Ақида,  Бұрмалаулар

Адамдардың кейбір заттар, жерлер және уақыттар физикалық тұрғыдан берекеге ие (табарак) деген сенімдері

Оқырмандарымызға «Қабір-кесене-мазарларға, әруақ-әулиелер мен киелерге сиыну – қазақ халқын опат болуға алып баратын жол» атты кітабының оныншы тарауын ұсынамыз.

Жүктеп алу.

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

Көпқұдайшылықтың келесі көптеген сатыларының пайда болуының себебі Құран мен Сүннетте дәлел болмаса да, адамдардың «кейбір заттар, жерлер немесе уақыттар  құт-берекеге ие және берекелді» деген сенімдері болып табылады.

Көптеген адамдар егер жердің қандай да бір бөлігінде әлдебір кезде қандай да бір атаулы оқиғалар орын алған болса (мысалы, маңызды шайқастағы жеңіс немесе бір салиқалы адамның осы жерде өмір сүріп ғибадат етуі), онда осы жер киелі және қасиетті болып, иләһи (құдайлық) құт-берекеге ие болады деп тұжырымдайды. Тура сол қате тұжырым басқа да: тастар, ағаштар, ғимараттар, құдықтар, өзендер, бұлақтар, жартастар, т.с.с. – заттарға да қатысты қолданылады.  Көпшілік егер белгілі бір ағашты салиқалы немесе ұлы кісі отырғызған болса немесе әлдебір қабірде ұлы діни қайраткер тұлға жерленген болса, онда бұл заттар айналасындағыларға, егер адамдар оларды сипаса немесе денесін тигізсе немесе олардың қасында тұрса, иләһи (құдайлық) құт-береке, тылсым игілік сыйлай алатын қасиетке ие болады деп тұжырымдайды.

Бұл сенімдердің негізінде адамдардың белгілі бір жер немесе ағаш муғжизалы, әулиелі; пәлен өзен немесе бұлақ ауруға шипа беретіндей қасиетті деген ата-бабаларынан естіп алған түрлі әңгіме-қиссалары мен ертегі-аңыздары жатыр. Сондай-ақ мұндай сенімдердің көбі өз бастауын жалған хадистерден де алады. Бұған мысал ретінде мына хадисті келтіруге болады: «Егер сендерден біреу тас туралы жақсы ойласа, Аллаһ оны ол үшін пайдалы етеді» (хадис өтірік, иснады жоқ; әл-‘Ажлюни «Кашф ул-Хафа» 2/152).

Қадірменді оқырман, әрине, мұндай жайттармен кездескен болар. Мұндай нәрселер қандай да бір туысқаның туристік сапардан оралып, бір нәрсені, мысалы, теңіз бақалшығын сыйлаған кезде жиі орын алады. Осы орайда ол: «Бұл бақалшық сенің тұмарың болуы керек, өйткені ол жай бақалшық емес», — дегендей сөздерді айтады. Алайда бұл бақалшық осы тәрізді басқа да миллиардтаған бақалшықтардан несімен ерекшелене қойды екен?!

Ал осындай сенімдер араларында алғаш болып тараған қауым ежелгі гректер болса керек. Олардың басына бір ауыртпалық түссе олар қабірлерге, мысалы, Аристотельдің қабіріне, баратын да, оның қабірінен өздеріне бір құт-береке келеді (қонады)  деген сеніммен оның айналасына шоғырланып отыратын. Қз.: «Жухуд ‘уләма әл-ханафия» 1586-1587 беттер. Тура осы көріністі Арыстан Баб, Қарахан Баба, Бекет Ата, Райымбек Ата қабірінің немесе ғибадат орнына айналған басқа да қабірлердің айналасына отырып алып, осыдан құт-береке немесе басқа да тылсым игіліктер күтетін біздің отандастарымыздың әрекеттерінен көруге болады.

Кейін өздерін Исламға телитін түрлі пәлсапашылар (философтар) келді де, гректерден осы идеологияны қабылдап алды.  Олардың арасында әл-Фараби (339 һ/ж), Ибн Сина (428 һ/ж), сондай-ақ солар тәрізді әр-Рази, Тафтазани, ән-Набхани және Кәусари бар. Олардың идеясы жалпы алғанда мына екі нәрсені қамтыған: ұлы адам қайтыс болғаннан кейін де Аллаһ алдында құрметті және Оған жақын болуы себепті  оның рухы Аллаһтан береке алып тұра береді. Сондықтан да егер біреу-міреу оның қабірін зиярат етсе, сол береке оған да қонады. Бұл құбылыстың мысалы айна күннің сәулелерін шағылыстыратыны секілді. Сондықтан да басқа еш нәрсеге көңілді бұрмастан, зейінді жерленген кісіге шоғырландыру керек және жүректі тек соған ғана бағыттау қажет, соның нәтижесінде құт-береке молырақ түседі-мыс.

Осы пәлсапашылардың басым бөлігі ханафи мәзһабына телінген болғандығы себепті тура сол сияқты Түркістанға, Бекет Атаға немесе басқа да осы тәрізді жерлерге сапар ұйымдастырушылар да өздерін ханафи мәзһабына телитіндері сияқты дәл ханафи мәзһабының ғалымдары осы жалған идеологияны теріске шығарудың жауапкершілігін өз мойындарына алды. Олардың арасында имам Уалиуллаһ әд-Дахләуи (Қз.: «Хужжату-Ллаһил балиға» 1/61), сондай-ақ имам Ибн Абил ‘Изз бар (Қз.: «Шарх ‘ақида әт-Тахауия» 21-бет).

Имам Ибн Абил ‘Изз былай деген: «Тәуассулдің (Аллаһтан тілеуде белгілі бір нәрсені дәнекер етудің) бұл түрі арабтар мен үнділерден, түркілер мен берберлерден болған өзге мүшриктердің көпқұдайшылығының негізі болып табылады».

Олардың арасында сондай-ақ осыны «көпқұдайшылдардың дінінің негізі» деп атаған имам Ну’ман әл-Алюси де (Қз.: «Жәлә ул-‘айнайн» 444-бет),  сондай-ақ ханафи мәзһабының басқа имамдары да бар. Қз.: «Жухуд ‘уләмә әл-ханафия» 1281-1309 беттер, сондай-ақ «әл-Қа’ида әл-Жәлилә» 81-82 беттер.

Ал бүгінгі күнге келер болсақ, бұл идеологияны өз бойларында сопылардың дьюбандия тариқатының өкілдері алып жүреді. Қз.: «әс-Сауних әл-Қасимия» 332-333 беттер. Олардан асқан адасқандарды табудың өзі оңай іс емес. Мысалы, олар салиқалы адамның («әулиенің») кесенесі Қағбадан да, тіпті Аллаһтың Аршы мен Күрсиінен де құрметтірек деп есептейді.  Олардың бұл идеологиясын «Зубдат ул-мәнасиқ» кітабында (58-бет) кездестіруге болады.  Қз.: «Таммат әд-Дьюбандия» 635-662 беттер. Сондай-ақ дәл осы идеология ғаламшарларға (жұлдыздарға) сиынатын пұтқа табынушылардың дінінің негізі болып табылады.  Олар сондай-ақ рух пен ғаламшардың арасында тығыз тылсым байланыс бар екендігіне және көзге көрінбейтін арналар арқылы рухқа ғаламшарлардың құт-берекесі өтетіндігіне сенеді. Сондықтан да көптеген халықтарда ғаламшарларға, жұлдыздарға сиынуды, осы ғаламшарлардың аттарымен өздерін атауды, олардың мүсіндері мен бейнелерін кездестіруге болады. Олардың сенімдеріне сәйкес, бұл мүсіндер ғаламшарлардың құт-берекесін магнит секілді тартып тұратын «спутниктік антенна» қызметін атқарады да, сонысымен осы арнаны күшейтіп арттырады.

Ал қабірге табынушылардың сенімінде қабірлер мен «әулиелер» де тура осы рөлді атқарады. Дәл сондықтан да қабірге табынушылар үнемі қабірлердің басына кесенелер, мешіттер және басқа да ғимарат-құрылыстар соғуға ұмтылады. Бұл Құдайдан түсетін құт-берекенің мөлшері барынша үлкен көлемді болу үшін жасалады.  Ханафи имамы әл-Баркауидің «Зиярат ул-қубур»  кітабын (27-29 беттер) қараңыз.

Егер осының барлығы, құрметті оқырман, сізді таң қалдырған болса, онда осылар сопылық тариқаттар тамырын жайып, ел ішіне адасушылық сенімдерін  әбден сіңіріп тастаған біздің елімізде ғана емес, Өзбекстанда, Түрікменстанда, Дағыстанда, тіпті бүкіл посткеңестік кеңістікте ғасырлар бойы өркендеп жатыр.   Енді тамырын жайған бұл індетті кейбіреулер бүкіл ел ішінде орнатуға тырысып жүрсе, біздің көптеген молдасымақтарымыз шырақшылардың шырмауына, әруақшылардың арбауына, әулиесымақтардың алдауына түсіп, тәуіптерден тәлім алып, мерттерден медет, демсіздерден демеу, бақилықтардан бақ тілеп, Раббысын, дінін, Пайғамбарын танымай жүрген отандастарымызға осылардың барлығы «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» деген куәлікке қайшы келетіндігін түсіндірудің орнына, мұны үнсіздігімен құптап, тіпті «фитна болмасын» деген сылтауын да айтып жатады. Ал көпқұдайшылықтан асқан фитна бар ма?!  Аллаһ Тағала бізге бұл індетпен күресуге көмектессін!

Аллаһ былай деді: «Сонда олардың күнәкарларының сазайын тарттырдық. Сондай-ақ мүміндерге жәрдем ету бізге міндет» («Рум» сүресі, 30:47).

Сөйтіп, біз мұны алдында да айтып кеткеніміздей, осы сияқты сенімдерден көпқұдайшылықты енгізудің сатылары туралы тарауда түсіндірілген 3-7 сатыларында көрсетілген көпқұдайшылыққа жетелейтін жолдар келіп ашылады. Осы сатылардың әрқайсысын жеке жан-жақты түсіндіруден бұрын қандай да бір жерлерде, заттарда, уақыттарда құдайлық (иләһи) құт-берекенің  болуы және оның адамдарға өтуі (қонуы) туралы сенімдерге қатысты жалпы ережелерді түсіндіріп өту қажет.

1-Бөлім. Мәселеге қатысты терминдерді түсіндіру

Ең басында осы мәселеге қатысты терминдерді түсіндіруге тырысамыз.

1) «Барака» (береке, игілік, құт) – бұл қандай да бір нәрседе үнемі ұлғайып-өсетін және көбейетін немесе тым болмағанда азаймайтын көп мөлшердегі игілік пен пайданың тұрақты түрде болуы. Сондай-ақ береке (барака) – бұл игі жемістер мен нәтижелер беретін нәрсе.[1]

2) «Табрик» – шариғатта екі мағынада келеді:

а) Бір адамның басқа адам үшін Аллаһтан береке тілеуі.

б) Аллаһ Тағала Өзінің қандай да бір жаратылысын игілік-берекеге бөлеуі.

3) «Табаррук» — бұл қандай да бір нәрсе (зат) арқылы игілік-береке іздеу және оны қабылдап алуға ұмтылу.

4) «Мубәрак» — өзіне игілік-береке қамтыған қандай да бір нәрсе немесе  әлдекім.

Бұл анықтамалардың барлығы Ибн Фаристың «Му’жәм макаис әл-Люға» кітабынан, «Лисан әл-‘Арабтан», «әл-Қамус әл-Мухиттан» алынған.

2-Бөлім. Бүкіл игілік, жақсылық және құт-береке жалғыз Аллаһтың Қолында

Бөлімнің тақырыбында аталған сөз осы тараудың ең маңызды негіздерінің бірін қамтиды. Егер оқырман оны игеріп (ұғып) алса, онда Аллаһтың қалауымен көптеген өтірік сенімдерге тосқауыл қоя алады. Аллаһ Тағала былай деді: (Мухаммад): «Уа, мүлік Иесі АллаҺ! Кімге қаласаң мүлік бересің де, кімнен қаласаң дәулетті аласың. Сондай-ақ кімді қаласаң ардақтайсың да, кімді қаласаң қорлайсың. Жақсылық Сенің Қолыңда. Шәксіз, әр нәрсеге Күшің жетеді», — деп айт” («Әли Имран» сүресі, 3:26).

Ол сондай-ақ: «Сендердегі әр нығмет Аллаһтан» («ән-Нәхл» сүресі, 16:53), — деді.

Тағы да Ол былай  деді: (Мухаммад): «Шын мәнінде кеңшілік Аллаһтың Қолында, Ол кімді қаласа соған береді. Сондай-ақ Аллаһ аса Кең, әр нәрсені Білуші», — деп айт(«Әли Имран» сүресі, 3:73).

Сондай-ақ: «Көрдіңдер ме? Рас, Аллаһ сендерге көктердегі, жердегі нәрселерді бой ұсындырды. Және сендерге көрнеу, көмес нығметтерін толықтастырды» («Лұқман» сүресі, 31:20), — деді.

Тағы Ол: «Аллаһтың нығыметтерін санасаңдар санына жете алмайсыңдар. Рас, Аллаһ өте Жарылқаушы, ерекше Мейірімді» («ән-Нәхл» сүресі, 16:18), — деп айтты.

‘Али Ибн Аби Талиб Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түнгі таһажжуд намазына тұрған кезінде былай деп айтатынын жеткізген: «Мен жүзімді Көктер мен жерді Жаратқанға қараттым. Міне, мен Сенің алдыңдамын және Саған қызмет етуге бақыттымын; барлық игілік Сенің Қолыңда, ал жамандық – Сенен емес; Сен Игісің және Аса Жоғарысың, және мен Сенен кешірім сұрап, Саған тәубе келтіремін!» (хадис сенімді (сахих); Муслим (771)-201).

Сондықтан да егер игілік пен берекенің барлығы жалғыз Аллаһтың Қолында болса, олардың адамдарда болуы мен тұрақталуы да жалғыз Аллаһтан ғана. Аллаһтың барлық жаратылыстары тек Аллаһтан ғана ризықтанады және өздері мұқтаж болған игіліктер мен нығметтерді алады (бұған адамдар, жындар, періштелер, барлық жанды және жансыз мақлұқаттар: жануарлар да, тастар да, ағаштар да, басқа нәрселердің барлығы да – жатады). Барлық жаратылыстар түгелімен Аллаһқа үнемі мұқтаж болып тұрады, әрі егер Ол игілігі мен нығметтерін бір сәтке болса да тоқтатса, барлық нәрсе өледі.

Аллаһтың сипаттарының бірі — «Табаарак», әрі оның мағынасының бірі «барлық игіліктер тек жалғыз Одан ғана келеді» дегенді білдіреді.

Дәл сондықтан да Құранның қайсыбір аятында болса да «барака» (игілік, береке, құт) сөзі келсе, ол міндетті түрде Аллаһқа телінеді.

Аллаһ Тағала былай деді: «Аллаһтың мәрхаметі мен молшылығы сендерге болсын, әй, үй тұрғындары! Шынында, Аллаһ Мақтауға Лайық, аса Жоғары» («Худ» сүресі, 11:73).

Ол сондай-ақ былай деді: «Сондай-ақ Ол мені кайда болсам да құтты етті» («Мәриям» сүресі, 19:31).

Ол тағы да: «Қашан үйлерге кірсеңдер, өздеріңе (бір-біріңе) Аллаһ тарапынан көркем берекет тіршілігін тілеп, сәлем беріңдер!» («Нур» сүресі, 24:61).

Ибн Мәс’уд бірде сахабалар Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге сапарда болған кезінде, оларда су бітіп қалғанын баяндаған. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) азғантай суы бар бір ыдысқа қолын салды да: «Құтты суға асығыңдар, ал береке Аллаһтан», — деп айтты. Сол кезде су оның саусақтардың астынан аға бастады (хадис сенімді (сахих); Бухари 4/171).

3-Бөлім. Аллаһ Тағала Өзінің жаратылыстарынан ішінен кейбіреулерін таңдап ерекшелейді де, оны құт-берекелі етеді.

Сөйтіп, біз өзіміз үшін құт-берекенің барлығы жалғыз Аллаһтың ғана Қолында екендігін ұғып алдық. Осыған негізделіп, Аллаһ Тағала Өз жаралыстарынан кейбіреуін таңдап алып, оларға құт дарытып, берекелі ететінін түсіну қиынға соқпайды. Бұл қандай да бір адамдарға, жер бөліктеріне, уақыттың кесінділеріне т.с.с. нәрселерге қатысты болуы мүмкін.

Аллаһ Тағала былай деді: «Расында,  Аллаһ Адам мен Нухты және Ибраһим мен Имранның әулетін әлемдерге ардақты етті» («Әли Имран» сүресі, 3:33).

Ол сондай-ақ: «Оны пайгамбарлардың ізгілерінен – Исхақпен сүйіншіледік. Өзіне де, Исхаққа да береке бердік» («әс-Cаффат» сүресі, 37:112-113), — деді.

Сондай-ақ Иса пайғамбардың  Құранда келтірілген сөздері де: (Ол:) «Рас, мен Аллаһтың құлымын. Ол маған Кітап беріп, пайғамбар етті. Сондай-ақ мені кайда болсам да құтты етті де, тіршілігім бойынша намазды, зекетті орындауға бұйырды», — деді” («Мәриям» сүресі, 19:30-31).

Сондай-ақ періштелердің Мәриямға айтқан сөздері де: Сол уақытта періштелер: «Әй, Мәриям! Шәксіз, Аллаһ сені таңдады, тазартты және әлемдегі әйелдерден ардақты етті», — деді” («Әли Имран» сүресі, 3:42).

Аллаһ Тағала сондай-ақ: «Аллаһ періштелерден және адамдардан елшілер таңдап белгілейді. Ақиқатында, Аллаһ – Естуші, Көруші» («Хаж» сүресі, 22:75), — деп айтты.

Ол тағы да былай деді: «Ол мәрхаметі үшін қалағанын таңдап алады. Аллаһ зор кеңшілік Иесі» («Әли Имран» сүресі, 3:74).

Аллаһ Тағала Өз жаратылыстарын Өз Қалауымен әрі Даналығымен таңдап ардақтайды, әрі ешкім Оған кімді немесе нені болсын таңдап ардақтауға тыйым сала алмайды, әрі ешкім мұны Оған бұйыра да алмайды. Аллаһтан басқа ешкім кімге немесе неге болсын құт-береке сыйлай алмайды, әрі қандай да бір орынды немесе уақытты құт-берекелі ету үшін тандап ардақтай алмайды. Қз.: «Зад ул-Ма’ад» 1/39 және әрі қарай.

4-Бөлім. Аллаһтан басқа ешкім қандай да бір нәрсені құт-берекелі ете алмайды.

Аллаһ былай деді: «Раббың қалағанын жаратады да, таңдап сұрыптайды. Оларда ерік болмайды» («әл-Қасас» сүресі, 28:68).

Ол сондай-ақ былай деп айтты: «Кітап иелері Аллаһтың кеңшілігінен еш нәрсеге ие бола алмайтындықтарын білсін. Шәксіз, мәрхамет Аллаһтың Қолында. Ол оны қалаған құлына береді. Аллаһ зор кеңшілік Иесі» («Хадид» сүресі, 57:29).

Әрі осы бөлімнен Аллаһтан басқа ешкімнің қандай да бір нәрсені құт-берекелі немесе киелі (қасиетті), шипалы немесе тылсым-муғжизалы ете алмайтыны түсінікті болады.

Сондықтан да: «(Құт-береке) келіннің аяғынан, шопанның таяғынан», — немесе, —  «Пәлен бізді берекеге бөледі», — деп айту дұрыс емес.

5-Бөлім. Қандай да бір нәрсенің құдайлық (иләһи) құт-берекеге ие екендігіне Қасиетті мәтіндерде (Құран мен Сүннетте) нұсқау болмаса, ешкім оны құт-берекелі, қасиетті деп айта алмайды

Аллаһ Тағала былай деді: «Дегенмен, Аллаһ мәрхаметін қалаған кісісіне арнайды. Сондай-ақ Аллаһ зор кеңшілік иесі» («әл-Бақара» сүресі, 2:105).

Бұл аят бізге «Аллаһ Тағала Өз жаратылыстарының қалағанына құт-береке дарыта алады» дегенге нұсқайды. Алайда сонымен бірге, қайсы жаратылысқа нақты құт-береке дарытылғандығын біз тек Аллаһ Тағала белгілі бір нәрселерді құт-берекелі деп хабарлап түсірген қасиетті мәтіндерден ғана біле аламыз.

Ал түстер мен ел аузындағы аңыз-әңгімелерге келер болсақ, олар бұл мәселеде дәлел болып табылмайды.

6-Бөлім. Табарруктің шариғи тұрғыдан заңды және заңсыз деп екіге бөлінуі

Сөйтіп, біз табаррук – бұл қандай да бір нәрсе арқылы береке іздеу және оны қабылдап алуға талпыну екенін айтқан болатынбыз.

Өз негізінде табаррук Исламда рұқсат етілген, бірақ бұл рұқсат шектелген. Рұқсат етілген табаррукке заңдылығы Құран және Сүннетпен дәлелденген барлық нәрсе жатады. Ал қалғандарының барлығына келер болсақ, ол нәрселермен табаррук жасауға тыйым салынған, әрі бұл не діндегі жаңалық (бидғат), не көпқұдайшылық (ширк) болуы мүмкін.

Егер адам қандай да бір жерге сол жерден немесе сол жер телімінің топырағынан береке алу үшін барса немесе «қасиетті қабірді» сипаласа, әрі сонымен бірге бүкіл игілік-береке Аллаһтың Қолында және дәл Аллаһ Тағала осы құт-берекені осы топыраққа немесе қабірге салды деген сенімде болса, әрі сонымен бірге осы қабір немесе ондағы салиқалы адам («әулие») онымен Аллаһтың арасында дәнекер болып табылады деген сенімі болмаса және осы қайтыс болған салиқалы адамға құлшылықтың ешқандай түрін арнамаса, онда оның осы әрекеті кіші көпқұдайшылық (кіші ширк) болып табылады[2]. Бұл осы адамның шариғатта құт-береке беруші болып табылмайтын нәрсені береке алудың себебі деп есептегендігінен. Кіші көпқұдайшылық адамды Исламнан шығармайды, бірақ үлкен көпқұдайшылыққа алып баратын жол болып табылады. Сондай-ақ бұл әрекет «діни жаңалық» (бидғат) деп аталады. Ал егер адам осы салиқалы кісі («әулие»), немесе оның қабірі, немесе оның қабірінің айналасы Аллаһ Тағала оларға құт-береке дарытпаса да өздігінше құт-берекеге ие деп санаса, онда бұл – Исламнан шығаратын үлкен көпқұдайшылық болады.

7-Бөлім. Бараканың (құт-берекенің) қандай түрлері бар және ол неде бар

Береке белгілі орындарда және уақыттарда болады.

1. Белгілі орындардағы береке.

         1.1. Мекке мен Мәдина.

Мекке мен Мәдина харам (қорықты, қасиетті) аймақтар болып табылады. Бұл қалалардың қорықты (қасиетті) аймақ шекарасына енгізілген бөліктерінде әскери қимылдар жүргізуге тыйым салынады, аңшылық етуге, өсімдіктерді үзуге, ағаштарды шабуға т.с.с. көптеген әрекеттерді  жасауға болмайды. Бұл туралы сенімді (сахих) хадистер жеткен. Бухари 104; Муслим 1354.

Мухаммад Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ибраһим пайғамбардың өнегесіне ілесіп, Аллаһтан Мәдина үшін береке сұрады. Сонымен бірге ол Мәдинаға берілетін игілік-береке Меккеге қарағанда екі есе көп болсын деп тіледі. Мәдинаға оба кірмейді, әрі оған Масих Дәжжал да кіре алмайды. Бухари 2/223; Муслим 1005/2.

Кім Мәдина тұрғындарына жамандық қалайтын болса, Аллаһ Тағала оны тұздың суда еритініндей етіп ерітіп жібереді. Бухари 2/222; Муслим 1008/2. Сондай-ақ бұл екі қаланың басқа да артықшылықтары бар. Аллаһ Тағала оларды кез-келген жамандықтан сақтасын.

        1.2. Шам жерлері[3].

Аллаһ Тағала былай деді: «Құлын бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Харам Мешітінен айналасын Біз құт-берекелі еткен Мәсжид Ақсаға апарған Аллаһ әртүрлі кемшіліктен Пәк» («әл-Исра» сүресі, 17:1).

Ол сондай-ақ былай деп айтты: «Сондай әлсіз деп саналған халықты Біз берекелі еткен жердің шығысына да, батысына да мұрагер еттік» («әл-Ағраф» сүресі, 7:137).

Және басқа да аяттар. Тәпсір ғалымдары бұл және басқа аяттарда (Қз.: 21:71; 21:81; 34:18) Шамның жерлері туралы айтылған дейді.

Ибн ‘Умар Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Уа, Аллаһ! Біздің Шамды және біздің Йеменді берекелі ет» (хадис сенімді (сахих); Бухари 8/95).

Шамның артықшылықтары жайында көптеген аяттар мен хадистер келген. Шамда әл-Ақса мешіті, Аллаһ Тағала Муса пайғамбармен сөйлескен Тур тауы орналасқан. Шамды періштелер өз қанаттарымен жауып тұр. Сондай-ақ оның өзге де артықшылықтары белгілі. Кейбір ғалымдар – олардың арасында  Ибн ‘Умар, әш-Шәфи’и – Шамның Мекке мен Мәдинадан кейінгі жердің ең жақсы бөлігі екендігі туралы ғалымдардың бірауызды пікірін жеткізген.

        1.3. Йемен.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһқа Йеменнің жерлерін берекелі етуін сұрап дұға еткен. Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Йеменге нұсқап: «Иман – сол жақта», — деген. Хадис сенімді (сахих); Бухари 5/122; Муслим 1/71.

Сондай-ақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) даналық пен дінді түсіну Йеменде екендігіне де нұсқаған болатын. Бухари 5/122; Муслим 1/72.

Ал енді осы жерлердегі берекенің түріне келер болсақ, бұл жерлер дүние тіршілігіндегі де, діндегі де берекені қамтиды. Бұл жерде көп жемістер, өзендер, ағаштар бар екендігі меңзеледі. Осы жерлерде өмір сүруші адамдарға жердің басқа аймақтарында өмір сүретін адамдарға жетпейтін мөлшердегі тамақ пен дүние-мүлік жеткілікті болады. Ән-Науауи «Шарх «Сахих» Муслим» 9/142.

Ескертпе. Бұл береке физикалық тұрғыдағы емес, мағыналық тұрғыдағы береке болып табылады. Яғни бұл жерлердегі топырақ басқа да аймақтардың топырақтарына тән физикалық сипаттарға ие. Сондықтан да осы жерлерге арнайы сапар шегіп келіп, оның топырағын сүйіп немесе оған үйкеліп, немесе осы жердің топырағын немесе тастарын өздерімен алып кетіп жатқандар дұрыс істемейді. Өйткені олар өз отандарындағы топырақтай болған топырақты алып кетіп жатыр.

Сондай-ақ бұл жерлердегі береке діни де. Бұл жерлерде пайғамбарлардың басым бөлігі өмір сүрген, оларда әл-Харам Мешіті, Пайғамбар Мешіті және әл-Ақса  мешіттері орналасқан. Бұл жерлерде бүгінгі күнге дейін Ислам ғалымдарының басым бөлігі өмір сүруде, әрі олар өз білімдерімен күндіз-түні бөлісуде.

Жоғарыда аталған жерлер шариғатта ерекше айырып көрсетілген. Ал басқа жерлерге келер болсақ, онда оларда ерекше бір құт-береке бар деп айту тек сенімді дәлел келтірілгенде ғана болады.

2. Белгілі маусымдардағы және уақыттардағы береке

Айларға келер болсақ, шариғатта Рамазан айы айрықша белгіленген.

Рамазан айы басталғанда Жәннаттың қақпалары ашылады, Тозақтың қақпалары жабылады және шайтандар кісенделеді. Бухари 2/227; Муслим 2/758.

Қасиетті мәтіндерде бұл ай берекелі деп аталған.  Бұл туралы хадис жақсы (хасан); Нәсаи 4/129; Ахмад 2/230; (Қз.: «Мишкат әл-Масабих» 1/612).

Бұл айда бүкіл дүние жүзінің мұсылмандары парыз ораза ұстайды (2-сүре, 183-аят), әрі сол арқылы адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі. Бухари 2/228; Муслим 1/524. Осы айда Бадр шайқасы, Меккені алу және Хиттын шайқасы орын алды.

Сондай-ақ айлардан төрт ай айрықша белгіленген: зул-ка’да, зул-хижжа, мухаррам және ражаб.

Күндерге келер болсақ, шариғатта зул-хижжа айының алғашқы он күні, сондай-ақ ташриқтің үш күні айрықша белгіленген.

Осы күндерде игі істер істегендігі үшін уәде етілген сауап жылдың басқа күндеріндегі ігі амалдарға қарағанда едәуір көбірек. Бухари 2/7.

Зул-хижжа айының тоғызыншы күні – Арафа күні. Кім осы күні ораза ұстаса, соның өткен және келесі жылдағы күнәлары кешіріледі. Муслим 2/819.  Алайда осы күні Арафат тауында тұратындар ораза ұстамайды. Бұл күні Аллаһ Тағала басқа күндермен салыстырғанда едәуір көбірек адамдарды Оттан азат етеді. Муслим 2/983. Осы күндердің ішінде Құрбан айт күні де бар. Бұл күндердің басқа да артықшылықтары кең танылған.

Түндерге келер болсақ, қасиетті мәтіндерде Қадір түні (ләйләт ул-қадр) айрықша аталып белгіленген. Ол артықшылығы бойынша мың айлардан артық жылдың ең жақсы түні (97-сүре, 2-3 аяттар). Бұл түн берекелі болып табылады (44-сүре, 3-аят). Осы түнде келесі жылы жер бетінде және көктерде орын алатын нәрсенің барлығы тағдырға белгіленеді (44-сүре, 4-аят). Осы түнде жасалатын амалдар үшін берілетін сауаптар мың жылдан астам уақыт бойы жасалған амалдардың сауабына тең. Дәл осы түнде Құран түсірілді (44-сүре, 1-3 аяттар). Осы түнде жерді періштелер толтырады (97-сүре, 4-аят).  Бұл түн бейбітшілік пен тыныштық түні болып табылады (97-сүре, 5-аят).  Кім осы түнді намаз орындаумен өткізсе, соның барлық күнәлары кешіріледі. Бухари 2/228; Муслим 1/524.

Апта күндеріне келер болсақ, олардың арасында жұма, дүйсенбі және бейсенбі айрықша белгіленген.

Жұма күн шығатын күндердің ішіндегі ең жақсы күн болып табылады. Жұма күні Адам ата жаратылды, жұма күні ол Жәннатқа кіргізілді, Ол Жәннаттан тура сол күні шығарылды, әрі Қиямет күні де дәл жұмада басталады. Муслим 2/585.  Осы күннің ішінде Аллаһ Тағала дұғаны қайтармайтын бір уақыт бар. Бухари 1/224; Муслим 2/584.

Дүйсенбі және бейсенбі күндері Жәннаттың қақпалары ашылып, өзара ұрыс-керісте болғандардан өзге мүміндердің күнәлары кешіріледі. Муслим 4/1987.  Осы екі күнде ораза ұстаған абзал болады. Бұл туралы хадис жақсы (хасан); Тирмизи 3/121.

Түннің бөліктеріне келер болсақ, түннің соңғы бөлігі ерекше белгіленген. Бұл кезде адамның дұғасы Аллаһ Тағала тарапынан қайтарылмайды. Муслим 1/521. Осы уақытта Аллаһ Тағала төменгі аспанға түседі. Бұл Аллаһтың ұлықтығына тән орын алады әрі жаратылыстардың қозғалысымен салыстыруға келмейді.

Міне, осылар — уақыттық сипаттағы береке. Ал жылдың басқа уақыттарына келер болсақ, олар тек сенімді шариғи дәйек келтірілген кезде ғана ерекше белгіленеді. Сондықтан да жылдың қандай да бір күнін ерекше атап қойып, осы күнде жасалған ғибадаттар басқа күндерге қарағанда  артығырақ деген сеніммен сол күні ғибадаттардың ерекше түрлерін жасауға рұқсат етілмейді. Сол сияқты қандай да бір күнді жиналыстар үшін және қандай да бір оқиғаларды мерекелеу үшін белгілеу рұқсат етілмейді. Бұл Аллаһтың рұқсатымен осы кітаптың жеке тарауында түсіндіріледі.

3. Мешіттердің берекесі.

          3.1. Меккедегі әл-Харам Мешіті.

Бұл мешітте орындалған намаз сауабы бойынша басқа мешіттерде орындалған жүз мың намаздың сауабына тең. Бұл туралы хадис жақсы (хасан); Ахмад 4/5. Бұл мешітте мұсылмандардың қыбласы – Қағба орналасқан. Осы мешітте (Қағбаны) тәуап жасау заңдастырылған. Бұл мешіт жер бетінде салынған ең алғашқы мешіт болып табылады. Бухари 4/136; Муслим 1/370. Онда ғибадат жасау үшін арнайы сапар жасауға рұқсат етіледі.  Бухари 2/56; Муслим 2/1014. Сондай-ақ онда Мақам Ибраһим (Ибраһим пайғамбар Қағбаны құрған кезінде тұрған орын (тас)) орналасқан. Онда Сафа мен Маруа төбелері және Зәмзам бұлағы бар.

Ескертпе.

Бұл мешіттің берекесі физикалық тұрғыда емес, мағыналық тұрғыда екенін білу керек. Бұл «егер адам сол мешіттің қабырғаларына немесе Қағбаның бөліктерін сипаса, оған береке өтпейді» деген сөз.  Бұл әрі қарай артықшылықтары түсіндірілетін барлық мешіттерге де қатысты.

3.2. Мәдинадағы Пайғамбар Мешіті.

Бұл мешітте орындалған намаз сауабы бойынша (Меккедегі әл-Харам Мешітін есептемегенде) басқа мешіттердегі мың намазға тең. Бухари 2/56; Муслим 2/1012. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үйі мен мінберінің арасындағы жер Жәннат бақтарының бір бағы болып табылады. Бухари 2/57; Муслим 2/1011. Онда ғибадат жасау үшін арнайы сапар жасауға рұқсат етіледі. Бухари 2/56; Муслим 2/1014.

3.3. Иерусалимдегі  әл-Ақса мешіті.

Бұл мешіттегі орындалатын намаз сауабы бойынша (екі Харам Мешіттерінен) басқа мешіттердегі бес жүз намазға тең. Бұл туралы хадис жақсы (хасан). Қз.: «Кашф ул-астар» 1/213. Бұл жер бетінде салынған екінші мешіт, оны мен әл-Харам Мешітінің құрылғанының аралығында қырық жыл. Бухари 4/136; Муслим 1/370. Дәл осы мешітке Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Исра уәл Миғраж түні Харам Мешітінен көтеріліп алып барылған болатын (17-сүре, 1-аят). Онда ғибадат жасау үшін арнайы сапар жасауға рұқсат етіледі. Бухари 2/564; Муслим 2/1014. Кім осы мешітке өз үйінен тек онда намаз орындау үшін аттанса, күнәлардан арылып, анасы туған күніндегідей болады (хадис сенімді (сахих); Қз.: «Мәнар ул-Муниф» 91-92 беттер; Нәсаи 2/34; Ибн Мәжаһ 1/451; Ахмад 2/176; т.б.).

Ескертпе. Әл-Ақса мешіті  көп адамдар ойлайтынындай Харам (Қорықты, Қасиетті) мешіт болып табылмайды. Қз.: «Мәжму’ат ур-Расаил әл-Кубра» 2/64; «Иқтида» 2/809.

3.4. Мәдинаның аумағында орналасқан әл-Қуба мешіті.

Бұл  Мәдинада салынған ең алғашқы мешіт. Қз.: «Тафсир калимат ит-Таухид» 338-бет. Мәдина тұрғындары және оның айналасындағылар үшін бұл мешітті зиярат ету сауапты амал болып табылады. Ал кім онда намаз орындаса, кіші қажылық (умра)  орындағанның сауабын алады (хадис сенімді (сахих); Нәсаи 2/37; Ибн Мәжаһ 1/453; Ахмад 3/487; әл-Хаким 3/12). Алайда Мәдинаның тұрғындары болмаған және онда жүріп-тұрмаған адамдарға осы мешітті зиярат ету үшін сапарға шығуларына болмайды, мұның түсіндірмесі кітаптың тарауларының бірінде келеді.

3.5. Қалған мешіттер.

Біліңіз, құрметті оқырман, дүние жүзіндегі қалған мешіттердің барлығы бірдей. Оларды кім, қашан салғанына, оларда кімдер намаз және басқа да құлшылықтарды орындағанына қарамастан, бұл мешітердің бір-бірінің алдында ешқандай ерекше артықшылықтары жоқ.

Дәл сондықтан да Исламда үш мешіттен: әл-Харам Мешітінен, Пайғамбар Мешітінен, әл-Ақса мешітінен – басқаларында құлшылық орындау үшін арнайы сапарға шығуға рұқсат етілмейді. «Сапарға шығу» деген сөз «адамның өзі тұратын жерінен өзге елді-мекенге сапарға шығу» дегенді білдіреді. Мысалы, Түркістандағы немесе қандай да басқа да жердегі мешітте құлшылық ету үшін арнайы сапар жасауға рұқсат етілмейді.

3.6. Мешіттердің артықшылықтары.

Мешіттер Аллаһтың үйлері болып табылады. Муслим 4/2074. Мешіттерде құлшылықтардың басым бөлігі орындалады. Мұсылмандардың маңызды істерінің көпшілігі филармонияларда, мәдениет үйлерінде, қабірлер мен мазарларда емес, барлық кезде мешіттерде шешілген. Бұл маңызды істерге пәтуалар беру, қазылық, әскерді аттандыру т.б. жатады.  Кім тек Аллаһтың Жүзіне ұмтылып мешіт салса, Аллаһ Тағала ол үшін Жәннатта үй салады. Бухари 1/116; Муслим 1/378.

Мешіттердің берекесі физикалық тұрғыдағы емес, мазмұндық тұрғыдағы береке болып табылады. Сондықтан да кім қандай да бір ежелгі мешіт, егер адам оны сипаса немесе оның қабырғаларына денесімен үйкелсе, адамға құт-береке дарытады деп сенсе, күнәһар және бидғатшы болады.

Мешіттердің артықшылықтары туралы бөлімді біз кітапқа,  құрметті оқырман қабірге табынушы сопылардың жасап жатқан қылмыстарының қаншалықты ауыр екендігін түсінуі үшін, енгіздік. Олар құлшылық-ғибадаттарды орындауды қабірлерге көшіріп, сонысымен Аллаһтың мешіттерін ойран етуде.  Ал «діни іс-шараларды» филармонияларда, мәдениет үйлерінде, театрларда және басқа діни емес орындарда ұйымдастырып жүрген «діни жетекшілерге» келер болсақ, олар осыны өздерінің лазерлі шоулары, ән-билері мен қойылымдары Исламда ауыр күнә болып саналатынын және осындай нәрселерді мешіттерге алып келу Құдайға айқын түрде тіл тигізу болып табылатынын, әрі олар осы үшін білімге ие мұсылмандардың ғана емес, тіпті қарапайым халықтын алдында да ақтала алмайтындығын білгендіктен сол жерлерде істейді. Аллаһ Тағала оларға лайықтысын берсін!

4. Өзендер мен бұлақтардың (құдықтардың) берекесі.

Өзендер мен бұлақтарға келер болсақ, қасиетті мәтіндерде Зәмзам бұлағы суының берекелі екендігіне дәлелдер келген. Бұл құт-берекелі бұлақ (құдық) Меккедегі әл-Харам Мешітінің аймағында Қағбаның шығыс жағында орналасқан.  Бұл судың артықшылықтары төмендегі нәрселерде:

4.1. Зәмзам суы жер бетіндегі ең жақсы су.

Ибн ‘Аббас Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жер бетіндегі ең жақсы су – Зәмзам суы», — деп айтқанын баяндаған (хадис жақсы (хасан); әт-Табарани «әл-Кәбирде» 11/98; Шейх әл-Әлбани: «Бұл хабардың иснады жақсы (хасан) дәрежесінен төмен түспейді», — деген («әс-Сахиха» 3/45). Сондай-ақ әс-Суюты де «әл-Жәми’ әс-Сағирде» бұл хадисті хасан деп  айтқан 2/10).

4.2. Зәмзам суы ағзаны ас сияқты тойдырады.

Абу Зарр өзінің Меккеге Исламды қабылдау үшін келген кезінде Харам Мешітінде отыз күн тұрғанын баяндаған. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) одан: «Сен немен тамақтандың?», — деп сұрады. Абу Зарр: «Мен Зәмзам суын ішкеннен басқа еш нәрсе жемедім, әрі одан мен толықсығаным соншалықты, қарнымның терісі жарыла бастады», — деп жауап берді. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұл су берекелі, ол тойымды (тоқ ететін) су болып табылады», — деді (хадис сенімді (сахих); Муслим 4/1922).

4.3. Бұл суды ішу Аллаһтың қалауымен ауырулардан ем болады.

Ибн ‘Аббас Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Жер бетіндегі ең жақсы су Зәмзам суы. Ол тойымды (тоқ етеді) әрі аурулардан ем» (хадис жақсы (хасан); әт-Табарани «әл-Кәбирде» 11/98).

4.4. Қажылық маусымында бұл құдықтың суы табиғи мөлшерден артық көбейе түседі.

Бұл туралы имам әз-Заркаши «И’ләм ус-Сажидте» (206-бет) айтқан болатын.

Бұл – Зәмзам суының артықшылықтарына нұсқайтын мәтіндердің кейбіреуі ғана. Жердің бетіндегі басқа өзендерге, бұлақтар мен құдықтарға келер болсақ, олардың құт-берекелі екенін бекіту үшін сенімді (сахих) шариғи дәлел керек. Сондықтан да ешкім қандай да бір бұлақты, өзенді, құдықты құт-берекелі немесе киелі, тылсым ғажап күшке ие деп айтуына болмайды. «Діни жетекшілер» тіпті мұндайды істемеуі қажет.

5. Пайғамбарлардың берекесі.

Имам Ибн әл-Қайим былай деген: «Аллаһ Тағала оларды Өзінің Кітаптарын жеткізулері үшін таңдап алғандығында құрмет пен ұлылық жетіп асады. Сондай-ақ Ол оларға түрлі муғжизалар беріп, ардақтады. Олардың ішінде Ол Өзінің жақын досы (халил) етіп ардақтағаны бар, олардың кейбіреуімен ол әңгімелесу арқылы сөйлесті, басқаларын дәрежесі бойынша өзгелерден жоғары (ардақты) етті. Аллаһ Тағала Өз құлдарына солардың жолына ілесуден басқа Оның разылығына жету мүмкіндігін бермеді. Ол жаратылыстарына Жәннатқа солардың артынан ілесіп кіруден  өзге мүмкіндік бермеді. Олар — Аллаһқа ең жақын жаратылыстар. Әрі Оның алдындағы олардың құрметі басқалардың құрметінен жоғары. Пайғамбарлар арқылы Адамдар Аллаһ туралы білді, жалғыз Оған мойынсұнып және құлшылық ете бастады». Қз.: «Тариқ әл-Һижратайн» 613-бет.

Мухаммад Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) берекесі

Пайғамбардың берекесі мағыналық және физикалық болып екіге бөлінеді.

Физикалық берекеге қатысты айтар болсақ, бұл оның амалдарында, оның денесінде және оның денесінен бөлініп шыққан таза нәрселерде, одан кейін қалған  физикалық іздерде қамтылған.

Ал мағыналық берекеге келер болсақ, бұл оның дінінің жеңісінде, оның ізбасарларының (үмметінің) көптігінде, ол жеткізіген шариғатта, ол өзінен кейін қалдырған ізгілік пен пайдаларда қамтылған.

Сондықтан да сахабалар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде оның өзімен (ол арқылы), ал ол қайтыс болған соң одан қалған нәрселер арқылы табаррук жасайтын. Табарруктің бұл түрі рұқсат етілген болып табылады, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны мақұлдады, әрі сөкпеді.

1. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде сахабалардың оның денесімен таббарук жасауы 

‘Аиша былай деп баяндайтын: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ауыра бастаған кезінде алақандарына Құранның екі соңғы сүрелерін оқитын, кейін алақандарына әлсін-әлсін түкіріп (үшкіріп), олармен өз денесін сүртетін.  Ал оның ауруы күшейген кезде, мен өзім оның алақандарына осы сүрелерді оқитынмын, одан кейін оның қолдарының берекесі ауруын жеңілдетеді деген үмітпен оның денесін өзінің қолдарымен сүртетінмін» (хадис сенімді (сахих); Бухари 7/22; Муслим 4/1723).

Әнас ибн Мәлик: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) таң намазын аяқтаған соң, оның алдына Мәдинаның барлық жерінен келген қызметшілер жиналатын. Олар өздерімен бірге су толы ыдыстар алып келетін. Әрі оған қандай ыдыс ұсынбасын, ол міндетті түрде оған өзінің қолын салатын, тіпті таң қатты суық болса да», — деп баяндаған (хадис сенімді (сахих); Муслим 4/1812).

Абу Жухайфа былай деп баяндайтын: «Бірде түсте Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Батхаға[4] шықты, содан соң дәрет алды да, екі ракағат бесін (зухр) намазын және екі ракағат екінті (аср) намазын орындады. Намаздан соң оған адамдар жақындап келді де, оның қолдарынан ұстап олармен беттерін сүрте бастады» (хадис сенімді (сахих); Бухари 4/165).

2. Сахабалардың Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) денесінен бөлінін шыққан нәрселермен табаррук жасауы

2.1. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шаштары.

Әнас ибн Мәлик Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Минаға келгенін, жамарат бағаналарға тас лақтырғанын[5], содан соң Минада орналасқан өзінің тоқтаған орнына келіп құрбан шалғанын баяндаған. «Кейін ол адамдардың шаштарын алып жатқан біреуге: «Алдымен мына жерді ал, — деп, өз басының оң жығын көрсетті, — кейін мына жерді», — деді де, сол жағына нұсқады. Содан соң шаштарын адамдарға тарата бастады».

Риуаяттардың бірінде: «Әрқайсысына бір немесе екі талшықтан», — деп айтылады (хадис сенімді (сахих); Муслим 2/947).

Имам ән-Науауи былай деген: «Бұл хадисте Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шаштарымен табаррук жасаудың заңдылығы және оларды сақтаудың рұқсат етілгендігі түсіндіріп берілген».  Қз.: «Шарх «Сахих» Муслим» 9/54.

       2.2. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сілекейі

‘Уруа ибн Мәс’уд әс-Сакафи былай деп баяндаған: «Әрі Аллаһпен ант етемін, тіпті егер Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түкірсе де, оның түкірігі жерге түспейтін. Ол міндетті түрде сахабалардың біреуінің алақанына түсетін, ал содан соң әлгі сахаба оны терісі мен бетіне жағатын» (хадис сенімді (сахих); Бухари 3/180).

Хафиз Ибн Хәжар былай деген: “Әрі сахабалар осыны ‘Уруаның[6] көз алдында, осынысымен: «Бізден артық өз әмірін тағы да кім сүйеді, әрі кім оны біз құрметтегендей құрметтейді? Ал осыдан соң қалайша: «Егер шайқас орын алса, біз кері бұрылып қашамыз да, оны қолдаусыз қалдырамыз», — деп ойлауға болады?», — деп айту үшін істеген болуы мүмкін”. Қз.: «Фатх ул-Бәри» 5/341.

Сондай-ақ сахабалардың Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде киген киіммен табаррук жасағандығы (Бухари 7/82, 2/73; Муслим 2/647), сол сияқты ыдыстағы ол су ішкен кезінде саусақтарымен ұстаған жерлері арқылы табаррук жасағандығы (Муслим 3/1623) сенімді түрде бекітілген. Ешкім Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәл қазір су ішкен ыдыстан су ішу ретін өзгеге бермеген (Бухари 6/249; Муслим 3/1604). Сахабалар Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәрет алған ыдыста қалған сумен денесін сүрткен (Бухари 1/55; Муслим 1/360).

Бұл – сахабалардың Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірі кезінде оның дене мүшелерімен қалайша табаррук жасағандарының қысқаша мысалдары. Бұл Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) денесі  құт-берекелі болғандығынан. Аллаһ Тағала оның денесіне, оны қоршаған адамдарға және заттарға өтетін физикалық тұрғыдағы құт-берекені дарытты.

Алайда осы жерде бір маңызды ескертпе жасап кету қажет. Сахабалар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дене мүшелерімен үнемі және барлық жерде табаррук жасай бермейтін. Олар мұны сирек жағдайда қажеттілік болғанда ғана жасайтын.

‘Абдуррахман ибн Аби Кирад Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір күні дәрет алғанын және сахабалар одан кейін ыдыста қалған сумен сүртінгендері туралы баяндайтын. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардан: «Сендер мұны не үшін істеп жатырсыңдар?», — деп сұрады. Олар: «Біз Аллаһты және оның Елшісін жақсы көреміз», — деп жауап берді. Сонда ол оларға: «Кімді өзінің Аллаһты және Оның Елшісін сүйетіні немесе оны Аллаһ пен Оның Елшісі сүйетіні қуантса, сөйлескенде шындықты айтсын, аманатты (иесіне) қайтарсын және көршілеріне жақсы қарым-қатынас жасасын», — деді (хадис жақсы (хасан); хафиз әл-Мунзири «Тарғибте» 3/26 және әл-Әлбани «әс-Сахихада» 2998 келтірген).

3. Сахабалардың Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болған соң одан қалған нәрселермен табаррук жасауы

‘Иса ибн Тахман былай деп баяндайтын: «Әнас ибн Мәлик бірде бізге тегіс қайыстан жасалған екі бауланған кебіс (сандали) алып шықты. Және сол кезде Сабит әл-Бунани маған бұл Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кебістері екенін айтты» (сахих хабар; Бухари 4/47).

Абу Бурда бірде ‘Аиша оларға бір жамылғыны алып шығып: «Бұл жамылғы Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болар кезінде оның үстінде еді», — деп айтқанын хабарлаған (сахих хабар; Бухари 4/47; Муслим 1/1649).

‘Асым әл-Әхуәл былай деген: «Мен Әнас ибн Мәликтен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кесесін көрдім. Ол сынып қалған кезде, Әнас оның екі сынық бөлігін күміс қоспамен біріктірді. Әнас маған: «Мен Пайғамбарға осы кеседен пәлен және пәлен рет ішкіздім», — деп айтты (сахих хабар; Бухари 6/252).

Сондықтан да имам әл-Бухари өз кітабының бір тарауын «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сауыты, оның таяғы, қылышы, кесесі, жүзігі туралы не айтылатындығы және одан кейінгі әмірлер осылардың қайсысын пайдаланғандығы жайындағы тарау. Сондай-ақ оның сахабалары ол қайтыс болғаннан соң табаррук жасайтын оның шаштары, кебісі, ыдыстары жайында не айтылатындығы туралы» деп атаған болатын.

Сондай-ақ осы заттармен сахабалардың ізбасарлары да табаррук жасайтын.

Мухаммад ибн Сириннен ол ‘Убайдаға: «Бізде бізге Әнастан тиген Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір тал шашы бар», — деп айтқаны жеткізіледі.  Сонда ‘Убайда: «Менде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір талшық болса да шашы болғаны мен үшін осы өмірдің барлығынан және ондағы нәрселерден сүйіктірек», — деді  (сахих хабар; Бухари 1/50).

‘Усман ибн ‘Абдуллаһ ибн Маухаб былай деп баяндайтын: «Бірде үй-ішім мені Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жұбайы Умм Сәләмаға ішінде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шашы бар су құйылғанған ыдысты беріп жіберді. Біреуге көз немесе қандай да бір ауру тисе, ол оларға осы шашты беруі үшін, адамдар соған жіберетін» (сахих хабар; Бухари 7/57).

Хафиз Ибн Хәжар былай деген: «(Бұл хабарда) науқас адам Умм Сәләмаға ыдысты беріп жіберетіні және ол оған Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шашын салып, сол ыдысты қайтып беретіні меңзелуде. Осыдан соң науқас адам Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) берекесі арқылы емделуге үміттеніп, осы ыдыстан ішетін немесе осы суды өзінің үстіне кұятын». Қз.: «Фатх ул-Бәри» 6/251-252.

4. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) заттарынан болған қандай да бір нәрсе бүгінгі күнге дейін сақталып қалды ма?

Ең басында Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қалған нәрселермен табаррук жасаудың шариғи тұрғыдан заңдастырылғандығы бүгінгі күні де күшіне ие екендігін атап айту қажет. Мұның заңдылығы тек сахабалармен және олардың ізбасарларымен шектелмейді, өйткені мұндай шектеуге қандай да бір дәлел жоқ.

Алайда бұл жерде бірнеше тармақтарға назар бұру қажет:

1) ‘Амр ибн әл-Харис былай деп баяндайтын: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінен соң дирхам да, динар да, кұл да, күң де қалдырмаған және ақ ұрғашы қашырдан, қаруынан және садақа ретінде қалдырған жерінен басқа еш нәрсе қалдырмаған»  (сахих хабар; Бухари 3/186).

Бұл хабар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болғанынан соң өте аз заттары қалғандығына шүбәсіз нұсқайды.

2) Осы заттардың көбінің соғыстар, бүліктер т.б. себептермен жоғалып кеткендігі сенімді түрде анықталған.

Олардың арасынан жүзікті (Бухари 7/53; Муслим 3/1656)[7], оның жамылғысы мен таяғын (Қз.: әс-Суюты «Тарих ул-хуләфа» 467-бет)[8] атауға болады. Сондай-ақ оның кебісі (сандалилері) де жоғалған, бұл һижраның 803 жылы Дамаскіде Темірланның бүлігі кезінде орын алды.

3) Сондай-ақ, бұл заттардың жоғалуына көптеген сахабалар өздерінде болған осындай нәрселерді өздерімен бірге жерленуін өсиет еткендері де ықпал етті.

4) Көптеген тарихшылар бүгінгі күні мұражайларда сақталатын әрі Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) телінетін кейбір заттардың шындығында да оған тиесілі екендігін дәлелдеу мүмкін еместігін айқын түрде мәлімдейді. Қз.: «әл-Асар ән-Нәбауия» 89-96 беттер.

5) Сондықтан да шейх әл-Әлбани былай деген: «Біз одан кейін қалған оның киімдері немесе шаштары сияқты т.б. заттардың жоғалғандығын білеміз, әрі ешкім бүгінгі күні осылардан бір нәрселердің бар екенін бұлтартпас дәлелмен дәлелдей алмайды». Қз.: «әт-Тәуәссул» 144-бет.

Бірақ осы жерде ең ұлы береке Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) иман келтіруде және оның дінін үйреніп, оған ілесуде екенін атап кету қажет. Өйткені оның діні – ол өзінен кейін қалдырған нәрселерінің ең ұлығы және ең құндысы.

6. Ізгі-салиқалы адамдармен («әулиелермен») табаррук жасау

6.1. Ізгі-салиқалы адамдармен табаррук жасауға рұқсат етілген бе?

Осыдан алдынғы тарауларда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) денесі өзгелерге өтетін физикалық құт-берекеге ие екендігі түсіндірілген болатын.

Бірақ осыдан шыға келе «Пайғамбар мен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ізгі-салиқалы адамдардың арасында қияс ұқсастық бойынша салыстыру жасауға, содан соң табарруктің осы түрі ізгі-салиқалы адамдарға «әулиелерге» қатысты да рұқсат етіледі» деген қорытынды шығаруға болады ма?!

Бұл сұраққа жауап беру үшін төмендегілерді түсіндіру қажет:

1) Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы туралы айтқандығы немесе сахабаларға олардың арасындағы ізгілерімен табаррук жасауды бұйырғандығы туралы бірде-бір дерек жоқ. Сондай-ақ осыған үндеуге нұсқайтын да еш нәрсе келмеген.

2) Сахабалар өздерінің арасындағы ең жақсыларымен, солардың ішінде салиқалы халифалармен де, Жәннатпен сүйіншіленген он сахабамен де табаррук жасамаған.

Имам әш-Шәтыби былай деген: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болған соң сахабалардың арасында Абу Бакрден, кейін ‘Умардан, ‘Усманнан және ‘Алиден құрметтірек ешкім болмаған. Кейін қалған сахабалар келеді, әрі бұл үмметте олардан құрметтірек және салиқалырақ ешкім ешқашан болмайды.  Солай болса да, осы сахабалардан немесе олардың ізбасарларынан біреуі болсын  олардың ізгілерімен табарруктің осы түрін жасағандығы туралы бірде-бір сенімді дерек жоқ. Сондықтан да бұл «салиқалы адамдармен жасалатын осындай табарруктің түрі заңдастырылмаған» деген олардың бірауызды келіскен пікіріне айналды”. Қз.: «әл-И’тисам» 2/8-9.

3) Ал не үшін барлық сахабалар және олардың ізбасарлары түгелімен өздерінің ішіндегі ізгілерімен табаррук жасаудан аулақ болатын?! Өйткені олар физикалық тұрғыдан құт-берекеге ие денеге ие болу – бұл тек пайғамбарларға ғана тән ерекше сипат  екенін білген. Әрі ізгі адам қаншалықты ұлы болса да, ол пайғамбарлардың дәрежесіне жете алмайды[9],  өйткені пайғамбарлық – бұл  адам салиқалылығы және  еңбегі арқылы жете алмайтын мәртебе, бірақ Аллаһ Тағала қалаған құлына пайғамбарлықты сыйлайды.

Сондықтан да имам әш-Шәтыби былай деген: «Осыдан шыға келе, бұл мәселеде пайғамбарлар мен ізгілер арасында қияс ұқсастық бойынша салыстыру жасауға болмайды әрі бұл бидғат болып табылады.  Ал кім салиқалы адамдармен табаррук жасауды рұқсат етсе, сол бір мезгілде төрттен көп әйелдерге үйленуді де рұқсат етсін. Өйткені бұл да, ол да Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) басқа адамдардан айрықша сипаты болған».  Қз.: «әл-И’тисам» 2/9.

Имам Ибн Ражаб былай деп айтқан: «Осы нәрселер салиқалы адамнан қалған және ол пайдаланған заттардан береке іздеуге де қатысты. Сахабалар мұндай табаррукті тек Пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жасаған әрі мұндай табаррукті басқа сахабалармен жасамаған. Сондай-ақ сахабалардың ізбасарлары да осындайды сахабалармен жасамаған, соңғыларының ұлылығы мен құрметіне қарамастан. Осының барлығы физикалық тұрғыдағы құт-берекеге ие болу – бұл Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айрықша сипаты екендігіне нұсқайды. Сондықтан да олар оның дәрет алып болғанынан кейін қалған суын, сондай-ақ оның шаштарын т.с.с. пайдаланып құт-береке іздейтін еді». Қз.: «әл-Хикам әл-Жәдира» 55-бет.

4) Шариғат ең соңында көпқұдайшылыққа алып келетін салиқалы адамдарды шектен тыс ұлықтаудың есігін жабу үшін,  олармен табаррук жасауды заңдастырмады.

Имам әш-Шәтыби былай деген: «Бұл – қарапайым халық шектің алдында тоқтай алмайтындығынан және оларда ізгі-салиқалы адамның «әулиенің» тылсым берекеге ие екендігі туралы сенім пайда болатындай дәрежеде шекараны бұзып өтетіндігінен,  алайда іс жүзінде мұндай нәрселер жоқ». Қз.: «әл-И’тисам» 2/9.

Сондықтан да Хәлләждің ізбасарлары болған кейбір шектен шыққан сопылардың оған қатысты барлық шекараларды бұзып, оның зәрімен және тезегімен беттерін сүрту арқылы табаррук жасап, ең соңында оны құдай деп жариялағаны да белгілі. Қз.: «әл-И’тисам» 2/10.

5) Салиқалы адамдармен (әулиелермен) жасалатын физикалық табарруктің жарамсыз екендігін дәлелдейтін тағы бір факт салиқалы адамның денесі құт-берекелі денеге айналу үшін салиқалылықтың қандай шекара сызығына жету қажет екендігін ешкім анықтай алмайтындығында. Сондықтан да, құрметті оқырман, мұсылмандардан және олардың ғалымдарынан ешкім салиқалы адамдармен табаррук жасауды рұқсат етпейтінін біліңіз[10]. Мұны тек бидғатшылар, нақты айтқанда сопылар мен рафидилер (шектен шыққан шиғалар) рұқсат етеді әрі өз ұстанымдарын ашулы түрде қорғайды. Ал осыдағы үлгіні олар парсылардан, гректерден және жәхилиет (исламға дейінгі надандық) кезіндегі арабтардан алған.

Сондықтан да сіз сопылар өз имамдары мен жетекшілеріне нендей жүрегі тулаған түрде қарым-қатынас жасайтынын көре аласыз. Олар пірлері мен ұстаздарының қолдарын сүйеді, оларға үйкелейді, денелеріне олардың сілекейі мен шыққан терін жағады, олардың имамдары өз шәкірттерімен (мюридтерімен) жасайтын оңбағандықтарын айтпағанның өзінде. Ал олардың осы имамы қайтыс болса, олар оның құт-берекесі оның қабірінің топырағына, қоршауына, қабірінің айналасындағы топыраққа дариды деген сеніммен оның қабірінің айналасына жиналады.

Егер сіз, құрметті оқырман, осыған таң қалған болсаңыз, онда бұған тек сіз емес, кез-келген ақыл-есі дұрыс адам таң қалатынын біліңіз. Дәл сондықтан да мәйіттен «құт-береке» таралуын күтпей-ақ, ол үйден тезірек алып шығарылады. Алайда барлық мәселе сопылардың иллюзиялар мен муғжизалы елестерде өмір сүруінде болып тұр.

Және осы бөлімде түсіндіруге тиісті болған соңғы нәрсе — бұл салиқалы адамдармен жасалатын физикалық табаррук екі түрлі болатынын түсіндіру:

1) Егер адам «салиқалы адам «әулие» өздігінше физикалық құт-берекеге ие емес, бірақ бұл құт-берекені оған Аллаһ берген (дарытқан)» деген сенімге ие болса, онда бұл сенім бидғат, адасушылық және кіші ширк (адамды Исламнан шығармайтын көпқұдайшылық) болып табылады. Бірақ егер сонымен бірге бұл адам: «Осы салиқалы адам («әулие») құт-берекелі ғана емес, сонымен бірге ол болмыстың бір нәрсесін басқарады, немесе пайда мен зиян келтіруге қабілетті, немесе адам мен Аллаһтың арасындағы дәнекер болып табылады», — деп сенсе, онда бұл – үлкен (яғни адамды Исламнан шығаратын) көпқұдайшылық.

2) Егер адам «салиқалы адам «әулие» өздігінше құт-берекелі, әрі оның құт-берекесі Аллаһтан емес» деп сенсе, онда бұл Исламмен ұштаспайтын үлкен көпқұдайшылық.

6.2. Салиқалы адамдармен жасалатын табарруктің шариғатпен заңдастырылған түрі 

Салиқалы адамдармен физикалық табаррук жасауға қатаң тыйым салынғандығы салиқалы адамдармен табаррук жасауға мүлде рұқсат етілмеген дегенді білдірмейді. Бұл онымен табаррук жасау рұқсат етілген, тіпті кұпталатын мағыналық құт-береке де бар екендігі себепті.

Мұның мағынасы мағыналық тұрғыдағы құт-береке салиқалы адамдардың жиналыстарында, олардың уағыз-насихаттарында, олардың білім үйірмелерінде бар болуымен түсіндіріледі. Біз олардың кеңестерінен, насихаттарынан, олардың мүміндер үшін жасайтын дұғаларынан және олардың кітаптары мен жазуларынан пайда аламыз.

Біз жоғарыда сөз еткен нәрселердің барлығы табаррук мәселесіне, сондай-ақ не нәрселерде құт-береке бар әрі оның қандай түрлері болатындығына  қатысты жалпы ережелердің түсіндірмесі еді. Ал заңдастырылмаған табаррук түрлерінің көп бөлігінің түсіндірмесі бөлім-бөліммен, әрқайсысы тиісті тарауда келеді.



[1] Әрі қарай мәтінде осы терминдердің барлығы араб тіліндегі және қазақ тіліндегі айтылу үлгісінде қолданыла береді.

[2] Ал кіші ширктің анықтамасына келер болсақ, ертедегі ғалымдардың сөздерінде ол кездеспейді. Сондықтан да қазіргі заман ғалымдарының сөздеріне жүгіну керек.

«Фатауа ләжнә даимада» 1/749 былай деп айтылған: «Кіші көпқұдайшылық – бұл көпқұдайшылыққа алып баратын себеп болып табылатын нәрселердің барлығы, егер қасиетті мәтіндер мұны ширк деп атаған болса».

Осыған ұқсас анықтама шейх Ибн ‘Усайминнің сөздерінде келтірілген («Мәжму’ Фатауа шейх Ибн ‘Усаймин» 2/203).

Шейх ‘Абдур-Рахман әс-Са’ди былай деген: «Кіші көпқұдайшылық – бұл үлкен көпқұдайшылыққа алып келетін барлық сөздер мен амалдар» (Қз.: «Қаул Садид» 32-бет). (Мұның барлығы шейх Мухаммад ибн Хизам әл-Бу’данидің «Тахқиқ Фатх ул-Мәжид» еңбегінде 136-бет келтірілген).

[3] Қазіргі замандағы Иордания, Сирия, Ливан және Палестина аймақтары.

[4] Жердің атауы

[5] Қажылық рәсімдерінің бірі

[6] ‘Уруа сол кезде әлі кәпір болатын, әрі осының барлығы Худайбийя келісім-шарты жасалатын кезде орын алған еді.

[7] Оны ‘Усман ибн ‘Аффан Арис құдығына түсіріп алып жоғалтқан.

[8] Олар Аббасилердің билік құруының соңғы кезеңінде, моңғол шапқыншылығы және осының салдарынан  хижраның 656-жылы Бағдадты өрт алған кезде жоғалды.

[9] Мұнымен тек «кейбір салиқалы адамдардың дәрежесі пайғамбарлардан да жоғарырақ» деп санайтын кейбір сопылық тариқаттар ғана келіспейді. Қз.: «Шарх «’Ақида әт-Тахауия»», 493-495 беттер.

[10] Имам ән-Нәуауи, Ибн Хәжар, әл-Мәзири және Кады ‘Ийяд сияқты кейбіреулерінен басқа. Бұл имамдар, өздерінің ұлығына қарамастан,  осы мәселеде қателескен еді, әрі оларды осы үшін Сүннеттің басқа имамдары сөгетін. Сондай-ақ бұл имамдар мұндай табаррукты жалпы түрде ғана рұқсат ететіндігін әрі оның шектен шыққан түрлерін рұқсат етпейтіндіктерін атап кету қажет.