Тарихи жәдігерлік орындарда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу

Оқырмандарымызға «Қабір-кесене-мазарларға, әруақ-әулиелер мен киелерге сиыну – қазақ халқын опат болуға алып баратын жол» атты кітабының алтыншы тарауын ұсынамыз.

Жүктеп алу.

Тарихи жәдігерлік орындарда, соның ішінде қабірлерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу сахабалар мен олардың ізбасарларының кезінде белгісіз әрекет еді.

Мұсылмандар, олардың ғалымдары да, ғалым еместері де, одан да маңыздырақ болған нәрселермен айналысатын: олар бар жігер-ынтасын өздерінің дінін біліп-үйренуге, соған сәйкес амал етуге бағыттайтын немесе ауыл шаруашылығы және басқа да бұл дүниеде өздеріне пайда келтіретін кәсіптермен айналысатын.  Олар Құран мен Сүннеттің қасиетті мәтіндерін сақтап қалуға тырысатын. Олар өз күштерін Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін қорғауға және оған әлсіз, өтірік және ойдан тоқылған хадистердің енгізілуінен сақтауға жұмсайтын және осыған өз күш-қуаттарын бағыттайтын. Мұсылмандар өз күндері мен түндерін білім үйірмелерінде және кітап оқу үстінде өткізетін. Олар осы үмметтің ғалымдарынан білім алып қалу үшін мұсылман елдерін кезетін. Олар өздерінің бұрынғысын және ата-бабаларының тарихын өздерінің иманын көтеруге қажетті мөлшерде білетін. Өз уақыттарының басым бөлігін олар болашағына арнап бөлетін, әрі Ақыреттегі өмірдің қамын жейтін. Аллаһ Тағала бұл туралы былай деді: «Әй, мүміндер! Аллаһтан қорқыңдар. Әркім ертең үшін не әзірлегеніне қарасын» («Хашыр» сүресі, 59:18). Ол тағы да былай деді: Расында, сондай Аллаһқа жолығуды өтірікке жорығандар зиянға ұшырады. Ал оларға кенеттен Қиямет Сағаты жетіп келсе олар: «Өкінішке орай, бұл жөнінде кемшілік жасаған екенбіз ғой», — дейді(«әл-Әнғам» сүресі, 6:31).

Мұсылмандар барлық кезеңдерде маңызды істермен айналысатын, әрі өздерінің асыл уақытын пайдасы мардымсыз болған бос ойын-сауықтарға сарп етпейтін. Олар Аллаһтың «Адам баласының есеп көретін мезгілі таяды. Алайда олар қаперсіз бет бұруда!» («Әнбия» сүресі, 21:1) деген сөздерінен қорқатын.

Ал өткен ұрпақтардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты тарихи деректерді іздеуге келер болсақ, олар мұнымен тіпті айналыспайтын, өйткені бұл — уақытты босқа сарп ету және қызық қана. Аллаһ былай деді: «Міне, сол бір үммет өтіп кетті. Олардың еңбектері өздеріне, сендердің еңбектерің өздеріңе, сендер олардың істегендерінен сұралмайсыңдар» («әл-Бақара» сүресі, 2:134). Сондықтан да Аллаһ Тағала сахабаларды ерекше Рахымдының  құлдары деп атады да, оларды сипаттап, былай деді: «Олар өтірікке айғақ болмайды да, бос (пайдасыз) сөздерге кездессе, маңғазданып өтеді» («әл-Фурқан» сүресі, 25:72).

Олардың үлкен ыждағаттылығының нәтижесінде Мухаммад Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянының барлығы егжей-тегжейлі сақталып қалды. Бұдан қалса, сахабалардың жеке ұрпақ ретінде бүкіл өміртарихы да жан-жақты сақталды. Мұсылмандар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және сахабалардың өмірбаяндарын сақтап қалуға тырысқандығының себебі осы ұлы дереккөзден шариғи заң-ережелер мен құқықтық пәтуалар алынатындығында. Ал адамдардың қандай да бір өзге ұрпақтарының  өміртарихына келер болсақ, олар мұндай діни маңызға ие емес.

Сахабалардан немесе олардың ізбасарларынан олардың біреуінің болса да қандай да бір тарихи орындарға қамқорлық танытқандығы немесе оларды қорғағандығы, немесе оларды қайта салып, жөндеуден өткізгендігі туралы ешқандай да дерек мәлім емес.

Абу ‘Али әл-Ауки былай деген: ”Мен Абу әт-Тахир әс-Силәфидің былай дегенін естідім: «Мен Александрияда алпыс жыл бойы білім талап еттім және өз ғимаратымның терезесінен басқа жерден бірде-бір рет оның көзге түсерлік жерлерін көрмеппін[1]”. Қз.: «Сияр» әз-Зәһаби 5/21.

Имам әз-Зәһаби имам әс-Силәфиді муфти және шейхул-ислам деп атайды.

‘Амр ибн әл-‘Ас Мысырды алған соң сахабалардан немесе мұсылмандардың келесі ұрпақтарынан ешкім пирамидаларға қамқорлық жасау немесе оларды зерттеу былай тұрсын, оларға зиярат жасамады. Сондықтан да ешбір тарихи кітапта – ал олар мұсылман кітапханаларында өте көп – сахабалар осындай «тарихи ескерткіштерге» қатысты қандай да бір қызығушылық танытқандығы туралы бірде-бір дерек келмеген, Мысырда көп ғасырлар бойы үмметіміздің көптеген ұлы имамдары өмір сүрген болса да. Мысалы, олардың арасынан имам әш-Шафи’иді, Ибн Хузайманы, Абу Хатимді, ‘Изз ибн ‘Абдуссәләмді, Ибн Хәжар әл-‘Асқаләниді т.б. атап айтуға болады.

Имам әз-Зуркалиге «Сахабалардан біреу-міреу пирамидаларды көрді ме?» деген сұрақ қойылған болатын, ол: «Олардың басым бөлігі, әсіресе, Сфинкс топырақтың астында еді», — деп жауап берді.

Неліктен мұсылмандардан және олардың әмірлерінен ешкім осы пирамидаларды абаттандыруға және ашып зерттеуге талпынбады екен?

Бұдан қалса, тарихи деректер мұсылмандардың ең кем дегенде үш әмірі, адамдар оларды пұттарға және ғибадат орындарына айналдырып алмаулары үшін, оларды бұзуға талпыныс жасағандықтары туралы куәлік береді. Бұл әмірлердің есімдері: Ма’мун[2], әл-‘Азиз әл-Айюби[3] және халифа әр-Рашид[4].

Ал неліктен ешкім оларды «жасампаздыққа қарсы шығатын қиратушы варварлар» деп атамады екен?!

Бұл – бұрынғы ғасырларда өмір сүрген мұсылмандар кәпірлерге еліктеуден аулақ болғандығы және шариғаттың мақсатын жақсы түсінгендігі себепті еді. Олар шариғат көпқұдайшылықтың пайда болуына және таралуына кедергі болатын барлық бөгеттерді орнатқанын түсінді.

Құрметті оқырман мынандай сұрақпен өзін мазалауы мүмкін: «Бірақ археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу дүниелік мәселе емес пе, ал дүние мәселелеріндегі негіз – тыйым салынбаған барлық нәрсе рұқсат етілген ғой?!»

Бұған жауап былай болмақ:

Бұл мәселе дүние мәселесі болып көрінгенімен, ол өзіне шариғатқа деген бірнеше қайшылықтарды қамтиды:

1) Мұсылмандар археологиялық зерттеулермен тек осы ғасырда айналысатын болды, әрі осыда кәпірлерге ұқсап-еліктеді.

‘Абдуллаһ ибн ‘Амр ибн әл-‘Ас Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Бізден болмағандарға ұқсап-еліктеген – бізден емес. Яһудилерге де, христиандарға да ұқсамаңдар» (хадис жақсы (хасан); Тирмизи 2695; Қз.: «әс-Сахиха» 2194).

2) Мұсылмандар бұл зерттеулерді жүргізуді Еуропа елдерінің кәпірлерінен үйренді, олар арабтарды осыған үйрету үшін өз мамандарын жіберіп отырды, ал арабтар кейіннен бұл зерттеулерді өздері жүргізетін болды. Еуропалықтардың мақсаттары әлемге мұсылман елдерінің тарихи ұлылығын паш ету емес (алайда өз қазыналары мен мұражайларын қымбат бағалы тарихи экспонаттармен толтыруды айтпағанның өзінде), түрлі араб елдерінің мұсылмандарын бөліп-жару еді, әрі қазір де солай. Олар өз мақсаттарына қол жеткізді. Енді мысырлық пен йемендік екі арабтың кімнің ата-бабалары маңғаздау, мәртебелірек, қуаттырақ және ежелдеу екендігі жөнінде қызыл кеңірдек болып айтысып жатқандарын көруге болады.

3) Бұл археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу не үшін қажет? Кейін басқа халықтардың алдында біздің ата-бабаларымыздың өркениеті оларға қарағанда нендей ұлы болғандығын айтып мақтану үшін!

Сондықтан да кейбір тарихи басылымдарда мынандай сөздерді кездестіруге болады: «Көрші халықтар мен ұлыстар терең ұйқыда болған кезде қазақтардың өркениеті қандай болғандығын қазақтар мақтаныш етсін!»

Ата-бабаларымен мақтану шариғи тұрғыдан қатаң тыйым салынған және сөгіске лайық амал болып табылады. Аллаһ былай деді: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Аллаһтың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Аллаһ толық Білуші, әр нәрседен Хабардар» («Хужурат» сүресі, 49:13).

Аяттан көрінетіндей, Аллаһ адамдарды олар бір бірін танулары үшін ұлтар мен ұлыстарға бөлді, яғни ұлттардың болуы – Аллаһтың жердегі бұлтартпас заңы, кім ұлттарды жоққа шығарса, сол осы заңды жоққа шығарған болады. Яғни адам өз ұлтын жақсы көруінде жамандық жоқ, керісінше, өз немесе өзге ұлтты балағаттау – күпірліктің көрінісі. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың (жасайтын) екі (ісі) олардың күпірлігінің (сипаты) болып табылады: шыққан тегін балағаттау және өлген адамды дауыстап жоқтау», — деген (хадис сенімді (сахих); Муслим «Сахих», № 67).

Алайда ұлтын жақсы көру мен өз ұлтымен мақтану және шежіресін өзгелерден артық көруді ажырата білу қажет. Мысалы, қазақтың баласы өзінің қазақ болғанын және басқа қазақтарды олар қазақ болғандығы себепті шариғат заңдарына қайшы келмейтіндей етіп жақсы көруінде оқа жоқ. Алайда мәселе  ата-бабалардың ұлықтығын айтып, ұлтының ұлылығын алға тартып менменсінген кезде басталады.

Ибн ‘Умар Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Ақиқатында, Аллаһ сендерден жәхилиет кезеңінің такаппарлығы мен аталарыңмен мақтануды алып тастады. Ақиқатында, енді ізгі мүмін мен бақытсыз күнәһар ғана бар. Барлық адамдар – Адамның балалары, ал Адам топырақтан жаратылған» (хадис сенімді (сахих); Тирмизи 3266; Бәйһақи 2/87/2; Қз.: «әс-Сахиха» 2803).

Аллаһ Тағала былай деді: «(Мухаммад,) Қиямет күні Аллаһқа өтірік жапсырғандардың беттері қап-қара болғанын көресің. Менменсінгендердің орны Тозақ емес пе? Аллаһ тақуаларды табысты болғандықтары себепті құтқарады. Оларға жамандық тиіспейді де, олар күйзелмейді» («әз-Зүмәр» сүресі, 39:60-61).

Осы аяттан көрінетіндей, Аллаһ тақуаларды, олар қай ұлттан болса да, құтқаратындындығын және кәпірлерді, олар қай ұлттан болса да, опат ететіндігін  уәде етті.

‘Ияд ибн Химар Аллаһ Елшісінің былай деп айтқанын баяндаған: “Ақиқатында, Аллаһ маған: «Сыпайы болыңдар. Сендердің біреулерің басқаның алдында мақтанбасын және басқаға жәбір көрсетпесін!», — деп уахи етті” (хадис сенімді (сахих); Муслим 2865).

4) Археологиялық қазбалар мен қабірлерді қамқорлыққа алу көпқұдайшылыққа алып келеді.

Жоғарыда аталғандардың барлығынан көрінетініндей, мұндай археологиялық қазбаларды жүргізу мұсылмандардың бірлігіне салмақты зиян тигізеді.

Ал «Жер жүзін кезіңдер де, сонан соң ақиқатты өтірікке ұйғарушылардың соңы не болатынын көріңдер», — де” (6:11) деген аяттың түсіндірмесіне келер болсақ, ол келесі хадистерде ашылады: Ибн ‘Умар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Хижрдың[5] қасынан өтіп бара жатып былай деп айтқанын баяндаған: «Өздеріне өздері зұлымдық жасағандардың үйлеріне кірмеңдер. Егер кірсеңдер, сендердің бастарыңа да солардың басына келген жаза түседі. Бірақ сендер жылап ғибрат алатын болсаңдар, бұл үйлерге кірсеңдер болады». Кейін Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) басын түсірді де, осы алқаптан өтіп кетпейінше, жүрісін тездете түсті.

Ол тағы да былай деген: «(Аллаһ тарапынан) жазаланғандардың[6] үйлеріне кірмеңдер, тек осы үйлерге кіріп олардың басына түскен нәрселер сендердің де бастарыңа түсетінінен қорыққаннан жылайтын болсаңдар ғана»  (хадистер сенімді (сахих); Бухари 4419, 4420; Муслим 2980 – (38), (39)).

Бұл хадистерден бұрынғы халықтар жазаға тартылған жерлерден өтіп бара жатып, тек олардан ғибрат алып, олардың істеген күнәларын істесек, Аллаһ бізді де сол халықтарды опат еткендей опат ететінін түсіну үшін оларға назар аударуға болатындығы айқын болады.

Осыдан шыға келе, бұл аятта археологиялық қазбалардың шариғи тұрғыдан рұқсат етілетіндігіне дәлел жоқ.



[1]Хафиз әл ‘Ирақи «Тақйид уәл-Иидахта» (286-бет): «Абу әт-Тахир Ахмад ибн Мухаммад әс-Силәфи жүзден астам жыл өмір сүрді және өмірінің соңына дейін адамдарға Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін оқытты», — деген.

[2]Қз.: «әл-Булдан» 5/400.

[3]Қз.: «Тарих әл-Мәнсури» 1/5.

[4]Қз.: Ибн Халдун «Муқаддима» 346-бет.

[5]Аллаһ тарапынан опат етілген самуд халқы өмір сүрген елді мекендер мен тұрғын үйлердің атауы. Қз.: «Фатх ул-Бәри» 8/157.

[6] Хадисте самуд елі  туралы сөз болуда. Қз.: «Фатх ул-Бәри» 8/157.