Имам Абу Ханифа және оның мазхабы Суннеттік пе?

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

 Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ, Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мүшелері мен барлық сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

Содан соң:

Соңғы кезде өздерін жалған түрде білімге телитін діни сауаты төмен адамдардың арасында имам Абу Ханифаны (Аллаһ оны рахым етсін) қаралау сөздері жиілеп кетті. Олар жауапкершілігі ауыр болған «Имам Абу Ханифа бидғатшы болған және әһлю-Суннаға қатысы болмаған» деген  сөздерді айтады. Сондай-ақ осы адамдардың мәлімдемелеріне сәйкес, мұсылмандарда төртеу емес, тек үш қана сүннеттік мазхаб бар-мыс. Олар осынысымен имам Абу Ханифа мазхабын әһлю-Суннадан шығаруда. Мұндай адамдар өздерінің осындай мәлімдемелерін имам Абу Ханифаны муржилікте, түрлі адасушылықтарда, (хадис) жеткізуші ретінде әлсіздікте т.с.с. нәрселерде айыптаған кейбір ертедегі имамдардың сөздерімен ақтайды.

Аллаһ Пәк, мұндай адамдарға: «Осындай нәрселерді аударуда және осыны орыс-қазақ тілді мұсылмандардың арасында таратуда қандай пайда бар? Бүлік таратуға немесе дау-тартыс туғызуға деген құштарлық па, әлде құпиялық жамылғысымен бүркелген ақиқатты ашу ма, әлде не?!», — деген сұрақ қойғымыз келеді.

Бұл мақалада Аллаһ Тағаланың рұқсат етуімен имам Абу Ханифаға тағылған негізгі айыптаулар қысқаша қаралып өтеді әрі имам Абу Ханифа да, оның мазхабы да араларында әһлю-Суннаның ұлы имамдары болған Сүннеттің жақтаушыларынан екендігіне дәлелдер келтіріледі.

 Имам Абу Ханифаға айып тағылуының себептері.

Саләфтардан болған кейбір имамдардың Абу Ханифаға айтқан  жазғыруларына, сөгістеріне және бидғатта айыптауына келер болсақ, олардың себептері мынандай:

— Оның «амалдар иманға кірмейді» деген, сондай-ақ «иман азаймайды да, көбеймейді де» деген сөздері;

— Оған муъзилилер айтатын «Құран жаратылған» деген сөздерді телу;

— Оның хадистерде  жеткізуші ретіндегі әлсіздігі;

— Өзінің пікірін сенімді хадистерге қарсы қоюы;

— Басқа мазхабты жақтаушылардың оған оның ешқандай қатысы болмаған нәрселерді жапсыруы.

Абу Ханифа және иржә (муржия)

Имам Абу Ханифа былай деген: “Иман амалдар емес, амалдар да иман емес. Бұған дәлел — көп жағдайларда амалдар мүміндердің мойнынан түсірілетіндігі, әрі (осы орайда) «мүміннен иман міндеттілігі түсірілген» деп айту дұрыс болмас еді. Мысалы, Аллаһ Тағала етеккірі (хайызы) келген немесе босанғаннан кейін келетін қаннан (нифастан) тазармаған әйелден намаз оқу мен ораза ұстау міндеттілігін түсіреді, бірақ сол кезде: «Әйелден иман түсірілді, — немесе, — оларға иманды орындамау бұйырылды», — деп айту дұрыс емес. Өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Етеккір (хайыз) кезінде оразаны таста да, оны кейін өте», — деп айтты ғой. «Кедей адамда зекет төлеу міндеттілігі жоқ», — деп айтуға рұқсат етіледі, бірақ: «Кедей адамда иман төлеу міндеттілігі жоқ», — деп айтуға рұқсат етілмейді”. Қз.: “Уасыя әл-имам Аби Ханифа” 2.

Ол сондай-ақ былай деді: “Иман көбеймейді және азаймайды, өйткені оның азаюын күпірліктің артуынсыз елестету, сол сияқты оның артуын күпірліктің азаюынсыз елестету мүмкін емес. Ал адам бір мезгілде әрі мұсылман әрі кәпір болуы мүмкін емес, өйткені мүмін – ол мүмін, сол сияқты кәпір де – кәпір, ал күпірлікте күмән болмайтыны сияқты иманда да күмән жоқ!” Қз.: “Уасыя әл-имам Аби Ханифа” 1.

Сондай-ақ имам Абу Ханифа және оның жақтастары былай деп айтатын: “Азаятын иман емес, өйткені иманның азаюы күмәнға нұсқайды, ал имандағы күмән – бұл үлкен күпірлік”. Қз.: “әл-Базазия” 4/112, “әл-Бахру-рраиқ” 2/46, 3/103, “Әлфаз әл-куфр” 51.

Сондай-ақ Абу Ханифа: «Күмәнданып: «Мен мүмінмін ин ша Аллах», — деп айтуға болмайды, өйткені өз иманыңда күмәндану – бұл күпірлік, әрі бірмағыналы түрде: «Мен мүмінмін!», — деп айту керек! «, — деп есептеген.

Міне, кейбір имамдар, мысалы, әл-Бухари және т.б. Абу Ханифаны муржи деп атағандарының себебі осыда.  Алайда: «Абу Ханифа жай муржи емес еді, ол фуқаха-муржилерден болатын», — деп айту дұрыс болар еді. Өйткені бұл екі терминнің арасында үлкен айырмашылық бар. Өйткені имам Абу Ханифа амалдарды иман деп атамағандығына және оларды иманға кіргізбегендігіне қарамастан,  ол: «Уәжіптерді қалдыру иманға зиян тигізеді әрі адам үшін жаза алып келеді», — деп санаған. «Шарх фиқх әл-акбарда» Абу Ханифадан оның былай деп айтқаны жеткізіледі: “Біз: «Күнәлар мүмінге зиян тигізбейді, — деп те, — Ол Тозаққа түспейді», — деп те айтпаймыз. Біз сондай-ақ муржилер сияқты өздеріміздің игі амалдарымыз бірмағыналы түрде қабыл болатынын, ал күнәларымыз бірмағыналы түрде  кешірілетінін айтпаймыз!” Қз.: “Тарих әл-Бағдад” 6/109.

Әрі осы (дәйексөздер) имам Абу Ханифаның шынайы муржилерге қатыссыз екендігін түсіну үшін жеткілікті, ол өзінің кейбір тұжырымдарында қателескен және осынысында муржилердің мазхабына сәйкес болған болса да. Әрі осы себептен де имамдар оған ақтау тауып, оны муржи деп атамайтын, алайда фуқаха-муржилерді адасқан және шектен шыққан муржилермен шатастырмау үшін: «Оны мен оның жақтастарының сөздері – бұл фуқаха-муржилердің пікірі», — деп айтатын. Имам әш-Шахристани былай деген: “Абу Ханифаға және оның жақтастарына қатысты: «Сүннеттік муржилер», — деп айтылатын. Әрі көп адамдар оны муржияға телитін. Мұның себебі оның «Иман – бұл жүрекпен растау, әрі ол көбеймейді және азаймайды» деген сөздері болуы ықтимал. Олар: «Ол амалдарды иманнан шығарып тастайды», — деп санады. Алайда амалдарға соншалықты салмақты мән беріп қарайтын бұл кісі қалайша амалдарды тастау туралы пәтуа бере алды (деп айтуға болады?!)  Сондай-ақ осының (яғни Абу Ханифаны муржи деп атаудың) басқа да мынандай себебі бар: муътазилилер тағдыр мәселесінде оларға қайшы келетіндердің барлығын муржи деп атаған, (шариғаттың) тек қорқытушы мәтіндеріне сүйенетін хауариждерден болғандар да тура осылай істейтін. Сондықтан да муржилікте айыптау осы екі топтан: муътазилилер мен хауариждерден — бастау алған болуы мүмкін”. Қз.: “әл-Миләл уа-ннихәл” 127.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия фуқаха-муржилер туралы сөз ете отырып, былай деген: “Егер адам: «Амалдарды тастаушы айыпталуға және жазалануға лайықты», — деп ұғынса, онда бұдан кейін бұл мәселеге қатысты келіспеушіліктердің мәні жоқ. Керісінше, бұл келіспеушілік (тек) тілдік тұрғыда болады, дегенмен, олар (фақих-муржилер) бұл анықтамада қателесетіні және Құран мен Сүннетке қайшы келетіні  кумәнсіз!”. Қз.: “Мажму’уль-фатауа” 7/181.

Сондай-ақ шейхуль-Ислам былай деді: “Әһлю-Сунна ішіндегі («Амалдар иманның бөлігі болып табылады ма?» деген) бұл мәселеге байланысты айтысулардың басым бөлігі – тілдік тұрғыдағы келіспеушіліктер. Өйткені: «Иман – бұл амалсыз сөздер», — дейтін фақихтер, ал бұл – Хаммад ибн Аби Суләйман, әрі ол осылай деп айтқандардың алғашқысы болды, сондай-ақ Куфалық фақихтер мен оларға ілескендер, басқа қалған имамдар сияқты:  «Күнә жасаушылар сөгіс айтылуға және жазалауға лайықтылардың қатарына кіреді», — деп есептейді! Әрі: «Олардың (күнә жасаушылардың) иманы Жәбірейіл періштенің иманындай кемел», — деп айтқандарына қарамастан, олардың барлығы әһлю-Сунна уәл жәмаъа бұл жөнінде айтатын «Амал-әрекетсіз  немесе күнә істеумен болған иман жазаға ұрындырады!» дегенге  нық сенеді!” Қз.: “Мажму’уль-фатауа” 7/297.

Ол сондай-ақ “әл-Иман” кітабында (337) фуқаха-муржилердің сөздері – бұл сенім мәселелеріндегі емес, сөздер мен іс-ірекеттердегі бидғаттар екендігін айтқан болатын.

Әрі имам әл-‘Изз ибн ‘Абду-Ссаләм имам Абу Ханифаның басқа имамдармен болған келіспеушілігі тілдік тұрғыда болғанын, өйткені ол игі амалдарды иман деп айтпаса да, оларды  иманның бір бөлігі деп есептегенін айтқан. Ол: «Бұл келіспеушілік сенімнің бұзылуына әкелмейді», — деп айтқан!  Қз.: “Шарх «‘Ақида әт-тахауия»” 362.

Шейх әл-Му’аллими былай деген: “Қалай болғанда да, егер әл-Кәусаридің[1] «Абу Ханифа: «Амалдар мүлде иманнан емес», — деп айтпаған, ол: «Амалдар иманның басты тірегі болып табылмайды, өйткені иманның басты тіректері – сенім мен сөздер», — деп айтқан» деген сөздері шындық болса, онда бұл (ақиқатқа) жақын іс”. Қз.: “әт-Танкиль” 2/364.

Шейх Мухаммад ибн Ибраһим Әли Шейх былай деген: “Имам Абу Ханифа және оның шейхы Хаммад ибн Аби Суләйман «Дененің амалдары иманға кірмейді» деп айтатын фуқаха-муржилердің қатарынан, бірақ сонымен бірге олар осы (дене амалдарын тастау) туралы қатал түрде айтады. Ақиқатында, бұл мәселе атауға ғана қатысты, бар болғаны осы. Бірақ ғалымдардың басым бөлігі («амалдар иманнан» деген) басқа пікірде”. Қз.: “Фатауа Ибн Ибраһим” 1/254.

Фуқаха-муржилерден болған кейбір имамдардың «Мен Аллаһтың алдында шынайы мүмінмін» секілді сөздерін атап өтіп, имам әз-Захаби былай деген: “Бұл сөздер оншалықты қауіпті емес. Ақиқатында, қауіпті болып табылатындары – бұл шекке шыққан муржилердің «Иман – бұл тек жүректердегі сенімдер; әрі кім намаз бен зекетті қалдырса, шарап ішсе, адам өлтірсе және зина жасаса: олардың барлығы толыққанды иманға ие және Тозаққа да кірмейді, жазаға да тартылмайды!» деген сөздері. Сондықтан да олар шапағат туралы көптеген хадистерді қабыл алмады”.  Қз.: «әс-Сияр» 9/436.

Сөйтіп, (ғалымдар) имам Абу Ханифаны телитін муржияның әһлю-Суннамен ешқандай ортақтығы жоқ адасқан муржилердің көзқарастарына қатысы болмаған!

Имам Абу Ханифа былай деген: “Біз: «Күнәлар мүмінге зиян тигізбейді», — деп айтпаймыз, әрі: «Ол Тозаққа түсуі мүмкін емес», — деп те айтпаймыз. Біз сондай-ақ муржилер айтатынындай өзіміздің игі амалдарымыздың бір мағыналы түрде қабыл болатынын, ал күнәларымыз бір мағыналы түрде кешірілетінің де айтпаймыз!” Қз.: “Тарих әл-Бағдад” 6/109.

Шейх-доктор Ахмад ибн ‘Атыйя әл-Ғамиди иманның түсіндірмесіндегі саләфтар мен пәлсапашылардың арасындағы айырмашылықтарға арналған өзінің докторлық еңбегінде былай деген:   “Абу Ханифа амалдарды иманның бөлігі етпей, оларды иманнан шығаратын. Ол: «Иман көбеймейді және азаймайды, әрі адамдар онда бірдей», — деп айтатын. Ал бұл – муржилер айтатын сөздердің дәл өзі, әрі осы жағынан Абу Ханифа муржи. Әрі дәл осы сөздер үшін оны муржилікте айыптайтын… Алайда барша ислам қауымдастықтарының тарапынан айыпталатындығымен танылған муржия – бұл жоғарыда қаралып кеткен нәрселер, (яғни) бұл  күнәхарға Аллаһтың кешіріміне толық үміт беретін, оған қалаған нәрселерін айтуға және істеуге рұқсат беретін нәрселер. Осы себептен де муржилер: «Күпірлік тұрғанда игі амалдар пайда келтірмейтініндей, күнәлар да иман тұрғанда зиян тигізбейді», — деп айта бастады.  Бірақ Абу Ханифа амалды иманнан шығаруда саләфтарға қайшы келген болса да, ол күнәхарлардан азғантай айыптауды да түсіріп тастаған және оларға Аллаһтың тыйымдарын ешбір қорқусыз бұзуға есік ашып берген  муржилерден айырықша, өзінің пікірімен құмарлықтар мен күнәларды жақтаушыларға күнәлармен тояттауға, тән құмарлықтарын қанағаттандыруға, тыйымдармен ойнауға және шариғаттың шекараларын бұзуға сылтау бермеді. Өйткені олар үшін адам қалағанын істеуге құқықты әрі оған ешқандай сөгіс жоқ, өйткені оның олар үшін тек сенімде ғана болатын иманы бар.

Ал Абу Ханифаға келер болсақ, ол мұндайды айтпайтын, әрі Аллаһ оны мұндайды айтудан және осындай көзқараста болудан сақтасын! Әрі бізге оны толық муржиялықпен сипаттауға рұқсат етілмейді, өйткені жай иржа (муржия) аталған кезде, ойға бірден ол туралы ешбір мұсылман ешқашан айтпайтын дәл сол жоғарыда аталған адасушы муржия келеді».  Қз.: “әл-Иман байна әс-саләф уәл-мутакаллимин” 105-106.

Шейхуль-Ислам және көпшілік имамдар: «(Фуқаха) муржилермен болған келіспеушіліктер тек тілдік тұрғыда ғана және мұның оқасы жоқ», — деп есептеген болса да, көпшілік имамдар бұлай деп санамағанын және Сүннет деп аталған игі амалдарды иман деп атамайтындарға қатаң сөгіс білдіргенін білу қажет.

Шейх Салих әл-Фаузанға мынандай сұрақ қойылды: “Аллаһ сізді сый-сауапқа бөлесін, бұл сұрақ қоюшы: «Адамдар: «Муржилер – әһлю-Сунна», — деп айтатын кезде, менде муржилерді Сүннетке және Сүннетті жақтаушылардың қатарына жатқызуға қатысты түсініксіздік туындады», — дейді”.

Шейх былай деп жауап берді: “Сенде бұл мәселеге қатысты қиындық болмау керек: олардың ақидасы – әһлю-Суннанның ақидасы. Аллаһқа иман келтіруде, таухид мәселелерінде олардың ақидасы – әһлю-Суннаның ақидасы, алайда олар бір мәселеде қателесті, бар болғаны осы. Олардың бұл қателігі оларды әһлю-Суннадан шығармайды, өйткені олардың сенімдері ақиданың барлық тармақтарында әһлю-Суннаның сенімдеріне сәйкес келеді”. Тыңдаңыз.: “Шарх «Китаб әл-иман» мин «Сахих» әл-Бухари” № 4.

Бірақ осы жерде кейбір имамдар Абу Ханифаның кейінірек «амалдар иманнан емес» деген пікірден бас тартқандығы туралы айтқанын атап кету өте маңызды болып табылады.  Имам әл-‘Изз ибн ‘Абду-с-Саләм Абу Ханифаға телінген кейбір нәрселерді атап өтіп, былай деген: “Сырттай (қарағанда), бұл қарама-қайшылықтар Абу Ханифадан (Аллаһ оны рахым етсін) жеткені сахих емес. Бірақ бұл оның жақтастарынан жеткізіледі, өйткені (оған телінген) осы нәрселердің ішінде ол разы бола алмайтын айқын әдепсіз нәрселер бар. Әт-Тахауи Абу Ханифа мен Хаммад ибн Зайд арасында орын алған оқиғаны баяндаған. Бірде Хаммад оған Ислам мен иман туралы хадисті жеткізіп, былай деген: «Сен Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Исламның қандай көрініс табуы ең жақсырақ?», — деп сұрақ қойылғанын көрмейсің бе? Ол: «Иман», — деп жауап берді де, кейін хижра мен жихадты иманның қатарынан етті».  Абу Ханифа үнсіз қалды. Сонда оның кейбір жақтастары: «Оған жауап бермейсің бе, уа, Абу Ханифа!», — деді. Бұған Абу Ханифа: «Мен оған немен жауап берейін? Ол мұны маған Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) баяндап тұр ғой!», — деп жауап берді” Қз.: “Шарх «‘Ақида әт-тахауия»” 395.

Сондай-ақ Хаммад пен Абу Ханифа арасында орын алған осы оқиғаны имам Ибн ‘Абдуль-Барр да «әт-Тамхидте» 9/247 жан-жақты келтірген еді.

Әрі осыған сүйеніп, ‘Абдур-Раззақ әл-Бадр «Зияда әл-иманда» (336-337) және шейх Мухаммад әл-Хамис «Усуль әд-дин ‘инда әл-имам Аби Ханифада» (114) бұл Абу Ханифаның «амалдар иманнан емес» деген пікірден бас татқандығын білдіретінін айтқан.  Егер Абу Ханифа басқа да имамдар сияқты: «Егер хадис сахих болса, онда бұл менің мазхабым!», — деп айтқан болса, онда қалай өзгеше ойлауға болмақ?  Қз.: Ибн ‘Абидин “әл-Хашия» 1/63.

Бұл — имам Абу Ханифаның муржилігіне қатысты айтылған дәйектер.

Абу Ханифа және «Құран жаратылған» деген пікір

Ал имам Абу Ханифа: «Құран жаратылған», — деп айтқанға келер болсақ, онда бұл анық қате, әрі бұл мәлімдеме имамның өзінен жеткізілген сөздерге қайшы келеді.   Имамдардың «Имам Абу Ханифа: «Құран жаратылған», — деп айтқан» деген хабарларын екі нәрсеге әкеліп тіреуге болады: Біріншісі – олардың иснадтары сенімсіз, екіншісі – сенімді иснадтармен келген хабарларда осындайды айтқан имамдарға Абу Ханифаның осы пікірден бас тартқандығы туралы соңғы сөздері жетпеген!

Абу Бакр әл-Маруази былай деп баяндайтын: “Мен Абу ‘Абдуллаһтың (имам Ахмад): «Біз Абу Ханифадан ол Құранды жаратылған деп айтқандығы туралы (хабарды) сенімді деп санамаймыз!», деп айтқанын естігенмін”. Қз.: “Тарих әл-Бағдад” 13/384.

Имам Абу Юсуф былай деп баяндаған: “Біз Абу Ханифамен алты ай бойы айтыстық, содан соң біздің пікірлеріміз Құранның жаратылғандығын айтушы (адам) кәпір болып табылатынындығына қатысты  бірдей болды!” Қз.: “Мухтасар әл-‘Улюу” 159.

Шейх әл-Әлбани «Имам Абу Ханифа: «Құранды жаратылған», — деп айтқан» деген түрлі хабарларды атап, былай деген: «Мұның сенімді екендігінде күмән бар…. Мен осы туралы кейбір хабарларды зерттедім әрі олардың барлығы сөгіс білдірусіз емес деп таптым, әрі, бәлкім, осы туралы басқа хабарлар да осындай болуы мүмкін. Әрі бұл әл-Хатыб имам Ахмадтан ол: «Имам Абу Ханифаның: «Құран жаратылған», — деп айтқандығы туралы (хабарлар) бізде сенімсіз!», — деп жеткізгендігіне қарамастан. Мен (әл-Әлбани) былай деймін: Бұл — имам Абу Ханифа және оның білімі туралы ізгі жорамал, әрі одан («Кім: «Құран жаратылған», —  деп айтса, кәпір болады» деген) басқа пікір де жеткізіледі. Бәлкім ол өзінің шәкірті Абу Юсуфпен осы тақырып бойынша пікірталас өткізгенге дейін осылай айтқан да шығар, бұл туралы осы кітапта (әл-‘Улюу) сенімді түрде жеткізілгендей. Ол онымен осы тақырып бойынша алты ай бойы пікірталас жүргізген соң, олар «Құран жаратылмаған, әрі кім оны жаратылған деп айтса, сол кәпір болады» дегенге келісті. Әрі осы шындығында да ақиқат ашылған кезде ашу ызаға және тәкапарлыққа бой бермей, шәкіртіне ілескен Абу Ханифаның артықшылығының көптеген дәлелдерінің бірі болып табылады. Оны Аллаһ рахым етіп, оған разы болсын!” Қз.: “Тахқиқ Мухтасар әл-‘улюу” 155-157.

Шейх ‘Абдуль-Мухсин әл-‘Аббад Хасан әл-Малики деген бір адасқан өтірікшіге қарсы пікір білдіріп, былай деген: “Оның «Әһлю-Сунна бір-біріне Абу Ханифаны және өзге де мұсылмандарды күпірлікте айыптауды өсиет еткен» деген сөздеріне келер болсақ, бұл жала болып табылады! Ал ол нұсқаған, Абу Ханифаға (ол): «Құран жаратылған», — деп айтқандығы себепті такфир жасалатын хабарлар (асарлар) бар кітаптар туралы айтар болсақ, не олар сенімсіз хабарлар, не ол оған телитін нәрселер үшін тәубе етіп қойған.   Әл-Хатыб әл-Бағдади «әт-Тарихта» (13/377): “Құранның айтылғандығына (жаратылғандығына – ауд.) келер болсақ, «Абу Ханифа бұлай санамаған», — деп айтылады. Әрі одан ол алғашында осылай деп айтқаны, бірақ кейін тәубеге шақырылғандығы туралы мәлім». Кейін ол осы туралы түрлі: солардың ішінде Ахмадтың «Имам Абу Ханифа: «Құран жаратылған», — деп айтқандығы туралы (хабарлар) бізде сенімсіз!» деген сөздері де бар хабарларды келтіреді.  Сондай-ақ әл-Ләләкаи де өзінің иснады арқылы «Шарх усуль әл-и‘тиқадта» (2/270) Абдуллаһ ибн әл-Мубарактың: “Аллаһпен ант етемін, Абу Ханифа: «Құран жаратылған», — деп айтып қайтыс болмады», — деп айтқанын келтірген”. Қз.: “Кутуб уа расаиль әл-‘алләма ‘Абдуль-Мухсин әл-‘Аббад” 7/279.

Абу Ханифаның өзінің де «Құран жаратылмаған» дегенге нұсқайтын сөздері бар.  Имам Абу Ханифа былай деген: “Құран – Аллаһтың кітаптарға (оралған қағаздарға) жазулы, жүректерде сақтаулы, ауызбен оқылатын әрі Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түсірілген Сөзі». Қз.: “әл-Фиқх әл-акбар” 301.

Ол сондай-ақ: «Құран жаратылмаған!», — деп айтқан. Қз.: “әл-Фиқх әл-акбар” 302.

Бұл мәселені де Аллаһтың рұқсатымен қарап шықтық!

Имам Абу Ханифаның хадистерде жеткізуші ретінде әлсіздігі

Ибн Аби Марьям былай деп баяндайтын: “Мен Яхъя ибн Ма’иннен Абу Ханифа жайлы сұрадым, әрі ол: «Оның хадистерін жазып алудың қажеті жоқ!», — деді». Қз.: Ибн ‘Ади “әл-Камиль” 8/236.

Сондай-ақ Ибн Ма’ин былай деп айтатын: «Абу Ханифа хадистерде әлсіз». Қз.: “әд-Ду’афа” 4/285, әл-‘Уқайли.

Ал Ибн Ма’ин, керісінше, Абу Ханифаны сенімді жеткізуші деп санаған деген хабарға келер болсақ, ол сенімсіз болып табылады. Осындай бір хабарды әлсіз жеткізуші болған Мухаммад ибн Са’д әл-‘Ауфи, ал екіншісін белгісіз   Салих ибн Мухаммад әл-Асади жеткізген. Қз.: “Тахзиб әт-тахзиб” 1/401.

Имам Ибн әл-Мубарак былай деп айтатын: “Абу Ханифа хадистердегі міскін”. Ибн Аби Хатим 2/460.

Имам Ахмад былай деген: “Абу Ханифаның хадистері әлсіз”. Қз.: “әд-Ду’афа” № 434.

Имам ән-Насаи былай деп айтатын: “Абу Ханифа хадистерде онша күшті болмаған”. Қз.: “әд-Ду’афа уәл-матрукин” 29.

Сондай-ақ оны Абу Хатим, әд-Дарақутни, Муслим әлсіз деп санайтын.

Тіпті атақты ханафи мухаддисі әз-Зайлә’и де Абу Ханифаны әлсіз хадис жеткізуші деп санаған.

Алайда қандай да бір имамның хадистердегі әлсіздігі оның адасқандығына, бұзықтығына және әһлю-Суннадан емес екендігіне нұсқамайды! Әрі нақтырақ айтқанда имам Абу Ханифаны хадистерде әлсіз деп саналуының себептері бұлар емес. Әл-жарх уа-тта’диль ғылымы имамдарының Абу Ханифа туралы айтқан сөздерін келтіріп, шейх әл-Әлбани өзінің «Ируа әл-ғалиль» кітабында былай деген: “Абу Ханифаның, Аллаһ оны рахым етсін, хадистердегі әлсіздігі, оны ол жетістікке жеткен білім мен фиқхтағы абырой-беделінен айырмайды.  Әрі оның фиқхпен айналысуы оның есте сақтауының әлсіздігінің себебі болған болуы әбден ықтимал. Өйткені ғалым бір ғана ғылыммен маманданса, оның есте сақтауы басқа салаларда әлсіз болып қалатыны мәлім ғой».

Сөзге орай, осы жерде кейбір соқыр ілесушілер және мазхабшылар шейх әл-Әлбани имам Абу Ханифаны қаралады деп көрсеткісі келгенін, ал іс жүзінде бұл өтірік екенін айтып кету қажет. Әрі аталған нәрселер шейх әл-Әлбанидің, керісінше, имам Абу Ханифаны қорғағанын және оған ақтау іздегенін көрсететін бір ғана мысал емес.

Абу Ханифа және сенімді хадистер

Хафиз Ибн ‘Абдуль-Барр былай деген: “Хадистерді тәрк ету – оның (Абу Ханифаның)  хадис жақтаушыларының назарындағы ең үлкен кемшілігі және ең үлкен күнәсі еді. Олар оны ол сахих хадистерді тәрк ететіндігі және оларды өз пікірімен теріске шығаратындығы үшін сөккені туралы жеткізілген ”. Қз.: “әт-Тамхид” 13/14.

Имам Ибн Аби Шайба өзінің «әл-Мусаннаф» еңбегіндегі тарауды: «Абу Ханифа қайшы келген хабарлар», — деп атаған. 

Осы себепті де көптеген мухаддистер фиқх мәселелері бойынша түрлі пікірлерін атайтын кездерінде, оларды «өз пікірлерінің жақтаушылары» деп атайтын.

Алайда бұл дәлел емес, әрі имам Абу Ханифа сахих хадистерді қасақана тәрк еткеніне және өзінің пікіріне ілесуді жалғастыра бергеніне нұсқамайды.  Аллаһ мұсылмандарды мұндайдан сақтасын!

Имам Абу Ханифа түрлі мәселелерде сенімді (сахих) хадистерге қарама-қайшы келгендігі, «ол осыны қасақана істеді» дегенді білдірмейді, әрі мұның көптеген себептері де болуы мүмкін. Біріншіден, оған жеткен белгілі бір хадисті ол әлсіз деп санаған болуы немесе оның сенімділігінде күмәнданған болуы мүмкін. Екіншіден, белгілі бір шешімді шығару кезінде, ол осы мәселе бойынша сенімді хадистің бар екендігін мүлде білмеген болуы да мүмкін, өйткені оның кезінде хадистер әлі жинақтарға жинақталмаған әрі хадистердің көбі әртүрлі қалаларда тұратын табиғиндердің арасында болатын.  Имам ‘Абдуль-Уаххаб әш-Ша’рани былай деп айтатын: “Имам Абу Ханифа туралы (Аллаһ оны рахым етсін) біздің сеніміміз әрі әрбір кітап авторының сенімі:  егер ол шариғи ғылымда жинақталған және хафиздар барлық елді аралап шыққан біздің кезімізге дейін өмір сүргенде, ол осы дәлелдерді алатын еді де, өзінің кез келген ұқсастық бойынша  теңеуін (қиясын) қалдырар еді.  Алғашында оның мазхабымен салыстырғанда басқа мазхабтарда қияс аз болатыны сияқты, оның да мазхабында қияс аз болатын. Алайда оның заманында шариғи дәлелдер табиғиндердің және олардың ізбасарларының арасында әртүрлі қалаларда бөлініп таралғандығы себепті, белгілі бір мәселеде (шешім шығару) қажеттілігіне байланысты тікелей хадистің болмағандығынан оның мазхабында қияс көп болды». Қз.: “әл-Мизан” 1/62.

Әрі өзгеше де болуы мүмкін емес, өйткені имам Абу Ханифаның өзі: «Егер хадис сенімді болса, онда ол менің мазхабым!», — деп айтатындардың қатарынан еді.  Қз.: “әл-Хашия Ибн ‘Абидин” 1/63.

Ол сондай-ақ былай деп айтатын: “Егер мен Аллаһтың Кітабы мен Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хабарына қайшы келетін сөздер айтсам, менің сөздерімді тастаңдар!” Қз.: “Иқаз әл-химам” 50.

Ол тағы да былай деген: “Егер маған Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисі жетсе, мен оны разы болып (қуанышпен) қабыл етемін! Ал егер табиғиндер айтқан сөз жетсе – онда біз де адамбыз, олар да адам!» Қз.: әл-Байхақи “әл-Мадхәл” № 40.

Имам Абу-ль-Музаффар әс-Сам’ани осы сөздерді келтіріп, былай деген: Бұл сөздер одан сенімді (түрде жеткен). Қз.: “Қауаты’ әл-адиллә” 1/371.

Сондай-ақ бірде имам Абу Ханифаға: «Егер сен Аллаһтың Кітабына қайшы келетін пікір айтқан болсаң, біз не істеуіміз қажет?», — деген сұрақ қойылды. Ол: «Егер мен Аллаһтың Кітабына қайшы келетін (сөздер) айтсам,  менің пікірімді тастаңдар да, Аллаһтың Кітабына ілесіңдер»,  — деп жауап берді. Олар: «Ал егер олар Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздері мен істеріне қайшы келсе ше?»,  — деп сұрады. Ол: «Менің сөздерімді тастаңдар да, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисіне ілесіңдер», — деді. Оған тағы да: «Ал егер олар сахабалардың сөздеріне қайшы келсе ше?», — деген сұрақ қойылды. Имам Абу Ханифа: «Менің сөздерімді тастап, сахабалардың сөздеріне ілесіңдер!»,  — деді. Қз.: “Иршад ән-нуқад” 142, “әл-Қауль әл-муфид” 54.

Аллаһ Пәк, тіпті егер қандай да бір жерлерде имам Абу Ханифа сенімді хадиске қайшы келген болса да, бірақ егер ол өзінің жеке пікірін тіпті сахабалардың сөздерінен де жоғары қоймаған болса, онда қалайша: «Өз негізінде  бұл имам өзінің пікірін Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахих хадисінен жоғары қойған», — деп айтуға болады?! Әрі шейх Ибн әл-Қайим «әл-И’ләмда» имам Абу Ханифа хадистерді өз пікірінен жоғары қоятыны соншалықты – ол тіпті «күлкі дәретті бұзады» деген мәселеде әлсіз хадиске сүйенгендігін келтіреді. Әрі Абу Ханифаның жақтастары оның ұстанатын негіздерінен — ол қияс жасауға қарағанда әлсіз хадиске сүйенгенді абзал көргендігін жазған.  Мұның үстіне, бұл имам өз шәкірттерін ешқашан соқыр ілесушілікке тәрбиелемейтін, алайда оларды дәлелдерге ілесуге  үйрететін. Ол былай деп айтатын: “Менің дәлелдерімді білмейтін адамға менің сөздеріме сүйеніп, пәтуа беру харам болады!” Ибн ‘Абдуль-Барр “әл-Интиқа фи фадаиль ас-саләса әл-аимма әл-фуқаха” 145. Шейх әл-Әлбани сахихтығын растаған.

Аллаһ Пәк, бұл имам өздерін оның ілесушілеріне өтіріктен телитін кейбір адамдардан нендей алыс! Абу Ханифа оның дәлелін білмейтін адамға тіпті оның сөздеріне сүйенуге тыйым салады, ал кейбір ханафисымақтар бұл пікір анық және түсінікті хадистерге қайшы келетін кезде де: «Ханафи мазхабы бойынша былай істеу керек!», — деп айтады.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: “Кім Абу Ханифа немесе мұсылмандардың имамдарынан кез келген басқа біреуі қияс немесе қандай да бір басқа нәрсе үшін  сенімді хадиске қасақана қайшы шыққан деп есептесе, сол оларға қатысты қателесті әрі не жорамалға сүйенген, не құмарлықтарға сүйенген сөздер айттты». Қз.: “Мажму’уль-фатауа” 20/304.

Бұл имам Абу Ханифаның хадистерге деген қатынасы туралы!

Кейбір имадардың Абу Ханифаға таққан күнәларының өзге себептері

Жала–ғайбаттар

Имам Ибн әл-Мубарак былай деп баяндайтын: “Мен Шамға келіп, әл-Ауза’иге жолыққанымда, ол маған: «Уа, Хорасанның тұрғыны,  әлгі Абу Ханифа есімді Куфалық бидғатшы (мубтадиғ) кім?!», — деп айтты. Сонда мен қонығыма қайтып келіп, Абу Ханифаның жазуларын алдым да, маңызды мәселелерін жинақтай бастадым. Бұған менің үш күн уақытым кетті. Содан соң мен осы жазулармен солардың мешітінде азаншы әрі имам болған әл-Ауза’иге қайта жолықтым. Ол менен: «Бұл не жазулар?», — деп сұрады. Мен оларды оған бердім, ал ол менің: «ән-Нуғман ибн Сабит былай деп айтқан…», — деп жазған жерлерімді оқи бастады.  Және әл-Ауза’и азан шақырып болғаннан соң, тұрып бір бетті оқып бітіргенше, оқуын тоқтатпады да, содан соң жазуларды қалтасына салып қойып, намазды орындады. Кейін ол осы жазуларды алды да, менен: «Уа, хорасандық адам, бұл ән-Нуғман ибн Сабит деген кім?!», — деп сұрады.

Мен: «Ол шейхты мен Иракта кездестіргенмін!», — деп жауап бердім. Сонда ол: «Ол – өте жақсы шейх, оған қарай сапарға шық та, одан білім ал!», — деді.  Ал мен: «Бұл — сен сөккен Абу Ханифа ғой», — деп айттым. Осыдан кейін әл-Ауза’и Абу Ханифамен Меккеде кездесіп, онымен көптеген мәселелерді талқылады. Ал олар қоштасқаннан кейін  әл-Ауза’и маған былай деді: «Мен мұндай үлкен білім мен дұрыс ақылға ие адамға (жолыққаныма) қуаныштымын және бұл адамға қатысты айқын адасушылықта болғаным үшін Аллаһ Тағаладан кешірім сұраймын. Осы адамнан ұстан, ақиқатында, ол  — (адамдар) маған ол туралы жеткізгендей емес!»” әл-Хатыб “Тарих әл-Бағдад” 13/338.

Бұл оқиғадан имам әл-Ауза’иде Абу Ханифаны адасушы деп санауға негіз де, сылтау да  жоқ болғаны, алайда мұндай ойға оны адамдардың Абу Ханифа туралы жеткізген сөздері итермелегенін түсінуге болады!

Хафиз Ибн ‘Абдуль-Барр былай деген: “Абу Ханифаға тағылған айып ретінде сондай-ақ иржа да аталады. Ғалымдардың арасында оны муржияға телігендер көп болатын. Әрі Абу Ханифаны оның имамдығына байланысты нақтылап жамандағандай етіп ешкімді олар туралы айтылған жаман сөздерге байланысты нақтылап жамандамайтын. Әрі сонымен бірге оған қатысты көре алмаушылық танытылатын және оған ұнамсыз әрі оларға оның ешқандай қатысы жоқ нәрселер телінетін!” Қз.: “Жәми’уль-баяниль-‘ильм” 2/148.

Шейх Жәмалюддин әл-Қасими былай деп айтатын: “Кейбір мухаддистерде ханафи имадарына қатысты, адам (оларды) қабылдау былай тұрсын, тіпті оқуға ұялатын нәрселерді табуға болады!” Қз.: “әл-Жарх уәт-та’диль” 24.

Шейх әл-Қасими айтып тұрғанның мысалы ретінде Ибн Хиббан Абу Ханифадан ол: «Егер Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі болғанда, менің көп пікірлерімді алар еді», — деп айтқаны-мыс жеткізіледі.

Мұндайды имам емес, қарапайым мұсылманның айтуынан Аллаһ сақтасын!

Мазхабтық өшпенділік

Ханбали имамы – хафиз Ибн ‘Абдуль-Хади «Тануир әс-сахифада» былай деген: Әл-Хатыб әл-Бағдадидің сөздері сені адасаушылыққа салмасын! Ақиқатында, оның бойында Абу Ханифа, Ахмад және басқа да олардың жақтастары сияқты имамдарға қатысты артық кеткен шекке шығушылық бар болатын!”

Имам Яхъя ибн Ма’ин былай деп айтатын: “Біздің жақтастарымыз (әһлюль-хадис) Абу Ханифаға және оның жақтастарына қатысты артық кетушілік танытатын”. Қз.: “Жәми’уль-баяниль-‘ильм” 2/149.

Бұл – өз заманында жарх уа та’диль ғылымының имамы болған адамның кейбір хадис жақтаушыларының имам Абу Ханифаға қатысты шектен тыс қаталдық жасағандығы туралы айтқан әділетті сөздері.

Имам әт-Табари былай деп айтатын: “Егер әртүрлі мазхабтардың жақтаушыларының біреу-міреу туралы айтып жатқан сөздерінің барлығын қабылдай берсек және осының себебінен бұл адамның абырой-намысын бұза берсек және оның куәлігін тәрк етсек, онда мухаддистердің көбін тастауымызға тура келер еді! Өйткені олардың арасында адамдар олардан бет бұру қажетті деп санамағандар жоқ еді!” Қз.: “Хадью-ссари” 436.

Абу Ханифа мазхабын соқыр түрде жақтаушылардың кейбір істері мен сөздері

 Имам Абу Ханифаға және оның жақтастарына тағылатын айыптаулардың тағы бір себебі оның мазхабын жақтаушылардың кейбіреулерінің шекке шығушылықтары еді.   Ең соқыр түрде мазхаб ұстанатындардың көбі ханафилер екені ешкімге сыр емес, әрі осы соқыр ілесушілік ханафи мазхабында түрлі кезеңдерде жиі көрініс табатын. Мысал ретінде кезінде Дамаск қаласында қазы болған ханафи Мухаммад ибн ‘Абдуллаһ әт-Турки әл-Баласағунидің былай деп айтқанын келтіруге болады: “Егер менде мүмкіндік болғанда, мен шафи’илерден жизья алатын едім”. Қз.: “Лисануль-мизан” 5/402. Сондай-ақ ол маликилерді де жек көретін, бұл туралы имам әз-Захаби «Тарихуль-Исләмда» баяндағандай.

Бұған басқа бір мысал ретінде фанатик әрі ханафи мазхабының соқыр ілесушісі Мамун әл-Харауидің Абу Ханифаның пікірін нығайту үшін хадистерді ойдан шығаруын келтіруге болады.  Ол ойдан шығарған хадистердің ішінде «Намаз орындау кезінде қолдарын көтеретіннің намазы жоқ» деген хадис те бар. Қз.: “әл-Мауду’ат” 1/81.

Шейх ‘Абдур-Рахман ибн Яхъя әл-Му’аллими біздің кезімізде имам Абу Ханифаны және оның мазхабын жазғыру үшін  Захид әл-Каусари атты ханафи мазхабының әбден берілген соқыр ілесушісі себеп болғанын айтқан. Ол әһлю-Сунна имамдарының көбін ашуланып және ең нашар түрде қаралаған. Олардың арасында шейхуль-Ислам Ибн Таймия, шейх Ибн әл-Қайим, хафиз Ибн Хажжар т.б. бар.

Белгілі бір мазхабқа соқыр түрде ілесу (тақлид) және фанатизм  жиі жағдайда адамдарды түрлі мазхабтарды ұстанушылардың арасында жауласуға, соғысуға тіпті бірін-бірі күпірлікте айыптауға дейін алып барған. Әрі XIX ғасырға дейін адамдар тек өздерінің мазхабының имамдарына ұйып намаз оқыған факті белгілі.

Мұндай нәрселердің осындай фанатиктер өздерін өтіріктен соларға телитін имамдармен ешқандай ортақтығы жоқ екендігіне еш күмән жоқ.

Аллаһ Тағаладан бізді мұндайдан сақтауын және тура жолмен жүргізуін сұраймыз!

Имам Абу Ханифа мен шейх Муқбиль ибн Хади

Шейх Муқбиль Абу Ханифа туралы «Нашр әс-сахифа фи зикр әс-сахих мин ақуәл аимма әл-жарх уа-тта’диль фи Аби Ханифа» деген кітап жазған. Бұл кітапта ол имамдардың Абу Ханифаға қатысты айтқан сенімді түрде жеткен сөздерін келтірген, солардың ішінде жоғарыда аталған айыптаулар да бар. Бірақ осы еңбекті үстіртін парақтап шыққан адамдар: «Шейх Муқбиль имам Абу Ханифаға қатысты осындай сөздерді жинақтаған және келтірген болса, онда ол оны имам деп, ал оның мазхабын сүннеттік деп есептемейтіндерден», — деп пайымдады.

Олар шейх Муқбильдің осы еңбегіне сүйеніп, оның «әл-Муқтарах фи аджуиба асилә әл-мусталәх» деген кітабын назардан шет қалдырады. Ал сол кітапта ол имам Абу Ханифаны жиі тілге алған, әрі оның сөздерінен «Ол оны әһлю-сунна имамдарынан емес деп санаған» деген тұжырым шығаруға мүмкін емес.  Мысалы, кітаптың 13-бетінде ол былай деп жазады: “Ибн Аби Хатим мен әл-Байхақи өздерінің «Манақиб әш-Шафи’и» кітаптарында бірде әш-Шафи’и мен Мухаммад ибн әл-Хасан: «Екі ғалымдардың қайсысы білімдірек: Абу Ханифа ма, әлде Малик пе?», — деп айтысып қалғанын келтірген. Әш-Шафи’и Маликті жақсы көретін, әрі ол оның шәкірті еді. Ал Мухаммад ибн әл-Хасан Абу Ханифаның шәкірті болатын. Имам әш-Шафи’и Мухаммадқа: «Аллаһ үшін айтшы: Аллаһтың Кітабын сендердің жақтастарың жақсырақ біледі ме, әлде біздің жақтастарымыз ба?», — деді. Ол Маликті меңзеп: «Сендердің», — деп жауап берді.  Әш-Шафи’и: «Сүннетті біздің жақтастарымыз жақсырақ біледі ме, әлде сендердікі ме?», — деді. Ол: «Сендердікі», — деп жауап берді. Сол кезде әш-Шафи’и: «Онда қиястан басқа еш нәрсе қалған жоқ, алайда (Құран мен Сүннеттен) негізі болмаған адам немен қияс жасамақ?», — деді. Бұл оқиғаның иснады сенімді (сахих). Әрі біз одан ғалымдардың арасында айырмашылықтар болатынын, олардың арасында фиқх саласындағы имам бар болатынын, бірақ ол хадис саласында әлсіз екенін, әрі хадис саласында имам бар болатынын, бірақ ол олардан фақих алатындай үкімдерді шығара алмайтынын аламыз”.

Сол кітаптың 84-бетінде ол тағы да былай деп жазады: “Абу Мухаммад ибн Хазмның фиқх бойынша кітап, жәрх пен та’диль бойынша кітап, хадистердің сенімділігі мен әлсіздігін нақтылау бойынша кітап, адасушылықтарды теріске шығару кітабы болып табылатын  «әл-Мухаллә» кітабы да тура сол секілді. Мен оны білімгерлерге насихаттаймын, алайда кейбір хадистердің сахих немесе әлсіз деп айтылғандарынан сақ болсын. Сондай-ақ оның ғалымдарға жасайтын орынсыз шабуылдарынан сақ болсын, Ибн Хазмнан, Аллаһ оны рахым етсін, қабылданбайтын, артық кетушілігі бар шабуылдардан. Ол онда имам Маликке немесе Абу Ханифаға, немесе басқа ғалымдарға шабуыл жасаған тұстары бар. Біз оның кітаптарынан пайда аламыз, ал оның шабуылдарын қалдырамыз». 

Сондай-ақ 86-бетте ол былай дейді: “Жәрх уәт-та’диль терминологиясына келер болсақ, мен әл-Люкнауидің «әр-Раф’ уәт-такмиль» кітабын (оқуға) кеңес беремін. Алайда оның шектен тыс берілгендігінен сақ болу керек, өйткені ол барып тұрған ханафи еді. Ол Абу Ханифаға қатысты шектен шыққан болатын және шейхуль-ислам Ибн Таймияға, әш-Шауканиге және әһлю-Сунна имамдарының басқаларына орынсыз шабуыл жасайтын.  Сен оның кітабынан не алуың қажет? Жәрх уа та’диль терминдерін, осымен ғалымдар нелерді меңзегенін т.с.с. нәрселерді. Ал оның ғалымдарға жасаған шабуылдарына келер болсақ, біз оларды қабылдамаймыз. Мұның себебі оның ханафи мазхабын әдемі көрсетіп таратуға деген талпынысы болды. Ал іс жүзінде ханафи мазхабы Құран мен Сүннеттен ең алыс мазхаб болып саналады, тіпті кейбір ғалымдар: «Егер сен дұрыс істегің келсе, онда Абу Ханифаға қайшы кел», — деп айтатын.  Хафиз Ибн Аби Шайба, Аллаһ оны рахым етсін, өзінің кітабының 4-томында Абу Ханифа қайшы келген хадистердің көп бөлігін келтірген. Абу Ханифа – мұсылман ғалымдарының қатарынан болған ғалым, алайда оған және басқа да кез келген біреуге соқыр түрде ілесуден қорық! Кейбіреулердің Абу Ханифаға деген фанатикалық түрде берілгендігі оларды Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өтірік жапсыруларына дейін алып барды! Олардың біреуіне: «Сен Мухаммад ибн Идристің (әш-Шафи’и) мазхабы қалада таралғанын көрмедің бе?», — деп сұрақ қойылғанда, ол: «Маған пәлен пәленнен Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін жеткізген: «Менің үмметімде, оған Ібілістен де көбірек зиян тигізетін адам пайда болады, оның есімі Мухаммад ибн Идрис болады! Ал Абу Ханифа менің үмметімдегі шамшырақ болады!», — деп айтады. Фанатикалық түрде берілу – қорқынышты іс.  Мен әрбір бауырымызға Аллаһтың Кітабына және Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне қайтуды насихат етемін”.

Шейх Муқбильдің жоғарыда айтылған ол кейбір жерлерде имам Абу Ханифаны атап кеткен сөздерінен ол оны осы үмметтің ғалымы деп есептегені және оны әһлю-Суннадан шығарып тастамағаны көрініп тұр.

Имамдардың Абу Ханифа, оның сенімдері, оның мазхабы және оның артықшылығы туралы айтқан сөздері

Имам Ибн әл-Мубарак былай деп айтатын: “Өз өмірімде мен адамдардың ішіндегі ең құдайшылын, адамдардың ішіндегі ең салиқалысын, дін мәселелеріндегі ең білімдісін және ең сауаттысын кездестірдім. Ең құдайшылы – бұл ‘Абдуль-Азиз ибн Руад; ең салиқалысы – бұл әл-Фудайль ибн ‘Ийяд; ең білімдісі – бұл Суфъян әс-Саури; ал дінде ең сауаттысы – бұл Абу Ханифа!”  Одан кейін ол былай деді: «Мен фиқхта оған тең келетін ешкімді білмеймін!» Қз.: “Тахзиб әт-тахзиб” 10/451.

Имам әш-Шафи’и былай деген: «Фиқхта барлық адамдар Абу Ханифаның (білімімен) өмір сүріп жатыр». Қз.: “Тарих әл-Бағдад” 13/346.

Имам әз-Захаби бұл сөздер туралы былай деген: «Абу Ханифаның фиқхтағы имамдығына қатысты айтар болсақ – онда бұл ешқандай күмәні жоқ нәрсе».  Қз.: “әс-Сияр” 6/390.

Исма’иль ибн Салим былай деп баяндайтын: “Абу Ханифаны ол қазы болуы үшін ұрып-соқты, бірақ ол бәрібір бас тартты. Әрі имам Ахмад ибн Ханбәл осыны еске алған кезде жылайтын және Абу Ханифа үшін Аллаһқа дұға етіп жалбарынатын. Ал бұл Ахмадтың өзін ұрып-соққаннан кейін орын алды».  Қз.: “Тарих әл-Бағдад” 13/327.

Шейхуль-Ислам Ибн Таймия былай деген: Барлық атақты имамдар Аллаһ Тағаланың сипаттарын растайды және: «Ақиқатында, Құран – бұл Аллаһтың Сөзі, әрі ол жаратылған (махлюқ) емес», — деп айтады.  Олар сондай-ақ: «Аллаһты болашақ өмірде көруге болады», — деп те айтады. Сахабалардың және олардың ізіне ықыласты түрде әрі дәлме-дәл ілескен мұсылмандардың: олар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ұрпақтарынан немесе басқа адамдардан болсын – мазхабы міне осындай. Мұсылмандар олардың өнегесіне ілескен Малик, әс-Саури, әл-Ләйса, әл-Ауза’и, Абу Ханифа, әш-Шафи’и және Ахмад секілді имамдардың мазхабы да осы”. Қз.: “Минхажжу-с-Сунна” 2/106.

Сондай-ақ шейхуль-Ислам былай деген: “Абу Ханифа да, Аллаһ оны рахым етсін, сол сияқты. Оның бірқұдайшылық, тағдыр т.с.с. мәселелердегі сенімі (ақидасы) жоғарыда аталған имамдардың сеніміне (ақидасына) сәйкес келетін, ал олардың ақидасы сахабалар мен табиғиндердің ұстанатындарына сәйкес келетін. Ал сахабалар мен табиғиндердің ақидасы Құран мен Сүннетте баяндалған нәрселерден тұратын”. Қз.: “Мажму’уль-фатауа” 5/256.

Бұл – әһлю-Сунна уәл-жама’а имамынан жеткен Абу Ханифаның ақидасы саләфтардың ақидасына сәйкес келетіндігі туралы куәлігі, ал шейхуль-Ислам ілесушілері болған имамдар туралы басқа көпшілікке қарағанда жақсырақ білетін.

Мұның үстіне, шейхуль-Ислам былай деген: “Абу Ханифаға келер болсақ, адамдар оған кейбір мәселелерде қайшы келген және сол үшін оны сөккен болса да, оның фиқхтағы түсінігі мен оның білімі ешкімде күмән туғызбайды! Оны жаман бейнеде көрсету үшін, одан кейбір нәрселер жеткізілетін, алайда бұл оған жабылған бірмағыналы өтірік!” Қз.: “Минхажжу-Ссунна” 2/620.

Хафиз Ибн Касир былай деген: “Имам Абу Ханифа – Ирактың фақихы, Исламның имамдарының, ғалымдардың басшыларының және тіректерінің бірі, әрі ілесушілері бар төрт мазхабтың имамдарының біреуі”. Қз.: “әл-Бидая уа-ннихая” 10/110.

Хафиз Ибн ‘Абдуль-Барр үш фақих имамдардың: Маликтің,  әш- Шафи’идің және Абу Ханифаның — артықшылықтарына  арналған өзінің «әл-Интиқа фи фадаиль әс-саләса әл-аимма әл-фуқаха» атты кітабында Абу Ханифа туралы тарауды: «Ғалымдардың Абу Ханифаны мақтауы және абзал көруі», — деп атап, ізінен оны мақтаған және оны құрметпен тілге алған 67 имамды келтіріп, кейін былай деген: «Олардың барлығы Абу Ханифаны түрлі сөздермен мақтаған».

Сондай-ақ саләфтардың имам Абу Ханифаның атына айтқан көптеген сөздерін хафиз Ибн ‘Абдуль-Хади де төрт мазхабтың имамдарының өмірбаяндарына арналған өзінің «Манақиб әл-аимма әл-арба’а» атты кітабында келтірген.

Шафии мазхабының имамы Тажжуддин әс-Субки былай деп айтатын: “Біз Абу Ханифа, Малик, әш-Шафи’и, Ахмад, екі Суфъян (әс-Саури мен Ибн ‘Уяйна), әл-Ауза’и, Исхақ ибн Рахауайх, Дауд әз-Захири, Ибн Жарир және мұсылмандардың өзге де имамдары ақида және басқа да мәселелерде Аллаһ Тағаланың тура жолында екендігіне сенімдіміз. Әрі олар туралы айтылған олар еш қатыссыз болған нәрселерге жүгінудің қажеті жоқ». Қз.: «Жәм’ әл-жәуами’» 2/441.

Шейх Салих әл-Фаузанға мынандай сұрақ қойылды: «Құрметті шейх, имам Ахмадтың ұлы ‘Абдуллаһтың «әс-Сунна» кітабы, онда имам Абу Ханифаға және саләфтардан болған өзге имамдарды теріске шығару айтылады.  Әрі кейбір білімгерлер осы себепті осы кітапты сөгеді. Олар дұрыс істейді ме?»

Шейх былай деп жауап берді: “Шындығында да «әс-Сунна» кітабында осы ғалымдар туралы сөздер бар, мұндай сөздер  «Тарих әл-Бағдади» кітабында да бар болғаны сияқты. Алайда имам Абу Ханифа – күмәнсіз, құрметті имамдардан. Ол әһлю-Сунна имамдарынан, оның абырой-мәртебесі және құрметті орны бар. Ал айтылғандарға келер болсақ, Аллаһ бұл туралы жақсырақ біледі, мұнымен Абу Ханифаның абырой-беделін түсірмеу керек».  Тыңдаңыз: “Фатауа әл-Фаузан” 9827.

Шейх Салих Әли Шейх былай деген: “Кейбіреулердің кейбір имамдар, мысалы, имам Абу Ханифа, Аллаһ оны рахым етсін, және басқа да саләфтар туралы айтатынына қара. Алайда ғалым, имам, шейхуль-Ислам Ибн Таймияның еңбектеріне қарасақ, Абу Ханифаға айтылған ешқандай жазғыруды таба алмаймыз.  Оған ол туралы айтылған сөздер белгілі емес еді ме?! Керісінше, белгілі еді, бұдан қалса, ол  «Раф’ маләм ‘ан әл-аимма әл-а’ләм» атты танымал кітап жазды. Ал ол кім туралы еді?! Ахмад, әш-Шафи’и, Малик және Абу Ханифа туралы.

Білім иелері ғалымдардың туын көтереді, адамдарды ғалымдардан теріс бұрмайды. Олар  имамдардың игі амалдарын атап кетеді де, олардың қателескен жерлері туралы үнсіз қалады. Өйткені адам ғалым болуы үшін барлық мәселеде хақ болуы және барлық нәрседе тақуа болуы шарт болып табылмайтыны белгілі. Бұл ғалымдардың шарты болып табылмайды, бұл пайғамбарлардың кемелдік шарттары. Ал ғалымдарға келер болсақ, онда олардың дұрыс сөздері көп болса әрі пайдасы көп болса, онда олар ғалымдар!” Тыңдаңыз: “Асилә «Кашф әш-шубухат»”.

 

Уа, мұсылмандар! Соншама ғасырлар бойы бүкіл ислам үмметі «бізде үш танымал мазхаб бар» дегенге  сеніп келгені, ал бүгін қандай да бір белгісіз құр-кеуде надандар: «Шынайы мазхабтар үшеу екен, ал Абу Ханифаның Сүннетке ешқандай қатысы жоқ», — деп мәлемдеп жатқандары сізге ерсі емес пе?!

Әрі егер осындай сөздерді тамырынан шаппасақ және осындай хабар тасушыларға есіктерді ашып берсек, онда олар ертең басқа да имамдарды айыптай бастамайтынына кепілдік қайда?!

Осы мақаланы имам әз-Захабидің кейбір пайдасы мол сөздерімен аяқтағымыз келеді:

“Ғалым болу үшін қате жібермеу шарт емес!” Қз.: “әс-Сияр” 4/173.

“Егер қандай да бір имам жеке мәселелерде дербес шешім шығарғанында кешірілуге тиісті қателіктермен қателескен әрбір жағдайда біз оған қарсы көтеріліп, бидғатта айыптап және онымен қатынасты үзетін болғанымызда, онда бізден Ибн Наср да, Ибн Мандах та, олардан жоғары болғандар да құтыла алмас еді”. Қз.: “әс-Сияр” 14/39.

“Бір уақытта өмір сүргендердің бірі туралы бірі айтатын сөздеріне назар бұрылмайды, әсіресе, егер саған осы сөздердің себептері жауласу, немесе мазхабқа жақтасушылық, немесе көре алмаушылық болғаны мәлім болса. Әрі бұдан Аллаһ қорғағаннан өзге ешкім құтыла алмайды. Және мен адамдар осыдан (бірін-бірі туралы айтылған сөздерден) аман болған қандай да бір ғасырды білмеймін, әрине, пайғамбарлар мен ізгілерден басқа! Ал егер мен қалағанымда, бұл туралы тіпті тұтас еңбектер жазар едім. Уа, Аллаһ!  «Жүректерімізге иман келтіргендерге қатысты жек көрушілік пен көреалмаушылық салма. Раббымыз! Ақиқатында, Сен тым Жұмсақ, ерекше Мейірімдісің» (әл-Хашыр 59: 10). Қз.: “Мизан әл-и’тидәл” 1/111.

 Әрі соңында әлемдердің Раббысы — Аллаһқа мадақ!

 

Сондай-ақ мына мақалаларды оқуды ұсынамыз:

  1. Имамның білім алу жолына шығуы
  2. Абу Мансур әл-Матуриди деген кім?
  3. Матуридилер әһлю-Суннаға жатады ма?


[1] Ханафилерден болған қазіргі замандағы шекке шыққандардың бірі.