Ақида

Қабір-кесене-мазарларға, әруақ-әулиелер мен киелерге сиыну – қазақ халқын опат болуға алып баратын жол

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

Оқырмандарымыздың назарына сайтымыздың  редакциясы тарапынан құрастырылған «Қабір-кесене-мазарларға, әруақ-әулиелер мен киелерге сиыну – қазақ халқын опат ететін жол» атты көлемді әрі Аллаһ қаласа пайдалы еңбегін ұсынамыз.

Кітап Түркістандағы, Бекет Атадағы, басқа да жерлердегі қабірлерге, әруақтарға, әулиелерге,  жалған қасиетті орындарға және киелерге сиыну  рәсімдері жалғыз Аллаһқа ғана құлшылық етуді насихаттайтын Ислам дініне қайшы келетінін Құран мен Сүннет мәтіндеріне және ханафи мәзһабының ғалымдарының сөздеріне сүйеніп, ғылыми түрде дәлелдеп береді және сол жерлерде орын алып жатқан келеңсіз құбылыстардың көпқұдайшыл және дінбұзар мәнін түсіндіреді. Аллаһтан осы еңбегімізді өзімізге де, қазақ тілді мұсылман бауырларымызға да пайдалы етуін сұраймыз. Аллаһ Тағала халқымызды көпқұдайшылық пен бидғаттардан және соларды таратып жүрген дінбұзарлардан сақтасын, бірқұдайшылықты ұстанып, екі дүниеде де игілікке жетуімізді нәсіп етсін.

Кітаптың толық нұсқасын мына сілтеме арқылы жүктеп алуға болады.

«Мешіттер (сәжде жасайтын орындар) тек Аллаһқа ғана тән, сондықтан да Аллаһпен бірге ешкімге дұға (құлшылық) етпеңдер!» (Құран: «Жын» сүресі, 18-аят)

«Тілесең, Аллаһтан ғана тіле!» (Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өсиеттерінен)

«Аллаһқа тек Оның Өзі арқылы ғана дұға етіп жалбарыну керек» (Имам Абу Ханифа)

«Жаратушы тұрғанда, жаратылғаннан не сұрайсың?!» (Абай)

 

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен.

Кіріспе

Ақиқатында, бүкіл мақтауға бір Аллаһ қана лайық.  Біз жалғыз Оны ғана мадақтаймыз, Одан ғана көмек пен кешірім сұраймыз.  Бір Аллаһтан ғана өзіміздің нәпсіміздің және жаман істеріміздің кесірінен пана сұраймыз. Аллаһ Тағала кімді тура жолға салса, оны ешкім адастыра алмайды. Ал кімді Аллаһ Тағала қолдаусыз қалдырса, сол міндетті түрде адасады және өзіне көмекші таба алмайды.

Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ екендігіне куәлік береміз, әрі Мухаммад – Оның құлы әрі елшісі екеніне де куәлік береміз.

Расында, ең ақиқат сөздер – бұл Аллаһтың Сөздері, ал ең тура жол – Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолы. Ал ең жаман істер – бұл осы дінге енгізілген жаңалықтар, өйткені діндегі әрбір жаңалық – бидғат, әрбір бидғат – адасушылық, ал әрбір адасушылық – Отта.

Одан кейін:

Аллаһ Тағала Өзінің рахымымен және жомарттығымен бізге шариғи білім алу, Оның мінсіз-кемел дінін тану және сол білімдерге сәйкес өмір сүру мүмкіндігін берді.  Білім ізденудің және Сүннетті  оқып-үйренудің жолында мығым тұрған әрбір адам жер бетінде бізге бұйырылған бақыттан үлкен бақыт жоқ екенін біледі. Аллаһ Тағаладан бізге осы бақытымызды арттыруын және берекелі етуін сұраймыз.

Сонымен қоса, Аллаһ Тағала біздің осындай қауіп-қатерлі уақиғалар көз алдымызда өрбіп жатқан әрі біз оларға көз жұма қарап отыра алмайтын заманда өмір сүруімізді қалады.

Ұлы имамдардың және  осы үмметтің алғашқы және кейінгі буын өкілдерінен болған жетекшілерінің кітаптарымен таныс әрбір кісі бидғаттардың өршуі екі жолмен іске асатынын біледі.  Бидғат не жасырын сипатқа ие болып, қауіп төндірмейді және кең таралмаған болады, не нық-нық басып, екпінді түрде дамып, барған сайын өз шырмауына түскен адамдардың санын көбейте береді.

Бидғаттардың бірінші түріне келер болсақ, оның мәнін түсіндіруге және одан сақтандыруға деген қажеттілік жоқ, бұдан қалса, бұған түсіндірме беру қателік болып табылады, өйткені адамдардың назарын ешбір қажетсіз осы бидғатқа бұрады да, оның ауқымын кеңейте түседі.

Бидғаттардың екінші түрі туралы айтар болсақ, онда олардың шыққан көзі, мәні мен қауіпі туралы түсіндіру осыған жеткілікті білімі бар әрбір кісіге міндетті болып табылады. Аллаһ былай деді: «Әй, мүміндер! Аллаһ үшін куәлікте туралық үстінде мықты тұрыңдар. Және бір елдің өшпенділігі сендерді әділсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ. Және Аллаһтан қорқыңдар. Күдіксіз, Аллаһ не істегендеріңнен толық хабар алушы» («әл-Мәида» сүресі, 5:8).

Ол сондай-ақ былай деп айтты: Аллаһ Кітап берілгендерден: «Әлбетте оны адамдарға түсіндіресіңдер әрі жасырмайсыңдар!», — деп сенім (уәде) алған. Дегенмен, олар оны арт жақтарына тастады. Әрі олар оны аз бір бағаға айырбастап алды. Сонда олар нендей жаман нәрсе сатып алды!” («Әли-Имран» сүресі, 3:187).

Үлкен өкінішке орай, біз Отанымызда шектен шыққан сопылықтың идеяларының таралуымен сынаққа түскен болып отырмыз, ал бұл идеялар аумақтың тұрақтылығына бір қарағанда көрінетінінен әжептеуір ауқымды қауіп-қатер төндіруде. Олардың қауіптілігіне тек діни білімге ие және осы идеялар таралған  және өз дамуын тапқан аймақтарда  бұрын қандай құбылыстар орын алғанын және орын алып жатқанын талдап-сараптайтын адам ғана дұрыс және нағыз баға бере алады.

Аллаһ Тағала бізді бір-ақ ұлы мақсат үшін жаратты, Ол бұл туралы Өзінің Кітабында былай деп айтқанындай: «Мен жындар мен адамдарды тек Өзіме құлшылық  етулері үшін жараттым» («әз-Зәрият» сүресі, 51:56). Ал кім өзін осы мақсатты іске асырудан ауытқызатын жолдарға түссе, Аллаһ Тағала оның өмір-тіршілігін тар етеді де, басын бақытсыздыққа салып, қор қылады.

Аллаһ былай деді: «Ал егер сендерге Мен тарапымнан бір тура басшылық келсе, онда кім тура жолыма ілессе, ол адаспайды да, бақытсыздық кешпейді. Ал кім Ескертуімнен бет бұрса, сонда, күдіксіз, оған бір ауыр өмір болады. Сондай-ақ Қияметте оны соқыр түрде қайта тірілтеміз» («Та-Ха» сүресі, 20:123-124).

Ол сондай-ақ былай деді: «Аллаһпен бірге басқа ешбір құдайға құлшылық етпе! Әйтпесе қорланған және тасталған түрде қаласың» («әл-Исра» сүресі, 17:22).

Егер қандай да бір қауым (халық) бірқұдайшылықтан ауытқып, көпқұдайшылық пен пұтқа табынушылықтың түрлі көріністерін өмір-тіршілігіне енгізе бастаса және осыда бекемдей түссе, онда оны табиғи катаклизм-апаттар, экономикалық және саяси тоқыраулар, сондай-ақ соғыстар мен ішкі тәртіпсіздіктер түрінде көрініс табатын ауыр күйзелістер күтеді. Бұл Аллаһ Тағаланың жаратылыстарындағы өзгермейтін заңы. Кім Аллаһ Тағаланың Ауғанстанға, Иракқа, Кавказ жеріне, сондай-ақ бүгінгі Мысырға, Йеменге және Ливияға жіберген күйзелістеріне назар салса, сол: «Неліктен мұның барлығы мұсылмандардың жерлерінде орын алуда?», — деп сұрақ қоймауы екіталай.   Ал бұл сұраққа жауап осы жерлерді мекендейтін адамдар шектен шыққан мистикалық сопылықты ұстанатындықтарында. Бұл жерлер кесенелер мен мазарларға, өлген адамдарға жалбарынуға, ізгі адамдардың қабірлеріне арнап құрбан шалуға және оларға нәзір беруге және көпқұдайшылықтың басқа да сол сияқты көріністеріне толып біткен.

Ал егер посткеңестік республикалар туралы айтар болсақ, онда Ресейдің, Бұхара мен Түркістанның жерлері туралы ханафи мәзһабының имамы әл-Хужанди былай деген: «Аллаһ Тағала құдайсыз коммунизмнің осы жерлерде жеңіске жетуіне жол бергенінің себебі оларда көпқұдайшылық пен қабірлерге табыну кең таралғандығында». Қз.: «Хукму-Ллаһи әл-Ахад әс-Самад», 30-31 беттер.

Ал бүгінгі күнге келер болсақ, қабірлерге табыну бәлесі, мистикалық сенімдер мен артта қалған пұтқа табынушылықтың рәсімдері біздің жерлерімізге қайта оралуда. Оларды белсенді түрде енгізумен және таратумен өздерінің өтірікшілігімен, жағымпаздығымен және жауыздығымен танылған сопылықтың өкілдері айналысуда.   Олар туралы ханафи имамы Шукри әл-Алюси (1342 һ/ж) шындықты айтып, былай деді: «Кабірлерге табынушылар жеткен надандықтың және Аллаһқа, Оның Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және тұтас үмметке өтірік жапсырудың соншалықты деңгейіне тіпті хауариждер мен рафидилер де жете алмағанына күмән жоқ». Қз.: «Ғаят ул-Амани» 1/215.

Олардың өтірікшілігі келесі нәрселерде көрініс табады:

1. Өздерінің идеяларын ұтымды тарату үшін олар қасқыр Юсуфтың көйлегіндегі қанға қандай қатыссыз болса, идеологиялық мәселелерде сопылыққа (суфизмге) тура солай қатысы жоқ ханафи мәзһабына өздерін және өздерінің идеяларын белсенді түрде телиді. Оқырман осыған көз жеткізу үшін мен осы еңбекті ханафи мәзһабы имамдарының айтқан сөздерімен және дәйексөздерімен толтырдым, ал кейбір тарауларда тек солармен ғана шектеліп қойдым. Ал имам Абу Ханифаның өзіне, оның шәкірттеріне және ханафилердің алғашқы буын ғалымдарына келер болсақ, олардың бұл туралы айтқан сөздері аз әрі сирек, өйткені Исламның алғашқы ғасырларында қабірлерге табынушылық жоқ болатын. Ал кейінгі ұрпақтың ханафи ғалымдары жайлы айтар болсақ, мен өзім үшін олардың кітаптары мен еңбектері жиі жағдайда шектен шыққан сопылардың адасушылықтарын ел «уаһһабилердің жетекшілері» деп атайтын діндарлардан да қаталырақ, ауқымдырақ және шешенді түрде теріске шығаратынын таң қалып аштым.

2. Біздің аймағымыздың сопыларының оңбағандығы олардың қазіргі кезде «сәләфилік» және «сәләфилер» деген терминдерді белсенді түрде қолданып, оған өздеріне ұнамайтындардың бәрін қосатынында да көрініс табуда.  Әрине, олар мұны сәләфилерден басқа ешкім олардың жолына қарсы тұра алмайтындығын, ақиқат сөзін айта алмайтындығын және олардың өтірік болмысын әшкерелей алмайтындығын өте жақсы түсінгендіктен істейді. Осы орайда олар биліктің және құқық қорғау органдарының қолдауына қол жеткізу үшін  қасақана түрде өзара үйлеспейтін нәрселерді араластырады. Олар республикада таралған «Хизб ут-Тахрир», «Такфир» (басқаша айтқанда «хауариждер»), «Жиһад және Һижра», «Жама`ат Таблиғ», «Ихуан ул-Муслимун», «Сурурилер», «Саид Нурсишілер», «Сулайманшылар» сияқты басқа да кез-келген құпия партиялар мен ағымдарға сәләфилердің ешқандай қатысы жоқ екендігін және сәләфилер олардан бас тартатынын өте жақсы біледі.

Олар сәләфилік жолдың жарылыстарға, төңкерістерге, шерулерге, билікті күштеп алуға және оған таласуға, ереуілдерге, жазықсыз адамдарды кепілдікке алуға және өлтіруге және тағы да сол сияқты тәртіпсіздіктерге қатысы жоқ екендігі туралы хабардар. Бұдан қалса, жоғарыда аталғандардың барлығына тыйым салынғандығы туралы және осы секталар мен партиялардың барлығынан сақтандыру туралы сәләфилердің жазған еңбектері орыс және қазақ тілді мұсылмандарға жақсы белгілі, ал бұл Аллаһтың қалауымен көптеген мұсылмандардың осы адасушылықтан шығуларына себеп болды.

Сондай-ақ …Түркістанды да, республикамыздың басқа елді-мекендерін де абаттандыруда, егер мұның барлығы дінмен яғни осы жерлерде Исламға телініп жасалатын, бірақ оған қайшы келетін көпқұдайшылық сипаттағы рәсімдерді орындаумен байланысты болмаса, біз ешқандай жаман нәрсе көріп тұрмағанымызды атап кету қажет. Мұның барлығы республикамызда өмір сүруші мұсылман халықтарының тыныс-тіршілігіне қажетсіз қарама-қарсылықтар мен егестердің (конфликттердің) себебі болатын түрлі шектен шыққан, фанатикалық көзқарастар мен идеяларды салтына сіңірмей, тұрақты және тыныш дамуы үшін қажет.