Фиқһ мәселелері

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы (28)

Оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түрлі намаздарда қандай сүрелер мен аяттарды оқығандығы туралы

«مَا كَانَ يَقْرَؤُهُ فِي الصَّلَوَاتِ»

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің намаздарында оқитын Құранның аяттары мен сүрелері намаз орындалатын жағдайларға байланысты ерекшеленетін.  Бұл туралы толығырақ төменде бес уақыт (парыз) намаздарының біріншісінен бастап баяндалады.

 

1.Таң намазы («әл-фәжр»)

«صَلاَةُ الفَجْرِ»

Бұл намазда ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әдетте муфәссәл[1] ішіндегі ұзындау сүрелерді[2] оқитын. «(Кейде) ол «әл-Уақиға» (56:96) және сол сияқты сүрелерді екі ракағатта оқитын»[3].

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің қоштасу қажылығын орындау барысында «Тур» (52:49) сүресінің (аяттарын) оқыған[4].

Кейде «ол «Қаф» (50:45) сүресін және (соған ұқсас) сүрелерді [бірінші ракағатта] оқитын»[5].

Кейде «ол муфәссәл ішінен қысқа сүрелерді, мысалы,

إذا الشمس كورت 

«Күн бүктелген сәтте…» деп басталатын сүрені  («Тәкуир» сүресі, 81:29) оқитын»[6].

Бірде ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)

إذا زلزلت

«Жер сілкіндіріп қозғалған сәтте…» («Зилзәлә» сүресі, 99:8) сүресін екі ракағатта да оқыды.  Бұл хадистің жеткізушісі былай деп айтқан: «Мен Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ұмытқанынан осылай істеді ме, әлде оны әдейі (екінші рет) оқыды ма, білмеймін»[7].

Бірде ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сапарда болған кезінде

 

قل أعوذ برب الفلق

«Айт: «Таңның Раббысынан пана іздеймін…» («әл-Фәләқ», 113:5) сүресін және

قل أعوذ برب الناس

«Айт: «Адамдардың Раббысынан пана іздеймін…» («Нәс», 114:6)[8] сүресін оқыды. Ол сондай-ақ ‘Уқба ибн ‘Амирге (оған Аллаһ разы болсын) былай деген:

«اقْرَأ فِي صَلاَتِكَ المُعَوَذَتَيْنِ،[فَمَا تَعَوَّذَ مُتَعَوِّذٌ بِمِثْلِهِمَا]»

«Намазыңды орындағанда «әл-Му‘ауиззатайнды»[9] оқы, өйткені пана іздеушілерден ешкім олардан өзге нәрсемен пана іздемейді»[10].

Кейде ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұдан да көбірек оқитын: «ол алпыс және одан да көп аят оқитын»[11] (бұл хадистің жеткізушілерінің бірі былай деп айтқан: «Бұл бір ракағаттың ішінде болды ма, әлде екеуінде ме — мен білмеймін»).

«Ол «Рум» (30:60)[12] сүресін, ал кейде — «Йа син» (36:83)[13] сүресін оқитын».

Бірде «ол Меккеде таң намазын орындап тұрып, «әл-Муминун» (23:118) сүресін оқи бастады, ал Муса мен Һарун немесе Иса[14] туралы айтылған жерге дейін жеткен кезде, — мұны айтқан хадистің жеткізушілерінің біреуі анық сенімді болмады, — ол жөтеле бастап, рукуғ жасады»[15].

«Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардың (сахабалардың) намазына имам болып», кейде «»Саффат» (37:182) сүресін оқитын»[16].

«Жұма күні таң намазы кезінде ол әдетте бірінші ракағатта «әс-Сәжда» (32:30) және екіншісінде «әл-Инсан» (76:31) сүрелерін оқитын»[17].

Ол «бірінші ракағатты созыңқырап, ал екінші ракағатты қысқартып оқитын»[18].

 

Таңғы парыз намаздан бұрын қосымша (сүннет) намазда  Құран оқығаны

«القِرَاءَةُ فِي سِنَّةِ الفَجْرِ»

 

Оның таңғы парыз намаздан бұрын екі қосымша ракағатты оқуының қысқа болатыны соншалықты[19], ‘Аиша (оған Аллаһ разы болсын) үнемі өзіне: «Ол «әл-Фатиха» сүресін оқыды ма?», — деп сұрақ қоятын»[20].

Кейде ол бірінші ракағатта «әл-Фатихадан» соң

قُولُواْ آمَنَّا بِاللّهِ وَمَآ أُنزِلَ إِلَيْنَا

«Және оларға айтыңдар: «Біз Аллаһқа, және бізге түсірілгенге (Құранға)… иман келтірдік» («әл-Бақара» сүресі, 136-аят) деген аяттың соңына дейін оқитын, ал екінші ракағатта

قُلْ يَا أَهْلَ الْكِتَابِ تَعَالَوْاْ إِلَى كَلَمَةٍ سَوَاء بَيْنَنَا وَبَيْنَكُمْ

«(Мухаммад) Айт: «Әй, Кітап иелері! Біздің арамызбен сендердің араларыңа бірдей бір сөзге келіңдер; жалғыз Аллаһқа құлшылық қылайық…» («Әли ‘Имран» сүресі, 64-аят) деген аятты соңына дейін оқитын[21]. Кейде бұл аяттың орнына ол

فلما أحس عيسى منهم الكفر

«Сонда Иса олардан күпірлік сезген кезде…» («Әли ‘Имран» сүресі, 52-аят) деген аяттың соңына дейін оқитын[22].

Кейде ол бірінші ракағатта «әл-Кәфирун» (109:6) сүресін, ал екінші ракағатта «әл-Ихлас» (112:4) сүресін оқитын[23]. Ол сондай-ақ: «Бұл екі сүре нендей жақсы жұп болып табылады!», — деп айтатын[24]. Бірде ол бір кісінің бірінші ракағатта «әл-Кәфирун» (109:6)  сүресін оқығанын естіп,  былай деп айтқан:

«هَذَا عَبْدٌ آمَنَ بِرَبِّهِ».

«Бұл – Раббысына иман келтірген (Аллаһтың) құлы». Кейін бұл адам екінші ракағатта  «әл-Ихлас» (112:4) сүресін оқыды, ал ол:

«هَذَا عَبْدٌ عَرَفَ رَبَّهُ»

 «Бұл – Раббысын таныған (Аллаһтың) құлы», — деді[25].

 

2.Бесін намазы («әз-зуһр»)

«صَلاَةُ الظُّهْرِ»

«Бесін намазының алғашқы екі ракағатында ол  (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әдетте «әл-Фатиха» сүресін және әр ракағатта тағы бір сүреден қосып оқитын: бірінші ракағатта ұзындауын  және екінші ракағатта қысқалауын»[26].

Кейде ол бұл намазды ұзаққа созатыны соншалықты – «бесін намазы басталған соң адам (Мәдинадағы) әл-Бәқи‘ қабіріне жақын орналасқан тақырға шығып, сол жерде қажетін өтеп, [өзінің (үйіне) қайтып келіп], дәрет алып, ал содан соң (мешітке) қайта оралып,  Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әлі бірінші ракағатты орындап тұрғанын көріп үлгере алатын, ол соншалықты ұзақ болатын»[27]. Сондай-ақ «олар (яғни сахабалар): «Ол адамдар бірінші ракағатқа үлгеруі үшін, әдейі осылай істейді», — деп ойлайтын»[28].

«Осы екі ракағаттың әрқайсысында ол отыз аятқа жуық оқитын, мысалы, («әл-Фатиханы» оқып болған соң) «әс-Сажда» (32:30) сүресін оқитын»[29].

Кейде «ол (мына сөздермен басталатын сүрелерді) оқитын:

و السماء والطارق

«Аспанмен және түнгі жолаушымен ант…» («Тариқ», 86:17),

والسماء ذات البروج

«Жұлдызды аспанмен ант…» («әл-Буруж», 85:22),

والليل إذا يغشى

«Қараңғылығы басқан сәтте, түнмен ант…» («әл-Ләйл», 92:21), сондай-ақ басқа да осыларға ұқсас сүрелерді оқитын»[30].

Кейде «ол

إذا السماء انشقت

«Аспан жарылған сәтте…» («әл-Иншиқақ», 84:25) деген (сөздермен басталатын) сүрені және сол сияқты сүрелерді оқитын»[31].

«Адамдар оның (Құран) оқып тұрғанын сақалының қозғалысынан білетін»[32].

 

Бесін намазының соңғы екі ракағатында «әл-Фатихадан» кейін Құран оқу

«قِرِاءِتُهُ  آيَاتٍ بَعْدَ الفَاتِحَةِ فِي الأَخِيرَتَيْنِ»

«Оның (парыз) бесін намазының соңғы екі ракағаты алғашқы екі ракағатынан  екі есе қысқа болатын, (ол оларда) он бес аятқа дейін (оқып шығатын)[33], ал кейде ол оларда тек «әл-Фатиха» сүресін ғана оқитын[34].

«Кейде ол аяттарды олардың біреуі немесе екеуі (оған жақын тұрғандарға – Аудармашының ескертпесі) естілетіндей етіп оқитын»[35].

«Олар (сахабалар) оның:

سبح اسم ربك الأعلى

«Ұлы Раббыңның Есімін дәріпте…» («әл-Әғла», 87:19) және

هل أتاك حديث الغاشية

«(Мухаммад әлемді) қаптайтын (Қияметтің) хабары саған келді ме?…» («әл-Ғашия», 88:26), — деп қырағатпен оқитынын еститін»[36].

Кейде «ол

والسماء والطارق

«Аспанмен және түнгі жолаушымен ант…» («Тариқ», 86:17) және

والسماء ذات البروج

 «Жұлдызды аспанмен ант…» («әл-Буруж», 85:22) деген және басқа да сол сияқты сүрелерді оқитын»[37].

Кейде «ол

والليل إذا يغشى

«Қараңғылығы басқан сәтте, түнмен ант…» («әл-Ләйл», 92:21) (деген сүрені), сондай-ақ басқа да оларға ұқсас сүрелерді оқитын»[38].

 

3. Екінті намазы («әл-‘аср»)

«صَلاَةُ العَصْرِ»

«Екінті намазының алғашқы екі ракағатында ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әдетте «әл-Фатиха» сүресін және әрбір ракағатта тағы бір сүреден оқитын: бірінші ракағатта ұзындауын және екінші ракағатта қысқалауын»[39], және «олар (яғни сахабалар): «Ол адамдар бірінші ракағатқа үлгеруі үшін, әдейі осылай істейді», — деп ойлайтын»[40].

«Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алғашқы екі ракағаттың әрқайсысында әдетте он бес аятқа жуық оқитын, бұл бесін намазының алғашқы екі ракағаттарында оқитынынан екі есе қысқа болатын, ал (екінті намазының) соңғы екі ракағатының ұзақтығы әдетте (екінті намазының) алғашқы екі ракағаттарынан екі есе қысқа болатын»[41].

«Ол соңғы екі ракағатта «әл-Фатиха» сүресін оқитын»[42]. «Кейде ол аяттарды олардың біреуі немесе екеуі (оған жақын тұрғандарға) естілетіндей етіп оқитын»[43].

Екінті намазын орындау кезінде ол жоғарыдағы «Бесін намазы» бөлімінде аталған сүрелерді оқитын.

 

4. Ақшам намазы («әл-мәғриб»)

«صَلاَةُ المَغْرِبِ»

«Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (кейде) муфәссәлдің қысқа сүрелерін оқитын»[44], әрі «олар (сахабалар) онымен бірге ақшам намазын аяқтаған кезде, олардың кез келгені (мешіттен) шығып (садағынан атылған) жебенің түскен жерін көре алатындай еді»[45]. Бірде, «сапарда болғанда, ол екінші ракағатта

والتين والزيتون

«Інжірмен және зәйтүнмен ант…» («Тин» сүресі, 95:8) сөздерімен басталатын сүрені оқыды»[46].

Алайда кейде ол муфәссәлдің ұзақ және қысқа сүрелерді оқитын. Мысалы, «кейде ол

الذين كفروا وصدوا عن سبيل لله

«Сондай иман келтірмей, (адамдарды) Аллаһтың жолынан тосқандардың…» («Мухаммад» сүресі, 47:48) (сөздерімен басталатын сүрені)[47]; немесе «Тур» (52:49) сүресін[48]; немесе өзінің ең соңғы намазында оқыған «Мурсаләт» (77:50) сүресін оқитын»[49].

Кейде «ол екі ұзақ сүренің[50] ұзындауын («әл-Әғраф» сүресі, 7:206) [екі ракағатта] оқитын[51]. Немесе ол екі ракағатта «әл-Әнфәл» (8:75) сүресін  оқитын»[52].

 

Ақшам парыз намазынан кейін оқылатын қосымша (сүннет) намазын орындау кезінде Құран оқу

«القِرَاءَةُ فِي سِنَّةِ المَغْرِبِ»

Бұл намазда «ол

 قل يا أيها الكافرون

«Айт: «Әй, кәпірлер!…» («әл-Кәфирун» сүресі, 109:6) және

قل هو لله أحد

«Айт: «Ол, Аллаһ, Жалғыз…» («әл-Ихлас» сүресі, 112:4) (сөздерінен басталатын сүрелерді) оқитын» [53].

5. Құптан намазы («әл-‘иша»)

«صَلاَةُ العِشَاءِ»

Алқашқы екі ракағатта ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) муфәссәлдің орташа сүрелерін оқитын[54]. Мысалы, «ол

والشمس وضحاها

«Күнмен және оны жарқырауымен ант…» («Шәмс» сүресі, 91:15)  (сөздерімен басталатын сүрені) және оған ұқсас сүрелерді оқитын»[55].

Немесе «ол

إذا السماء انشقت

«Аспан жарылған сәтте…» («әл-Иншиқақ» сүресі, 84:25) (сөздерінен басталатын сүрені) оқитын және оны оқу кезінде сәжде жасайтын[56]»[57].

Сондай-ақ «бірде ол сапарда болған кезінде

و التين والزيتون

«Інжірмен және зәйтүнмен ант…» («Тин» сүресі, 95:8) (сөздерімен басталатын сүрені) [бірінші ракағатта] оқыды»[58].

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы намазда (Құран) оқуды ұзақ созуға тыйым салды, және бұл «Му‘аз ибн Жәбал (өз тайпасының) адамдарымен намазды өткізіп, әрі оны тым созып жіберген кезде орын алады. Сонда ансарлардан болған бір кісі кетіп қалады да, намазды (жалғыз) өзі орындайды. (Намаз аяқталған) соң Му‘азға орын алған жағдай туралы хабарланғанда, ол: «Ақиқатында, ол нағыз екіжүзді!», — дейді.  Мұны естіген әлгі кісі Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) барып, оған Му‘аздың айтқанын жеткізеді. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған (Му‘азға): «Сен бүлікші болғың келеді ме, уа, Му‘аз?! Адамдарға имам болсаң,

والشمس وضحاها

«Күнмен және оны жарқырауымен ант…» («Шәмс» сүресі, 91:15) немесе

سبح اسم ربك

«Ұлы Раббыңның Есімін дәріпте!..» («әл-Әғла» сүресі, 87:19) немесе

اقرأ باسم ربك

«Оқы, Раббыңның атымен оқы…» («әл-Аләқ» сүресі, 96:19), немесе

والليل إذا يغشى

 «Қараңғылығы басқан сәтте, түнмен ант…» («әл-Ләйл» сүресі, 92:21) (сүрелерін) оқы [өйткені сенің артыңда кәрілер де, әлсіздер де, (бір нәрсеге) мұқтаж болғандар да ұйып намаз оқиды ғой]», — дейді[59].

 

6. Қосымша түнгі намаз (саләтул-ләйл, таһажжуд)

«صَلاَةُ الّليْلِ»

Қосымша түнгі намаз туралы айтар болсақ, оны орындау кезінде ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Құранды кейде дауыстап, ал кейде іштей оқитын[60]. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейде қысқа, ал кейде ұзын сүрелерді оқитын, кейде оның (намазы) ұзақ болатыны соншылықты — тіпті  Абдуллаһ ибн Мәс‘уд (оған Аллаһ разы болсын) бірде былай деп айтқан екен: «(Бірде) мен Пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге түнгі намазды орындағанымда, ол ұзақ тұрғаны соншалықты – мен тіпті бір жаман нәрсе істегім келіп кетті. Менен (адамдар): «Ол не?», деп сұрады. Мен: «Мен  Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (жалғыз) тұруға қалдырып, отырғым келді», — дедім[61].

Хузайфа ибн әл-Йаман былай деп айтқан: «Бірде түнде мен Пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге намазда тұрдым. Ол «әл-Бақара» (2:286) сүресін оқи бастаған кезде, мен: «Ол жүз (аяттан) кейін рукуғ жасайды», — деп ойладым.  Алайда ол (оқуын) жалғастыра берді. Сонда мен: «Ол оны екі ракағатта  толығымен оқып бітеді», — деп ойладым, ал ол (оқуын) жалғастыра берді және мен өзіме: «Ол оны аяқтап болған соң рукуғ жасайды», — деп айттым. Алайда кейін ол «Ниса» (4:176) сүресін оқи бастады да, оны (толық) оқып бітті, ал содан соң «Әли Имран» (3:200) сүресін[62] оқуға кірісті де, оны да (әрбір) әрібін нақты айтып (толық) оқып бітті, әрі Аллаһты дәріптеу бұйырылған аятқа келген әрбір тұста ол «Аллаһ пәк!» (Субханә Ллаһи!) деген сөздерді айтатын, Аллаһқа дұға ету (бұйырылған аятқа) келген кезде, оған осындай дұғамен жалбарынатын, ал (Аллаһтан) пана тілеу бұйырылған (аятқа келген кезде),  (Одан) пана сұрайтын. Кейін ол рукуғқа иілді…», — осылай хадистің соңына дейін[63].

Сондай-ақ «бірде түнде, ол ауырып тұрғанда,  Жеті Ұзын сүрені оқыды»[64].

«(Кейде) ол әрбір ракағатта осы (Жеті Ұзын) сұрелердің біреуін оқитын»[65].

«Ол бір түнде Құранды түгел оқып шыққан жағдай [ешқашан] болмаған»[66]. Керісінше, ол Абдуллаһ ибн ‘Амрға (Аллаһ оған разы болсын):

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو قَالَ قَالَ لِى رَسُولُ اللَّهِ —(оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)— :«اقْرَإِ الْقُرْآنَ فِى كُلِّ شَهْرٍ». قُلْتُ: إِنِّى أَجِدُ قُوَّةً. قَالَ :« فَاقْرَأْهُ فِى عِشْرِينَ لَيْلَةً». قُلْتُ: إِنِّى أَجِدُ قُوَّةً. قَالَ:«فَاقْرَأْهُ فِى خَمْسَ عَشْرَةَ ». قُلْتُ: إِنِّى أَجِدُ قُوَّةً. قَالَ:«فَاقْرَأْهُ فِى عَشْرَةٍ». قُلْتُ: إِنِّى أَجِدُ قُوَّةً. قَالَ:«فَاقْرَأْهُ فِى سَبْعٍ وَلاَ تَزِدْ عَلَى ذَلِكَ».

«Құранды (толығымен) бір айда оқып шық!», — деп айтып, олай істеуге наразылық білдірген. Абдуллаһ ибн ‘Амр былай деп баяндайтын: «Мен: «Мен бұдан да көбірек (жасай аламын)», — деп айттым. (Ал) ол: «Ендеше (Құранды толығымен) жиырма түнде оқып шық», — деп бұйырды. Мен: «Мен бұдан да көбірек жасай аламын», — дедім. (Ал) ол: «Ендеше (Құранды толығымен кем дегенде жеті күнде оқып бітір де, (бұл мерзімді) азайтпа)!», — деді»[67].

Кейін «ол оған бес түнде (Құранды толығымен) оқып бітіруді рұқсат етті»[68].

Кейін «ол оған үш түнде (Құранды толығымен) оқып бітіруді рұқсат етті»[69].

Ақыры, ол оған осыдан қысқа мерзімде (Құранды толығымен) оқып бітіруге тыйым салды[70], әрі мұны:

«مَنْ قَرَأَ الْقُرْآنَ فِي أَقَلَّ مِنْ ثَلَاثٍ لَمْ يَفْقَهْهُ».

«Кім Құранды үш күннен аз мерзімде оқып бітірсе, ол оны түсінбейді», — деп түсіндірді[71]. Ал бұл хадистің басқа нұсқасында: «Құранды үш күннен аз уақытта оқып шығатын адам, оны түсінбейді»[72], — деп хабарланады. Сондай-ақ ол оған былай деп айтқан:

«فَإِنَّ لِكُلِّ عَابِدٍ شِرَّةً وَلِكُلِّ شِرَّةٍ فَتْرَةً فَإِمَّا إِلَى سُنَّةٍ؛ وَإِمَّا إِلَى بِدْعَةٍ، فَمَنْ كَانَتْ فَتْرَتُهُ إِلَى سُنَّةٍ فَقَدْ اهْتَدَى، وَمَنْ كَانَتْ فَتْرَتُهُ إِلَى غَيْرِ ذَلِكَ فَقَدْ هَلَكَ».

«Әрбір мүмін адам шарықтау (ширра[73]) (кезеңін) бастан өткізеді, ал әрбір шарықтау (кезеңінен) соң (осы кезде) адамды не Сүннетке тартатын, не қандайда да бір діни жаңалыққа (бидғатқа) иілтетін  басылу (фатра[74]) кезеңі басталады. Кімді осы басылу Сүннетке алып келсе, сол шынайы басшылыққа ие болды, ал кімді бұл басылу басқа бір нәрсеге алып келсе, сол құрыды»[75].

Дәл сондықтан да «ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Құранды толығымен үш күннен аз уақытта оқып бітірмейтін»[76].

Ол сондай-ақ былай деп айтатын:

«مَنْ صَلَّى فِي لَيْلَةٍ بِمَائَةِ آيَةٍ لَمْ يُكْتَبْ مِنَ الغَافِلِيْنَ،وَمَنْ صَلَّى فِي لَيْلَةٍ بِمائَتَي آيَةٍ فَإِنَّه يُكْتَبْ مِنَ القَانِتِينَ المُخْلِصِيْنَ».

«Кім түнгі намазында жүз аят оқыса, сол (өз намазына) немқұрайлы болмағандардың біреуі ретінде жазылады. Әрі кім түнгі намазында  екі жүз аят оқыса, ықыласпен құлшылық ететін (Аллаһтың құлы) ретінде жазылады»[77]. Сондай-ақ «ол әдетте түн сайын «Бану Исраил»[78] (17:111) және «Зумәр» (39:75) сүрелерін оқитын[79].

Кейде «әрбір ракағатта ол елуге жуық және одан да көбірек аят оқитын»[80], немесе ол ««әл-Муззаммил» (73:20) сүресінде қанша аят болса, сонша аят оқитын»[81].

«Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әдетте түн бойы намаз оқымайтын»[82], әрі мұндайды өте сирек жағдайда істейтін. Мысалы, бірде «Бадр (шайқасының) қатысушысы Абдуллаһ ибн Хәббаб ибн әл-Арат Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге таң атқанша түнді түгелімен ұйықтамастан өткізеді [бұл хадистің басқа нұсқасында: «түнді түгелімен намаз орындап өткізеді», — деп хабарланады»]. Сондықтан ол намазын аяқтаған кезде Хәббаб оған: «Уа, Аллаһтың Елшісі, әкем мен шешем сен үшін өтеу болсын! Сен бүгін түнде мен ешқашан көрмеген намазды орындадың ғой!», — деді. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):

«أَجَلْ إِنَّهَا صَلَاةُ رَغَبٍ وَرَهَبٍ [وإِنِّي] سَأَلْتُ رَبِّي عَزَّ وَجَلَّ ثَلَاثَ خِصَالٍ؛ فَأَعْطَانِي اثْنَتَيْنِ وَمَنَعَنِي وَاحِدَةً: سَأَلْتُ رَبِّي أَنْ لَا يُهْلِكَنَا بِمَا أَهْلَكَ بِهِ الْأُمَمَ قَبْلَنَا (وفي لفظٍ: أنْ لاَ يُهلكَ أمَّتِي بِسِنّةٍ)؛ فَأَعْطَانِيهَا، وَسَأَلْتُ رَبِّي عَزَّ وَجَلَّ أَنْ لَا يُظْهِرَ عَلَيْنَا عَدُوًّا غَيْرَنَا؛ فَأَعْطَانِيهَا، وَسَأَلْتُ رَبِّي تَبَارَكَ وَتَعَالَى أَنْ لَا يَلْبِسَنَا شِيَعًا؛ فَمَنَعَنِيهَا».

«Иә, бұл үміт пен қорқуға (толы) намаз еді. [Ақиқатында] мен өзімнің Аса Құдіретті де, Ұлы Раббыма Ол маған үш нәрсені (беруін) жалбарынып сұрадым: Ол маған оның екеуін сыйлады, ал үшіншісін бермеді. Мен Раббымнан Ол бізге дейін өмір сүрген қауымдарды опат еткеніндей бізді опат етпеуін сұрадым [бұл хадистің басқа бір нұсқасында: «…менің үмметімді ашаршылықпен опат етпеуін», — деп хабарланады], әрі Ол осыны маған сыйлады; мен Өзімнің Аса Құдіретті және Ұлы Раббымнан бізді өзімізден болмаған дұшпандардың билігі астына бермеуін сұрадым және Ол мұны маған сыйлады; және мен өзімнің Раббымнан бізді ішкі ұрыс-керістерге (алауыздықтарға) тастамауын сұрадым, бірақ Ол менің бұл (өтінішімді) қабылдамады» [83].

Сондай-ақ бірде түнде (намаз орындау кезінде) ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)

إن تعذبهم فإنهم عبادك وإن تغفر لهم فإنك أنت

العزيز الحكيم

«Егер Сен оларды жазаласаң, олар – Сенің құлдарың ғой, ал егер оларды кешірсең, ақиқатында, Сен – Аса Құдіретті, Данасың!» («әл-Мәида» сүресі, 118-аят) деген бір аятты таңға дейін қайталап тұрды [Осы аятпен ол рукуғтар жасады, онымен ол сәжделер жасады және онымен ол Аллаһқа дұға етті], [сондықтан да таң атқан кезде, Абу Зарр (Аллаһ оған разы болсын) оған былай деді: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Сен таң атқанға дейін бұл аятты оқуды тоқтатпадың; сен онымен рукуғтар жасадың, сен онымен сәжделер жасадың], [және сен олар арқылы Аллаһқа дұға еттің], [ал Аллаһ сені Құранның барлығына үйретті емес пе], [егер біздің кез келгеніміз осылай істегенде, біз оған қатал болуымыз (керек пе еді)?»] [Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) :

«إِنِّى سَأَلْتُ رَبِّى عَزَّ وَجَلَّ الشَّفَاعَةَ لأُمَّتِى؛ فَأَعْطَانِيهَا، وَهِىَ نَائِلَةٌ إنْ شَاءَ اللهُ مَنْ لاَ يُشْرِكُ بِاللَّهِ شَيْئًا».

«Ақиқатында, мен өзімнің Аса Құдіретті және Ұлы Раббыма өз үмметім үшін шапағат тілеп жалбарындым: Ол  маған мұны сыйлады және ол, Аллаһ қаласа, Аллаһқа серік қоспайтын кез келген адамға мүмкін болады»]»[84].

Бір кісі оған: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Менің көршім бар, ол түнде (намазға) тұрып,

قل هو لله أحد

«Айт: «Ол, Аллаһ, Жалғыз…» («әл-Ихлас» сүресі, 112:4) деген (сөздермен басталатын) сүреден өзге еш нәрсе оқымайды, әрі [оны қайталап], [оған ешнәрсені қоспайды да]», — деп, мұны баяндаған кезінде бұл сүрені кемсінгендей болды. (Оны тыңдап болған соң,) Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):

«وَالَّذِى نَفْسِى بِيَدِهِ إِنَّهَا لَتَعْدِلُ ثُلُثَ الْقُرْآنِ»

«Жаным қолында болғанмен ант етемін, ақиқатында, ол (бұл сүре) Құранның үштен біріне[85] тең», — деп айтты[86].

7. Үтір («әл-уитр») намазы[87]

«صَلاَةُ الوَتْرِ»

«Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірінші ракағатта

سبح اسم ربك الأعلى

«Ұлы Раббыңның есімін дәріпте…» («әл-Әғла» сүресі, 87:19),

екінші ракағатта

قل يا أيها الكافرون

«Айт: «Әй, кәпірлер!..» ( «әл-Кәфирун» сүресін, 109:6) және үшінші ракағатта

قل هو لله أحد

«Айт: «Ол, Аллаһ, Жалғыз…» («әл-Ихлас» сүресін, 112:4) (сөздерінен басталатын) сүрелерді оқитын»[88]. Кейде соңғы ракағатта ол қосымша

قل أعوذ برب الفلق

«Айт: «Таңның Раббысынан пана іздеймін…» («әл-Фәләқ» сүресі, 113:5) және

 

قل أعوذ برب الناس

«Айт: «Адамдардың Раббысынан пана іздеймін…» («Нәс» сүресі, 114:6) (сөздерінен басталатын сүрелерді) оқитын[89].

Бірде «ол үшінші ракағатта «Ниса» сүресінен (4:176) жүз аят оқыды»[90].

Ал үтірден кейінгі екі ракағат туралы айтар болсақ[91], ол әдетте оларда

إذا زلزلت الأرض

«Жер сілкініп қозғалған кезде….» («Зилзәлә» сүресі, 99:8) және

قل يا أيها الكافرون

«Айт: «Әй, кәпірлер!…»  («әл-Кәфирун» сүресі, 109:6) (сөздерімен басталатын сүрелерді) оқитын[92].

8. Жұма намазы

«صَلاَةُ الجُمُعَةِ»

Кейде ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірінші ракағатта «әл-Жума» (62:11) сүресін және

إذا جاءك الم نافقون

«Саған екіжүзділер келген кезде…» («әл-Мунафиқун» сүресі, 63:11) (сөздерінен басталатын сүрені) оқитын[93], кейде оның орнына

هل أتاك حديث الغاشية

«Қаптайтын (Қияметтің) хабары саған келді ме?…» («әл-Ғашия» сүресі, 88:26) (деген сөздермен басталатын сүрені) оқитын[94]. Ал кейде «ол бірінші ракағатта

سبح اسم ربك الأعلى

«Ұлы Раббыңның Есімін дәріпте…» («әл-Әғла» сүресі, 87:19) және екінші ракағатта

هل أتاك حديث الغاشية

«Қаптайтын (Қияметтің) хабары саған келді ме?…» («әл-Ғашия», 88:26) (сөздерімен басталатын сүрелерді) оқитын»[95].

 

9. Екі айт намазы[96]

«صَلاَةُ العِيْدَيْنِ»

«Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (кейде) бірінші ракағатта

سبح اسم ربك الأعلى

«Ұлы Раббыңның Есімін дәріпте…» («әл-Әғла» сүресі, 87:19)  және екінші ракағатта

هل أتاك حديث الغاشية

«Қаптайтын (Қияметтің) хабары саған келді ме?…» («әл-Ғашия», 88:26) (сөздерімен басталатын сүрелерді) оқитын»[97]. Немесе кейде «ол оларда

ق والقر ن المجيد

«Қаф. Даңқты Құранмен ант….» («Қаф» сүресі, 50:45) және

اقتربت الساعة

«(Қиямет) сағаты жақындады…» («әл-Қамар» сүресі, 54:55) (сөздерімен басталатын сүрелерді) оқитын»[98].

 

13. Жаназа намазы

«صَلاَةُ الجَنَازَةِ»

«Сүннетке сәйкес онда «әл-Фатиха» сүресі[99] [және басқа да бір сүре] оқылады»[100]. Сондай-ақ «ол бірінші тәкбірді (айтқан) соң біраз уақыт үнсіз тұратын»[101].


[1] Бұл туралы жоғарыда айтылғандай, ең сенімді пікірге сәйкес, бұл — Құранның ең соңғы «әл-Қаф» (№ 50) сүресінен басталатын жетіден бір бөлігі.

 Аудармашының ескертпесі: Құранның муфәссәл ішіндегі сүрелері: ұзындары, орташалары және қысқалары болып — үш топқа бөлінеді. Мұсылман ғалымдарының көпшілігінің ең көп тараған пікіріне сәйкес муфәссәлдің ұзақ сүрелері, шейх әл-Әлбани айтып кеткендей, «әл-Қаф» (№50) сүресінен басталып, «әл-Буруж» (№ 85) сүресімен аяқталады; орташалары «әл-Буруж» (№ 85) сүресінен басталып, «әл-Бәййина» (№ 98) сүресімен аяқталады; қысқа сүрелері «әл-Бәййина»(№ 98) сүресінен басталып, «Нәс» (№ 114) сүресімен аяқталады. Толығырақ  Сафий әр-Рахман әл-Мубаракфуридің «Итхаф әл-Қирам» кітабын қараңыз.

[2] Ән-Нәса’и және Ахмад бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[3] Ахмад, Ибн Хузайма (1/69/1) және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[4] Әл-Бухари және Муслим.

[5] Муслим және әт-Тирмизи. Осы және келесі хадистің алынған көздері мен иснадтары «әл-Ируа’» (345) кітабында келтірілген.

[6] Муслим және Абу Дәуд.

[7] Абу Дәуд және әл-Бәйһақи бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді. Бәлкім, ол (осылай істеу негізді) екендігін бекіту үшін, (оны екінші рет) арнайы оқыған.

[8] Абу Дәуд, Ибн Хузайма (1/76/1), Ибн Бушран «әл-Әмалиде» және Ибн Аби Шәйба (12/176/1); бұл хадистің сенімділігін әл-Хаким дәлелдеген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[9]  Аудармашының ескертпесі: «әл-му‘ауиззатайн» — сөзбе-сөз «олар арқылы пана ізделетін екі (суре)». Бұл жерде Құранның

 قل أعوذ برب

«Айт: «…Раббысынан Пана іздеймін…» сөздерімен басталатын екі соңғы сүресі аталып тұр.

[10] Абу Дәуд және Ахмад бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[11] Әл-Бухари және Муслим.

[12] Ән-Нәса’и, Ахмад және әл-Бәззар бұл хадисті жақсы иснадпен келтіреді. Мен «Тәмам әл-Миннада» (185) және өзімнің басқа да кейбір кітаптарымда айтқанымнан айырықша, соңғы кезде пікір дәл осыған (яғни осы хадистің жеткізушілер тізбегі жақсы дегенге – Аудармашының ескертпесі) орнықты.

[13] Ахмад бұл хадисті жеткізушілердің  сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[14] Муса 45-аятта аталады:

ثُمَّ أَرْسَلْنَا مُوسَى وَأخََاه هُ رُونَ بِاَيَتنِاَ وسَلُطَْن مٍُّبيِنٍ

«Кейін біз Муса мен оның бауыры Һарунды аяттарымызбен   және айқын басшылықпен жібердік….». Ал төрт аяттан соң Иса аталады:

وَجَعَلْنَا ابْنَ مَرْيَمَ وَأُمَّه ءَايةَ وًَءَاوَيْنَهمَُآ إِلَى رَبْوَةٍ ذَاتِ قرََارٍ وَمَعِينٍ

«Мәриям ұлы мен оның анасын бір белгі қылдық. Екеуін бұлақты төбедегі оңаша жерге орналастырдық».

[15] Муслим және әл-Бухари «тә‘лик» түрінде. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ир-уа’» (397) кітабында келтірілген.

[16] Ахмад және Абу Йа‘лә өздерінің «әл-Муснадтарында»; әл-Мәқдиси «әл-Мухтарада».

[17] Әл-Бухари және Муслим.

[18] Сол жерде.

[19] Ахмад сенімді иснадпен.

[20] Әл-Бухари және Муслим.

[21] Муслим, Ибн Хузайма және әл-Хаким.

[22] Муслим және Абу Дәуд.

[23] Сол жерде.

[24] Ибн Мәжаһ және Ибн Хузайма.

[25] Әт-Тахауи, Ибн Хиббан өзінің «әс-Сахих» кітабында. Ірі хадистанушы ғалым Ибн Хәжар өзінің «әл-Әхадис әл-‘Алийат» (№ 16) кітабында бұл хадисті жақсы деген.

[26] Әл-Бухари және Муслим.

[27] Муслим және әл-Бухари «Жуз әл-Қира’ада».

[28] Абу Дәуд бұл хадисті жеткізушілердің  сенімді тізбегі арқылы келтіреді, сондай-ақ Ибн Хузайма да (1/165/1).

[29] Ахмад және Муслим.

[30] Абу Дәуд, әт-Тирмизи және Ибн Хузайма (1/67/2). әт-Тирмизи және Ибн Хузайма бұл хадисті сенімді деген.

[31] Ибн Хузайма өзінің «әс-Сахих» (1/67/2) кітабында.

[32] Әл-Бухари және Абу Дәуд.

[33] Ахмад және Муслим. Бұл хадис соңғы екі ракағатта «әл-Фатихадан» бөлек  Құраннан тағы басқа (сүрелерді) оқу  — Сүннет екеніне, әрі көптеген сахабалар, солардың ішінде  Абу Бакр әс-Сыддық (Аллаһ оған разы болсын), осылай істегендігіне нұсқайды. Бесін және қалған намаздарда «әл-Фатихадан» басқа да сүрелерді оқуға рұқсат етілгендігі туралы имам әш-Шәфи‘и де айтқан. Осы көзқарасты мұсылмандардың соңғы буындарынан шыққан ғалымдар да бөлісті. Мысалы, Абул-Хасанат әл-Луқнәуи бұл көзқарасты өзінің «Тә‘лик әл-Мумажид ‘алә «Мууатта’» Мухаммад» («Имам Мухаммадтың «әл-Мууатта» еңбегіне маңызды ескертпелер) (102-бет) кітабында былай деп жазады: «Біздің жақтастарымыздың кейбіреулері «Намаз орындаушы соңғы екі ракағатта қандай да бір сүрені оқыған жағдайда абайсызда қателескендер үшін жасалатын қосымша сәжде (сажда әс-сәһу) жасауы міндетті (уәжіп) болады» деген өте оғаш пікірді ұстанады. Алайда «әл-Маниййах» еңбегінің Ибраһим әл-Хәләби, Ибн Амир Хажж сынды және басқа да тәпсіршілері мұндай пікірді едәуір сенімді түрде теріске шығарған.  Мұндай (қате) пікірді жақтап пікір білдіргендер жоғарыда келтірілген хадис туралы білмегендерінде ешбір күмән жоқ, ал олар ол туралы білгенде, онда мұндай пікірді айтпас еді». 

[34] Әл-Бухари және Муслим.

[35] Ибн Хузайма «әс-Сахихта» (1/67/2), әд-Дийа’ әл-Мәқдиси «әл-Мухтарада» бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[36] Әл-Бухари «Жуз әл-Қира’ада» және әт-Тирмизи; ол бұл хадисті сенімді деді.

[37] Муслим және әт-Тайалиси.

[38] Әл-Бухари және Муслим.

[39] Әл-Бухари және Муслим.

[40] Абу Дәуд бұл хадисті жеткізушілердің  сенімді тізбегі арқылы келтіреді, сондай-ақ Ибн Хузайма да.

[41] Ахмад және Муслим.

[42] Әл-Бухари және Муслим.

[43] Сол жерде.

[44] Әл-Бухари және Муслим.

[45] Ән-Нәса’и және Ахмад бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[46] Әт-Тайалиси және Ахмад бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[47] Ибн Хузайма (1/166/2), әт-Табарани және әл-Мәқдиси бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[48] Әл-Бухари және Муслим.

[49] Сол жерде.

[50] Бұл екі сүре «әт-тулайайн» деп аталады: мұсылман діндар ғалымдарының бірауызды пікірі бойынша, олардың біріншісі – «әл-Әғраф» (№ 7), ал екінішісі, бұл туралы айтылған ең сенімді пікірге сәйкес,  — «әл-Әнғам» (№ 6) сүресі, бұған «Фәтх әл-Бәриде» нұсқалған.

[51] Әл-Бухари, Абу Дәуд, Ибн Хузайма (1/68/1), Ахмад, әс-Сираж және әл-Мухлис.

[52] Әт-Табарани «Му’жам әл-Кәбирде» бұл хадисті сенімді иснад арқылы келтіреді.

[53] Ахмад, әл-Мәқдиси, ән-Нәса’и, Ибн Нәср және әт-Табарани.

[54] Ән-Нәса’и және Ахмад бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[55] Ахмад және әт-Тирмизи, соңғысы бұл хадисті жақсы деген.

[56] Бұл жерде сүренің сәжде жасау бұйырылатын 21-аяты оқылған соң сәжде жасау туралы айтылып тұр (Аудармашының ескертпесі).

[57] Әл-Бухари, Муслим және ән-Нәса’и.

[58] Әл-Бухари, Муслим және ән-Нәса’и.

[59] Әл-Бухари, Муслим және ән-Нәса’и. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» (295) кітабында келтірілген.

[60] Ән-Нәса’и бұл хадисті жеткізушілердің  сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[61] Әл-Бухари және Муслим.

[62] Хадисте осылайша нұсқалған: «Ниса» (№ 4) сүресі «Әли Имран» (№ 3) сүресінен бұрын келеді. Бұл (Құран) оқу барысында сүрелердің Осман ибн Аффанның нұсқасында келтірілген тәртібін орындамауға болады дегенге нұсқайды.  Осы хадис мұның көрнекі мысалы болып табылады.

[63] Муслим және ән-Нәса’и.

[64] Абу Йа‘лә және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен. Ибн әл-Асир: «Жеті Ұзын сүрелер — бұл «әл-Бақара» (№ 2), «Әли Имран» (№ 3), «Ниса» (№ 4), «әл-Мәида» (№ 5), «әл-Әнғам» (№6), «әл-Әғраф» (№ 7) және «Тәуба» (№ 9)», — деп нұсқаған.

[65] Абу Дәуд және ән-Нәса’и бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[66] Муслим және Абу Дәуд.

[67] Әл-Бухари және Муслим.

[68] Ән-Нәса’и және әт-Тирмизи, соңғысы бұл хадисті сенімді деген.

[69] Әл-Бухари және Ахмад.

[70] Әд-Дәрими және Са‘ид ибн Мансур өзінің «әс-Сунан» кітабында бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[71] Ахмад бұл хадисті жеткізушілердің  сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[72] Әд-Дәрими және әт-Тирмизи, бұған қоса соңғысы бұл хадисті сенімді деген.

[73] Арабтың «ширра» деген сөзі «рухтану, энтузиазм, жігерлену, қызу, белсенділік, қуаттылық» дегенді білдіреді. Жастықтың ширрасы оның бастапқы кезі және онымен бірге жүретін жігерлілік пен қызбалық болып табылады. Имам әт-Тахауи былай деп айтады: «Бұл жерде (осы хадисте) Раббыларына жақындата түсетін амалдарды жасайтын мұсылмандардың жігерлілігі (энтузиазм) айтылып тұр. Алайда (белгілі бір уақыт өткен соң) олар бұл амалдарды лайықты деңгейде орындауды қояды немесе мүлде олардан  бас тартады, сондықтан да олардың амалдарынан Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алдында  ең сүйіктілері ұдайы орындалатындары болатын. Ол осы себепті оларға өздерінің Аса Құдыретті және Ұлы Раббысымен жолыққанға дейін тұрақты орындай алатын игі амалдарды орындауды бұйыратын.  Одан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткізілетін мына хадис те дәл осыған нұсқайды: «Аллаһ бәрінен де едәуір тұрақты түрде орындалатын істерді жақсы көреді, мейлі олар көп болмаса да».  Мен   (шейх әл-Әлбани — Аудармашының ескертпесі.) былай деймін: ««Одан жеткізілетін» деген сөздермен басталатын бұл хадис сенімді болып табылады, оны ‘Аиша (оған Аллаһ разы болсын) жеткізген, және оны имам әл-Бухари және имам Муслим келтірген».

[74] Арабтың «фатра» сөзі «үзіліс, аралық, пауза» дегенді білдіреді; аталған жағдайда онымен белсеңділіктің (энтузиазмның) бәсеңдеу кезеңі меңзелуде.

[75] Ахмад және Ибн Хиббан «әс-Сахих» кітабында.

[76] Ибн Са‘ад (1/376) және Абу әш-Шейх «Әхлақ ән-Нәбиде» (281).

[77] Әд-Дәрими және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[78] Бұл сүренің басқа бір аты — «Исра» (Аудармашының ескертпесі).

[79] Әд-Дәрими және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[80] Әл-Бухари және Абу Дәуд.

[81] Ахмад және Абу Дәуд бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[82] Муслим және Абу Дәуд. Осы және басқа хадистердің негізінде түнді түгелімен ұйықтамай (намазда) өткізу, — мейлі ол үнемі немесе жиі жағдайда болсын, — құпталмайтын (мәкрух) амал екендігі, өйткені Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өнегесіне сәйкес келмейтіндігі келіп шығады. Егер түнді түгелемін ұйықтамай (намазда) өткізу үлкен игілік болғанда, онда ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай істемес еді, өйткені ең жақсы Басшылық – бұл Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  басшылығы. «Абу Ханифа (оны Аллаһ рақым етсін) қырық жыл бойы таң намазын құптан намазынан алдын алынған дәретті сақтай отырып оқыды», — деп баяндалатын қиссамен өз-өзіңді адасушылыққа салуға болмайды. Өйткені ол туралы бұл деректің ешқандай негізі жоқ. Діндар ғалым әл-Файрузабади «Әр-Радд ‘алә әл-Му’тарид» (44/1) кітабында былай деп жазады: «Бұл хабардың өтірік екендігі соншалықты, оны имамға телуге мүмкін емес, өйткені (онда баяндалатын) нәрсенің ешқандай игілігі жоқ, ал имам сияқты адамдарға бұдан да жақсы амалдар жасау лайық еді.  Күмәнсіз, тіпті «ол қырық жыл бойы түнді түгелімен ұйықтамай (намазда) өткізді» деген сөз шындық болған жағдайда да, әр намаздың алдында дәретті жаңартып алу жақсырақ және кемелдеу (амал) болып табылады. Бұл дерек Абу Ханифа және басқа (ұлы адамдар) туралы осындай нәрселерді ойдан тоқитын кейбір өте надан фанатиктер ойлап тапқан өтірік сөздер қатарынан, ал іс жүзінде мұның барлығы өтіріктен басқа еш нәрсе емес».

[83] Ән-Нәса’и, Ахмад және әт-Табарани (1/187/2); әт-Тирмизи бұл хадисті сенімді деген.

[84] Ән-Нәса’и, Ибн Хузайма (1/70/1), Ахмад, Ибн Нәср және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[85] Шейх Абд әр-Рахман Ибн Насир әс-Са‘ди өзінің «Ізгілер жүрегінің қуанышы» атты кітабында былай деп жазғанындай: «Ғалымдар бұл сөздердің астарында «теңдік» дегенде не меңзеліп тұрғандығы жайлы көп айтатын. Ең жақсы деп «бұл сүре өзіне бірқұдайшылық пен дін негіздеріне қатысты ұстанымдарды қамтитындығы тұрғысынан Құранның үштен біріне тең» деген пікірді санау қажет» (Аудармашының ескертпесі).

[86] Ахмад және әл-Бухари.

[87] Тақ ракағатан тұратын қосымша түнгі намаз. «Үтір» («уитр») деген сөздің өзі араб тілінен аударғанда «тақ» дегенді білдіреді (Аудармашының ескертпесі).

[88] Ән-Нәса’и және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген.

[89] Әт-Тирмизи, Абу әл-Аббас әл-Әсамм өзінің «әл-Хадис» (т. 2, № 117) және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби де келіскен.

[90] Ән-Нәса’и және Ахмад бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[91] Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы екі ракағатты орындағандығы туралы куәлік Муслимнің «Сахихында» және басқа хадис жинақтарында бар.  Алайда бұл оның мына айтқан сөздеріне қайшы келеді: «Түнгі намаздарыңның сонғысын тақ (үтір) етіңдер!» (әл-Бухари және Муслим). Діндар ғалымдардың бұл екі хадисті үйлестіруге қатысты пікірлері әрқилы болды, бірақ олардың екеуі де маған сенімді болып көрінбегендіктен, (мен) сақтық шараларынан шыға келе, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (так ракағаттар туралы) бұйрығын басшылыққа алып, бұл ракағаттарды орындамау керек (деп есептегенмін).  Аллаһқа бұл жақсырақ мәлім! Ал белгілі уақыт өткен соң маған үтірден кейін екі ракағат орындау бұйырылған (сахих) хадис кездесті, сөйтіп Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығы оның амалымен қайшы болмады, әрі бұл екі ракағат әрбір (мұсылман) тарапынан орындалуы үшін жарамды болды.  Сөйтіп, бірінші бұйрық тек мұстахаб (сауапты) сипатына ие, әрі ол (үтірден кейін) екі ракағат (намаздың) орындалуын жоққа шығармайды.  Аталған хадистердің соңғысы «Силсиләт әл-Әхадис әс-Сахиха» (№ 1993) кітабында келтіріледі. Толығырақ Қосымша № 5 қараңыз.

[92] Ахмад, Ибн Нәср және әт-Тахауи (1/202), сондай-ақ Ибн Хузайма және Ибн Хиббан бұл хадисті жеткізушілердің жақсы (хасан) сенімді (сахих) тізбегі арқылы келтіреді.

[93] Муслим және Абу Дәуд. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» (345) кітабында келтіріледі.

[94] Сол жерде.

[95] Муслим және Абу Дәуд.

[96] Бұл жерде екі ислам мерекесі аталып тұр:  рамазан айы аяқталған соң шаууәл айының 1-де аталатын ‘Ид әл-Фитр (Ораза айт) және зул-хижжа айының 10-да аталатын ‘Ид әл-Адха (Құрбан Айт) (Аудармашының ескертпесі).

[97] Муслим және Абу Дәуд.

[98] Сол жерде.

[99] Бұл имам әш-Шәфи‘идің, Ахмадың және Исхақтың айтқан сөздері. Сондай-ақ осы көзқарасты мұсылмандардың соңғы буындарынан болған ханафи мазһабының кейбір өкілдері де олар осы мәселе бойынша тиісті зерттеулер өткізген соң ұстанатын болды. Ал «әл-Фатиха» сүресінен кейін қандай да бір сүре оқу туралы айтар болсақ, бұл пікірді Шәфи‘и мазһабының кейбір өкілдері ұстанады әрі ол дұрыс болып табылады.

[100] Әл-Бухари, Абу Дәуд, ән-Нәса’и және Ибн әл-Жәруд. Тууайжиридің пікірі бойынша («әл-Фатихадан» кейін тағы да бір басқа сүрені оқуға қатысты) қосымшалар үлкен мәртебеге ие басқа да хадистерге қайшы келмейді.

[101] Ән-Нәса’и және әт-Тахауи бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

жалғасы бар