Фиқһ мәселелері

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы (34)

Шейх М.Н. әл-Әлбанидің «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы, тәкбірден сәлемге дейін, оны өзіңіз көргеніңіздей» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз.

(Бірінші) сәждеден кейін  бой түзеп отыру туралы

«الرَّفْعُ مِنَ السُّجُودِ»

Кейін «ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сәжде жасағаннан соң, тәкбір айтып, басын көтеретін»[1] және «намазды нашар орындаған адамға»:

«لاَتَتِمّ صَلاةُ لِأَحَدٍ مِنَ النَّاسِ حَتَّى… يَسْجُدَ، حَتَّى تَطْمَئِنَ مَفَاصِلُه، ثُمَّ يَقُولُ: «اللهُ أكْبَرُ»، وَيَرْفَعُ رَأسَهُ حَتَّى يَسْتَوِي قَاعِداً».

«Адамның намазы, …. ол буындары тынышталғанға дейін сәжде жасамайынша, ал кейін: «Аллаһу әкбар! (Аллаһ Ұлы!)», — деп, басын көтермейінше және тік отырмайынша, толық болмайды», — деп айтып, осыны бұйырған[2]. Сондай-ақ кейде «ол осы тәкбірді айтқан кезінде екі қолын көтеретін»[3].

Кейін «ол сол аяғын (астына бүгіп) жерге төсейтін және  оның үстіне [босаңсып] отыратын»[4]; ол «намазды нашар орындаған адамға» осыны бұйырып, былай деп айтқан:

«وَإِذَا سَجَدْتَ فَمَكِّنْ لِسُجُودِكَ فَإِذَا رَفَعْتَ رَأْسَكَ فَاجْلِسْ عَلَى فَخِذِكَ الْيُسْرَى».

«Сен сәждеге барған кезіңде, (жерге) мығым тірел, ал кейін, (одан) көтерілгеніңде, сол саныңның үстіне отыр»[5]. (Осылайша отыру үлгісі «ифтираш» деп аталады – Аудармашының ескерпесі).

«Ол оң аяғының (табанын) тік қоятын»[6] және «оның башпайларын Қыбла жаққа қарататын»[7].

Екі сәжденің арасында «иқ‘а’» [8] үлгісімен отыру туралы

«الإِقْعَاءُ بَيْنَ السَجْدَتَيْنِ»

 «Кейде ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) [екі табанының екеуіне де және аяғының (барлық) саусақтарына сүйеніп отырып,] «иқ‘а’» үлгісімен отыратын»[9].

Екі сәжде арасында тыныштық сақтаудың міндеттілігі туралы

«وُجُوبُ الطَّمْأَنِيْنَةِ بَيْنَ السَجْدَتَيْنِ»

«Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әрбір сүйегі өзінің (бастапқы) орнына қайта келмейінше босаңситын»[10] және «намазды нашар орындаған адамға» осыны бұйырып, оған (және басқа адамдарға):

«لاَ تَتِمّ صَلاَةُ أَحَدِكُم حَتَّى يَفْعَلَ ذَلِكَ».

«Егер осылай істемесеңдер, сендердің ешқайсыларыңның намаздарың толық болмайды», — деп айтты[11].

Сондай-ақ «оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі сәжде арасында отыруы ұзақтығы бойынша шамамен  сәжде жасау уақытымен бірдей болатын»[12], ал кейде «ол екі сәжденің арасында (соншалықты ұзақ) отыратын — тіпті кейбір (адамдар) ол (екінші сәжде туралы) ұмытты деп ойлайтын»[13].

Екі сәжденің арасында айтылатын зікірлер

« الأَذْكَارُ بَيْنَ السَجْدَتَيْنِ»

Екі сәжденің арасында отыру кезінде ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтатын:

 1.«اللَّهُمَّ [رّبِّ]! اغْفِر لِي، وِارْحَمْنِي، [وَاجْبُرْنِي]، [وَارْفَعْنِي]، وَاهْدِنِي، [وَعَافِنِي]، وَارْزُقْنِي».

Аллаһуммә, [басқа бір нұсқада: Рабби] ғфир ли, уа-рхам-ни, [уа-жбур-ни], [уа-рфә‘-ни], уа-һди-ни, [уа‘афи-ни], уа-рзу-қни.

«Уа, Аллаһ, [басқа бір нұсқада: Раббым] мені кешір және рақым ет, [және маған күш бер], [және мені көтермеле] және мені тура жолға сала гөр, [әрі мені ғафу ет] және маған ризық бер!»[14]

Немесе кейде ол былай деп айтатын:

 2. «رّبِّ! اغْفِر لِي اغْفِر لِي»

Рабби-ғфир ли, ғфир ли.

«Раббым, мені кешір, кешір мені!»[15].

Ол сондай-ақ осы екі дұғаны қосымша түнгі намаздарын орындау кезінде де айтатын[16].

Екінші сәжде

«السَّجْدَةُ الثَّانِيّةُ»

 Кейін «ол тәкбір айтып, екінші сәждені орындайтын»[17]. Ол осылай істеуді «намазды нашар орындаған адамға» бұйырып, мұны екі сәжде арасында толық отыру туралы айтқан соң: «…Кейін: «Аллаһ Ұлы (Аллаһу әкбар)!», — деп айт та, барлық буындарың босаңсығанына дейін сәжде жаса [әрі осыны әр намазыңда істе]», — деді[18].

Сондай-ақ кейде «ол осы тәкбірді айтқанда (сәждеге барарда – ред.) екі қолын көтеретін»[19].

Ол бұл сәждені тура бірінші сәждені орындағандай етіп орындайтын. Кейін «ол тәкбір айтып, басын көтеретін»[20] және «намазды нашар орындаған адамға» осылай істеуді бұйырып, екінші сәждені жасау туралы бұйрығынан соң: «…Кейін тәкбір айтып, басыңды көтер», —  деді[21].

Ол оған сондай-ақ:

«[ثُمَّ اصْنَعْ ذَلِكَ فِي كُلِّ رَكْعَةٍ وَسَجْدَةٍ]، فَإذَا فَعَلْتَ ذَلِكَ؛ فَقَد تَمّتْ صَلاَتُكَ، وَإِنْ أنْقَصْتَ مِنْهُ شَيْئاً؛ أنْقَصْتَ مِنْ صَلاَتِكَ».

«[…Кейін әрбір рукуғ пен сәждені жасаған кезіңде осылай істе], өйткені егер сен осылай істесең, намазың толық болады, ал егер осыдан бір нәрсені жіберіп алсаң, намазың (соңына) дейін аяқталмаған болады, — деп айтқан [22].

Сондай-ақ кейде «ол осы тәкбірді айтқан кезде (сәждеден тұрғанда – ред.) екі қолын көтеретін»[23].

Демалыс отырысы  (жәлсат әл-истираха)

«جِلْسَةُ الاِسْتِرَاحَةِ»

Кейін «ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бойын түзеп [әрбір сүйегі өз орнына келгенге дейін сол аяғының үстіне, тік] отыратын»[24].

 Келесі ракағатты жасау үшін екі қолға сүйеніп тұру туралы

«الاِعْتِمَادُ عَلَى اليَدَيْنِ فِي النُّهُوضِ إِلَى الرَّكْعَةِ»

 Кейін «ол екінші ракағатты орындау үшін (екі қолымен) жерге сүйеніп тұратын»[25]. Сондай-ақ «ол намаз кезінде орнынан тұрғанда қолына сүйеніп, саусақтарын жұдырыққа түйетін[26]»[27].

«Ол екінші ракағатты орындау үшін орнынан тұрған кезінде, (оны):

الحمد لله رب العالمين

«Әлхамду лиЛләһи раббил ‘аләмин (Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ!)» («әл-Фатиха» сүресі, 1-аят), — деп бастаған, әрі (осы орайда) үзіліс  жасамайтын»[28].

Ол бұл ракағатта біріншісінде істеген нәрселерді істеп, жоғарыда айтылғандай, оны біріншісінен қыска ететін.



[1] Әл-Бухари және Муслим.

[2] Абу Дәуд және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген, және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[3] Әл-Бухари «Жуз’ Раф‘ әл-Йадайн фи-с-Саләт» кітабында, Абу Дәуд, Муслим және Абу Ауана бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» (316) кітабында келтірілген. Осы жерде, әрбір тәкбірді айтатын кездегідей, екі қолды көтеру туралы имам Ахмад айтатын, бұл туралы Ибн әл-Қайим «әл-Бәдаи‘» (3/89) кітабында былай деп келтіреді: «Әсрам (кітаптың түпнұсқасында Ибн әл-Әсрам) одан (имам Ахмадтан) оған намазда екі қолды көтеру туралы сұрақ қойылғанда, ол: «Әр еңкейгенде және көтерілгенде», — деп жауап бергенін жеткізген». Бұдан тыс осы пікірді шәфи‘и мазһабының өкілдерінен Ибн әл-Мунзир және Абу Али ұстанған және имам Мәлик пен әш-Шәфи‘идің өздері де, бұл туралы «Тарх әт-Тасрибте» хабарланатындай. Осылай қол көтеру туралы  Әнас ибн Мәликтен, Ибн Омардан, Нәфи‘ден, Тауустан, әл-Хасан әл-Бәсриден, Ибн Сириннен және Әййуб әс-Сихтианиден де жеткізіледі, — олардан жеткен бұл сенімді хабарлардың барлығы «Мусаннаф Ибн Аби Шәйба» (1/106) кітабында келтіріледі.

[4] Ахмад және Абу Дәуд бұл хадисті жақсы иснадпен келтіреді.

[5] Әл-Бухари және әл-Бәйһақи.

[6] Ән-Нәса’и бұл хадисті жеткізушілердің  сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[7] Муслим, Абу Ауана, Абу әш-Шайх Ибн Хаййан «Ма рауаху Абу әз-Зубайр ‘ан Ғайр Жәбир» (№№104-106) және әл-Бәйһақи.

[8] Осы күйде намаз орындаушы балтырларын сандарының астына жинап, екі аяқтарының табандарын жерге тіреп, олардың үстіне отырады. Қз.: Сафий әр-Рахман әл-Мубаракфури «Итхаф әл-Қирам» (Аудармашының ескертпесі).

[9] Муслим, Абу Ауана, Абу әш-Шайх «Ма рауаха Абу әз-Зубайр ‘ан Ғайр Жәбирде» (№№104-106) және әл-Бәйһақи. Ибн әл-Қайим (Аллаһ оны рақым етсін) мұны назарынан жіберіп алды және Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі сәжденің арасында «ифтираш» үлгісін қабылдағанын атап айтқан соң: «Одан отырудың басқа ешқандай тәсілі сақталмаған!», — деді. «Иқ‘а’» үлгісінде отыру Ибн Аббастан жеткен хадисте Муслимнің, Абу Дәудтың және әт-Тирмизидің жинақтарында әрі басқа да хадис кітаптарында келтірілсе және соңғысы оны сенімді деп айтқан болса (Қз.: «Силсиләт әл-Әхадис әс-Сахиха», 383); әл-Бәйһақидің  жинағында Ибн Омардан жақсы тізбек арқылы жеткізілген, Ибн Хәжар оны сенімді деп айтқан хадис келтірілсе, мұндай тұжырым қалайша дұрыс болмақ?!  Бұдан бөлек, Абу Исхақ әл-Харби «Ғариб әл-Хадисте» (5/12/1) Тауустан, ол Ибн Омар мен Ибн Аббастың «иқ‘а’» үлгісімен отырғандарын көргендігін келтіреді — бұл хабардың тізбегі сенімді. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабіріне нұсқап: «Мына қабірде жатқан (кісіден) басқа әрбіріміздің сөзіміз қабылдануы да, кері қайтарылуы да мүмкін», — деп айтқан имам Мәликті   Аллаһ Өзінің рақымына  бөлесін. Осы Сүннетті кейбір сахабалар, олардың ізбасарлары және басқа адамдар ұстанған, ал осы жерде қозғалған мәселені мен толығырақ осы кітаптың түпнұсқасында («әл-Әсл») келтірген болатынмын. Әрине, (отырудың) бұл «иқ‘а’» үлгісі тыйым салынған үлгідегідегі (отырудан) ерекшеленеді, бұл туралы «Тәшаһһуд» тарауында сөз болмақ.

[10] Абу Дәуд және әл-Бәйһақи бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[11] Абу Дәуд және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[12] Әл-Бухари және Муслим.

[13] Әл-Бухари және Муслим. Ибн әл-Қайим былай деп айтқан: «Адамдар сахабалардың дәуірі аяқталған соң бұл Сүннеттен бас тартты. Алайда Сүннетті басшылыққа алған және оған қайшы келетін нәрселерге алаңдамайтын адам, осы Басшылықтан ерекшеленетін нәрселерге көңіл бөлмейді».

[14] Абу Дәуд, әт-Тирмизи, Ибн Мәжаһ және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[15] Ибн Мәжаһ бұл сөздерді жеткізушілердің жақсы тізбегі арқылы келтіреді. Имам Ахмад Аллаһқа осы дұға арқылы жалбарынуды абзал көрген. Исхақ ибн Раһауайһ былай деп айтқан: «Егер адам қаласа, осы сөздерді үш рет қайталап айтса болады немесе ол: «Уа, Аллаһ, мені кешір…», — десе де болады, өйткені екі сәжденің арасындағы осы екі дұға туралы Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хабарланады («Мә-сә’ил әл-Имам Ахмад уа Исхақ ибн Раһауайһ», Исхақ әл-Мәруазиден жеткен хадистер бойынша, 19-бет).

[16] Бұл жайт парыз намаздарын орындау кезінде Аллаһқа осындай дұғалармен жалбарынудың заңды екенін жоққа шығармайды, өйткені бұл жерде парыз және нәпіл намаздардың арасында қандай да болмасын айырмашылық жоқ. Бұл пікірді әш-Шәфи‘и, Ахмад және Исхақ сынды имамдар ұстанған. Әт-Тирмизи хабарлағанындай, олар бұл (амал) парыз және қосымша намаздарда рұқсат етілген деп есептеген. Имам әт-Тахауи де осы пікірге қосылып, бұл туралы  «Мушкил әл-Асарда» жеткізген. Осы жерде қозғалған мәселенің тиісті талдауы осы дәйекті растайды, өйткені «намазда Аллаһты еске алу сөзі (зікір) өз күшін жоғалтады» деген ереже жоқ. Осы ереже аталған жағдайда да күшке ие.

[17] Әл-Бухари және Муслим.

[18] Абу Дәуд және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен. Жақшалардың ішіндегі қосымшаны әл-Бухари және Муслим келтірген.

[19] Абу Ауана және Абу Дәуд бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбектері арқылы келтіреді. Деректе хабарланғандай, осындай үлгімен қол көтеруді жақтап Ахмад, Мәлик және әш-Шәфи‘и сынды имамдар пікір айтқан. «Бірінші сәждеден кейін бой түзеп отыру туралы» тараудағы соңғы ескертпені қараңыз.

[20] Әл-Бухари және Муслим.

[21] Абу Дәуд және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[22] Ахмад және әт-Тирмизи, соңғысы бұл хадисті сенімді деген.

[23] Абу Ауана және Абу Дәуд бұл хадисті жеткізушілердің екі сенімді тізбектері арқылы келтіреді. Осындай үлгімен қол көтеруді жақтап Ахмад, Мәлик және әш-Шәфи‘и сынды имамдар пікір айтқан.

[24] Әл-Бухари және Абу Дәуд. Фақиһ ғалымдарға бұл отырудың үлгісі «жәлсат әл-истираха» (демалыс отырысы) деген атпен белгілі. Имам әш-Шәфи‘и мұны құптаған. «Әт-Тахқиқ» (1/111) кітабында келтірілгендей, имам Ахмад та  «жәлсат әл-истираханы» құптаған, ал ол Сүннетке қайшы келмейтін нәрселерде оған ілесуге ұмтылғанымен көпке танымал еді. Ибн Һани «Мәса’ил әл-Имам Ахмад» (42-бет) кітабында былай деп хабарлаған: «Мен Абу Абдуллаһтың (имам Ахмад) келесі ракағатты орындау үшін орнынан тұрған кезінде кейде екі қолына сүйеніп тұратынын, ал кейде отырған күйінде бойын түзеп, содан соң (ғана) орнынан тұратынын көретінмін». Бұл пікірді  имам Исхақ Ибн Раһауайһ та абзал көріп, әрі «Мәса’ил әл-Мәруази» (1/147/2) кітабында: «Орыннан тұрған кезде екі қолға сүйену өнегесі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тарапынан көрсетілген болатын, (намаз орындаушы) қария немесе жасөспірім болса да», — деген. Сондай-ақ қз.: «әл-Ируа’» (2/82/3).

[25] Әл-Бухари және әш-Шәфи‘и.

[26] Сөзбе-сөз: «қамыр илеуші адам секілді».

[27] Абу Исхақ әл-Харби бұл хадисті жеткізушілердің мінсіз (салих) тізбегі арқылы жеткізген. Бұл хадистің мағынасын сондай-ақ әл-Бәйһақи де жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтірген. Ал «Ол жебе сияқты қолына сүйенбестен орнынан тұратын» деген хадиске келер болсақ, ол жалған және ойдан шығарылған (мәуду‘), әрі осыған ұқсас мағынадағы барлық хабарлар, мен (мұны) «Силсиләт әл-Әхадис әд-Да‘ифада» (562, 929, 968) түсіндіргенімдей, не әлсіз, не сенімсіз.

[28] Муслим және Абу Ауана. Бұл хадисте «тәрк етілетін үзіліс» дегеннің астарында намаздың басында оқылатын дұғаны (ду’а әл-истифтах) оқу үшін жасалатын үзіліс түсініледі, әрі ол өзіне шайтанның кесірінен пана тілеп, Аллаһқа жалбарыну сөздерін (исти‘аза — «А‘узу би-Лләһи мин әш-шайтан….») қамтымауы да мүмкін; немесе бұл үзіліс едәуір кеңірек мағынаға ие.   Бірінші тұжырым маған барынша сенімді болып көрінеді. Ғалымдарда «исти‘аза» сөздерін (әрбір ракағатта) айту туралы екі пікір бар, әрі біз: «Олардың ішіндегі ең дұрысы әрбір ракағатта осы сөздерді айтуды жақтайтыны болып табылады», — деп санаймыз. Бұл мәселе толығырақ осы кітаптың түпнұсқасында («әл-Әсл») қарастырылған.

жалғасы бар