Біріншісі: Имам Абу Ханифаның Бірқұдайшылыққа (Таухид) қатысты ақидасы, Аллаһқа жақындаудың шариғи тәсілін (әт-тәуассул әш-шәриғи) және Аллаһқа жақындаудың дінбұзар тәсілін (әт-тәуассул әл-бидғи) түсіндіруі:
1. Абу Ханифа былай деген: «Кім Аллаһқа дұға етсе, Оған тек Оның Өзі арқылы ғана жалбарынуы қажет. Рұқсат етілген және олар арқылы (Аллаһқа жалбарыну) бұйырылған дұғалар туралы Аллаһ Тағаланың мына сөздерінде айтылады: «Ең жақсы есімдер Аллаһқа тән. Сондықтан оған сол есімдер арқылы жалбарыныңдар. Оның есімдерінде қатысты ақиқаттан бас тартатындарды қойып-қойыңдар. Олар істегендерінің сазайын тартады» («әл-Әғраф» сүресі, 180-аят)». Қз.: «әд-Дурр әл-Мухтар», 6/396-397.
2. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһқа дұға етуші: «Мен Сенен пәленге тиісті болған нәрсе үшін сұраймын», — немесе, — «Мен Сенен елшілерің мен пайғамбарларыңа тиісті нәрсе үшін сұраймын», — немесе, — «Мен Сенен Сенің Қорықты Үйіңе (әл-Бәйт әл-Харам) және Қорықты Мекеніңе (әл-Маш’ар әл-Харам) тиісті нәрсе үшін сұраймын“, — деп айтатынның сөздері нендей жиіркенішті». Қз.: «Шарх әл-Ақида әт-Тахауийя», 234; «Итхаф әс-Сада әл-Муттақин», 2/285; әл-Қаридің «әл-Фиқһ әл-Әкбарға» шархы, 198.
3. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһқа дұға етіп жалбарынатын адам Оған тек Оның Өзі арқылы ғана дұға етуі керек. «Сенің Аршыңның[1] ұлықтығы үшін» немесе «Сенің жаратылыстарыңа тиісті болған нәрсе үшін», — деп айту маған жек көрінішті». Қз.: «әт-Тәуассул уәл-Уәсила», 82; «әл-Фиқһ әл-акбардың» шархы, 198.
Екінші: Абу Ханифаның Аллаһтың сипаттарын бекітуге қатысты айтқан сөздері және жәхмилерді[2] теріске шығаруы
4. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағаланы оның жаратылыстарының сипаттарымен сипаттауға болмайды. Оның Қаһары мен Оның Разылығы олар туралы: «Олар қандай?» (била кәйфа), — деп сұрауға тыйым салынатын Оның екі сипаттары болып табылады.
Сүннеттің жақтаушылары болып табылатын және оның төңірегіне бірігетіндердің (Әһли әс-Сунна уәл-Жәма’аның) көзқарасы осындай. Аллаһ қаһарланады және разылығын танытады және: «Оның Қаһары – бұл оның жазасы, ал оның Разылығы – бұл оның сыйы», — деп айтуға болмайды. Біз оны Ол өзін қалай сипаттаған болса — тура солай сипаттаймыз: Ахад (Бір, Жалғыз), Самад (Мұңсыз, Өзіне Өзі толық жеткілікті), ләм йәлид уә ләм йуләд уә ләм йәкун ләһу куфууән ахад (Ол тумаған және туылмаған және оған ұқсас ешкім жоқ), Хайй (Тірі), Қадир (барлық нәрсеге Құдіретті), Сами’ (барлық нәрсені Естуші), Басыр (барлық нәрсені Көруші), ‘Алим (барлық нәрсені Білуші). Аллаһтың Қолы олардың қолының үстінде, алайда Оның Қолы Оның жаратылыстарының қолыдарына ұқсамайды, ал Оның Жүзі Оның жаратылыстарының жүздеріне ұқсамайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 56.
5. Абу Ханифа былай деген: «Оның Қолы (Йәд), Жүзі (Уәжх) және Болмысы (Нәфс) бар, бұл туралы АллаҺ Құранда айтқандай. Құранда Аллаһ Тағала тарапынан аталған Оның Жүзі, Қолы, Болмысы оларға қатысты: «(Олар) қандай?», — деп сұрауға тыйым салынатын Оның сипаттарына жатады. Бұдан тыс Оның Қолы – бұл оның құдіреті (қудра) немесе Оның игілігі (ниғма) деп айтуға болмайды, өйткені мұндай сөздерде Аллаһтың сипаттарын жоққа шығару (ибтал) бар, ал бұл қадарилер[3] мен му’тазилилердің[4] көзқарастары болып табылады». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.
6. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағаланың Болмысы туралы ешкім еш нәрсе айтпауы керек. Керісінше, Оны Ол Өзін қалай сипаттаған болса, солай сипаттау керек. Ол туралы жеке пікірге (райй) сүйенген нәрсе айтуға болмайды. Әлемдердің Раббысы Аллаһ Тағала Игі (Пәк)!». Қз.: «Шарх әл-Ақида әт-Тахауиййя» (2/427). Доктор әт-Туркидің «Жәла’ әл-‘Айнайн» зерттеуі (368).
7. Абу Ханифадан Аллаһтың ең жақын аспанға түсуі (ән-нузул) туралы сұрағанда, ол былай деп жауап берді: ”Ол оған қатысты «Қалайша?» деп сұрауға болмайтындай етіп түседі”. Әл-Байһақи «Ақида әс-Сәлаф Асхаб әл-Хадис» (42) және «әл-Асма уә әс-Сыфәт» (456). Әл-Каусари бұл туралы айтпаған. Сондай-ақ хадистері мен асарларын сахихтығына шейх әл-Әлбани тексерген «Шарх әл-Ақида әт-Тахауиййяны» (245) және әл-Қаридің «әл-Фиқһ әл-Әкбар» (60) шархын қараңыз.
8. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһқа дұға еткенде төменге емес, жоғарыға қарау керек, өйткені төмен Аллаһтың Раббылығының (әр-рубубиййя) және құлшылықтың тек Оған арналуы (әл-улюхийя) сипатына ешқандай жатпайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 51.
9. Абу Ханифа былай деген: «Ол (Аллаһ) қаһарланады және разылығын танытады, және: «Оның қаһары – бұл оның жазасы, ал оның разылығы – бұл оның сыйы», — деп айтуға болмайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 56. Бұл кітаптын зерттеушісі әл-Кәусари еш нәрсе айтпаған.
10. Абу Ханифа былай деген: «Ол Өзінің жаратылыстарының ешқайсысына ұқсамайды және Оның жаратылыстарының ешқайсысы Оған ұқсамайды. Ол Өзінің есімдеріне және сипаттарына барлық кезде ие болған және ие болуын ешқашан тоқтатпайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 301.
11. Абу Ханифа былай деген: «Оның сипаттары жаратылыстардың сипаттарынан айырықша. Оның білімі біздің білімізге ұқсамайды. Оның Құдіреті біздің құдіретімізге ұқсамайды. Ол көреді, бірақ біз көргендей етіп емес. Ол естиді, бірақ біз еститіндей емес. Ол сөйлейді, бірақ біз сөйлейтіндей емес». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302
12. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағаланы жаратылыстардың сипаттарымен сипаттауға болмайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 56.
13. Абу Ханифа былай деген: «Кім Аллаһты адамның сипаттарын тұспалдап сипаттаса, кәпір болды». Қз.: «әл-Ақида әт-Тахауиййя» шейх әл-Әлбанидің ескертпелерімен, 25.
14. Абу Ханифа былай деген: «Ол иләһи (тәңірлік, құдайлық) болмыспен байланысты сипаттарға және иләһи амалдармен байланысты сипаттарға ие. Иләһи болмысқа жататын сипаттарға келер болсақ, олар – өмір, құдірет, білім, сөйлеу, есту, көру және қалау.[5] Иләһи амалдарға жататын сипаттарға келер болсақ, олар – жарату (тахлиқ), ризық беру (тарзиқ), өсіру (танши), жасау (ибда’), бар ету (сан’) және амалдардың басқа да сипаттары». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 301.
15. Абу Ханифа былай деген: «Ол барлық кезде іс-әрекет жасайтын еді. Іс-әрекет – бұл Оған мәңгі тиісті болған сипат. Аллаһ Тағала іс-әрекетті жасаушы болып табылады, іс-әрекет Оның мәңгілік сипаттарына жатады, іс-әрекет (мәф’ул) бағытталған нәрсе жаратылған (мәхлюқ), а Аллаһтың іс-әрекеті жаратылмаған (ғайр мәхлюқ)». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 301.
16. Абу Ханифа былай деген: «Кім: “Мен Раббымның қайда екенін: жерде ме әлде аспанда ма — білмеймін», — деп айтса, күпірлікке түсті. Дәл осы «Ол Аршта, бірақ мен Арштың қайда екенін: аспанда ма әлде жерде ме — білмеймін», — деп айтатын адамға да қатысты». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 46.
Осы сияқты сөздер шейх әл-Ислам Ибн Таймийядан «Мәжму’ әл-Фәтауада» (5/48), Ибн әл-Кайимнен «Ижтима әл-Жуйуш әл-Исламийяда» (139), әз-Зәһабиден «әл-Улюууда» (101-102), Ибн Қудамадан «әл-Улюууда» (116), Ибн Әби әл-Изз бин Абд әс-Сәламнан «Шарх әл-Ақида әт-Тахауиййяда» (301) келтіріледі.
17. Бір әйелдің “Сенің құлшылық қылатын (Құдайың) қайда?” деген сұрағына, Абу Ханифа: «Ақиқатында, Пәк Аллаһ Тағала жерде емес, аспанда», — деп жауап берген. Ал бірде бір кісі одан: “Ал сен Аллаһ Тағаланың «Сендер қайда болсаңдар да, Ол сендермен бірге» («әл-Хадид» сүресі, 4-аят) деген аяты туралы не айтасың?», — деп сұрағанда, ол: «Бұл — сен бір адамға жазған хатыңда «Мен сенімен біргемін», — деп жазғаныңдай, алайда сен оның жанында тұрған жоқсын», — деп жауап берді. Қз.: «әл-Әсма уа әс-Сыфат», 429.
18. Абу Ханифа сондай-ақ былай деген: «Аллаһтың Қолы олардың қолдарының үстінде, алайда ол Оның жаратылыстарының қолдарына ұқсамайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әбсат», 56.
Абу Ханифа былай деген: «Сөйлеген (Мутакаллим) дәл Сол еді және бұл Мусаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) сөзі емес еді». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.
20. Абу Ханифа былай деген: «Ол Өзіне тән Сөйлеумен сөйлейді. Ал Сөйлеу оның мәңгілік сипаты болып табылады». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 301.
21. Абу Ханифа былай деген: «Ол сөйлейді, алайда (Оның Сөйлеуі) біздің сөйлеуге ұқсамайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.
22. Абу Ханифа былай деген: “Муса (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Аллаһтың Сөйлеуін естіген, бұл туралы Аллаһ Тағала былай деген: «Ал Мусамен (оған Аллаһтың сәлемі болсын) Аллаһ тікелей сөйлесті»”. Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.
23. Абу Ханифа былай деген: «Құран — оралған қағаздарға жазылған (масахиф), жүректерде сақталған, ауыздармен оқылатын және Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түсірілген Аллаһтың Сөзі болып табылады». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 301.
25. Абу Ханифа былай деген: «Құран жаратылмаған».Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 301.
[1] Имам Абу Ханифа және Мухаммад бин әл-Хасан кісінің өз дұғасында: «Уа, Аллаһ! Ақиқатында, мен Сенен Аршыңның ұлықты үшін сұраймын», — деп айтуын мұны рұқсат ететін шариғи мәтіннің (ән-насс) жоқ болғандығы себепті сөгетін еді. Ал Абу Йусуфке келер болсақ, ол «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһқа: «Уа, Аллаһ! Ақиқатында, мен Сенен Аршыңның ұлықтығы үшін және Кітабыңнан шығатын таусылмас рахметің үшін сұраймын», — деп дұға еткен» деген хадиске сүйеніп, осылай істеуге рұқсат ететін. Бұл хадисті әл-Бәйһақи «әд-Дә’ауат әл-Кәбира» кітабында келтіреді. Ол сондай-ақ «әл-Бинайа» (9/382) және «Нәсб әр-Райя» ( 4/272) кітаптарында да келтірілген.
Алайда бұл хадистің иснадында үш салмақты кемшілік бар: Дауд бин Абу Әсим Ибн Мәс’удтан хадис естімеген; Абдул-Мәлик бин Журайж мурсал хадистерді жеткізетін сөздерді алмастырушы (мудаллис) болған; Амр бин Харун өтірікші деп айыпталған.
Осыдан шыға келе Ибн әл-Жәузи былай деген: «Ешбір күмәнсіз, бұл хадис, сендер мұны өздерің көріп тұрғандарыңдай, ойдан тоқылған, ал оның иснады кемшіліке ие». Қз.: «әл-Бинайа», 9/382. Толығырақ «Тахзиб әт-Тахзибті» (3/189), (6/405), (7/501) және «Такриб әт-Тахзибті» (1/520) қараңыз.
[2] Жәхмия – кәламның бір тармағы, оған ілесушілер өздерін мұсылманға телиді, алайда иманға және Аллаһтың көркем есімдері мен сипаттарына қатысты дінбұзар (бидғатшыл, яғни Сүннетке қайшы – аудармашыдан) көзқарастарды ұстанады. Бұл ағымның негізін салған Абу Мухриз деген атпен танылған әл-Жәхм ибн Сәфуан еді. Оның іс-әрекеті хижраның 102 жылы өзіне ғалымдардың назарын қаратқан болатын. Ол ерік бостандығын толық жоққа шығаратын, алғашқы болып Құранның жаратылғандығы туралы дінбұзар көзқарастарды тарата бастады және иләһи сипаттарды толығымен жоққа шығаратын. Жәхмилердің қауіпті көзқарастарының бірі болып Аллаһтың сипаттарын толығымен жоққа шығару болып табылады. Іс жүзінде олар Оның көркем есімдерін де жоққа шығарады, өйткені оларды басқаша мағынада түсінеді. Жәхмилер сондай-ақ адам іс-әрекет жасау қабілетіне де, қалауға да, таңдау еркіне де ие емес деп айтады. Олар сондай-ақ иман сенімнен, сөзден және амалдан құралмайды деп айтады. Жәхмилер иман — Аллаһ туралы білу, ал күпірлік – Аллаһ туралы білмеу деп айтады. Осы орайда, олар: «Адам алдын Аллаһ туралы біліп, содан соң одан сөзбен бас тартса да, ол мүмин (иман келтірген) болып қала береді», — дейді. Олар сондай-ақ пайғамбарлардан бастап, қарапайым мұсылмандарға дейін баршаның иманы бірдей деп санайды. Жәхмилер Қиямет күні орын алатын көптеген оқиғаларды жоққа шығарады. Олар Тозақтың жоталарының арасынан өтетін Көпірге (әс-Сырат) сенбейді, Таразыға (Мизам) сенбейді, Аллаһты (Жәннатта) көру мүмкіндігін жоққа шығарады, қабір азабын жоққа шығарады және Тозақ пен Жәннат жойылады деген көзқарастарды таратады. Олар Аллаһтың Сөйлеуін жоққа шығарады және Аллаһ Өзінің Болмысымен жаратылыстарының арасында дейді. Жәхмилердің көзқарастарын көптеген мәртебелі мұсылман ғалымдары теріске шығарды, солардың ішінде Ахмад ибн Хәнбалді, Ибн Кутайбаны, әд-Дәримиді, Ибн Тәймийяны т.б. атауға болады.
[3] Аудармашының (араб тілінен) ескертпесі: Қадарилер – атауы арабтың «әл-қадар» («жазмыш», «өлшем») сөзінен туындаған дінбұзар бағыттың өкілдері. Бұл бағыт мұсылман күнтізбесі бойынша І-ғасырдың екінші жартысында пайда болды. Қадарилер: «Адам өз іс-әрекеттерінің жаратушысы болып табылады және өзінің әрекеттерін Аллаһтың қалауынсыз өзі жасайды», — деп айтады. Бұл жолдың негізін салғандар — халиф Абд әл-Мәликтің бұйрығы бойынша хижраның 80 жылы керу арқылы өлім жазасына кесілген Мәбад әл-Жухани, сондай-ақ халиф Хишам аяқтары мен қолдарын шауып тастап, кейін керіп өлтіруді бұйырған оның шәкірті Ғәйлан әд-Димашки.
Қадарилердің қалау (ерік) бостандығы туралы көзқарастары христиан ортасының ықпалымен қалыптасты және жоғарыда аталған бұл дінбұзар бағыттың негізін салушылар арабтардан емес еді. Қадарилер адам еркін ерікпен жаратылып қойылған деп уағыздайтын, сондай-ақ жаман тағдыр Аллаһтан болуы мүмкін емес деп, «иләһи әділдік» туралы бұлжымас тұжырымды жақтайтын. Кейінірек қадарилердің көзқарастары оларды қадарилер деп атаумен келіспеген му’тазилилер тарапынан дамытылды. Өз ұстанымын олар: «Қадари деп тағдырдың адам амалдарына әсері бар деп айтатындарды атау керек, бірақ бұл әсерді жоққа шығаратындарды емес», — деп дәйектейтін.
[4] Аудармашының (араб тілінен) ескертпесі: Му’тазилилер («оңашаланғандар», «бөлініп шыққандар») – хижраның 105-110 жылдары аралығында пайда болған кәламдағы алғашқы ірі бағыттың бірі. Бұл ағымның көзқарастары му’тазили Абу Хузайл әл-Әллафтің тұсында толық қалыптасып болды және олар мына бес ережеге ұштасады.
Біріншісі — әділеттілік (әл-‘адл). Олар иләһи әділеттілік адамның еркінің бостандығын, Аллаһтың жақсылықты ғана жарата алатындығын және заттардың бекітілген тәртібін Аллаһ бұзуы мүмкін емес екендігін тұспалдайды деп санайды. Бұл ереже қадарилердің иләһи тағдыр туралы көзқарастарына сүйенеді.
Екіншісі – бірқұдайшылдық (әт-таухид). Му’тәзилилер иләһи сипаттардың бар болуын және мәңгі болуын жоққа шығарады. Олар сондай-ақ Аллаһтың Сөйлеуін жоққа шығарады және Құранды жаратылған деп санайды. Бұл ереже му’тәзилилерді жәхмилермен жақындатады.
Үшіншісі – уәде және қорқыту (әл-уәәд уә әл-уәид). Олар егер Аллаһ мойынсұнушы құлдарын Жәннатқа, ал мойынсұнбайтындарын Тозаққа кіргізетінін уәде еткен болса, онда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шапағатшы болуы да, Аллаһтың рахымы да адамның жасаған амалы үшін берілетін жазаның сипатын өзгерте алмайды дейді.
Төртіншісі – екі кейіптің арасындағы аралық кейіп (әл-мәнзила бәйна әл-мәнзилатайн). Кейде бұл қалыпты «атау және тұжырымдау мәселесі» деп те атайды (мәсәлат әл-әсма уә әл-әхкам). Му’тазилилер егер мұсылман адам ауыр күнәлар жасаса, ол мүминдердің қатарынан шығады, бірақ кәпір болмайды деп есептейді. Олар оны күнәхар (фәсиқ) деп атайды және Ақыретте ол мәңгіге Отқа тасталады деп айтады.
Бесінші – жақсылыққа үндеп, жамандықтан қайтару (әл-амр би әл-мә’руф уә ән-нахйи ән әл-мункар). Сүннеттің жақтаушылары болған және оның төңірегіне біріккен адамдар (Әхли әс-Сунна уәл-Жәма’а) да, жақсылыққа үндеудің және жамандықтан қайтарудың қажеттілігін мойындайды, алайда олардың көзқарастары му’тазилилердің сенімдерінен ерекшеленеді. Біріншіден, му’тәзилилер залым әмірге ашық қарсы шығуға болады, тіпті ол мұсылман болса да, деп есептейді. Екіншіден, олар қару алып олардың пікірлеріне қосылмайтын мұсылмандарға қарсы соғысуға болады деп есептейді.
Му’тәзилилер өздерінің ілесушілері деп тек осы бес ережені мойындайтындарды ғана есептейтейді, олар осы ережелердің негізінде Аллаһтың ең жоғарыда болуын жоққа шығарады. Олардың кейбіреулері Аллаһ Өзінің билігінің арқасында барлық жерде деп есептейді. Осындай пікірді Абу әл-Хузайл, әл-Искафи, Мухаммад бин Абд әл-Уаххаб әл-Жуббаи ұстанған. Солармен бірге Хишам әл-Фаути, Ибад бин Сулайман және Абу Зуфр Аллаһтың мүлде орны жоқ деп есептейтін. Му’тәзилилер Аллаһтың Аршқа көтерілгенін Оның Аршты меңгергені деп түсіну керек дейді. Олар сондай-ақ ізгілер Ақыретте Аллаһты көрмейді деп есептейді. Му’тәзилилердің рационалистік (ақылға жүгінген) нұсқаулары және теологиялық-пәлсапалық тұжырымдамалары ашария және матуридия сияқты кәламның кейіннен пайда болған еншісіне айналды.
[5] Аудармашының (арабшадан) ескертпесі: Аллаһтың иләһи болмысымен байланысты басқа да сипаттары бар екендігін айтып кету қажет. Мысалы: Ұлылық (әл-`Изза), Даналық (әл-Хикма), Аллаһтың Өз болмысымен жаратылыстарынан жоғары күйде (әл-Улюуу), Аршқа көтерілуі (әл-Истиуа), ең жақын аспанға түсуі (ән-Нузул), Жүзі (әл-Уажх), екі Қолы (әл-Йәдайн), екі Көзі (әл-Айнайн) т.б.
Сондай-ақ мыналарды да оқуды ұсынамыз:
Имамның адамдармен қарым-қатынасы
Төрт имамның ақидасы негізінен бірдей екендігі туралы
Имамның өз ата-анасына деген құрметі мен ілтипаты туралы