Әлемдер үшін мейірім: Екінші тарау: Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) балалық және жасөспірімдік шағы

Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жетім болып өсті. Оның әкесі – АбдуЛлаһ ол анасының құрсағында болған кезінде-ақ қайтыс болып кетті. Бірнеше күн бойы оны Абу Ләһабтің күңі болған Сууайба өз сүтімен емізеді («Әл-Бухари ма’а әл-фатх» (9/142)). Кейіннен оны емізуді Халима әс-Са’дийя жалғастырады да, оны өз үйіне алып кетеді. Ол оның бану са’д тайпасында төрт жыл шамасында өмір сүрді. Сол жерде күндердің бір күнінде, ол жергілікті балалармен бірге ойнап жүрген кезінде онымен «көкіректің кесілуі» деп танылған оқиға орын алды.

Әнас (Аллаһ оған разы болсын) ол туралы мынаны хабарлады: «Бірде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) басқа балалармен ойнап жүрген кезінде оған Жәбірейіл келді. Ол оны ұстап алды, содан соң оны жерге жатқызып, көкірегін кесті де, жүрегін шығарып алып, одан ұйыған қанды алып тастап: «Бұл – шайтанның сендегі үлесі!», — деді. Кейін ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жүрегін алтын шараға салып Зәмзәм суымен жуды да, оны өз орнына қайта қойды. Балалар оның анасына[1] жүгіріп келіп: «Мухаммадты өлтірді», — деп айтты, ал содан соң олардың барлығы оған қарай жүгіре кетті, бірақ оның тек жүзінің түсі өзгергенін ғана көрді». Әнас: «Мен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкірегінде тігістің ізін көрдім», — деп баяндайтын (Муслим (261). Сондай-ақ д-р Абдуллаһ ибн АбдулМухсин әт-Туркидің редакциясының астында шыққан Ибн Касирдің «Әл-бидая уән-нихая» кітабын қараңыз (3/413).

Бұл орын алған ұлы уақиғадан қорқынышқа бөленген Халима (Аллаһ оған разы болсын) баланы өз анасы Әмина бинт Уаһбқа қайтарып берді.

Әмина өз баласымен бірге Мәдинаға өз бауырларын зиярат етуге сапарға шығады, әрі Меккеге қайтып келе жатқан кезінде ауырып қалады да, Мекке мен Мәдинаның аралығында орналасқан әл-Әбуа атты жерде қайтыс болады. Сол кезде Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жасы алты жыл, үш ай, он күн болатын (Ибн Касир «Әл-бидая уа-н-нихая» (4/423), «Әл-фусул фи сира ар-расул» (92-бет). Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әкесі де, анасы да жәһилиет дінінде қайтыс болды (қ-з. «Сахих Муслим» (№ 203)).

Осыдан соң оны атасы – Абдулмутталиб өз қамқорлығына алды, алайда бала сегіз жаста болған кезінде ол да балаға қамқорлық жасауды өз ұлы әрі Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі болған Абу Талибке аманат етіп, қайтыс болды.

Абдулмутталибтің өз немересінің үстінен қамқорлықты дәл оған тапсыруының себебі Абу Талиб пен Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әкесі АбдуЛлаһ бір әке мен бір шешеден туылған бауырлар болғанында еді, яғни олар Абдулмутталибтің бір әйелден туған балалары болатын. Өз мойнына қамқоршылықты алған Абу Талиб өз немере інісін жан-жақты қамқорлыққа бөледі. Ал ол пайғамбар болған кезде, оған барынша көмек пен қолдау көрсетіп отырды, алайда өзі өмірінің соңына дейін пұтқа табынушы болып қала берді. Оның Мухаммадқа (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қамқорлық жасауы және көмек көрсетуі Аллаһ Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол үшін жасайтын шапағатын қабыл етуіне және оның жазасының жеңілдетілуіне себеп болады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол туралы былай деген: «Ол Тозақ отының ең жоғары бөлігінде, ал мен болмағанда, ол міндетті түрде оның ең түбінде болар еді!» Осы хадистің басқа нұсқасында Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол туралы мынандай сөздері келтіріледі: «Бәлкім, менің шапағатым оған Қиямет Күні көмектесетін шығар, және оны Оттың оның тобығына дейін ғана жететін әрі осыдан оның миы қайнатын жоғары бөлігіне орналастыратын шығар» (әл-Бухари (№ 3883, 3884, 3885, 6208, 6572), Муслим (№ 209). Сондай-ақ «Әл-фусул фи сира әр-расул» (93-бет) және Ибн Касирдің «Әл-бидая уән-нихая» (5/431-434) кітабын қараңыз).

Көкесімен бірге Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Шамға сауда сапарына да шықты. Сол кезде оның жасы он екіде болатын. Абу Талиб оған өте мейірімді болатын, әрі оны Меккеде тастап кеткісі келмеді, өйткені онда оған қамқоршылық жасайтын одан басқа ешкім жоқ болатын.

Сапар кезінде Абу Талиб пен оның сапарларлас жолдастары Мухаммадпен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) байланысты таңғажайып аят-белгілерге куә болды, әрі бұл жайт көкесін өз ағасының баласына деген қамқорлығын күшейтуіне әрі ол үшін бұрынғысынан да көбірек қам жеуіне мәжбүрледі. Абу Муса әл-Аш’ариден (Аллаһ оған разы болсын) келесі хикая жеткізілген: “Абу Талиб құрайш көсемдерінің тобының құрамында Шамға сапарға шықты. Онымен бірге Пайғамбар да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолға шықты. Олар монах (Бахира) тұратын жерге жеткен кезде, дамылдауға тоқтауды шешті. Бұрын олар монахтың үйшігінің жанынан өтіп бара жатқанда, ол ешқашан оларға шықпайтын да, тіпті оларға көңіл де бөлмейтін, ал осы жолы ол шығып, олардың арасынан біреуді іздей бастады. Кейін ол Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жанына келді де, оның қолынан ұстап: «Бұл – әлемдердің патшасы әрі әлемдердің Раббысының елшісі. Аллаһ оны әлемдерге мейірім ретінде жіберді», — деді. Құрайш көсемдері одан: «Бұл саған қайдан белгілі?», — деп сұрады. (Ол:) «Сендер тау өткелін кесіп өткен бойдан барлық талдар мен тастар сәждеге жығылды, ал олар мұндайды тек пайғамбарлардың алдында ғана жасайды. Ал дәл оның пайғамбар екенін мен оның жауырының астында ораналасқан алмаға ұқсас пайғамбарлық мөрінен таныдым», (- деп жауап берді)”.

Бұл хадисте сондай-ақ сапар кезінде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) төбесінен оны күннен қорғап бұлт қалқып жүргені және талдар оны өздерінің саясымен жауып, оған қарай бұтақтарын созғаны туралы хабарланады (әт-Термизи (№ 3620). Тура осы хабарды, Термизиге сілтеме жасап, Ибн Касир де «Әл-фусул фи сира әр-расул» кітабында (94-бетте) келтіреді әрі оның барлық жеткізушілері сенімді екеніне нұсқайды. Әл-Әлбани «Сахих ат-Термизиде» (№ 3620) және «Фиқһ әс-сира лил-Ғазалиде» (68-бет) оны сенімді, сахих дейді.

Монах, оны (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) яһудилер көріп қойып, әрі оған зиян тигізбеуі үшін, Абу Талибке немере інісімен бірге Меккеге қайта оралуды бұйырды, әрі Абу Талиб оның кеңесіне құлақ салып, оны артқа қайтарды.

Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ер жеткен кезде, дәулетті жесір әйел болған Хадижа бинт Һууайлид оны өзінің Майсара атты құлымен бірге өзінің сауда істерімен Шамға аттандырды. Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл сауда-саттық сапары Хадижаға үлкен пайда келтірді. Бұдан тыс, сапар барысында Майсара болашақ пайғамбардың бойында өзін таң қалдырған көптеген құнды сипаттарды тапты, әрі Меккеге оралысымен олар туралы өзінің ханымына хабарлады. Осы жағдайлардың барлығы Хадижаның Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тұрмысқа шығу қалауын оятты. Ол осы неке арқылы бақытқа қол жеткізуге өте қатты үміттенді, ал нәтижесінде Аллаһтан тіпті ойына кіріп-шықпаған игілікке ие болды. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) онымен жиырма бес жасында некелесті, ал оның жасы сол кезде қырықта еді (бұл туралы Ибн әл-Қаййим «Зад әл-ма’адта» (1/105) хабарлайды. Ибн Касир «Әл-бидая уән-нихаяда» (3/466) некелескен кездегі Хадижаның жасы отыз бесте, ал басқалардың пікірі бойынша – жиырма бесте еді.

Аллаһ Тағала Мухаммадты (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бала кезінен-ақ жәһилиет пен көпқұдайшылықтың ластығынан және кез-келген жаман қылықтардан қорғады. Ол өмірінде бірде-бір рет көпқұдайшылдар табынатын ешқандай пұтқа сый-құрмет көрсетпеді, бірде-бір рет болсада олардың пұтқа табынушылық рәсімдеріне қатыспады. Олар одан мұны талап ететін, бірақ ол бас тартатын, әрі Аллаһ оны қорғайтын және оның адалдығын сақтайтын. Ол ешқашан шарап ішпеген, оңбағандықтық жасамаған, әрі өзінің халқы жалған жолда екенін білген. Ол ешқашан Ұлы Жаратушыға серік қоспаған, үнемі бос көңіл көтерер жиындардан өзін аулақ ұстайтын (Ибн Касир «Әл-фусул фи сира әр-расул» (91-95-бет), «Әл-бидая уән-нихая» (3/406-451), ән-Нәуауи «Тахзиб әл-әсма уәл-луғат» (1/24)), әрі оның руластары жасайтын арсыздықтар мен күнәлі істердің ешқайсысын жасамаған. Оның балалық және жасөспірімдік шағы өткен қоғам күнәлар мен әдепсіздікке, көпқұдайшылыққа, зұлымдыққа және бұзықтыққа батқан болатын. Онда пұтқа табынушылық, адам өлтіру, зинақорлық (соның ішінде топтық), еркектердің өз әйелдерін бөгде еркектермен жыныстық қатынасқа түсуге үндеуі[2], адамдардың ар-намысына, мал-мүлкіне және өміріне қол сұғу сияқты күнәлар кең тараған болатын. Мұның барлығы оның халқында Ислам келгенге дейін ешбір айыпталмай және қоғамдық наразылыққа ұшырамай кең таралған болатын. Аталған нәрселерден бөлек қыздарын тірілей көміп тастау, балаларын кедейліктен қорқып өлтіру, құмар ойындары, арақ-шарап ішу сияқты (амалдар) оларда мақтаулы болып саналатын және мақтаныш болып табылатын. Айтылған нәрселер бұл қоғамның барлық мүшелері тұтасымен осы қылмыстарды жасайтын дегенді білдірмейді, алайда олар тарапынан наразылықтың болмауы олардың орын алып жатқан осы нәрселермен келісетініне нұсқайтын еді.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл жексұрын қылықтардың ешқайсысын ешқашан істемеді әрі осы бұзық әдеттерден алшақ болатын. Оның Раббысы оған салиқалылық пен керемет мінез-құлықты уахи етті, әрі руластары оның осы жоғары адамгершілік сипаттары туралы білетін. Дәл осы себептен де олар оны «әл-Әмин», яғни «адал, сенімді, арқа сүйер» деп атады (Ахмад «әл-Муснад» (3/425). Әл-Әлбани «Фиқһ әс-сирада» (84-бет) келтірілген хадистердің ескертпелерінде бұл хабарды жақсы (хасан) деп атады).

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жасы отыз бесте болған кезінде, құрайштықтар Қағбаны қайта құруды шешті. Іс Қара тасты өз орнына орнатуға жеткенде, адамдар бұл құрметті міндетті орындауды кімге тапсыру керектігі жайында келіспеушілікке түсті. Қағбаны қайта қалпына келтіруге қатысқан әрбір ру дәл өздерінің руының өкілі осыны істеу керек деп санайтын. Талас-тартысты тоқтату үшін, олар арасында үкім шығару құқығын ғибадатханаға ең бірінші болып кіріп келетін адамға беру туралы шешім қабылданды. Бұл адам Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) болып шықты, әрі бұл жайт баршаның қуанышын туғызды. Адамдар тартысты ретке келтіру әрі басталғалы тұрған шайқасты болдырмау міндеті артылған әділқазы әл-Әминнің дәл өзі болатынына өте разы еді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір жыртыс мата алып келуді бұйырды да, тасты оның оның ортасына қойып, әр рудың өкілдеріне матаның шетінен ұстап, оны тасымен бірге көтеруді ұсынды. Олардың барлығы тасты көтерген кезде, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны алып, қабырғадағы әзірленген орнына қойды (Ибн Касир «Әл-фусул фи сира әр-расул» (95-бет)).

Кейін Аллаһ оған оңашалануға және ғибадатқа деген махабатты уахи етті. Ол адамдардан оқшауланып Хира үңгіріне кететін, әрі сол жерде Аллаһ Тағалаға Ибраһим (аләйһис-сәләм) дінінің ережелеріне сәйкес құлшылық ететін. Барлық ғалымдар мұның дүйсенбі күні орын алғанына бірауызды келіскен. Ал күніне келер болсақ, олардың көпшілігі бұл оқиға Піл жылынан қырық бір жыл кейін раби’ әл-әууәл айының сегізінде орын алған деп айтқан (Ибн әл-Қаййим “Зад әл-ма’ад” (1/78). Ол сондай-ақ ғалымдардың осы оқиғаның орын алғанының басқа да күндерін атағандарына нұсқаған: олардың кейбірі бұл рамазанда орын алды деп санаса, өзгелері – ражаб айында деген).

Оған үңгірге Жәбірейіл періште келіп; «Оқы!», — деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен оқи алмаймын!», — деп жауап берді. Сонда періште оны ол оған әрең шыдайтындай етіп қысты да, тағы да: «Оқы!», — деп бұйырды. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тура сол: «Мен оқи алмаймын!», — деген жауабын қайырды. Сонда Жәбірейіл былай деді:

اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ (١)خَلَقَ الإنْسَانَ مِنْ عَلَقٍ (٢)اقْرَأْ وَرَبُّكَ الأكْرَمُ (٣)الَّذِي عَلَّمَ بِالْقَلَمِ (٤)عَلَّمَ الإنْسَانَ مَا لَمْ يَعْلَمْ (٥)

«Оқы! Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса Ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен («әл-Аләқ» сүресі, 1-5 аяттар).

Осылайша Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбар (ән-нәби) болды. Бұл аяттардың түсірілуі оның пайғамбарлығының басталуының белгісі еді. Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қорыққан және жүрегі дірілдеген күйінде Хадижаға (Аллаһ оған разы болсын) оралды. Үйіне кірген бойда ол: «Менің үстімді жабыңдар! Менің үстімді жабыңдар!», — деді. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үстіне жамылғы жабылған соң, оның қорқынышы басылған кезде ол әйеліне орын алған уақиғалар туралы баяндап берді. Әңгімені тыңдап болған соң Хадижа: «Жоқ! Жоқ! Аллаһ сені ешқашан қорламайды. Өйткені сен туысқандық қатынастарды үзбей ұстайсың, өзіңе басқалардың қам-қажеттіліктерін жүктейсің, аш-жалаңаштарға көмектесесің, қонақтарға сый-құрмет танытасың, адамдарға қиындық сәттерінде қолдау көрсетесің…», — деді (әл-Бухари (№ 3), Муслим (№ 160)).

Біраз уақыт өткен соң Мухаммад пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «әл-Муддассир» («Жамылушы») сүресі түсірілді де, ол барша адамдар мен жындарға Аллаһтың елшісі болды. Бұл туралы Пайғамбардың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп баяндаған: «Бірде мен жолмен кетіп бара жатып, кенеттен аспаннан бір дауыс естідім. Мен басымды көтердім әрі маған Хира үңгірінде келген періштені көрдім. Бұл жолы ол жер мен көктің арасында тақта отырған еді. Мен одан қорықтым да, ұйге оралып: «Менің үстімді жабыңдар!», — дедім. Осыдан соң Аллаһ Тағала:

يَا أَيُّهَا الْمُدَّثِّرُ (١)قُمْ فَأَنْذِرْ (٢)وَرَبَّكَ فَكَبِّرْ (٣)وَثِيَابَكَ فَطَهِّرْ (٤)وَالرُّجْزَ فَاهْجُرْ (٥)

«Әй, жамылушы! Тұр енді! Адамдарға ескерт! Раббыңды ұлықта! Киіміңді тазала! Әртүрлі лас істерден аулақ бол!» («әл-Мудассир» сүресі,: 1-5 аяттар), — деген аяттарды түсірді. Осыдан соң уахилар жаңа күшпен жалғасты да, бірінен соң бірі келе берді» (әл-Бухари (№ 3).

«Әл-Муддассир» сүресінің түсуі Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) елшілігінің бастамасы болды. Ол құпия түрде адамдарды Исламға шақыра бастады. Оның шақыруына алғаш жауап бергенгендер және осыда өзгелерді озғандар Хадижа, Али, Зәйд ибн Хариса және Абу Бакр әс-Сыддық еді. Кейін адамдар Аллаһтың дініне бірінен соң бірі кіре бастады да, ол Мекке тұрғындары арасында таралды. Бірнеше уақыттан соң Раббы Өзінің елшісіне Исламға ашық шақыруды бұйырып, келесідей аяттар түсірілді:

وَأَنْذِرْ عَشِيرَتَكَ الأقْرَبِينَ (٢١٤)وَاخْفِضْ جَنَاحَكَ لِمَنِ اتَّبَعَكَ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ (٢١٥)فَإِنْ عَصَوْكَ فَقُلْ إِنِّي بَرِيءٌ مِمَّا تَعْمَلُونَ (٢١٦)

Жақын ағайындарыңа ескерт! Мүминдерден саған ергендерге қанатыңды жай. Сонда егер олар саған қарсы шықса: «Сендердің істегендеріңнен бездім», — де” («әш-Шуғара» сүресі, 214-216 аяттар).

Аллаһтың әмірін орындап, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әс-Сафа төбесіне шықты да, құрайштықтардың әрбір руын рет-ретімен жеке атап: «Уа, Фихрдың ұлдары! Уа, ‘Адийдің ұлдары!…» — деп жария салып, олар жиналған соң: «Маған жауап беріңдерші: егер мен сендерге мына жазықтың арғы жағынан жуық арада сендерге шабуыл жасауды көздеген атты әскер көрінеді деп айтсам, сендер маған сенесіңдер ме?», — деп жалғастырды. Құрайштықтар: «Әрине! Өйткені сен ешқашан біз тарапымыздан өтірік айтқандығыңмен әшкереленген емессің ғой!», — деп жауап берді. Сонда ол: «Ендеше, мен сендерге қатал жаза туралы ескету үшін жіберілген ескертуші екенімді біліңдер», — деді (әл-Бухари (№ 4971), Муслим (№ 208)).

Құрайштық көсемдер мен олардың жақтаушылары Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дұшпандық пиғылда болғанына қарамастан, олардың ешқайсысы оны өтірікшілікте немесе өзге жаман сипатта айыптай алмайтын еді. Бұл туралы Аллаһ Тағала былай деді:

قَدْ نَعْلَمُ إِنَّهُ لَيَحْزُنُكَ الَّذِي يَقُولُونَ فَإِنَّهُمْ لا يُكَذِّبُونَكَ وَلَكِنَّ الظَّالِمِينَ بِآيَاتِ اللَّهِ يَجْحَدُونَ (٣٣)

«Олар сені өтірікші санамайды, бұл залымдар Аллаһтың аяттарын теріске шығарады(«әл-Әнғам сүресі», 33-аят).

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) солардың арасында қырық жыл өмір сүрген еді, ал егер оларға оның бойында бір ғана болса да айыпты сипат бар екені белгілі болғанда, бұл оларды оған ілгісі келген әлдебір жаман атақты іздеу мен сол арқылы оны адамдар арасында қаралаудың бейнетінен арылтар еді. Ең соңында олар оған тағуға болатын ең лайықты жаман атақ – бұл «сиқыршы» және «көріпкел» деп шешті, өйткені оның Аллаһқа (ғана) құлшылық етуге шықыруы әке мен бала, ерлі зайыптылар, бауырлар арасында бөліну салды.

Сондай-ақ олар оның өздерінің көпқұдайшылығына қарсы шыққанындығын әрі тек Аллаһқа ғана құлшылық етуге шақырып жатқанындығын негіз етіп, оны ақылдан азғандықта да айыптады.

Алайда Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) еш нәрсе тоқтата алмады. Ол адамдарды Аллаһқа шақыруын жалғастыра берді, қажылық маусымдарында Меккеге келіп жатқан қажылармен сөйлесті, адамдармен базарларда әңгімелесті. Бірде ол Таифтың тұрғындарын Исламға шақыру үшін жолға шықты, бірақ олар оны қорлап, қинады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһтың рахымы мен сый-сауабына үміт етіп, бұл жәбірлеулерді сабырлықпен басынан кешірді, ал артқа қайтып бара жатқан кезінде ол бір топ жындардың одан Құранның сөздерін тыңдап, Исламды қабылдағанымен марапатталды.

Түндердің бір түнінде ол Меккеден Бәйтул-л-Макдиске (Иерусалим) алып өтілді де, содан соң көктерге көтерілді. Оған Жәбірейіл келіп, көкірегін кесіп, оны Зәмзәм суымен жуды да, содан кейін даналық пен иманға толы ыдысты алып келіп, оның ішіндегісін оған құйды. Содан соң ол Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қолынан алып, онымен бірге аспанға көтерілді (әл-Бухари (№ 349), Муслим (№ 163).

Ибн Хәжар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкірегі үш рет кесілгенін атап өтеді: бірінші рет – оның балалық шағында бану саъд тайпасында өмір сүрген кезінде, екінші рет – ол пайғамбар болуының қарсаңында, әрі үшінші рет – оның көктерге көтерілуінің алдында. Ол былай деп жазады: «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкірегі ол пайғамбар болудың қарсаңында да кесілгені сенімді түрде жеткізіледі. Бұл туралы Абу Ну’айм «Даләил ән-нубуууа» кітабында жеткізген. Бірінші кесуде қосымша амал – жүректен ұйыған қанды алып тастау орын алған болатын. Бұған Муслим Әнастан жеткізетін хадисте (былай деп нұсқайды): “Жәбірейіл (Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)) жүрегін шығарып алды да, одан ұйыған қанды алып тастап: «Бұл –шайтанның сендегі үлесі!», — деді”. Суреттелген оқиға Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ерте балалық шағында орын алды, әрі оған шайтаннан қорғалған ең жақсы кейіпте өсуге мүмкіндік берді. Көкіректің екінші кесілуі ол пайғамбар болған тұста орын алды. Бұл оған қосымша құрмет көрсету әрі ол оған түсіріліп жатқан уахиларды бекем әрі мүлде таза жүрекке ие болған кейіпте қабылдауы үшін жасалды. Көкіректің келесі кесілуі көктерге көтерілудің қарсаңында орын алды. Бұл оны Аллаһ Тағаламен кездесуге және сөйлесуге дайындау үшін жасалды. Сондай-ақ бұл үшінші реттің мәні оның жүрегінің жуылуын кемелдікке жеткізу үшін болған болуы да ықтимал, өйткені оның шариғатында жуынудың кемелдігіне дәл сол үш рет жуумен қол жеткізіледі ғой» («Фатх әл-Бәри» (7/ 205-207)).

Өзінің көкке көтерілген түні Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жетінші аспанның үстінде ораналасқан орынға жетіп, сол жерде періштелердің қанаттарының сықырын естіді. Сол жерде оған және оның үмметіне бес уақыт намазды орындау міндеті жүктелді.

Сол түні ол басқа пайғамбарлармен бірге екі рағат намаз орындады әрі сол намазда имам болды, ал таңға жуық қалғанда Меккеге қайта алып келінді.

Әрі қарай ол бірқұдайшылыққа деген өзінің қажымас шақыруын жалғастырды. Өз халқын тек Аллаһқа ғана құлшылық ету керектігіне шақыру кезеңі жалпы алғанда он үш жылға созылды. Оның соңғы үш жылын мұсылмандар өздеріне парыз етілген бес уақыт намазды орындай бастады. Құрайштықтардың Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабаларына жасаған қуғын-сүргіндері жан шыдадатпайтындай болған кезде, Аллаһ Тағала оларға Мәдинаға қоныс аударуды бұйырды. Бұл баяндалғанында, ол сол жерде он жыл өмір сүрді, әрі олардың барысында Аллаһ оған Исламның қалған үкім-ережелерін түсірді. Келесі тарауларда біз Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз руластарының тигізген зәбірлерін қалайша бастан кешкені туралы баяндайтын боламыз, оның әскери жорықтары мен Аллаһтың жолындағы күресі, оның қоштасу қажылығы, содан соң Мәдинаға оралуы және бұл дүниеден өтуі және Аллаһ ол арқылы адамдарға Өз дінін толығымен жеткізгені жайында әңгімелейміз (Ибн әл-Қаййим “Зад әл-ма’ад” (1/ 71–135), Ибн Кәсир «Әл-бидая уән-нихая» (3/353 — 563), «Әл-фусул фи сира әр-расул» (91-330 беттер), ән-Нәуауи «Тахзиб әл-асма уәл-луғат» (1/22-33)) .

[1] Яғни Халимаға

[2] Еркек өз әйеліне: “Етеккірің біткен соң пәлен кісіге жыныстық қатынасқа түсуді ұсын», — дейтін де, одан алшақтап, ол әйел әлгі кісіден жүкті екені анықталмағанға дейін оған жақындамайтын, әрі тек содан соң ғана онымен жыныстық қатынастарын жалғастыратын. Ол мұны тәрбиелейтін баласы текті болуы үшін істейтін. Бұл құбылыс «никах әл-истибда’», яғни «жыныстық қатынасты ұсыну некесі» деп аталатын.

жалғасы бар