Фиқһ мәселелері

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы (33)

Сәжде

«السُّجُودُ»

Кейін «ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тәкбір айтатын және сәжде жасау үшін еңкейе түсетін»[1], әрі «намазды нашар орындаған адамға»:

«لاَ تَتِمُّ صَلاَةُ لأَحَدٍ مِنَ النَّاسِ حَتَّى … يَقُولُ: سَمِعَ اللَّهُ لِمَنْ حَمِدَهُ؛ حَتَّى يَسْتَوِى قَائِمًا ثُمَّ يَقُولُ: اللهُ أكْبَرُ، ثُمَّ يَسْجُدُ حَتَّى تَطْمَئِنَّ مَفَاصِلُهُ».

«Адам: «Сами‘а-Ллаһу ли-ман хамидаһу (Аллаһ Өзіне мақтау-мадақ айтушыларды (айтушыны) естісін (естіді)!)», — деп айтпайынша және бойын толық тік түзеп тұрмайынша, ал содан соң: «Аллаһу акбар! (Аллаһ ұлы!)», — деп айтпайынша және буындары тынышталғанға дейін сәжде жасамайынша, оның намазы толық болмайды…», — деп, осылай істеуді бұйырды»[2].

Сондай-ақ «ол сәжде жасағысы келгенде, тәкбір айтатын [және екі қолын бүйірінен ажырататын], ал содан соң сәжде жасайтын»[3].

Кейде «ол сәжде жасаудан бұрын екі қолын көтеретін»[4].

Сәждеге екі қолмен бару туралы

«الخُرُورُ إِلى السُّجُودِ عَلَى اليَدَيْنِ»

«Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі қолын жерге тізелерінен бұрын қоятын»[5].

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) басқа (адамдарға) осылай істеуді бұйырып:

«إِذَا سَجَدَ أَحَدُكُمْ؛ فَلاَ يَبْرُكْ كَمَا يَبْرُكُ الْبَعِيرُ، وَلْيَضَعْ يَدَيْهِ ثُمَّ رُكْبَتَيْهِ».

«Сендерден біреулерің сәжде жасаса, жерге түйе сияқты шөкпесін, әрі бірінші болып қолдарын, содан соң тізелерін қойсын»,[6] деген.

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деп айтатын:

«إِنَّ الْيَدَيْنِ تَسْجُدَانِ كَمَا يَسْجُدُ الْوَجْهُ، فَإِذَا وَضَعَ أَحَدُكُمْ وَجْهَهُ فَلْيَضَعْ يَدَيْهِ؛ فَإِذَا رَفَعَهُ فَلْيَرْفَعْهُمَا».

«Ақиқатында, екі қол сәждеге бет секілді барады; сондықтан да сендерден біреу (жерге) бетін тигізсе, (оған) қолын да тигізсін, ал бетін көтерсе, екі қолын да көтерсін»[7].

«Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алақандарына сүйенетін [әрі оларды ашық ұстайтын]»[8], «саусақтарын бір-біріне тығыз етіп жабыстыратын»[9] және «оларды Қыбла тарапқа қарататын»[10].

Сондай-ақ «ол оларды (яғни алақандарын) иықтарының тұсына қоятын»[11], ал кейде «құлақтарының тұсына қоятын»[12]. «Ол мұрны мен маңдайын жерге тығыз жабыстыра қоятын»[13].

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  «намазды нашар орындаған адамға»:

«إِذَا سَجَدْتَ فَمَكِّنْ لِسُجُودِكَ».

«Сәжде жасаған кезіңде, онда өзіңді орнықты ұста», — деп айтқан[14]; хадистің басқа нұсқасында:

«إِذَا أَنتَ سَجَدْتَ؛ فَأَمْكَنْتَ وَجْهَكَ وَيَدَيْكَ؛ حَتَّى يَطْمَئِنَ كُلُّ عَظْمٍ مِنْكَ إِلى مَوْضِعِهِ».

«Сәжде жасайтын кезіңде барлық сүйектерің өз орындарында босаңсығанға дейін бетің мен қолдарыңды (жерге) тығыз жабыстыра қой», — деп айтылады[15].

Бұдан тыс, ол:

«لاَ صَلاَةَ لِمَنْ لاَ يُصِيبُ أَنْفُهُ الأَرْضِ مَا يُصِيْبُ الْجَبِينُّ».

«Мұрнымен жерді маңдайымен сезгендей етіп сезбеген адам намазын орындамады», — деп айтатын [16] .

«Ол тізелерімен және аяқтарының ұшымен (башпайларымен) (жерге) бекем тірелетін»[17], «башпайларының ұштарын Қыбла тарапқа қарататын»[18], «өкшелерін бір-біріне тығыз жабыстырып қоятын»[19], «аяқтарын түзу ұстайтын»[20] және «(адамдарға) да осылай істеуді бұйырды»[21].

Осылайша, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сәжделерін  денесінің жеті мүшесіне: екі алақанына, екі тізесіне, екі аяғына, мұрны мен маңдайына —  сүйеніп жасайтын, әрі соңғы екі мүшені дененің бір мүшесі ретінде санайтын, өйткені ол  (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан:

«أُمِرْتُ أَنْ أَسْجُدَ (أُمِرْنَا أَنْ نَسْجُدَ) عَلَى سَبْعَةِ أَعْظُمٍ: عَلَى الْجَبْهَةِ — وَأَشَارَ بِيَدِهِ إِلَى أَنْفِهِ — وَالْيَدَيْنِ (الكَفّينِ)، وَالرُّكْبَتَيْنِ، وَأَطْرَافِ الْقَدَمَيْنِ، وَلاَ نَكْفِتَ الثِّيَابَ وَلاَ الشَّعْرَ».

«Маған (хадистің басқа бір нұсқасында: «Бізге», — деп хабарланады) сәждені жеті сүйекке: маңдайға, — және осы тұста ол қолымен[22] мұрнының айналасын көрсетті, қолдарға (хадистің басқа нұсқасында: «…алақандарға», — деп жеткізіледі), тізелерге және аяқ башпайрына — сүйеніп жасау, сондай-ақ киімді түрмеу[23] және  шашты өрмеу бұйрылды»[24].

Ол сондай-ақ былай деп айтатын:

«إِذَا سَجَدَ الْعَبْدُ سَجَدَ مَعَهُ سَبْعَةُ آرَابٍ: وَجْهُهُ وَكَفَّاهُ وَرُكْبَتَاهُ وَقَدَمَاهُ».

«(Аллаһтың) құлы сәжде жасаған кезде, онымен бірге денесінің жеті мұшесі: беті, алақандары, тізелері және аяқтары да — сәжде жасайды»[25].

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шашы арқасына өрілген[26] күйде намаз орындаған адам туралы:

«إِنَّمَا مَثَلُ هَذَا مَثَلُ الَّذِى يُصَلِّى وَهُوَ مَكْتُوفٌ»

«Ол, ақиқатында, қолдарын (артына) байлап  қойып, намаз орындайтын адам сияқты», — деп айтқан[27]. Ол сондай-ақ:

«ذَلِكَ كِفْلُ الشَّيْطَانِ»

«Бұл – шайтанның паналайтын жері»[28], — деп, яғни шаштың өрулі жерлерін меңзеп, оларды шайтан отыратын жер деген.

«Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) білектерін[29] жерге төсеп қоймайтын»[30], керісінше, «оларды жерден көтеріп, қолтығының ағы көрінетіндей етіп жан-жағына қарай бүйірінен алыстататын»[31], сондай-ақ «егер кішкентай қозы немесе лақ оның қолдарының астынан өткісі келсе, өте алатын»[32].

Осы тұста ол сондай ыждағаттылық танытатын, тіпті оның сахабаларының бірі: «Біз Аллаһтың Елшісін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол сәжде жасағанда қолдарын бүйір тұстарынан керіп қоятындығы себепті аяп кететінбіз», — деп айтқан»[33].

Ол басқаларға да осылай істеуді бұйырып:

«إِذَا سَجَدْتَ؛ فَضَعْ كَفَّيْكَ وَارْفَعْ مِرْفَقَيْكَ».

«Сен сәжде жасайтын кезіңде алақандарыңды (жерге) қой да, білектеріңді көтер», — деген[34]. Бұдан тыс ол:

 

«اعْتَدِلُوا فِى السُّجُودِ، وَلاَ يَبْسُطَ أَحَدُكُمْ ذِرَاعَيْهِ انْبِسَاطَ الْكَلْبِ»

«Сәжде жасаған кезде түзеліңдер, әрі сендерден ешкім білектерін (жерге) ит сияқты (хадистің басқа нұсқасында: «…оларды ит төсейтіндей етіп», — деп хабарланады) төсеп қоймасын», — деп айтқан [35]. Басқа бір хадисте:

«وَلَا يَفْتَرِشْ أَحَدُكُمْ ذِرَاعَيْهِ افْتِرَاشَ الْكَلْبِ»

«Сендерден ешкім қолдарын (жерге) ит (аяқтарын) жаятындай етіп жайып қоймасын», — деп айтқан[36].

Ол сондай-ақ былай деп айтатын:

«لاَ تَبْسُطْ ذِرَاعَيْكَ[بَسْطَ السَّبْعِ] وَادْعَمْ عَلَى رَاحَتَيْكَ، وَتَجَافَ عَنْ ضِبْعَيْكَ؛ فَإنَّكَ إِذَا فَعَلْتَ ذَلِكَ سَجَدَ كُلُّ عُضْوٍ مِنْكَ مَعَكَ».

«Қолыңды [жабайы аң (аяғын) жайып төсейтіндей етіп] жайып төсеме, алақандарыңа сүйен, әрі білектеріңді кер, өйткені осының барлығын істесең, денеңнің әрбір мүшесі сенімен бірге сәжде жасайды»[37].

Сәжде жасау кезінде тыныштық сақтаудың міндеттілігі туралы

«وُجُوبُ الطَّمْأَنِيْنَةِ فِي السُّجُودِ»

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) рукуғтар мен сәжделерді толық жасауды бұйыратын, әрі осылай істемейтіндерді бір-екі құрма жеп, жеген құрмалары оған ешбір пайда бермейтін аш адамға теңеген. Бұдан тыс, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұндай адамды адамдар арасындағы ұрылардың ең жаманы деген.

Ол сондай-ақ, (бұл туралы) «Рукуғ» тарауында айтылғандай,  рукуғтар мен сәжделер жасау кезінде омыртқасын толық түземеген адамның намазы жарамсыз екеніне нұсқаған, әрі бұл туралы ертеректе сөз болғандай, «намазды нашар орындаған адамға»  сәжде жасау кезінде тыныштық сақтауды бұйырған.

Сәжде жасау кезінде айтылатын Аллаһты еске алу сөздері (сәжде зікірлері)

«أَذْكَارُ السُّجُودِ»

(Намаздың) осы рүкінін жасау кезінде ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһқа төменде келтірілген түрлі дұғаларды және еске алу сөздерін кезектестіріп жалбарынатын:

 1.«سُبْحَانَ رَبِّيَّ الأعْلَى»     

Субханә Рабби-л-А‘лә (3 рет)

«Аса Жоғары Раббым Пәк[38] (3 рет).

Алайда «кейде ол бұл сөздерді үш реттен көбірек айтатын»[39]. Бірде қосымша түнгі намазда ол осы сөздерді көп рет қайталағаны соншалықты — оның сәждесі ұзақтығы бойынша шамамен оның  қиямда тұрып, үш ұзын: «әл-Бақара», «Ниса» және «Әли Имран» — сүрелерін оқыған (уақытындай) болды. Осы намазда ол Аллаһқа көп рет дұға етіп және Одан кешірім тілеп жалбарынатын. Бұл хадис жоғарыда «Қосымша түнгі намаз (таһажжуд)» тарауында келтірілген.

 

 2. «سُبْحَانَ رَبِّيَّ الأَعْلَى وَبِحَمْدِه»       

Субханә Рабби-л-Ә‘лә уа би-хамди-һи (3 рет).

«Аса Жоғары Раббым Пәк және Оған мақтау-мадақ!»[40] (3 рет).

 

 3. «سُبًوحٌ قُدُُّوسُ رَبُّ المَلاَئِكَةِ والرُّوحِ»       

Суббухун, Қуддусун, Раббу-л-мәләикәти уар-рух.

«Аса Пәксің, Аса Қасиеттісің, әрі періштелер мен Рухтың Раббысысың!»[41].

 

 4.«سُبْحَانَكَ اللهُمّ!رَبَّنا وَبِحَمدِكَ، اللهُمّ! اغفِر لِي»       

Субханә-кә, Аллаһуммә, Раббанә, уа би-хамди-кә! Аллаһумма, ғфир ли!

«Сен аса Пәксің, уа, Раббымыз, және Саған мақтау-мадақ! Уа, Аллаһ, мені кешір!»

Ол Құранда  өзіне бұйырылғанды орындап, осы сөздерді рукуғтар мен сәжделерде жиі айтатын[42].

 

 5. «اللَّهُمّّ! لَكَ سَجَدّتُ، وَبِكَ آمَنتُ وَلَكَ أسْلَمتُ، [وَأنتَ رَبِّي]، سَجَدَ وَجْهِيَ        لِّلذَّي خَلَقَه وَصَوَّرَه [فأحْسَنَ صُوَرَه]، وَشَقَّ سَمْعَهُ وَبَصَرَهُ، فَتَبَارَكَ اللهُ أحْسَنُ        الخَاِلقِينَ»      

Аллаһуммә, лә-кә сажәдту, уа би-кә әмәнту, уа лә-кә әсләмту, [уа әнтә Рабби,] сажәда уажһи ли-лләзи халәқа-һу, уа саууара-һу, [уа ахсана сууара-һу,] уа шаққа сам‘а-һу уә бәсара-һу, [фә-]табәракә Ллаһу, ахсану-л-халиқин.

«Уа, Аллаһ, Саған сәжде еттім және Саған иман келтірдім, және Саған мойынсұндым [Сен — Раббымсың]. Жүзім оны Жаратқанға, оған түр бергенге  [және оның бейнесін кемел еткенге], оған есту мен көруді дарытқанға сәжде етті, Жаратушылардың ең жақсысы Ұлы Аллаһ (берекелі)»[43].

 

 6. «اللَّهُمَّ! اغفِرْ لِي ذَنْبِي كُلَّهُ، وَدِقَّهُ وَجِلَّهُ، وَأَوَّلَهُ وَآخِرَهُ، وَعَلاَنِيّتَهُ           وَسِرَّهُ»        

Аллаһуммә, ғфир ли занби куллә-һу, уа диққа-һу, уа жиллә-һу, уа әууалә-һу уа әхира-һу, уа ‘аләнийята-һу уа сирра-һу

«Уа, Аллаһ, менің кіші-үлкен, әуелгі-кейінгі, әшкере-жасырын жасалған бүкіл күнәларымды кешіре гөр!»[44].

 

 7.«سَجَدَ لَكَ سَوَادِي وَخَيَالِي، وَآمَنَ بِكَ فُؤادِي، أَبُوءُ بِنِعمَتِكَ عَلَيَّ هَذِي يَدِي             وَمَا جَنَتْ عَلَىَّ نَفْسِي»

Сәжәда ләә сауади уа хайали, уа әмәнә би-кә фу’ади, абу’у ләә би-ни‘мәти-кә ‘аләййя, һәзәйй-йадаййа, уа мә жәнай-ту ‘алә нәфси.

«Сенің алдыңда келбетім мен көлеңкем сәжде жасады, әрі Саған жүрегім иман келтірді; мен Сенің маған көрсеткен игілігіңді мойындаймын, мынау – менің қолдарым және мен олар арқылы өзіме қарсы иемденген нәрселерімнің (барлығы)»[45].

 

 8.«سُبْحَانَ ذِي الجَبَرُوتِ وَالمَلَكُوتِ والكِبرِيَاءَ وَالعَظَمَةِ»      

Субханә зи-л-жәбарути, уә-л-мәләкути, уә-л кибри-йаи, уә-л-‘азамәти.

«Күш-құдірет, билік және ұлылық иесі Аллаһ (кемшілік атаулыдан) Пәк!»[46]

Ол осы сөздерді қосымша түнгі намаздарды орындау кезінде айтатын, сондай-ақ мыналарды да:

 9.«سُبحَانَك [اللهُمّ!] وَبِحَمدِكَ لاَ إلَهَ إلاَّ أنتَ»      

Субханә-кә [Аллаһуммә] уа бихамди-кә, лә иләһа иллә әнтә.

«Сен пәксің [уа, Аллаһ] және Саған мақтау-мадақ, сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ»[47].

 

 10. «للهُمّ! اغفِر لِي مِا أسْرَرتُ وَمَا أعْلَنْتُ»      

Аллаһумма, ғфир ли мә әсрарту уа мә ә‘ләнту

«Уа, Аллаһ, жасырын және ашық түрде істегендерімді кешіре гөр!»[48]

 

 11. «اللَّهُمَّ! اجْعَلْ فِي قَلْبِي نُورًا، [وَفِي لِسَانِي نُورًا]، واجْعَلْ فِي سَمْعِي نُورًا، واجْعَلْ فِي بَصَرِي نُورًا، وَاجْعَل مِن تَحتِي نُورًا، وَاجْعَلْ مِن فَوقِي نُورًا، وَعَن يَمِينِي نُورًا، وَعَن يَسَارِي نُورًا، وَاجْعَلْ أمَامِي نُورًا، وَاجْعَلْ خَلْفِي نُورًا، [واجْعَلْ فِي نَفْسِي نُورًا]، وَأعْظِم لِي نُورًا».

Аллаһуммә ж‘әл фи қалби нуран [уа фи лисани нуран], уа ж‘әл фи сам‘и нуран, уа ж‘әл фи бәсари нуран, уа ж‘әл мин тахти нуран, уа ж‘әл мин фәуқи нуран, уа ‘ан йамини нуран, уа ‘ан йасари нуран, уа ж‘әл әмәми нуран, уа ж‘әл халфи нуран, [уа ж‘әл фи нәфси нуран] уа а‘зым ли нуран.

«Уа, Аллаһ, жүрегіме нұр сал [және тіліме нұр сал,] құлағыма нұр сал, жанарыма нұр сал және маған үстімнен нұр бер, астымнан нұр бер, маған оң жағымнан нұр бер және маған сол жағымнан нұр бер, алдыма нұр бер, артыма нұр бер  [және жаныма нұр сал] әрі мен үшін нұрды ұлы ет!»[49]

 12.«[اللَّهُمَّ!][إنِّي] أعُوذُ بِرِضَاكَ مِنْ سَخَطِكَ، وَ[أعُوذُ] بِمُعَافَاتِكَ مِنْ عُقُوبَتِكَ، وَأعُوذُ بِكَ مِنْكَ، لاَ أحْصِي ثَنَاءً عَلَيْكَ أنْتَ كَمَا أثنَيْتَ عَلَى نَفْسِكَ».

[Аллаһуммә] [инни] а‘узу би-рида-кә мин сахати-кә, уа [ә‘узу] би-му‘афәти-кә мин ‘уқубәти-кә, уа ә‘узу би-кә мин-кә, лә ухсы сәнә‘ән ‘аләй-кә, әнтә кә-мә әснәйтә ‘алә нәфси-кә.

«[Уа, Аллаһ] [ақиқатында] мен Сенің ашу-ызаңнан ризалығыңа, жазалауыңнан кешіріміңе сыйынамын. Әрі Мен Сенен Өзіңе сыйынамын! Мен Саған лайықты болған  мақтау-мадақты айтып тауыса алмаймын. Өйткені Сенің Өзің ғана Өзіңді жеткілікті мөлшерде  мадақтағансың!»[50]

Сәжде жасау кезінде Құран оқуға тыйым салынғандығы туралы

«النَّهْيُ عَنْ قِرَاءَةِ القُرْآنِ فِي اْلسُّجُودِ»

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) рукуғ мен сәжде жасау кезінде Құран оқуға тыйым салатын және ыждағаттылық танытуды, әрі осы күйде Аллаһқа көбірек дұға айтып жалбарынуды бұйыратын, бұл туралы «Рукуғ жасау кезінде Құран оқуға тыйым салынғандығы туралы» тарауда түсіндірілген.

Ол сондай-ақ былай деп айтатын:

«أَقْرَبُ مَا يَكُونُ الْعَبْدُ مِنْ رَبِّهِ وَهُوَ سَاجِدٌ، فَأَكْثِرُوا الدُّعَاءَ [فِيهِ]».

«(Аллаһтың) құлы сәжде жасаған кезінде өзінің Раббысына ең жақын болады, ендеше (осындай кездерде Аллаһқа) жиі дұға етіңдер!»[51]

Сәждені ұзаққа созып жасау туралы

«إِطَالَةُ السُّجُودِ»

Оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сәждесі ұзақтығы жағынан шамамен рукуғымен бірдей болатын. Кейде ол кейбір жағдайларға байланысты өте ұзақ сәжде жасайтын, бұл туралы сахабалардың бірі былай деп баяндағанындай: «Бірде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  қолына Хасанды немесе Хусайнды көтеріп, (үйінен) біздің алдымызға екі намаздың біреуін [бесін немесе екінті] орындау үшін шықты[52]. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алға шықты да, оны [оң аяғының жанына] жерге қойды, кейін тәкбір айтып, намазды бастады. Намазда ол өте ұзақ сәжде жасады, әрі сол кезде мен [адамдардың арасынан] басымды көтеріп, баланың сәжде жасап жатқан Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арқасына шығып алғанын көрдім. Сонда мен қайтадан сәждеге бардым, ал Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазын аяқтап болған соң, адамдар оған: «Уа, Аллаһтың елшісі! [Осы] намазыңның ортасында сен сәжде жасадың да, оны тым ұзақ созып жібердің – біз тіпті бір нәрсе болып қалды ма, әлде саған Уахи түсіп жатыр ма деп ойлап қалдық!», — деді.  Ол оларға:

«كُلُّ ذَلِكَ لَمْ يَكُنْ؛وَلَكِنَّ ابْنِى ارْتَحَلَنِى فَكَرِهْتُ أَنْ أُعْجِلَهُ حَتَّى يَقْضِىَ حَاجَتَهُ».

«Бұлардың ешқайсысы болған жоқ; жай менің балам мені ерттеп алды да, ол керегін істеп болмайынша мен оны асықтырғым келмеді!», — деп жауап берді»[53].

Басқа бір хадисте былай деп хабарланады: «(Бірде) Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намаз орындап жатқан болатын. Ол сәждеге иілген кезде, арқасына әл-Хасан мен әл-Хусайн ырғып мініп алды. Адамдар оларға (мұндай істеуге) кедергі жасағысы келген кезде, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қолымен оларға тиіспеуді ымдады. Намазды аяқтап болған соң ол оларды өзінің тізелеріне отырғызды да:

«مَنْ أَحَبَّنِى فَلْيُحِبَّ هَذَيْنِ»

«Кім мені жақсы көрсе, осы екеуін де жақсы көрсін!», — деді[54].

Сәжденің артықшылықтары

«فَضْلُ السُّجُودِ»

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):

«مَا مِنْ أُمَّتِي مِنْ أَحَدٍ إِلَّا وَأَنَا أَعْرِفُهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ»

«Менің үмметімнің ішінде Қиямет күні мен танымай қалатын бірде-бір адам болмайды», — деді. (Сонда адамдар):

وَكَيْفَ تَعْرِفُهُمْ يَا رَسُولَ اللَّهِ فِي كَثْرَةِ الْخَلَائِقِ؟

«(Аллаһтың) сонша көп жаратылыстарының арасында сен оларды қалайша тани аласың, уа, Аллаһтың елшісі?», — деп сұрады. (Мұны естіген) ол:

قَالَ:«أَرَأَيْتَ لَوْ دَخَلْتَ صَبْرَةً،وَفِيهَا خَيْلٌ دُهْمٌ بُهْمٌ، وَفِيهَا فَرَسٌ أَغَرُّ مُحَجَّلٌ؛ أَمَا كُنْتَ تَعْرِفُهُ مِنْهَا؟»

«Айтыңдаршы, сендерден біреу тұтас қара түсті жылқылар[55] қамалған қораға кірсе, ал (сол жерде) тек бір жылқының ғана маңдайында ақ жұлдызы, ал аяқтарында ақ білезіктері бар болса, ол оны басқаларынан ажырата алар ма еді?», — деп сұрады. (Адамдар:)

قَالَ: بَلَى.

«Иә, әрине!», — деп жауап берді. Сонда ол:

قَالَ:«فَإِنَّ أُمَّتِي يَوْمَئِذٍ غُرٌّ مِنْ السُّجُودِ، مُحَجَّلُونَ مِنْ الْوُضُوءِ».

«Ақиқатында, сол Күні менің үмметімнің (мүшелерінің) жасаған сәжделерінің (қалдырған іздерінен) жүздері ақ[56] және алған дәреттерінің (қалдырған іздерінен) аяқ-қолдары да ақ[57] болады», — деді[58].

Ол сондай-ақ былай деп айтатын:

«إِذَا أَرَادَ اللهُ رَحْمَةَ مَنْ أَرَادَ مِنْ أَهْلِ النَّارِ؛ أَمَرَ الْمَلَائِكَةَ أَنْ يُخْرِجُوا مَنْ يَعْبُد اللهَ، فَيُخْرِجُونَهُموَيَعْرِفُونَهُمْ بآثَارِ السُّجُودِ، وَحَرَّمَ اللَّهُ عَلَى النَّارِ أَنْ تَأْكُلَ أَثَرَ السُّجُودِ ، فَيَخْرُجُونَ مِنَ النَّارِ، فَكُلُّ  ابْنِ آدَمَ تَأكُلُهُ النَّاُر إِلاَّ أَثَرَ السُّجُودِ».

«Аллаһ Отқа түскендерден[59] біреуге қатысты рақым танытқысы келсе, періштелерге (ол жерден тек) Аллаһқа ғана құлшылық еткендерді шығаруды бұйырады. Әрі олар осындайларды (олардың бойында қалған) сәжде іздерінен танып, шығара бастайды, өйткені Аллаһ Отқа мұндай іздерді жоюға тыйым салған. Әрі олар әрбір (осындай) адамның сәжде жасаған іздерінен басқа жерлерін жеп қоятын Оттан шыға бастайды».[60]

Сәждені жерге және төсеніш үстіне жасау туралы [61]

«السُّجُودُ عَلَى الأَرْضِ وَالحَصِيْرِ»

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жиі жағдайда сәждені (тақыр) жер үстіне жасайтын[62].

«Сахабалар онымен бірге қатты ыстықта намаз орындайтын, әрі олардан әлдекім маңдайын (қызу) жерге тигізе алмаған кезде, өз киімін төсеп, үстіне сәжде жасайтын»[63].

Ол сондай-ақ былай деп айтатын:

«…وَجُعِلَتْ الْأَرْضُ كُلُّهَا لِي وَلِأُمَّتِي مَسْجِدًا وَطَهُورًا، فَأَيْنَمَا أَدْرَكَتْ رَجُلًا مِنْ أُمَّتِي الصَّلَاةُ فَعِنْدَهُ مَسْجِدُهُ، وَعِنْدَهُ طَهُورُه، [وَكَانَ مَنْ قَبْليِ يُعَظِّمُونَ ذَلِكَ، إِنَّمَا كَانُوا يُصَلُّونَ فِي كَنَائِسِهِم وِبِيَعِهِم]».

«…әрі бүкіл жер мені мен үмметім үшін сәжде жасайтын орын [мешіт] және таза етілді, сондықтан да менің үмметімнен болған кез келген адамға намаздың уақыты қай жерде тап болса да, оның сәжде жасайтын  орны [мешіті]  және жанында тазару (құралы) бар. Менен бұрынғылар мұның барлығын артық деп санаған: ақиқатында, олар намазды тек өздерінің шіркеулері мен синагогаларында ғана орындайтын»[64].

Кейде ол сәжделерін сулы және балшықты жердің үстіне де жасайтын, мысалы, 21-рамазанның таңындағыдай. Сол күннің қарсаңында жаңбырдың қатты жауғаны соншалық — тіпті мешіттің пальма жапырақтарынан жасалған шатырынан су өтіп кеткен еді. Абу Са‘ид әл-Худри кейіннен былай деп баяндағандай: «Мен Аллаһтың Елшісін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) су мен балшық үстінде сәжде жасап жатқанын көрдім, оның маңдайы мен мұрнында су мен лайдың іздері бар еді»[65].

Кейде «ол (бетке арналған) кішкентай төсеніш (хумра)[66] үстіне»[67], ал кейде (жай) «төсеніште»[68] намаз оқитын, және бұдан тыс, «бірде ол ұзақ пайдаланғаннан қарайып кеткен төсеніш үстінде намаз орындады»[69].


[1] Әл-Бухари және Муслим.

[2] Абу Дәуд және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[3] Абу Йа‘лә өзінің «Муснад» (284/2) атты кітабында бұл хадисті жақсы иснад арқылы келтіреді, ал Ибн Хузайма (1/79/2) оны басқа сенімді иснад арқылы келтіреді.

[4] Ән-Нәса’и, әд-Дарақутни және әл-Мухлис «әл-Фәуа’ид» (1/2/2) кітабында бұл хадисті екі сенімді иснад арқылы келтіреді. Осылайша қол көтеру туралы хабарлар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) он сахабасынан келтіріледі, әрі мұсылмандардың алғашқы буындарынан болған көптеген салиқалы ұрпақтар бұл тәжірибені заңды (орынды) деп санаған.  Олардың арасында Ибн Омар, Ибн Аббас, әл-Хасан әл-Бәсри, Тауус және оның ұлы – Абдуллаһ, Ибн Омардың азат еткен құлы — Нәфи‘, Ибн Омардың ұлы —  Сәлим, әл-Қасим ибн Мухаммад, Абдуллаһ ибн Динар және ‘Ата. Абдурахман ибн Мәхди де: «Бұл Сүннетке сәйкес келеді», — деп айтқан. Осы тәжірибеге Сүннеттің имамы Ахмад ибн Хәнбал да ілескен, сондай-ақ бұл туралы имам Мәликтен және әш-Шәфи‘иден де жеткізіледі.

[5] Ибн Хузайма (1/76/1), әд-Дарақутни және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен. Бұл хадиске қайшы келетін барлық хадистер сенімсіз (даиф). Осы іс-әрекетті Мәлик мақұлдаған және тура осы Ибн әл-Жәузидің «әт-Тахқиқ» (108/2) кітабына Ахмадтан жеткізіледі. Әл-Мәруази де өзінің «Мәса’ил» (1/147/1) кітабында жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы имам әл-Әуза‘идің «Мен қолдарын тізелерінен бұрын жерге  қоятын адамдарды көріп үлгердім» деген сөздерін келтіреді.

Аудармашының ескертпесі: имам әл-Әуза‘и хижраның 157 ж. (б.з. 774 ж.) Бейрутта қайтыс болғандықтан, бұл жерде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көзі тірі сахабалары туралы әңгіме болып тұрғандығын тұжырымдауға болады.

[6] Абу Дәуд, Тәммам «әл-Фәуа’идте» (108/1), ән-Нәса’и «Сунан әс-Суғрада» және «Сунан әл-Кубрада» (47/1) жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді. Абдул-Хаққ «әл-Әхкам әл-Кубрада»(54/1) бұл хадисті сенімді деген, ал «Китаб әт-Таһажжуд» (56/1) кітабында ол келесі қосымшаны жасаған: «…бұл хадистің иснады осыдан алдынғы хадистің иснадына қарағанда едәуір сенімдірек». «Бұдан алдынғы хадис» дегенде бұл жерде Уә’илден жеткізілетін, онда керісінше (бірінші болып тізелерді, содан соң екі қолды қою туралы) хабарланатын хадис меңзеліп тұр. Іс жүзінде Уә’илден жеткен хадис жоғары келтірілген екі сенімді хадиске қайшы келеді, әрі жеткізушілерінің тізбегі жағынан да, мағынасы жағынан да шынайы емес, мен мұны «Силсиләт әл-Әхадис әд-Да‘ифа» (№ 929) және «әл-Ируа’» (№ 357) атты кітаптарымда түсіндіріп бергенімдей. «Жерге «түйеге ұқсамай» шөгу» деген сөздер «оған тізеден бұрын қолын тигізу» дегенді білдіретінін атап кету қажет, өйткені түйе бірінші болып тізесімен шөгеді, ал «Лисан әл-‘Арабтың» және араб тілі бойынша басқа да кітаптардың берген анықтамасына сәйкес түйенің «тізесі» дегенде оның алдынғы аяқтары меңзеледі. Тура соған әт-Тахауи де «Мушкил әл-Асар» және «Шәрх Мә‘ани әл-Асар» кітаптарында нұсқаған болатын. Бұдан тыс, Қасим әл-Саракусти (Аллаһ оны рақым етсін) «Ғариб әл-Хадис» (2/70/1-2) атты кітапта жеткізушілердің сенімді  тізбегі арқылы Абу Һурайраның «Ешкім (жерге) мұны қашқын түйе істейтіндей шөкпеуі тиіс» деген тұжырымын жеткізген, содан соң: «Бұл сәждеге қатысты», — деп қосқан. Ол (Абу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) — Аудармашыдан): «Адам, мұны қашқын (немесе үйретуге көнбейтін) түйе істейтіндей, өзін асығыстықпен және мазасыздықпен жерге тастап жібермеуі керек, керісінше, ол асықпай, алдымен екі қолын, кейін екі тізесін (жерге) қойып, сәждеге баруы қажет», — деп есептеген, ал мұны түсіндіріп беретін хадис  «мәрфу‘» түрінде жоғарыда келтірілген болатын». Кейін ол (имам әл-Саракусти — Аудармашыдан) жоғарыда аталған хадисті келтірді. Ибн әл-Қайимнің «Бұл сөздер ақылға сыйымсыз және (араб) тілінің мамандарына түсініксіз» деген сөздеріне келер болсақ, оған жоғарыда аталған дереккөздерді келтіріп, сондай-ақ басқа да көптеген (дереккөздерге) жүгініп, жауап беруге болады. Бұдан тыс, мен осы жерде қозғалған тақырыпқа өзімнің басып шығарылуы мүмкін «Шейх Тууайжириді теріске шығару» атты мақаламда кеңінен тоқталдым.

[7] Ибн Хузайма (1/79/2), Ахмад және әс-Сираж. Бұл хадистің сенімділігіне әл-Хаким нұсқаған және онымен әз-Зәһаби келіскен. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» кітабында келтірілген (313).

[8] Абу Дәуд және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[9] Ибн Хузайма, әл-Бәйһақи және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[10] Әл-Бәйһақи бұл хадисті жеткізушілердің  сенімді тізбегі арқылы келтіреді. Ибн Аби Шәйба (1/82/2) және әс-Сираж саусақтарды Қыбла тарапқа қарату туралы хадисті жеткізушілердің басқа тізбегі арқылы жеткізген.

[11] Абу Дәуд және әт-Тирмизи, соңғысы бұл хадисті сенімді деген, Ибн әл-Муләккин де (27/2). Ибн Аби Шәйба (1/82/2) және әс-Сираж аяқтың саусақтарын Қыбла тарапқа қарату туралы жеткізушілердің басқа тізбегі арқылы жеткізген. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» (309) кітабында келтірілген.

[12] Абу Дәуд және ән-Нәса’и бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[13] Абу Дәуд және әт-Тирмизи, соңғысы бұл хадисті сенімді деген, сондай-ақ Ибн әл-Муләккин де (27/2). Бұл хадистің алынған көздері мен иснадттары «әл-Ируа’» (309) кітабында келтірілген.

[14] Абу Дәуд және Ахмад бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[15] Ибн Хузайма (1/10/1) бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[16] Әд-Дарақутни, әт-Табарани (3/140/1) және Абу Ну‘айм «Ахбар Исбаханда».

[17] Әл-Бәйһақи бұл хадисті жеткізушілердің  сенімді тізбегі арқылы келтіреді. Ибн Аби Шәйба (1/82/2) және әс-Сираж аяқтың саусақтарын Қыбла жаққа қарату туралы жеткізушілердің басқа тізбегі арқылы жеткізген.

[18] Әл-Бухари және Абу Дәуд. Ибн Са‘д (4/157) Ибн Омардан ол намазда денесінің барлық мүшелерін, тіпті екі қолының бас бармақтарын да Қыбла жаққа қаратуды жақсы көретіндігі туралы жеткізіледі.

[19] Әт-Тахауи, Ибн Хузайма (№ 654) және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[20] Әл-Бәйһақи бұл хадисті жеткізушілердің  сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[21] Әт-Тирмизи және әс-Сираж; әл-Хаким бұл хадисті сенімді деген, және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[22] «Көрсетті» (әшара) сөзінің астарында «жүргізіп өтті» (әмарра) деген мағына барға ұқсайды, сондықтан да (хадистің мәтінінде) (қазақ тілінде «…не» деген септік жалғауымен белгіленетін – аудармашыдан (қаз.)) «илә» көмекші сөзінің орнына «үстінен» («алә») (дегенді білдіретін) көмекші сөз қолданылған. Бұл тұжырым «Фәтх әл-Бәриде» бар (Бұл ымдау сәжде жасау кезінде жерге мұрынмен де, маңдаймен де тию қажет дегенді білдіреді — Аудармашыдан.).

[23] Бұл жерде киімді түруге және шаштың жайылуына жол бермеу үшін оны өруге, яғни рукуғ пен сәжде жасау кезінде оларды бірге жинап ұстауға қатысты тыйым меңзеледі («Ниһайя»). Мен (яғни шейх әл-Әлбани – Аудармашының ескертпесі) былай деймін: мұндай тыйым намаздың уақытында ғана емес, басқа кездерде де күшке ие: діндар ғалымдардың көпшілігі бұл тыйымға шаш өруді және намаз алдында киімді түруді де қосады, өйткені намаз орындаушы оны орындауға (осындай күйде) кіріседі. Бұл тыйым оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ерлерге шаштары өрілген күйде намаз орындауына рұқсат етпегендігімен де күшейтіледі, ал бұл туралы кейінірек айтылады.

[24] Әл-Бухари және Муслим. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» (310) кітабында келтірілген.

[25] Муслим, Абу Ауана және Ибн Хиббан.

[26] Шашы өрулі немесе байлаулы адам.

[27] Муслим, Абу Ауана және Ибн Хиббан. Ибн әл-Әсир былай деп айтқан: «Бұл хадистің мағынасы – егер оның шаштары жайылған күйде болғанда, олар сәжде жасаған кезде жерге түсер еді, әрі бұл адам осының нәтижесінде шаштарының сәжде жасағаны үшін Аллаһтан сауап алар еді. Алайда егер оның шаштары өрулі болса, онда іс жүзінде оның шаштары сәжде жасамаған болады, өйткені ол  (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл адамды қолы кісенделген кісімен теңеді, өйткені осындай жағдайда сәжде жасаған кезде екі қол жерге тимейді». Бұл нұсқау әйелдерге емес, тек ер кісілерге қатысты болуы әбден ықтимал. Бұл туралы әш-Шәукани Ибн әл-‘Арабиден хабарлаған.

[28] Абу Дәуд және әт-Тирмизи, соңғысы бұл хадисті жақсы деген. Ибн Хузайма және Ибн Хиббан бұл хадисті сенімді деген. Қз.: «Сахих Абу Дәуд» (653).

[29] Бұл жерде және әрі қарай «адамның білегі» дегенде қолдың шынтақтан білезік сүйегіне дейінгі бөлігі меңзеледі, ал омыртқалы жануарларда (бұл) – алдынғы аяқтарының иық буынынан табанына дейінгі бөлігі (Аудармашының ескертпесі).

[30] Әл- Бухари және Абу Дәуд.

[31] Әл-Бухари және Муслим. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» (359) кітабында келтірілген.

[32] Муслим, Абу Ауана және Ибн Хиббан.

[33] Абу Дәуд және Ибн Мәжаһ бұл хадисті жеткізушілердің жақсы тізбегі арқылы келтіреді.

[34] Муслим және Абу Ауана.

[35] Әл-Бухари, Муслим, Абу Дәуд және Ахмад.

[36] Ахмад және әт-Тирмизи, соңғысы бұл хадисті сенімді деген.

[37] Ибн Хузайма (1/80/2), әл-Мәқдиси «әл-Мухтарада» және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[38] Ахмад, Абу Дәуд, Ибн Мәжаһ, әд-Дарақутни, әт-Тахауи, әл-Бәззар, Ибн Хузайма (604) және әт-Табарани «Му‘жам әл-Кәбир» кітабында бұл хадисті жеті сахабадан келтіреді. Сондай-ақ «Рукуғ жасау кезінде айтылатын Аллаһқа жалбарыну сөздері» тарауына жазылған ескертпелерді қараңыз.

[39] Мұндай қорытынды оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қиямда тұруы, рукуғы мен сәждесі ұзақтығы бойынша бірдей еді деп хабарлайтын хадистердің негізінде жасалды.

[40] Абу Дәуд, әд-Дарақутни, Ахмад, әт-Табарани және әл-Бәйһақиден жеткізілген сенімді (сахих) хадис.

[41]  Муслим және Абу Ауана.

[42] Әл-Бухари және Муслим. «Құранда  өзіне бұйырылғанды орындап» деген сөздер Аллаһ Тағаланың «Ендеше Раббыңды мақтай дәріптеп, Одан жарылқау тіле. Негізінен, Аллаһ тәубені өте қабыл етуші» («Нәср» сүресі, 110:3) деген сөздеріне қатысты.

[43] Муслим, Абу Ауана, әт-Тахауи және әд-Дәрақутни.

[44] Муслим және Абу Ауана.

[45] Ибн Нәср, әл-Бәззар және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген, бірақ әз-Зәһаби онымен келіспеді. Десе де, қолжазба түріндегі нұсқада бұл хадисті нығайтатын басқа хадис бар.

[46] Абу Дәуд және ән-Нәса’и бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[47] Муслим, Абу Ауана, ән-Нәса’и және Ибн Нәср.

[48] Ибн Аби Шәйба (62/112/1) және ән-Нәса’и. Әл-Хаким бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[49] Муслим, Абу Ауана және Ибн Аби Шәйба «әл-Мусаннафта» (12/106/2 және 112/1).

[50] Сол жерде.

[51] Муслим, Абу Ауана және әл-Бәйһақи. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» (456) кітабында келтірілген.

[52] Аудармашының ескертпесі: әл-Хасан және әл-Хусайн – Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  қызы Фатима мен  оның күйеу баласы Алидің (Аллаһ оларға разы болсын) балалары, Мухаммад пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  немерелері.

[53] Ән-Нәса’и, Ибн ‘Асакир (4/275/1-2) және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[54] Ибн Хузайма бұл хадисті «Сахих» (887) кітабында Ибн Мәс‘удтан, жеткізушілердің жақсы тізбегі арқылы, ал әл-Бәйһақи (2/263) «мурсәл» түрде келтірген. Ибн Хузайма бұл хадис келтірілетін тарауды «Намазда болған кезде қолмен (басқа адамдарға) түсінікті белгі беру (ымдау) рұқсат етілетіндігі әрі бұл (әрекет) намазды жарамсыз етпейтіні және бұзбайтыны туралы дәлел» деп атаған. Ал бұл іс-әрекетке аһл-әр-Рай және басқалар ((құқықтық мәселелерді шешуде) жеке пікірдің жақтаушылары) тыйым салатын еді ғой! Алайда әл-Бухаридің, Муслимнің «Сахихтарында» және өзге де хадис жинақтарында келтірілетін (қажетті жағдайда) осылайша ымдауға (ишара жасауға) рұқсат ететін басқа да хадистер бар.

[55] Бұл жерде «осы жылқылардың түсі ешқандай қоспасыз толық қап-қара» деген меңзелуде («Ниһайя»).

[56] Бұл жерде сәжде жасаудың себебімен жүздің жарқырауы меңзелуде.

[57] Бұл жерде мүмін адам дәрет алған кезде жуатын денесінің барлық мүшелері: беті, екі қолы және екі аяғы — меңзеліп тұр. Жуудың беттегі, екі қолдағы және екі аяқтағы іздері бұл жерде жылқының маңдайыныдағы және аяқтарындағы ақ іздермен теңестірілуде.

[58] Ахмад бұл хадисті жеткізушілердің  сенімді тізбегі арқылы келтіреді. Әт-Тирмизи бұл хадистің бір бөлігін жеткізген және оның сенімділігіне (сахихтығына) нұсқаған. Бұл хадис «Силсиләт әл-Әхадис әс-Сахихада» келтірілген.

[59] Бұл жерде бірқұдайшылық дінін ұстанған, алайда Қиямет Күні таразыларындағы жаман істері жақсы істерінен салмақты болғандықтан Отқа түсетін адамдар меңзелуде (Аудармашының ескертпесі.).

[60] Әл-Бухари және Муслим. Бұл хадис намаз орындаушылардан болған күнәһарлар Тозақта мәңгі қалмайтындығына нұсқайды. Іс жүзінде тіпті жалқаулықпен намазын өткізіп алатындар да Тозақта мәңгі қалмайды, әрі бұл сенімді. Бұл туралы толығырақ «әс-Сахиханы» (2054) қараңыз.

[61] Арабтың «хасир» деген сөзі пальма ағашының жапырақтарынан, сабаннан және с.с. заттардан жасалған төсенішті білдіреді.

[62] Бұл жайт Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітінде төсеніштер т.с.с. заттар төселмегендігімен түсінікті болады. Бұл туралы көптеген хадистер куә болады, солардың ішінде әрі қарай келтірілетін Абу Са‘ид әл-Худриден (оған Аллаһ разы болсын) жеткізілетін хадис те бар.

[63] Муслим және Абу Ауана

[64] Ахмад, әс-Сираж және әл-Бәйһақи бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[65] Әл-Бухари және Муслим.

[66] Арабтың «хумра» сөзі пальма жіптерінен немесе басқа заттан жасалған төсеніштің көлемі бойынша намаз орындаушы сәжде жасаған кезде оған бетін қоя алатындай бөлігі аталады; алайда бұл сөз бұдан үлкендеу көлемдегі төсеніштерді атау үшін қолданыла алмайды.

[67] Әл-Бухари және Муслим.

[68] Сол жерде.

[69] Муслим және Абу Ауана. Бұл хадисте (адамдар) кимейтін нәрсенің үстіне отыру туралы куәлік бар, сөйтіп, ол, бұл әл-Бухаридің мен Муслимнің «Сахихтарында» және сенімді хадистердің басқа да жинақтарында айтылғандай, жібек киюге деген тыйымның сенімді болуы себепті одан жасалған қандай да бір нәрсенің үстіне отыруға да қатаң тыйым салынатынына нұсқайды. Іс жүзінде бұл жерде жібектен жасалған қандай да бір нәрсенің үстіне отыруға деген айқын тыйым аталып тұр, ендеше, кейбір ірі ғалымдардың мұны рұқсат ететіні сендерді абыржуға салмасын.

Аудармашының ескертпесі: сенімді хадистерде келетініндей, жібекті, сондай-ақ алтынды киюге деген тыйым тек ерлерге қатысты күшке ие, әрі әйелдерге мұның қатысы жоқ.

жалғасы бар