Ақида,  Әдіснама

Бірқұдайшылыққа шақыру және адамдарға бірқұдайшылықтың мәнін егжей-тегжейлі түсіндіру қажеттілігі туралы

Оқырмандарымызға «Қабір-кесене-мазарларға, әруақ-әулиелер мен киелерге сиыну – қазақ халқын опат болуға алып баратын жол» атты кітабының бірінші тарауын ұсынамыз.

Жүктеп алу.

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

Аллаһ Тағала адамдарға бұйырған және Оның Елшісі Мухаммад шақырған нәрселердің ең маңыздысы әрі ең ұлысы бірқұдайшылық (таухид) болып табылады. Ал Аллаһ Тағала Өзінің жаратылыстарын сақтандырып ескерткен және тыйым салған, әрі Оның Елшісі  оған қарсы күрескен ең қауіпті және қорқынышты нәрсе – бұл көпқұдайшылық (ширк).

Дәл сол бірқұдайшылықтың (таухидтің) аса маңызды болуы себепті де, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға бірқұдайшылықты  түсіндірместен бұрын оларды еш нәрсеге шақырмайтын әрі оларға еш нәрсені түсіндірмейтін. Және көпқұдайшылықтың (ширктің) қауіптілігі әрі оның күнәсының өте ауыр болғандығы себепті де, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көпқұдайшылықты (ширкті) түсіндіріп бермей, адамдарды басқа еш нәрсеге шақырмайтын және оларға басқа еш нәрсені түсіндірмейтін.

Сол себепті де егер Аллаһ Тағала Өзінің Кітабында игі амалдар туралы айтатын болса және оларды орындауға үндесе немесе адамдарға қандай да бір нәрсені бұйырса, міндетті түрде ең бірінші кезекке бірқұдайшылықты ұстануға үндеу мен бұйрықты қояды да, тек содан соң ғана басқа да игі амалдар мен бұйрықтар туралы айтады.  Мен оқырманды мына аят туралы ойлануға шақырамын. Аллаһ Тағала былай деді: «Аллаһқа құлшылық етіңдер әрі Оған серік қоспаңдар. Ата-анаға, туысқандарға, жетімдерге … жақсылық жасаңдар» («ән-Ниса» сүресі, 4:36).

Аллаһ Тағала адамдарды игілікке үндей отырып, ең алдымен бірқұдайшылықтан бастағанына және тек содан соң ғана ата-ананың, туысқандардың, жетімдердің т.б. құқықтарына көшкеніне назар салыңыз.

Тура сол секілді, егер Аллаһ Тағала Өзінің Кітабында жаман амалдар мен күнәлар туралы айтса, оларды істеуді сөксе және оларды тастауға шақырса немесе адамдарға бір нәрсеге тыйым салса, онда міндетті түрде алдына көпқұдайшылықты сөгуді және оны жасауға деген тыйымды қояды да, тек содан соң ғана басқа жаман амалдар мен күнәлар туралы айтады.

Мен оқырманды мына аяттар туралы ойлануға шақырамын. Аллаһ былай деді: “(Оларға): «Келіңдер, сендерге Раббыларыңның арам еткендерін (тыйым салғандарын) оқиын: «Оған еш нәрсені серік қоспаңдар, әке-шешеге жақсылық істесеңдер, жарлылықтан қауіптеніп балаларыңды өлтірмеңдер», — де. Сендерді де, оларды да Біз ризықтандырамыз. Арсыздықтардың көрнеуіне де, көмесіне де жақындамаңдар. Және де Аллаһ өлтіруге тыйым салған кісіні өлтірмеңдер, егер бұған құқықтарың болмаса ғана. Сендерге осыларды Аллаһ әмір етті. Әрине, түсінерсіңдер(«әл-Әнғам» сүресі, 6:151).

Аллаһ Тағала адамдарды күнәларды тастауға шақырып, көпқұдайшылықты сөгуден бастағанына және тек содан соң ғана адам өлтірудің және басқа да зұлым істердің күнәсінің зор екен түсіндіруге көшкеніне қараңыз.

Тура соны «әл-Исра» сүресінің кейбір аяттарын оқу барысында да байқауға болады. Аллаһ Тағала тыйым салынған он сегіз нәрселерді тізіп, үкім айтады, әрі тізімді мына сөздерден бастайды: Аллаһпен бірге басқа құдайға құлшылық жасама! Әйтпесе қорланған түрде отырып қаласың. Раббың Өзіне ғана құлшылық етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің біреуі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ», — деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, оларға сыпайы сөз сөйле(«әл-Исра» сүресі, 17:22-23).

Содан соң Аллаһ Тағала адам өлтіру, зина жасау, таразыдан алдау, жетімдердің мал-мүлкін қақысыз иелену, такаппарлық т.б.с.с. күнәлар туралы айтады.

Кейін Аллаһ осы тыйымдарды мына сөздермен аяқтайды: «(Мухаммад,) міне осы — Раббыңның саған уахи еткен даналығынан; Аллаһпен бірге ешбір басқа құдайға құлшылық жасама, әйтпесе  сөгіс берілген, мархаметтен қуылған түрде Тозаққа тасталасың» («әл-Исра» сүресі, 17: 39).

Бірқұдайшылық (таухид) не екен және көпқұдайшылық (ширк) не екен?!

Бірқұдайшылықтың мәні тек жалғыз Аллаһ Тағала ғана Оған құлшылықтың барлық түрлерін арнауға лайық әрі бұған Одан өзге ешкім лайық емес екендігінде. Өйткені бір Ол ғана Ең көркем Есімдерге және Ең жоғары Сипаттарға ие және Ол ғана барлық болмыстың Жаратушысы әрі Раббысы болып табылады. Әрбір адам Аллаһтың жаратылысы бола тұра, осыны өзінің сенімдерімен, сөздерімен және амалдарымен мойындауға және растап бекітуге міндетті. Мұндай адам бірқұдайшыл болып табылады.

Ал кім құлшылық-ғибадаттың қандай түрін болса да Аллаһпен бірге кімге (неге) болса да арнаса, сол көпқұдайшыл болады, тіпті егер бір Аллаһ ғана барлық болмыстың Жаратушысы және Раббысы болып табылады деп мойындап, барлық жағынан ешкімді Аллаһқа теңемесе де.

Бірқұдайшылықтың және көпқұдайшылықтың жан-жақты түсіндірмесі осы кітаптың жеке тарауларында әлі кездеседі.

Ал неліктен Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз шақыруының алғашқы он жылында адамдарға бірқұдайшылық пен көпқұдайшылықтың мәнінен өзге еш нәрсе түсіндірмейтін еді?

Бұған көптеген себептер бар:

1) Аллаһ Тағала адамдар мен жындарды олар жалғыз Оған ғана құлшылық етулері үшін, өмір-тіршілікте бірқұдайшылықты іске асырулары үшін  және көпқұдайшылдар мен көпқұдайшылықтан бас тартып, қатыссыздық танытулары үшін жаратты, олар үшін көктердегі және жердегі барлық нәрселерді жаратты, оларға ризық береді әрі олардың тіршілік етуін қамтамасыз етуде.

Аллаһ былай деді: “«Шынымен де, Біз сендерді босқа жараттық та, тіпті Бізге қайтарылмаймыз деп ойлайсыңдар ма?», — дейді. Шынайы патша Аллаһ бұдан өте Жоғары! Одан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Ол ардақты Аршының Раббысы(«Мүминүн» сүресі, 23:115-116).

Ол сондай-ақ былай деді: «Мен жындар мен адамдарды олар тек Маған құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» («әз-Зәрият» сүресі, 51:56).

Осыдан шыға келе, бұл дүниеде өмір сүруші адам көптеген жақсылықтар жасаса әрі айналасындағыларына зиян тигізбесе, бірақ сонымен бірге ол бірқұдайшыл болмаса, әрі көпқұдайшылықтан өзін аулақ ұстамаса, онда ол Аллаһ Тағала оны сол үшін жаратқан және оның өмір-тіршілігін қамтамасыз етіп тұрған міндеттілікті орындамаған болады. Ол түрлі мақсаттарда қолданылған, бірақ өзінің негізгі мақсатына сәйкес ешқашан пайдаланбаған зат сияқты болады.

2) Аллаһ Тағала адамнан, ол бірқұдайшылықты ұстанбайынша, оның жақсы амалдарын қабыл етпейді.

Аллаһ былай деді: «Олардың сарп қылғандарын олардан қабыл болуына кедергі болған жағдай – тек қана Аллаһқа және Елшісіне қарсы болғандықтары, намазды өте жалқаулықпен орындаулары және аса жек көрген түрде мал сарп қылулары» («әт-Тәуба» сүресі, 9:54).

Ол сондай-ақ былай деп айтты: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ екендігін біл, содан соң күнәң үшін кешірім сұра» («Мухаммад» сүресі, 47:19).

Бұл «егер адам бірқұдайшылықтың мәнін түсінбесе әрі оны ұстанбаса, онда Аллаһ Тағала оның кешірім тілеуін қабыл етпейді» дегенді білдіреді.

3) Адамдар бірқұдайшылықты ұстанулары үшін және көпқұдайшылықтан қайтулары үшін ғана Аллаһ Тағала Өзінің Кітабын түсірді.

Аллаһ былай деді: «Әлиф. Ләм. Ра. Бұл — аяттары аса Дана, толық Хабардар тарапынан ашық баян етілген, сонсоң түсіндірілген  бір Кітап. Сендер Аллаһтан басқа ешкімге құлшылық қылмауларың үшін» («Худ» сүресі, 11:1-2).

Ханафи мәзһабының ең ұлы имамдарының бірі— имам Ибн Абил-‘Изз әл-Ханафи (792 х/ж)[1] былай деген: «Құранның сүрелерінің басым бөлігі бірқұдайшылық түрлерінің мәні туралы айтады, бұдан қалса, бұл туралы оның барлық сүрелері айтады.  Ардақты Құран не Аллаһ туралы, яғни Оның Есімдері, Сипаттары және Іс-Әрекеттері жайында баяндайды, ал бұл Аллаһ Тағаланы танудағы бірқұдайшылық болып табылады, не Аллаһқа ешкімді (еш нәрсені) серік қоспаған күйде бір Оған ғана құлшылық етуге және Одан басқа кімге (неге) болса да құлшылық етуден аулақ болуға шақырады. Ал бұл – құлшылықтағы бірқұдайшылық. Немесе Құран игі істер туралы баяндап, жаман істерге тыйым салады, және бұл – бірқұдайшылықтың қақысы және көркі. Немесе Құран бірқұдайшылдардың көретін игі сыйы мен Аллаһ Тағаланың қалайша оларды бұл дүниеде де, Ақыретте де игіліктерге бөлегендігі туралы хабарлайды, ал бұл – бірқұдайшылық үшін берілетін сый туралы баяндау. Немесе ол бізге көпқұдайшылдар және олар бұл дүниеде және Ақыретте қандай жазаларды тартатындығы туралы баяндайды, ал бұл — өз кезегінде, бірқұдайшылықты ұстанудан бас тартатындар туралы баяндар.  Сөйтіп, Құран түгелімен бірқұдайшылық, оның қақылары және ол үшін берілетін сый немесе көпқұдайшылық, көпқұдайшылдар және олардың жазасы туралы айтады». Қз.: «Шарх ақида әт-Тахауия» 31-бет.

4) Сондықтан да егер адам Құранның бетін ашып, оны ең басынан оқи бастаса, оқу барысында оған кездесетін ең бірінші бұйрық бірқұдайшылыққа деген бұйрық болады: «Әй, Адам баласы! Сондай сендерді де, сендерден бұрынғыларды да жаратқан Раббыларыңа құлшылық қылыңдар! Әрине, сақтанған боларсыңдар» («әл-Бақара» сүресі, 2:21).

Осының растауын біз ханафи имамдарының сөздерінен табамыз, олардың қатарында  имам Ибн Абил-‘Изз (792 х/ж) және имам ‘Али әл-Қари (1014 х/ж) бар. Олардың екеуі де былай деген: «Алдынғы ізгі ұрпақ өкілдерінің (сәләфтардың) барлығы әрбір адамның ең бірінші және ең соңғы парызы (міндеті) – бұл бірқұдайшылық екеніне бірауызды келіскен». Қз.: «Шарх ақида әт-Тахауия» 17-бет және «Минах әл-Азхар» 17-бет.

5) Елшілердің барлығы бірқұдайшылықты түсіндіру мақсатымен ғана жіберілді.

Аллаһ былай деді: Расында, әр үмметке: «Аллаһқа құлшылық қылыңдар және тағуттан[2] аулақ болыңдар!», — дейтін елші жібердік“ («ән-Нәһл» сүресі, 16:36).

Сондай-ақ Ол: (Мухаммад,) сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек, оған: «Күдіксіз, Менен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Ендеше Маған ғана құлшылық қылыңдар!», — деп қана уахи етіп, жібердік («әл-Әнбия» сүресі, 21:25).

6) Әрі Аллаһтың әрбір елшісі шындығында да өз қауымына: «Әй, қауымым! Аллаһқа құлшылық қылыңдар, өйткені сендердің Одан басқа құлшылыққа лайықты құдайларың жоқ» («әл-Әғраф» сүресі, 7:73), — деп айтты.

7) Бұл — адамдарды оған шақыру қажетті болған нәрсенің  ең біріншісі.

Ибн ‘Аббас Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Му’азды Йеменге аттандырған кезінде оған былай деп айтқанын жеткізген: «Сен Кітап иелеріне барасың, ендеше оларды шақыратын алғашқы нәрсең Аллаһтан өзге құлшылыққа лайықты құдай жоқ және Мухаммад – Оның құлы әрі елшісі екендігі туралы куәлік болсын! Ал егер олар осыда саған бағынса, онда Аллаһ оларды күніне бес уақыт намазбен міндеттегенін хабарла….» (хадис сенімді (сахих); Бухари 4347; Муслим 30).

Осы хадистен көрінетініндей, бірқұдайшылықты өмірге енгізу негіз болып табылады, әрі тек осыдан соң ғана адамдарға намаз орындаудың, зекет берудің қажет екендігі туралы түсіндіріледі, жақсы мінез-құлыққа т.б. үндеуді айтпай-ақ қойғанда. Мұның себебі намазды да, зекетті де, жақсы мінез-құлықты да Аллаһ тек бірқұдайшылдан қабыл ететінінде!

8 ) Сондықтан Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз халқына айтқан алғашқы нәрсе келесі еді: ”Уа, адамдар! «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ», — деп айтыңдар, сонда табысқа жетесіңдер!” (хадис сенімді (сахих); Ибн Аби Шәйба 14/300; Ибн Хузайма 1/82; Ибн Хиббан (6562) және басқалар).

Әрі бұл шақыру тек тілдегі шақыру ғана болып қалмады. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдармен өз қарым-қатынастарын осы шақырудың негізінде құратын.

‘Уқба ибн ‘Амир әл-Жухани былай деп баяндайтын: “Бірде Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір топ адам келді. Ол олардың тоғызынан ант қабылдады да, біреуінен қабылдамады. Сонда олар: «Уа, Аллаһтың Елшісі, Сен тоғызымыздан антты қабылдап, біреуімізден қабылдамадың ғой?», — деп айтты. Сонда ол: «Ақиқатында, оған тұмар тағылған», — деді. Сонда әлгі адам қолын омырауына салып өзінен тұмарды жұлып алды, содан соң Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның антын қабылдады да: «Өзіне тұмар таққан – көпқұдайшылық жасады», — деді” (хадис жақсы (хасан); Ахмад 4/156; әл-Хаким 4/219).

9) Сондай-ақ бірқұдайшылық адамдарды оған шықыру қажетті болған нәрсенің ең соңғысы да.  Аллаһ былай деді: Яқубқа өлім келген сәтте балаларына: «Мен қайтыс болған соң кімге құлшылық қыласыңдар?», — дегенде олардың қастарында бар ма едіңдер? Сонда олар: «Сенің Құдайыңа әрі аталарың – Ибраһимнің, Исмаилдің және Исхақтың Құдайына, Жалғыз Құдайға құлшылық қыламыз. Сондай-ақ жалғыз Соған бой ұсынамыз», — деген еді“ («әл-Бақара» сүресі, 2:133).

Ханафи имамдарының кітаптарын ашып қараған адам, осы негіздерді растайтын көптеген мәтіндерді көре алады. Қз.: Абу Лләйс әс-Самарқанди «Бахр» 1/486; ән-Нәсафи «Мәдарис» 1/90; әл-Алюси «Рух ул-ма’ани» 1/388 және басқалар.

10) Бұл Исламдағы адамға қойылатын соңғы бұйрық.

Абу Са’ид әл-Худри Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: ”Жан тапсырып (өлім аузында) жатқандарыңызды: «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ», — деп айтуға мәжбүрлеңдер.  Кімнің өлім алдындағы соңғы сөздері «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ» болса, мәңгілік күндерінің бір күнінде Жәннатқа кіреді, тіпті оған дейін оның басына түсетін нәрселер түссе де” (хадис сенімді (сахих); Муслим 916).

Осының барлығы әрі басқа да көптеген нәрселер бізді адамдарды бірқұдайшылыққа (таухидке) шақыруға ерекше мұқият назар қоюымызға мәжбүрлейді. Алайда осы жерде мен бір маңызды жайтқа назар бұрғым келеді: бірқұдайшылықтың мәнін түсіндіріп беруге тек кәпірлер ғана емес, алайда ең бірінші кезекте мұсылмандардың өздері және өздерін мұсылманмын деп санайтындар мұқтаж.

Сіздер: «Не үшін?», — деп сұрауларыңыз мүмкін. Біз сіздерге былай деп жауап береміз: Мұсылмандардың басым бөлігі және мұсылман халықтары жалпы алғанда бірқұдайшылықтың мәнін, «Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ» («лә иләһә иллә-Ллаһ») сөздері не мағынаны білдіретітінін түсінбейді. Бұл жастарға да қатысты.

Ал көшедегі адамдарға келер болсақ, олар: «Біз Аллаһқа сенеміз!», — деп айтады. Ал егер сіз олардан: «Сендер «Аллаһқа сенемін» деген сөзбен нені меңзейсіңдер?», — деп сұрасаңыз, олар сізге: «Біз Аллаһтың бар екендігіне сенеміз, — немесе, — Біз Аллаһ барлық нәрсені жаратқандығына сенеміз», — деп жауап береді. Ал егер сіз олардан: ”«Лә иләһә иллә-Ллаһ» куәлігі не мағынаны білдіреді?”, — деп сұрасаңыз, олар сізге:  «Бұл «Аллаһ сияқты ешкім жоқ» дегенді білдіреді», — деп жауап береді.

Біз алдын да айтып кеткеніміздей, бірқұдайшылықтың мәнін және «лә иләһә иллә-Ллаһ» куәлігінің мағынасын түсіндіру, Аллаһтың рұқсат етуімен, осы кітаптың кейінгі тарауларында әлі келеді, алайда алдын ала мынаны айтқымыз келеді: бірқұдайшылықтың мәнін осылайша түсіну толық болып табылмайды және адамды мұсылман етпейді. Мұндай адам кәпір болып қала береді де, осы көзқарастарында (табанды түрде) қайтыс болып кетсе, оның мәңгілік мекені Тозақ болады.

Бұл оған мәңгі Тозақ уәде етілген кез-келген көпқұдайшылдың (мүшриктің) Аллаһ бар екендігін және Аллаһ Тағала барлық нәрсені жаратқандығын білетіндігінен. Алайда, бұған қарамастан, ол құлшылық-ғибадаттарының кейбір түрлерін Аллаһпен бірге тағы біреулерге арнайтын болғандықтан. Өйткені ол жалғыз Аллаһқа ғана емес, Аллаһпен қоса басқа нәрселерге құлшылық еткендігі себепті де «көпқұдайшыл-мүшрик» деп аталады ғой.

Ал куәлікті «Аллаһ сияқты ешкім жоқ» деп түсінуге келер болсақ, онда ол түп тамырымен дұрыс емес, өйткені бұл куәлікке ешбір көпқұдайшыл (мүшрик), бұдан қалса жер бетіндегі бірде-бір адам қарсы болмайды.  Мұның жан-жақты түсіндірмесі осы кітапта әлі алда келеді. Ал осы жерде мен ханафи мәзһабының кейбір үлкен имамдарының сөздерін келтірумен ғана шектелемін.

Имам Мухаммад әс-Сахсауани (1326 х/ж) былай деген: «Біл, Аллаһ Тағаланың  елшілерді жіберуі мен Құранды түсіруі жаратылыстарға Ол оларды жаратқанын және оларға ризық беретінін түсіндіру үшін емес еді. Бұл мұны кез-келген көпқұдайшыл Кітап түсірілгенге дейін де мойындағандығы себебінен». Қз.: «Сыянат ул-инсан» 164-бет.

Имам әл-Хужанди (1379 х/ж) былай деген: “«Лә иләһә иллә-Ллаһ» («Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ») сөздері Ислам мен күпірлікті ажырататын сөздер болып табылатынын біл…  әрі бұл жерде осы сөздерді олардың мағынасын түсінбестен, тек тілмен ғана айту меңзеліп тұрған жоқ, бірақ олардың мағынасын түсінген және оларға бағынған күйде оларды тілмен айту меңзеліп тұр“. Содан соң имам кейбір дәлелдерді келтірді де, кейін былай деді: «Және адамдардың көпшілігінің бұл куәліктің мағынасына қатысты надандықтары айқын көрінетін басқа да хадистер (бар). Сондықтан бұл сөздердің мағынасын білген және оған жүрегімен сенген күйде оларды айтқан адам Исламға кіреді және Жәннат тұрғындарының біріне айналады». Қз.: «Мифтах ул-Жәнна», 38-39 бет.

Осы имамдардың сөздерін оқығаннан соң, адамдарға бірқұдайшылықтың мәнін түсіндіретін, олардың күмәндарын таратып, оларға осыны үнемі ескертетін және оларды түзететін білім иелерінің керек екендігі түсінікті болады.

Имам әш-Шәукани былай деген екен: «Бұл қара халықтың адасушылығының себебі олар ата-аналары мен ағайын-туыстарының арасында өмір сүріп, оларды осы сенімдерде екенін көріп, осы сенімдерді олардан қабылдап алуында. Адамдар бұл сенімдерді өздерінен алдынғы буыннан алады: соңғылары алғашқыларынан… ал мәселенің мәнін ұғып түсінгендердің және білім иелерінің үнсізідігі, олардың әрекетсіздігі және оны адамдарға түсіндіруден бас тартуы бұл адамдардың сол сенімдерінде қала берулеріне себеп болады».  Қз.: «Адаб ут-таләб» 16-бет.

Ал көп жылдардан бері мешіттерге барып, намаздарын орындап жүрген адамдарға келер болсақ, олардың жағдайы көшедегі адамдардан едәуір жақсы. Алайда оларға “«Лә иләһа иллә-Ллаһ» куәлігі нені білдіреді?” деген сұрақты қойып көріңіз. Олар: «Аллаһтан басқа құдай (тәңір) жоқ», — деп айтады. Онда олардан: ”Аллаһ Тағаланың «Құмарлығын өзінің құдайы етіп алған біреуді көрдің бе?»(«әл-Жәсия» сүресі 45:23) деген сөздері нені білдіреді?”, — деп сұраңыз. Бұл аяттан Аллаһ Тағала «құмарлық» деп аталатын құдайдың бар екендігін айтып тұрғаны айқын болады ғой? Олардың көпшілігінің жауабы  сіздің көңіліңізді түсіріп жіберетініне біз сенімдіміз.



[1]Жақшалардың ішінде ғалымның мұсылман жыл санауы һижра бойынша қайтыс болған жылы беріледі.

[2]«Тағут» — бұл Аллаһтан өзге оған құлшылық етіп, құдайлық сипатқа бөлейтін барлық нәрсе.