5. Бұл хадисте «…ал сендер бұлай істемеңдер…» деген сөздерде қамтылған қабірлердің жанында ғибадат жасауға деген айқын тыйым бар, осыдан соң бұл тыйым, ешкім оны тек жай ғана құпталмайтын амал деп есептемеуі үшін, «Ақиқатында, мен мұны сендерге харам етемін» деген сөздермен қайта күшейтіледі. Ал, ендеше, осыдан кейін қалайша: «Біз Түркістанға да, Бекет Атаға да бара береміз және сол жерлерде Аллаһқа құлшылық жасаймыз», — деп айтуға болады?! Бұл – сол адамның: «Сенің тыйымдарың, уа, пайғамбар, бізді мүлде қызықтырмайды, өйткені біздің осы сапарларда белгілі қызығушықтарымыз бен мүдделеріміз бар», — деп айтқанымен тең болады.

6. Бұл хадистен Аллаһқа қабір орындарында құлшылық етуге тыйым салынатыны бір мағыналы түрде түсініледі, тіпті біреу-міреу «осыда ешбір жаман нәрсе» көрмесе де.

4. Ибн Мәс’уд Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Ақиқатында, ең жаман адамдардың бір тобы солардың өмір сүретін кезінде Қиямет басталатын, сондай-ақ қабірлерді ғибадат орындарына айналдырытын адамдар болып табылады»  (хадис жақсы (хасан); Ахмад 4143; Ибн Хиббан 6847; Ибн Хузайма 789 т.б.).

Бұл хадисте қабір орындарында Аллаһқа құлшылық жасайтын адамдар ең жаман адамдардан деп аталған.  Сондай-ақ олар солардың өмір сүретін кезінде  Қиямет басталатын адамдармен теңестірілген. Ал Қиямет күні келгенде жер бетінде кәпірлердің ең жамандары өмір сүретіні белгілі ғой.

5. ‘Аиша былай баяндайтын: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болуының алдындағы ауруымен ауырған кезінде, оның әйелдерінің кейбіреулері оның алдында өздерінің Эфиопияда көрген «Мәриям» деп аталатын шіркеуді тілге алды. Умм Сәләма және Умм Хабиба бір кездері Эфиопияда болған еді. Мұны естіп, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Ақиқатында, олардың арасында салиқалы кісілерден біреу-міреу қайтыс болса, олар оның қабірінің үстіне мешіт[1] салатын, ал содан соң оның ішіне соның бейнелерін орналастыртын. Ақиқатында, олар Қиямет күні Аллаһтың алдындағы ең жаман жаратылыстар»”[2] (хадис сенімді (сахих); Бухари 427; Муслим 528).

Бұл хадистен келесі қорытындыларды шығаруға болады:

1. Салиқалы адамдардың қабірлерінің басына мешіттер соғуға тыйым салынған. Ал кім осы тыйымға қарсы шықса және бәрібір қабір орындарына мешіт салса, сол Қиямет күні Аллаһтың алдындағы ең жаман адам болады.

2. Тірі жандарды бейнелеу (сомдау) және оларды мешіттерге кіргізу, ең үлкен күнәлардың қатарына жатады[3].

3. Қабір орындарында құлшылық жасауға деген тыйым пайғамбарлардың қабірлеріне ғана емес, дәрежесі бойынша пайғамбарлардан төмен болғандардың барлығына қатысты.

6. ‘Аиша былай баяндайтын: «Аллаһтың Елшісінде (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өлім алдындағы қиналыс сәті басталған кезде, ол өз бетіне жамылғы жаба бастады. Ал одан тұншыға бастаған кезде,  оны алып лақтыратын. Әрі осы күйінде болған кезінде ол былай деген еді: «Яһудилер мен христандар пайғамбарларының қабірлерін ғибадат орындарына айналдырғандары үшін Аллаһтың лағынетінде». Осынысымен ол осы амалдан сақтандырған болатын. Ал оның осы сөздері болмағанда, оның қабірі ашық қалдырылатын еді. Бірақ (сахабалар) адамдар оның үстінде ғибадат жасай бастайды деп қорықты» (хадис сенімді (сахих); Бухари 435; Муслим 531).

Хафиз Ибн Хәжар былай деген: «Бұл хадисте христиандардың да аталып айтылуы кейбір ғалымдарда түсінудегі қиындықтар туғызды. Бұл яһудилерде пайғамбарлардың болғандығы, ал христиандарға келер болсақ, Иса мен біздің Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арасында пайғамбарлардың болмауы, ал Исаның қабірі жоқ болғандығы себепті еді. Бұған келесідей етіп жауап беруге болады: не оларда елшілерден басқа да, мысалы, Исаның немесе (тағы бір пікірде) Мәриямның хауарилері (апостолдары)  сияқты пайғамбарлар болған[4], немесе «пайғамбарлар» деген сөз ауыспалы мағынада айтылған, әрі онымен пайғамбарлар мен олардың басты ілесушілері меңзелген. Соңғы пікірді Жундубтың хадисінде келтірілетін  Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мына сөздері нығайтады:   «Өздерінің пайғамбарлары мен салиқалы адамдарының жерленген орындарын ғибадат орындарына айналдыратын». Сондықтан да Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) христиандар туралы сөз еткенде: «…олардың арасындағы салиқалы кісілерден біреу-міреу қайтыс болса…», — деп айтқан, ал яһудилер туралы: «…өздерінің пайғамбарларының қабірлерін…», — деген. Сондай-ақ бұған христиандардың яһудилер ұлықтайтын пайғамбарлардың қабірлерінің көбін ұлықтайтындығымен де жауап беруге болады». Қз.: «Фатх ул-Бәри» 435-бет. Әрі осы үшінші пікір ең дұрысы.

Хадистен алынатын қорытындылар:

1. Қабір орындарында Аллаһқа құлшылық ете бастаған адам Аллаһтың лағынетіне лайық.

2. Өлім алдындағы қиналған сәтінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәл осы нәрседен сақтандырды, өйткені ол адамдар оның қабірінің қасында Аллаһқа құлшылық жасауынан немесе оның үстіне мешіт салуынан қорықты.  Ендеше, осы мәселенің қаншалықты маңызды екендігіне назар аударыңыздар. Өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабір орындарында Аллаһқа құлшылық етуге тыйым салынғандығын бұған дейін де оларға бірнеше рет түсіндірген еді, ал кейіннен, яғни қайтыс болуынан бес күн бұрын сахабаларына осыны қайталай беретін, ол мұны айтуды өлім аузында қиналып жатқанда да  тоқтатпаған болатын.

Хафиз Ибн Хәжар былай деген: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы ауруынан айықпайтынын білген сияқты болды және бұрын өмір сүрген (қауымдар) істейтіндей оның қабірін де ұлықтай бастайды деп қорықты. Сондықтан да ол яһудилер мен христиандардарды лағынеттеді де, оларға осы нәрседе ілесетіндерге сөгіс айтылатындығына нұсқады». Қз.: «Тахзир ус-Сажид» 18-бет.

3. Сахабалар осының қауіптілігін түсініп, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірін адам оған қол жеткізе алатындай ашық етіп қалдырмады да, оны Айшаның үйінде жерледі. Сөйтіп олар адамдарға оның қабіріне барар жолды жапты.

Аллаһпен ант етеміз, сахабалар қандай амал жасағанын және дінді қалай түсінгені мен сопылар және рафидилер жасап жатқан нәрселердің және олар дінді қалай түсінуінің арасындағы айырмашылықты көрмеу үшін соқыр болу керек! Аллаһ біздің діни «қайраткерлерімізге» өз жүректерінде Аллаһтың алдында қорқу сезімін табуға және істеп жатқан нәрселерін тоқтатуға көмектессін!

7. Абу Хурайра Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндайтын: «Уа, Аллаһ! Менің қабірімді құлшылық жасалатын пұтқа айналдырма. Пайғамбарларының қабірлерін ғибадат орындарына айналдырған халықтарды Аллаһ лағынеттеді» (хадис жақсы (хасан); Ахмад 2/246; Ибн Са’д «Табақатта» 2/241-242; әл-Хумайди 1025 т.б.).

Ал ‘Ата ибн Ясардан жеткен осындай бір хадисте: «…халыққа Аллаһтың ызасы күшейді», — деп айтылады (хабардың иснады мықты; Мәлик «Муаттада» 1/172).

Бұл хадисте, қабірдің өзіне құлшылық жасайтындарды айтпағанның өзінде, адамдар оның қасында Аллаһқа құлшылылық етудің өзімен-ақ қабірді пұтқа айналдыру іске асатынына нұсқау бар.

3-Бөлім. Не үшін Аллаһ пен Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабір орындарында Аллаһқа құлшылық етуге тыйым салды?

Құрметті оқырман Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы мәселедегі алғаш қарағанда таң қалдыратын қаталдығына және Аллаһ Тағаланың қорқытуларының дәрежесіне назар аударған болар. Ал неліктен адам Аллаһқа ғана құлшылық етуіне, Оның алдында дінде ықыласты болуына қарамастан,  Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны лағынеттеді, оны ең жаман адамдардың бірі деді, содан соң оны Қиямет күні Аллаһтың алдындағы ең жаман жаратылыс деп атады, Аллаһтың оған қатысты ашу-ызасы күшейді деді?

Бұл Аллаһ Тағаланың шариғаты тіпті алыс болашақта көпқұдайшылыққа апаратын кез-келген жолдарды барынша жабатындығынан.

Имам Ибн әл-Қайим былай деген: «Ал жалпы айтар болсақ, кім құдайшылықтың не екенін, оның себептері қандай, қандай жолдар оған алып баратынын түсінсе, әрі Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бұйрықтарымен және тыйымдарымен нені меңзегенін түсінсе, сол осы қаталдықтың, лағынеттер мен тыйымдардың барлығы қабір орындары жай ғана лас орындар[5] болғандығынан айтылмағанын, бірақ осының себебі көпқұдайшылықтың лас екендігін бірмағыналы түрде айтады… Мұның барлығы бірқұдайшылықтың шеңберіне көпқұдайшылық еніп, оны жаулап алмауы үшін, оның шекараларын қорғау мақсатында (айтылған)». Қз.: «Иғасат ул-Ләхафан» 1/296-297.

Шейх Суләйман ибн ‘Абдилләһ былай деген: «Сондай-ақ осы қаталдықты көпқұдайшылықтан  қорқумен түсіндіріп бергендердің қатарында: имам әш-Шәфи’и, Абу Бакр әл-Асрам, Абу Мухаммад әл-Мәқдиси, шейхул-Ислам Ибн Таймия т.б., әрі бұл –  күмәнсіз, ақиқат». Қз.: «Тайсир ул-‘Азиз ил-Хамид» 329-бет.

Әрі осы бөлімнің соңында оқырманның назарын тағы да бір маңызды жайтқа бұрғымыз келеді. Бұл қорқытулар мен тыйымдар бірқұдайшыл болып табылатын және «қабірлердің алдында ғибадат жасау Аллаһқа сүйіктірек», немесе «осы қабірлер құт-берекелі», немесе «осы қайтыс болған адамдар естиді» деген қандай да бұрыс сенімдері жоқ адамға қатысты. Бұл қабірлерді ұлықтауды, немесе осы «әулие» оның Аллаһ алдындағы дәнекері болып табылатындығы туралы сенімдер сияқты көпқұдайшылықтың айқын көрініс табуларын айтпағанның өзінде.

Мұның барлығы жай қабірлердің алдында Аллаһқа құлшылық етіп қана қоймай, адамдарды осы орындарды зиярат етуге шақыратындарды, осы сапарларларды ұйымдастыратындарды, осы орындарды сақтап қалу үшін қам жейтіндерді, адамдарға осы кесірлі амалдың мән-мағынасын түсіндіруге талпыныс жасап жатқандарға қысым көрсететіндерді айтпағанның өзінде.  Ендеше, осыны бүкіл өмірінің мәні деп санап, көпқұдайшылықты орнату жолында уақытын, күш-қуатын, қаржы мен құралдарын сарп етіп жүрген адамдарды қандай азаптар күтуде екен?!

4-Бөлім. «Қабір орындарын ғибадат орындарына айналдыру» деген не?

Қабір орындарын ғибадат орындарына (масажидке) айналдыру өзіне үш мағынаны қамтыған:

1. Осы жерлерде Аллаһқа иілу (сәжде немесе намаз орындау);

2. Осы жерлерде құлшылық-ғибадаттың басқа түрлерін жасау (Аллаһты зікір ету, Құран оқу, құрбан шалу т.с.с.);

3. Осы жерлерде ғибадат үйлері болып табылатын мешіттер тұрғызу;

Осы үш мағынаның барлығы қандай да бір ғибадаттарды қабірдің үстінде тұрып немесе отырып, немесе қабірге қарай бұрылып, немесе қабірдің жанында орындайтындарға қатысты.

Бұл жіктеуге дәлел осы тараудың келесі бөлімдерінде шашыраңқы түрде келеді.

5-Бөлім. Қабірдің үстіне қандай да бір нәрсе — мейлі мешіт, мейлі басқа құрылыс болсын — құруға тыйым салынғандығы туралы.

1. Қабірді биіктеу деңгейі

Шәфи’и мәзһабынан басқа, барлық үш мәзһабтың ғалымдары қабірдің үстіне өзінен шыққан топырақтан басқа топырақты үю құпталмайтындығы туралы айтқан.

Ал ханафи мәзһабының ғалымдарына келер болсақ, олар мұның жай кұпталмайтындығы ғана емес, сонымен қоса тыйым салынғандығы (харам екендігі) жөнінде айтқан.  Қз.: «Радд ул-Мухтар» 2/236.

Әрі ханафи ғалымдарының бұл мәселедегі пікірі ең дұрыс пікір болып табылады. Басқаша айтқанда, қабір қазылып, оған мәйіт қойылған соң, қабірге тек сол қабірді қазу кезінде шыққан топырақ қана тасталады да, оған бөлек топырақ қосылмайды. Осы орайда қабірдің жер бетінен көтерілетін биіктігі шамамен  20-25 см (шибр[6]) болады. Жерден биіктеу төбешік қабірдің ішіндегі мәйіт қойылатын текшеден (ләхәд) шыққан топырақты қабірдің үстіне үюден пайда болады[7].

Ал қабірді бір қарыстан жоғарырақ етіп биіктетуге тыйым салынғандығына дәлелдерге келсек, олар келесідей:

1. Жәбир ибн ‘Абдилләһ былай деп баяндайтын: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабір үстіне құрылыс тұрғызуға, сондай-ақ одан шыққан топыраққа басқа топырақты қосуға, сондай-ақ қабірді гипспен қаптауға тыйым салды» (хадис сенімді (сахих); Муслим 970; Нәсаи 2154; Абу Дауд 3226; Бәйһақи 6735).

2. Сумама ибн Шуффай’ былай деп баяндаған: “Бірде, біз Фудайл ибн ‘Убайдпен бірге Родостағы румдықтардың жерінде болдық. Біз сол жерде болған кезімізде сахабаларымыздың біреуі қайтыс болды.  Сонда Фудайл ибн ‘Убайд қабірді жермен бірдей етіп тегістеуді бұйырды да: «Мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірлерді жермен бірдей тегістеуді бұйыратынын естідім», — деді (хадис сенімді (сахих); Муслим 968; Абу Дауд 3219; Нәсаи 2029; Ахмад 1/18).

3. Абу әл-Хайяж әл-Асади ‘Али ибн Аби Талиб оған былай деп айтқанын баяндаған: «Сені Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) маған берген тапсырма сияқты тапсырманы орындауға жіберейін бе? Ол мені бірде-бір бейне қалдырмай оларды өшіріп тастау үшін және бірде-бір биік қабір қалдырмай оларды тегістеп тастау үшін жіберген болатын» (хадис сенімді (сахих); Муслим 969; Абу Дауд 3218; Тирмизи 1049; Нәсаи 2030; Ахмад 1/96, 124).[8]

Имам әш-Шаукани былай деген: «Бұл хадисте қабірді өте биік көтеру Сүннет еместігіне нұсқау бар. Осы орайда қабірде кім жерленгені: құрметті адам ба, құрметтілер қатарынан болмаған адам ба – мұның айырмашылығы жоқ. Бұл хадистің айқын мәтіні сондай-ақ қабірдің деңгейін рұқсат етілген деңгейден биік көтеру тыйым салынғандығына да нұсқайды». Қз.: «Нәйл ул-Әутар» 4/131.

Ал кейбір бірбеткей қабірге табынушыларға келер болсақ, олар: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ‘Алиді осы тапсырмамен кәпірлердің елдеріне, ол мұсылмандардың емес, кәпірлердің  қабірлерін тегістеп тастау үшін жіберді», — деп пайымдайды. Бұл пайым өтірік және негізсіз. Осы хадистің имам Ахмад жеткізетін басқа бір риуаяты Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны Мәдинаның төңірегіне жібергеніне нұсқайды.

4. Му’ауия былай деген: «Қабірлерді тегістеу – Сүннет. Ал оларды биіктетуге келер болсақ, мұны яһудилер мен христиандар істейді, ендеше, оларға ұқсамаңдар!» (хафиз әл-Хайсами: «Оның жеткізушілері – сахих жинақтың жеткізушілері»,деп айтқан. Қз.: «Мәжма’ уз-Зауаид» 3/60); әт-Табарани «әл-Кәбирде» 19/352 (823).

5. Сондай-ақ ‘Усман ибн ‘Аффаннан «ол қабірлерді жерден бір қарыс биіктікке дейін тегістеуді бұйырды» деген жеткізіледі. Ибн Аби Шәйба 3/222; Ибн Хазм «әл-Мухалләда» 5/133.

Ал оған бір қабір көрсетіліп, ол оның қызы — Умм ‘Амрдың қабірі деп айтылғанда, ол қабірді жермен бірдей етіп тегістеуді бұйырды. Ибн Аби Шәйба 4/138.

6. ‘Амр ибн Шарахбил былай дейтін: «Менің қабірімді биіктетпеңдер, ақиқатында, мен мухажирлердің мұны сөгетінін көргенмін» (сахих хабар, оны шейх әл-Әлбани «Тахзир ус-Сажидте» растаған, 131-бет; Ибн Са’д «Табакатта» 6/108).

Жоғарыда келтірілген хадистердің және хабарлардың барлығынан егер Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), не оның сахабалары биік қабір көрсе, немесе ондай қабір бар екенін білсе, оны жерден бір қарыс биіктікке дейін тегістейтіні түсінікті болады. Ал егер осы қабірлер алыста орналасқан болса, онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларды жермен бірдей тегістеу үшін өзінің кейбір сахабаларын жіберетін.

Ендеше, Түркістанға, Бекет Атаға т.с.с. жерлерге сапар ұйымдастырушыларға Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығына бағынуға, бұдан қалса осыда өз мәзһабына ілесуге не кедергі жасайды? Және оларды осы қабір орындарын қорғаштауға және дұрыс емес кейіпте қалдыруға не мәжбүр етеді?! Олар осынысында қабірлердің басына құрылыс салудың негізін салушылар болып табылатын  рафидилердің жолымен кетті. Дәл солар адамдарды қабір орындарына, қабір-кесенелерге қуып алып келіп, Аллаһтың үйлері болған мешіттерді босатып, мұсылмандардың арасына осы жаман салтты  енгізді. Дәл солар һижраның 549 жылы Каирда Хусайнның кесенесін құрды. Рафидилерге осы жаман салтта түрлі сопы тариқаттарының өкілдері ілесті де, осыны мұсылмандар арасында қатты таратты.

Ал қабірлерді артық биіктетуге тыйым салудың себебіне келер болсақ, қабірлерді биіктету оларды қадірлеп-қастерлеуге, ал бұл өз кезегінде көпқұдайшылыққа алып келеді. Дәл сондықтан да Аллаһ Тағала көпқұдайшылықтың есігін жауып және бірқұдайшылықтың негіздерін бекем етіп, осы тыйымды орнатты.

2. Қабірлердің үстілеріне қандай да бір құрылыстарды салу.

1. Жәбир ибн ‘Абдуллаһ былай деп баяндайтын: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірдің үстіне құрылыс құруға тыйым салған…» (хадис сенімді (сахих); Муслим 970; Нәсаи 2154; Абу Дауд 3226; Бәйһақи 6735).

Бұл хадис кез-келген қабірлердің үстіне кез-келген құрылыстарды салуға тыйым салынғандығына нұсқайтын айқын дәлел болып табылады. Бұл хадистің тыйымы қабірдің шетіне құрылыс салатындарға, сондай-ақ қабірдің айналасына, мысалы, бұл күмбездер, мешіттер, мазарлар мен кесенелер тұрғызу барысында қабір не солардың ішінде, не қасында қалатындай қандай да бір құрылыс тұрғызатындарға қатысты. Имам әш-Шаукани «Шарх ус-Судур фи тахрим раф’ил-қубур» 29-бет.

2. Абу Хурайрадан ол өзінің қабірінің үстіне қандай да бір нәрсе құруға тыйым салған өсиет қалдырғаны жеткізіледі (хабардың иснады сенімді (сахих); ‘Абдурраззақ 3/418; 6129; Ибн Аби Шәйба 4/135; Ибн Са’д 4/338).

3. Имам әл-Бухари өзінің «Сахихында» Ибн ‘Умар  Абу Бакр әс-Сыддықтың ұлы ‘Абдур-Рахманның қабірінің үстіндегі шатырды[9] көріп: «Оны алып тастаңдар, ақиқатында оған оның амалдары ғана көлеңке болуда», — деп айтқан «му’алләк»[10] түріндегі хабарды жеткізеді.

4. Мухаммад ибн Ка’бтан оның былай деп айтқаны жеткізіледі: «Осы қабірлердегі құрылыстар – бидғат». Ибн Аби Шәйба 3/218.

Осы хадистер мен хабарлардың барлығынан Исламда қабірге қандай да бір нәрсе: мейлі ол қоршау немесе шатыр, ескерткіш, мәрмәр тастан жасалған тақталар болсын – қоюға тыйым салынғаны түсінікті болады.  Тура сол сияқты, қабірдің үстіне кез-келген: мейлі олар үлкен, мейлі кіші болсын — ғимараттар салуға да тыйым салынады, әрі бұл тыйым қабірде (хан, әмір т.с.с.) құрметті,  не қарапайым адамдар жерленгенін жіктеместен, барлығына бірдей күшке ие.

3. Қабірлерде құрылған кез-келген құрылыстар бұзылуы қажет екендігіне ислам ғалымдарының бірауызды келіскен пікірі.

Жоғарыда біз қабірлердің үстіне қандай да болсын құрылыстар құруға тыйым салынғандығы туралы айтқан болатынбыз.

Ал осы жерде Ислам ғалымдарының арасында қабірлердің үстілеріндегі кез-келген құрылыстар — мейлі олар ежелгі, мейлі заманауи болсын — міндетті және шұғыл түрде түрде бұзылуға тиісті екендігіне  келіспеушілік жоқ екендігін айтып кету қажет.

Осы жерде біз қабірлердің үстілеріндегі кез-келген құрылыстарды — мейлі олар кесенелер, күмбездер, мазарлар т.с.с. болсын — дереу бұзу қажет екендігі туралы айқын және бір мағыналы түрде айтқан ханафи мәзһабы имамдарының сөздерін келтіреміз.

Бұл сөздерді біз Түркістанда, Бекет Атада т.с.с. жерлерде жиындар ұйымдастырушылар олар өздерін соған телитін, алайда олардың кесірлі амалдарына еш қатысы жоқ ханафи мәзһабы оларды осы қабір орындарында салынған кез-келген ежелгі және заманауи — мейлі олар мешіттер немесе кесенелер болсын — құрылыстарды бұзуға міндеттейтінін білуі үшін келтіреміз.  Осының барлығы адамдардың сау, дұрыс идеологиясын сақтап қалу үшін, аймақтағы мұсылман халықтарының әрі қарай салауатты дамуы үшін қажет.

Ал егер біреу-міреу Аллаһ Тағаланың мешіттерді бұзуға бұйыруына таң қалса, онда бұл мешіттер Аллаһ Тағала оларды құруға тыйым салған жерлерде салынды ғой. Олар Аллаһқа және Оның Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мойынсұнбаушылықтың негізінде құрылды.

Имам әл-Баркауи біз осыдан бұрынғы бөлімде келтірген хадистерді келтірген соң былай деген:  «Бұл қасиетті мәтіндерде қабірлердің үстілерінде құрылған барлық нәрселерді — тіпті олар мешіттер болса да – бұзу қажеттілігіне дәлел бар.  Өйткені Исламның олар жөніндегі үкімі – олардың толық бұзылуы. Қабірдің үстіне құрылған бірде-бір мешітті қалдыруға болмайды, тек оларды толығымен жермен бірдей етіп тегістеуден басқа, өйткені бұл мешіттер Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мойынсұнбаушылықтың негізінде салынған. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабір орындарындағы кез-келген құрылыстарға тыйым салды және олардың үстіне мешіт салатындарды лағынеттеді.  Ол сондай-ақ биіктетілген қабірлерді жермен бірдей тегістеуді бұйырды. Осыдан шыға келе, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құруға тыйым салған барлық нәрселерді алып тастауға асығу міндетті болып табылады. Ақиқатында, осы құрылыстарды қабір орындарында құрғандар Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) лағынетімен лағынеттелген. Ал Аллаһ Тағала Оның діні мен Оның Елшісінің Сүннетіне көмек және қорғау көрсететіндерді міндетті түрде нығайтады». Қз.: «Зиярат ул-Қубур» 49-51 беттер («Дар ул-Ифта» баспасы).

Мұндай сөздерді сондай-ақ ханафи мәзһабының басқа да имамдары да айтқан, олардың қатарында: Ахмад ибн Мухаммад әр-Руми (Қз.: «әл-Мәжәлис ул-Абрар» 128-129 беттер), Мухаммад әл-Музаффари (Қз.: «Мисбах ул-муминин» 16-18беттер), Субхан Бахш әл-Хинди (Қз.: «Хазинат ул-Асрар» 128-бет.), Ибраһим әс-Сурати (Қз.: «Нәфаис ул-Азхар» 159-160 беттер.), Шах Уалиуллаһ әд-Дахләуи (Қз.: «әл-Баләғ ул-Мубин» 16-19 беттер).

Сондай-ақ ханафи мәзһабының  ұлы имамдарының бірі болған имам Ибн Әбил-‘Изз әл-Ханафи де қабірлердің үстіне мешіттер, кесенелер, мазарлар, күмбездер соғуға тыйым салынғандығы және қабірлердің үстіндегі осындай нәрселердің барлығын дереу бұзу қажет екендігі туралы айтқан болатын. Қз.: «Шарх «’Ақида әт-Тахауия»», 21-22 беттер («Дар ул-Баян» баспасы).

Сондай-ақ бұл туралы Бағдад ханафилерінің имамы – имам Махмуд әл-Алюси де (1270 һ/ж) айтқан. Қз.: «Рух ул-Мә’ани» 15/237-239.

Сондай-ақ осындай сөздер имам әл-Хужандиде (Қз.: «әл-Мушахадат» 27-бет) және имам әр-Рибатиде (Қз.: «’Ақд ул-алә» 104-105 беттер) бар.

Қабір орындарындағы кез-келген құрылыстарды бұзу және алып тастау қажеттілігі туралы ғалымдардың бірауызды пікірін (ижма’) сондай-ақ шәфи’и мәзһабының имамдарының бірі – имам ән-Нәуауи де келтірген. Қз.: «әл-Мәжму’» 5/266.

Ал имам әш-Шәфи’идің өзі былай деген: «Мен Меккенің әмірлері (билеушілері) қабірлердің үстілеріндегі құрылыстарды бұзғанын көргенмін, әрі, сонымен бірге, мен осы әмірлердің іс-әрекетін сөккен бірде-бір ғалымды көрмедім» Қз.: «әл-Умм» 1/464.

Сөзге орай, имам әш-Шәфи’идің қабірінің үстіне де кезінде күмбез орнатылған болатын, бірақ кейін ғалымдар оны бұзу туралы пәтуалар шығарды.

Ал егер құрметті оқырман осындай қабірлердің соншалықты көп болуына – тіпті имамдардың қабірлері де олардың үстіне күмбез-кесенелер тұрғызылуынан құтыла алмағанына таң қалса, онда бұл құрылыстарды Ислам ғалымдарымен күресуде еш нәрседен жиіркенбейтін сопылар мен рафидилер тұрғызған ғой. Сопылар әркезде өздерінің қулығымен және зұлымдығымен танымал болған. Олар билеушілер алдында құрметке ие болып, білгендерін істеу үшін олардың алдындағы кез-келген кемсіну мен жағымпаздыққа барады. Олар – өздерінің сұм болмысын адамдардан жасыру үшін әркез жүздеріне қолайлы бетперде жабуға дайын арамза, сұм және өтірікші адамдар. Олар адамдардың алдында үнемі өздерін ізгі, қамқоршы, жұмсақ адамдар етіп көрсетеді де, содан соң адамдар олардың сөздері мен сырт бейнесіне алданып, ата-бабаны құрметтеу идеясымен рухтанып, топ-топ болып Түркістан, Бекет Ата сияқты жерлерге барады. Аллаһ оларды опат етсін, олар нендей жаман бет бұрғандар!!!

Егер оқырман осыған күмән келтірсе, онда Мәруан ибн Мухаммад әт-Татаридің келесі сөздеріне үңілсін: «Үш адамға дінде сенуге болмайды: сопыға, бидғатшыларға қарсы теріске шығару жазатын бидғатшыға, сондай-ақ қиссашыға». Қады ‘Ияд «Тартиб ул-Мәдарикте», Мәруан ибн Мухаммад әт-Татаридің өмірбаяны.

Шейхул-Ислам былай деген: «Пайғамбарлардың, билеушілердің, салиқалы адамдардың немесе кез-келген басқа біреулердің  қабірлерінде соғылған мешіттер міндетті түрде бұзулуға немесе басқа жолмен болса да алып тасталуға тиісті. Бұл – мен осыған қатысты танымал ғалымдардың арасында ешқандай келіспеушіліктер білмейтін нәрсе». Қз.: «Иқтида» 159-бет.

Тіпті қабірлерге табынушы сопылардың кейбіреулері де қабірлердің үстілеріне құрылған құрылыстарды бұзу қажеттігі туралы айтқанын білу керек. Сопылардың дьюбандия тариқатының жетекшілерінің бірі Шәбир Ахмад әл-‘Усмани (1369) бұл мәселені қарау барысында келтірілген хадистер қабірлердің үстілеріне құрылған барлық құрылыстар бұзылуы қажет екендігіне нұсқайтынын мойындаған. Қз.: «Фатх ул-Мулхим» 2/506.

Имам Ибн әл-Қайим: «Осыдан шыға келе, қабір үстіне құрылған мешіт бұзылуға тиіс, ал егер мешіт бұрын құрылған болып, мәйіт (оның ішіне) кейіннен жерленген болса, онда мешіт бұзылмайды, бірақ ондағы қабір қазылып, мешіттен алып тасталады. Бұл туралы имам Ахмад т.б. айтқан. Сондықтан Исламда мешіт пен қабір бірікпейді, бірақ олардың екеуінен қайсысы кейін пайда болған болса, сол алынып тасталуға тиіс». Қз.:«Зад ул-Ма’ад» 3/507.

Алайда осы жерде бір маңызды жайтқа назар бұру қажет. Қабір орындарындағы осы құрылыстарды бұзу қатардағы мұсылмандардың міндеті болып табылмайды, бірақ тек осы аймақтың билеушісінің бұйрығы бойынша орындалады. Бұл ешқандай бүліктер мен толқулар орын алмауы үшін, өйткені Ислам кез-келген бүліктер мен толқуларға және анархияға қарсы.

Сондықтан да имам Ибн әл-Қайим былай деген: «Адамдар оларға Аллаһпен қатар табынып, пұтқа айналдырған қабір орындарындағы салынған кесенелерді бұзу әмірлерге міндетті болып табылады». Қз.: осыдан алдынғы дереккөз.

4. Қарсылас тараптың кейбір күмәндары және оларға жауап

Құрметті оқырман, әшекейленіп-сәнделмеген адасушылық жоқ екенін біліңіз. Егер бидғатшыларда олар дәлел ретінде көрсететін еш нәрсе болмағанда, оларға ешкім ешқашан ілеспес еді.  Алайда Аллаһ Тағала былай деді: «Сондай-ақ ақиқатты бос нәрселер арқылы құлатуға тырысты. Сондықтан оларды қолға алдым. Жазаландыруым қалай екен?» («Ғафир» сүресі, 40:5).

1. Өздерінің жалған идеологияларын тарату үшін сопылар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірін көрсетіп, оның мешіт ішінде орналасқанын айтады. Олар: «Егер қабірді мешітке кіргізу немесе қабір үстінде мешіт соғу тыйым салынған (харам) болғанда, онда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірінің үстіне мешіт соғылмас еді», — дейді.

Жауап:

‘Аишаның «Әрі осы (яғни Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірлердің үстілеріне мешіт салатындарды лағынеттеуі) болмағанда, онда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірін ашық жерде қалдырар еді, бірақ (сахабалар) оны (адамдар) ғибадат орнына айналдыруынан қорықты» деген сөздерінен сахабалар Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітте жерлемегені және оның қабірінің үстіне мешіт құрмағаны түсініледі. Бұдан қалса, ‘Умар ибн әл-Хаттаб пен ‘Усман ибн ‘Аффан өздерінің билік құру кездерінде мешітті екі рет кеңейтті, әрі олардың ешқайсысы мешітті Пайғамбар жерленген бөлмеге қарай кеңейтпеді. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірі сахабалар Мәдинада тұратын кезде, сол бойы мешіттен тыс қалатын. Ал Мәдина үстінен билік Уалид ибн ‘Абдулмәликке өткен кезде, ол Пайғамбар Мешітінің кезектегі кеңейтуін іске асырды. Ол оны толығымен бұзып, кейін оны Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабіріне қарай кеңейтті де, ол мешіттің ішінде қалып қалды. Бұл һижраның 88 жылы, Мәдинада сахабалардан ешкім қалмаған кезде орын алды.

Осыда сондай-ақ: «Пайғамбардың қабірін мешітке ‘Усман ибн ‘Аффан кіргізді», — дейтіндердің қателіктеріне түсіндірме бар. Мұны ғалымдар мен тарихшылардан ешкім айтпаған, бұдан қалса, олар «қабірді мешітке Уалид ибн ‘Абдулмәлик кіргізді» дегенге келіскен. Қз.: «Тахзир ус-Сажид» 81-бет.

Осы жерде Уалид ибн ‘Абдулмәлик Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітін кеңейту барысында оны өте қатты сәндеп жібергенін айта кету қажет. Ол мұны Мысыр мен Шамда христиандардың шіркеулерін көргеннен соң істеді, әрі христиандардың әдет-ғұрыптарына қатты еліктейтіндерден еді.  Сондықтан да ол Мәдинаға келген соң және оның бұйрығы бойынша мешіттің кеңейтіліп, сәнделгенін көрген кезде, оны айналып, көріп шықты да, содан соң Абанға (‘Усман ибн ‘Аффанның ұлына) қарап: «Сендерге біздің құрылыстарымызға жету қайда?!», — деді. Сонда Абан оған: «Біз Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітін кеңейтетінбіз[11] әрі оны мешітке жарасатындай етіп құрдық, ал сендер оны шіркеуге жарасатындай  етіп құрдыңдар», — деді.  Қз.: «әс-Сияр» 4/347; «әл-Мушахадат» 36-бет.

Осыдан шыға келе, бұл ғалымдардың сөгіс білдіруіне қарамастан қабірді мешітке кіргізген бір билеушінің іс-әрекеті болғаны түсінікті болды.  Билеушілер жиі жағдайда ғалымдардың сөгіс білдірулеріне қарамастан шариғатқа қайшы келетін амалдар істейтінін атап кету қажет.

Имам Ибн Ражәб былай деген: «Бұған сондай-ақ Құран да нұсқайды. Аллаһ Тағала дінін сақтап қалу үшін қоныс аударған және үнгірге жасырынған жасөспірімдер туралы баяндап, былай деген: «Ал бұлардың іс басындағылары: “Әрине, олардың үстіне мешіт жасап алайық”, — деді» [12]. Осы арқылы Аллаһ Тағала әдетте қабірлердің үстілеріне мешіттерді әдетте билікке ие болғандар тұрғызатынын түсіндірді, ал бұл олардың осыны өз әуестеріне  еріп, күш және қысым көрсету арқылы істейтініне нұсқайды. Бұл Аллаһ Тағалаға тура жол ретінде елшілерге түсірген нәрселерге көмектесуші білім мен құрмет иелерінің амалдарынан емес». Қз.: «Фатх ул-Бәри Шарх «Сахих»әл-Бухари» 65/280, «Кауакиб әд-Дурариден», бұл туралы шейх әл-Әлбани «Тахзир әс-Сажидте» (66-бет) айтқанындай.

Сөйтіп, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірін оның мешітіне кіргізу қабірлердің үстілеріне мешіт соғып жүргендерге ешқандай дәлел бола алмайды, өйткені бұл күш пен билік арқылы жасалған еді, ал ғалымдарға келер болсақ, олар мұны сөгетін және қате екендігін түсіндіретін.

2. Қабірлерге табынушылар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірінің  үстіне де күмбез тұрғызылғандығына сілтеме жасап, қабірлердің үстілеріне күмбез соғудың рұқсат етілгендігін айтады.

Жауап:

Бұл күмәнға да біз олардың бірінші күмәнына берген жауап арқылы жауап беруіміз қажет. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірінің үстіне күмбезді Мәнсур Кләун әс-Салихи деген билеуші 678 һ/ж соққан болатын. Ғалымдардан ешкім оның құрылысына қатысты емес. Ал ол мұны тек яһудилер мен христиандарға еліктеп қана жасады.

3. Сопы тариқаттарының кейбір өкілдері қабір орындарында құрылыстар тұрғызуға деген тыйым адамдар қабірлерді қадірлеп-құрметтеуге қайта оралып, сол арқылы көпқұдайшылыққа қайта оралу қауіпі болғандығы себепті ғана орнатылғандығын айтады. Олардың айтуынша, бүгінгі күні мұндай қауіп жоқ, өйткені мұсылмандардың жүректерінде көпқұдайшылық бекем түрде нығайды және олар көпқұдайшылыққа орала алмайды.  Сондықтан да, олардың айтуынша, қабірлердің үстілеріне құрылыстар құрудың ешқандай оқасы жоқ.

Жауап:

«Көпқұдайшылық енді жер бетіне қайта оралмайды» деген мәлімдеме айқын және терең адасушылық болып табылады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болу кезінде соңғы демінің алдында қабірлердің үстілеріне құрылыстар құрудан сақтандырған болса, онда бұл тыйымның күші қай кезде жойылып үлгерді?! Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің сахабалары үшін қорықпады, өйткені бірқұдайшылық олардың жүректерінде шынында да бекем болатын, алайда ол олардан кейін келетін мұсылмандар үшін қорықты.  Сондықтан да Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің үмметімнің бір бөлігі көпқұдайшылдарға қосылып кетпейінше және үмметімнің бір бөлігі пұттарға табына бастамайынша Қиямет Күні басталмайды», — деп айтқан (хадис сенімді (сахих), Муслимнің шарттарына сәйкес келеді; Абу Дауд 2/202; Тирмизи 3/227; әл-Хаким 4/448 және басқалар).

Дәл сондықтан да сахабалар тіпті Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болуынан кейін де қабірлердің басында көрген кез-келген құрылыстарды  бұзатын.

Егер Аллаһ Тағала бірқұдайшылдардың имамы болған Ибраһим пайғамбар туралы: «Сол уақытта Ибраһим: “Раббым! Осы қаланы (Меккені)  бейбіт қыл, әрі мені мен ұлдарымды пұттарға табынудан сақта! Раббым, ақиқатында, олар, адамдардың көбін адастырды…«, — деді» («Ибраһим» сүресі, 14:35-36), — деп айтқан болса, онда біз туралы не айтуға болмақ.

Әрі бүкіл араб және араб емес әлеміндегі миллиондаған адамдардың  қабірлер мен кесенелердің бастарына барып жиналуы да көпқұдайшылықтың келуі екіталай емес екендігіне айқын дәлел болады.

4. Қабірлерге табынушылардың кейбіреулері: «Құрылыстарды тек қабірлердің дәл үстіне құруға ғана тыйым салынған, өйткені хадисте: «…қабірлердің үстіне…», — деп айтылады. Осыдан шыға келе, қабірлердің қасына құрылыстар соғуға тыйым салынбаған», — дейді.

Жауап:

«Үстіне» (‘алә) деген көмекші сөз араб тілінде бірнеше мағынада келеді, олардың біреуі «қасында» деген мағына болып табылады.

Сондықтан да Әнас ибн Мәлик баяндаған Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкке (миғражға) көтерілуі туралы хадисте: «Мен қайттым да, Мусаның қасынан (‘алә) өттім», — деп айтылады (хадис сенімді (сахих); Бухари 3/1173; Муслим 1/150). Арабтардан ешкім бұл сөйлемді: «Мен қайттым да, Мусаның үстінен өттім», — деп түсінбейді.

Сондай-ақ Самура ибн Жундуб былай деп баяндаған: «Мен босану кезінде қайтыс болған әйелге жаназа намазын орындап тұрған Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) артында ұйып намаз оқыдым. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның қасына (‘алә), денесінің ортасына қарама-қарсы тұрды» (хадис сенімді (сахих); Бухари 1/447; Муслим 2/664; Абу Дауд 3/536).

Арабтардан ешкім бұл сөйлемді: «Оның денесінің дәл ортасына шығып, үстіне мініп тұрды», — деп түсінбейді.

Осыдан шыға келе, қабірлерге табынушылардың бұл күмәні де дәлел болуға жарамайды.

6-Бөлім. Құлшылық-ғибадатта көпқұдайшылдарға ұқсап-еліктеуге тыйым салынғандығы туралы

Абу Умама Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)былай дегенін баяндаған: «Күн шығып жатқан кезде намаз оқымаңдар. Ақиқатында ол шайтанның екі мүйізінің ортасында шығады, әрі осы кезде оған әрбір кәпір иіледі. Күннің батып жатқан кезінде намаз оқымаңдар …» (хадис оны нығайтатын тізбектердің болуы себепті сенімді (сахих); Ахмад 5/260).

Бұл хадисте егер бірқұдайшыл адам кейбір құлшылықтарды орындау барысында көпқұдайшылдарға сырттай ұқсау орын алатынын түсінсе, оларды кейде қалдыратынына нұсқау бар. Күнге табынушылар күннің шығып және батып жатқан кезінде оған құлшылық-ғибадат жасайтындықтары себепті де, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарға осы кезде намаз орындауға тыйым салды, өйткені бұл бөгде адамның: «Мұсылмандар да күнге табынушылар секілді күнге сиынады», — деп ойлап қалмауы үшін.

7-Бөлім. Қабір орындарында орындауға тыйым салынған кейбір ғибадат түрлері.

1. Намаз

а) Қабірдің жанында, оған қарамай намаз орындау.

Абу Са’ид әл-Худри Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Зираттар мен моншалардан басқа бүкіл жер ғибадат орны болып табылады» (хадис сенімді (сахих); Ахмад 3/83; Абу Дауд 492; Тирмизи 317; Ибн Мәжаһ 745 т.б. Шейх әл-Әлбани, Муқбил т.б.бұл хадисті сахих (сенімді) деген. Қз.: «әл-Ируа» 1/320; «әс-Сахих әл-Муснад» № 380).

Әнас ибн Мәлик былай деп баяндайтын: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірлердің арасында намаз орындауға тыйым салды» (хадис сенімді (сахих), оның барлық жеткізушілері сенімді; әл-Бәззар 441, 442 т.б.).

Ибн ‘Умар Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Үйлеріңде де намаз орындаңдар, оларды зираттарға айналдырмаңдар» (хадис сенімді (сахих); Бухари 432; Муслим 777; Ахмад 4511, 4653, 4065; Абу Дауд 1448; Ибн Мәжаһ 1377).

Ғалымдардың көпшілігі бұл хадистен «қабір орындары намаз орындайтын орын болып табылмайды» деген қорытынды шығарды. Солардың арасында:  имам әл-Бухари, ибн Хәжар, Бәғауи, Хаттаби т.б. Қз.: «әл-Әусат» 2/183; «Мәа’алим ус-Сунан» 1/127; «Шарх ус-Сунна» 2/146; «Фатх ул-Бәри» 1/529.

Бұл хадистердің барлығы қабір орындарында, қабірлер қандай орналасқандығына қарамастан, олардың кез-келген жерінде Аллаһқа намаз орындауға тыйым салынғандығы туралы айтады.

ә) Қабірге қарап намаз орындау.

Абу Мәрсад әл-Ғанауи Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Қабірлерге қарап намаз орындамаңдар және олардың үстіне отырмаңдар» (хадис сенімді (сахих); Муслим 972; Абу Дауд 3229; Тирмизи 1050; Нәсаи 759; т.б.).

Бұл хадисте қабір жақа қарай намаз орындауға деген тыйым қамтылған.

Алайда осы жерде мыналарға назар бұру қажет: егер адам намазды қабірге қарап, бірақ Аллаһ үшін орындаса, онда бұл тыйым салынған (харам) болып табылады әрі осы адам күнә көтереді. Ал егер ол осынысымен бірге өзінің осы намазының сауабы қабірге қарамай оқылған намаздың сауабынан үлкенірек деген сенімде болса, онда бұл тыйым салынған (харам) болуымен бірге дінге енгізілген жаңалық (бидғат) та болып табылады. Ал егер оның қабірге қарап намаз орындауындағы ниеті осы қабірді немесе ондағы жерленген «әулиені» ұлықтау болса, онда бұл айқын көпқұдайшылық (ширк).

Ханафи мәзһабының атақты ғалымы ‘Али әл-Қари былай деген: «Ал егер қабірге қарап намаз орындаушының ниеті осы арқылы сол қабірге құрмет көрсету немесе оны немесе онда жерленген кісіні ұлықтау болса, онда ол кәпір болады».  «Әл-Мирқат әл-Мәфатих» 2/372.

Әнас ибн Мәлик былай деп баяндайтын: “Бірде ‘Умар ибн әл-Хаттаб менің қабір жанында намаз орындап жатқанымды көрді де, маған: «Қабір, қабір, оған қарап намаз орындама!», — деді” (сахих хабар; Бухари ілінген (му’алләқ) түрінде 1/152; ‘Абдурраззақ 1/404; Ибн әл-Мунзир «әл-Әусатта» 2/186).

б) Қабір бар мешітте орындалатын намаз.

Осы бөлімге қатысты мәселелерді қарап шығу барысында біз Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабір орындарында, ол қабірлер намаз орындаушының қай жағында болуына қарамастан, намаз орындауға тыйым салғанын түсініп алдық. Ал қарап жатқан осы тарауда біз Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ қабірдің үстіне мешіт салуға да тыйым салғанын да түсіндік.  Осының барлығынан қабірдің басында салынған мешітте, немесе ішіне қабір кіргізілген мешітте намаз орындауға тыйым салынғандығы келіп шығады. Ал шектен шыққан сопылар келтіруді жақсы көретін, Абу Хурайрадан Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен Меккеден Иерусалимге көтеріліп жеткізілген сол түні Жәбірейіл маған: «Мынау сенің атаң Ибраһимның қабірі; түс те, онда намаз орында», — деп айтты», — деген хадиске келер болсақ, бұл хадис өтірік, өйткені оның иснадында Бакр ибн Зияд бар. Ол туралы Ибн Хиббан: «Ол хадистерді мығым жеткізушілердің атынан ойдан шығаратын дажжәл еді. Оның өтірікшілігін әшкерелеп түсіндіруден өзге мақсатта кітаптарда оны атауға рұқсат етілмейді», — деп айтқан. Имам әз-Зәһаби: «Ибн Хиббан шындықты айтты», — деген.

в) Қабір орындарында орындалған намаз жарамды болып табылады ма?

Бұл мәселедегі сенімді пікір қабір орындарында, немесе ішінде қабірі бар мешітте, немесе кесене мен мазарлардың қасында орындалған намаз жарамсыз, әрі оны басқа жерде қайта орындау қажет деген пікір болып табылады.  Өйткені намаз – бұл ғибадат, ал егер ол тыйым салынған жерде орындалса, онда жарамсыз болады. Өйткені тыйым амалдың жарамсыз болуына және оны жасаған адам күнә көтеретіндігіне алып келеді. Қалайша адам Аллаһқа мойынсұнбаған күйінде Оған мойынсұнушы бола алады?! Қалайша ол Аллаһ тыйым салған нәрсені жасап жатып, Оның бұйырғанын орындаушы бола алады?! Қалайша ол Аллаһтан алыстататын амалды жасап жатып, Оған жақындай алады?!  Қз.: «әл-Муғни» 2/477.

Бұған Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисі нұсқайды: «Кім біздің бұйрығымыз болмаған істі жасаса, ол қайтарылады» (хадис сенімді (сахих); Муслим (1718) ‘Аишаның сөздерінен).

Бұл пікірді имам Ахмад [13], имам Ибн Ражәб («әл-Қауа’ид» 11-бет), Ибн Муфлих («әл-Фуру’» 1/372), Ибн Хазм, Ибн Таймия («әл-Ихтиярат» 44-бет), Ибн әл-Қайим, әш-Шаукани қолдаған. Қазіргі заманның ғалымдарынан бұл пікірді шейх Ибн Баз, Ибн әл-‘Усаймин, Муқбил ибн Хади т.б. таңдаған.

Ал егер қабірлер қазып алынса, жойылса және енді бұл орын адамдар жерленген орын болмаса, онда мұндай жерде намаз орындау айыпталмайды әрі ол намаз жарамды болады. Бұған дәлел – Мәдинадағы Пайғамбардың мешіті көпқұдайшылдардың қабірлері қазып алынып, жойылып, ал жер тегістелгеннен кейін солардың орнына салынғандығы (хадис сенімді (сахих); Бухари 428; Муслим 524).

Егер мешіт қабір орындарында салынған болса, онда орындалған намаз жарамсыз болады, өйткені бұл мешіт қабірлердің үстіне тұрғызылды, ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұған сан рет тыйым салған болатын. Қз.: «әл-Муғни» 2/475. Ал егер зират бұрын салынып қойылған мешіттің айналасына немесе оның дәл алдына ұйымдастырылған болса, онда орындалған намаз да жарамсыз, өйткені бұл намаз қабірге қарай орындалады, ал бұл да Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тарапынан тыйым салынған. Қз.: «әл-Фуру’» 1/375.

Ал егер адам өзінің намаз орындаған жерінің қабір орны болып табылатынын білмеген болса, онда ол күнә көтермейді, алайда таза емес жерде намаз орындаған адам сол жерде лас нәрселер бар екенін білмеген болса да намазын қайта орындауы қажет болғанындай, ол да намазын қайта орындауы керек. Қз.: «әл-Муғни» 2/469.

2. Құрбан шалу

а) Қабір орындарында құрбан шалу.

Қабір орындарында мал бауыздау қаты сөгіс етілетін амал екендігіне Ислам ғалымдарының арасында ешқандай келіспеушіліктер жоқ. Ал ханафи мәзһабының (Қз.: «Табйин ул-Хақаиқ» 2/246.), мәлики мәзһабының (Қз.: «әл-Мәдхәл» 3/267.), шәфи’и мәзһабының (Қз.: «әл-Мәжму’» 5/290.) және хәнбәли мәзһабының (Қз.: «әл-Фуру’» 2/269.) ғалымдарына келер болсақ, олардың барлығы қабір орындарында құрбан шалуды тыйым салынған (харам) амал және ең жексұрын бидғаттардың бірі деп санайды.

Әнас ибн Мәлик Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Исламда қабірлердің алдында құрбан шалу жоқ» (хадис сенімді (сахих), Бухари мен Муслимнің шарттарына сәйкес келеді; Абу Дауд 3222; Ахмад 3/197; әл-Бәйһақи 7069 т.б.).

‘Абдурраззақ ибн Химмам былай деген: «Көпқұдайшылдар жәһилиет кезінде қабірдің жанында құрбандыққа сиыр немесе қой шалатын».

Шейхул-Ислам былай деп айтқан: «Қабірлердің алдында құрбан шалуға келер болсақ, бұған мүлде тыйым салынған. Имам Ахмад қабірде бауыздалған малдың етін жеуге тыйым салатын». Қз.: «Иқтида» 182-бет.

Имам ән-Науауи былай деген: «Қабірдің алдында құрбан шалу Әнас ибн Мәликтің хадисіне сүйенген түрде айыпталады». Қз.: «әл-Мәжму’» 5/320.

Осы жерде келесі жайттарға назар бұру қажет: егер адам құрбанды тек Аллаһқа ғана және Оның атымен шалса, бірақ қабір орындарында шалса, онда бұл тыйым салынған (харам) және дінге енгізілген жаңалық (бидғат) болып табылады. Ал егер адам осы орайда: «Қабірдің алдында құрбан шалу басқа жерлерде құрбан шалуға қарағанда сауаптырақ, — немесе, — жақсырақ», — деп  сенсе, онда бұл адасушылық пен бидғат біріншісіне қарағанда үлкенірек болады. Ал егер адам (біле тұра) құрбанды қабірде жатқан адамға арнап, мысалы, сол «әулие» оның тілегін орындауы немесе ауыруға шипа беруі, немесе жоғалған біреуді қайыруы үшін, шалса, онда бұл адам – Исламнан шығаратын айқын көпқұдайшылық жасап жатқан көпқұдайшыл. Олардың кейбіреуі енді туылған малды сол қабірге құрбан шалу үшін белгілеп қоятынын айтпағанның өзінде. Олардың сенімі бойынша бұл малды піштіруге немесе алмастыруға болмайды, өйткені бұл қабірдің ұлықтығына сәйкес келмейтін кемшілік болып табылады-мыс. Қз.: «әл-Мә’ариж ул-қабул» 1/407.

Шейх әл-Әлбани былай деген: “Егер адам қабірдің алдында жалғыз Аллаһ үшін мал бауыздаса, онда бұл тыйым салынған. Ал егер ол оны, кейбір надандар істейтіндей, өлген адам үшін бауыздаса, онда бұл айқын көпқұдайшылық. Бұл малдың етін жеу харам әрі бұзақылық болып табылады, бұл туралы Аллаһ Тағала: «Оған Аллаһтың аты айтылмағаннан жемеңдер, өйткені бұл бұзақылық» («әл-Әнғам» сүресі, 6:121), — деп айтқан. Ол сондай-ақ: «Аллаһтан басқаның атымен бауыздалған мал арам» («әл-Әнғам» сүресі, 6:145), — деген”. Қз.: «Әхкам ул-жәнаиз» 260-бет.

Тура сол сияқты, егер адам қабірдің қасында мал соямын деп Аллаһқа нәзір (уәде) берген болса, оның нәзірі жарамсыз болады және оны орындауға тыйым салынады. Қз.: «Кәшшаф ул-Кәна’» 2/149.

Мыналар – Түркістан мен Бекет атада, Арыстан Бабта тағы басқа да қабірлерде құрбан шалынып жатқандығын дәлелдейтін интернеттен алынған үзінділер: «Әулиелер аралауға шыққандарға әруақтарға арнап, мал союлары жүктеледі.  Шелпек, қант, дастархан мәзірі. 3 метр ақ мата, 1 метр белге байлайтын мата, 25000 теңге ақша талап етеді».

«Оңтүстік өңіріндегі әулие-әнбілерді тізбектеп, басына түнеп, солардан тілеп, аталар атына бағыштап мал сойып және бейіттерін тәуап етіп келеді».

«Бекет атаның ұрпақтары Оғыландының басына жиылып, атаға арнап ас берген. Асқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Орта Азия елдерінен де шақырулы қонақтар көптеп келіп, бірнеше қаз-қатар киіз үйлер тігілген. Кешегі қызыл империяның тепкінімен шартарапқа тарыдай шашырап кеткен маңғыстаулықтар сырттай сиынып жүрген Бекет атасының асына зор ықыласымен келіп, ата жолына арнаған садақаларын түйіп, ата ұрпақтарының батасын алған».

«Құрбан шалынатын бөрене таудың орта жағында орналасқан».

«Қасиетті бұлаққа қайта оралайық. Қазір бұл — жолдар төселген, сумен құюнуға арналған кабинкалар орнатылған, тамақтану мен құрбан шалу орындарымен жабдықталған аймақ». 

Сондай-ақ осы жерде не себепті қабірлердің жанында мал союға тыйым салынғандығын түсіндіріп өту де қажет. Мұның себебі қабірдің қасында құрбан шалушы адам сырттай көпқұдайшылдарға ұқсап кетеді, өйткені осынысымен ол солардың салты болған амалды жасайды. Ал оның ниетіне келер болсақ, ол айналасындағыларға немесе жанынан өтіп бара жатқандарға беймәлім. Дәл сондықтан да осылайша бауыздалған малдың етін жеуге тыйым салынған, өйткені ол Аллаһ үшін сойылғандығына кепілдік жоқ [14]. Сондықтан да мұндай етті жеуге тыйым салынғандығы туралы имам Ахмад айтқан болатын. Қз.: «әл-Фуру’» 2/296.

Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деген: «Қабір орындарында мал сою ешкім үшін заңдастырылмаған, тіпті егер адам осы орынды арнайы таңдамаған болса да. Осымен шариғат көпқұдайшылыққа алып баратын жолды жауып тастады. Дәл сондықтан да Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) күннің шығып және батып жатқан кезінде намаз орындауға тыйым салған болатын.  Осы уақыттарда пұтқа табынушылар күнге табынады. Және ол мұны тіпті егер мұсылман намазды жалғыз Аллаһ үшін орындаған болса да және күнге табыну оның ойында болмаса да тыйым салды». Қз.: «әл-Фәтауа» 27/496.

Ал малды қабірде жатқан кісіге, немесе оның әруағына, немесе т.с.с. нәрселерге арнап соятын адамға келер болсақ, онда ол осынысымен Исламнан шығады да, кәпірге айналады. Бұл құрбан шалудың Аллаһтан өзге ешкімге арнауға болмайтын ұлы ғибадат болғандығы себепті.

Аллаһ былай деді: «Намазым, құлшылығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббысы Аллаһ үшін. Оның серігі жоқ. Осылай бұйырылдым және мен бойұсынушылардың алғашқысымын», — де” («әл-Әнғам» сүресі, 6: 162-163).

Ол тағы да былай деді: «Сондықтан Раббың үшін намаз орында және құрбан шал» («Кәусар» сүресі, 108:2).

‘Али ибн Аби Талиб Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Аллаһ Өзінен басқаға құрбан шалушыны лағынеттеді» (хадис сенімді (сахих); Муслим 1978; Ахмад 1/108, 118).

б) Кәпірлер мен көпқұдайшылдар құрбан шалатын жерде құрбан шалу.

Сондай-ақ осы тарауда «кәпірлер мен көпқұдайшылдар құрбан шалатын жерде құрбан шалу» деген дербес бір мәселені де қарап өту қажет.

Жалпы, Түркістанда болсын, осы сияқты басқа да жерлерде болсын, жиі жағдайда түрлі дін өкілдерінің рәсімдері қосылып өтіп жатады.

Бұған көз жеткізу үшін бірнеше үзінділерді келтіру жеткілікті болады:

«Бұлақтың өзі… бір-бірінің жанына орналасқан 3 бөлікке бөлінген: мұсылмандардың,  христиандардың және пұтқа табынушылардың зонасы. Менің ойымша, адамдардың өздері бәрібір Аллаһ бір екенін шешті де, жуынды, шомылу үшін шелектерін және үйге алып кету үшін ыдыстарын толтырып алды, үш орынның үшеуінен де су ішті. Менің өзім қай орын қай дінге қатысты екенін анықтай алмадым».

Көпқұдайшылдар өз рәсімдерін орындау үшін арнайы орындарын белгілеп қоятындығымен ерекшеленетіндігін атап кету қажет. Әсіресе, бұл құрбан шалуға арналған орындарға қатысты.

Сабит ибн Даххак былай деп баяндайтын: «Бір адам Буанда [15] құрбан шалуға нәзір беріп, осы туралы Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сұрақ қойды. Бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) одан: «Сол жерде надандық дәуірінде құлшылық жасалатын пұт тұрған ба?», — деп сұрады. Адамдар: «Жоқ», — деп жауап берді. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол жерде олардың қандай да бір тұрақты жиналыстары өтетін бе?», — деп сұрақ қойды. Адамдар: «Жоқ», — деп жауап берді. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Онда нәзіріңді орында», — деп жауап берді. (хадис сенімді (сахих), Бухари мен Муслимнің шарттарына сәйкес келеді; Абу Дауд 3313; әл-Бәйһақи 10/83; Табарани 1341; шейх Муқбил оны сахих (сенімді) деді (№ 186)).

Бұл хадистен мынандай қорытындылар жасауға болады:

1. Бұл адам осы күні: «Ата-бабаларымыз мауліт жасаған, әруақтардың атынан ас берген», — деп, осыларды істеп жүрген  қазақтардың көбі сияқты осы халықтың немесе ата-бабаларының әдет-ғұрыптары не айтатынымен шектелмеді де, мұның шариғаттағы үкімін Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сұрап білді.  Бұл кісі адам Исламды қабылдағаннан кейін барлық істің шешімін ата-бабалардың істегендеріне емес, Құран мен Сүннетке қайтару қажет екенін айтқан.

2. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны осындай сұрақ қойғаны үшін сөкпеді, өйткені Исламда кез-келген жерде құрбан шалуға рұқсат етілмейді. Ал егер құрбанды кез-келген жерде шала беруге рұқсат етілетін болғанда, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған артық сұрақтар қойғандығы үшін сөгіс айтар еді.

3. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл адамнан сол жер туралы сұрай бастады, ал бұл қандай да бір орында құрбан шалуға тыйым салатын белгілі жайттар бар болуы мүмкін екендігіне нұсқайды.

4. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл адамды дәл Буанда құрбан шалуға нәзір беруге итермелеген қандай да бір себептер бар болуы мүмкін болғандығы себепті, одан осы туралы сұрады.

5. «Онда нәзіріңді орында» деген сөздер «егер бұл адам қойылған сұрақтардың біреуіне болса да «Иә», — деп жауап бергенде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған Буанда мал союға тыйым салатын еді» дегенге нұсқайды.

6. Бұл хадисте «күнә жасау сол күнә жасалған жерде ізін қалдырады» дегенге дәлел бар.

7. Бұл хадис «егер көпқұдайшылдар белгілі бір жерде өздерінің рәсімдерін орындаған болса, онда бірқұдайшылдарға сол жерде өз рәсімдерін орындауға тыйым салынған, өйткені бұл бірқұдайшылдардың көпқұдайшылдарға сырттай ұқсап кетуіне әкелетіндіктен, тіпті егер қазіргі кезде көпқұдайшылдар сол жерде өз рәсімдерін орындамайтын болса да» дегенге дәлел болып табылады. Ал егер кәпірлер өз рәсімдерін сол жерлерде  осы күнге дейін, қарапайым адам олардың қайсысы мұсылман, ал қайсысы пұтқа табынушы екенін ажырата алмайтындай және бұл рәсімдер (солардың ішінде құрбан шалу да бар) кімге арналып жатқанын түсіне алмайтындай дәрежеде орындап жатса, онда бұл туралы не айтуға болмақ?!

8. Бұл хадисте «көпқұдайшылдарға және кәпірлерге ұқсау адамда ондай ниет болмаса да орын алуы мүмкін» дегенге дәлел бар.  Әрі адам көпқұдайшылдарға ұқсағысы келген-келмегеніне қарамастан, оны соларға ұқсататын іс-әрекет жасауына бәрібір тыйым салынады, өйткені Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз нәзірі туралы сұраған кісінің мұндай ниеті жоқ болатын, бірақ бұған қарамастан Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны сұрай бастады.

9. Бұл хадис біздің көпқұдайшылдардан бөлініп жіктелуіміз және оларға барлық нәрседе ұқсамауымыз қажет екендігіне нұсқайтын маңызды негіз болып табылады. Біз өз рәсімдерімізді олармен бірге, немесе олар өз рәсімдерін орындайтын жерлерде немесе олар жиналатын уақыттарда орындамауымыз қажет. Бұл негіз өте үлкен маңызға ие, өйткені ол ақиқат пен жалғанды ажырату міндеттілігінен және оларды аралыстыруға тыйым салынғандығынан туындайды.

3. Қабірдің алдында өзің үшін дұға ету.

Зираттарды зиярат жасаған кезде қайтыс болған адамдар үшін дұға ету бекітілген сүннет болып табылады. Адам зиратты зиярат жасаса және қайтыс болған адамдарға сәлем бергісі келсе, олармен зират жаққа жүзін бұрып сәлемдеседі, әрі бұл ғалымдардың басым бөлігінің (жумхур) пікірі. Олардың арасында мәликилер   («Мәухиб әл-Жәлил» 2/237.), шәфи’илер («әл-Мәжму’» 5/286.), ханбәлилер («әл-Муғни» 5/466.) бар. Ал ханафи мәзһабының ғалымдарына келер болсақ, олар бұл мәселеде екі пікірге бөлінді:

1. Сәлемдесу кезінде Қыблаға бет бұру қажет.

2. Сәлемдесу кезінде зиратқа бет бұру қажет.

Екінші пікір имам Абу Ханифаға тиісті («Фатх ул-Қадир» 3/168).

Ал сәлемдесуден кейін дұға жасаушыға келер болсақ, төрт имамның барлығы «осы тұста жүзді Қыбла жаққа қарату қажет, әрі ешбір жағдайда дұғаны қабірге қарап жасамау керек, өйткені сырт көзге бұл адамның қайтыс болғандар үшін емес, қайтыс болғандардың өздерінен сұрап тұрғандай болып көрінбеуі үшін» дегенге бірауызды келіскен.

Имам Ибн әл-Қайим былай деген: “… Әрі төрт имамның барлығы «қайтыс болғандар үшін дұға жасағанда бетті Қыблаға қарату қажет» дегенге келіскен. Адам дұғаны қабірге қарап жасап жатқандай болып қалмауы үшін, өйткені дұға – бұл ғибадат”. Қз.: «Иғасат ул-Ләхафан» 1/174.

Ал қабір орындарында тұрып өзің үшін дұға жасауға келер болсақ, егер бұл осы жерлерден өтіп бара жатқан тұста абайсыз жасалған болса, немесе дұға Сүннетте[16] келген сөздермен ғана шектелген болса, онда оқасы жоқ, әрі бұл шариғат тарапынан заңдастырылған.

Ал егер адам дәл осы жерлерде дұға етуге ұмтылса және осы жерлерде жасалған дұға Аллаһ тарапынан жақсырақ және жеңілірек қабылданады, немесе оның сауабы көбірек деп санаса, онда бұл бидғат, адасушылық және тыйым салынған сенім болып табылады.

Мұның дәлелдері келесідей:

1. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабір орындарында ғибадат жасауға ашық мәтіндер арқылы тыйым салды, ал бұл осы жерлерде дұға етудің де тыйым салынғандығын меңзейді. Өйткені бұл жерлерде намаз орындауға тыйым салынғандығының себебі – адамның жүрегі осы қабірлерге байланып қалуынан және ол осы қабірлердің алдында уақыт өткізе бастауынан қауіптену.

Алайда қабірлердің қасында дұға жасайтын адам, әдетте қысылған күйде болады, ол қандай да бір проблемасының шешілу жолын немесе басына түскен ауыр жағдайдан шығу жолын іздеп, Аллаһқа жалбарынса да, оның бұл амалы көпқұдайшылықтың есіктерінің ашылуына бейім, ал (қабірдің басынан өзге жерде) жаны жайлы жүрегі тыныш болып намаз орындайтын адамның жағдайы мұндай емес. Қз.: «әл-Иқтида» 2/684.

2. Қабірлердің қасында дұға етіп Аллаһқа жалбарыну үшін оларға ұмтылу қасиетті мәтіндердің ешқайсысында: Құранда да, Сүннете де, Пайғамбардан да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), сахабалардан жеткен хабарларда да, үмметтің имамдарының кітаптарында да келмеген.

3. Сахабалар мен олардың ізбасарлары, сондай-ақ үметтің имамдары мұны өздері істемеген әрі мұндайды сөккен. Бұл туралы хабарларды біз кітаптың әртүрлі тарауларында келтіріп кеткен болатынбыз.

Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деген: «Көптеген ғалымдар дұғаның артықшылығы туралы, оған Аллаһ тарапынан жауап қайтарылатын уақыттар мен жерлер туралы кітаптар жазған. Әрі осы ғалымдардың арасында қабір орындарында жасалатын дұға басқаларға қарағанда жақсырақ және артығырақ деп бір әріппен болса да атап кеткен бірде-бір  ғалым табылмаған. Салиқалы сәләфтар мұны мақұлдамайтын, (керісінше,) теріске шығаратын, бұйырмайтын, (керісінше,) тыйым салатын». Қз.: «әл-Иқтида» 2/728.

4. «Қабірдің қасында жасалған дұға тезірек және жиі жағдайда қабыл болады» деген сенім адамдар қабірлерге жиналып, оларға сапармен баруға жетелейді, ал дәл осыған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тыйым салған.

Ал қабірлерге сиынатын сопыларға келер болсақ, олар барлық келтірілген дәлелдерге қарамастан: «Салиқалы адамдардың қабірлерінің қастарында Аллаһқа дұға етіп жалбарыну мұсылмандар барлық жерде және уақыттарда жасап келген бекітілген амал», — деп айтуын жалғастыра береді. Қз.: «әл-Басаир», 99-бет.

Кім қайтыс болған адамдардың өздерінен сұраса, сол адасқан көпқұдайшыл болады, әрі бұған күмән жоқ. Мұның түсіндірмесі кітаптың тарауларының бірінде әлі келеді.

4. Құран оқу.

Абу Хурайра[17] Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Үйлеріңді зираттарға айналдырмаңдар, ақиқатында, шайтан «әл-Бақара» оқылып жатқан үйден қашады»  (хадис сенімді (сахих); Муслим 780).

Қазы Абу Я’лә былай деген: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Құран оқылмайтын үйді зиратпен теңегенінің себебі – Құран зиратта оқылмайды». Қз.: «әр-Риуаятайн уәл-уажһайн» 2/212.

Осы хадистен әрі сахабалар мен олардың ізбасарларының ешқайсыларында қабірлерде Құран оқу белгілі болмағандығынан шыға келе, ғалымдардың басым бөлігі (жумхур) қабірлерде Құран оқуды рұқсат етпейтін.  Бұл пікір сондай-ақ имам Абу Ханифаға («Хашия әш-Шилби ‘алә Табйин әл-Хақаиқ» 2/246,  имам Ибн Абил-‘Изз «Шарх «’Ақида әт-Тахауия»» (534) кітабында айтқан),  Мәликке («әл-Мадхәл» 3/ 263) және Ахмадқа тиісті. Бұдан қалса, Имам Ахмадтан оның: «Қабір басында Құран оқу – бидғат», — деп айтқаны жеткізіледі. Қз.: «Мәсаил имам Ахмад риуаят Исхақ» 1/190.

Абу Хафс ибн Муслим әл-‘Абқари былай деген: «Оннан көп адам имам Ахмадтан қабір орындарында (Құран) оқу бидғат екенін жеткізеді». Қз.: «әр-Риуаятайн уәл-уажһайн» 2/213.

Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Имам әш-Шәфи’иге келер болсақ, одан осы мәселеге байланысты тіпті еш нәрсе келмеген. Мұның себебі – оның кезінде мұндайды ешкім істемейтін. Әрі имам Мәлик: «Мен мұндайды істейтін ешкімді білмеймін», — деп айтқан. Осыдан сахабалар да, олардың ізбасарлары да мұндайды істемегені айқын болады. Қз.: «әл-Иқтида» 182-бет.

Ал қабір орындарында Құран оқудың артықшылықтары туралы айтылған хадистерге келер болсақ, олардың барлығы өтірік.

‘Али ибн Аби Талиб Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін айтқан: «Кім қабірдің жанынан өтіп бара жатып «Ихлас» сүресін он бір рет оқыса, ал содан соң осы оқығанының сауабын қайтыс болғандарға бағыштаса, сол қайтыс болған адамдардың санына сәйкес мөлшерде сауап алады» (хадис ойдан шығарылған, өтірік; Ибн әл-Жәузи «әл-Мәуду’ат» 3/239; Қз.: «Әхкам ул-жәнаиз» 245-бет).

Әнас ибн Мәлик Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Егер біреу зиратқа кіріп, «Я-Син» сүресін оқыса, онда осы қабірде жерленгендерге осы күнгі жазалары жеңілдетіледі, ал оған осы қабірде қанша адам жерленген болса, сонша сауап жазылады» (хадистің тіпті жеткізушілер тізбегі жоқ, әрі өтірік болып табылады; Қз.: «әд-Да’ифа» 3/397).

«Кім ата-анасының қабірін немесе олардың біреуінің қабірін зиярат етсе және оның жанында «Я-Син» сүресін  оқыса, оған оның күнәлары кешіріледі» (хадис өтірік; Қз.: «Файд әл-Қадир» № 8717).

Сондай-ақ қабір басында «әл-Фатиха» сүресін оқу да бидғат болып табылады. Қз.: «Тафсир әл-Мәнар» 8/268.

5. Қабірлерді айналу (тәуап жасау).

Діни рәсім жасау ниетімен қандай да бір нәрсені айналу тыйым салынған және ең жиіркенішті бидғаттардың бірі болып табылады. Өйткені Аллаһ Тағала айналу (тәуап жасау) үшін тек Қағбаны ғана белгіледі әрі одан өзге еш нәрсені емес.

Аллаһ былай деді: «Кейін олар өз рәсімдерін аяқтасын, нәзірлерін орындасын және Ежелгі Үйді (Қағбаны) айналсын (тәуап жасасын)» («Хаж» сүресі, 22:29).

Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деген: «Ал Қағбадан басқа нірсені айналу (тәуап жасау) – ең ұлы тыйым салынған бидғаттардың бірі. Кім діни рәсім ретінде Қағбадан басқа қандай да бір нәрсені айналса (тәуап жасаса), оны тәубеге келтіреді, ал егер ол тәубе етпесе, онда оны өлім жазасымен жазалайды». Қз.: «Мәжму’ әл-Фәтауа» 26/121. «Мұсылман елдерінде мұндай адамға діннен шыққан (муртад) ретінде өлім жазасы туралы үкім шығарылуы мүмкін» деген меңзеледі. Ал өлім жазасы туралы үкімді шығару және оны атқару мұсылман елінің әмірінің (билеушісінің) айырықша (оған ғана тиісті) құзыры болып табылады.

Айналу (тәуап) тек Қағбаға қатысты заңдастырылғандығы туралы көп ғалымдар айтқан. Қз.: әл-Бахути «әр-Рауд ул-Мурби’» 152-бет; «Мәжму’ расаил әл-Кубра» 2/410; имам ән-Науауи «әл-Идах фил-Манасик» 160-бет; Ибн әл-Хажж «әл-Мадхәл» 1/263; әс-Суюти «әл-Амр бил-Иттиба’» 125-бет, т.б.

6. Қабірді немесе қандай да бір басқа затты береке алу немесе киелі сипатқа бөлеу және құрмет көрсету  мақсатымен сүю.

‘Умар ибн әл-Хаттаб қажылық жасау кезінде Қара тасты сүйіп жатып, былай деген: «Аллаһпен ант етемін, мен сенің пайда да, зиян да келтірмейтін тек тас екеніңді білемін. Әрі егер мен  Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сені сүйгенін көрмегенімде, мен де сені сүймес едім» (сахих хабар; Бухари 2/160; Муслим 2/925).

Имам Ибн Дақийқ әл-‘Ид былай деген: «Бұл хадисте Қара тасты сүю абзал екендігіне дәлел бар». Қз.: «әл-‘Удда» 3/347.

Бұл хадистен қандай да бір нәрсені діни рәсім ретінде сүюдің себебі Құранның немесе Сүннеттің бұйрығы болып табылатындығы бір мағыналы түрде түсініледі.   Әрі қандай да бір нәрсені, мысалы, қабірді сүю туралы бұйрық болмаса, оны сүюге рұқсат етілмейді. Сондықтан да Шейхул-Ислам былай деген: «Бұл болмыста Қара тастан басқа сүю рұқсат етілген қандай да бір зат жоқ. Сүю және сипалау тек Аллаһтың әл-Харам Үйі – Қағбаға ғана қатысты рұқсат етілген, әрі жаратылыстардың үйін Жаратушының Үйімен теңеуге болмайды». Қз.: «Мәжму’ әл-Фәтауа» 27/79.

Қара тасты сүю, бұл тас қандай да бір физикалық құт-берекеге ие болғандығынан емес, қажылық рәсімінің бір құрамдас бөлігі ретінде, осыда Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ілесу үшін ғана заңдастырылған.

Сондай-ақ имам Ибн әл-Қайим былай деген: «Жер бетінде Қара тастан және Қағбаның йемендік бұрышынан басқа (шариғат тарапынан) сүю және сипау заңдастырылған зат жоқ»  Қз.: «Зад ул-Мә’ад» 1/48.

Ибн әл-Қайимнің сөздері Қара тасты сипауға және сүюге болатындығын, ал йемендік бұрышқа келер болсақ, оны сипап өтуге ғана рұқсат етілгенін, бірақ сүю заңдастырылмағандығын білдіреді. Қз.: Қз.: «әл-Фәтауа» 26/121.

Жоғарыда аталғанның барлығы діни рәсім ретінде сүю және сипауға қатысты, яғни осыны діни рәсім түрінде істеуге. Ал тіршіліктегі сүюге және сипауға келер болсақ, бұл ешбір күмәнсіз рұқсат етілген.

Осыдан шыға келе, қандай да бір затты Аллаһқа жақындау мақсатымен сүюге рұқсат етілмейді. Бұл сондай-ақ, қабірлер мен кесенелерді айтпағанның өзінде, Құран Кітабына да қатысты.

Пәтулар жөніндегі Тұрақты Көмитетке Құран Кітабын сүюдің үкімі туралы сұрақ қойылған болатын, олар бұған келесідей жауап берді: «Жалғыз Аллаһқа мадақтар болсын, Оның Елшісі мен оның отбасына және сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, ал содан соң:

Біз мусхафты сүюдің заңдастырылғандығына қатысты ешқандай дәлел білмейміз. Құран оны оқу және ол туралы ойлану үшін, сондай-ақ оны ұлықтау үшін, әрі ол кімге түсірілген  болса, солар оған сәйкес іс-әрекет жасау үшін түсірілген». Қз.: «Мәжаллә әл-бухус әл-исламия», 45-бет.

Ал ‘Икрима ибн Аби Жәхлден оның мусхафты сүйгендігі туралы жеткен хабарға келер болсақ, ол сенімді емес. Бұл хабар «мусхафты сүйді» деген сөздермен келмейді, бар болғаны бұл «Мусхафты бетіне қойды да: «Раббымның Сөзі»,  — деп, осыны үш рет қайталады» деген сөздер. (Қз.: Ибн Хәжардың «әл-Исаба» (5654) кітабындағы оның өмірбаяны, «Усдул ғаба» 3741, «әл-Исти’аб» 1857, ибн Са’д «Табақат» (8/329), сондай-ақ Ибн әл-Жәузи «Сафуа әс-Сафуа»).

Қабірлерге табынушылардың кейбіреуі қабірді, не оның қошауын сүюмен шектелмейді, олар бұдан да жаман нәрсе істейді, яғни қабірге жерленген «әулиенің» физикалық құт-берекесі қабір айналасындағы  жерге өтеді деген сеніммен,  сол жерді сүйеді. Қз.: әс-Самахуди «Уафа ул-Уафа» 4/1406.

Қабірді немесе қабірдің айналасындағы жерді, немесе Иерусалим жерін, немесе доп әлде кубокты (осыны футболшылар істейтініндей), немесе ақшаны (мұны сауда жасаушылар істейтіндей) сүю – осының барлығы бұрыс және кесірлі сенімдердің салдары болып табылады. Осы іс-әрекетімен олар не осы затты ұлықтауды, не оның берекесін алуды, не бірінші мен екіншісін де қалап тұрған болады.

7. Қабірді сипау және оған үйкелу.

Осындай орындарда орын алатын кең таралған құбылыстардың бірі – «әулиелер» мен «аталардың» қабірлеріне, олардың қоршауларына, немесе қабірлердің үстіне салынған құрылыстарға үйкелу. Мұның барлығы осыдан бір береке, шипа, бақ пен құт, немесе басқа да қандай да бір игілік алу мақсатымен жасалады. Сондай-ақ кейбіреулер «құт-берекелді» топырақты, оның игілігінен ағайын-туыстары да  құр қалмауы үшін, өзімен бірге алып кетіп жатады.

Хафиз әл-Хаками былай деген: “Бұл топырақты олар әртүрлі тәсілмен қолданады: біреулері оны денесіне жағады, біреулер бұл топыраққа, жануарлар топыраққа аунайтындай, аунайды, біреулер оны суға араластырып, кейін оған шомылады, ал біреулер тіпті осындай суды ішеді.  Әрі осының барлығы «осы қабірге жерленген «әулие» пайда немесе зиян келтіре алады» деген сенімдердің салдары болып табылады. Кейін олар құт-береке қабірдің айналасындағы топыраққа да өтеді деп шешті”. Қз.: «Мә’ариж ул-Қабул» 1/373.

Сондай-ақ негізінен әйелдер кесенені орамалдары және киімдерімен сүртіп, кейін осы орамалдарымен бастан және балаларының бастарын сүртеді. Кейін олар осы орамалдармен осы «әулиенің» қабірін зиярат ете алмаған отбасыларының басқа да мүшелерін сүрту үшін, оларды жумайды.

Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деген: «Қабірге үйкелу немесе оны сүю туралы айтар болсақ, бұл қабір кімге тиісті болса да, бұған мұсылмандардың бірауызды келісімі бойынша тыйым салынған.  Ал егер бұл рұқсат етілген болғанда, мұны сахабалар және үммет имамдары істейтін еді. Бұдан қалса, бұл көпқұдайшылықтың көрінісі болып табылады, әсіресе, бұл қайтыс болған адамға дұға етіп жалбарынумен бірге қабаттасып жатса». Қз.: Мәжму’ уәл-Фәтауа» 27/91.

Жоғарыда аталғандардың көбін Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірін зиярат ету барысында көруге болады. Көп адамдар, өздерінің діни сауатсыздығы себепті қабірдің қоршауын сүюге, оған үйкелуге, оларға іштерін, беттерін, арқасын тигізуге, немесе тіпті осыдан құт-береке алу үшін оның қоршауына көз алмастан қарап  тұруға тырысады.

Ал адамдардың беттерін, көкіректерін және қолдарын Қағбаға (нақты айтқанда Қағбаның есігі мен Қара тастың арасындағы «мултазам» деп аталатын жеріне) тигізуіне келер болсақ, бұл Аллаһтың алдындағы өзінің құлдық ұрған күйін таныту үшін жасалады. Қағбаның өзі де физикалық құт-берекеге ие емес әрі оны өзге нәрселерге дарытып та тұрмайды, сондықтан да оның Қара тас пен йемендік бұрышынан басқа ешқандай бөліктерін сипау заңдастырылмаған. Қағбаға оны ұлықтау үшін емес, Аллаһ Тағаланың бұйрығын орындап, Оны ұлықтау үшін барады.

Аллаһ былай деді: «Оның жолына шамасы келген кісілер Аллаһ үшін Үйге (Қағбаға) қажылық жасауға міндетті. Ал кім қарсы келсе, Аллаһ барлық әлемнен бай» («Әли Имран» сүресі, 3:97).

Сондықтан да Қағбаның жамылғысынан (қисуадан) береке іздеуге болмайды, бұл дінге енгізілген жаңалық (бидғат) болып табылады, ал Қағбадан бір нәрсе сұрау және оған дұға етіп жалбарыну тіпті үлкен көпқұдайшылық болып табылады.

Ибн ‘Аббас өзінің Му’ауиямен бірге Қағбаны тауаф еткенін баяндайды. Му’ауия Қағбаның барлық бұрыштарын сипай бастаған кезде Ибн ‘Аббас оған былай деді: «Сен не себепті бұлай істеп жатсың, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұны істемеді ғой?» Бұған Му’ауия: «Бұл Үй оның бірде-бір жағынан қашқақтамауға лайықты», — деп жауап берді. Сонда Ибн ‘Аббас оған: «Аллаһтың Елшісінде сендер үшін жақсы өнеге бар еді», — деді. Му’ауия: «Сенікі дұрыс», — деп жауап берді де, содан соң мұны істеуді қойды (хадис сенімді (сахих); Тирмизи 858).

8. Қабірлерде құтпа (көпшілікке уағыз-насихат) айту туралы.

Қабірлерді зиярат ету барысында қабір орындарында құтпа (көпшілікке уағыз-насихат) айту да Сүннетте нұсқалмаған айыпталатын бидғат болып табылады. Бұған дәлел — Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабір орындарында адамдарды жинамағандығы және ол жерлерде құтпа оқымағандығы. Керісінше, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тек қайтыс болғандарға сәлем беретін, олар үшін дұға ететін және тезірек кететін.

8-Бөлім. Тарау бойынша жалпы қорытынды

Осы тарауды оқып болған соң біз өзіміз үшін Исламда ғибадат пен қабір орындары бірікпейтінін ұғып алдық. Көпқұдайшылықтың негізгі рәсімдері дәл қабір орындарында орындалатындығы, әрі оларға деген ынтықтық көпқұдайшылықтың пайда болуының негізгі қайнар көзі болып табылатындығы себепті Аллаһ Тағала Оған осы жерлерде ғибадат жасауға, осы орындарға сапар жасап баруға толығымен тыйым салды, осындай орындарды іздеуді, нақтылап белгілеуді,  жөндеп-жабдықтауды және қорғауды заңдастырмады. Мұның үстіне осы тыйымдар өте қатал түрдегі қорқытулар – лағынеттеу, ызалану, ең жаман жаратылыстардың сипаттарымен сипаттау ретінде бекітілген.

Дәл сондықтан да өздерін Исламға телитін адамдардың Түркістан, Бекет Ата басқа да осындай жерлерге баруды, «аталар мен әулиелер» жерленген осындай жерлерде Аллаһқа құлшылық етуді, олардың әруақтарына арнап мал сойып, ас беріп, осы арқылы бақ-береке тілеуді насихаттап жүргендері таң қалдырады. Олар осыны жай ұйымдастырып қана қоймай, жанкүйерлікпен осыған шақырады, оларға қарсы болғандарға қысым көрсетеді және өздерінің бұзық кесірлі сенімдерін ел мүддесі үшін жанашырлық, қазақтың қамын жеу деп көрсеткісі келеді. Бірақ егер осы шындығында да аса маңызды шара болғанда, онда Құран, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадис жинақтары, төрт имамның фиқһ бойынша кітаптары осы туралы хабарларға толы болар еді. Біз міндетті түрде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабаларының қабірлердің қасында Аллаһқа құлшылық еткендерін, немесе саликалы адамдардың қабірлерін іздеп ел аралап жүргендерін, осы жерлерде намаздарын, құрбан шалуларын орындайтындарын, қабірлерді айналып тәуап жасайтындарын, оларды сипап сүйетіндерін көрер едік. Ал сахабалар мен олардың ізбасарлары Аллаһқа қабірлердің бастарында жалбарынғандары, барлығы жиналып Бақи’ қорымына немесе басқа бір кесенеге барып Аллаһқа тәубе еткендері туралы хабарлар қайда?! Сахабалар ең құрметті сахабалардың қабірлерінің үстіне күмбез-кесенелер немесе мешіттер салғызғандығы туралы хабарлар қайда?! Сахабалар мен олардың ізбасарлары барлығы жиналып «әулиелердің» әруақтары жай-тыныш болуы үшін оларға Құран бағыштағаны немесе осы үшін намаз оқығандығы, немесе «әулиелердің» мерейтойларына арнап ас бергендері туралы хабарлар қайда?! Осылардың барлығы қайда?! Егер осының барлығын жасап жүргендер шыншыл болса, онда осыларды бізге көрсетсін! Ал егер олар өздерінің іс-әрекеттеріне шариғи дәлел келтірмесе, онда олар адасушы дінбұзарлар ғана!

Аллаһ былай деді: «Ал біреу, өзіне тура жол айқындалғаннан кейін Елшіге қарсы шықса, сондай-ақ мүміндердің жолынан басқа жол іздесе, оны бұрылған жағына бұрамыз да, Тозаққа саламыз. Ол нендей жаман орын!» («ән-Ниса» сүресі, 4: 115).

Ендеше, олар Аллаһтан қорықсын да, Аллаһтың азапты қинауы бастарына келмейінше, осындай іс-әрекеттерін тоқтатсын!

Егер осының барлығы шындығында да Пайғамбар мен оның сахабалары, олардың ізбасарлары мен үммет имамдары тарапынан орындалған болса, онда хадис жинақтары осыған толы болар еді, әрі жалған қиссалар іздеп ойдан шығарудың қажеті болмас еді.

Осы жерде бір өте маңызды ережені түсініп алу қажет: амал, не құбылыс  қаншалықты маңызды болған сайын, ол туралы айтылған шариғи мәтіндер де көп әрі анық болады. Қз.: ханафи имамы Ибн Абил-‘Изз «Шарх «‘Ақида әт-Тахауия»», 93-бет. Бұл мәтіндер жай ғана ешкімге белгісіз бір кітаптарда емес, Құранда, Бухаридің, Муслимнің т.б. сахих хадистер жинағында болуы қажет.

Құрметті оқырман, Түркістанға, Бекет атаға тағы да сондай жерлерге сапар ұйымдастырушылар өздерін ақтайтын ешқандай шариғи дәлел келтіре алмайды, керісінше, олардың іс-әрекеттері өте қауіпті болғандығы себепті қасиетті мәтіндер олардың іс-әрекеттерін сөгетін аяттар мен хадистерге толы.

Осы жерде ханафи мәзһабының имамы — имам әл-Баркауидің (981 һ/ж) сөздерін келтіру орынды болады. Осы сөздер өздерін ұялмай ханафи мәзһабына телитін, Түркістан мен Бекет Атада және т.с.с. жерлерге сапарлар мен жиындар ұйымдастырушыларға дәлел мен масқаралау болсын. Имам әл-Баркауи былай деген: «Кім қабірлерді зиярат етуге қатысты Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін талдап шықса, ол нені бұйырып, неден тыйғаны, сондай-ақ сахабалар мен олардың ізбасарлары нені ұстанғандары туралы ой қозғаса, сол олар мен бүгінгі күні адамдар қабірлердің қасында істеп жатқан істердің  арасындағы толық қарама-қайшылықты көреді.  Бұл қарама-қайшылық мыналарда қамтылған:

1. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабір орындарында намаз орындауға тыйым салды, ал адамдар оған осыда қарсы шығады да, намаздарын қабірлерде орындайды; 

2. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірлердің үстіне мешіттер салуға тыйым салды, ал адамдар оларды соғады да, оларды кесене деп атайды;

3. Ол қабірлерде шырақ жағуға тыйым салды, ал олар қабірдің басына шырақтар т.с.с. нәрселер жағады. Бұдан қалса өз мұрасында осы шырақтарды сатып алуға үлес қалдырады [18];

4. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірлерді жермен бірдей етіп тегістеуді бұйырды, ал олар бұған қарама-қайшы келіп, қабірді жер бетінен үй сияқты көтереді;

5. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірді гипспен қаптауға және оған құрылыстар құруға тыйым салды, ал олар бұған қарсы шығып, қабірлерді гипспен қаптайды және оларға күмбездер орнатады;

6. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірлерде жазулар жазуға тыйым салды, ал олар қабірлерге тақтайшалар қойып, тақтайшаларға Құраннан немесе басқа бір жерден алынған жазулар жазады;

7. Ол қабір орындарында тұрақты түрде қайталанып тұратын жиналыстар өткізуге тыйым салды, ал олар бұған қайшы келеді де, осы орындарда жиналып тұрады. Осы орайда олардың саны мерекелі жиындардан асып түседі».

Осыдан соң имам әл-Баркауи қабірлерге табынушы сопылар Аллаһқа және Оның Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайшы келетін тағы да он бес тармақты келтірді. Қз.: «Зиярат ул-Қубур» 19-23 беттер.

Бірақ жоғарыда аталып кеткен нәрселердің заңды екеніне қандай да бір нұсқаудың жоқ екеніне және осылардың тыйым салынғандығына көптеген нұсқаулардың бар екендігіне қарамастан, мұндай сапарларларды ұйымдастырушылар өздерінің «ешқандай жаман нәрсе істеп жаттпағандығын» алға тартуын қояр емес!

Ал егер оқырман келесі үш маңызды нәрсені ұғынса, оның «олар не істесе де – барлығы заңсыз және бидғат бола береді екен» деген таң қалуы жойыла кетеді де, орнына түсінік келеді:

1. Осындай сапарларды ұйымдастырушылардың білімдері мүлде діни немесе рухани емес. Олар көп жағдайда театралдық, туристік, артистік, немесе әрі кетсе тарихи, философиялық немесе юристік білімге ие немесе мүлде арнайы білімсіз шарлатандар  болады.  Дәл сондықтан да олар әр сапар сайын адамды таң қалдыратын амалдар істейді. Ал ең қызығы – олардың амалдары діннің қарапайым қағидаларына қайшы келетінін түсіндіретін кез-келген кітаптарға, немесе газет-журналдарға қас қағым сәтте «экстремистік әдебиет» деген затбелгі іліне қоятынында!

2. Адам өз амалы Аллаһтың бұйырған нәрсесіне қайшы келетінін түсінгенсе, бірақ осыған қарамастан,  сонда да ол даңдайсынған күйде теріс бұрылып, сол амалды әрі қарай жасай беруде қасарысып тұрып алса, Аллаһ Тағала оны қателерден қорғауын тоқтатады да, оны өз-өзіне тастап қояды. Содан соң даңдайсынған қырсық төбеден төмен қарай домалағандай, адасушылығына барған сайын тереңдей береді де, бірінен соң бірі қателіктер жасауын тоқтатпайды.

Аллаһ былай деді: «Сонда олар жолдан тайған кезде, Аллаһ олардың жүректерін тайдырды. Аллаһ бұзақы елді тура жолға салмайды» («Саф» сүресі, 61:5).

Ол сондай-ақ былай деп айтты: «Олардың жүректерін, көздерін теріс айналдырамыз, өйткені олар алғашқы ретте оған сенбеген, әрі оларды өздерінің зұлымдықтарында соқыр түрде сергелдең етіп қоямыз» («Әнғам» сүресі, 6:110).

3. Аллаһтың дінінде рухани жетекшілікке қол жеткізу өте қиын. Оған көптеген жылдар бойы дінді оқып-үйренумен, сол білімге амал етумен, сабыр және мығым сеніммен қол жеткізіледі.  Рухани жетекшілікке миллиондаған мұсылмандардың ішіндегі бір немесе бірнеше санаулы тұлғалар, Аллаһ белгілі бір адамның шындығында да мүміндердің жетекшісі болуға лайықты деп тапқаннан кейін ғана, қол жеткізеді. Адам есігіне ілінген коммунистік тақтайшаны діни тақтайшаға ауыстырумен, немесе әртістің киімін шапан мен тақияға ауыстырумен тақуалардың жетекшісі болып шыға келмейді. Сондай-ақ сөзқұмар мылжың күнәһар да өлген әруақтарды еске алуға арналған «құдайы тамақта» ет-бауырсаққа тыңқиып тойып алуымен мүмін және тақуаға айналмайды.

Аллаһ былай деді: «Әрі олар сабыр етіп, аяттарымызга нық сенген кезде, араларынан бұйрығымызбен тура жол көрсететін басшы-жетекшілер жасадық» («Сәжде» сүресі, 32:24).

Ол сондай-ақ былай деді: «Оларды әміріміз бойынша тура жол көрсететін басшы қылып, оларға жақсылық істеуді, намазды орындауды, зекет беруді уахи еттік. Олар бізге құлшылық қылушы еді» («Әнбия» сүресі, 21: 73).

Осы аяттан көрінетіндей, адам өз өмірін Аллаһқа құлшылық етіп әрі оған толық мойынсұнып  өткізгеннен кейін ғана жетекшіге айналады.

Ал осы сипаттармен сипатталмаған «жетекшілерге» келер болсақ, олар туралы мына басқа аятта айтылғандай:

«Оларды Тозаққа шақыратын жетекшілер қылдық. Сондай-ақ олар Қиямет күні жәрдем көрмейді. Олардың соңынан бұл дүние де қарғыс ертіп қойдық. Әрі Қиямет күні олар (мархаметтен) алыс етілгендер қатарынан болады» («әл-Қасас» сүресі, 28: 41-42).



[1] Діни рәсімдер орындалатын ғибадатхана меңзеліп тұр.

[2] Расында да, қабірлердің үстілеріне шіркеулер соғу христиандардың ең танымал салттарының бірі болып табылады. Мұны дәлелдеу үшін мысал ретінде дүние жүзіндегі ең үлкен шіркеуді – Ватикандағы Петр шіркеуін келтіру жеткілікті болады. Ол оның қабірінің үстінде және Көне Римнен қалған қираған орында соғылған.

[3] Бұл сондай-ақ мешіттерге тірі жандардың суреттері мен бейнелеріне толған түрлі «мұсылман» үнқағаздары мен журналдарын таситындарға және іліп қоятындарға да қатысты.

[4] Бұл пікір қате болып табылады.

[5] Имам Ибн әл-Қайимнің бұл туралы айтуының себебі кейбір ғалымдардың «қабірлер таза орындар болмағандықтан оларда Аллаһқа құлшылық жасауға болмайды» деген пікір білдіргендіктерінен.

[6] Яғни бір қарыс.

[7] Бұл — Бухутидің «Кашф әл-Кана’тағы» (2/140) сөздері.

[8] Бұл хадисте «кез-келген адам өз қалауы мен тұжырымы бойынша кез-келген қабірлерді бұза беруіне болады» дегенге дәлел жоқ. Ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерден кім (шариғатта) айыпты деп саналатын нәрсені көрсе, оны қолымен өзгертсін, егер оның бұған шамасы келмесе, (айыпты істі) тілімен (өзгертсін), ал ол (мұны да) істей алмаса, онда — жүрегімен, және бұл — иманның ең әлсіз (көрінісі) болады» (Муслим «Сахих», № 49), — деген хадисіне қайтарылады. Шейх Салих бин Фаузан әл-Фаузан осы хадиске түсіндірме жасап, былай деді: «Осыған сәйкес, мұсылмандар үш топқа бөлінеді:

  1. Білімге және билікке ие адам айыпталатын істі өз қолымен тоқтата алады. Мұндай адамдардың қатарына адамдарды жақсылыққа шақырып жамандықтан қайтаратын мұсылман мемлекетінің билігі тағайындаған әмірлер және мемлекеттік қызметкерлер жатады. Мұндай адамдар дана және шариғат заңдастырған әдістермен айыпты істерді өзгерте алады;
  2. Білімге ие, бірақ билікке ие емес адам. Ол айыпталатын істі сөзбен, яғни адамдарға шариғаттың харам мен хәлалға, құпталатын мен айыпталатынға қатысты үкімдерін түсіндіру, оларға дұрыс жолды көрсету, оларға насихат айту, уағыздау арқылы өзгерте алады;
  3. Білімге де, билікке де ие емес, бірақ мұсылман болып табылатын адам айыпты болып саналатын істі жүрегімен айыптап, осындай істерді істеп жатқан адамдардан, олар оған өз ықпалын тигізбеуі үшін,  өзін аулақ ұстауы керек». Қз.: “Мұсылман діндар ғалымдарының қазіргі заманның үндеулеріне берген жауаптары”, құрастырған шейх Мухаммад бин Хусайн бин Саад әл-Суфран әл-Кахтани, редакциясын басқарған Сауд Арабиясы Корольдігі ең ірі ғалымдары Комитетінің мүшесі, шейх Салих бин Фаузан әл-Фаузан, Кувейт, 2008 ж.

Бұл хадисте осындай амал әмірдің (билеушінің) құзыры екендігіне нұсқау бар.  Және бірінші хадисте мұндай амал соның бұйрығымен орындалатындығына дәлел бар, бұған Алидің «… Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) маған берген тапсырманы» деген сөздері нұсқайтынындай. Ал біздің кезіміздегі кейбір білімсіз мұсылмандар пайда мен зиян мәселесін түгілі, қабірлерді тегістеуге қатысты хадистерді толық зерттеп білместен, өзге адамдардың қабірлерін осы немесе өзге хадистерді өздігінше түсініп, өз тұжырымдарына сүйеніп, қиратып жатқан фактілерге келер болсақ, бұл – шариғатқа сыйымсыз амал, өйткені Исламда анархияға орын жоқ. Ал Аллаһ бұл туралы  жақсырақ біледі.

[9] Бұл қабірді күн күйдірмеуі үшін, мәйітке көрсетілген құрмет себебімен істелген болатын.

[10] Яғни хабардың барлық жеткізушілер тізбегін түгел атамай.

[11] Яғни оның әкесі ‘Усманның кезінде

[12] Яғни адамдар олармен не істеу туралы келіспеушілікке түскен соң. Ал билік иелері олардың басына ғибадатхана салуды шешті.

[13] Имам Ибн Хазм былай деген: “Ахмад ибн Хәнбәл: «Кім зиратта немесе зиратқа қарай намаз орындаса, сол қалай болған жағдайда да осы намазды (басқа жерде) қайта орындауы қажет»” («әл-Мухаллә» 4/32).

[14] Алайда егер адам малды жалғыз Аллаһ үшін сойғандығы және сонымен бірге Аллаһтың атын атағандығы анық түрде мәлім болса, онда бұл малдың етін жеуге рұқсат етіледі. Бұл – ширктің емес, бидғаттың негізінде сойылған малдың еті. Бұл – қайтыс болған адамның жетісіне, қырқына, асына адамдарға тарату үшін сойылған малдың еті сияқты. Өздігінше бұл етті жеу рұқсат етілген, бірақ бидғаттан бас тартудың белгісі ретінде және осы құбылысқа сөгіс білдіріу мақсатында оны жемеген жақсырақ болады.

[15] Имам әл-Бағауи: «Бұл Меккенің Яләмләм бағытындағы төменгі бөлігінде орналасқан жер», — деген  (Қз.: «Фатхул-Мәжид» 253-бет).

[16] Бұл хадисте: «Мен сендер және өзім үшін жеңілдік тілеймін», — деп келетініндей.

[17]Шейх ‘Абдур-Рахман ибн әл-Хасан бұл хадисті «Фатх ул-Мәжидте» (394) Ибн ‘Умардың сөздерінен келтіреді, ал бұл қателік болып табылады.

[18] Сопылар белгілі бір қабірде «әулие» жерленгеніне және бұл қабір өзге қабірлерден ерекше құт-берекелі болып табылатынына әрі оның берекесі басқаларға өтетініне нұсқау үшін, сол қабірлерге шырақтарды жағып қояды. Қз.: «Кашф ун-Нур» 16-бет; «әл-Хадика ән-Нәдия» 2/630).