Соңғы жылдарда Орта Азияның, Кавказдың, Қазақстанның мұсылмандары тамыры отқа табынушылық (зароастризм) дінінен бастау алатын парсы отқа табынушыларының жаңа жылы – наурызды атап өтуде ерекше ынта танытып жатқаны Ислам дініне қызғанушылық танытатын жүректі қынжылтпай қалдырмайды. Осылайша, көптеген пәтуаларда Ислам сенімдері мен қағидаларына қайшы келеді деп сипатталған бұл «мейрам» әдет-ғұрыпқа сіңіп кеткен ырым-жырымдар мен исламға дейінгі қалдықтарды ұлттық салт-дәстүр деп танитындар үшін қазақтың этномәдениетін қайта жаңғыртумен байланыстырылатын болды. Алайда бұл «мейрамды» қазақтың төл мерекесі деп атап жүргендердің сөздерін оның атауының өзі-ақ жоққа шығарып тұр. Өйткені ол парсылардың «Нау (жаңа) руз (күн)» деп аталатын ежелден аталып келе жатқан мейрамы. Ал бұл «мерекенің» мәнін түсіну үшін, және оның қазақтарға қай жақтан келіп енгенін білу үшін, оның шыққан тарихына қарау керек болады.
Наурыз «мерекесі» ежелгі үнді-арий тайпаларының діни сенімдерімен байланысты әрі ежелгі Иранда тойланатын болған.
Бұл «мереке» анимистік элементтерге ие болғаны белгілі. Наурыз күні ежелгі үнді-арийлер өлген ата-бабаларының рухтарына сиынатын болған. Бұл салт кейіннен Иранның ресми дініне айналған отқа табынушылық – зороастризмге де енді. Отқа табынушы мәжусилердің (зороастрилердің) жеті мейрамдарының бірі көктемнің кіру маусымымен тұспа-тұс келіп, ізінен ата-бабалардың рухтарын еске алатын Наурыз мерекесіне ұласатын. Ол көмтемгі күн мен түн тең болатын күннің қарсаңындағы түнге тура келетін.
Кейінгі отқа табынушы мәжусилер бұл мерекені отқа бағыштайтыны тарихшылар арасында күмән туғызбаған. Наурыз күні Ахемени және Сасани дәуірлерінен бері қарай ғибадатханаларда отқа құлшылық жасалатын. Иранның патшалары осы күні бағынышты халықтарынан сыйлықтар қабылдайтын. От үйлердің үстінен бастап, дастархан үстіндегі шырақтарға дейін барлық жерлерде жағылатын. Осы кезде отты қасиетті тұтудың қалдықтары кейбір қазақтардың бесікті, жаңа үйді, келген келінді отпен аластайтынында, отқа май құйып иіс шығаратынында көрініс табады.
Мәжусилердің 21-22-23 күндері күнге, отқа ғибадат жасауының негізінде олар ізгілік пен жарықтың, жылылық пен өмірдің құдайы Ахумаразданың жамандық пен жауыздықтың, қараңғылық пен суықтың құдайы саналатын Ахриманды жеңіп, оның билік құратын ауыспалы жыл мауысымының басталғаны жатыр. Осы күні осы мәжуси мейрамының басқа да сипаттары сақталып қалған. Мысалы, мәжусилер ыдыстарын бидай немесе арпа дәнімен толтырып, үстінен су құйып, ал олар өсіп шыққан соң, үйлеріндегі арнайы орынға қойып қоятын. Тура осы сияқты бүгінгі күні Орта Азия халықтары да дәндерді өсіруге қойып қояды.
Жоғарыда келтірілген Наурыздың шығу тарихы мен мән-мазмұнына арналған қысқаша шолудан бұл «мерекенің» бірқұдайшылықтың негіздеріне толығымен қайшы келетіні, әрі кім оны тойласа, оған дайындалса, немесе оған қатысса, сол исламға дейінгі надандық дәуірінің ең жиіркенішті іс-әрекеттердің біріне қатысқан және Аллаһқа серік қосып үлкен күнә жасаған болатыны айқын болады.
Сонымен, наурыз шығу тегі бойынша қазақтың емес — парсылардың, мән-мазмұны бойынша мұсылманның емес – мәжусилердің, негізі бойынша салт-дәстүрлік емес діни мереке болып табылатыны анық болды. Ал мәжуси дінінің көпқұдайшылық және күпірлік екеніне ислам ғалымдарының арасында келіспеушілік болмаған. Ислам олардың мерекелерін атауға қатаң тыйым салған.
Біз мұсылмандар тек өзіміздің Құрбан Айт, Ораза Айт секілді мерекелерімізді ғана атауымыз қажет. Себебі, мұсылман еместердің мейрамдарын тойлау дінімізде тыйым салынған істерге жатады.
Атақты сахабалардың бірі болған Әнас ибн Мәликтің (оған Аллаһ разы болсын) былай деп айтқаны жеткізілген: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға көшіп келген кезде, оның тұрғындары екі мереке тойлайтын еді, әрі оларды ойын-сауқпен және көңіл көтерумен өткізетін. Ол олардан: “Бұл күндер нені білдіреді?” – деп сұрады. Олар: “Бұл күндерді біз жаһилия (исламға дейінгі надандық) дәуірінен бері тойлап, көңіл көтеріп келеміз”, — деп жауап берді. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға: “Расында, Аллаһ оларды олардан жақсырақ болған екі мереке күндерімен ауыстырды: (олар -) Ораза айт пен Құрбан айт”, — деді» (Әбу Дәуд 1134, ән-Нәсәи 1556, Ахмад 3/178, ‘Абдур-Раззақ 15566. Хафиз Ибн Хәжар және шейх әл-Әлбәни хадистің сенімділігін растады).
Осы хадисте кәпірлердің мейрамдарын тойлауға тыйым салынғандығына нұсқау бар. Хафиз ибн Хәжар былай деген: «Осы хадистен мушриктердің (көпқұдайшылардың) мереке күндерінде көңіл көтеру тыйым салынған деген қорытынды шығарамыз» (Қараңыз: “Фатхул-Бәри” 3/166).
Ізгі халифа `Умар ибн әл-Хаттаб (оған Аллаһ разы болсын): «Аллаһтың жауларынан мейрамдары кезінде аулақ жүріңдер», — деп айтқан екен (әл-Бәйһақи 18641, иснады сенімді).
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деді: «Кәпірлердің Мерекелерінің қайсыбірінде оларға еліктеу, адамның солардың жалған сенімдері мен әдет-ғұрыптарына разы екенін білдіреді». Ол сондай-ақ: «Кәпірлердің мейрамдарында мұсылмандар оларға дәл сол нәрсеге қолданатын киім болсын, тамақ болсын, әтірлер және т.б. болсын, ештеңені сатпаулары керек», — деді (Қараңыз: “әль-Иқтида” 229).
Шейх Ибн әл-Қайим былай деді: «Кәпірлердің мерекелерімен құттықтау, ғалымдардың бірауыздан келіскен пікірі (ижма`) бойынша тыйым салынған». Ол сондай-ақ былай деді: «Бұл біреуді шарап ішуімен немесе адам өлтіруімен, немесе зина жасауымен құттықтау секілді», — деп айтқан» (Қараңыз: “Ахкәму әһли-ззимма” 1/441).
Ал енді мына сахабаның сөздеріне назар аударыңыз! `Абдуллаһ ибн `Амр былай деген: «Басқа дін өкілдерінің елінде тұрған және олардың мерекелері Наурызды тойлаған, әрі оларға қайтыс болғанынша еліктеген адам, Қиямет күні солардың арасында тіріледі» (әл-Бәйһақи 9/234. Шейхул-Ислам Ибн Тәймия, шейх Ибн әл-Қайим сеніміділігін растады. Қараңыз: “әл-Иқтида” 1/457, “Ахкәм әһл әз-зимма” 3/124).
Ал енді ханафи ғалымдарына келер болсақ, олар бұған өте қатал қараған.
Ханафи имамдарының бірі – Уалиуллаһ әд-Дахләуи (1110-1176 х. жж.) былай деген: «Осы екі мерекелердегі негіз әрбір халықта олар жақсы киімдерін киіп өздерінің қалаларынан әшекейленіп шығатын күні болатындығында, әрі осы дәстүр кез-келген халықта бар, олар араб немесе шетелдіктер болса да. Әрі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға келген кезінде, ол жергілікті тұрғындардың ойын-сауық жасап серуендейтін екі күні бар екенін көрді де: «Ақиқатында, Аллаһ сендерге осы екі күнді олардан жақсырақ Құрбан Айт және Ораза Айт күндерімен ауыстырды», — деді (хадис сенімді (сахих); Қз.: «Силсилә әл-Ахадис әс-Сахиха» № 2021). Олардың мерекелері «Наурыз» және «Махражан» еді деп те айтылады[1].
Әрі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға осы екі күнді ауыстыруға асықты, өйткені адамдарда қандай мереке болмасын, ол мерекенің себебі сол халықтың рәсімдері мен салт-дәстүрлерін ұлықтауды қалау, немесе олардың жергілікті билеушілеріне жағымпаздануды қалау, немесе осы сияқты нәрселер болады. Сондықтан да Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) егер ол оларды және олардың дәстүрлерін осыда қалдырса, онда ең соңында адамдардың надандық дәуіріндегі рәсімдерді құрметтеуге және ата-бабаларының салттарын таратуға деген құштарлық жеңіп шығатынынан қауіптенді. Сондықтан да ол оларды бірқұдайшылық дінінің рәсімдерін ұлықтайтын және дәріптейтін екі күнмен ауыстырды әрі мұсылмандардың жиыны жай ойын-сауыққа айналмауы үшін және мұсылмандардың жиналысы Аллаһтың сөзін ұлықтаусыз өтпеуі үшін жай сәнденуге Аллаһты зікір етуді және ғибадаттардың кейбір түрлерін қосты». Қз.: «Хужжату-Ллаһи әл-балиға» 2/30-31.
Ханафи мазһабының ұлы ғұламасы, атақты хадис зерттеушісі имам әз-Зәйлә`и «Табйин аль-Хақаиқ» кітабында былай деп жазған: «Наурыз және Махражан мейрамдарының құрметіне сыйлықтар беру рұқсат етілмейді. Осы екі мейрамның құрметіне сыйлықтар беру – тыйым салынған, тіпті күпірлік болып та саналады. Әбу Хафс әл-Кәбир былай деген: “Адам Аллаһқа елу жыл бойы құлшылық етіп, ал кейін Наурыз келген кезде ол, осы күнді ұлықтайтынын білдіріп, көпқұдайшылардың біріне жұмыртқа сыйлап, амалдары зая кеткен кәпірге айналып кетуі мүмкін”. «Жәми` әл-асғардың» авторы былай деген: “Егер бір мұсылман Наурыз күні басқа бір мұсылманға сыйлық жасаса, әрі осы орайда ол бұны осы күнді ұлықтау мақсатында емес, жай кейбір адамдар арасында осылайша қалыптасып кеткендіктен істесе, ол осынысымен кәпірге айналмайды, алайда ол осы үшін дәл осы күнді ерекшелемей, оларға (кәпірлерге) ұқсамау үшін, сыйлығын бір күн алдын немесе кейін беруі қажет. Себебі Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім қайсыбір қауымға ұқсап-еліктесе, сол солардан болады», — деп айтты”. Ол сондай-ақ былай деген: “… Наурыз күні бұрын ешқашан сатып алмайтын әлдебір нәрсені сатып алатын адам, егер сонысы арқылы көпқұдайшылдар секілді осы күнді ұлықтайтынын білдіргісі келсе, кәпір болып кетеді. Ал егер оны ол жеп—ішу үшін ғана немесе жәй ләззаттану үшін сатып алса, онда кәпірге айналмайды”, — деген»“ (Қараңыз: «Тәбйин әл-Хақаиқ», 6/228).
Кім өзін мұсылманмын деп атап, намаз орындайтын болса, бірақ сонымен бірге отқа табынушы мүшриктердің мейрамын атаса, сол жалғыз Аллаһқа ғана құлшылық ету қағидасын бұзады. Шайтан Оттан жаратылған және өзінің жаратылған нәрсесіне табынуға азғырады. Наурызды тойлаушы отқа табынушылар шайтанға табынады, мейлі ол Митра деп аталса да, Ахумаразда деп аталса да. Мұндай «салтанаттарда» Исламнан бейхабар және оның парыздарын орындамайтындардың, әрі таухидтің негіздерін білмейтіндердің қатысатындығы таң қалдырмайды. Алайда қолайлы сәт түскен сайын: «Біз ханафи мәзһабын ұстанамыз әрі ардақтаймыз», — деп айтып қалуды мүлт жібермейтін діни «қайраткерлеріміздің» бірде-бір ханафи ғалымы істемеген нәрсеге батылдығы жетіп, наурызды атап өтуді құптайтын пәтуа шығарып бергенімен ғана шектелмей, негізі отқа табынушылардың мерекесінен шыққан бұл «мейрамды» Аллаһтың үйлері болған мешіттерде де өткізетін болғаны өкініш туғызып таң қалдырады. Өйткені Наурыздың Исламға да, әрі соның ішінде ханафи мазһабына да еш қатысы жоқ екендігі айдай айқын. Біз Аллаһқа бұның кесірінен пана тілеп жүгінеміз.
[1] Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардың мерекелерін «Енді бұл мұсылман наурызы, немесе мұсылманның махражаны болсын» деп айтпағанына назар бұрыңыздар. Ал бүгіңгі күні наурызға жиналатын кейбір діни сауаты жоқ мұсылмандардың: «Наурыз – мұсылманның жаңа жылы», — деп айтып жүргені жасырын емес. Әрі осы есіктерді ашық қалдырсақ, бірнеше жылдан кейін не болатынын елестету қиынға соқпайды: мұсылман күнтізбелерінде жаңа «мұсылмандық мереке» — «мұсылмандық наурыз» пайда болып, мұсылмандар сол күнде Аллаһқа жақындау үшін және оған ғибадат жасау мақсатымен жиналып, осыны Аллаһтың дінінен деп айта бастайды. Осы күннің өзінде-ақ олар: «Наурыз көжеге міндетті түрде жеті нәрсе салыну қажет, әйтпесе жылдың берекесі болмайды», — немесе: «Наурыз күні табыспасаң, бір жыл бойы ұрысып-керісіп жүресің», — деп, кезінде (Cасанилер дәуірінде) түркі еліне және олардың қоластында болған басқа да халықтарға енгізілген парсы отқа табунышыларының (мәжуси-зароастрилерінің) «Нау (жаңа) руз (күн)» деп аталатын, жарық пен қараңғылықтың, ізгілік пен жауыздықтың екі құдайының (Ахумаразда мен Ахриман) мәңгі күресіндегі жеңіс пен үстемдік жарық пен ізгілікке көшетін, отқа табынушылардың дуализмінен (екіқұдайшылығынан) туындаған күн мен түн тең болатын атаулы күнін Аллаһтың пәк діні болған Исламға теліп, одан: «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» — деп, құт-береке күтіп жүр.