Фиқһ мәселелері

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы (16)

Намазды ашатын тәкбір (такбират әл-ихрам)

«التَّكْبِيْرُ»

Кейін ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):

 اللهُ أَكْبَرُ

«Аллаһу Әкбар (Аллаһ Ұлы!)»[1], — деп, намазды бастайтын.

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), жоғарыда аталып кеткендей, «намазды нашар орындаған адамға»:

«إِنَّهُ لاَ تَتِمُّ صَلاَةُ لأَحَدٍ حَتَّى يَتَوَضَّأ، فَيَضَعَ الْوُضُوءَ مَوَاضِعَه، ثُمَّ يَقُولُ: اللهُ أَكْبَرُ».

«Ақиқатында, адамның намазы ол денесінің барлық қажетті мүшелерін жуып, (дұрыс) дәрет алмайынша, ал содан кейін: «Аллаһу Әкбар (Аллаһ Ұлы)!», — деп айтпайынша, толық болмайды», — деп, осылай істеуді бұйырды.[2] Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ:

«مِفْتَاحُ الصَّلاَةِ الطُّهُورُ، وَتَحْرِيمُهَا التَّكْبِيرُ، وَتَحْلِيلُهَا التَّسْلِيمُ».

«Намаздың кілті – дәрет, оған кіру – тәкбір, ал одан шығу — таслим», — деп айтатын[3].

Сондай-ақ «ол тәкбір айту тұсында артында тұрғандар оны (тәкбірді) еститіндей дауысын (бір қалыпты) етіп көтеретін»[4]. Алайда «ол ауырған кезінде, Елшінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тәкбірін адамдарға жеткізу үшін, Абу Бәкр дауысын көтеретін»[5].

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деп айтатын: «Имам: «Аллаһу Әкбар», — деп айтқанда, (сендер де): «Аллаһу Әкбар», — деп айтыңдар»[6].

 

Екі қолды көтеру

«رَفْعُ اْليَدَيْنِ»

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі қолын кейде тәкбір айтумен бір мезгілде[7], кейде тәкбір айтқаннан кейін[8], ал кейде оны айтудан бұрын[9] көтеретін.

«Ол екі қолын, саусақтарының араларын ашық ұстап [бірақ араларын керіп ашпай және оларды бірін-біріне жабыстырмай]»[10] көтеретін, әрі «ол оларды иығының тұсына дейін көтеретін»[11], десе де кейде «ол оларды құлағының (сырғалықтарының) тұсына дейін көтеретін»[12].


[1] Муслим және Ибн Мәжаһ. Бұл хадисте оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазды кейбір адамдар сияқты «(Уа, Аллаһ) мен …. намазды орындауды ниет еттім» деген сөздермен бастамағанына нұсқау бар. Бұл — дінге енгізілген жаңалық (бидғат) болып табылатынына бірауызды келісім бар. Келіспеушілік тек мұның қандай: жақсы не жаман – діни жаңалық (бидғат) екендігінде ғана, ал біз бұған: «Ақиқатында, оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «…әрбір діни жаңалық (бидғат) — адасушылық, ал әрбір адасушылық — Отта» деген сөздері жалпы сипатта болғандықтан, ғибадат мәселелеріне қатысты барлық діни жаңалықтар адасушылық болып табылады», — деп айтамыз.

[2] Әт-Табарани бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[3] Абу Дәуд, әт-Тирмизи және әл-Хаким, соңғысы бұл хадистің сенімділігін анықтаған және онымен әз-Зәһаби келіскен. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» (301) кітабында келтірілген. Сөзбе-сөз «тәкбір оны тыйым салынған (харам етеді)», бұл намазды орындау кезінде Аллаһ істеуге тыйым салған (харам еткен) барлық іс-әрекеттерді меңзейді, «ал таслим оны рұқсат етілген (хәлал) етеді», бұл намаздан тыс рұқсат етілетін барлық нәрселер сияқты. Хадис: «Намаздың есігі жабық және бірде-бір мүмін алдын ала тазаланбай, оны аша алмайды», — деп тұжырымдайды. Тура сол сияқты тек тәкбір ғана намазға кіру және тек таслим ғана намаздан шығу болып табылатындығы онда бекітіліп айтылады. Бұл пікірді мұсылман ғалымдарының көпшілігі ұстанады.

[4] Ахмад және әл-Хаким, соңғысы бұл хадистің сенімділігін анықтаған және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[5] Муслим және ән-Нәса’и.

[6] Ахмад және әл-Бәйһақи бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[7] Әл-Бухари және ән-Нәса’и.

[8] Сол жерде.

[9] Әл-Бухари және Абу  Дәуд.

[10] Абу Дәуд, Ибн Хузайма (1/62/2,64/1), Таммам және әл-Хаким, соңғысы бұл хадистің сенімділігін анықтаған және онымен әз-Зәһаби де келіскен.

[11] Әл-Бухари және ән-Нәса’и.

[12] Әл-Бухари және Абу Дәуд.

жалғасы бар