Сира - Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаяны

Әлемдер үшін мейірім: Үшінші тарау: Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сырт келбетінің суреттемесі және оның адамгершілік көркі

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ең жақсы дене сипаттарына және ең көркем адамгершілік сипаттарына ие болатын. Оның алақандарындай жұмсақ алақандар ешкімде жоқ еді. Одан аңқитын хош иістей хош иіс ешкімнен шықпайтын. Ешкім оның ақылындай кемел ақылға ие болмаған, әрі ешкім ол сияқты адамдармен қарым-қатынасында көркем болмаған, ешкім ол секілді Аллаһ туралы білмеген, Оған қызмет етуде ол сияқты мойынсұнушы және ынта-жігерлі болмаған, ешкім ол секілді ержүрек, жомарт, әділ және кеңпейілді, сабырлы және Раббының алдында тағзым-итағатты[1],  әрі Оның құлдарына ізгі, және сол кекілді ұялшақ болған емес.  Ол кек алмайтын, әрі өзіне тигізілген ренжітулерге ашуланбайтын, бірақ Аллаһтың орнатқан заң-ережелері бұзылған кездерде салиқалы ашуын білдіретін.  Оның кек алуы тек Аллаһ үшін ғана болатын. Ол біреуді басқа біреуден артық санамайтын: әлсіз бен күшті, алыс пен жақын, ақсүек пен қарапайым адам – баршаға бірдей әділ болатын.

Ол ешқашан ешқандай тамаққа мін айтпайтын: тәбеті тартқан нәрсесін жейтін, жегісі келмегенді жемейтін. Игі-хәлал тамақтан не тура келсе, соны жейтін, әрі таңдаулы ас талап етпейтін. Ол сыйлықтар қабыл алатын, әрі оларға сыймен қайыратын, бірақ садақа алмайтын. Өз қолымен аяқ киімін жөндейтін, әрі киімін жамап-тігетін, қойларын сауатын және өз қажеттіліктерін ешкімнің көмегінсіз орындайтын.  Одан қарапайым ешкім жоқ еді. Ол кез-келгеннің – байдың да, кедейдің де, ақсүйектің де қарапайым адамның да шақыруына жауап беретін. Ол кедейлерді жақсы көретін, оларды жерлеуге қатысатын, әрі науқастарын зиярат ететін. Атқа да, түйеге де, есекке де, қашырға да мініп жүретін, әрі артына өзгелерді отырғызатын. Адамдармен бірге жаяу жүріп бара жатса, оларды алға өткізетін де, өзі олардың соңынан жүретін (Ахмад (3/398), Ибн Мәжаһ (№ 246), әл-Хаким (4/481), Ибн Хиббан (2099). Сондай-ақ «Силсилә әл-ахадис ас-сахиха» (№ 1557)).

Ол тағып жүретін жүзік күмістен болатын, әрі ол оны оң немесе сол қолының шынашағына тағатын.

Өте жиі жағдайларда тамақтың жетіспеушілігінен оның өз белдігін қаттырақ тартып жүруіне тура келетін. Аллаһ оған бұл дүниенің қазыналарының кілтін сый етті, бірақ ол өзі үшін мәңгі дүниені таңдады.

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бойы өте ұзын да, аласа да емес еді, ол қараторы да, ағарыңқы да болмайтын (яғни оның терісі күлгін қызыл болатын).  Оның шаштары бұйра да, тік те болмайтын (әт-Термизи «Мухтасар әш-Шәмаил» (№ 1). Бұл хабардың сахихтығын шейх әл-Әлбани растаған. Ол сондай-ақ әл-Бухариде де келтіріледі (№ 3549).

Оның алақандары мен табандары ірі болатын, әрі жүзі әдемі еді (әл-Бухари (№ 5908)). Ол аққұба әрі сүйкімді бет әлпетті еді (Муслим (№ 2340)).

Оның кең иықты болатын, ал қою шаштары құлақ сырғалықтарына дейін, кейде олардың ортасына дейін жететін, ал кейде ол оларды иығына дейін түсіретін. Оның сақалы қою болатын, ал денесінде түктері өте аз еді.

Оның басы әрі буындары ірі болатын, көкірегіндегі басталатын түктің ұзынша жолағы кіндігіне дейін жететін, ал ол жүрген кезінде бейне бір баураймен жүріп келе жатқандай шайқалып жүретін. Одан бұрын да, одан кейін де ол секілді ешкім жоқ еді. Оның аузы, көздері үлкен, әрі тобығы құрғақ болатын. Оның келбеті айдан да әдемі, ал жүзі толған ай секілді еді. Оның екі жауырының арасында пайғамбарлық мөр бар болатын. Ол үлкендігі көгершіннің жұмыртқасындай қызыл қал еді. Оның үстінде бір-екі қылшықтар өскендігі туралы да айтылады.

Ол шаштарының арасын айрықпен бөлетін әрі оларды майлайтын.  Ешқашан сақалын қысқартпайтын, тек оны тарайтын ғана, әрі өзінің ізбасарларына сақал жіберіп өсіруді бұйыратын.

Ол ұйықтар алдында қабақтарға сүрме жағуды талапты түрде бұйыратын, әрі: «Көздеріңді ұйықтар алдында сүрмемен бояңдар. Бұл назарларыңды айқындау етеді, әрі кірпіктердің өсуіне оңды ықпал жасайды», — дейтін (әт-Термизи «әш-Шәмаил». Әл-Әлбани «Мухтасар әш-Шәмаил» кітабында хадисті сахих деп бағалады (№ 43)). Ол сондай-ақ былай дейтін: «Сендер қабақтарыңа жаға алатын нәрселердің ең абзалы – сүрме. Ол назарды айқын етеді, әрі кірпіктердің өсуіне де оң ықпал жасайды» (әт-Термизи «әш-Шәмаил». Әл-Әлбани «Мухтасар әш-Шәмаил» кітабында хадисті сахих деп бағалады (№ 44)).

Оның басында да, сақалында да ақ шаштар аз болатын. Ол шаштарын майлаған кезде, ақ шаштары мүлде көрінбейтін, ал майламаған кездерінде тек бір-екі ағарған (шаш пен сақал) қылшықтарын көруге болатын. Олардың саны жиырмаға жуық болатын. Ол: «Менің шашымді ағартқан «Һуд» және сол секілді сүрелер», деп айтатын, ал хадистің басқа бір риуаятында оның: «Менде ақ шаштардың пайда болуының себебі — «Һуд», «әл-Уақи’а», «әл-Мурсаләт», «ән-Нәба» және «әт-Тәкуир» сүрелері», — дегені келтірілген («Мухтасар әш-Шәмаил» (№ 34, 35). Хабардың сахихтығын әл-Әлбани растаған).

Елші (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ұзын көйлектер (қамис) мен йеменнің ала жадағайын (әл-хибара) киюді ұнататын. Оның киімдерінен сәлде (әл-‘имама), әрі балтырының ортасынан дейін түсетін изар (белден төмен оранып алатын мата жыртысы) болатын («Мухтасар әш-Шәмаил» (№ 97). Хабардың сахихтығын әл-Әлбани растаған).

Ол хош иістерді өте ұнататын әрі: «Ерлерге арналған хош иістердің айқын иісі бар, бірақ түсін қалдырмайды, ал әйелдерге арналған хош иістер түсін қалдырады бірақ (айқын) сезілетін иісі жоқ», — деп айтатын («Мухтасар әш-Шәмаил» (№ 188). Хабардың сахихтығын әл-Әлбани растаған).

Айт күндері және өзіне келген делегациялар үшін ол әдемі киінуге тырысатын. Ол тазалықты жақсы көретін.

Ол өзінің кіріп келген кезінде біреулердің орнынан тұрып қарсы алғанын, немесе ол отырған кезінде оның алдында біреулердің тұрып тұрғанын  ұнатпайтын, әрі оның мұндайға деген қатынасын білген сахабалар бұлай істемейтін  (Ахмад (3/134).

Ол тісін мисуақпен тазалағанды өте ұнататын, әрі үйге кірген бойда ең алдымен осыны істейтін. Түнде намаз оқу үшін ұйқыдан тұрған кезінде ол ең алдымен аузын мисуакпен тазалайтын.

Ол түннің бірінші бөлігін ұйықтайтын, кейін тұрып намаздарын оқитын. Оның түнгі намаздары ұзақ болатындығы соншалықты – ұзақ уақыт тік тұрғандықтан табандары ісіп кететін. Түннің соңында таң атуға шамалы қалғанда ол тақ ракағаттардан тұратын үтір намазын оқып, түнгі намаздарын аяқтайтын.

Ол өзгелердің Құран оқығанын тыңдауды ұнататын.

Ол науқастарды зиярат ететін, қайтыс болған адамдар үшін жаназа намаздарын оқып, оларды жерлеу рәсімдеріне қатысатын.

Оның ерекше қасиеттерінің бірі қатты ұялшақтық болатын. Егер оған әлдебір нәрсе ұнамаса, мұны оның бет әлпетінің өзгеруінен білуге болатын.

Ол Аллаһқа шынайы түрде тәуекел ететін, өйткені тәуекел етушілердің мырзасы болатын. Әнас (Аллаһ оған разы болсын) былай деп баяндайтын: “Мен Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) он жыл қызмет еттім, әрі мен оның тапсырмасын орындай алмаған әрбір кезде, ол тек: «Егер бұны Аллаһ тағдырға жазғанда, ол болар еді», — деп қана қоятын” (Ахмад (1/352). Хадис сенімді). Алайда Аллаһ Тағалаға деген кемел тәуекел жасауына қарамастан, ол сонда да қажетті амалдарды жасап және тиісті іс-шараларды іске асырып,  сыртқы себептерді де ескеретін.

Ол ешқашан қиянатшылдық жасамайтын, әрі өзгелерге де қиянат пен сатқындық жасауға тыйым салатын. Тіпті Ислам келгенге дейін де Аллаһ Өзінің болашақ елшісін надандық (жәһилиет) дәуірінің оңбаған қылықтарынан сақтады (әл-Бухари (№ 3829), Ахмад (4/222)). Бала кезінде Мухаммад (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) қой бағатын, өйткені өмірінің басталу шағында қой бақпаған пайғамбар болмаған (әл-Бухари (№ 2262, 3406)). Ол пайғамбар болмаған кездің өзінде тастардың жанынан өткен кездерінде, олар оған сәлем беретін (Муслим (№ 2277)).

Оның бірнеше есімдері бар. Сенімді хадисте Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Мен — Мухаммад (Мақтаулы) әрі Ахмад (Мақтаушы), әрі мен — Аллаһ ол арқылы күпірлікті өшіретін әл-Махи (Өшіруші), әрі мен — (Қиямет Күні) оның артынан адамдар жиналатын әл-Хашир (Жинаушы), әрі мен — әл-‘Ақиб (Ізбен Ілесуші)». «Ізбен Ілесуші» — яғни одан кейін өзге пайғамбарлар болмайтын пайғамбар (әл-Бухари (№ 3532), Муслим (№ 2354)).

Басқа бір хадисте Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мынандай сөздері келтіріледі: «Мен — Мухаммад әрі Ахмад, әрі мен — әл-Мукаффи (Ізбе-із жүруші)[2], әрі мен — әл-Хашир (Жинаушы), әрі мен — Нәбий әт-тауба (Тәубе Елшісі), әрі мен — Нәбий әр-рахма (Мейірім Пайғамбары)» (Муслим (№ 2355), әт-Термизи «Мухтасар әш-шәмаил» (№ 316)).

Оның куньясы Әбул-Қасим болатын.

Аллаһ Тағала оны ол арқылы көркем мінез-құлықтарды кемелдікке жеткізу үшін жіберді  (Ахмад (2/381, № 8939).

Оның есімін Аллаһ Тағала Құранның бірнеше жерлерінде атап айтады:

«Әли ‘Имран» сүресінде:

«Мухаммад — одан бұрын да елшілер болған елші ғана» (3:144).

«Әл-Әхзаб» сүресінде:

«Мухаммад сендерден ешбір еркектің әкесі емес. Бірақ Аллаһтың Елшісі және пайғамбарлардың соңы» (33:40).

«Мухаммад» сүресінде:

«Ал иман келтіріп, ізгі іс істегендердің, сондай-ақ Мухаммадқа Раббылары тарапынан түсірілген ақиқатқа иман келтіргендердің Аллаһ күналарын кешіріп, жағдайларын түзетті» (47:2).

«Әл-Фатх» сүресінде:

«Мухаммад — Аллаһтың елшісі» (48:29).

«Әс-Сафф» сүресінде Аллаһ Исаның (оған Аллаһтың сәлемі болсын) мынандай    сөздерін келтіреді: «Мен өзімнен кейін келетін Ахмад есімді елшімен сүйіншілеу үшін жіберілдім» (61:6).

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көп уақытын Аллаһты зікір етуге және оның аяттары жайында ой-пікір жүгіртуге арнайтын әрі аз сөйлейтін. Оның намаздары ұзақ, ал құтпалары қысқа болатын.

Ол хош иістерді жақсы көретін әрі оған біреу хош иіс жағуды ұсынса, ешқашан бас тартпайтын, әрі ол ұнамсыз иістерді ұнатпайтын.

Ол кез-келген өзге адамнан көбірек күлімсірейтін, әрі азу тістері көрінетіндей өте сирек күлетін. Жәрир (оған Аллаһ разы болсын) былай деп баяндайтын: “Мен Исламды қабылдағалы бері Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) маған үйіне кіруге рұқсат етпей қойғаны болған емес. Мені кездестірген әркез ол маған қарап жымиятын. Бірде мен оған аттың үстінде мығым отыра алмайтынымды айтып, арыз шақтым, әрі ол менің көкірегімнен (жай) ұрды да: «Уа, Аллаһ, оны мығым ете гөр әрі оны тура жолға нұсқаушы және тура жолмен жүруші ете гөр! /Аллаһумма, саббит-ху уә-ж‘әл-һу һадиян маһдиян!/“ (әл-Бухари (№ 3035, 3822, 6090)).

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қалжыңдайтын, бірақ тіпті қалжыңдаған кезінде де ол тек шындықты айтатын.

Ол ешкіммен дөрекі болмайтын, кешірім өтінулер мен ақталуларды ынтасымен қабыл ететін.

Ол үш саусағымен тамақтанатын, кейін оларды жалайтын, ал су ішу кезінде үш рет үзіліс жасап, ыдыстан тыс демін шығаратын.

Ол қысқа сөйлейтін, бірақ оның сөздері өзіне көптеген мағыналарды қамтитын. Оның сөздері, тыңдарман естігенін есте сақтап қалатынындай, түсінікті әрі анық болатын. Кейде ол сөздерінің тыңдарманға барынша түсінікті болуы үшін, айтқанын үш рет қайталайтын. Ол ешқашан қажетсіз сөйлемейтін.

Оның бойында барлық ардақты адамгершілік сипаттар мен ең көркем іс-әрекеттер жиналған еді. Егер ол біреуге сын айтатын болса, мұны әдетте ымдап (астыртын сөзбен) айтатын; адамдарға жұмсақтықты бұйыратын әрі оған шақыратын, және оларға дөрекілік пен қаталдықты тыйым салатын. Ол кеңпейілділікке, кешірімділікке, ұстамдылыққа, естілікке, байсалдылыққа, сабырлыққа, әдетілікке және көркем адамгершілік сипаттарға шақыратын.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) аяқ киім киюді оң аяғынан бастауды, шашын оң жақтан тарап майлауды, дәрет алуды денесінің оң жағынан бастауды әрі өзінің қалған іс-амалдарында да осылай істеуді ұнататын.   Ол шашты тым жиі тарап-реттеуді сөгетін. Сол қолын (жыныстық мүшелерін) жуып-шаю үшін және басқа да сол сияқты іс-әреттерді жасау үшін қолданатын.

Ұйқыға жатарда ол оң жамбасына жататын, әрі оң алақанын оң бетінің астына қоятын. Ұйықтар алдында ол арнайы зікірлерді (Аллаһтың еске алу сөздерін) айтатын. Таң алдында аздап көз іліп ұйықтарда ол шынтағын еденге тіке тіреп қойып, басын алақанына қоятын.

Ол адамдармен бірге отыратын жерлер білім, ақыл-парасаттылық, ұялшақтық, сенімділік, адалдық пен тыныштық жиналыстары болатын. Бұл жиналыстарда дауыстар көтерілмейтін, Аллаһтың тыйымдары бұзылмайтын, адамдар тақуалықта, қарапайымдылықта, үлкендерге құрмет көрсетуде, жастарға тілектік білдіруде, мұқтаждарға көмек көрсетуде  бір-бірінен асып түсуге тырысатын. Адамдар сол жиындардан ізгілік жасауға және жақсылыққа шақыруға таралатын.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жерге отырып тамақтанатын, әрі тамағын жерге қоятын. Ол кедейлермен, жесірлермен және құлдармен олардың мәселелерін шешу үшін жүретін, әрі оларды шешіп бермей оларды тастап кетпейтін. Ойнап жатқан балалардың жандарынан өтіп жатып, ол үнемі оларға сәлем беретін. Ол ешқашан бөгде әйелдердің қолын ұстамайтын, өзінің сахабаларына достық сезім танытатын, олар туралы қам жейтін, әрі оларды зиярат жасайтын, кез-келген тайпадан болған абырой-мәртебелі адамдарға құрмет танытатын, әрі өзімен сөйлесетіннің әрбіріне бетін бұрып сұхбаттасатын, тіпті олар адамдардың ең нашарлары болса да, әрі сонысымен олардың игі және достық қатынасын өзіне қарататын.

Оған он жыл бойын қызмет еткен Әнас былай деп баяндайтын: «Пайғамбар бірде-бір рет маған наразылығын білдірмеген. Мен не істесем де, ол ешқашан маған: «Сен неменеге мұны істедің?», — деп, ал егер мен әлдебір нәрсені істемесем, ол: «Сен неге мұны істемедің?», — деп жазғырған емес. Адамдардан ешкімде оның мінез-құлқындай ең көркем мінез-құлық жоқ еді. Мен өмірімде оның алақандарынан жұмсақ не жібекке, не қыжымға қол тигізбеппін, әрі оның терілернің иісінен хош болған мискті иіскеген емеспін» (әл-Бухари (№ 6038), Муслим (№ 2309), әт-Термизи «Мухтасар әш-шәмаил» (№ 269)).

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан жаман сөз де, жаман қылық та жасаған емес, тіпті базарда болған кезінде де айқайламаған, жауыздыққа жауыздықпен қайырмаған, керісінше, кешірген, ғафу еткен, қарапайымдылық, ұстамдылық әрі естілік танытқан. Ол бірде-бір рет қызметшісіне де, әйеліне де, жалпы адамдардан ешкімге қолын көтермеген, тек Аллаһтың жолында соғысқан жағдайлардан бөлек.  Оған әлдебір істі былай немесе басқаша істеуде таңдау  мүмкіндігі туындағанда, ол егер ода ешбір күнәлі нәрсе болмаса, онда өзінің таңдауын ең жеңіл нұсқасына тоқтататын.   Ал егер бұда әлдебір күнә болса, ол өзін мұндай істен адамдардың кез-келгенінен алшақтау ұстайтын.

Аллаһ оған көркем-мінездің бүкіл кемелдігі мен барлық керемет сипаттарды сыйлады, Ол оған білімнен, артықшылықтардан және адам үшін бұл дүние мен Ақыретте құтылу, жетістік әрі бақыт болып табылатын барлық нәрседен жаратылыстардан өзге ешкімге бермеген үлес берді.   Хат тануға үйретілмеген, оқу да, жазуды да білмейтін, ешқашан ешбір мұғалімде оқымаған оны Аллаһ Тағала таңдап алды да, бүкіл адамзаттан – олардың алғашқы ұрпақтарынан да, кейінгілерінен де ардақты етті, әрі оған түсірілген уахиді бүкіл адамзат пен жындар үшін Қиямет Күніне дейін дін етті. Мінезі Қасиетті Құран болған[3] (әт-Термизи «Мухтасар әш-Шәмаил» (13-194 беттер)) бұл адамға Аллаһтың таусылмас игілігі мен сәлемі болсын.

Біздің әрбірімізге оған сөздері мен амалдарында, ынта-ыждағаты мен жиһадында (күресінде), зуһдтығы мен құдайшылдығында, шыншылдығы мен ықыластылығында оның өнегесіне ілесу әрі ұқсап-еліктеу қажет, тек оның ғана айрықша ерекшіліктеріне жататын нәрселер мен шамамыз келмейтін амалдардан бөлек (Қз.: ән-Нәуауи «Тахзиб әс-сира» (56-бет), Абдулғани әл-Мақдаси «Мухтасар әс-сира» (77-бет), әл-Қады ‘Ияд «Хуқуқ әл-мустафа» (1/77-215), әт-Термизи «Мухтасар әш-Шәмаил» (112-188 беттер)).  Пайғамбар (оған Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Сендер шамаларын жететін нәрселерді ғана істеулерің керек! Аллаһпен ант етемін, сендердің өздерің (игі-салиқалы амалдар жасаудан) жалықпасаңдар, Аллаһ (сендерді салиқалы амалдарың үшін марапаттаудан) жалықпайды» (әл-Бухари (№ 1970), Муслим (1/541, № 782).

Ол сондай-ақ былай деді: «Мен сендерге тыйым салған нәрселерден аулақ болыңдар, ал мен сендерге бұйырған нәрселерімнен шамаларын жеткенін орындаңдар» (әл-Бухари (№ 7288), Муслим (№ 2619)).

[1] Абдуллаһ ибн әш-Шиххир былай деп хабарлаған: «Мен Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол намаз оқып тұрған кезінде кіріп келдім, әрі оның көкірегінен жылағандығы себепті қазанның қайнап жатқанындай дыбыстар шығып жатқанын естідім». Бұл хадис Абу Даудта келтіріледі (№ 904). Әл-Әлбани «Мухтасар әш-Шәмаил» кітабында оның сенімділігін (сахихтығын) растаған (№ 276).

 

[2] Яғни өзінен бұрынғы пайғамбарлардың ізімен жүруші. «Кейін Біз олардың ізімен елшілерімізді жібердік» (Кұран, 57: 27). Қ-з: «Зад әл-ма’ад» (1/94).

 

[3] Ән-Нәуауи «Тахзиб әл-асма уәл-луғат» (1/25-26, 31-32).