Ақида

Тәуассул – Аллаһқа белгілі бір нәрсе арқылы жақындау

Оқырмандарымызға «Қабір-кесене-мазарларға, әруақ-әулиелер мен киелерге сиыну – қазақ халқын опат болуға алып баратын жол» атты кітабының он сегізінші тарауын ұсынамыз.

Жүктеп алу.

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

1-Бөлім. Кіріспе

Осы тарауды оқып-зерттеу барысында құрметті оқырман ерекше зейін танытуға және қаралып жатқан мәселенің мәнін ұғып алуға тырысуы қажет.  Біз осыған дейін қарап өткен мәселелер өздігінше көпқұдайшылық болып табылмайды, бірақ олар — көпқұдайшылыққа алып баратын  жолдар мен құралдар. Алайда тәуассул мәселесі стратегиялық тұрғыдан өте маңызды болып табылады, өйткені ол көпқұдайшылық пен бірқұдайшылық арасындағы шекара іспеттес. Тәуассул мәселелерін қарау барысында біз көпқұдайшылыққа алап баратын жолдар туралы ғана емес, үлкен көпқұдайшылық туралы сөз ететін боламыз. Осыны түсінгендіктен, сопылық ағымның өкілдері адамдар назарында оның маңыздылығын кеміткісі келеді, өйткені олар адамдардың осы мәселедегі білімсіздігін пайдаланып осы шекараны өзгелер байқамайтындай етіп бұзып өтуге тырысады. Тәуассул мәселелері мен негіздеріндегі өздерінің жалған сенімдерін тарату үшін олар қасиетті мәтіндерді өз мүдделеріне ыңғайластырып, кітаптар жазады және басып шығарады, тіпті осы мүддеге қол жеткізу үшін аят-хадистердің мағыналарын бұрмалаудан да тайынбайды.

Аллаһ былай деді:  Сондай Кітапты қолдарымен жазып, сонан соң аз ақшаға (дүниелікке) сату үшін: «Осы Аллаһтың қасынан келгені», — дегендерге нендей өкініш! Және олардың қол жазғандарына нендей өкініш! Сондай-ақ олардың табыстарына нендей өкініш! («әл-Бақара» сүресі, 2:79).

Аллаһтың рұқсатымен, біз олардың кітаптарынан алынған кейбір үзінділерді қарап шығамыз әрі олардың қасақана жасаған бұрмалауларына нұсқаймыз. Содан соң оқырмандарымызда осы адамдардың өтірік сөйлейтініне, олардың қолданатын әдіс-тәсілдерінің пасықтығында, сондай-ақ олардың мақсаттарының шынайы мәнінде күмәні қалмайды.

«Ақиқат келді. Өтірік нәрселер жойылды. Сөзсіз, өтірік жойылады», — де ” («әл-Исра» сүресі, 17:81).

2Бөлім. Тәуассул деген не?

Мәселені бастан-ақ дұрыс түсіну үшін, осы тараудың басынан аяғына дейін кездесетін ұғымдарға дұрыс түсіндірме беріп өту жөн болады. Өйткені сопылар мен солар сияқтылардың шебер тәсілдерінің бірі – олар әу бастан шариғи терминдерге өз анықтамаларын береді де, осы терминдер кездесетін аят-хадистерді қолданып, оларды өздерінің берген анықтамаларының негізінде түсіндіреді.

Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деген екен: «Кім сахабалардың өзара сөйлескен әрі сол арқылы оларға Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөйлеген тілді және олардың сөз орамдарын қолданудағы әдеттерін білмесе, сол міндетті түрде сөздердің мәнін олардың шынайы мағынасынан өзгерте бастайды. Белгілі бір қоғамда өсіп жетілген көп адамдар сөз орамдарының кейбіреулеріне сол қоғамның өкілдері тұспалдайтын мағыналарды береді [1]. Содан соң олар осы терминдерді Аллаһтың, Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және сахабалардың сөздерінде тауып алады да, Аллаһ, Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және сахабалар осы терминдердің астарында оның қоғамының өкілдері тұспалдайтын нәрселерді меңзеген деп ойлай бастайды, алайда, шын мәнісінде, Аллаһ, Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және сахабалар мүлде басқа нәрселерді меңзеген.

Ал кейбіреулер Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мен сахабалардың сөздеріне қасақана түрде бұрмаланған мағына береді де, кейін  осы терминдерді өздеріне тиімді ұстанымды дәлелдеу үшін қолданып: «Біздің жолымыз Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолына сәйкес келеді», — деп жатады. Осындай нәрселер пәлсапашылардан (мутакаллимдердің), исмаилилерден болған құдайсыздардың, сондай-ақ ойшылдар мен сопылардан болған солар іспеттес адамдардың сөздерінде бар». Қз.: «Қа’ида жәлилә» 445-447 т.

Шейхул-Исламның сөздерінен шыға келе, біз кейбір адасқан ағымдар мен секталардың өкілдері өз ұстанымын дәлелдеу үшін ұғымдарды қолжаулық ететінін түсінеміз. Көп жағдайда бұл олардың қолынан келе береді, өйткені олардың үгіт-насихаты дін негіздерінен қарапайым білімге де ие болмаған адамдарға бағытталады әрі осы білімсіздік бұл адамдардың адасуына және опат болуына әкеп соқтырады.

Сонымен, «тәуассул» деген не екен?

«Тәуассул» — таза арабтың сөзі, ол «мақсатқа бірдеңе арқылы қол жеткізу» дегенді білдіреді. Ол «сол арқылы мақсатқа қол жеткізілетін нәрсе» деген мағынаны білдіретін «уәсилә» деген сөзден пайда болған [2].

«Уәсилә» сөзі Құранда екі рет келген:

1. Аллаһ былай деді: «Әй, иман келтіргендер! Аллаһтан қорқыңдар, Оған жақындасу тәсілдерін іздеңдер. Және мұратқа жетулерің үшін, Оның жолында күресіңдер» («әл-Мәида» сүресі, 5:35).

2. Ол сондай-ақ: «Олардың сиынғандарының өздері Раббыларына жақын болудың тәсілдерін іздеуде басқалардан озуға тырысады. Оның рахметінен үміт етіп, азабынан қорқады. Негізінде, Раббыңның азабы сескенуге тиісті», — деді («әл-Исра» сүресі, 17: 57).

Істің бүкіл сыры сопылардың Сүннет пен келісім (әһли-Сунна уәл-жәма`а) жолын ұстанатындардан «Аллаһқа жақындау тәсілдері» дегенде не тұспалданатынын өздерінше түсіне бастағандары себепті бөлініп шыққандығында.

Ендеше, осы тәсілдерді Ислам ғалымдары қалай түсінетініне қарайық.

Ибн Жәрир әт-Табари былай    деген: “«Оған жақындасу тәсілдерін іздеңдер», яғни Аллаһ разы болатын нәрселерді орындау арқылы Оған жақындасуды іздеңдер”.

Қатада былай деген: «Яғни Аллаһқа мойынсұнып және Ол разы болатын нәрселерді орындап, Оған жақындаңдар».

Қатаданың осы сөздерін келтіріп, имам Ибн Кәсир былай деген: «Осы ғалымдардың айтқандарына қатысты Құран тәпсіршілерінің арасында келіспеушіліктер жоқ» (Ибн Кәсир «Тафсир әл-Кур`ан ил-‘Азыйм», 2/52-53).

Ханафи мәзһабының өкілдері де осы түсінуде басқа ғалымдармен ортақ пікірде. Қз.: «әл-Кауакиб әд-Дуррия» 3-бет.

Біз хафиз ибн Кәсирдің сөздерінен түсінетініміздей, «Аллаһқа жақындаудың тәсілдері» дегенде Аллаһ разы болатын игі істер меңзеледі.  Егер кісі оларды орындап жатса, онда ол Аллаһқа жақындайды, яғни Оның разылығына қол жеткізеді. Әрі осыда Құран тәпсіршілерінің (муфассирлер) арасында келіспеушіліктер жоқ.

Енді ерекше назар бұруыңызды сұраймыз!!!

Ал сопылар болса муфассирлердің бірауызды келісілген пікірімен келіскісі келмей, осы аяттарды өздерінше түсінді.

Ендеше, олар бұл аяттарды қалай түсінді?!

Әрі қарай түсіндірілетін нәрсені ұғынып, оқырман сопылар мен әһли-Сунна уәл-жәма`аның жолдары ажырап кеткен торабты көре алады. Сүннеттің жақтаушылары таухид (бірқұдайшылық) жолымен жүруін жалғастырды, ал сопылар көпқұдайшылдар жаққа ауытқып кетті [3].

Таухидті ұстанушылар Аллаһ олардан нені қалайтынын түсінді. Аллаһ Тағала адамның Аллаһ разылығына жетуі үшін күш-қайрат жұмсауын, жұмыс істеуін, игі істер жасап, жаман нәрселер істеуден бас тартуын қалайды. Ал сопылар бұл аяттарды мүлде кері түсінді. Осы жерде олар адамзат бір кезде жасаған ең қорқынышты қиясты, яғни көпқұдайшылық пен қөпқұдайшылдардың негізі болып табылатын қияс жасады. Сопылар Аллаһ Тағаланы оларға тек «таныс» арқылы, яғни олар жақсы көретін және олардың алдында беделге ие адамдарға жалбарынып, ортаға салу арқылы ғана жақындауға болатын осы дүниенің әділетсіз патшаларымен теңеді.

Олар егер патшаға тікелей жүгінсе, патша оларды кері қайтарады, бірақ егер одан оның жақсы көретін, бағалайтын және құрметтейтін адамдары арқылы сұраса, онда осы патшаның оң жауап беретінін күтуге әбден болады деп шешті. Бұл сопы өзі үшін мынандай қорытынды жасады: «Аллаһ Тағала бұл дүниенің патшаларының қай-қайсынан да ұлы. Егер мен осы дүниенің патшасына тікелей кіре алмайтын болсам, онда патшалардың патшасы болған Аллаһқа қалайша тікелей кірмекпін?!»

Мына қорқынышты логикаға қараңыздаршы! Егер оқырман тағы да кішкене кідіре тұрса, онда оның қауіптілігі неде екенін түсіне алады.

«Мұның несі жаман, бұл сопы осы қиясты Аллаһ Тағаланың ұлықтығы мен Оның құдіретін ұғынған күйде жасады ғой» деген ой туындауы мүмкін. Алайда! Шын мәнісінде, бұл қияс Аллаһты мадақтамайды, керісінше, Оған тіл тигізеді.  Сіз: «Не үшін?», — деп сұрауыңыз мүмкін. Өйткені бұл сопы Аллаһты осы патшалардан да асқан әділетсіз деп санады. Патшаларға көп жағдайда олардың ұлықтығы себепті емес, тек олардың әділетсіздігі, тәкаппарлығы, қаталдығы мен озбырлығы себепті ғана кіру мүмкін болмайды. Ал әділетті, жанашыр, ізгі патша не адам өзінің ұлықтығы мен билігіне қарамастан өтінішпен келген адамды қабылдауға тырысады.

Осыдан шыға келе, сопы Аллаһтың «Оған жақындасу тәсілдерін іздеңдер» сөздерін “Аллаһтың алдында құрмет-беделге ие, Аллаһтың сүйіктісі болған «әулиені» іздеңдер де, Аллаһтан сол арқылы тілеңдер, тіпті осы әулиенің өзінен ол сендер үшін Аллаһтың алдында шапағат етуін тілеңдер” деп түсінді [4].

Әрі сіздер тағы да: «Осылай болса да, біз бұда еш жамандық көріп тұрған жоқпыз», — деп айтпақсыздар ма?!

Осы жерде біз бір кішкентай ғана жайтты түсінулеріңізді сұраймыз – бұл қиястың көптеген кесірлі салдары бар, біз олардың тек екеуі жайында ғана  сөз етейік.

3-Бөлім. «Тәуассул» терминін сопылық тұрғыдан түсінудің кесірлі салдары

1. Аллаһ Тағала Өзінің құлдарына олар сырттан кімнен болсын көмек күтпеу керек екенін үзілді-кесілді әрі мәңгіге ұғып алуды үйретеді. Өзгелердің еңбегіне де, игі амалдарына да көз салудың қажеті жоқ. Аллаһ Тағала әрбір адам өзі игі амалдар жасауын және харамнан тыйылуын қалайды. Осы идеологияны Өз құлдарының жүректерінде бекітіп, Аллаһ Тағала былай дейді: «Әркім істеген ісінің кепілдігінде ұсталады» («әл-Мүддәссир» сүресі, 74: 38).

Ол сондай-ақ былай деп айтты: «Міне, солар бір үммет еді, өтіп кетті. Олардың еңбектері өздеріне, сендердің еңбектерің өздеріңе, сендер олардың істегендерінен сұралмайсыңдар» («әл-Бақара» сүресі, 2: 134).

Ал сопыларға келер болсақ, олардың қиясы оларды көптеген игі амалдарды қалдырып, жылына бір-екі рет тірі не қайтыс болған әулиеге барып, одан өзі үшін Аллаһтың алдында шапағат етуін сұрау арқылы бүкіл проблемаларды шешуге болады деген үмітпен көптеген жаман істерді жасауға алып келді. Кезінде осы қияс христиандарды да тура осыған алып келген болатын.

Оқырман түсінгендей, бүкіл әлемнің күнәларға батып, игі істер не екенін ұмытуына алып келген де – дәл осы олардың идеологиясы болды. Әрине, Аллаһ рахымына бөленгендерден басқа. Дәл осы идеология христиандардың екі топқа – діндарлар мен дүние адамдары болып бөлінуіне де себеп болды.  Басқаша айтқанда, дүние адамдары білгенін істеп жүре береді, ал діндарлар дүние адамдарының ақшасына олар үшін Құдайдың алдында шапағат етеді. Енді тура сол нәрсе мұсылмандарда да орын алуда. Мешітте намаз оқитын, рамазан айында ораза ұстайтын, қажылыққа баратын, басқа да діни әмірлерді орындайтын имам отырады. Осынысымен ол жылына не айына, не аптасына бір рет, не жаман түс көргенде, не басына бір ауыртпалық түскенде мешітке садақа алып келіп Құран оқытсаң, молда күнәларыңның кешірілуін сұрап береді деп есептейтін қаланың (ауылдың) күнәһарлары үшін бейнеттенеді[5]. Басқа сөзбен айтқанда, бұл идеология Аллаһ Тағала адамдар үшін басшылық ретінде түсірген діннің басым бөлігінің күшінің жойылуына және амалға асырылмауына жетелейді. Ал біздің «діни қайраткерлерімізге» келсек, бұл оларға өте тиімді-ақ. Бірінші санаттағыларға дүние адамдарына келер болсақ, онда олар осы идеологияға салып, көрмес көзге ұрлық та, басқа да қылмыстарды, ал жария түрде елді арақ-шарапқа молынан батыру, ақша мен байлық, қызық пен ләззат қуып сенделіс өмір сүру сияқты дінде айыпталатын, ал ел ішінде орынды болып қалған әдеттерді істей береді. Олар мұны ешбір кедергісіз қысылмай жасай береді, өйткені оларға мұны түсіндіретін молда жоқ, ал «айыпты істі айыптау» деген нәрсе іс жүзінде қалды. Сөйтіп олар өздерінің істеп жүргендерін нағыз дін осы деп сеніп кетті, әрі осы, яғни Исламның парыздарын орындамай-ақ, мешітке барып, не үйге молда шақырып, Құран оқыта салып күнәлардан құтыла салуға және мол сауапқа бөлене түсуге болады деген жалған  сенімде  бірнеше ұрпақтар өсті, сол ұрпақтардан осы кесірлі салтты күнкөріс көзіне айналдырып алған молдалар шықты. Ал егер мұсылмандардың арасында айыпталатын нәрсені айыптайтын және жақсылыққа шақыратын біреу-міреу пайда болса, «діни қайраткерлер» ондай адамға «өзгелерге «тыныш өмір сүруге» кедергі жасайтын фундаменталист, экстремист, уахабист» деген затбелгісін тағып, елге жексұрын көрсетуге бар күш-жігерін салады. Ал екінші санаттағыларға, яғни дінді кәсіп пен табыс көзіне айналдырып алған «дін қызметкерлеріне» келер болсақ, олар осындай идеология арқылы өздеріне өмірлік ас дорбасын, яғни мол табыс көзін қамтамасыз етіп алды, әрі халық діни тұрғыдан жаппай сауатсыз бола берген сайын, олардың да табыс көзі молая береді.

Алайда уақыт өткен сайын адамдардың діннен алыстайтыны соншалықты – оларды Аллаһ алдындағы халдері қандай болатыны тіпті ойландырмайды да. Ал мұндай адамдар молдаларға жүгінуден де, ақша беріп Құран оқытудан да алыстап кетеді. Сондықтан да «діни қайраткерлеріміз» мәуліт сияқты Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ойламаған, сахабалар мен төрт имамның ешқайсысы тойламаған жыл сайын өтетін діндегі негізі жоқ жиындар өткізіп тұруға «мәжбүр болады». Сосын тағы бір айта кететін жайт: бұл «қайраткерлерді» халыққа үйреншікті болып кеткен «жетісі», «қырқы», «асы» деген жиындарды айтпағанның өзінде, қайтыс болған адамның туған күні, өлген күні, жамбасы жерге тиген күні, операциядан қайтыс болған адам болса, оның «пышаққа түсіп, қарны жарылған күні» сияқты жиындарға, немесе біреулер: «Қайтыс болған апамыздың киімдерін таратып, Құран оқытайық», — деп, Құран оқып беруге шақырса, олар мұндай жиындарға жай барып қана қоймай, осыны шариғат атынан заңды етіп беретінін естіген кезде, осы айтылғанның барлығына көзің  жетеді.

Аллаһ былай деді: «Сондай Аллаһ түсірген Кітаптан жасырып, оны аз ақшаға (дүниеге) айырбастағандар, солар қарындарына отты ғана жейді (қарындарын отпен толтырады). Қиямет күні Аллаһ оларға тіл қатпайды да, оларды ақтамайды және оларға күйзелтуші азап бар. Олар – адасуды туралықтың орнына, азапты жарылқаудың орнына ауыстырып алғандар. Сонда олар Тозаққа қалай шыдайды?» («әл-Бақара» сүресі, 2: 174-175).

2. «Тәуассул» терминін бұрыс түсіну сондай-ақ біріншіден де қорқыныштырақ болған нәрселерге әкеп соқтырады. Ол айқын, үлкен көпқұдайшылыққа соқтырады. Бұл төмендегідей орын алады.

4-Бөлім. «Шариғатпен заңдастырылмаған (бидғи) тәуассул  – даулы көпқұдайшылық – айқын көпқұдайшылық» тізбегіне түсіндірме жасау

Бұл сопы:

1. Өзін күнәһар деп әрі осындай күнәһарлар Аллаһқа тікелей кешірім сұрап жалбарынуға лайықты емес деп шешіп, Аллаһтың алдында бедел мен құрметке ие болған біреулерді іздей бастайды. Іздену барысында  ол Аллаһтың Муса пайғамбар туралы айтқан мына сөздерін тауып алады: «Ол Аллаһтың қасында беделді еді» («Ахзап» сүресі, 33: 69).

Сондай-ақ Иса пайғамбар туралы  Аллаһ былай дейді: «Ол дүние және ақыретте беделді, сондай-ақ Аллаһқа жақындардан болады» («Әли Имран» сүресі, 3: 45).

Аллаһ тағы да былай деп айтқан: «Расында, Аллаһтың достарына қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды. Олар иман келтіріп, тақуа болғандар» («Юнус» сүресі, 10: 62-63).

Сондай-ақ ол, әрине, мұсылмандардың барлығы Мухаммад пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрмет-беделі ең ұлы екеніне, әрі Аллаһтың алдында Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметтірек болған өзге бірде-бір жаратылыс жоқ екеніне әрі оны шапағатынан артық шапағат жоқ екеніне бірауызды келіскенін біледі. Қз.: «Қа’ида жәлилә» 9-тармақ.

Мухаммад Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), сондай-ақ басқа пайғамбарлар, әрі періштелер мен адамдардан болған салиқалы ізгілер Аллаһқа сүйікті және Оның алдында көбірек құрметке ие екенін түсініп, ол көпқұдайшылыққа қарай алғашқы қадамын жасайды.  Ол тәуассулдің шариғатта заңдастырылмаған түрін (тәуассул бид’ий) жасай бастайды, яғни Аллаһтан пайғамбарлардың құрметі мен олардың құқықтарын ортаға қойып: «Уа, Аллаһ! Мен Сенен пәленнің атымен сұраймын», — немесе, — «Мен Сенен Қағбаның құрметімен сұраймын», — деп, немесе басқа да сол сияқты сөздерді айтып сұрайды.

Алғаш қарағанда бұда қорқынышты еш нәрсе жоқ сияқты болып көрінеді. Бірақ шын мәнісінде, осы саты мен осы қадам біздің оларға алдыртқызып қоюға хақымыз жоқ болған қамалдардың бірі болып табылады. Не үшін?

1. Шариғатта заңдастырылмаған мұндай тәуассул адамның өз амалдары мен ынтасы оншалықты маңызды емес деген ойлардың алғашқы көрінісі болады. Бұл оның: «Менің өзім күнәһар болсам да, және Аллаһ маған разы емес болса да, өзгелердің еңбегі мен құрметін пайдалану маған пайда келтіреді, әрі оларды пайдалану мен үшін жақсырақ әрі жеңілірек болады», — деген алғашқы ойлары.

2. Бұда жаратылыстардан болған біреудің Аллаһта ерекше бір қақысы бар және Аллаһ оларға бір нәрселермен міндетті дегенді тұспалдау бар. Бұл сопы: «Уа, Аллаһ! Мен Сенен Сенің Пайғамбарыңның Сендегі қақысымен сұраймын!», — деп, Аллаһ Тағаланың Өзіне ультиматум қойып тұрғандай. Ал бұл «Егер Сен маған сұрағанымды бермесең, демек, Сен Өзіңнің Пайғамбарыңа әділетсізсің әрі оның қақысымен санаспайсың!» дегенді білдіреді.

Дәл сондықтан да Ислам ғалымдары мұндай тәуассулдің рұқсат етілгендігін кері қайтарды.

Имам Абу Ханифа былай деген: «Аллаһтан Оның Өзінен өзге біреу арқылы сұрауға рұқсат етілмейді. Рұқсат етілген және бұйырылған дұға Аллаһ Тағаланың мына сөздерінен бастау алады: «Аллаһқа ең көркем есімдер тән, сондықтан Оған солар арқылы жалбарыныңдар» («әл-Әғраф» сүресі 7: 180)».  Қз.: «Әд-Дурр әл-Мухтар» 2/630, сондай-ақ «әл-Фәтауа Татархания».

Ханафи мәзһабының атақты имамы әл-Кудури былай деген: “Бишр ибн әл-Уалид оған Абу Йусуфтың имам Абу Ханифа былай дегенін жеткізген: «Аллаһтан Оның Өзінен өзге біреу арқылы сұрауға ешкімге рұқсат етілмейді. Әрі мен: «Мен Сенен Аршыңның құрметімен, — немесе, — пәленнің қақысымен сұраймын», — деп айтуға рұқсат етпеймін». Әрі бұл  Абу Йусуфтың [6] да пікірі”. Қз.: «әл-Фәтауа әл-Хиндия» 5/280.

Әл-Кудури сондай-ақ былай деген: «Аллаһтан Оның жаратылыстарын ортаға қойып сұрау тыйым салынған, өйткені жаралыстардың Жаратушыда ешқандай қақысы жоқ. Сондықтан да бұл бірауызды рұқсат етілмейді». Қз.: «Шарх ул-Курхи», «Құпталмайтын амалдар туралы» тарау.

Ендеше, не болып жатыр? Қалайша сопылық ағымның өкілдері имам Абу Ханифаға да, оның мәзһабының барлық ғалымдарына да, сондай-ақ Құранның барлық муфассирлеріне де қарсы келді?! Оларды мәзһабқа соқыр түрде ілесуінен жер бетінде жылжыта алатын ешкім жоқ сияқты болып көрінгенде діннің негіздеріне қатысты болған осы мәселеде ханафи мәзһабынан бас тартуға және оған опасыздық жасауға не мәжбүрледі екен? Оларды осыған итермелеген нәрсе де ұлы болуға тиіс сияқты!

Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деген екен: «Бұл  — надан адамдардың: «Егер адам Аллаһқа құлшылық жасаса, сонысымен оның Аллаһта қандай да бір қақылары болады», — деп пайымдайтыны себепті, (яғни) тура жаратылыстардың арасындағыдай. Мысалы,  өз әмірлеріне қызмет ететіндер оларға пайда келтіреді және олардан зиянды қайтарады, және осынысымен өздерін сый немесе өтемақы алуға қақылы деп ойлайды.  Сондықтан да егер әмір оларға қатысты дөрекілік немесе немқұрайдылық танытса, олар: «Мен сіз үшін осындай және осындай нәрселер жасаған жоқпын ба?», — деп сұрайды. Осынысымен олар әмірге істеген ісін не сөзбен айтып, не жүрегінде сақтап міндетісінеді (жазғырады). Тура сол сияқты, Аллаһқа құлшылық ететіндер де өздерінің надандығы  мен әділетсіздігінен Аллаһ оларға бір нәрселермен міндетті деп санай бастайды. Сондықтан да Аллаһ Тағала адамның істеген ісінің пайдасы оның өзіне оралатынын, ал Аллаһ Тағала жаратылыстарға мұқтаж еместігін түсіндіріп берді. Аллаһ былай деді: «Егер жақсылық істесеңдер — өздерің үшін. Ал жамандық істесеңдер — өздеріңе зиян» («әл-Исра» сүресі, 17:7).

Ол сондай-ақ былай деді: «Кім ізгі іс істесе, сонда өзі үшін. Ал кім жамандық істесе де өзіне тән. Раббың құлдарына зұлымдық істеуші емес» («әл-Фуссыләт» сүресі, 41:46).

Ол тағы да былай деп айтты: «Кім шүкірлік қылса, әрине, шүкірлігі өзі үшін игілік. Ал кім нәшүкірлік етсе, Раббым Бай (оның шүкірлігіне мұқтаж емес) және өте Жомарт» («ән-Нәмл» сүресі, 27: 40).

Сондай-ақ (Ол): Олар саған мұсылман болғандарын міндетсініп бұлданады. Оларға: «Мұсылман болғандарыңды маған міндетсінбеңдер. Негізінде, сендерді иманға келтірген Аллаһ, егер сендер шындықты айтып тұрған болсаңдар», — де» («әл-Хужурат» сүресі, 49: 17), — деді.

Сондықтан да Жаратушы мен жаратылыстардың арасында айырмашылықтар көп, ал мұны білімнен аз болса да үлеске ие адам ғана түсінеді.

Осы (білімнен) – Ұлы Раббының Өздігінен ешкімге, еш нәрсеге және ешқалай мұқтаж еместігі, ал әмірлерге келер болсақ, олар, қалай болғанда да, өзгелерге мұқтаж. 

Осыдан сондай-ақ Ұлы Раббының Өз құлдарына оларға пайдалы болған нәрселерді бұйырғаны және оларға зиянды нәрселерді тыйым салғаны. Бұл туралы Қатада былай дегендей: «Ақиқатында, Аллаһ Өзінің бұйырған нәрселерін осыған мұқтаж болуы себепті бұйырмады, әрі тыйым салған нәрселерін де оларға қатысты сараңдық жасағаны үшін тыйым салмады, бірақ олардың өздеріне пайда келтіретін нәрселерді бұйырды және олардың өздеріне зиян келтіретін нәрселерді оларға тыйым салды. Әрі бұл өздері мұқтаж нәрселерді бұйыратын және өздері осыған сараңдық танытатын нәрселерді тыйым салатын жаратылыстардан айырықша».

Сондықтан да егер біреу жаратылғанның Аллаһта қақысы бар десе, онда ол егер Аллаһтың Өзі хабарлаған қақыны меңзеп тұрған болса — дұрыс айтқан болады, өйткені Аллаһ шыншыл әрі Өзінің уәдесін бұзбайды. Ол Өзінің даналығымен, жомарттығымен және рахымымен Өзін-Өзі  (белгілі) міндетемелермен міндеттеді. Сондықтан да егер қандай да бір қақыға ие болған біреу Аллаһтан жауап алатындай себептер арқылы, мысалы, өзінің игі істері арқылы сұраса, онда Аллаһ оған жауап береді.  Ал егер Аллаһтан осы істер арқылы оларға ие болмаған (яғни оларды істемеген) біреу сұраса, онда ол Аллаһтан басқа адамдардың қақыларымен сұраған болады.  Бұл Аллаһтан басқа адамдардың құрметі арқылы сұрайтын адамның мысалында көрінеді. Міне, осындай сұраныс-тілек сұраушыға пайда әкелмейді, өйткені ол Аллаһтан өзінің емес, өзгелердің қақылары арқылы сұрайды». Қз.: «Қа’ида жәлилә», 322-339-тармақтар (аздап қысқартылған).

Тәуассулдің бұл түрін Ислам ғалымдарының басым бөлігі шариғатта заңдастырылмаған бидғат деп атаған. Бірақ ол көпқұдайшылықтың деңгейіне дейін жетпейді.

Бұл адам жеткен деңгейінде тоқтап, келесі сатыға көшпегенде, мұның барлығы соншалықты қорқынышты болмас еді, алайда:

2. Біздің сопы уақыт өте келе күнәларына күнә қосылып, олардың көбейіп жатқанын ұғынады. Осыдан шыға келе, ол өзінің «Мен неліктен егер Аллаһ Тағаладан Оның Пайғамбарының қақысымен сұрасам, Ол маған жауап беретініне соншалықты сенімді боламын?» деген күмәндарында одан сайын бекемдей береді. Өз күмәндарының шырмауында қалған ол ендігі жерде келесі хадистерді жолықтырады:

Ибн ‘Умар былай деп баяндаған: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Бадр шайқасынан кейін көпқұдайшылдардың көсемдерінің мәйіттерінің үстіне тұрып: «Раббыларың сендерге ақиқат деп уәде еткен нәрсені таптыңдар ма?», — деді. Кейін ол: «Дәл қазір олар менің айтқандарымды естіп жатыр», — деді” (хадис сенімді (сахих); Бухари 7/242; Нәсаи 1/693; Ахмад 2/31).

Сондай-ақ Бара ибн ‘Азиб Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Ақиқатында, қайтыс болған адамды оның қабіріне қойған кезде, әрі одан оның достары кетіп бара жатқанда, ол олардың аяқ киімдерінің дүрсілін естиді » (хадис сенімді (сахих); Ахмад 4/297; Абу Дауд 4753).

Осы хадистерден «Егер қайтыс болған адамдардың қабірлерінің басына келіп сөйлесең,  олар естиді» деген қате қорытынды шығарып, ол: «Ендеше, неліктен маған осы әулиенің өзіне ол мен үшін Аллаһ Тағаланың алдында жеке шапағат етуін сұрамасқа?!», — деген тұжырым шығарып, «әулиенің» қабіріне барып:  «Уа, пәлен! Мен үшін Аллаһ Тағаладан тілеші, Ол мені кешіруін сұрашы», — деп әруаққа жалбарынады.

Бұл іс-әрекет шариғатта заңдастырылмаған тәуассулмен салыстырғанда едәуір ауыр болып табылады.

Бұл қадам адамды Исламнан шығаратынына қатысты ғалымдардың арасында келіспеушілік  болса да, ол Исламнан шығаратын көпқұдайшылық болып табылады. Бұған бірнеше себептер бар:

1. Адам «әулиенің» қабіріне ол оны түсінетініне, оның жағдайына кіретініне, оған жанашырлықпен және кешірімділікпен қарайтынына толық сенген түрде барады. Осы жерде ол осы «әулиені» Аллаһ Тағаладан да мейірімді әрі жанашыр етеді. Өйткені егер ол Аллаһты ең Мейірімді, ең Жарылқаушы деп санағанда, оған осы қабірге келу қажет болмас еді. Мұндай логика ешбір күмәнсіз күпірлік болып табылады.

Біздің оқырман бауырымыз, осыны түсінгеннен кейін, сіз Аллаһ Тағала дәл осы логиканы теріске шығару үшін Құранда:

«Сонда да олар Аллаһқа тәубе етіп, Одан жарылқау тілемей ме? Аллаһ аса Жарылқаушы, ерекше Мейірімді» («әл-Мәида» сүресі, 5:74);

«Ол құлдарының тәубесін қабыл етеді де, күнәларын кешіреді. Әрі не істегендеріңді біледі. Сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендердің тілегін қабыл етіп, кеңшілігімен арттыра түседі. Ал қарсы болғандар үшін қатты азап бар» («әш-Шура» сүресі, 42: 25-26), — деп үнемі қайталап айтатынын өзіңіз үшін жаңадан ашып, естігендей таңданасыз.

Аллаһ Тағала бұл сөздерді осы адам дәл Аллаһ оны және оның тәубесін қабыл ететінін түсіну үшін қайталайды. Аллаһтың Өзі оған кешірімділік танытып, оны қайтармайды, әрі оның «әулиелерге» баруына қажеттілік жоқ.

2. Бұл сопы осы өлген адамға құлшылықтың ең ұлы түрінің бірі болған жалбарынып дұға етуді арнайды, ал бұл іс ешбір шартсыз күпірлік болып табылады.

Аллаһ былай деді: «Біреу Аллаһпен бірге басқа бір тәңірге жалбарынып дұға етсе, оның осыған ешбір дәлелі жоқ. Оның есебі Раббысының қасында. Ақиқатында, кәпірлер құтылмайды» («Мүминун» сүресі, 23: 117).

Алайда бұл адамды кәпір деп күпірлікте айыптауға қатысты айтар болсақ, онда дәлел келтірусіз бұған рұқсат жоқ. Өйткені бұл адам егер қайтыс болған біреудің қабірінің қасына барып, оған сөйлесең ол естиді деп, әрі осы «әулие» Аллаһқа жақын болса, ол Аллаһтың алдында ол үшін шапағат ете алады деп есептейді.  Оның осы сенімі жоғарыда келтірілген хадистерді бұрыс түсінуге (тәуилге) сүйенеді. Сондықтан да оның «әулиеден» дұға етіп сұрауы оның өлген біреуден тек Аллаһ қана  жасай алатын нәрсені сұрау санатына жатпайды. Бұл ата-ананың өз баласынан бөлмеде жатқан бір нәрсені әкелуді сұрайтынындай. Бұл «дұға-тілекті балаға арнау» деп аталмайды, бірақ одан ол істей алатын нәрсені сұрау деп айтылады. Бұл сопы осы қайтыс болған адамға (әруаққа) қатысты тура осындай сенімге ие, алайда іс жүзінде бұл өлген адам оны естімейді әрі Аллаһтың алдында ол үшін шапағатшы да бола алмайды. Ал өзінің осы амалымен ол осы «әулиені» Аллаһ Тағаладан да мейірімді әрі кешірімді етуіне келер болсақ, онда өз негізінде бұл шынымен де солай.  Алайда егер бұл сопыға оның іс-әрекеттері оның осы өлген адамды Аллаһ Тағаладан да мейірімді деп санайтынын тұспалдайды деп түсіндірілсе, ол өзінде осындай сенімдердің бар екенін теріске шығаратын әрі өзінің осы амалынан бас тартатын тәрізді.

Сондықтан да өз негізінде өлген адамға шапағатшы болуын сұрап жалбарыну үлкен көпқұдайшылық болып табылады, алайда жоғарыда айтылған себептерге байланысты ол даулы мәселелер санатына кіріп кетеді. Сондықтан да бұл амалдың айқын көпқұдайшылық болып табылатындығы туралы бір мағыналы шешім шығару айқын нәрсе болып көрінбейді яғни күмәнді. Ал Аллаһ барлық нәрсе туралы жақсырақ біледі.

Ал ғалымдардың бұл мәселеге қатысты айтқан сөздеріне келер болсақ, біз осы жерде қолымыз жеткен нәрселердің қысқаша талдауын ұсынуды жөн көрдік.

1. Шейхул-Ислам Ибн Таймия, адамның қайтыс болған ізгі-салиқалы кісіден Аллаһтың алдында оған шапағат етуін сұрауы туралы былай деген:

«Бұл – оның рұқсат етілмейтіндігіне және бидғаттардың бірі болып табылатындығына қатысты  бірде-бір ғалым күмәнданбайтын нәрсе». Қз.: «Мәжму’ әл-Фәтауа» 1/350.

Көріп тұрғанымыздай, осы жерде шейхул-Ислам бұл істі көпқұдайшылық деп атамады. Бірақ өзінің басқа бір еңбегінде ол былай дейді:  «Егер біз Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазды Аллаһқа арнап (бірақ) қабірдің қасында оқуға тыйым салды дейтін болсақ, онда нағыз көпқұдайшылық болып табылатын адамның өлгендерге дұға етіп жалбарынуы немесе олардан Аллаһтың алдында шапағат етуін сұрауы туралы не айтуға болады?!» Қз.: «Иқтида сырат әл-мустақим» 553-бет.

Көріп тұрғанымыздай, бұл жерде енді шейхул-Ислам бұл амалды «нағыз көпқұдайшылық» («’айну-ш-ширк) деп атады.

Шейх Ибн Базға: «Көптеген бауырлар өлгендерге Аллаһтың алдында шапағатшы болуын сұрап жалбарыну көпқұдайшылық болып табылмайды, бірақ бидғат болып табылады деп айтады», — деп айтылғанда, ол: «Керісінше, бұл үлкен көпқұдайшылық (ширк әкбар)», — деді. Қз.: «Шарх «Кашф Шубухат»», 1-кассета.

Қалай болғанда да бұл мәселе бұдан да тереңдеу зерттеуді қажет етеді, алайда дәл қазір бұл қиынға соғып тұрған сияқты.

Сіз өзіңіз көріп тұрғаныңыздай, біз осы кітаптың бас жағында көрсетіп кеткен көпқұдайшылықты енгізу сатыларының жалпы тізімінде тоғызыншы саты болып келетін осы екінші сатыны теріске шығару үшін келесі үш құбылысты түсіндіруге күш жұмсау қажет:

1. Аллаһ Тағала ең Кешірімді және ең Мейірімді болып табылады, сондықтан да әулиелерге шапағат сұрап жалбарынуға деген қажеттілік жоқ;

2. Өлген адамдар өз қабірлерінде естімейді;

3. Дұға құлшылық болып табылады, әрі онымен Аллаһтан өзге ешкімге жалбарынуға болмайды.

Мұның түсіндірмесін біз жеке бір тарауда беретін боламыз. Ал осы жерде біз қадірменді оқырманның шариғатпен заңдастырылмаған тәуассулдің қауіптілігін және оның соңы не нәрселерге әкеп соғатынын, сондай-ақ ол осы сатылардың мән-мағынасы мен олардың іске асуына жол бермеу үшін не қажет екенін түсінгенін ғана қалап тұрмыз. Сондай-ақ иконаларға, жансыз заттарға, қабірлерге, әруақтарға табыну неден, не үшін және қандай логикадан пайда болатынын да түсіну үшін. Ақыл-зейіні түгел, есі дұрыс адамдарды артта қалған пұтқа табынушылыққа қайта оралуға не итермелейтінін де.

3. Осыдан кейін бұл сопы ары қарай тереңдей түседі. Күнәһар адамның ізгі адамның әруағына үнемі құр қол барып, сұрана беруі дұрыс емес  екенін түсініп, ол енді оның «көңілін алуға» кіріседі.  Ол оған арнап құрбан шала бастайды, оған нәзір беретін болады, осы «әулие» оның дұғасына жауап бермей қояды әрі оған разы болмайды деп шын ықыласымен қорқа бастайды. Сонымен бірге ол пайда мен зиян тек Аллаһ Тағаланың қолында екенін әрі осы «әулие» еш нәрсеге ие еместігін түсінеді, бірақ осы «әулие» Аллаһтың алдында ол үшін шапағат етуін қалау әлгі сопыны құлшылық-ғибадатын соған арнауға және сол өлген кісінің разылығын алуға ұмтылуға мәжбүрлейді. Бұл үлкен көпқұдайшылық, ал бұл адам көпқұдайшыл екені даусыз.  Өйткені ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезіндегі көпқұдайшылдар істейтін және Пайғамбар оларды сол үшін көпқұдайшылдар деп атап, олармен соғысқан нәрселерді істеп жатыр.  Олардың сөздерін бізге жеткізіп, Аллаһ Тағала былай деген:

Олар Аллаһтан өзге, өздеріне зиян, не пайда бермейтін нәрселерге табынып: «Олар  Аллаһтың алдында біздің шапағатшыламыз», — дейді” («Юнус» сүресі, 10:18).

Ол тағы да былай деді: “Көңіл бөліңдер! Дін нағыз Аллаһқа тән. Сондай Аллаһтан өзгені қамқоршы әрі көмекші етіп алғандар: «Біз бұларға олар бізді Аллаһқа жақындастырсын деп қана табынамыз», — дейді” («әз-Зүмәр» сүресі, 39:3).

Алайда сопылардың да олар өздерін жақтап алға тартатын, олар мен Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезіндегі көпқұдайшылдардың арасында айырмашылық бар деп көрсеткісі келетін және дәлелдегісі келетін күмәндары бар. Бұл күмәндардың барлығы немесе олардың басым бөлігі, Аллаһтың рұқсатымен, осы сатыға арналған жеке тарауда қаралады.

Қабірлерге табынушы сопылардың жетекшілерінің және имамдарының бірі болып табылатын әл-Куза’и өзінің «әл-Барахин» (391-бет) атты кітабында өз оқырмандарына бұл тізбектің мәнін түсіндіріп, былай дейді: «Әулиелердің дәнекерлігі үш бағытта болатынын біл:

1. Аллаһқа солар арқылы жалбарынып, былай деу: «Уа, Аллаһ! Мен Сенен Пайғамбарларыңмен, немесе әулиелеріңмен немесе олардың құрметімен, немесе олардың ұлылығымен яки қақысымен сұраймын».

2. Өлген кісінің (әруағына) ол сұраушы адам үшін Раббы алдында оның проблемаларының шешілу мәселесінде шапағатшы болуын сұрап тікелей жалбарыну. Мұны келесідей етіп айтуға болады: «Уа, пәлен! Мен үшін Аллаһқа Ол маған көру қабілетімді қайта берсін деп дұға етші!»

3. Өлген кісіден ол сұраушының  проблемаларын өзі шешіп беруін тілеу. Мұны келесідей етіп айтуға болады: «Уа, пәлен! Маған көру қабілетімді қайтаршы!» Қз.: «әл-Барахин» 391-бет.

Міне, енді қабірге табынушылардың идеологиясының мәні неде екенін түсінген соң, келесі бөлімге көшуге де болады.

5Бөлім. Тәуассулдің шариғатпен заңдастырылған түрлері

Шариғи тұрғыдан заңды болған тәуассулдің бірнеше түрі, яғни, басқаша айтқанда, Аллаһқа жақындаудың бірнеше тәсілдері бар. Біз оларды заңдастырылған деп айтатынымыздың себебі – оларға Құранда, Сүннетте және сахабалардың түсінуінде нұсқалады. Қз.: «әт-Тәуассул» 29-30 беттер.

1. Аллаһқа Оның Көркем Есімдері және Ұлы Сипаттары арқылы жақындау.

Бұның рұқсат етілгендігіне Құран аяттары мен Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадистері дәлел болады.

Аллаһ былай деді: «Ең көркем Есімдер Аллаһқа тән. Сондықтан да, Оған солар арқылы жалбарыныңдар!» («әл-Әғраф» сүресі, 7: 180).

Сондай-ақ Аллаһ Тағала Сүлеймен пайғамбардың (оған Аллаһтың сәлемі болсын) дұғасы туралы былай деген:

Сонда (Сүлеймен) құмырсқаның сөзінен жымиып күлді де: «Раббым, маған және әке-шешеме мәрхамет еткен игіліктеріңе шүкір етуімді әрі Өзің разы болатын іс істеуімді нәсіп ет те, өз мәрхаметіңмен ізгі құлдарыңның арасына кіргіз!»,- деді” («ән-Нәмл» сүресі, 27:19).

Яғни бұл жерде Сүлеймен пайғамбар Аллаһқа Оның мархаметі арқылы  жақындауға тырысты.

Ибн Мәс’уд Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Кімнің басына қайғы-уайым келсе, былай десін: «… Әрі мен Сенен Саған тән болған, Сен Өзіңді Өзің атаған, немесе жаратылыстарыңның біріне үйреткен, немесе Кітабыңда түсірген, немесе Өзіңнен басқаға құпия еткен барлық есімдеріңмен сұраймын: Құранды менің жүрегімнің көктемі … ете гөр» адис сенімді (сахих); Ахмад 3712; әл-Хаким 1/509; Ибн Хиббан 2372 т.б. Қз.: «әс-Сахиха» 199).

Ибн ‘Аббас Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп дұға ететінін баяндаған: «Уа, Аллаһ! Мен сенің Құдіретіңе сиынамын, Сенен басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ, Мені адастырма…» (хадис сенімді (сахих); Бухари 7383; Муслим 6899; Ахмад 2748).

Жоғарыда айтылғандардың барлығы өте қарапайым қорытындыға келіп ұштасады – адам Аллаһ Тағалаға жалбарынғысы келсе, әрі Аллаһ Тағала оның дұғасына жауап беруін қаласа,  оған бар болғаны Аллаһқа сол жағдайға сәйкес келетін Есімі арқылы жалбарынуы керек.

Мысалы: «Уа, Аллаһ! Мені кешір, Сен – Кешірімдісің ғой! Уа Аллаһ! Мені сый-нығметтеріңе бөлей гөр, Сен – Жомарт әрі Сыйға Бөлеушісің!» — т.с.с.

  1. 1.      Аллаһқа өзіңнің игі істерің арқылы жақындау.

Бұл адамның Аллаһтан белгілі бір нәрселерді сұрау кезінде, дұғасының ішінде өзінің істеген игі істерін немесе белгілі күнәлі істі істемегенін айтуы арқылы іске асады.

Аллаһ былай деді: Сондай: «Раббымыз! Иман келтірдік, күнәмізді жарылқа да, От азабынан сақта», — дегендер(«Әли Имран» сүресі, 3: 16).

Ол тағы да былай деді: «Раббымыз! Біз түсіргеніңе иман келтіріп, Пайғамбарға ердік; енді бізді куә болушылармен бірге жаз» («Әли Имран» сүресі, 3: 53).

Сондай-ақ Ол: “Құлдарымнан кейбіреулері: «Раббымыз! Иман келтірдік, бізді жарылқа! Және бізге мәрхамет ет. Сен мәрхамет етушілердің ең жақсысысың», — дейтін еді («Мүминун» сүресі, 23: 109).

Осы жерде үңгірде қамалып қалған үш адам туралы хадисті келтіруге болады. Олардың әрқайсысы өзінің істеген игі амалын атап айтып, Аллаһқа жалбарынды. Олардың біреуі өз дұғасында шынайы ықыласпен жалғыз Аллаһ үшін өз ата-анасына таңқаларлықтай құрмет көрсететінін айтты. Екіншісі өзінің дұғасында Аллаһтан қорыққандықтан зина жасаудан бас тартқанын атады.   Ал үшіншісі өз қызметкеріне қандай жомарттық жасағанын тілге алды.  Олардың дұғаларынан кейін Аллаһ Тағала үңгірді жауып тастаған үлкен тасты жылжытып, оларды қамауда қалудан құтқарды (хадис сенімді (сахих); Бухари 2215, 2272; Муслим 6949; Ахмад 5974, Ибн ‘Умардың сөздерінен).

Осыдан шыға келе, біздің кез-келгеніміз өз дұғасында, мысалы, былай деп айтуына болады: «Уа, Аллаһ! Мен Өзіңе үміт етіп, Сенің жолыңда көштім, ендеше мені көмексіз қалдыра көрме!», — немесе: «Уа, Аллаһ! Мен Сенің Елшіңді және оның сахабаларын шын жүректен жақсы көремін, соларға деген махаббатым үшін менің күнәларымды кешіре гөр!» — деп.

3. Аллаһқа тірі салиқалы адамның дұғасы арқылы жақындау.

Бұған көптеген хадистер мен асарлар дәлел болады.

Аяттардан Аллаһтың мына сөздерін келтіруге болады: “Ұлдары: «Әй, әкеміз! Біздің күнәларымыздың жарылқануын тіле! Расында, біз қателескен едік», — деді” («Юсуф» сүресі, 12: 97).

Ал хадистерден — бірде, қатты қуаңшылық болған кезде, бір бәдәуи Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жұма құтпасын оқып тұрғанда оған жақындап келіп, одан Аллаһқа жаңбыр сұрап жалбарынуын сұрағанын келтіруге болады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі қолын көтеріп, Аллаһтан жаңбыр тіледі, содан соң ол құтпаны аяқтап үлгермей-ақ оның сақалынан жаңбыр тамшылары аға бастады (хадис сенімді (сахих); Бухари 933; Муслим 897).

Әнас ибн Мәлик құрғақшылық орын алған кезде ‘Умар ибн әл-Хаттаб Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі ‘Аббас ибн ‘Абдулмутталибке барып, былай деп айтатынын баяндайтын: «Уа, Аллаһ! Бұрын біз Саған Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы жақындайтынбыз әрі Сен бізге жаңбыр беретінсің, ал енді біз Саған Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі арқылы жақындап жатырмыз, бізге жаңбыр бере гөр!» Әрі жаңбыр шындығында да басталатын (хадис сенімді (сахих); Бухари 1010, 3710; Ибн Са’д «Табақатта» 4/28-29).

Бұл хадистің риуаяттарының бірінде ‘Умардың өтінішінен соң ‘Аббастың  Аллаһтан жаңбыр сұрап жалбарынған дұғасының мәтіні келтіріледі. Бұл риуаятты біз қарсы тараптың күмәндарын қарау барысында атап өтеміз, ин ша Аллаһ.

Бұл хадистерде ауыр тұрмыстық жағдай қалыптасқан кезде адамдардың арасында ізгі-салиқалы кісі ретінде танылған біреуге барып, ол Аллаһтан осы жағдайдың жақсаруын тілеп дұға етуін сұрауға болатынына нұсқау бар.

4. Аллаһқа өзіңнің әлсіздігің мен шарасыздығыңды айту арқылы жақындау.

Аллаһ былай деді: “Мұса олардың малдарын суарды да, сосын көлеңкеге қайта келіп: «Раббым! Мен Сенің маған жіберетін кез-келген нығметіңе мұқтажбын», — деді” («әл-Қасас» сүресі, 28:24).

Ол сондай-ақ былай деді: Ал бір заманда ол Раббысына құпия дауыспен жалбарынған еді: «Раббым! Сүйегім қаусап, басым ағарған. Ал бұрын Саған жасаған дұғаларым арқылы, Раббым, мен бақытсыз емес едім. Шынында, мен жақындарымның менен кейін не істейтіндерінен қорқамын. Жұбайым бедеу ғой. Ендеше, маған Өз қасыңнан бір мұрагер бере гөр! Ол, маған да әрі Яғқұп ұрпағына да мұрагер болсын. Раббым, оны ризалығыңа бөле!»

Әй, Зәкария! Расында, сені бір ұлмен қуантамыз. Аты Яхия. Бұрын оған ешкімді аттас қылмаған едік” («Мәриям» сүресі, 19: 3-7).

5. Аллаһқа өз күнәң мен әділетсіздігіңді мойындау арқылы жақындау.

Аллаһ былай деді: Ол: «Раббым! Рас, өзіме кесір істедім. Мені жарылқа!», — деді. Сондықтан Аллаһ оны жарылқады. Өйткені Ол – тым Жарылқаушы, ерекше Мейірімді. Ол: «Раббым! Маған берген нығметіңе серт! Енді ешқашан күнәкарларға жәрдем етпеймін», — деді(«әл-Қасас» сүресі, 28: 16).

Ол сондай-ақ былай деп айтты: Балық ішіндегі адамды (Юнысты) есіңе ал. Сол уақытта ашуланып кетіп қалды да, Біздің еш тарлық қылмауымызды ойлап, сонда қараңғылықтар ішінде (балықтың қарнында): «Сенен басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ. Сен Пәксің. Шын мәнінде, мен әділетсіздік жасаушылардан болдым», — деп жалбарынды. Тілегін қабыл етіп, оны қайғыдан құтқардық. Міне, иман келтіргендерді сөйтіп құтқарамыз” («Әнбия» сүресі, 21: 87).

Сондай-ақ Ол: (Адам ата мен Хауа ана): «Раббымыз, біз өзімізге кесір істедік. Егер Сен бізді жарылқап, мархамет етпесең, әлбетте, зиян шегушілерден боламыз», — деді(«әл-Әғраф» сүресі, 7: 23), — деді.

Міне, тәуассулдің осы түрлері Құран мен Сүннеттегі көптеген аят-хадистермен заңдастырылған. Ал сопылар мен солар сияқтылардың айтып жүргендеріне келсек, онда біз олардан өздерінің істеп жүрген тәуасулдарының шариғат тарапынан заңдастырылғанын дәлелдейтін дұрыс түсіндірмесі бар бір аят болса да, немесе сенімді әрі айқын мағыналы бір хадис болса да келтіруін талап етеміз. Бірақ олар оны қайдан алмақ?!

Шейх әл-Әлбани былай деген: “Бірақ таң қалдыратыны – олардың (шариғатта) заңдастырылған тәуассулден бет бұрып, тәжірибеде оларды өздерінің дұғаларында да, адамдарды үйретуде де қолданбайтыны, ал бұл тәуассул түрлерінің Құран мен Сүннетте негізі бар әрі үмметтің бірауызды келісімімен расталған ғой.  Әрі сіз олардың осының орнына өздері ойдан шығарған дұғаларға және Аллаһ Тағала заңдастырмаған әрі ардақты Елші (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  қолданбаған, әрі мұсылмандардың алғашқы ең жақсы үш ұрпақтарының ешқайсысы пайдаланғаны туралы хабар жеткізілмеген тәуассул түрлеріне ұмтылатынын көресіз. Тәуассулдің мұндай түрлері тұралы ең азы – «олар жайында келіспеушіліктер бар», — деуге болады.  Әрі дәл осы жерде Аллаһ Тағаланың мына сөздерін еске салу нендей орынды: «Сонда сендер жақсырақ болған нәрсені жаманырақ нәрселермен ауыстыруды сұрайсыңдар ма?» («әл-Бақара» сүресі, 2:61). Қз.: «әт-Тәуассул» 46-бет.

Әрі олар шындығында да жақсы нәрсені жаман нәрсемен ауыстырғандардан болды. Өйткені тәуассулдің бұл түрлері пайдалы әрі нәтижелі болғандықтан шариғат тарапынан заңдастырылды ғой. Ал Аллаһқа Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қақысымен жалбарынуға қатысты айтар болсақ, бұл ешқандай нәтиже бермейді.

Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деген: «Аллаһтан Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) немесе ізгі салиқалы адамдардың құрметімен немесе қақысымен сұрау өздігінше  ешқандай оң нәтиже бермейді. Бірақ олардың бұл қақылары мен құрметі егер Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), не ізгі-салиқалы адамның өзі осы адам үшін Аллаһқа дұға етіп жалбарынған жағдайда пайда әкелер еді.  Ал егер адам Аллаһқа Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі мен қақысы арқылы жалбарынса, бірақ Пайғамбардың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы кезде ол үшін Аллаһқа дұға етіп және Аллаһтың алдында ол үшін шапағат жасап жатқан болмаса, сондай-ақ осы адамның өзі де Аллаһ оның дұғасына жауап беруіне себеп болатындай еш нәрсе істеп жатқан болмаса, онда оның  дұғалары пайда мен нәтиже бермейді. Өйткені ол Аллаһтан бөгде, яғни өзіне қатысты болмаған нәрселер арқылы  сұрап жатыр және Аллаһ Тағала оған жауап беретіндей себептерді жасап жатқан жоқ». Қз.: «Қа’ида жәлилә» 304-305 тармақтар.

6-Бөлім. Қарсы жақтың кейбір күмәндары және оларға сопылардың кітаптарында орын алған қасиетті мәтіндерді бұрмалау фактілеріне нұсқай отырып жауап беру

Бұл бөлімде біз, Аллаһтың рұқсатымен, сопылар өздерінің ұстанымын дәлелдеу үшін таратып жүрген негізгі күмәндарын келтіреміз де, соңынан әрбір осындай күмәнға олар тозаң сияқты жойылып кететіндей етіп жан-жақты жауап береміз.

Алайда осы тарауда біз олардың күмәндарын ғана келтіріп қоймай, олардың кітаптарынан алынған олардың өз ұстанымын дәлелдеу үшін еш нәрседен жиіркенбейтінін дәлелдейтін кейбір үзінділерді де келтіріп кетеміз. Олар өтірікке де, сөздердің орнын қасақана ауыстыруға да, шариғи мәтіндерді бұрмалауға да жүгіне береді. Олар мұны өздерінің жалған ұстанымдарын өтірік-шынды  араластырып болса да барынша дәлелдеп шығу үшін істейді.

Әрине, біз бұл шағын тарауды олардың кітаптарын толық теріске шығаруға арнамаймыз, бірақ олардан алынған оқырманды таң қалдыратын кейбір үзінділермен ғана шектелеміз.

Өздерінің жалған идеяларын жайып тарату үшін олар көптеген әдебиеттер басып шығарды, біз олардың ішінен тек екі кітаппен ғана шектелеміз:

1. «Тавассул – мольба через посредничество в Исламе» (автор атын белгісіз қалдырыпты, мұнын себебін құрметті оқырман таяу арада түсінеді. Алайда басып шығаруға деген жауапкершілікті  өзіне Уалиулла Яғқуб деген кісі алған. Кітап Қазан қаласындағы «Иман» баспасында 1424 х/ж (2003 ж.) жарық көріпті.

2. «Истинное лицо ваххабизма» (авторы Наджмуддин Шейхмардани, Қазан, 2007 ж.).

Мынау – олардың дәйектері және оларға берілетін жауаптар:

1 дәйек.

Аллаһқа Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және әулиелердің құрметі мен қақысы арқылы жалбарынудың шариғат тарапынан рұқсат етілгендігін және заңдастырылғанын бекіту үшін олар өздерінің бірінші дәлелін келтіреді:

Әнас ибн Мәлик қатты қуаңшылық орын алған кезде ‘Умар ибн әл-Хаттаб Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі ‘Аббас ибн ‘Абдулмутталибке барып былай дейтінін баяндаған: «Уа, Аллаһ! Бұрын біз Саған Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы жақындайтынбыз, әрі Сен бізге жаңбыр беретінсің, ал қазір біз Саған Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі арқылы жақындап жатырмыз, ендеше, бізге жаңбыр бере гөр!»  Әрі жаңбыр шынында да басталатын (хадис сенімді (сахих); Бухари; Ибн Са’д «Табакатта» 4/28-29).

Осы хадисті келтіре отырып, қарсылас тарап  ‘Умар Аллаһқа  Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметімен немесе қақысы арқылы, ал содан соң Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі —  ‘Аббастың құрметі мен қақысы арқылы жалбарынды деп айтады. Олар мұны ‘Умардың: “«Уа, Аллаһ! Бұрын біз Саған Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы жақындайтынбыз», — деп айтқан сөздерінен, сондай-ақ оның «Саған Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі арқылы жақындап жатырмыз» деген сөздерінен  көріп тұр. Олар: «Арқылы» деген сөз «оның құрметі арқылы» дегенді білдіреді”, — дейді.

Жауап:

Бұл тұжырымға жауап беру үшін бір жайтты түсіну қажет:  екі тарап та «арқылы» деген сөздің астарында ашып айтылмай кеткен бір нәрсе меңзеліп тұрғанына келіседі.

1. Қарсылас жақ «арқылы» деген сөздің астарында «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және ‘Аббастың құрметі мен қақысы арқылы» дегенді алға тартады.

2. Ал біз бұл жерде «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) біз үшін жасаған дұғасы арқылы, ал содан соң «‘Аббастың біз үшін жасаған дұғасы арқылы» деген меңзеледі деп айтамыз.

«Арқылы» деген сөзбен «дұғасы арқылы» деген меңзелетіні туралы көптеген ханафи имамдарының кітаптарында айтылған. Олардың арасында имам Ибн Абил-‘Изз («Шарх Тахауия» 2631-бет), имам Махмуд әл-Әлюси («Рух әл-Мә’ани» 6/126-1272), имам Шукри әл-Әлюси («Ғаят ул-Әмани» 2/335), Шах Уалиуллаһ әд-Дахләуи («әл-Будур әл-Бәзиға» 204-бет (бұған Финжифири «әл-Бәсаирде» (17-бет) нұсқағандай) т.б. бар. Бұдан қалса, дәлелдердің қысымымен  мұны сопы тариқаттарының көптеген өкілдері де мойындаған, мысалы, Мухаммад Әнуар әл-Кашмири (дьюбандия тариқаты). Қз.: «Фәайдул-Бәри» 2/379.

‘Умар нені меңзегенін білу үшін, бізге сахабалардың Аллаһқа қалай Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы жақындағанын түсіндіретін хадистерге оралу жеткілікті болады.

Қарсылас тараптың сөздеріне сүйенсек, сахабалардың әрқайсысы өз үйінде жабылып алып, Аллаһтан Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Оның алдындағы қақысы арқылы сұрағаны келіп шығады. Бірақ іс жүзінде, бұл өтірік, өйткені бұл туралы сахабалардан бірде-бір хабар жетпеген. Бірақ оның есесіне хадис жинақтары бізге сахабалардың Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде оған барып, ол Аллаһтан жаңбыр тілеуін сұрағанын, содан соң  Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі қолын көтеріп, Аллаһқа дұға еткенін хабарлайды.

Әнас ибн Мәлик былай деп баяндайтын: “Бірде, жұма күні, бір адам мешітке оның «әл-қада»[7] атты ғимарат жағында орналасқан есігінен кіріп келді. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сол кезде мінберде құтпа оқып тұрған болатын. Бұл адам Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұрылды да: «Уа, Аллаһтың Елшісі! (Құрғақшылықтан) мал-мүлік құрып, жолдар жабылды, Аллаһқа дұға етіңізші, Ол бізге жаңбыр берсін!», — деді. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі қолын көтеріп: «Уа, Аллаһ! Бізге жаңбыр жіберші!», — деді, әрі бұны үш рет қайталады…” (хадис сенімді (сахих); Бухари 933; Муслим 897).

Бұл хадистен көрініп тұрғандай, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл адамға: «Сен өз үйіңде отырып-ақ Аллаһтан менің құрметім мен қақым арқылы сұрай берсең болар еді», — деген жоқ.

‘Аиша былай баяндайтын: “Бірде адамдар Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрғақшылықты айтып, мұңын шақты. Сонда ол мінберін (айт намаздары өткізілетін) арнайы алаңға шығаруды бұйырды да,  адамдар осы жерге жиналуға тиіс уақытты белгіледі. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) күн көтерілген бойдан (халық алдына) шығып, мінберге отырды да: «Сендер маған құрғақшылық пен жаңбырдың жоқтығын айтып, шағымдандыңдар. Сендердің Раббыларың Оған дұға етіп жалбарынуларыңды бұйырды әрі сендерге жауап беретінін уәде етті». Әрі қарай хадис бойынша  Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһтан жаңбыр сұрап дұға еткені және адамдармен  бірге намаз оқығаны, содан кейін сел түсуіне дейін алып барған нөсер жаңбырдың жауғаны туралы айтылады (хадис жақсы (хасан); Абу Дауд 1173).

Әрі осындай хадистер аз емес. Бұл хадистер ‘Умардың «Бұрын біз Саған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы жақындайтынбыз әрі Сен бізге жаңбыр беретінсін» деген сөздерінің түсіндірмесі болып табылады. Әрбір әділ жүрекке ие адам сахабалардың Аллаһқа Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы арқылы жақындауға ұмтылатынына келіседі. Сондай-ақ ол сахабалардан ешкімге өз үйінде отырып алып, Аллаһтан Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі арқылы жаңбыр сұрау ойына да кіріп шықпағанын да мойындайды.

3. Не үшін ‘Умар Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін ‘Аббасқа барды? Ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабіріне барып Аллаһтан Оның Пайғамбарының (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі арқылы сұрай алмады ма? Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі оның тірі кезінде де, қайтыс болғаннан кейін де бірдей ұлы емес пе?

Бұған жауап — ‘Умар да, басқа сахабалар да Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тек тірі кезінде олар үшін Аллаһқа дұға ете алатынын, сондықтан да ол қайтыс болған соң оның қабіріне барып, одан Аллаһқа жаңбыр тілеп дұға етуін сұраудың қисынсыз екенін білді. Өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз қабірінде тірі болса да, оның қабірдегі өмірі біздің өміріміздей емес. Біз оның қандай сипатта өтіп жатқанын білмейміз. Сондықтан да сахабалардан ешкім Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабіріне бармайтын және оған өзінің проблемаларын түсіндірмейтін, онымен өзінің істері жайында кеңес жасамайтын. Сахабалар Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болған соң даулы мәселелер мен келіспеушіліктерін шешу үшін оның қабірінің басына бармайтын.

Ал Пайғамбардың өзіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келер болсақ, ол қазір жер бетінде не болып жатқанын білмейді, бұған келесі хадис дәлел болады:

Абу Са’ид әл-Худри Қиямет күні адамдар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) су айдынына келетінін, бірақ періштелер олардың көбісін оған жақындатпайтынын баяндап берген. Бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің таң қалғанын білдіреді. Сол кезде періштелер оған: «Олар сенен кейін не енгізгенін білмейсің ғой», — дейді. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтады: “Сол кезде мен салиқалы құл (яғни Иса ибн Мәриям) айтқанды айтамын: «Мен олардың арасында болған кезімде олар жайында куәгер едім, ал Сен мені көз жұмдырғанда, оларға Өзің бақылау жасадың». Сол кезде маған: «Сен олардан кеткелі бері олар сенің дініңнен бұрылуын тоқтатпады», — деп айтылады” (хадис сенімді (сахих); Бухари 5/191; Муслим 4/2194).

Сондықтан да ‘Умар: «Бұрын біз Саған Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы жалбарынатынбыз…, ал қазір біз Саған Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі арқылы жалбарынамыз…», — деп айтты.

Егер осы хабарды олардың түсінігімен және  ‘Умар Аллаһқа Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі мен қақысы арқылы жалбарынды деп түсінетін болсақ, онда не үшін ол Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін ‘Аббасқа барды? ‘Умардың Аллаһқа Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  құрметі мен қақысы арқылы жақындауына кедергі болатын еш нәрсе жоқ еді емес пе? Өйткені Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі оның қайтыс болуымен жойылмайды ғой. Ал, ендеше, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болған соң  ‘Умар ‘Аббасқа баратындай не жойылды? Жойылған нәрсе сол — Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) енді тірі ‘Аббастан айырықша Аллаһтан дұға етіп сұрай алмайтын еді.

4. ‘Умардың «Бұрын біз Саған Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы жалбарынатынбыз…, ал қазір біз Саған Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі арқылы жалбарынамыз…» деген сөздерінде екі тәуассулдің екеуі де бір үлгіде орындалғанына нұсқау бар. Жоғарыда біз Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде адамдар тәуассулді оның дұғасы арқылы жасайтынын түсіндірген едік, бұл ‘Аббастың тұсында да адамдар тәуассулді тура солай, яғни дұға арқылы, бірақ енді  ‘Аббастың дұғасы арқылы жасағанын білдіреді.

Мұны хафиз Ибн Хәжардың мына сөздері растайды: “Әз-Зубайр ибн Баккар «әл-Ансаб» кітабында осы уақиға орын алған кезде ‘Аббас өзінің дұғасында дәл не деп айтқанын жеткізген. Жеткізушілер тізбегіне сілтеме жасап, ол ‘Аббастың жаңбыр сұрап дұға еткенде былай деп айтқанын хабарлаған: «Уа, Аллаһ! Ақиқатында, қайғы-қасіреттер тек күнәлардың себебінен болады, әрі олардан тек тәубе ету арқылы ғана құтылуға болады. Адамдар мені мен Сенің Пайғамбарыңның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арасындағы туысқандық болғандықтан, Саған мен арқылы жалбарынып жатыр. Міне, енді біз тәубе етіп, Саған күнәлі қолдарымызды және маңдайларымызды көтере созып тұрмыз. Бізге жаңбыр жіберші!». Осы кезде аспанды таудай-таудай болған бұлттар қаптап, жаңбыр жауып кетті де, жерді суға қандырып, адамдардың тіршілігін қайта оңалтты”.  Бұл риуаят сахих, мұны  шейх әл-Әлбани және басқа да мухаддистер растаған.

Бұл риуаят істің ‘Умар: «… ал қазір біз Саған Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі арқылы жақындап жатырмыз, бізге жаңбыр бере гөрші!», — деп айтуымен бітпегеніне, бірақ осыдан соң  ‘Аббастың өзі де дұға еткеніне айқын нұсқап тұр.

5. Ал сопылар «Неліктен ‘Умар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі ол қайтыс болғаннан кейін де сақталып қалатынына қарамастан оның құрметімен жасалатын тәуссулді ‘Аббастың құрметіне алмастырды?» деген бұл сұраққа  басқаша жауап беруге тырысты. Олар келесідей жорамал-пайымдар ұсынды:

Бірінші: ’Умар мұны адамдарға осының рұқсат етілгендігін түсіндіру үшін істеді. Осымен ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі арқылы дұға жасауды қалдырып, дәрежесі одан төмендеу болған адамның құрметімен дұға етуге болатынын  көрсеткісі келді.

Жауап:

1. Бұл пайым таңқаларлық әрі өте ерсі! Егер ‘Умар шындығында да Пайғамбардың (құрметімен) дұға етіп жалбарыну шариғатпен заңдастырылған деп есептегенде, ол адамдар шөлден өлуге дейін жеткен, мал мен егін шөл мен аштықтан қырылып жатқан, адамдардың басына үлкен бір қасірет пен бақытсыздық келіп түскен осындай қиын-қыстау сәтте Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметімен дұға жасауды ешбір жағдайда қалдырмас еді. Сонда олар ‘Умар осындай қайғылы жағдайда адамдармен ойнағысы келді деп айтқысы келегені ме? Өйткені әрбір ақыл-есі дұрыс адам қиын-қыстау жағдайда құтылудың ең сенімді себептеріне жүгінеді емес пе?!

2. Тіпті егер біз осы бір түрлі логикамен келіссек те, онда осы хадистің «құрғақшылық орын алған кезде» деген сөздерімен не істемекпіз?! Бұл сөздерде осындай жағдай бір ғана рет емес орын алғанына әрі әркез адамдар  ‘Умарға, ал ол болса ‘Аббасқа баратынына айқын нұсқау бар ғой?! Егер де ‘Умар осының рұқсат етілгенін көрсеткісі келгенде ол осымен бірінші рет шектелер еді де, мұны үнемі қайталамас еді.

Олардың екінші жорамалы:  ‘Умар осыда Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол өзінің немере ағасына үнемі сый-сияпат көрсетеуінде ғана ілесті. Осыны растау үшін олар тура сол әз-Зубайр ибн Баккар «әл-Ансабта» келтіретін, онда Ибн ‘Умардың былай деп айтқаны туралы баяндалатын мына хадисті алға тартады: «’Умар ‘Аббасқа Күл жылы өзінің өтінішін айтты, содан соң ол адамдарға былай деді: «Ақиқатында, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз әкесіне не қалайтын болса, соны ‘Аббасқа да қалайтын. Ендеше,  Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өнегесіне ілесіңдер, уа, адамдар, әрі оның көкесін Аллаһқа жақындаудың құралы етіп алыңдар!»

Жауап:

1. Бұл риуаят әлсіз (да’иф) әрі сахих емес (сенімсіз). Ол жеткізушілердің екі тізбегі (иснады) арқылы келеді. Олардың біріншісінде Дауд ибн ‘Ата әл-Мәдани бар, ал ол болса әлсіз жеткізуші болған, оның үстіне мухаддистер одан хадис жеткізуді тастаған. Ал екінші тізбектегі (иснадтағы) Са’ид ибн ‘Убайдуллаһ әл-Музани – белгісіз (мәжһул). Бұл тізбектер бір-бірін күшейте алмайды, өйткені бірінші жеткізушінің әлсіздігі өте салмақты, ал екіншісінің жағдайы тіпті мүлде белгісіз.

2. Тіпті осы риуаят сахих болғанда да, ол тек ‘Умардың не себепті басқа сахабалардың біреуін емес,  дәл ‘Аббасты таңдағанын айқындап береді, әрі бұл риуаятта ‘Умар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметімен дұға еткенді қалдырып, ‘Аббастың құрметімен дұға еткені туралы бірде-бір сөз жоқ.

Олардың үшінші жорамалы — ‘Умар Аллаһқа Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметімен жалбарынуға нұсқайтын кейбір хадистерді білмегеніне келіп  түйіседі. Олар: «Ол сол хадистер туралы білгенде, ешбір жағдайда оның құрметімен жалбарынуды қалдырмайтын», — дейді.

Жауап:

1. Тіпті егер мұндай хадистер бар деп және  ‘Умар олар туралы білмеген деп тұспалдағанның өзінде де, осының барлығына куә болған Мәдинадағы бүкіл сахабалар да оларды білмегені ме?!  Егер сендер Аллаһқа Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі арқылы жалбарынып дұға ету Аллаһтың дінінде осындай маңызды орынға ие және шариғатпен орнатылған әрі пайдалы болса, онда не себептен ол туралы сол кезде болған сахабалардан ешкім білмеген де, ал сендер бұл туралы білесіңдер?»

2. Му’ауия ибн Аби Суфиян халифа болған тұсында құрғақшылық кезінде Дамаскіде адамдардың алдына шықты да, табиғиндердің бірі Язид ибн әл-Әсуад әл-Журашиге Аллаһтан жаңбыр сұрап дұға етуін сұрады.  Бұл оқиға көптеген табиғиндер тірі кезде орын алған болатын. Сонда олар да, Дамаскіде жүріп сендер білген нәрселерді білмеді ме?! Тура осындай нәрсе  Даххақ ибн Қайс сол Язидті бір басқа бір құрғақшылық жылында осы туралы сұрағаны туралы хабарда жеткізіледі.  Бұл екі хабарды да Ибн ‘Асакир өзінің «Тарихында» 1/151/18 сенімді иснадтармен келтіреді.

6. Сонымен, сахабалар бірауызды түрде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметімен тәуассул жасауды қалдыруы оның шариғатпен заңдастырылмағандығына және бұл олардың ойына да кіріп шықпағандығына нұсқайды. Оны түрлі сопы тариқаттарының өкілдері сахабалардың қанағат еткен нәрселеріне қанағаттанбастан ойлап тапты.

Сопылардың осы дәлелсымақ дәйегіне берілген жауаптарды оқып шыққан соң, оқырман қарсылас тараптың өкілдері өз ұстанымдарын дәлелдеу үшін мына нәрселерді істеуге тырысуы қажет екенін қорытындылай алады:

1. ‘Умар бір рет қана емес, әркез осылай жасағанын жасыру.

2. ‘Умар Аллаһқа Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі арқылы жалбарынуды тастап,  ‘Аббас арқылы жалбарынғаны бекерден-бекер емес екендігін дәлелдеу үшін ‘Умардың сөзі келтірілген әз-Зубәйр ибн әл-Баккардан жеткен риуаятты қолдану.

3. Хадиске «Аллаһқа жалбарыну бәрібір ‘Аббастың аты немесе құрметі арқылы орын алды» деген нұсқау енгізу.

Әрі оқырман осы нәрсенің олардың кітаптарында орын алғанын көрген кезінде, аң-таң болады.

Бұл хадисті «Тавассуль – мольба через посредничество в Исламе» («Тәуассул -Исламдағы дәнекерлік арқылы дұға жасау») кітабының авторы қалай келтіретініне қараңыз:

“Бухари «Сахихта» Әнастан Умар ибн әл-Хаттаб (Аллаһ оған разы болсын): «Уа, Аллаһ! Біз Сенен Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы сұрайтын едік, ал енді  біз Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі арқылы сұраймыз. Уа, Аллаһ бізге жаңбыр бере гөр!», — деп, Аббас ибн Абдулмутталибтің атымен[8]  көмек сұрағанын[9] келтіреді.

Умар Ибн Хаттаб (Аллаһ оған разы болсын)  «Күл жылында» адамдарға мынандай сөздер айтты: «Уа, адамдар! Ақиқатында, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз әкесіне нені қаласа, Аббасқа да соны қалайтын. Уа, адамдар, Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның көкесі Аббас арқылы ілесіңдер әрі оны Аллаһқа жақындау үшін дәнекер етіңдер. Сен сұра, я, Аббас»»[10].

Ал енді «Истинное лицо ваххабизма» («Уаһһабиліктің шынайы жүзі») кітабында не деп жазылғанына қарайық:

«Бірде, салиқалы ‘Умардың халифалық тұсында құрғақшылық орын алды[11]… ал енді біз Мухаммадтың көкесіне[12] тәуассул жасаймыз, бізге сол үшін[13] жаңбыр бере гөр!»

Ендеше, осы екі кітаптың авторлары келісіп алғандай аудармада бірдей «қателер» жіберіп, хадисте болмаған бірдей қосымшалар енгізгеніне қараңыздаршы!  Бұл қарсыластың ешқандай парықсыз емес екенін, олар тәуассул мәселесін өте жақсы қарап шыққанын және өздерінде дәлел жоқ екеніне, әрі оларға қасиетті мәтіндерді шеберлікпен түзетуден және оларға өздеріне тиімді болған нәрселерді енгізуден басқа еш нәрсе қалмағанына  көзі жеткендерін көрсетеді. Егер оқырман әрі қарай оқуды жалғастырса, бұдан да таңқаларлық құбылыстарды көре алады.

2-дәйек:

Имам Ахмад ‘Усман ибн Ханифадан жақсы иснадпен  бір зағип кісінің  Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, былай дегенін жеткізеді: «Аллаһтан маған көру қабілетін қайта беруін сұраңызшы». Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Егер қаласаң, мен сен үшін Аллаһтан сұрайын, ал қаласаң, мұны істемей-ақ қоямын әрі бұл сен үшін жақсырақ», — деп жауап берді (басқа бір риуаятта: «Ал қаласаң, сабыр ет, әрі бұл сен үшін жақсырақ», — деп айтылады»). Әлгі адам: «Аллаһтан маған көру қабілетін қайтарып беруін сұраңыз», — деді. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған жақсылап дәрет алуды, содан соң екі ракағат намаз оқуды, содан кейін Аллаһқа мынандай дұғамен жалбарынуды бұйырды: «Уа, Аллаһ! Мен Сенен сұраймын және Саған мейірімділік пайғамбары болған Пайғамбарың Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы жалбарынамын. Уа, Мухаммад! Мен өзімнің осы мәселемді шешу үшін сен арқылы Раббыма жалбарындым. Я, Аллаһ! Оның мен үшін жасаған шапағатын қабыл ет, әрі менің ол үшін жасаған шапағатымды қабыл ет». ‘Усман: «Бұл адам тура осылай істеді де, содан кейін оған көру қабілеті қайта оралды», — деді (хадис жақсы (хасан); Ахмад 4/138; Тирмизи 4/281-282; Ибн Мәжаһ 1/418 т.б.).

Олардың қорытындысы: бұл хадисте Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы зағип кісіні Аллаһқа  Мухаммад Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) аты және құрметі арқылы жалбарынуды үйретті, әрі ол осыны істеген соң, қайта көретін болды.

Ал біз бұл қорытындымен келіспейміз, өйткені бұл хадисте Аллаһқа Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) атымен, құрметімен және қақысымен жалбарынудың рұқсат етілгеніне ешқандай нұсқау жоқ, керісінше, бұл хадисте тәуассулдің үшінші түріне, яғни Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы арқылы жасалатын тәуассулдің шариғатта заңды екеніне нұсқау бар. Біздің бұған дәлелдеріміз келесідей:

1. Бұл зағип кісі Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, оған: «Аллаһтан маған көру қабілетін қайта беруін сұраңызшы», — деді. Яғни ол үйінде отыра беріп, Аллаһтан Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі арқылы сұраған жоқ, ол оған келіп, Аллаһқа өзі үшін жалбарынуын сұрады.

2. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл адамға: «Егер қаласаң, мен сен үшін Аллаһтан сұрайын, ал қаласаң, мұны істемей-ақ қоямын, әрі бұл сен үшін жақсырақ», — деп, оған таңдау жасатқызды. Бұда  Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған егер ол қаласа, Аллаһқа дұға жасайтынын уәде еткеніне айқын нұсқау бар. Бұл адам шындығында да осыны қалады, әрі кім осы жерде:  «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз уәдесін орындамады», — деп айта алады?!  Алайда, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұнымен шектелмеді де, шариғат тарапынан заңдастырылған тәуассулдің екінші түріне, яғни Аллаһқа өз игі амалдарың арқылы жалбарынуға нұсқады. Аталған жағдайда олар – дәрет алу және намаз оқу. Сондықтан да зағип кісіні емдеу үшін Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі амал істегені ап-айқын-ақ:

1. Өзі ол үшін Аллаһтан сұрады (мұны әлгі зағип кісі қалағанындай).

2. Оған ғибадаттың кейбір түрлерін жасап, содан соң Аллаһқа өзі дұға етіп жалбарынуды  үйретті.

3. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Әрі оның мен үшін жасаған шапағатын қабыл ет», — деп айтуға үйретті. Осы үзіндіден Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһтың алдында бұл зағип үшін шапағат еткені айқын болып тұр, әйтпесе қалайша Аллаһ болмаған нәрсені қабыл етеді?!

4. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған сондай-ақ: «… және менің ол үшін жасаған шапағатымды қабыл ет», — деп айтуды үйретті.

Бұл үзінді «Менің «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мен үшін жасаған дұғасын қабыл ет» деген дұғамды қабыл ет» дегенді білдіреді. Бұл сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһқа зағип кісімен бір мезгілде Аллаһқа дұға етіп жалбарынғанына айқын нұсқап тұр.

5. Егер зағиптың емделуінің сыры оның Аллаһқа Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі арқылы жалбарынуында болғанда, онда ол секілді көру қабілетіне қайта ие болғандар өте көп болар еді. Өйткені Аллаһтан Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі мен қақысы арқылы сұраудан оңай нәрсе жоқ қой. Көптеген бидғатшылар осыған басқа пайғамбарлардың да құрметін қосады, алайда біз олардың көру қабілетіне қайта ие болғандарын көріп жатқан жоқпыз.  Ал тіпті Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көзі тірісінде де зағип сахабалар көп еді ғой, мысалы,  ‘Итбан ибн Мәлик және Ибн Умм Мәктум, сондай-ақ Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болғанынан кейін де Ибн ‘Аббас пен Жәбир ибн ‘Абдилләһ та зағип болды. Ендеше, неліктен олар Аллаһқа Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметімен жалбарынбады?!

6. Ғалымдар бұл хадисті Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұғжизалары туралы кітаптарда келтіретін, мысалы, имам әл-Байһақи «Дәләил ән-Нубуа» («Пайғамбарлықтың дәлелдері») кітабында. Бұл Ислам ғалымдарының сопылардан айырықша бұл хадисті зағип кісі үшін Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дұға еткеннен кейін ол көре алатын болды деп түсінгенін білдіреді.

Осы алты тармақта көрсетілгеннің барлығы әлгі зағиптың: «Уа, Аллаһ! Мен Саған мейірімділік пайғамбары болған Пайғамбарың Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы жалбарынамын», — деп айтқан сөздері   «Мен Саған Пайғамбарыңның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сенің алдыңда мен үшін дұға  арқылы шапағат етіп тұрғанымен жалбарынамын» дегенді білдіреді. Бірақ оның сөздері ешқандай да «Мен Саған Пайғамбарыңның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі мен қақысы арқылы жалбарынамын» дегенді білдірмейді.

Қарсылас тараптың өкілдері тәуассул мәселесін жақсылап зерттеп оқығаннан кейін және бұл хадисте оларды жақтайтын дәлел жоқ екенін түсінген соң, олар өздерінің жалған ұстанымын бекіту үшін бұл хадисті «аздап» өздеріне ыңғайластырып түзету керек деп шешті. «Құрметті» оқырмандарының ешқайсысы араб тілін білмейтіні әрі өздерінің жетекшілерінің шыншылдығын тексермейтіні оларға тіпті жақсы болды.

Сонымен, олар келесі нәрселерді істеу керектігін түсінді:

1. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әлгі кісіге: «Егер қаласаң, мен сен үшін Аллаһтан сұраймын», — деп айтқан сөздері мен зағиптың: «Аллаһтан маған көру қабілетін қайта беруін сұраңызшы», — деген сөздерін түсіріп тастау немесе өзгерту керек.

2. «Уа, Аллаһ! Оның мен үшін жасаған шапағатын қабыл ет» деген сөздерді түсіріп тастау немесе өзгерту керек.

3. «Әрі менің ол үшін жасаған шапағатымды қабыл ет» деген үзіндіні түсіріп тастау не өзгерту керек.

4. Әрі, әрине, олардың ұстанымын шүбәсіз дәлелдеу үшін, бір нәрсе қоса салу жаман болмас еді.

Ендеше, біздің шебер авторларымыз бұл хадисті қалай келтіретінін қарайықшы:

1. «Тавассуль — мольба через посредничество в Исламе» кітабы.

«Усман ибн Ханиф (Аллаһ оған разы болсын) былай деп жеткізген: «Мен Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған бір зағип келіп, өзінің дертіне шағымданып былай дегенін естігенмін:  «Уа, Пайғамбар (саған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), мен зағиппын, мені жетектеп жүретін адамым да жоқ, маған өте қиын»[14]. (Сонда) ол оған: «Бар да, дәрет ал, содан соң екі ракағат намаз орындап, мынаны оқы[15]: «Уа, Аллаһ, мен Сенен сұраймын және Саған мейірімділік пайғамбары болған Пайғамбарың Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  арқылы жалбарынамын. Уа, Мухаммад, мен сен арқылы сенің Раббыңа Ол мені көретін етсін деп жалбарынамын. Уа, Аллаһ, оны мен үшін шапағатшы ете гөр[16] және мені өзім үшін шапағатшы ет[17]». Әрі қарай Усман (Аллаһ оған разы болсын) былай дейді: «Аллаһпен ант етемін, біз әлі тарап үлгермей-ақ бұл кісі қайтып келді, әрі ол ешқашан зағип болмағандай кейіпте еді». Хаким былай деген: «Бұл хадистің иснады сенімді»[18]. Сондай-ақ Зәһаби де бұл хадисті сенімді (сахих) деп атаған[19] (1-том, 519-бет)» [20].

Енді бұл хадисті Н. Шейхмардани «Истинное лицо ваххабизма» кітабында қалай келтіргеніне қарайық:

«Зағип кісімен орын алған атақты уақиға…[21] Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Егер қаласаң — мен дұға етемін, бірақ қаласаң – сабыр ет, әрі бұл сен үшін жақсырақ», — деді. Зағип көруді қалайтынын айтты…[22] «Уа, Аллаһ, Сенің Пайғамбарыңның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жоғары мәртебесі үшін сұраймын[23]…Уа, Аллаһ! Оны менің шапағатшым ет!»[24]…»

Сондай-ақ, осы жерде бұл хадистің екі әлсіз сенімсіз қосымшалары бар екенін атап кету қажет, жүрегінде дерті барлар оларды да дәйек етеді.

1. Абу Бакр ибн Аби Хайсама «Тарихта» хадистің негізгі оқиғасына «Әрі келесі жолы тағы да саған бір нәрсе керек болып жатса, осылай істе» деген қосымшаны келтіреді.

Сопылар осы қосымшаны дәйек етеді де, одан келесідей қорытынды шығарады: Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған осы дұғаны үйретті әрі болашақта ол осындай бір қиындыққа жолықса, тура осылай істеуді, яғни тағы да Аллаһқа осы дұғамен жалбарынуды әрі содан соң оның проблемасы шешілетінін ескертті. Осыдан шыға келе, олар Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дұға еткен болса да, оның дұғасы шешуші маңызға ие емес еді, әрі келесі жолы Пайғамбарсыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның дұға етуінсіз амалдауға болады деген қорытынды шығарады. Нәтижесінде бұл оқиғада тәуассул Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы арқылы емес, оның құрметі арқылы жасалған болып шығады.

Жауап:

1. Біз жоғарыда келтірген дәлелдерде зағип кісінің Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы арқылы тәуассул жасағандығына айқын және бұлтартпас дәйектер бар, әрі мұны хадистен кейбір сөздерді алып тастаудан басқа жолмен теріске шығару мүмкін емес. Ал осы қосымшаға келер болсақ, онда тіпті ол сенімді болғанның өзінде де (ал бұл олай емес), онда сопылар шығаратын қорытындыға орын жоқ. Өйткені «тура осылай істе» деген сөздерде тура бірінші реттегідей нәрселер, яғни   Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келу және одан Аллаһқа дұға етіп жалбарынуды сұрау нұсқалып тұр. Әрі бұл қосымшада Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасынсыз амалдауға болады дегенге нұсқау жоқ.

2. Бұл — егер осы қосымша сенімді болған жағдайда ол нені білдіретіні, ал егер бұл қосымша сенімсіз болса, онда не айтуға болмақ?! Бұл хадистің жеткізу тізбегінде Хаммад ибн Зәйд деген кісі бар. Оның өмірінің соңында есте сақтау қабілеті бұзылған, бұған қоса ол осы қосымшасымен хадис ілімінде мүміндердің әмірі болған және осы қосымшаны арнап келтірмеген Шу’ба ибн Хәжажға қайшы келеді. Хадистану ғылымының ережелері бойынша, егер жеткізуші, тіпті ол хадисте күшті және бекем болса да, өзінің қосымшасымен одан күштірек жеткізушіге қайшы келсе, онда оның қосымшасы қабыл алынбайтын (шазз) және сенімсіз деп саналады.

2. ‘Усман ибн Ханиф бір адам үнемі ‘Усман ибн ‘Аффанға[25] өз мәселесін шешіп беруді сұрап келетінін, бірақ ‘Усман оған көңіл бөлмейтінін және оның мәселесін шешіп бермейтінін баяндаған. Содан кейін әлгі адам ‘Усмана ибн Ханифты кездестіріп, оған осы жайлы шағымданады. Сонда ‘Усман ибн Ханиф оған былай дейді: «Дәрет ал да, кейін мешітке барып, сонда екі ракағат намаз оқы. Содан соң: «Уа, Аллаһ! Мен сенен сұраймын және Саған мейірімділік пайғамбары — Пайғамбарың Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы жалбарынамын. Уа, Мухаммад, мен мәселемді шешіп беру үшін Сенің Раббыңа сен арқылы жалбарындым», — деп айт. Кейін өз қажеттілігіңді айт та, содан соң маған кел, сосын біз екеуміз (әмірге) барамыз». Әлгі адам тура осылай істеді, содан соң ол  ‘Усман ибн ’Аффанның есігінің алдына келген бойдан, жанына қызметші шығып, оны  ‘Усманға жетектеп алып барды да, оның алдындағы төсеніштің үстіне отырғызды. ‘Усман ибн ‘Аффан одан: «Қандай мәселең бар?», — деді. Әлгі адам оған өзінің шаруасын айтып еді,  ‘Усман оны шешіп берді. Содан соң ‘Усман ибн ‘Аффан: «Мен сенің өтінішің жайлы мүлде ұмытып кетіппін әрі ол тек қазір ғана менің есіме түсті. Осыдан кейін де сенде қандай мәселе туындап жатса, бірден маған келе бер», — деді. Сонда әлгі адам әмірдің құзырынан шығып, ‘Усман ибн Ханифаны кездестіреді де, оған былай дейді: «Аллаһ саған игілігімен қайырсын! Сен әмірмен мен туралы сөйлескеніңе дейін ол маған көңіл бөлмейтін әрі менің мәселемді шешіп бермейтін». Сонда ‘Усман ибн Ханиф былай деген екен: «Аллаһпен ант етемін, мен онымен (сен туралы) сөйлеспедім, бірақ мен Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір зағип кісі келіп, оған  өзінің соқырлығын айтып шағымданғанын көргенмін. Сонда Елші (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Бәлкім сен сабыр етерсің?», — деді. Бұған зағип: «Уа, Аллаһтың Елшісі (саған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)! Ақиқатында, менің жетектеп жүретін адамым жоқ әрі зағиптық менің өмірімді қатты қиындатып жатыр»,  — деп жауап берді. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Дәрет ал да, содан соң екі ракағат намаз оқы, ал содан кейін Аллаһқа мына дұға арқылы жалбарын», — деді». ‘Усман ибн Ханиф былай деп жалғастырды: «Әрі Аллаһпен ант етемін, біз тіпті тарап үлгермей-ақ, бұл зағип бізге көретін болып кіріп келді әрі ол ешқашан зағип болмағандай күйде еді». Бұл риуаятты ат-Табарани «әс-Сағирда» 103-104-бет, және «әл-Кәбирде» 3/2/1/1-2 келтіреді.

Олардың бұл риуаттан шығаратын қорытындысы: ‘Усман ибн Ханиф Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болып кеткеніне қарамастан, бұл адамға осы дұғаны үйретті, демек, маңыздысы — Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адам үшін жасайтын дұғасы емес, алайда адамның Аллаһқа дәл Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы жалбарынуы.

Жауап:

  1. Бұл риуаят сенімсіз (сахих емес). Оның иснадында Шәбиб ибн Са’ид атты кісі бар. Одан Ибн Уахб жеткізетін хадистер, бұл туралы Ибн ‘Ади «әл-Камилде» айтатынындай, қайтарылатын және сенімді емес болып табылады. Ал бұл риуаят тура сол, яғни Ибн Уахб Шәбибтен жеткізетін риуаят болып табылады.

2. Сондай-ақ оның әлсіздігіне салиқалы халиф ‘Усман ибн ‘Аффан қарапайым, кішіпейіл, адамдарға әділ болуына қарамастан «Бұл адамға көңіл бөлмеді» деген сөздер де нұсқайды.

Дәл сондықтан да «Тәуассул» кітабының авторы осы келеңсіз жайтты жұмсақтау етіп көрсетуге тырысып, бұл әлсіз хадисті былай келтіреді: «Ал Усман, объективті себептермен, оған көңіл бөле алмайтын және оны тыңдай алмайтын». «Объективті себептермен» деген сөздер хадисте жоқ, бірақ бұл арамза автор егер ол осы хадисті тура өзіндей етіп аударса, оның әлсіздігі оқырман үшін айқын болып қалатынын түсініп,  өзінің «айрықша зерек ойынан» шығарған осы сөздерді қоса салды.

Сондай-ақ өз атын атамаған осы автордың қылмыстарына оның хадисте нұсқалған дұғаны келесідей етіп аударғаны да жатады: «Уа, Мухаммад! Мен Сенің Раббыңа Ол маған осы шаруама көмектесуін сұрап, сен арқылы жалбарынамын, (Оның алдында) менің қажетімді атап айт…»

«Оның алдында менің қажетімді атап айт» деген сөздер «Мен Сенің Раббыңа өз мәселемді шешу үшін сен арқылы жалбарындым» деген сөздерді өзгерту арқылы жасалған. Бұл сөздермен біздің белгісіз авторымыз не айтқысы келді екен?!  Ол осынысымен: “Тіпті Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болса да, оған: «Оның алдында менің қажетімді атап айт», — деп дұға етуге болады әрі осылай істеу керек!”, — деп айтқысы келді. Ал бұл енді жай шариғатпен заңдастырылмаған тәуассул ғана емес, бұл келесі сатыға, яғни қайтыс болған адамның өзіне, ол сұраушыға Аллаһтың алдында шапағатшы болуы үшін, дұға етіп жалбарыну. Бұл жай ғана бидғат емес, бұл — біз олардың иконалар алдында айтатын дұғаларынның үлгісін жоғарыда келтірген  христиандардың жасайтын көпқұдайшылығындай көпқұдайшылық.

Сонымен, жоғарыда айтылғандардың барлығынан біз олардың екінші дәлелі олардың қосымшаларымен бірге олардың сенімдерін қолдау үшін жарамсыз екенін, мұның үстіне ол тәуссулдің шариғи тұрғыдан заңдастырылған түрлерін растайтын тағы да бір дәлел екенін түсіндік.

3-дәйек.

Әнас ибн Мәлик былай деп баяндайтын: «‘Али ибн Аби Талибтың анасы – Фатима бинт Әсад ибн Хашим қайтыс болған кезде, адамдар оның қабірін қазу үшін Усама ибн Зәйдті, Абу Айюб әл-Ансариді, ‘Умар ибн әл-Хаттабты және бір қара нәсілді құлды шақырды. Олар біткен кезде, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірге түсті де, оның ішіне жатып, былай деді: «Уа, Аллаһ! Сен Өлтірушісің әрі Тірілтушісін, ал Өзің Тірісің және өлмейсің. Менің анам  Фатыма бинт Әсадты кешір, және оған оның дәлелін үйрет әрі оның қабірін кеңейт. Сенен Пайғамбарыңның, сондай-ақ маған дейін өткен пайғамбарлардың қақысымен сұраймын, өйткені Сен рахымдылардан ең Рахымдысың» (хадис әлсіз; әт-Табарани «әл-Кабирде» 24/351-352, сондай-ақ «әл-Әусатта» 1/152-153; Абу Ну’айм «әл-Хилияда» 3/12 келтірген; қз.: «әд-Да’ифа» № 23).

Олардың тұжырымы: бұл хадисте Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен, ол Аллаһтан өзінің қақысымен және өзге пайғамбарлардың қақысымен сұрағандығы жайлы нұсқау бар.

Жауап:

Бұл хадис әлсіз және сенімсіз (сахих емес). Оның иснадында кей жағдайларда жеткізушілерге қатысты өздерінің таңқаларлық босаңдық жасауымен танылған Ибн Хиббан мен әл-Хакимнен басқа барлық мухаддистердің бірауызды келісілген пікірі бойынша әлсіз жеткізуші болып табылатын Раух ибн Саләх бар. Абу Ну’айм бұл хадисті келтіріп, оны нығайтатын өзге тізбектер немесе қолдайтын хадистер жоқ екендігін айтқан.

Осыдан шыға келе, бұл хадис жаратылыстардың қақысы мен құрметі арқылы тәуассул жасауды заңдастыруға дәлел бола алмайды. Дәл сондықтан да қарсылас тараптың өкілдері бұл хадистің мәтіні олардың жалған тәуассулінің заңдастырылғанына айқын болғанына қарамастан, оны өздерінің ең алғашқы дәлелі етпеді.

Ал олардың «Тавассуль – мольба через посредничество в Исламе» атты кітабына келер болсақ, олар бұл хадисті оның сенімді емес екенін нұсқамастан келтірді, мұның үстіне, олар бұл хадисті: «Әрі Фатима қайтыс болған кезде … белгілі», — деп келітіріп, бұл оқиға нақты орын алғанындай және ол танымал болғандай етіп көрсетті!!!

4-Дәйек.

‘Умар ибн әл-Хаттаб Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: “Адам өзінің күнәсін жасағаннан кейін: «Уа, Раббым! Мен Сенен Мухаммадтың қақысымен мені кешіруіңді сұраймын!”, — деп айтқан. Сонда Аллаһ Тағала оған: «Әй, Адам! Мен Мухаммадты әлі жаратпаған болсам, Сен оны қайдан танисың?!», — деді.  Ол: «Уа, Раббым! Сен мені Өз Қолыңмен жаратқанда және маған Өзіңнен бір рух үрлеген кезіңде, мен басымды көтердім де, Сенің Аршыңның тіреуіштерінде «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ, Мухаммад – Аллаһтың елшісі» деп жазылғанын көрдім. Сонда мен Сен өзіңнің Есіміңнің жанына тек ең жақсы көретін жаратылысыңды қосып жазып қоятыныңды түсіндім», — деп жауап берді.  Сонда Аллаһ Тағала: «Мен сені кешірдім. Әрі егер Мухаммад болмағанда, Мен сені мүлде жаратпас едім», — деді» (хадис өтірік; әл-Хаким 2/615). Хакимнің өзі хадисті сахих деген, бірақ имам әз-Заһаби оны тексеру барысында былай деп айтқан: «Жоқ, керісінше, бұл өтірік, ойдан тоқылған хадис. Оның иснадындағы ‘Абдур-Рахман (ибн Зәйд ибн Асләм) – өте әлсіз, сондай-ақ ‘Абдуллаһ ибн Муслим әл-Фихрий – оны мен білмеймін».

‘Абдуррахман ибн Зәйд ибн Асләм жай әлсіз жеткізуші ғана емес, ол сондай-ақ хадистерді ойдан шығарушылықта айыпталған. Айтпақшы, Хакимнің өзі де «әл-Мәдхәл» (1/180) кітабында былай деген: «‘Абдур-Рахман ибн Зәйд ибн Асләм өз әкесінен өтірік хадистер жеткізеді. Кім олар туралы ой қозғаса, олардың өтіріктігі дәл сол ‘Абдуррахманнан шығатынына көзі жетеді». Сондай-ақ Хаким оны өзінің «әд-Ду’афа» кітабында келтірген, әрі сол кітапта былай деген: «Мен осы кітабымда келтірген адамдардың барлығы, олардан хадистер жеткізуге рұқсат етілмейді».  Осы айтылғанның барлығынан Хаким бұл хадис туралы шешім шығарған кезінде қателікке жол бергені түсінікті болады.  

Сондай-ақ хабардың иснадында белгісіз болған ‘Абдуллаһ ибн Муслим әл-Фихрий бар. Сондай-ақ бұл хадистің имам әт-Табарани келтіретін басқа иснады да бар, бірақ оның иснадында бірден үш белгісіз жеткізушілер бар.  Оның үстіне онда осы ‘Абдуррахман ибн Зәйд ибн Асләм да бар, ал оның өзінің болуы хадисті әлсіз және өте әлсіз деп айту үшін жетіп асады.

Ал енді «біздің» авторларға келейік:

1. «Тәуассул» кітабында бұл хадис, әрине, аталады, бірақ оның әлсіз екендігінің ешқандай түсіндірмесі келтірілмейді.  Бұдан қалса, автор осы хадиске «Сен дұрыс айттың, әй, Адам! Ақиқатында, ол жаратылыстардың ішіндегі ең сүйіктісі, Менен оның атымен сұра!» деген еш жерде жоқ қосымшаны енгізіп қойыпты. Сондай-ақ осы хадисті келтіріп, «біздің» белгісіз болып қалуды қалаған авторымыз «‘Абдуллаһ ибн Муслим әл-Фихрий деудің орнына «…‘Абдуллаһ ибн Муслим Фихрийден» деп, қателескен. Осыған қарағанда, бұл өтірікшіл кітаптың авторы қатты асыққан көрінеді, бірақ бұл оған хадистерге асығыс қолмен түрлі елде жоқ қосымшаларды қосып отыруына кедергі болмапты!

2. «Истинное лицо ваххабизма» кітабында оның «ақиқат үшін күресуші» авторы осы өтірік хадисті келтіріп, ешбір ұялусыз былай деп мәлімдеме жасайды: «Бірақ уаһһабилер бұл тәуассулді мойындамайды да, оны ойдан шығарылған нәрсе дейді». Бұл «Егер сіз осыны өтірік және ойдан шығарылған сөз дейтіндерді көрсеңдер, олардың уаһһабилер екеніне күмәнданбай-ақ қойсаңыз болады» дегенді білдіреді! Міне, бүгінгі күні осылайша уаһһаби болып қалу да қиын емес, бұдан имам әз-Зәһаби де құтыла алмады!!!

5-Дәйек

Әбул-Жәуза Аус ибн ‘Абдилләһ былай баяндайтын: «Бірде Мәдинада өте қатты қуаңшылық орын алды. Адамдар ‘Аишаға шағымданғанда, ол: «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабіріне барыңдар да, оның үстіндегі шатырда тесік жасаңдар, онымен аспанның арасында бөгет болмасын». Олар осылай істегеннен кейін сондай бір нөсер жауды, түйелер содан өскен шөпті жеп семіргені соншалық, тіпті семіздіктен жарыла бастады.  Бұл жылды тіпті «Жарылу жылы» деп те атады (хадис әлсіз; әд-Дарими «Сунанда» 1/43).

Бұл хадис екі себептен әлсіз болып табылады:

1. Оның жеткізушілерінің тізбегінде Са’ид ибн Зәйд бар – ал оның хадистерінде әлсіздік бар.

2. Абу Ну’ман Мухаммад ибн Фәдл деген жеткізуші де бар, ал оның есте сақтау қабілеті нашарлады және ол хадистерде шатасатын болды. Әрі ол өз хадистерін есте сақтау қабілеті нашарлағаннан кейін жеткізді ме, әлде одан бұрын ба – бұл белгісіз.

Сондай-ақ бұл хадистің әлсіздігіне Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірінің үстінде ‘Аишаның кезінде ешқандай шатыр болмағаны нұсқайды, бұған ешқандай келіспеушіліктер жоқ, әрі бұл туралы хадис Муслимнің «Сахихында» келтіріледі.

6 – Дәйек. 

Осы хадистерді өздерінің кітаптарында келтіріп кеткен соң, олар сондай-ақ келесі хадисті де келтіреді. Алайда, олардың бұл хадисті келтірудегі мақсаты осыдан бұрынғы хадистерді келтіргендегі мақсаттан мүлде өзгеше. ‘Умардың қоймасына жауапты болған Мәлик әд-Дар былай деп баяндайтын: “‘Умардың кезінде адамдардың басына қуаңшылық келіп түсті. Сонда бір адам Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабіріне барды да: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Өзіңнің үмметін үшін жаңбыр сұрашы, ақиқатында, олар опат болудың аузында тұр!», — деді. Содан соң бұл адам түс көреді де, түсінде оған: «‘Умарға бар…», — деп айтылады.  Әрі Сәйф ибн ‘Умар әлгі адам Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабасы Биләл ибн әл-Харис әл-Музани болғанын хабарлаған”.

Хафиз ибн Хәжар «әл-Фатх әл-Бәриде» 2/397 бұл хадисті Ибн Аби Шәйба Абу Салих әс-Самманға дейінгі сенімді иснадпен жеткізеді деген.

Осы жерде оқырманның назарын бір өте маңызды жайтқа бұру қажет: осы өтірікші кітаптардың авторлары бар өтірік-шындықтарын пайдаланып жаратылыстардың құқықтары мен құрметі арқылы жасалатын шариғи тұрғыдан заңсыз тәуассулді дәлелдеуге талпыныс жасаған соң,  олар көпқұдайшылықты енгізудің тоғызыншы сатысына байқаусыз өтіп кетуге талпынып, қабірде жатқан қайтыс болған адамға ол Аллаһтың алдында осы жалбарынып жатқан адам үшін шапағат жасауын сұрап жалбарынудың шариғатта заңдастырылғанын және рұқсат етілгенін дәлелдеуге кірісті. Ал бұл енді үлкен (діннен шығарып жіберетін) көпқұдайшылық.

Шейхул-Ислам былай деген екен: “Пайғамбар Мухаммад та (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), оған дейінгі пайғамбарлар да адамдар үшін періштелерге, пайғамбарлар мен салиқалы адамдарға, олар қайтыс болғаннан кейін де, өздері жоқ кезде де, дұға тілектермен жалбарынуды және олардан Аллаһтың алдында шапағатшы болуды сұрауды  заңдастырмаған. Сондықтан да ешкім: «Уа, Аллаһтың періштелері, мен үшін Аллаһтың алдында шапағатшы болыңдаршы, біз үшін Аллаһтан Ол бізге көмектесуін, немесе бізді ризықтандыруын, немесе тура жолмен жүргізуін сұраңдар», — деп айтпасын. Тура сол сияқты, қайтыс болған пайғамбарлар мен салиқалы кісілерге де (әулиелерге):  «Уа, Аллаһтың Пайғамбары! Уа, Аллаһтың әулиесі! Мен үшін Аллаһқа дұға етші, Аллаһтан мені кешіруін сұрашы», — деп айтуға да болмайды.  Сондай-ақ: «Мен саған өзімнің күнәларым, немесе ризығымның азаюына, немесе дұшпанның басып кіруіне, немесе маған жәбір-қысым көрсетіп жатқан пәленге шағымданамын», — деген сияқты сөздер кітап иелері мен мұсылмандардың дінге енгізген жаңалықтарынан (бидғаттарынан). Мұны христиандар өз шіркеулерінде және мұсылмандардың ішіндегі бидғатшылар пайғамбарлар мен әулиелердің қабірлерінде, немесе олар жоқ кезінде істеп жатқандарындай. Мұның барлығының өтірік екендігі ап-айқын әрі Ислам дінінің қағидаларынан белгілі-ақ, сондай-ақ мұсылмандардан да шүбәсіз жеткізіледі. Олар Мухаммад Пайғамбар да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), оған дейінгі пайғамбарлар да мұны заңдастырмағанына әрі мұндайды сахабалар мен олардың ізбасарларынан ешкім істемегеніне бірауызды келіскен. Әрі мұны мұсылмандардың бірде-бір имамы да, атақты төрт мәзһаб имамдарының ешқайсысы да мақұлданатын іс деп айтпаған». Қз.: «Қа’ида жәлилә» 53-60 тармақ, азғантай қысқартулармен.

Сондай-ақ шейхул-Ислам былай деген: «Періштелерге, пайғамбарлар мен әулиелерге олар қайтыс болғаннан кейін немесе жоқ кезінде жалбарынудың барлық түрлері, сондай-ақ олардың бейнелері мен мүсіндеріне жалбарыну – көпқұдайшылықтың ең үлкен түрлерінің бірі болып табылады. Көпқұдайшылықтың бұл түрі көпқұдайшылықты және Аллаһ Тағала заңдастырмаған түрлі құлшылық-ғибадаттарды ойларынан шығарған Кітап иелерінен болмаған көпқұдайшылдарда, сондай-ақ Кітап иелерінен және мұсылмандардан болған бидғатшыларда бар». Қз.: «Қа’ида жәлилә» 304-305 тармақтар.  

Біз осыдан бұрын айтып өткеніміздей, олар жаратылыстардың құрметі және қақысымен тәуассул жасауды дәлелдеуде бір-ақ мақсатты көздейді: оның шариғатта заңдастырылған деп бекітіп, келесі сатыға көзге көрінбей өтіп кету.    Дәл сондықтан да біз осы тарауда олардың дәлелдерімен тек үстіртін ғана танысып қоймадық. Әрі қадірменді оқырманымыз көріп тұрғанындай, олардың өлген адамдардың өздеріне жалбарынуды дәлелдеуге көшуі біздің сөздерімізді растауда. Ал бұл жердегі көрінбей өтушілік олардың осыны тәуассул тарауының шеңберінен шықпай істеуінде, әрі осыны мүлде көпқұдайшылық емес, керісінше, зандастырылған  тәуассулдің нағыз өзі деп сендіруге талпынуында байқалып тұр. Әрі олар осының барлығын тәуассул туралы кітапта жасады. Әрі осының барлығының растауы ретінде олардың «Тавассуль – мольба через посредничество в Исламе» кітабының соңында біз  «Өлген адамдармен тәуассул жасауға болатындығы туралы» тарауын көреміз. Осымен олар оқырманды өлген адамдарға жалбарыну — бұл тура сол тәуассул деп сендіргісі келеді. Алайда олардың олақ айлалары Аллаһтың рұқсатымен жетістікке жетпейді.

Аллаһ былай деді: «Расында, олардан бұрынғылар да айлакерлік істеген. Сондықтан Аллаһ олардың құрылыстарының іргетастарынан келіп, төбесі жоғарыдан үстеріне құлады. Сондай-ақ оларға аңғармаған жерден апат келді» («ән-Нәхл» сүресі, 16:26).

Ол тағы да былай деп айтты: «Расында, бұлар да, бұлардан бұрынғылар да мекерлік қылған. Дегенмен, барлық шаралар Аллаһқа тән. Аллаһ әркімнің не істегенін біледі. Қарсы болушылар жақында соңғы дүние кімнің үлесіне тиетінін біледі» («әр-Рағд» сүресі, 13:42).

Сондай-ақ Ол: «Олар айлакерлік істеді, Аллаһ та амалын тапты. Аллаһ тәсілшілердің ең жақсысы» («Әли Имран» сүресі, 3:54).

Ал олардың дәлеліне келер болсақ, оған жауап келесідей болмақ:

Мәлик әд-Дар – белгісіз. Сол себепті бұл хадис әлсіз болады. Әлгі адамның аты Біләл ибн әл-Харис деп аталған сол риуаятта  Сәйф ибн ‘Умар әт-Тамими деген жеткізуші бар – мухаддистер оның әлсіздігіне бірауыздан келіскен.  Оның үстіне Ибн Хиббан ол туралы: «Ол хадистерді ойдан тоқитын», — деп айтқан.

Ал «Тавассуль» кітабына келер болсақ, оның авторлары бұл хадисті келесідей үлгіде келтірген:

Ал Бухари болса мынандай әңгімені келтіреді[26]: «Бірде[27], ‘Умардың билік құру тұсында, адамдардың басына қуаңшылық түскенде, бір кісі Елшінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабіріне келді де, былай деді: «Уа, Пайғамбар! Аллаһтан ізбасарларыңа жаңбыр беруін сұрап дұға ет! Олар опат болудың аузында». Содан соң ол түсінде Елшінінің[28] оған: «‘Умарға бар да, оған менен сәлем айтып, жаңбыр болатынын хабарла, содан соң оған: «Епті және тапқыр бол», — де», — деп айтқанын көрді. ‘Умар осыны естіген кезінде: «Уа,, Аллаһ! Мен бар күш-жігерімді саламын», — деді. Бұл адам Елшінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) азаншысы Біләл болатын[29]”.

Олардың біз келтірген дәлелдері олардың кітаптарында едәуір таралған, әрі қарсылас тараптың қолында бар нәрселердің ең күштілері осы. Олардың басқа дәлелдеріне келер болсақ, олардың жалғандығы, әлсіздігі мен парықсыздығы ап-айқын, оларға жауап беру үшін бұл бөлімді созып отырудың қажеті де жоқ.

7-Бөлім. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметімен тәуассулді теріске шығару Пайғамбардың өзінің құрметің және оған деген құрметті теріске шығаруды білдірмейді

Көпқұдайшылық пен бидғаттарды таратушылардың тәсілдерінің бірі олар бірқұдайшылық пен Сүннетті жақтаушыларды адамдарға барынша жаман кейіпте көрсетуге бар күш-қайраттарын салатынында көрініс табады.  Өйткені олар ақиқаттың жақтаушыларымен дәлел келтіруде және өз ұстанымын Құран мен Сүннеттен алынған білімнің негізінде тартысуға шамасы келмейді. Ғылыми пікір-сайыста масқара болып жеңілгеннен кейін, оларға күш көрсетіп қорқытудан әрі сонымен бірге олардың ұстанымына келіспеушілігін білдіруге батылы жеткеннің кез-келгеніне күйе жағудан басқа еш нәрсе қалмайды.

Ханафи мәзһабының үлкен имамдарының бірі – имам әл-Бәрқауи (981 һ/ж) осы жайтты түсіндіріп былай деген: «Ең ұлы бүлік – бұл қабірге сиынушылардың бүлігі, әрі ол, сахабалар мен олардың ізбасарларының айтқанындай, пұтқа табынушылардың дінінің негізі болып табылады. Шайтан оларға белгілі бір ұлы адамның қабірін көрсетеді, содан соң бұл қабір Аллаһпен қатар құлшылық етілетін пұтқа айналады. Кейін шайтан өзінің ізбасарларын «кім осы әулиеге сиынуға және оның қабірінің басына үнемі жиналуға және оны пұтқа айналдыруға тыйым салса, сол осы әулиені қорлаған және оның құқығын құрметтемеген болады» деген сенімге иландырады. Содан соң бұл надандар оларға осы қабірдің басына жиналуға тыйым салатындармен қастасады да, оларды кәпір деп айыптайды. Ал ол ешқандай күнә жасамады ғой, ол бар болғаны Аллаһ пен Оның Елшісі бұйырған нәрсені бұйырды, әрі Аллаһ пен Оның Елшісі тыйым салған нәрсеге тыйым салды».  Қз.: «Зиярат ул-Қубур» 82-бет.

Осы жерде сопылардың бұл айыптары шындықта негізі жоқ кезекті өтірік мәлімдемелер ғана екенін түсіну керек. Біздің Аллаһқа Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі мен қақысы арқылы жалбарынудың заңдылығын теріске шығаруымыз Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің құрметін теріске шығаратынымызды, оны құрметтемейтінімізді және жақсы көрмейтінімізді білдірмейді. Осы жерде бізге мына нәрсені ұғып алу өте маңызды болады: Аллаһ Тағала Өзінің Елшісін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тура жолдың басшылығы болатын дінді бекіту үшін жіберді және әр нәрсенің өз орны мен мәртебесін бекітті.  Сондай-ақ біз өзімізден бұрын өмір сүрген қауымдар сияқты адасушылыққа түспеуіміз үшін, Аллаһ Тағала бізге олардың адасушылыққа түсуіне себеп болған барлық жолдар мен істерді ескертті. Міне, осылайша, бізден бұрынғы қауымдардың адасушылыққа түсуінің ең басты себептерінің бірі – олар пайғамбарларға лайықты құрмет көрсетпей, оларды өтірікшілер деп, елден қуып, өлтіруге дейін барғаны еді.  Ал басқалары пайғамбарларды ұлықтап-құрметтеуде шектен шықты да, бұл оларды өз пайғамбарларын Аллаһтың ұлдары деп атауға, әрі олар құдайы болмысқа ие деп айтуға дейін алып барды.  Ал салиқалы адамдарға (әулелерге) келер болсақ, әлгілер оларды өздерімен Аллаһтың арасында дәнекер етті де, оларды іс жүзінде оларға тиісті болмаған орынға қойып қойды. Біреу: «Ешкім Мухаммад Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһтың ұлы деп айтып жатқан жоқ және оған құдайы сипаттарды теліп жатқан жоқ», — деп айтуы мүмкін. Ал біз: көптеген сопылық тариқаттардың өкілдері Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ашық түрде Аллаһтың ұлы деп айтпаса да, оған құдайы сипаттарды телиді деп айтамыз.

Мұның мәні олардың «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әруағы біздің жиналыстарымызға қатысады» деп санауында. Сондай-ақ олар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірінің қасында тұрып, оған түрлі тілдерде және бір уақытта әртүрлі тілек-сұраныстарын айтып жалбарынады. Ал бұл олардың Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардың сөздерін естиді әрі олардың сұраныстары бір мезгілде және әртүрлі тілдерде айтылып жатқанына қарамастан, оларды түсінеді және олардың дауыстары мен сұраныстарын ажырата алады деген сеніміне нұсқайды.  Олардың кейбіреулері Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) табиғаттың кейбір құбылыстарын басқарады, ғайып пен көмес ілімді біледі, бақыт пен бақытсыздық әкеле алады деген сенімге ие. Мен осы жерде мұның барлығын олардың бұл осы сенімдері ашық түрде жария етілетін дереккөздері мен кітаптарына сілтеме жасамастан келтіріп отырмын, өйткені бұл дереккөздер мен кітаптарға біз  «Мәуліт – ең қауіпті бидғаттардың бірі және не үшін ханафилер оны өткізбейді» атты кітабында нұсқаған болатынбыз. Осы жерде сондай-ақ бидғатшылардың көзқарастарын теріске шығару барысында олардың дереккөздері мен кітаптарына сілтеме жасау өте маңызды екенін атап өту керек, өйткені осы арқылы біз өзімізді олардың тарапынан бізге тағылатын, біз оларға негізсіз өтірік жапсырғандығымыз туралы айыптардан қорғаймыз. Сондай-ақ біз осы арқылы оқырманды кез-келген талап пен айыптар «аспаннан алынған» емес, негізделген болуы қажеттілігіне үйретеміз. Сосын оқырман ақиқатқа ілесушілерді сопылар т.б. солар сияқты бидғатшылардан ажырата алатын болады. Өйткені кім «Иман» т.с.с. баспалар жарыққа шығаратын сопылардың кітаптарын ашып қараса, олардың кітаптары өздері пайдаланған сілтемелер мен дереккөздерді нұсқаудан жұрдай екенін көре алады. Мысалы, олар: «Сәләфилер аспанға табынады», — немесе: «Олар Аллаһ Тағалаға дене мен бағыт телиді», — деп мәлімдейді де, бірақ әһли-Суннаның осындай дінбұзар сенімді ұстанатынын қай көздерден тауып алғанын  ешбір жерде атамайды. Оқырман осындай дәлелсіз айыптаулар арқылы кез-келген нәрсені ойдан шығаруға, барлық ұлы күнәларда, тіпті күпірлікте айыптауға болатынын, әсіресе, сопылардың өздерін Исламға телитін ең өтірікші секталардың бірі екенін ескерген түрде бұл әбден ықтимал екенін түсінуі қажет. Олар  Сүннеттің жақтаушыларына жала жапсыруға ғана емес, сондай-ақ мүлде бетпақ және ұятсыз тәсілдермен қасиетті мәтіндерді бұрмалауға, әрі сонысымен Аллаһ пен Оның Елшісіне де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлем болсын) жала жапсыруға ұялмайтынын оқырман түсініп қойған болар. Ендеше, бұл адамдардан осыдан кейін не күтуге болмақ?!

Сондықтан да біз олардан кітаптарын жазған кездерінде бос және дәйексіз сөзге қағаз құртпай, ақпараттарын алған әһли-Сунна ғалымдарының кітаптарына немесе өздерінің кітаптарына сілтемелер келтіруін талап етеміз. Ал бізге келер болсақ, біз Аллаһтың рұқсатымен олардың әрбір кітабын міндетті түрде талдайтын боламыз. Содан кейін бұл кітаптарда кездесетін кез-келген адасушылықтарға теріске шығару жазамыз, әрі осы арқылы олардың өтірікші болмысын әшкерелеп, мұсылмандарға дұрыс бағыт сілтейтін боламыз. Сопылар ешбір жазасыз өз қылмыстарын жасай беретін және қиялына келген нәрселерді істей беретін замандар өтті.

Ал егер Түркістанға, Арыстан Бабқа, Бекет Атаға т.с.с. өздері қиялдарынан алып «киелі» деп атаған жерлерге сапарлар ұйымдастыратындар өздерінде мұндай сенімдері жоқ екенін алға тарса, онда оларға бірнеше тармақтан тұратын келесідей  жауап беріледі:

1. Істің мәні мұндай сенімдердің бір мезетте пайда бола қалмайтынында болып тұр. Оларды тарату және орнату жәймен, ізбе-із, бірте-бірте жүріп жатады. Сол сияқты діни киім киетін және денесін толық жабатын иман келтірген әйел, біз мезетте пляжға жалғыз іш киіммен шықпайды ғой. Басында ол сәнді түрлі-түсті киім кие бастайды, кейін денесінің пішінін көрсететіндей тарлау киімге көшеді,  кейін ол бірте-бірте жеңін қысқарта бастайды, кейін орамал тағу үлгісін сәнге салынып өзгертеді, сөйтіп ұятын толық жоғалтпайынша әрі қарай жылжи береді. Мұның барлығы шайтанның басқан ізінен ілесу деп аталады. Сондықтан да Аллаһ Тағала былай деген: «Әй мүміндер, шайтанның басқан іздерін баспаңдар. Кім шайтанның іздеріне ерсе, күдіксіз, ол ұятсыздықты, жамандықты меңзейді» («ән-Нур»  сүресі, 24: 21).

Сондықтан да білім иелері соңы жамандыққа алып келетін нәрселердің алғашқы белгілерін байқап, осы кішігірім алғашқы ауытқушылықтарды айыптай бастағанда, ой өрісі тар адамдар бұда ешқандай жамандық көріп тұрмағанын және ешқандай жаман нәрсе істеп жатпағанын алға тартады. Сонымен бірге олар білім иелерін артық кетушілікте, қаталдықта және біліксіздікте айыптай бастайды.

Бұл жерде де тура сол нәрселер орын алуда. Алдымен шайтан адамды: «Аллаһтан «әулиенің» құрметімен және қақысымен сұрау бұл осы «әулиеге» деген құрмет пен ілтипат танытудың көрінісі болып табылады», — деп азғырады. Кейін адам «әулиенің» өзінен ол үшін Аллаһтың алдында шапағатшы болуын сұрай бастайды. Кейін ол әулиенің Аллаһ алдында шапағат етуінің қажеті де жоқ, керісінше, әулиенің өзі-ақ жетіп асады деп санайтын болады. Ал егер біреу осыған күмәнданса, онда христиан миссионерлері адамдарға кім Иисусқа иман келтірсе, Иисус соны жақсы көреді де, оны тура жолға салады т.с.с. деп түсіндіретінін есіне алсын. Ал христиандар да кезінде Иисусты Құдайдың баласы деп те, құдайы сипаттарға ие деп те есептемейтін еді ғой.

Осыдан шыға келе, оқырманға келесі нәрселер түсінікті болады:

‘Умар Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: “Христиандар Мәриям ұлы Исаны ұлықтағандай мені ұлықтамаңдар. Мен бар болғаны құлмын, сондықтан да: «Аллаһтың құлы әрі Оның Елшісі», — деп айтыңдар” (хадис сенімді (сахих); Бухари 3445).

Ал егер олар: «Біз Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) христиандар Исаны ұлықтағандай етіп ұлықтамаймыз, өйткені христиандар оны Құдайдың ұлы деп айтады, ал біз мұндайды айтпаймыз», — десе, онда біз оларға: «Бұл хадисте Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қандай дәрежеге дейін ұлықтауға тыйым салынатындығы туралы емес, бірақ Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) христиандар осыны іске асыратындай әдіспен, үлгімен, тәсілмен  ұлықтауға болмайтындығы туралы айтылған», — деп жауап береміз.

Бұған мына хадис дәлел болады:

Әнас адамдардың Аллаһ Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, оған: «Сіз — біздің ішіміздегі ең жақсымызсыз және біздің ішіміздегі ең жақсымыздың ұлысыз», — деп айтқаны туралы баяндаған. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген екен: «Әй, адамдар! Сөздеріңді немесе сөздеріңнің бір бөлігін айтыңдар, бірақ шайтан сендерді босаңсытпасын! Мен – Мухаммад, Аллаһтың құлы әрі Оның Елшісімін, әрі мен өзімді Аллаһ қойған орнымнан жоғары көтеруін қаламаймын» (хадис сенімді (сахих); Нәсаи «’Амәләл-йаум уәл-лләйлә» 248; Ахмад 3/153, 241, 249 т.б.; Шейх Муқбил хадисті «Сахих әл-Муснадта» 121 сенімді деп атаған).

Осы хадисте көрініп тұрғанындай, адамдар оны Құдайдың ұлы деп айтпады, тіпті бұған жақын еш нәрсе айтқан жоқ, алайда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардың мұндай сөздеріне тыйым салды да, мұны ең соңында үлкейе түсетін ұлықтауға алып келетін шайтаннан  келген босаңсу деп атады.

Сондай-ақ біз: «Сендер бүгін: «Мухаммад — Аллаһтың ұлы», — деп айтпасаңдар да, мұны ертең айтасыңдар, немесе осыны сендердің немерелерің айтады, өйткені христиандар да Исаны бір сәтте Құдайдың ұлы деп айтып шыққан жоқ қой.  Бұған дәлел – сендердің асыра ұлықтау жолына түсіп үлгіргендерің, әрі ерте ме, кеш пе сендер христиандар жеткен шекке жетесіңдер, өйткені бұлардың бәрі — бір жол», — деп айтамыз.

Абу Са’ид әл-Худри Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізген: “«Сендер міндетті түрде өздеріңнен бұрын өмір сүргендердің әдет-салттарына ізбе-із, сүйемнен сүйем, шынтақтан шынтақ ілесіп кетесіңдер. Тіпті олар кесірткенің ұясына кіріп кетсе де, сендер де міндетті түрде оларға ілесесіңдер». Біз одан: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Сіз яһудилер мен христиандар туралы айтып тұрсыз ба?», — деп сұрадық.  Ол: «Енді кімді», — деп жауап берді” (хадис сенімді (сахих); Бухари 3456; Муслим 2669; Ахмад 11800 т.б.).

2. Сондай-ақ олардың мәлімдемесіне жауап ретінде олар Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құдайы сипаттарды телуге дейін міндетті түрде жететінін де  айтуға болады. Бұған дәлел — олар өздерінің барлық кітаптары мен іс-әрекеттерін араб елдеріндегі жетекшілерінің ізінен дәлме-дәл қайталайтыны болып табылады.  Осыдан шыға келе, біз олардың бұзып өтпеуге тиісті сызықтың алдында тоқтай алмайтынына сенімдіміз. Өйткені олар еліктейтін дүние жүзі бойынша таралған сопы тариқаттарының жетекшілері де осы шекараның алдында тоқтай алмаған.  Бұл үшін алысқа бармай-ақ, сопылардың Дағыстанда, Сирияда, Мысырда т.с.с. жерлерде өткізетін жиындарында не істеп жатқандарына қараудың өзі жеткілікті болады.  Дүние жүзі бойынша сопыларды тоқтата алмаған, бірақ біздің сопыларды тоқтататын не болуы мүмкін екен?!

3. Әрі соңғысы – бұл Түркістанға, Бекет Атаға және сол сияқты «әулиелі» жерлерге сапар ұйымдастырушылар мен сопылардың қазірдің өзінде осы сенімдердің бір бөлігіне ие екендігі. Нақтырақ айтсақ, бұл олардың «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) біздің жиындарымызға қатысады» деген сенімі.

Сондықтан да осы сапарды ұйымдастырушылар мен сопылар өздерін өтіріктен жатқызатын ханафи мәзһабының ғалымдары былай деген: “Кім: «Шейһтардың (әулиелердің) әруақтары осы жерде және біледі», — десе, сол кәпір болады”. Қз.: «әл-Бахр әр-Раик» 5/134.

Айтылғанның барлығынан олардың іс-әрекеттері Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) деген махабаттан да, құрметтен де жұрдай екені айқын болады. Мұның үстіне  Пайғамбардың өзі де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Әрі мен өзімді Аллаһ қойған орнымнан жоғары көтеруін қаламаймын». Ендеше, қалайша сіздер Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жек көретін нәрселерді істей тұра, оны сүйеміз деп айтасыңдар?!

Ал бірқұдайшылықты ұстанушыларға келер болсақ, онда олар Пайғамбардың  (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі Аллаһтың алдында ең ұлы дәрежеге ие екеніне күмәнсіз сенеді.  Барлық мұсылмандардың бұған қатысты бірауызды пікірін біз жоғарыда келтіріп кеткен болатынбыз.

Сондықтан да шейх әл-Әлбани былай деген: «Кім Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметімен тәуассул жасау рұқсат етілген деп айтса, бұған шариғаттан дәлел келтіруге міндетті. Ал біз (шариғатқа) қарап, мысалы, Аллаһтан басқа ешкімге рукуғ та, сәжде де жасауға болмайтынын көрдік. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) болса адамдарға бір-біріне иіліп рукуғ жасауға да, сәжде жасауға да тыйым салды. Сондай-ақ біз Сүннеттен Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің алдында орнынан түрегелуді жақсы көрмегенін әрі осы мұның заңдастырылмағанына нұсқайтынын да көрдік.  Осыдан шыға келе, егер біз Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сәжде жасау заңдастырылмаған деп айтсақ, сонда біз Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметі мен мәртебесін теріске шығарған боламыз ба?! Жоқ, тағы да бір рет жоқ. Тура сол сияқты, біреу-міреу  Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрмет пен мәртебеге ие дегенді пайдаланып, соның негізінде Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) рукуғ пен сәжде жасауға болады деп айтса болады ма?! Жоқ, тағы да бір рет жоқ. Осымен, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құрметін растау мен оның құрметімен тәуассул жасауды заңдастырудың арасында, егер шариғатта бұған ешбір дәлел келмеген болса, ешқандай байланыс жоқ екендігі күмәнсіз түсінікті болды». «Тәуассул» 116-117 беттер.



[1] Мысалы, «ет» сөзі кейбір қауымдарда өзіне жануарлардың да, балықтың да етін қамтиды. Ал басқа қауымдарда «ет» деген сөзбен балық еті меңзелмейді.

[2] «Тәуассулдің» тілдік мағынасында келіспеушіліктер жоқ. Бұл мағыналарды Ибн әл-Асир, Файруз Абади, Ибн Фарис, Рағиб әл-Асфахани, Ибн Жәрир әт-Табари т.б. жеткізген. Олардың барлығы араб тілінің ғалымдары.

[3] Бұдан біз сопыларды көпқұдайшылдар немесе кәпірлер деп айтып жатырмыз деп түсінбеу керек.

 [4] «Уәсилә» мен «тәуассул» терминдерінің осындай анықтамасын сопылардың «Рух ул-Баян» 1/560 кітабынан табуға болады.

[5] Бұл сөздер барлық имамдар мен діни қайраткерлерге қатысты емес, сондай-ақ олар мешітке садақа алып келетіндердің де барлығына қатысты емес. Алайда осы суреттелген жағдай шын мәнісінде кең көлемде етек алғанын өкінішпен мойындауға тура келеді.

[6] Имам Абу Ханифаның ең жақын шәкірттерінің бірі.

[7] Бұл ғимарат осылай аталып кетуінің себебі – ‘Умар оны бір кісіге қарызының орнына берген болатын. Араб тілінде бұл «қада» деп айтылады.

[8] Хадисте «атымен» деген сөз мүлде жоқ, ал олардың аудармасында ол «абайсызда» пайда болып қалыпты!

[9] «Сұрағанын» деген сөз бұл оқиғаның бір-ақ рет орын алғанына нұсқайды, ал шындығында бұл олай емес.

[10] Бұл риуаятты олар оның әлсіз және сенімді (сахих) емес екенін атамай-ақ келтіреді. Ал олар мұны не үшін келтіргенін оқырман, әрине, түсінді.

[11] Бұл сөз де сондай-ақ осы оқиғаның бір-ақ рет орын алғанына нұсқайды, бірақ іс жүзінде бұл олай емес.

[12] «Мухаммадтың көкесіне тәуассул» деген сөздер түбегейлі дұрыс емес, өйткені тәуассулді көкесіне емес, Аллаһқа жасайды, бірақ оны Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі арқылы жасайтын.

[13] «Ол үшін» деген сөз хадисте жоқ!

[14] Оқырман көріп тұрғанындай, бұл сөздер біз негізге алған хадистің риуаятында жоқ. Істің мәні мынада: «Тәуассул» кітабының авторы осы жерде хадистің екі риуаятын араластырып келтірген, ал оның екіншісі әлсіз болып табылады әрі оны біз осы дәйекті талдаудың соңында әлі қарайтын боламыз. Ол бұл екі хадисті, оның біріншісінен өздеріне тиімсіз болған сөздерді алып тастау, ал екінші сенімсіз риуаяттан оған өздеріне керек сөздерді қосу үшін, араластырып тастады.

[15] Біз көріп тұрғанымыздай, автор, біз жоғарыда атап өткен олар істеуі керек болған нәрселердің біріншісін орындау үшін, хадистен тұтас бір үзіндіні алып тастаған.

[16] Осылайша ол «Оның мен үшін жасаған шапағатын қабыл ет» деген сөздерді алып тастады. Өйткені бұл сөздерде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол үшін дұға еткені және шапағат еткені айқын көрінеді, ал оның қосқан сөздерінде бұл енді жоқ.  Бұған қоса, олардың қосқан сөздері «Уа, Аллаһ! Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), яғни оның құқығы мен құрметін, мен үшін шапағатшы ет» деп түсініледі.

[17] Осынысымен ол: «Әрі мені ол үшін шапағатшы ет» деген сөздерді өзгертті. Өйткені дұрыс аудармадан «Менің «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мен үшін жасаған дұғасын қабыл ет» деген дұғамды қабыл ет» деген мағына түсініледі, ал олардың енгізген сөздері бұл мағыдан айырылған.

[18] Шын мәнісінде әл-Хаким осы өтірік кітаптың авторы келтірген бұл хадисті емес, біз келтірген хадисті сахих деген, өйткені оның өзі оны өзінің «Мустадрак» жинағында келтірген әрі ол туралы сахих деген шешім шығарған. Ал  мына хадиске келер болсақ, ол оның сенімді (сахих) және сенімсіз риуаяттарының қоспасы.  Бұл екі риуаяттар екі әртүрлі хадис жинақтарында бір-бірімен араласпаған түрде келеді. Ендеше, олар ғалымдардың бір хадистің сенімділігі туралы шығарған үкімін басқа, өздерінің қолдарынан шыққан әлсіз хадистерге қалайша телитініне назар салыңыз. «Оларды Аллаһ опат етсін! Олар нендей ақиқаттан бет бұрған!» («Тәубе» сүресі, 9:30).

[19] Іс жүзінде имам әз-Зәһаби хадис сенімді (сахих) деп айтпаған, ол Хакимнің «Мустадрак» кітабын тексеру барысында оның сөздерін теріске шығармаған ғана.  Ал имам әз-Зәһаби өзінің үндемеуін Хакимнің қорытындысымен келісуді білдіреді еш жерде деп айтпаған (Қз.: «Илзамат уат-Татаббу’» 6-бет, шейх Муқбилдің кіріспесі).

[20] Автордың «1-том, 519-бет» сөздерінен автор бұл хадисті, сондай-ақ Хаким мен әз-Зәһабидің содан соң келетін хадис туралы сөздерін тұтас шейх әл-Әлбанидің «Тавассуль, его виды и постановления о нем» («Тәуассул, оның түрлері мен ол туралы үкімдер») атты кітабынан алғаны айқын көрініп тұр, оны жек көруіне қарамастан. Өйткені Хакимнің «әл-Мустадрак» кітабы бірнеше басылыммен басып шығарылған, әрі бұл хадис әртүрлі басылымдарда әртүрлі томдарда және әртүрлі беттерде келеді. Әрі осы өтірікші кітаптың авторы мен шейх әл-Әлбани бірдей басылымды қолданғаны өте күмәнді. Әсіресе, егер бұл адамның кітабы қаншалықты әлсіз екенін ескерсек, онда автор Хакимнің кітабының өзін пайдаланғанына немесе оны көзімен көргеніне салмақты күмән пайда болады. Іс жүзінде ол бұл хадистерді толығымен шейх әл-Әлбанидің кітабынан көшіріп алған. Мұны сондай-ақ ол хадистерге өзгертулерді дәл әл-Әлбанидің теріске шығаруларына сәйкес енгізетіні де растап тұр, ал бұл жайт өздігінше ол әл-Әлбанидің кітабын оқып шыққанын (оның орыс тіліне аударылғаны жақсы болып тұр ғой),  теріске шығарулардың мәнін түсінгенін, ақиқаттан бас тартқанын және хадистерді өзінің мүддесіне қарай ыңғайластырып түзеткенін көрсетіп тұр.

[21] Осынысымен Шейхмардани оқиға қаншалықты атақты болса да, олардың өтірік тәуассулдерінің қарсыластары оны білмейтіндей дәрежеде соншалықты білімсіз екенін, әйтпесе олардың тәуассулі шариғатта заңдастырылғанын міндетті түрде мойындайтын еді деп айтқысы келіп тұр.

[22] Ол зағиптың «Аллаһтан Ол маған көру қабілетін қайтарып беруін сұра» деген сөздерін нендей епті алып тастағанына назар салыңыз. Оқырман мұның не үшін істелгенін түсініп те қойды.

[23] Шейхмардани өзінің есімін атамаған бірінші кітаптың авторынан да асқан арсыз әрі ұятсыз.  Ол хадисте жоқ, бірақ өзіне керек болған сөздерді мүлде арсыздықпен және ешбір ұялмастан қосып жатқанына қарамайсыз ба?!  Бұл сорлы оның қасиетті мәтіндерге қатысты істеген қылмыстарын зерттейтін біреу табылатыны туралы ойламаған да шығар. Аллаһ Тағала былай деген: «Немесе жүректерінде дерті барлар Аллаһ олардың кектерін әсте ашыққа шығармайды деп ойлады ма(«Мухаммад» сүресі, 47: 29).

[24] Тура бірінші кітаптың авторы қолданған тәсіл, бірақ соңғы сөздерді бұл «аудармашы» «бір себепті» мүлде түсіріп тастапты.

[25]  Мұсылмандардың үшінші салиқалы халифасы.

[26] Шын мәнісінде, Бухари өзінің «Сахихында» ешқашан жалған оқиғаларды жеткізбеген, ал бұл хадисті Ибн Аби Шәйбадан басқа ешкім жеткізбейді. Ал олар бұл хадисті Бухариге теліп, оқырманды бұл хадис шүбәсіз сахих екеніне сендіргісі келеді, өйткені Бухаридің жинағындағы барлық хадистер сенімді болып табылады.

[27] Олар осы хадисті келтіре отырып, оны Мәлик әд-Дар баяндайтынын атап кетпегеніне назар бұрыңыздар, бірақ олар осыған дейін әрбір хадисте оның баяндаушысы кім екеніне міндетті түрде нұсқайтын.  Мұның себебі – олар Мәлик ад-Дардың белгісіз жеткізуші және дәл соның себебінен бұл хадис әлсіз екенін түсінді де, мұны жасырды.

[28] Іс жүзінде хадисте ол түсінде кімді көргені нақты айтылмаған.

[29] Олардың білімсіздігінің тереңдігі сонша – олар Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) азаншысы болған Біләл ибн-Рабах пен  хадисте аталатын Біләл ибн әл-Харис әл-Музаниді шатастырып отыр.