Шейх Али бин Аби әл-’Изз әл-Ханафи

Имам әт-Тахауидің «Ақидасына» жазылған түсіндірмелердің бірінің авторы, ханафи мазхабының атақты ғалымы,  Ибн Абу-ль-’Изз деген атпен танылған Абу-ль-Хасан Али бин Аляуддин Али бин Шамсуддин Абу Абдуллаһ Мухаммад бин Шарафуддин Абу-ль-Баракат Мухаммад бин Иззудин Абу-ль-’Изз Салих бин Абу-ль-Изз бин Ухайб бин Ата бин Жубайр бин Жәбир бин Уахб, биограф ғалымдардың  бірауызды келісімі бойынша, 731 х.ж. 22 зуль-хижада әл-Азраада дүниеге келді, бірақ кейіннен Дамаск қаласына қоныс аударды.

Ол Дамаск қаласындағы ханафи мазхабының ұстанушыларына басшылық еткен, білімділігімен және тектілігімен танылған  отбасыдан еді. Бұл отбасыдан шыққан бірқатар ғалымдар қазы қызметін атқарып, пәтуа беретін және білім берумен де айналысатын.

Оның әкесі — Аляуддин Али бин Абу-ль-’Изз (746 х.ж. қайтыс болған) ханафи мазхабының қазысы еді. Атасы — Шамсуддин Абу Абдуллаһ Мухаммад бин Абу-ль-’Изз – жоғарғы қазы, шейх, ханафи мазхабын ұстанушылардың имамы және бірқатар ғылым салалары бойынша беделді кісілердің бірі болатын. Оның арғы-атасы, Мухаммад бин Абу-ль-’Изз Салих бин Абу-ль-’Изз (723 х.ж.) Дамаск қаласында қайтыс болған.

Ибн Абу-ль-’Изз осындай отбасыда, тәлім мен білімнің ортасында өсіп жетіледі, ал бұл Аллаһ оған берген тума қабілеттермен, білімге деген құштарлықпен және керемет есте сақтау қабілетімен бірге, оның ғылым мен танымдағы жоғары дәрежелерге жетуінде үлкен роль атқарды. Бұл оған сабақ беруге, құтпалар оқуға, кітаптар жазуға және ғылыми лауазымдарды иеленуге мүмкіндік берді, ал бұған тек ақыл-парасаты біліммен байытылған, білімде жетік және абыройлы адам ғана қол жеткізе алады.

Оның әкесі ханафи мазхабын ұстанушы болғандықтан, ол да осы мазхабты және оның мәселелерін мұқият оқып үйренді және ханафи мазхабының ең озық білгерлерінің біріне айналды. Бұл оның Дамаск пен Мысырда қазы лауазымына тағайындалуымен расталады.

Оның ханафи мазхабын ұстанғандығы

Ибн Абу-ль-’Изз, Аллаһ оны рақым етсін, мүшелері Абу Ханифа мазхабының ұстанушылары болған, одан қалса, көпшілік өкілдері ханафилердің қазылық лауазымдадарын иеленген отбасыда өсті. Ол әкесінің басшылығымен ханафи мазхабын жан-жақты оқып-үйренеді, ал бұл өз кезегінде оның қазы қызметін атқаруына және ханафи мазхабын оқытуға негізделген медреседе сабақ беруіне дайындайды. Алайда, Аллаһтың мейірімімен, содан соң өзінің туа біткен дара қабілеттерінің, ғалымдардың пікірлері жайында кең танымға ие болуының және  оларды егжей-тегжейлі оқып-үйренуінің, сондай-ақ оларды талдауға деген үлкен қабілетінің себебінен ол мазхабқа соқыр ілесушіліктен құтыла білді. Осылардың барлығы оған түрлі пікірлер мен мектептердің арасынан дәлелдерге және қайшылықтардың жоқтығына негізделген, ақиқат болып табылатындарын таңдауға мүмкіндік берді, тіпті бұл оның ұстанатын мазхабына қайшы келсе де.

Өзінің «әл-Иттиба» енбегінде, 88-бетте, ол былай дейді: «Пайдалы ілім-білімге ұмтылатын әрбір адам Аллаһтың Кітабын жаттап алуға және ол туралы ой шолуға міндетті, сондай-ақ ол шамасы жеткенше хадис жаттауға, оларды жақсы игеруге және олардың терең мағынасын ұғынуға міндетті.   Сонымен бірге ол араб тілін және оның синтаксисін үйренуі керек, бұл оның сөйлеген сөздерінің дұрыс болуы үшін және оған Құранды, Сүннетті және салиқалы саляфтардың (алғашқы буын өкілдерінің) олардың мағынасына қатысты пікірлерін білуі үшін.  Кейін ол шамасы жеткенінше ғалымдардың — сахабалардың және олардың ізбасарларының (табиғиндердің) – пікірлерін оқып-үйренуі қажет, әрі олардың қайсысын болса да өзгелерінен артық көрмеуге тиісті. Әрі қарай ол олардың бірауызды келіскен нәрселерінің шегінен шықпауы керек, әрі олардың пікірлері әртүрлі болған мәселелердегі олардың дәлелдерін зерттеуі қажет. Осымен бірге ол өзінің құмарлықтарына ілеспей, өзін соқыр фанатизмнен аулақ ұстауы қажет. Осыдан кейін Аллаһ ақиқат жолына салған адам ақиқат жолын табады, ал кімді Ол адасушылыққа салса – оны тура жолға салушы да, оған көмекші де жоқ».

Ол өз заманындағы мұсылмандардың басына түскен бытыраңқылықтың, келіспеушіліктің және әлсіздіктің себебі – бұл мазхабтарға соқыр түрде ілесу және әр мазхабтың ұстанушыларының өз мазхабын ғана дұрыс деп және барлық жеке мәселелерде тек өздерінің мазхабтарына ғана ілесу міндетті деп санаулары деп есептейтін. Сондай-ақ ол осы қарама-қайшылықтарды күшейтетін және оларды тұрақты және үзіліссіз сипатта болуына ықпал ететін тағы бір фактор – бұл медресеге мал-мүлкін мұраға тастап кететін адамдардың қойған шарттары деп санайтын. Олар  «осы медресе белгілі бір жамағаттың ғана иелігінде болуы қажет, ал басқа медресе – басқа бір жамағаттың ғана иелігінде болуы қажет» деген шарт қойып кететін, ал әрбір жамағат уақф мал-мүлкінен айырылып қалмас үшін, өздерінікіне ғана жабысып ұстанып, өзгелердікін теріске шығаратын. Бұл шарттарға қоса, «осындай шарттарды қою дұрыс» және «уақфтың негізін салушының пікірі (орындалуы жөнінен) Құран мен Сүннеттің мәтіндері сияқты» деген сенімдер пайда болды. Ал осы күмәнді нәрселер құмарлықтармен бірге қосылғанда, ауру күшейе түсті де, уақфтың кейбір надан негізін салушылары өздері белгілі бір жамағаттың немесе имамның соқыр ілесушілері болғандықтан, осылайша істейтін болды.  Олардың діни білімдерді жандандыру мақсаты өз негізінде дұрыс болатын, белгілі ғалымдарды осы уақфқа тағайындауы да дұрыс болатын. Алайда олардың уақфты тек белгілі жамағатқа немесе мазхабқа ғана бағыштауы қате еді, өйткені уақфтың негізін салушының шарттарын шариғат тұрғысынан қарау қажет, әрі оған сәйкес келетіндері алынуға тиісті де, оған қайшы келетіндерін тастау қажет, бұл туралы Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдарға не болған? Олар Аллаһтың Кітабында жоқ шарттарды қояды ма? Аллаһтың Кітабында жоқ әрбір шарт — өтірік, тіпті мұндай жүздеген шарттар  болса да?» — деп айтқанындай.

Сондай-ақ ол «қазыны тек белгілі бір мазхабтан ғана тағайындау бөліну мен келіспеушіліктерді күшейтеді, әрі дәл осы себептен адамдардың көптеген құқықтары бұзылуда, әрі белгілі бір имамның ғана пікіріне ілесу және бір пікірден екінші пікірге өте алмау адамдардың мүдделерінің орындалуын қамтамасыз етпейді» деп санайтын. Бөлінушілікке тыйым салу адамдарды бөлінушілікте бекітуден және олардың осыдағы қасарысуларын ынталандырудан маңыздырақ, өйткені әр мазхабтан бір қазы тағайындау Исламның бастапқы кезінде жоқ болатын. Бұл нәрсе тек хижраның 664 жылы әз-Захир Бейбарыс әмірлігінің тұсында орын алған еді.

Мұсылмандардың бөлінулерінің одан сайын өршуінің тағы бір факторы /себебі/ Меккенің Қасиетті Мешітінде, Дамасқ қаласындағы Умайя әулетінің мешітінде және басқа да кейбір мешіттерде әр мазхабтан бір имам тағайындалғандығы және әр имам тек белгілі бір үлгімен ғана намаз орындайтындығы да болып табылды.  Бірақ әр мешітте бір имамнан көп имам тағайындауға қарсы пікірге дәлел ретінде «салят әл-хауф» намазының, яғни қауіп төнген кезде намазды  жамағатпен орындау тәсілін келтіруге болады. Бұл намаз, намаз орындаумен сыйыспайтын іс-әрекеттердің болуына қарамастан, тек жамағатпен (бір имамға ұйып) орындалатындығы себепті әмір етілген болатын.

Сонымен мұсылмандардың бірлігінің әлсіреуіне және олардың жойылып кету қауіпіне алып келген бөлінудің ең маңызды факторлары: мазхабтарға соқыр ілесушілік, әрбір мазхабқа бөлек оқу орындарын құру, төрт мазхабтан бөлек-бөлек қазылар тағайындау, сондай-ақ мешіттерде әрбір мазхабқа бөлек имам тағайындау.

Ол иеленген ғылыми лауазымдар

Түсіндірме авторының өмірі ғылым саласындағы және оған сабақ беру мен ғылыми еңбектер жазу түрінде көрініс табатын қызмет етуде игі және жемісті тырысуларға толы болатын, әрі біз оның қызметінің сатыларын биограф ғалымдардың еңбектерін пайдалану арқылы байқай аламыз:

1. 748 х.ж. – «әл-Қимазийя» ханафи медресесінде, ары кетсе он жеті жасында сабақ беруді бастады;

2. 777 х.ж. – «әл-Рукнийя» ханафи медресесінде сабақ бере бастады;

3. 784 х.ж., раби’-әл-ахир айы – әл-Хумам атты ханафи қазысы қайтыс болған соң, «әл-Азийа әл-баранийя» медресесінде сабақ бере бастады;

4. «әл-Жаухарийя» ханафи медресесінде ұстаздық қызметін атқарды.

Шейх тек ханафи медреселерінде ханафи мазхабын ғана оқытумен шектелген жоқ деп тұжырым жасауға әбден болады, бұдан тыс ол «әл-Азийа» деген медреседе сабақ берді, ал оның негізін салушы уақф ретінде бұл медресені түрлі ғылымдарда түрлі мазхабтарды ұстанушыларға арнаған болатын. Бұл оның уақфтың негізін салушының шарттарын, егер олар Құран мен Сүннетке қайшы келсе, ұстану міндетті болып табылмайды деген пікірді ұстанғанымен түсіндіріледі, өйткені ол уақфты белгілі бір жамағатқа ғана бағыштау мынандай бірнеше себептермен дұрыс емес деп санайтын:

а) Бұл мұсылмандардың арасындағы бөлінушілік пен бытыраңқылықты күшейтудің себебі болып табылады;

б) Бұл медреседе сабақ беретін оқытушы уақф арналған мазхабты ғана оқытумен шектеледі. Ал осындай жағдай оны тек бір мазхабты ғана терең оқып-зерттеуге және қате болса да, мазхабтың пікірінде табанды түрде тұрып алуға және сын көтермейтін дәйектер қолданып,  оны соқыр түрде ұстануға мәжбүрлейді;

в) Осындай медреселердің оқушылары тек белгілі бір мазхабты ғана оқып, мазхабқа  соқыр ілесушілікте одан сайын тереңдей түседі, ал бұл олардың бойындағы сын тұрғысынан ойлау, талдау және саналы таңдау жасау қабілеттерінің дамуын әлсіретеді. Сөйтіп, олар омір бойы тек соқыр түрде ілесушілер болып қала береді.

Ол өзінің сабақтарында кейбір мәселелер бойынша әртүрлі имамдардың дәлелдері мен дәйектерін  сөзбе-сөз айтып, оларды талдап және арасынан ең дұрыс, ең дәйекті және Құран мен Сүннеттің мәтіндеріне ең жақын болғандарын  таңдап,  олардың пікірлерін келтірген болуы әбден ықтимал. Бұл оқушыларда дінді дұрыс түсіну қабілетін тәрбиелеуге мүмкіндік беретін, әрі соқыр еліктеуден Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәйектерге негізделген ілесушілікке жетелейтін және оларды жеке тұлға ретінде қалыптастыратын.

5. Шейх «әл-Афрам» мешітінде хатыб (құтпашы) қызметін атқаратын. Ол құтпаның адамдардың Ислам туралы білімдерін арттыру үшін маңызы  мол екенін, қоғамдық пікірді қалыптастыратынын және оны дұрыс бағытта қозғалтатынын жақсы түсінетін.

6. «әл-Бәлка» гарнизонының хатыб-хасбан қызметін атқарған;

7. 776 х.ж. Мысырдың қазысы қызметіне ауыстырылған Нажмуддин деген немере ағасының орнына Дамаск қаласының ханафи қазысы қызметіне тағайындалды. Оның немере ағасы қазы қызметінен босап, Дамаск қаласына қайта оралған соң, жүз күннен кейін, ол сол жылдың джумада әл-ахира айында Мысырдың ханафи қазысы қызметіне тағайындалды. Бұл лауазымды ол екі айдай атқарды, сосын қызметтен кетуге сұранып, босатылғаннан кейін «әл-Қимазийа», «әл-Жаухарийа» медреселерінде ұстаздық қызметін атқару үшін Дамаск қаласына қайта оралды.

Оның ғылыми еңбектері

Биограф ғалымдар оның бірқатар ғылыми еңбектерін атап өткен, олардың кейбіреулері төменде келтіріледі:

1. «Имам ат-Тахауидің «Ақидасына» түсіндірме». Ол түсіндірме терең және жан-жақты зерттеулерді және ислам сенім жүйесін салиқалы алдыңғы буын өкілдері (саляфтар) салып кеткен ұстанымдарға сәйкес келетін жолмен бірегей және егжей-тегжейлі оқып білуді қамтыған.

2. «Танбих алә мушкиләт әл-хидайя» («әл-Хидаяның» келелі мәселелеріне нұсқау»), бұл кітап туралы әс-Сахауи және басқалар айтып кеткен.

3. Бірқатар құқықтық сұрақтарға жауаптары бар шығарма; бұл кітаптың сипаттамасында былай деп жазылған: «Бұл еңбек – өзіне басқа мазхабтың имамына ілесудің заңдылығы туралы зерттеуді, жұма намазынан кейін оқылатын төрт ракағат намазға қатысты үкім-ережелерді, дәрет алу барысында киімге тиген суға қатысты үкім-ережелерді қамтыған қызықты және маңызды ескерту. Оның авторы – кітапты өте тамаша жазған және өзінің жазу жолдарымен пайда келтірген шейх, атақты ғалым және зерттеуші Али бин Али бин Мухаммад бин Мухаммад бин Абу-ль-Изз әл-Ханафи, Аллаһ оны рақым етсін».

4. «Ән-нур әл-лами фи ма йа’малу бихи фи-ль-жами», бұл кітапта Умайя әулетінің мешіті және онда болып жатқан істер туралы айтылады.

5. «Әл-иттиба», екі рет басылып шығарылды, бірінші рет Дахорда (Пәкістан) 1401 х.ж., және екінші рет Амманда 1405 х.ж.. Бұл кітап шейхтың замандасы болған Акмалюддин Мухаммад бин Махмуд бин Ахмад әл-Ханафидің (786 х.ж. қайтыс болды), онда ол  Абу Ханифаның, Аллаһ оны рақым етсін, пікіріне ілесу туралы айтқан, шығармасына қарсы жазылған еңбек болып табылады. Ибн Абу-ль-Изз тыйым салынған бытыраңқылықтың және опасыз құмарлықтардың қауіптілігі туралы ескертіп және бұл кітапта бірнеше даулы мәселелерді тауып, оларға нұсқаған болатын, әрі осыны ол өнегелі түрде атқарды. Осыда пікірталас жүргізудің әдебін, дәлелдердің күшін және дүниетанымының кеңдігін көрсетіп, соқыр ілесушіліктен өзін аулақ ұстап, жүректерді біріктіруге және күмәндарды таратып жіберуге тырысып, ғылыми тәсілді ұстанды.

Али ибн Абу Джа’фар Ибн Абу-ль-Изз 792 х.ж. зуль-қа’да айында қайтыс болды және Касиюн тауының етегіне жерленді, Аллаһ оны рақым етсін және кең Рақымына бөлесін…

Сондай-ақ мыналарды оқуды ұсынамыз:

1. Имам әт-Тахауидің, Аллаһ оны рақым етсін, өмірбаяны

2.                 Имамның мазхабының таралуы