«Әл-Фатихадан» кейін (Құранның басқа сүрелерін) оқу
«قِرَاءَتُهُ بَعْدَ اْلفَاتِحَةِ»
Кейін ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «әл-Фатиханың» ізінен (қандай да бір) басқа сүрені оқитын; кейде (Құран оқуын) ұзаққа созатын, ал кейде, мысалы, сапарда болғанда, (немесе) жөтеле бастағанда, ауырғанда немесе кішкентай балалардың жылауын естіген кездерінде, олай істемейтін.
Әнас ибн Мәлик (Аллаһ оған разы болсын) былай деп айтқан: «Бірде ол таң намазын орындау кезінде (Құран оқуын) қысқартты (хадистің басқа нұсқасында: «Ол таң намазын орындап, (онда) Құранның ең қысқа екі сүреслерін оқыды», — деп айтылады.) Сонда (адамдар) одан: «Уа, Аллаһтың елшісі! Не себепті (Құран оқуды) қысқарттың?», — деп сұрады, ол болса:
«سَمِعْتُ بُكَاءَ صَبِيٍّ فَظَنَنْتُ أَنَّ أُمَّهُ مَعَنَا تُصَلِّي فَأَرَدْتُ أَنْ أُفْرِغَ لَهُ أُمَّهُ».
«Мен баланың жылағанын естідім және оның анасы бізбен бірге намазда тұрған болар деп, оның тезірек өз баласына оралуын қаладым (сөзбе-сөз: «…сондықтан мен оның анасын ол үшін босатқым келді» — Аудармашының ескертпесі)», — деп жауап берді»[1].
Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деп айтатын:
«إِنِّى لأَدْخُلُ الصَّلاَةَ أُرِيدُ إِطَالَتِهَا، فَأَسْمَعُ بُكَاءَ الصَّبِىِّ، فَأُتَجَوّزُ فِي صَلاَتِي مِمَّا أَعْلَمُ مِنْ شِدَّةِ وَجْدِ أُمُّهِ بِهِ».
«Ақиқатында, мен намазға кіріскен кезімде, оны ұзақ жүргізгім келеді, бірақ баланың жылағанын естісем, оны қысқартамын, өйткені оның анасына қиындық жасағым келмейді»[2].
Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сүрені ең басынан бастап оқитын әрі көбінесе оны толығымен оқып шығатын[3].
Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):
«أَعْطُوا كُلَّ سُورَةٍ حَظَّهَا مِنْ الرُّكُوعِ وَالسُّجُودِ».
«Әрбір сүреге оның рукуғтар мен сәжделердегі үлесін беріңдер», — деп айтатын[4]. Бұл хадистің басқа нұсқасында: «Әр сүренің (өз) ракағаты (бар)», — делінген.[5]
Кейде ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (бір сүрені) оқуды екі ракағатқа бөлетін[6], ал кейде ол бірінші ракағатта оқыған сүресін екінші ракағатта да толығымен қайталайтын[7].
Кейде ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі не одан көп сүрені бір ракағатта қосып (оқитын)[8].
«Ансарлардың бірі Құба’ мешітінде имам болатын, әрі ол қандай да бір сүрені оқитын[9] әр кезде: «Айт: «Ол, Аллаһ, Жалғыз…» (112 «Ихлас» сүресі), — сөздерінен бастайтын да, (бұл сүрені) соңына дейін (жеткізіп), кейін оған қоса тағы бір сүрені оқитын, әрі әрбір ракағатта осылай істейтін. (Онымен бірге намаз орындайтын адамдар) онымен (осы туралы) сұхбаттасып, оған: «Сен (әркез «әл-Фатихадан» кейін Құран) оқуыңды осы сүреден бастайсың, ал содан соң осыны жеткілікті етпей, басқа сүрені оқуға кірісесің. Сен не (тек) оны оқуың керек, не оны (оқуды) қойып, басқа бір (сүре) оқуың керек», — деп айтты. Ол: «Мен оны (оқуымды) қоймаймын: егер менің имам болып қала беруімді қаласаңдар, мен (оны оқуды) тура осылай жалғастыра беремін, ал егер бұл сендерге ұнамаса, онда мен сендерден кетемін», — деп жауап берді. Адамдар оның өздерінің ішіндегі ең жақсысы екендігін білетін және басқа біреудің өздеріне имам болуын қаламайтын. Сондықтан да Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларға келген кезде, олар оған барлығын баяндап береді. Ол:
«يَا فُلانُ! مَا يَمْعَنُكَ أَنْ تَفْعَلَ مَا يَأْمُرُكَ بِهِ أَصْحَابُكَ؟ وَمَا يَحْمِلُكَ عَلَى لُزُومِ هَذِهِ السَّورَةِ فِي كُلِّ رَكْعَةٍ؟»
«Уа, пәленше және пәленше (әрі осы жерде ол оның атын айтты)! Саған адамдар өтініш жасап тұрған нәрсені орындауға не кедергі жасайды? Сені осы сүрені әрбір ракағатта оқуға не мәжбүрлейді?», — деп сұрады. Ол:
فَقَالَ: إِنِّي أُحِبُّهَا.
«Ақиқатында, мен оны (яғни «Айт: «Ол, Аллаһ, Жалғыз…» деген сүрені – Аудармашының ескертпесі) жақсы көремін», — деп жауап берді. (Бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)):
« حُبُّكَ إِيَّاهَا أَدْخَلَكَ الْجَنَّةَ».
«Ақиқатында, оны сүйюің сені Жәннатқа кіргізеді!», — деді»[10].
[1] Ахмад бұл хадисті сенімді иснадпен келтіреді. Бұл хадистің ұқсас бір нұсқасын Ибн Аби Дәуд «әл-Масахифте» (4/14/2) келтірген. Осы және осыған ұқсас басқа хадистерден келіп шығатынындай, кішкентай балаларға мешітке кіруге рұқсат етіледі. Ал кең таралған «Балаларыңды мешіттеріңізге жібермеңіздер…» деген хадис туралы айтар болсақ, ол әлсіз хадис, әрі ол дәлел (куәлік) ретінде қолданыла алмайды. Бұл хадисті әлсіз деп айтқандардың қатарында Ибн әл-Жәузиді, әл-Мунзириді, әл-Хайсамиді, Ибн Хәжар әл-Асқаланиді және әл-Бусайриді атауға болады. Абд әл-Хаққ әл-Ишбили: «Бұл хадис негізсіз», — деп айтқан.
[2] Әл-Бухари және Муслим.
[3] Бұған әрі қарай келтірілетін көптеген хадистер нұсқайды.
[4] Ибн Аби Шәйба (1/100/1), Ахмад, Абдул Ғани әл-Мәқдиси «әс-Сунанда» (9/2) бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.
[5] Ибн Нәср, әт-Тахауи бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді. Бұл хадистің мағынасы, менің ойымша, «әрбір ракағатты орындау кезінде бір сүрені толығымен оқыңдар» дегенді қамтиды. Осы бұйрық, бұл кейінірек келтірілетін хадистерден келіп шығатынындай, міндетті емес, нұсқаулық (мәндуб) сипатқа ие.
[6] Ахмад, Абу Йа’лә бұл хадисті екі жеткізу жолы арқылы келтіреді. Сондай-ақ «Таң намазы («әл-Фәжр»)» тарауын қараңыз.
[7] Ол таң намазында осылай істейтіндей, бұл туралы кейінірек айтылады.
[8] Бұл туралы толығырақ кейінірек хабарланады.
[9] Яғни «әл-Фатихадан» кейін оқылатын сүрені.
[10] Әл-Бухари бұл хадисті «тә’лиқ» түрінде, әт-Тирмизи — «мәусул» түрінде жеткізеді. Ол бұл хадисті сенімді деп атаған.