Фиқһ мәселелері

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы (18)

Көзді сәжде жасайтын орынға тігу және намазды жан-тәніңмен беріліп орындау (хушуғ)

«النَّظَرُ إِلَى مَوْضِعِ اْلسُّجُودِ، وَاْلخُشُوعُ»

 

«Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазда басын иіп және көзін жерге тігіп тұратын»[1], (ал) «Қағбаның ішінде болған кезінде, одан шығып кетпейінше, көзін сәжде жасайтын орнынан алмайтын»[2]; және ол:

«لاَ يَنْبَغِى أَنْ يَكُونَ فِى الْبَيْتِ شَيْءٌ يُشْغِلُ المُصَلِّي».

«Үйде намаз орындаушыны алаңдататын еш нәрсе болмау керек», — деп айтатын[3].

«Ол көзді аспанға қаратуға тыйым салатын»[4] және осы тыйымын қатаң түрде талап еткені соншалықты – ол:

«لَيَنْتَهِيَنَّ أَقْوَامٌ يَرْفَعُونَ أَبْصَارَهُمْ إِلَى السَّمَاءِ فِى الصَّلاَةِ؛ أَوْ لاَ تَرْجِعُ إِلَيْهِمْ».«أوْ لَتُخْطَفَنَّ أَبْصَارَهُم».

«Намаз орындау кезінде көздерін аспанға қарататын адамдар олай істеулерін тоқтатулары керек, әйтпесе олардың көру қабілеттері оларға ешқашан қайта оралмайды (хадистің басқа нұсқасында: «…әйтпесе олар көру қабілетінен айырылады», — деп айтылады)», — деп айтатын[5]. Басқа хадисте:

«فَإِذَا صَلَّيْتُم فَلاَ تَلْتَفِتُوا؛ فَإنَّ اللهَ يَنْصُبُ وَجْهَهُ لِوَجْهِ عَبْدِهِ فِي صَلاَتِهِ مَا لَم يَلْتَفِتْ».

«…ал сендер намаз орындап тұрғандарыңда жан-жақтарыңа (бұрылып) қарамаңдар, өйткені Аллаһтың құлы намаз орындап тұрған кезінде басқа жаққа қарамайынша Аллаһ та Өзінің Жүзін оның жүзіне қаратып тұрады», — деп айтылады[6] және ол сондай-ақ (намаз орындаушының) жан-жаққа көз тастауы туралы:

 

«اخْتِلاَسٌ يَخْتَلِسُهُ الشَّيْطَانُ مِنْ صَلاَةِ الْعَبْدِ».

«Бұл (Аллаһтың) құлының намазынан бір нәрсе ұрлайтын шайтанның  (ұрлығынан басқа еш нәрсе емес)», — деп айтқан[7].

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деп айтқан:

«لاَ يَزَالُ اللَّهُ مُقْبِلاً عَلَى الْعَبْدِ وَهُوَ فِى صَلاَتِهِ؛ مَا لَمْ يَلْتَفِتْ فَإِذَا الْتَفَتَ انْصَرَفَ عَنْهُ».

«Аллаһтың құлы намаз оқу кезінде басқа жаққа қарамайынша, Аллаһ оған қарауын  үзбейді, ал ол жүзін бұрған кезде, Аллаһ та одан Жүзін бұрады»[8], (және) ол (намаз орындау кезінде) «үш нәрсеге тыйым салды: мұрынмен тауық сияқты шұқуға, ит сияқты отыруға[9] және түлкі сияқты басты (жан-жаққа) бұра беруге»[10]; ол сондай-ақ былай деп айтатын:

«صَلِّ صَلاَةَ مُوَدِّعٍ كَأَنَّكَ تَرَاهُ، فَإِنْ كُنْتَ لاَ تَرَاهُ فَإِنَّهُ يَرَاكَ».

«Өзіңнің қоштасу  намаздыңды (яғни өміріңдегі ең соңғы намаздай — Аудармашының ескертпесі) Оны (Аллаһты) (өз көз алдыңда) көріп тұрғандарыңдай орында, ал егер сен Оны (көз алдыңда) көріп тұрмасаңдар да, ақиқатында, Ол сені көріп тұр»[11]; және ол былай дейтін:

«مَا مِنِ امْرِئٍ مُسْلِمٍ تَحْضُرُهُ صَلاَةٌ مَكْتُوبَةٌ، فَيُحْسِنُ وُضُوءَهَا وَخُشُوعَهَا وَرُكُوعَهَا؛ إِلاَّ كَانَتْ كَفَّارَةً لِمَا قَبْلَهَا مِنَ الذُّنُوبِ، مَا لَمْ يُؤْتِ كَبِيرَةً وَذَلِكَ الدَّهْرَ كُلَّهُ».

«Кез-келген мұсылман адам парыз намазының уақыты кірген кезде жақсылап дәрет алса, (әрі намазында) лайықты мойынсұнушылық танытып, барлық иілулерді дұрыс жасаса, (бұл) намаз міндетті түрде оның оған дейін істеген күнәларының өтеуі болады, егер (олардың арасында бірде-бір) үлкен күнә болмаса; әрі әркез осылай бола береді»[12].

Бірде ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазды хамисада (жүннен тоқылған, ою басылған киімде — Аудармашының ескертпесі) орындап тұрған кезінде, көзі осы оюларға түсіп кетті. Намазды оқып болған соң ол былай деп айтты:

«اذْهَبُوا بِخَمِيصَتِى هَذِهِ إِلَى أَبِى جَهْمٍ، فَإِنَّهَا أَلْهَتْنِى آنِفَا عَنْ صَلاَتِى، وَائْتُونِى بِأَنْبِجَانِيَتِهِ».

 «Менің мына киімімді Абу Жәһмге алып барып беріңдер де, маған оның анбижанийясын (оюсыз қатты матадан тігілген киім – Автордың ескертпесі) алып келіңдер, өйткені ол (яғни хамиса) намазымнан көңілімді бұрды!  (бұл хадистің басқа нұсқасында: «…өйткені мен оның оюларына қарап едім, олар мені (намаздан) бет бұрғыза жаздады» , — деп айтылады)»[13].

Сондай-ақ «‘Аишада үйінің бір бөлігін керіп жабатын жүннен тоқылған жұқа пердесі бар болатын.  (Бірде) Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған қарап намаз орындады да, кейіннен былай деді:

«أخِّرِيْهِ عَنِّي؛ [فَإِنَّهُ لَا تَزَالُ تَصَاوِيرُهُ تَعْرِضُ لِي فِي صَلَاتِي]»

«Мына пердені бұл жерден алып таста, өйткені, шындығында, оның суреттері намаз кезінде үнемі менің көз алдымда тұрады (яғни көңілімді бұрады)»[14].

Ол сондай-ақ былай деп айтатын:

«لاَ صَلاَةَ بِحَضْرَةِ الطَّعَامِ وَلاَ وَهُوَ يُدَافِعُهُ الأَخْبَثَانِ»

«Тамақ тартылып қойғанда, немесе намаз оқитын адамды үлкен немесе кіші қажеттілік қысқан жағдайда намаз оқылмайды»[15].



[1] Әл-Бәйһақи және әл-Хаким, соңғысы бұл хадистің сенімділігін анықтап бекіткен. Бұл хадис сондай-ақ оның он сахабасынан жеткізілетін басқа да ұқсас хадиспен күшейтіледі, Ибн ‘Асакир (17/202/2) айтқанындай. Қз.: «әл-Ируа’» (354).

[2] Сол жерде. Маңызды ескертпе! Бұл екі хадис назарды сәжде жасайтын орынға тігудің Сүннет болып табылатынына айғақ болады, сондықтан да кейбір намаз орындаушылардың намаз оқу кезінде көздерін жұмып тұратындары – бұл тек жасанды тақуалық ғана, өйткені ең жақсы басшылық – бұл Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Басшылығы.

[3] Абу Дәуд және Ахмад бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы жеткізеді («әл-Ируа’», 1771); осы хадистің мағынасынан айқын көрінетіндей, бұл жердегі «Үй» сөзі Қағбаны білдіреді.

[4] Әл-Бухари және Абу Дәуд.

[5] Әл-Бухари, Муслим және әс-Сираж.

[6] Әт-Тирмизи және әл-Хаким, олар бұл хадисті сенімді деп санаған. Қз: «Сахих әт-Таргиб» (№ 353).

[7] Әл-Бухари және Абу Дәуд.

[8] Бұл хадисті Абу Дәуд және басқалар жеткізген. Оның сенімділігін (сахихтығын) Ибн Хузайма және Ибн Хиббан негіздеген. Қз.: «Сахих әт-Тарғиб» (№ 555).

[9] Аудармашының ескертпесі: бұл жерде «мұсылмандар тізелерін көтеріп, қолдарын жерге тіреп, құйрықтарына отырмауы керек, өйткені олай шайтан отырады, сондай-ақ бұл отырыс «иттің отырысы» деп те аталады» деген меңзеледі. Сафий әр-Рахман әл-Мубаракфури «Итхаф әл-Кирам».

[10] Ахмад және Абу Йа‘лә. Қз.: «Сахих әт-Тарғиб» (№ 556).

[11] Әл-Мухлис «Әхадис Мунтақа», әт-Табарани, әр-Руайани, әд-Дийа’ «әл-Мухтарада», Ибн Мәжаһ, Ахмад және Ибн ‘Асакир. Бұл хадистің сенімділігін әл-Хайтами «Асна әл-Маталибте» негіздеп берген.

[12] Муслим.

[13] Әл-Бухари, Муслим және Мәлик. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» (376) кітабында келтірілген.

[14] Әл-Бухари, Муслим және Абу Ауана. Елші (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) пердедегі сүреттерді өшіруді немесе оны жыртып тастауды бұйырған жоқ. Ол пердені алып тастауды ғана бұйырды, өйткені – ал Аллаһ бұл туралы жақсырақ біледі —  онда тірі жандардың суреті салынбаған болатын. Бұл оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әл-Бухари мен Муслимде келтірілген басқа да хадистерде айтылғандай, басқа бейнелерді жоюды бұйыратын өзге жағдайлармен расталады. Бұл туралы көбірек білгісі келген адам «Фәтх әл-Бәри» (10/321) және «Ғаят әл-Мәрам фи Тахриж Әхадис әл-Хәлал уә әл-Харам» (№ 131-145) кітаптарына жүгінуі керек.

[15] Әл-Бухари және Муслим.

жалғасы бар