Фиқһ мәселелері

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы (27)

Бес уақыт (парыз) және басқа да намазда Құранды дауыстап және іштей оқу

«الجَهْرُ وَالإسْرَارُ فِي الصَّلَوَاتِ الخَمْسِ وَغَيْرِهَا»

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (таң (фәжр, субх) намазын, ақшам (мәғриб) намазының алғашқы екі ракағатын және құптан (‘иша) намазының алғашқы екі ракағатында Құранды дауыстап оқитын, ал бесін (зуһр) және екінті (‘аср) намаздарын, сондай-ақ ақшам (мәғриб) намазының үшінші ракағатында және құптан (‘иша) намазының соңғы екі ракағатында Құранды іштей оқитын[1].

Адамдар оның Құранды іштей оқып тұрғанын сақалының қозғалуынан[2]  және кейде олар оның белгілі бір аятты оқып тұрғанын естігенінен[3] білетін.

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жұма намазы мен екі айт[4] намаздарын[5], сондай-ақ жаңбыр сұрау намазы (әл-истисқа)[6] мен күн тұтылғанда оқылатын намазды (әл-кусуф) орындау кезінде[7] Құранды дауыстап оқитын.

 

Қосымша түнгі (таһажжуд) намазда Құранды дауыстап және іштей оқу[8]

«الجَهْرُ وَالإسْرَارُ فِي القِرَاءَةِ فِي صَلاَةِ اللَّيْلِ»

 

Қосымша түнгі намаз туралы айтар болсақ, ол оны орындаған кезінде кейде Құранды дауыстап, ал кейде іштей оқитын[9], ал «ол Құранды үйде оқыған кезінде, оның дауысын бөлмедегілер еститін еді»[10]. «Кейде ол (Құран оқыған кезінде) дауысын (аздап) көтеретін  және (ішкі ауланың сыртында) өз керуетінде жатқан адам оны ести алатын»[11].

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Абу Бәкр мен Омарға да (Аллаһ оларға разы болсын) тура осыны бұйырған еді; «(бірде) түнде ол (үйінен мешітке) шығып, Абу Бәкрді (Аллаһ оған разы болсын) жай бәсең дауыспен намаз орындап тұрған күйінде кездестіреді, ал  Омар ибн әл-Хаттабтың (Аллаһ оған разы болсын) жанынан өтіп бара жатып, оның намазды көтеріңкі дауыспен орындап тұрғанын көреді. Кейін, олар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алдында бас қосқанда, ол:

«يَا أَبَا بَكْرٍ مَرَرْتُ بِكَ وَأَنْتَ تُصَلِّى تَخْفِضُ مِنْ صَوْتِكَ؟».

«Әй, Абу Бәкр! Мен сенің жаныңнан өтіп бара жатып, сен намазды бәсең дауыспен оқып тұрғаныңды көрдім», — дейді.

Бұған ол:

قَدْ أَسْمَعْتُ مَنْ نَاجَيْتُ.

«Жалбарынғаным мені естіді, уа, Аллаһтың Елшісі», — деп жауап береді. Омарға қарап, ол:

« مَرَرْتُ بِكَ يَا عُمَرُ وَأَنْتَ تَرْفَعُ صَوْتَكُ؟»

«Мен сенің жаныңнан өтіп баратып, сенің намазды дауыстап орындап тұрғанды байқадым», — дейді, ал ол бұған:

يَا رَسُولَ اللَّهِ أَحْتَسِبُ بِهِ أُوقِظُ الْوَسْنَانَ.

«Уа, Аллаһтың Елшісі! Мен ұйқысұрауыммен күресіп, шайтанды қуамын», — деп жауап береді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (оларды тыңдап болған соң):

. فَقَالَ لأَبِى بَكْرٍ:«ارْفَعْ مِنْ صَوْتِكَ شَيْئًا». وَقَالَ لِعُمَرَ:«اخْفِضْ مِنْ صَوْتِكَ شَيْئًا».

 «Уа, Абу Бәкр! Дауысыңды сәл көтер!», — ал Омарға: «Дауысыңды сәл бәсеңдет!», — деп айтады»[12].

Ол:

«الْجَاهِرُ بِالْقُرْآنِ كَالْجَاهِرِ بِالصَّدَقَةِ، وَالْمُسِرُّ بِالْقُرْآنِ كَالْمُسِرِّ بِالصَّدَقَةِ».

«Құранды көтеріңкі дауыспен оқитын адам садақаны жария беретін адамдай, ал Құранды жай дауыспен оқитын адам садақаны жасырын беретін адамдай», — деп айтатын[13].


[1] Бұл мәселе бойынша барлық мұсылмандардың бірауызды келісімі (ижма`) бар, өйткені бұл нәрсе, бұған имам ән-Нәуауи нұсқағандай, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) заманынан бастап тиісті сенімді хадистер арқылы, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келді. Бұл хадистердің кейбіреулері әрі қарай келтіріледі. Сондай-ақ «әл-Ируа’» (345) кітабын қараңыз.

[2] Әл-Бухари және Абу Дәуд.

[3] Әл-Бухари және Муслим.

[4] Ораза айт — ‘Ид әл-Фитр және Құрбан айт — ‘Ид әл-Адха күндерінде (Аудармашының ескертпесі).

[5] Қз.: «Жұма намазы» және «Екі айт намазы» тараулары.

[6] Әл-Бухари және Абу Дәуд.

[7] Әл-Бухари және Муслим.

[8] Абдул Хаққ «Таһажжуд» (90/1) кітабында былай деп айтқан: «Күндіз орындалатын нәпіл намаздарға қатысты айтар болсақ, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл намаздарда (Құранды) дауыстап  немесе іштей оқығандығы туралы сахих түрде еш нәрсе жеткізілмейді. Бірақ (ол) іштей (оқыған) сияқты. Ол туралы (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хабарлардың біреуінде  ол бірде күндіз намаз орындап және (сол намазында Құранды) дауыстап оқып тұрған Абдуллаһ ибн Хузафаның жанынан өтіп баратып, оған: «Әй Абдуллаһ! Сені біз емес, Аллаһ естісін», — деп айтқаны жеткізіледі».  Бірақ бұл хадис күшті болып табылмайды.

[9] Муслим және әл-Бухари «Әф‘әл әл-‘Ибадта».

[10] Абу Дәуд және әт-Тирмизи «әш-Шәма’илде» бұл хадисті жақсы иснадпен келтіреді. Бұл хадис оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (Құран аяттарын) тым дауыстап та, тым жай да оқымағандығы туралы куәлік етеді.

[11] Ән-Нәса’и, әт-Тирмизи «әш-Шәмә’илде» және әл-Бәйһақи «әд-Далә’илде» бұл хадисті жақсы иснадпен келтіреді.

[12] Абу Дәуд және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[13] Сол жерде.

жалғасы бар