Хафс бин Абд әр-Рахманның былай дегені жеткізіледі: «Мен Абу Ханифамен отыз жыл бойы іскерлік қатынаста болдым. Ол Құранды әр үш күн сайын оқып бітіретін және күнде садақа беретін».
Әл-Мууаффақ Букайр бин Мә‘руфтың былай деп айтқанын жеткізеді: «Мен Абу Ханифамен оның сапарлары кезінде де, ол қалада болған кезде де ажырамай жүрдім, оның түнде өз үйінде немен айналысатынын көрдім, әрі маған жасырын болып қалған нәрселер аз болды. Мен одан артық ыждағаттылықпен ерекшеленетін адам кездестірмеппін! Ол күндіз ораза ұстайтын, ал түнде намазда тұратын және Құран оқитын. Ол айырықша бойсұнушылықпен ерекшеленетін, ешқашан Аллаһқа мойынсұнудан шықпайтын және адамдарға түсіну қиын болған нәрселерде олардың сауатын ашатын. Аллаһ Тағала оған Өзінің ұлы рахымын нәсіп етсін!»
Аллаһқа құлшылық етуші және мойынсұнушы, түнделетіп Құран оқушы және оны өзінің сұхбаттасы етуші, Аллаһтан қорқушы және осының барлығын адамдардың назарынан жасырушы, ұзағынан күндер бойы ораза ұстаушы[1], әкесі оны алғаш рет қажылыққа алып барған жылдан бастап жыл сайын қажылық жасайтын және күнде садақа тарататын имам Абу Ханифа осындай еді.
Жоғарыда айтылғандардың барлығын ескергенде, ғалымдар оған жиі мақтау айтқаны ғажап емес. Әл-Фәдл бин Сууайд Куфаға келгенде және адамдар одан Абу Ханифа туралы сұраған кезде, ол: «Біз жиі онымен бірге жүретінбіз және оның жиі ораза ұстайтынын және түнделетіп намаз оқитынын көретінбіз», — деп жауап берді.
Абу Муқатил былай деп айтқан: «Мен ұзақ уақыт бойы Абу Ханифамен, оның сапарларында да, ол өзінің үйінде тұрғанда да ажырамай жүрдім және мен Аллаһқа одан көп құлшылық жасайтын және намаз оқитын, одан артық салиқалылықпен ерекшеленетін адамды, ал фиқһқа келер болсақ, бұл салада одан артық хабардар болған адамды көрмеппін».
Ата бин Жәбала былай деген: «Абу Ханифа фиқһ мәселелерін баршадан жақсырақ игергендігіне, (сол кездегі) адамдардың арасында ең салиқалы, Аллаһқа баршадан көбірек құлшылық ететін және баршадан көп намаз оқитын адам болғанына қарсы болатын бірде-бір ғалым-ғұламаны кездестірмеппін».
«Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, бірде түнде Құран оқып отырып «әт-Тур» сүресінің «…бірақ Аллаһ бізге рахым көрсетті және (бізді) жалынды боранның азабынан қорғады!» деген 27-аятына келген кезінде, бұл аятты муәззін (азаншы) таң намазына азан шақыра бастағанға дейін қайталай берді» деген хабар жеткізіледі. Ал тағы бірде ол түн бойы намаз оқып тұрып, Аллаһ Тағаланың «Әлбетте оларға уәде етілген Қиямет, ол — үрейлі, тым ащы бір мезгіл» («әл-Қамар» сүресі, 46-аят) деген сөздерін қайталап тұрды. Абу Ханифаның ұлының шешесі болған оның күңі былай деген: «Мен оны білгелі бері, ол ешқашан жайлы төсекте ұйықтамайтын, ал ұйқыға уақытты жаз мезгілінде бесін мен екінті намазының аралығында бөлетін; қыс мезгілінде ол әдетте намаз оқитын жерінде түннің бас жағында ұйықтайтын».
Әл-Кардари Йахйя бин Са‘ид әл-Қаттанның былай деп айтқанын жеткізген: «Біз Абу Ханифамен бірге уақыт өткізетінбіз және оны тыңдайтынбыз. Аллаһпен ант етемін, мен оған қарағанымда, оның жүзінен ол Ұлы Аллаһ Тағаладан қорқатыны байқалатын».
Әл-Кардари Ибн әл-Мубарактың да былай деп айтқанын жеткізген: «Мен Куфаға келіп, адамдардан фиқһ мәселелері бойынша кім ең жақсы хабардар деп сұрадым және маған: «Абу Ханифа», — деп айтылды. Кейін мен олардан кім бұл дүниеден барынша алшақтауға тырысады деп сұрағанымда, маған: «Абу Ханифа», — делінді. Ал кейін мен олардан кім ең көбірек салиқалылықпен ерекшеленеді деп сұрадым және олар: «Абу Ханифа», — деп жауап берді».
Әл-Мууаффақ Мис‘ар бин Қудамның былай дегенін жеткізген: «Бірде мен Абу Ханифамен бірге көшемен жүріп бара жатқанымызда, ол абайсыздықпен бір баланың аяғын басып кетті, ал ол: «Уа, шейх, сен Қиямет күні тең мөлшерде болатын жазалаудан қорықпайсың ба?», — деді және осы сөздерді естіген Абу Ханифа ес-түсін жоғалтты. Мен оның жанында қала бердім, ал ол өзіне келген кезде: «Уа, Абу Ханифа, мына баланың сөздері саған соншалықты әсер еткенін-ай!», — дедім. Бұған ол: «Мен бұл сөздер оған білдірілді ме деп қорқамын!», — деп жауап берді».
Әл-Мууаффақ Ибн әл-Мубарактың былай деп айтқанын жеткізген: «Бірде мен Суфйян әс-Сауриге: «Абу Ханифа өзгелерді балағаттаудан нендей аулақ! Мен оның тіпті өзінің дұшпаны туралы жаман сөз айтқанын естімеппін», — дедім. Ол бұған: «Аллаһпен ант етемін, ол өзінің игі істерінің үстінен билікті осы істерді жоятын адамға беріп қоюшы болудан ақылды», — деп жауап берді.
Әл-Мууаффақ Абд әр-Раззақтың былай деп айтқанын жеткізген: «Мен қашан Абу Ханифаға көз салғанымда, оның көздері мен беттерінде көз жастарының іздерін көретінмін».
Әл-Мууаффақ Дирар бин Сурадтың ол ең жақсы адамдардың бірі деп есептеген Йазид бин әл-Кумайттан мына сөздерді естігенін жеткізеді: “Абу Ханифа Аллаһтан өте қатты қорқатын. Бірде кешкі намазда артында Абу Ханифа тұрған бізге «Жер сілкіндірілген кезде…» («Зилзала» сүресі, 1-аят) деп айтылатын сүрені оқып берді. Біз намазды орындап болғанда және адамдар таралған кезде, мен өз орнында ой құрып және күрсініп отырған Абу Ханифаға қарадым да: «Оны мазаламай кете қояйын», — дедім. Кетіп бара жатып, мен ішінде азғантай май қалған шырақты сол жерде қалдырып қойдым, ал таңға азғантай уақыт қалғанда қайта оралғанымда оның (Абу Ханифаның) өз сақалын ұстап: «Уа, тозаңдай болған игілікке игілікпен қайыратын және тозаңдай жамандық үшін тиісті жазасын беретін (Аллаһ)! Өзіңнің құлың ән-Нуғманды Оттан және Отқа жақындататын жамандықтардан қорғай гөр және оны Өз рахымыңа бөле!», — деп айтып, сол орнында тұрғанын көрдім. Содан соң мен азан шақырдым және шырақтың жанып тұрғанын, әрі оның әлі де тұрып тұрғанын көрдім, ал мен ішке кіргенімде, ол менен: «Сен шырақты алып кеткің келіп тұр ма?», — деп сұрады. Мен: «Таң намазына шақырып қойдым», — дедім. Ол: «Көрген нәрсең туралы ешкімге айтпа», — деді де, содан соң екі ракағат сүннет (нәпіл) намазын оқып, мен парыз намаздың басталғанын жариялағаныма дейін отырды. Оны Абу Ханифа түнгі намазға алған дәретін бұзбаған күйінде бізбен бірге орындады”.
[1] Ал Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оразаға берілетін сауаппен еш нәрсе тең келмейді деген.
Сондай-ақ мыналарды да оқуды ұсынамыз:
Абу Ханифаның туылуы, толық аты және нисбaсы
Имамның білім алу жолына түсуі
Ол ижтиһад жасауға арналған мәселелерді қалайша құрастыратыны және жазып алатыны туралы
Имам Абу Ханифаның ең көрнекті шәкірттері
Имам Абу Ханифаның сыртқы бейнесі және адамгершілік сипаттары