Фиқһ мәселелері

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы (42)

Шейх М.Н. әл-Әлбанидің «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы, тәкбірден сәлемге дейін, оны өзіңіз көргеніңіздей» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз. Назарларыңызға  шейхтың түрлі еңбектерінен және пәтуалар жинақтарынан алынған және кітапқа енгізілген қосымшаларды ұсынамыз.

Қосымша № 1

«Намазды нашар орындаған адам» (Аллаһ оған разы болсын)

 Ислам құқығы мен хадистер бойынша әдебиетте бұл тұрақты термин әл-Бухаридің «Сахихында» келтірілетін келесі хадисінде[1] сөз етілетін Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабасына қатысты:

«Абу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) (бірде) Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мешітке кірген (кезде), (ол жерге) бір адам кіргендігі, әрі намаз оқып болған соң Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сәлем бергендігі туралы жеткізіледі. (Сәлемдесуге) жауап беріп, ол: «Қайт та, намазыңды (қайтадан) орында, өйткені сен намазыңды орындамадың!», — деді.

Әлгі кісі оны тура алдынғы намазын орындағандай етіп орындады да, содан соң (тағы да) Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келіп сәлем берді, (әрі ол тағы да) оған: «Қайт та, намазыңды (қайтадан) орында, өйткені сен намазыңды орындамадың!», — деп бұйырды. Сонда (әлгі адам): «Сені ақиқатпен Жібергенмен ант етемін, мен оны (бұдан) жақсырақ орындай алмаймын, ендеше (мұны қалай істеу керек екендігін) маған үйрет!», — деді.   (Бұған жауап ретінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)): «Намазға тұрған кезіңде [«Аллаһ Ұлы! (Аллаһу әкбар)», — деп] тәкбір айт, кейін Құраннан оқи алатын нәрсеңді оқы, содан соң дұрыстап рукуғ жаса, кейін бойыңды толығымен түзеп (тік тұр), кейін дұрыстап сәжде жаса, содан соң отырған күйіңде бойыңды түзе де, әрі әр намазыңда осылай істе», — деді.

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазды дұрыс орындауға қатысты берген нұсқаулары туралы маңызды ақпарат көзі болып табылатын бұл хадистің көптеген нұсқаларын оның түрлі егжей-тегжейліктері келтірілетін басқа хадис жинақтарында (мысалы, Абу Дәудта) табуға болады.


Қосымша № 2

Екі қолды кіндіктен төмен байлау туралы хадистің әлсіздігі

(шейх әл-Әлбанидің «Ируа’ әл-Ғалил» (353) және «Әхкам әл-Жәнә’из» (118-бет) кітаптарынан)

Абу Дәуд (756), әд-Дәрақутни (107), әл-Бәйһақи (2/310), Ахмад оның баласы Абдуллаһтың «әл-Мәса’ил» (62/2) және «әз-3ауа’ид әл-Муснад» (1/110) кітаптарында, сондай-ақ Ибн Аби Шәйба (1/156/1) Абдурахман ибн Исхақтан, Зияд ибн Зайд әс-Сиуа’иден, Абу Жухайфадан, Алиден (Аллаһ оған разы болсын) оның былай деп айтқанын жеткізген:

«Намаз кезінде бір алақанды екіншісінің үстінен кіндіктен төмен қою (байлау) – Сүннеттен».

Бұл хадистің жеткізушілерінің тізбегі (иснад) Абдурахман ибн Исхақтың (әл-Уасити әл-Куфи) әлсіз баяндаушы болғандығы себепті әлсіз (да‘иф) болып табылады. Бұдан қалса, бұл хадисте түсініксіздік (идтираб[2]) бар, өйткені Абдурахман ибн Исхақ оны:

1) бірде Зиядтан, Абу Жухайфадан, Алиден (жоғарыда келтірілген тізбектегідей);

2) бірде Ну‘ман ибн Са‘дтан, Алиден (мұны әд-Дәрақутни және әл-Бәйһақи келтіреді); және

3) бірде Сияс Абул-Хәкамнан, Абу Уа’илден, ол: «Абу Һурайра: «Бұл Сүннеттен…», — деген», — деп айтқан», — деп (Абу Дәуд (758) және әд-Дәрақутни келтіреді) жеткізеді.

 Мухаддис (хадис білгірлері) имамдардың назарында Абдурахман ибн Исхақ әл-Куфидің әлсіздігі

1. Абу Дәуд былай деп айтқан: «Мен Ахмад ибн Хәнбалдің Абдурахман ибн Исхақ әл-Куфиді әлсіз (да‘иф) деп айтқанын естігенмін». [Имам Ахмад одан осы хадисті қабылдамағаның себебі де осыда, өйткені оның ұлы Абдуллаһ былай деп айтқан: «Мен әкемнің намаз орындау кезінде бір қолын екіншісінің үстіне кіндіктен жоғары қойып байлағанын көргенмін»].

2. Ән-Нәуауи «Мәжму‘та» (3/313), «Шарх «Сахих» Муслимде» және өзінің өзге кітаптарында былай деп айтады: «Олардың (хадис білгірлерінің) келісімі бойынша, бұған «Жәрх және Та‘дил» (ғылымының)[3] имамдары бірауызды келіскендеріндей, бұл хадис әлсіз баяндаушы болып табылатын Абдурахман ибн Исхақ әл-Уаситиден жеткізілетіндігі себепті әлсіз».

3. Әз-Зәйла’и «Насб әр-Райада» (1/314): «Әл-Бәйһақи «әл-Мә‘рифада»: «Бұл хадистің тізбегі солқылдақ (орнықсыз) болып табылады, өйткені ол өтірікші (мәтрук) болып табылатын Абдурахман ибн Исхақ әл-Уасити арқылы ғана жеткізіледі», — деген»,  — деп айтқан.

4. Ибн Хәжар «Фатх әл-Бариде» (2/186): «Бұл әлсіз хадис», — деп нұсқаған.

Бұл хадисті одан сайын әлсіз ететін тағы бір жайт: ол Алиден жеткізілетін жеткізушілерінің тізбегі жақсырақ болған басқа хадиске қайшы келуі. Бұл Ибн Жәрир әл-Дабби’дің, ол өзінің әкесінен оның: «Мен Алидің (Аллаһ оған разы болсын) сол қолын білегінен оң қолымен кіндіктен жоғары  ұстағанын көргенмін», — деп айтқан хадисі. Бұл хадистің жеткізушілер тізбегі «жақсы» («хасан») деп саналуға талаптана алады:  әл-Бәйһақи (1/301) бұл хадисті толық сенімді түрде жақсы (хасан) деп айтқан, ал әл-Бухари (1/301) оған бар анықтықпен нұсқаған, әрі оны  «тә‘лик»[4] түрінде келтірген.

Ал Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен екі қолдың күйі туралы сенімді хабарларға келер болсақ, олар екі қолдың көкіректе болуын қамтиды; бұған қатысты көптеген хадистер бар, олардың арасында, мысалы, Тауустан жеткен, оның былай деп айтқан хадисін келтіруге болады: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазда оң қолын сол қолының үстіне қоятын және оларды көкірегінің үстінде қатты қысып ұстайтын». (Абу Дәуд (759) сенімді иснадпен жеткізген. Бұл хадис «мурсәл»[5] түрінде жеткізілсе де, ол барлық мұсылман ғалымдарына, олардың «мурсәл» хадистері туралы әртүрлі пікірлеріне қарамастан,  күәлік ретінде жеткілікті болып табылады, өйткені (біріншіден) ол «мурсәл» тізбегінде сенімді болып табылады, (ал екіншіден) ол сондай-ақ көптеген хабарларда «мәусул»[6] түрінде жеткізілген. Баяндалғаннан шыға келе, бұл хадис куәлік ретінде әрбір (адамға) жеткілікті. Оны растайтын кейбір хабарлар мыналар:

1. Уаил ибн Хужрдан «ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оң алақанын сол алақанына қоятынын және оларды көкірегінің үстінде байлайтынын көргені» жеткізіледі. Ибн Хузайма «әс-Сахихта» («Насб әр-Райа», 1/314) және әл-Бәйһақи «әс-Сунанда» (2/30) жеткізушілердің бір-бірін нығайтатын екі тізбегі арқылы келтіреді.

2. Кабиса ибн Хулбадан оның әкесінің былай деп айтқаны жеткізіледі: «Мен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (намаз (орындаған) орнынан) оңға да, солға да бұрылып кететінін көргенмін[7] және мен мынаны көкірегінің үстіне қоятынын көргенмін, — Йахья (ибн Са‘ид) оң (алақанды) сол алақанның үстіне білезіктен жоғарылау (қойылған күйін) атап өтті» (Ахмад (5/226) Муслимнің талаптарына сәйкес келетін Кабисадан басқа жеткізушілер тізбегімен келтірді, бірақ оны сенімді баяндаушы деп ‘Ижли және Ибн Хиббан атаған; алайда ол арқылы Симак ибн Харбтан өзге ешкім жеткізбейді, ал ол туралы Ибн әл-Мәдини және ән-Нәса’и: «Белгісіз», — деген, ал Ибн Хәжар «Тақрибте»: «Ол «мәқбул» (яғни (басқалармен) нығайтылған жағдайда қабыл етіледі», — деген. Мұндай жеткізушілерден келген хадистер, егер олар растаушы хабарлар ретінде қолданылатын болса, жақсы (хасан) болып табылады, әрі сондықтан да әт-Тирмизи бұл хадистегі сол қолдың оң қолмен алынатындығы айтылатын  бір бөлігін келтіргеннен соң: «Бұл жақсы (хасан) хадис», — деп айтқан.

Сонымен, осы үш хадис «екі қолды көкіректің үстіне қою Сүннет болып табылады» дегенге нұсқайды, әрі оларды мұқият зеттеумен айналысқан адамда олар осы Сүннетті растау үшін жеткілікті екендігіне күмән қалмайды.

 Қосымша № 3

Имамның артында Құран оқу айыпталған хадистің әлсіздігі

(шейх әл-Әлбанидің «Силсиләт әл-Ахадис әд-Да‘ифа уәл-Мәуду‘а» (568—570) кітабынан)

1. «Имамның артында (тұрып) Құран оқыған адамның аузы отқа толады».

Мәуду‘ (жалған, ойдан тоқылған хадис). Ибн Таһир оны «Тазкират әл-Мәуду‘атта» (93-бет) келтірген, әрі: «Бұл хадистің жеткізушілер тізбегінде жалған хадистерді айтатын, барып тұрған өтірікші Мә’мун ибн Ахмад әл-Харауи бар», — деп нұсқаған.

Бұл жеткізуші туралы толығырақ төменде келетін № 2 хадисте баяндалады. Ибн Хиббан бұл хадисті осы адамнан «әд-Ду‘афа» («Әлсіз хадис жеткізушілер туралы») кітапта келтіреді, ал әз-Зәһаби бұл хадиске осы жеткізушінің себебінен пайда болған бір апат ретінде қараған.

Ханафи мазһабының кейбір өкілдері осы хадистің негізінде имамның артындағы кез келген (Құран) оқуға тыйым салынған (харам) деген қорытынды шығарып, адасушылыққа түсті.

Абул Хасанат әл-Луқнауи «әт-Та‘лиқ әл-Мумажид ‘алә Мууатта’ Мухаммад» (99-бет) кітабында былай деп айтқан: «Бұл хадис «ән-Ниһайяның» авторы және басқалар тарапынан «мәрфу‘» түрінде «…оның аузында жанып тұрған шоқ болады» деген сөздермен жеткізіледі,  алайда бұл хадис мүлде негізсіз болып табылады».

Бұған дейін ол: ««Мәрфу‘» түрінде жеткізілген бірде-бір сенімді хадисте: «имамның артында (тұрып) «әл-Фатиха» сүресін оқуға тыйым салынған», — деп келмеген», — деп, кейін мысал ретінде жоғарыда аталған хадистің баяндалған екі нұсқасын да келтірді.

Бұрынғы және қазіргі ұрпақтардан шыққан дін білгірлерінің имамның артында (ұйып тұрып) Құран оқуға қатысты пікірлері әртүрлі болды, әрі олар төмендегі көзқарастырдың бірін ұстанды:

а) Намаз орындаушының тарапынан Құран оқу имам Құранды дауыстап және іштей оқитын ракағаттарда да міндетті болып табылады;

ә) Намаз орындаушының үндемей тұруы имам Құранды дауыстап оқитын ракағаттарда да, имам Құранды іштей жасырып оқитын ракағаттарда да міндетті болып табылады;

б) Намаз орындаушы адам имам Құранды дауыстап оқымайтын ракағаттарда Құранды оқуы керек, әрі имам Құранды дауыстап оқитын ракағаттарда Құран оқудан тыйылуы керек.

Соңғы көзқарас ең салмақты әрі ақиқатқа ең жақын болып табылады, өйткені алдынғы екі дәлелді өзара келістереді және олардың біреуін де толығымен теріске шығармайды. Бұл пікірді имам Мәлик және Ахмад ұстанған, ал тиісті зерттеулер өткізген соң оны ханафи мазһабының кейбір өкілдері, соның ішінде  бұл туралы өзінің кітабында куәлік ететін Абул Хасанат әл-Луқнауи де абзал көрген.

2. Мә’мун әл-Харауи ойлап шығарған өтіріктің басқа бір мысалы:

«Кім намазда екі қолын көтерсе, намазды орындамады».

Мәуду‘ (жалған, ойдан тоқылған хадис). Ибн Таһир оны «Тазкират әл-Мәуду‘ат» кітабында келтірген (87-бет), әрі былай деп нұсқаған: «Бұл хадистің жеткізушілер тізбегінде хадистерді ойдан тоқитын, барып тұрған өтірікші Мә’мун ибн Ахмад әл-Харауи бар». Әз-Зәһаби мұндай адам туралы былай деп айтқан: «Ол өзімен бірге апаттар мен масқара іс-әрекеттерді алып келді. Ол хадистерді ойдан тоқитын, солардың ішінде осыны да, әрі ол атақты хадис жеткізушілердің атын жамылып хадистер айтатын».

Мә’мун әл-Харауи ойдан тоқыған хадистерден келіп шығатынындай, ол ханафи мазһабының фанатик ұстанушысы еді, өйткені ол ойдан тоқыған хадистер бір тақырыптың, яғни имам Абу Ханифаны (Аллаһ оны рақым етсін) қолдап, имам әш-Шәфи’иге тиісудің төңірегінде айналады. Осы хадистердің ішінде жоғарыда келтірілген хадис те бар: рукуғ жасаудан бұрын және одан көтерілгеннен соң екі қолды көтеруді қолдаған әш-Шәфи’иге шабуыл жасау, әрі сонысымен олай қол көтеруді құпталмайтын (мәкруһ) амал деп санайтын ханафи мазһабының ұстанушыларын айқын құптау. Бұл барып тұрған сұм екі қолды көтеруді құптамайтын өзінің мазһабының қағидасымен шектеліп қана қоймай, адамдардың арасында «екі қолды көтерген жағдайда намаз жарамсыз болады» деген пікірді тарату үшін осы хадисті ойдан тоқуға дейін барды!

Ол Мәкхулдің Абу Ханифадан жеткізетін ол: «Намазда екі қолын көтеретін адам намазын опат етті», — деді-мыс деген хабарын қолдағысы келген болуы да әбден ықтимал. Бұл хабар Жоғары хатшы әл-Итқаниді адасушылыққа  салған, әрі ол екі қолды көтерген жағдайда намаз жарамсыз болатындығы туралы шығарма жазған.  Сөйтіп, тура сол сияқты оның ізіне ілесіп, ханафи мазһабын ұстанушылардың шәфи’и мазһабын ұстанушыларға ұйуға болмайтындығы, өйткені соңғылары екі қолын көтеретендігі туралы шешім шығарған адам да адасушылыққа салынды. Ал Абу Ханифадан жеткізілетін осы хабар, бұл фәқиһ ғалым Абул Хасанат әл-Луқнауи «әл-Фәуа’ид әл-Бәһийа фи Таражум әл-Ханафийа» (116-бет, 216-217) кітабында дәлелдегеніндей, түгелімен өтірік.

Шейх Али әл-Қари бұл хадисті «әл-Мәуду‘атқа» қосып, кейін (81-бетте): «Бұл хадисті Мухаммад бин ‘Укаша әл-Қирмани ойдан тоқып шығарған, Аллаһ оны қорласын!», — деп нұсқаған. Кейін (129-бетте) ол Ибн әл-Қайимның осы хадиске қатысты: «Ол ойдан тоқылған», — дегенін келтіреді.

Бұл «ойдан тоқушы әл-Харауи болған» деген жоғарыда анықталған фактіге қайшы келеді, бірақ егер осыны да дәлелдеуге кіріскен жағдайда, олардың біреуі осы хабарды екіншісінен  ұрлап алғандығы анықталуы мүмкін!

Баяндалғанның барлығынан біз Сүннетке жеткілікті назар бұрмау және Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мен имамдардан жеткізілетін хадистерді тексеруден бас тарту неге алып келетінін көреміз!

 Ескертпе: Рукуғ жасаудан бұрын және одан бой түзеген кезде екі қолды көтеруге қатысты Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өте көп хадистер жеткізіледі: мұсылман ғалымдардың назарында олар «мутауатир»[8] санатына жатады. Іс жүзінде әр тәкбірді айтқан кезде екі қолды көтеру Пайғамбардың өзінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көптеген хадистерде сенімді түрде бекітілген, ал бұған кері нәрсе (яғни екі қолды көтермеу), Абдуллаһ ибн Мәс‘удтан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен жалғыз хадистен бөлек, одан сахих түрде жеткізілмейді. Алайда ол ілесуге жарамсыз, өйткені «наф» («теріске шығарушы») (құқықтық санатына) жатады. Ханафи мазһабы мен өзге де мазһабтардың фәқиһтары тарапынан мынандай қағида орнатылған: «бекітушіге («мусбит») теріске шығарушының (наф) алдында артықшылық беріледі»; бұл қағида бекітуші нәрсе, осы жерде қаралып жатқан мәселе секілді, көптеген хабарлар арқылы расталатын жағдайды айтпағанның өзінде, тіпті жалғыз хабар арқылы ғана жеткен кезде де күшке ие болады! Бұл қағидаға сәйкес және оған қайшы келетін қандай да бір нәрсе болмаса, дәлел анықталып келтірілгеннен соң өз мазһабын соқыр түрде ұстанбай, екі қолды көтеруді қабылдау міндетті болады. Алғашқы және соңғы буындардан шыққандардың аз бөлігі ғана бұл қағиданы қабылдағаны қынжылтады, жағдай тіпті екі қолды көтермеу оларды ерекшелейтін  белгіге айналуға дейін жетті!

Төменде тағы бір, енді имам әш-Шәфи’иге[9] (Мухаммад бин Идриске) жеке тиісуге қатысты  бұрмалау (жалған дәлелдер келтіру – аудармашыдан (қз)) келтіріледі.

3. «Менің үмметімде Мухаммад бин Идрис деген атпен танылатын адам пайда болады және ол менің үмметіме Ібілістен де көбірек зиян келтіреді, сондай-ақ менің үмметімде Абу Ханифа деп танылатын адам пайда болады және ол менің үмметімнің шамшырағына айналады».

Мәуду‘ (өтірік, ойдан тоқылған хадис). Ибн әл-Жәузи бұл хадисті «әл-Мәуду‘атта» (1/457) Мә’мун ибн Ахмад әс-Сәлми арқылы жеткізген, ал ол былай деп айтқан: «Ахмад ибн Абдуллаһ әл-Жууайбари бізге Абдуллаһ ибн Ми‘дан әл-Азади Әнастың сөздерінен «мәрфу‘» түрінде айтқанын; ал кейін Ибн әл-Жәузи: «Мә’мун немесе әл-Жууайбари тарапынан ойдан тоқылған өтірік (хадис). Әл-Хаким «Мәзкалда» Мә’мунға: «Сен әш-Шәфи’иге және оның ілесушілеріне қарамайсың ба?», — деп сұрақ қойылғанын, ал ол бұған: «Ахмад ибн Абдуллаһ әл-Жууайбари бізге… деп хабарлады…», — және сол сияқты жауап бергенін жеткізген; сонымен, ол осының барлығының фалсификаторы (бұрмалаушысы) болып табылатындығы айқын болады», — деген.

«Лисан» кітабында (бұл әңгімелесуге) келесі қосымшаны табуға болады: «…Әл-Хаким кейін былай деп айтқан: «Аллаһ азғантай болса да ақыл берген кез келген адам осы сияқты хадис ойдан жасап шығарылғандығына және Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жабылған жала екеніне куәлік етеді».

Бұл хадистің басқа да жеткізу жолдары бар. Алайда олардың барлығы не өтірікші, не белгісіз баяндаушыларға келіп ұштасады. Сондықтан да әл-‘Айни сияқты ғалым бұл хабарды басқа да жеткізу жолдарымен нығайтуға қарай иілгендігі, ал әл-Кәусари оны осыда қолдағандығы  ерсі-ақ. Алайда соңғысынан мұны әбден күтуге болатын еді, өйткені ол өзін  имам Абу Ханифаның (Аллаһ оны рақым етсін) сұрапыл фанатигі ретінде танытқан, тіпті бұл басқа имамдардың намысын қорлауға және оларға орынсыз шабуылдауға дейін жеткізсе де;  бірақ әдетте мұндай шектен шығушылықтарға бармайтын әл-‘Айнидің осылай істегені ерсі болып тұр. Бұл екеуінің пікірі Йамани атты ғалым тарапынан «әт-Танкил би ма фи Та’ниб әл-Кәусари мин әл-Әбатил» (1/20, 446-9) кітабында тамаша түрде теріске шығарылды, онда ол олар сілтеме жасайтын бұл хабардың қалған жеткізу жолдарын талдап шыққан болатын.

Қосымша № 4

Имамның және оның артында ұйып тұрушылардың «Әмин» сөзін айтуларына қатысты хадистердің талдауы

(шейх әл-Әлбанидің «Силсиләт әл-Ахадис әд-Да‘ифа» (951-2) кітабынан)

1. «Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Әмин», — деп айтқан кезде, оның артында ұйып  намаз орындаушылар да (бұл сөзді) мешіттің ішінде өте қатты шу көтерілетіндей: «Әмин», — деп айтатын».

Мұндай айтылу үлгісімен келтірілетін хадис негізсіз екені белгілі-ақ.

Ибн Хәжар «Тәлхис әл-Хабирде» (90-бет): «Мен бұл хадистің осындай айтылу үлгісін таба алмадым, бірақ Ибн Мәжаһ оның мағынасын Бишр ибн Рафи‘ден келетін хадисте жеткізеді», — деген.

2. «Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес!» деген сөздерді оқып болғаннан соң:  «Әмин», — деп айтатын, әрі оның қасында бірінші қатарда тұрғандар мұны еститін [және мешіт бұдан сілкінетін (гүр ететін)]».

Да‘иф (әлсіз хадис). Ибн Мәжаһ (1/281) және Абу Дәуд төрт бұрышты жақшалардағы қосымшасыз (1/148), екеуін де Бишр ибн Рафи‘ арқылы Абу Һурайраның немере інісі Абу Абдуллаһтан, Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келтіреді.

Ибн Хәжар «Тәлхисте» (90-бет) былай деп нұсқаған: «Бишр ибн Рафи‘ әлсіз (жеткізуші) болып табылады; Абу Һурайраның немере інісі — белгісіз (жеткізуші) деп айтылады, алайда Ибн Хиббан оны сенімді (жеткізуші) деп атады».

Әл-Бусайри «әз-3ауа’идте» (56/1) былай деп нұсқаған: «Бұл әлсіз иснад; Абу Абдуллаһтың күйі белгісіз; (имам) Ахмад Бишрді әлсіз (жеткізуші) деп атады, ал Ибн Хиббан Бишр туралы: «Ол ойдан тоқылған хабарларды жеткізетін», — деп айтқан.

№ 2 хадисте № 1 хадистің мағынасының бір бөлігі ғана қамтылған, яғни «Әмин» сөзін онда имам ғана айтады. Ал «Әмин» сөзін (имамның артында) ұйып намаз орындаушылардың айтуларына келер болсақ, бұл «және мешіт бұдан сілкінетін (гүр ете қалатын)» деген сөздермен меңзеледі. Алайда (егер бұл) хадисті сөзбе-сөз мағынасында  қарайтын болсақ, (онда ол) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Әмин» деп айтқан сөзін меңзеп тұр.

3. «Ол Құранның Анасын («әл-Фатиха» сүресін. — Аудармашының ескертпесі), аяқтаған кезде дауысын көтеретін және: «Әмин», — деп айтатын».

Да‘иф (әлсіз хадис). Әд-Дәрақутни, әл-Хаким және әл-Бәйһақи келтіреді.

(Әд-Дәрақутнидің, әл-Хакимнің және әл-Бәйһақидің жинақтарындағы) барлық атап келтірілген  дереккөздерде әлсіз (жеткізуші) болып табылатын Исхақ ибн Ибраһим ибн әл-‘Алә’ әз-Зубайди бар, ол сондай-ақ Ибн Зибрик ретінде танылған. Абу Хатим (ол туралы) былай деп айтқан: «Шейх, ешқандай жаман нәрсемен танылмаған»; Ибн Мә‘ин ол туралы жақсы пікір білдірген; ән-Нәса’и ол туралы: «Сенімді емес (жеткізуші)», — деген; Мухаммад ибн ‘Ауф былай деп айтқан: «Исхақ ибн Зибриктің өтірік айтқанында менде күмән жоқ». Алайда мұндай айтылу үлгісіндегі бұл хадис мағынасы бойынша дұрыс болып табылады, өйткені оны Уа’ил ибн Хужрдан жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы жеткен хадис растайды.

[Бұл хадистің мәтіні имамның артында ұйып намаз орындаушылардың: «Әмин», — деп айтатындарына мүлдем нұсқамайтындықтан, оны әш-Шәукани істегеніндей № 2 хадистің өзгеше бір түрі ретінде қарастыру дұрыс болып табылмайды].

(Имам) әш-Шәфи’и өзінің «Муснадында» (1/76) Муслим ибн Халид арқылы Ибн Журайжтан, (ол) ‘Атадан оның былай деп жеткізген мына хадисі № 1 хадистің жалғыз қолдауы болып табылады:

4. «Мен Ибн әз-Зубайрдың және одан кейінгі басқалардың мешітте жаңғырық шыққанша: «Әмин», — деп, ұйып тұрушылар да: «Әмин», — деп айтқанын естігенмін».

Бұл хадистің екі кемшілігі бар:

а) (Жеткізуші ретінде) Муслим ибн Халид әз-Зәнжидің әлсіздігі; Ибн Хәжар ол туралы: «Ол шыншыл, бірақ жиі қателесетін», — деп айтқан.

б) «Мудәлләс»[10] болып табылатын Ибн Жубайрдің  «‘Ан‘анасында»[11]; ол бұл хадисті  Халид ибн Аби Ануфтан, ал ол ‘Атадан былай деп жеткізген:

4.1. «Мен дәл осы Мешітте (Меккедегі Қорықты Мешіт — Мәсжид әл-Харам) Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі жүз сахабасын кездестірдім; имам: «Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес!», — деп айтқаннан соң олар «Әмин» сөзін айтатын кездерінде дауыстарын көтеретін (басқа бір нұсқада: «Мен олар: «Әмин», — деп айтқан кезінде күн күркірегендей дыбыс (шығатынын) еститінмін», — деп айтатылады).

Әл-Бәйһақи (2/59) және Ибн Хиббан «Сикатта» (2/74) келтіреді; балама нұсқасын әл-Бәйһақи келтірген.

Халид есімді кісіні Ибн Аби Хатим (1/2/355-6) атаған, алайда ол оның жеткізуші ретіндегі сенімділігі туралы да,  әлсіздігі туралы да айтпаған. Ибн Хиббан оны сенімді жеткізушілердің қатарына қосқан, алайда Ибн Хиббан осындай жағдайларда тиісті қаталдық көрсетпегенімен кең танылған, сондықтан да мен бұл хадис сенімді болғанына қанағаттанбаймын. Мұның себебі Ибн Журайж іс жүзінде бұл хадисті одан  (яғни Халид ибн Абу Әнуфтан. — Аудармашының ескертпесі) алғандығында, ал бұл өз кезегінде жалғыз (сенімділігі) даулы жол болып табылады; егер бұлай болмаса, онда біз Ибн Журайжтың бұл хадисті кімнен алғанын білмейміз. Имам әш-Шәфи’идің өзі де бұл хабардың  сенімділігіне қанағаттанбаған, өйткені оған қатысты қарама-қайшы ұстанымда болған.  Мысалы, «әл-Умм» (1/95) (кітабында) ол былай деп айтады: «Сөйтіп, имам Кітаптың Анасын оқуды аяқтау кезінде  дауысын көтеріп: «Әмин», — деп айтады, оның артында ұйып тұрушылар ол осыны (яғни «Әмин» сөзін – Аудармашының ескертпесі) айтқанда оның соңынан ілесулері үшін,  олар тура соны ішінен айтады, әрі маған олардың мұны дауыстап айтқандары ұнамайды». Сондықтан да сахабалардан жеткен жоғарыда аталған хабар имам  әш-Шәфи’идің көзқарасы бойынша сенімді болса, ол олардың тәжірибесіне қарсы сөз айтпас еді.

Сонымен, бұл мәселе бойынша ең дұрыс пікірді ұстанатын шәфи’и мазһабы (болған) болуы мүмкін еді: имамның артында ұйып тұрушылар емес, имамның (өзі ғана) «Әмин» сөзін дауыстап айтуы қажет. Ал Аллаһ бұл туралы жақсырақ біледі!

Алайда мен кейін әл-Бухаридің «Сахихында» Ибн әз-Зубайрдан ( «му‘алләк»[12] түріндегі) жеткен хабардың тек мәтінін келтіргендігін, әрі оған анық түрде нұсқағандығын көрдім.  Ибн Хәжар «Фатх әл-Бариде» (2/208) былай деп жазады: «‘Абд ар-Раззақ (бұл хабардың) байланыстырушы иснадын  Ибн Журайжтан, ал ол ‘Атадан келтіреді. Ол (яғни Ибн Журайж) былай деп айтқан: «Мен одан: «Ибн әз-Зубайр Кітаптың Анасын (оқуды) аяқтайтын кезінде: «Әмин», — деп айтатын ба?», — деп сұрадым. Ол: «Иә, және оның артында ұйып тұрушылар да: «Әмин», — деп мешітте жаңғырық шыққанша айтатын», — деп жауап берді». Кейін ол былай деп айтқан: «Ақиқатында, «Әмин» — бұл дұға»». Бұл хабарды ‘Абд әр-Раззақ «Мусаннафта» (2640/2) және тура осы жолмен Ибн Хазм «әл-Мухалләда» (3/364) жеткізген.

Бұл хабарда Ибн Журайж ол оны тікелей (сөзбе-сөз: «бетпе-бет». — Аудармашының ескертпесі) ‘Атадан алғанын айтады, сондықтан да біз бұл жерде «тәдлис»[13] жоқтығына сенімдіміз. Сөйтіп, Ибн әз-Зубайрдан жеткен хабар сенімді түрде орнығады.

Абу Рафи‘тен жеткізілетін Абу Һурайрадан келген хабар да дәл осылай бекітіледі:

5. «Абу Һурайра Мәруан ибн әл-Хәкамды[14] намазға шақыратын, әрі алдын ала ол Абу Һурайра сапқа тұрып үлгергендігін білмейінше «Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес!» сөздеріне дейін жетпейтінін оған шарт етіп қоятын. Сондықтан да Мәруан: «Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес!», — деп оқып болған кезде, Абу Һурайра дауысын созып: «Әмин», — деп айтатын. Ол сондай-ақ былай деп айтқан: «Жердегілердің: «Әмин», — дегені аспандағылардың: «Әмин», — деп айтуымен сәйкес келсе, олар кешірімге ие болады». Әл-Бәйһақи (2/59) келтіреді; бұл хабардың иснады сенімді.

Сөйтіп, басқа сахабалардан Абу Һурайраның және Ибн әз-Зубайрдың «Әмин» сөзін дауыстап айтқанына қайшы келетін еш нәрсе анықталмағандықтан, олардың хабарлары қабылдануы қажет. Осы күнге дейін маған осы хабарға қайшы келетін бірде-бір хабар мәлім емес. Ал Аллаһ мұның барлығы туралы жақсырақ біледі!

Қосымша № 5

Үтір намазынан кейін екі ракағатты орындау туралы

(шейх әл-Әлбанидің «Силсиләт әл-Ахадис әс-Сахиха» (№ 1993) кітабынан)

1. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің соңғы түнгі намаздарың тақ [уитр] (ракағаттардан тұрсын)», — деп айтқан. Бұл хадисті әл-Бухари мен Муслим келтіреді.

2. Абу Сәлама ‘Аишадан Аллаһ Елшісінің (түнгі) намазы туралы сұрайды.  Ол былай деп айтқан: «Оның (түнгі) намазы он үш ракағаттан тұратын: ол сегіз ракағат орындайтын, ал кейін әдетте үтірді орындайтын, содан соң отырып екі ракағат орындайтын және рукуғ жасағысы келсе, оны орнынан тұрып жасайтын, ал содан соң ол таң намазына бірінші (азан) және екінші (иқама) шақырудың арасында екі ракағат оқитын». Бұл хадисті Муслим келтіреді.

3. Саубан былай деп жеткізген: «Біз Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  сапарда болған кезімізде, ол былай деп айтқан: «Ақиқатында, сапар қиналу мен ауыртпалықтар (жүктейтін нәрсенің бір бөлігі) болып табылады, сондықтан да сендерден кім үтір намазын оқыған болса, ол (тағы да) екі ракағат орындауға тиісті. Егер ол ұйқысынан оянса (онда барлығы жақсы), ал олай болмаса, бұл екеуі (ракағаттар) ол үшін  (түнгі) намаздай болады». [Бұл хадисті] әд-Дарими (1/374), Ибн Хузайма өзінің «Сахихында» (2/159/1103) және Ибн Хиббан (683) Ибн Уаһбқа дейін көтерілетін түрлі жеткізу жолдары арқылы келтіреді, әрі соңғысы былай деп айтқан: «Му`ауийа ибн Салих маған Шурайх ибн ‘Убайдтан, Абдурахман ибн Жубайр ибн Нуфайрадан, ол әкесінен, ал ол Саубаннан былай деп жеткізген…»

Ибн Уаһбты Абдуллаһ ибн Салих қолдайды, әрі ол:  «Му`ауийа ибн Салих бізге: ….. деп хабарлады», — деп, әрі қарай сол сияқты айтқан. Бұл хадисті әд-Дәрақутни (177-бет) және әт-Табарани «Му‘жәм әл-Кәбирде» (1410) келтіреді. Абдуллаһ ибн Салих әл-Бухаридің шейхы болып табылады, сондықтан да оның сөздері басқа жеткізушілер жеткізген хадистерді қолдау үшін куәлік қызметін атқара алады.

Бұл хадисті имам Ибн Хузайма «үтірден кейін намаз оқу оны орындауды қалайтын кез-келген адамға рұқсат етіледі, әрі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әдетте үтірден кейін орындайтын бұл екі ракағат тек оған ғана емес, оның бүкіл үмметіне (қауымына) қатысты, өйткені оның өзі бізге үтірден кейін екі ракағатты орындауды бұйырды. (Бұл) бұйрық міндетті және мәжбүр емес, ұсыныс және абзалдық сипатқа ие» деген дәлел ретінде қолданады.

Сөйтіп, бұл хадистен бізге үтірден кейін екі ракағатты орындау тек оған ғана қатысты болмағаны түсінікті (оның үмметке айтылған бұйрығының жалпылама сипатта екенінен шыға келе); оның соңғы түнгі намазды тақ ету туралы бұйрығы бір тақ ракағатқа салғырттық танытпауды меңзеуі әбден ықтимал, ал бұл мақсат бір ракағаттан соң екі ракағатты орындауға қайшы келмейді, бұған оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) амалдары мен әмірлері нұсқаған. Ал Аллаһ мұның барлығы туралы жақсырақ біледі!

Қосымша № 6

Аллаһқа дұға етіп жалбарынғаннан соң екі қолмен бетті сипап өту туралы айтылатын хадистердің әлсіздігі

Шейх әл-Әлбанидің  «Ируа’ әл-Ғалил» (2/178-182) кітабынан

 1. «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһқа дұға етіп жалбарынған кезінде екі қолын көтеріп, олармен бетін сипап өтпей түсірмейтін».

Да‘иф (әлсіз хадис). Оны әт-Тирмизи (2/244) және Ибн ‘Асакир (7/12/2) Хаммад ибн ‘Иса әл-Жухани арқылы, Ханзаләһ ибн Аби Суфйян әл-Жумахиден, Салим ибн Абдуллаһтан, оның әкесінен, ‘Омар ибн әл-Хаттабтан, оның осылай деп айтқанын келтіреді.

Әт-Тирмизи осы хадисті келтіргеннен соң мынандай түсіндірме берген: «Бұл сенімді (сахих) оқшау (ғариб[15]) хадис. Біз бұл хадис туралы ол тек Хаммад ибн ‘Исаның сөздерінен жеткізілген (хадис) деп білеміз, өйткені ол одан осы хадис жеткізілетін жалғыз адам; ол аз хадис хабарлайтын, бірақ адамдар одан  жеткізетін».

Алайда бұл хадис жеткізушісі әлсіз болып табылады, бұған Ибн Хәжар нұсқағанындай, әрі ол өзінің «Таһзиб» еңбегінде ол туралы былай деп айтқандай:

«Ибн Мә‘ин: «Жақсы (хасан) шейх», — деген[16]; Абу Хатим: «Хадистерде әлсіз», — деп айтқан; Абу Дәуд: «Әлсіз, «мункар»[17] хадистер жеткізеді», — деген; әл-Хаким және Наккаш былай деп айтқан: «Ол Ибн Журайжтан және Жә‘фар әс-Садықтан ойдан шығарылған хадистер жеткізеді». Оны әлсіз (жеткізуші) деп әд-Дәрақутни атаған. Ибн Хиббан былай деп айтқан: «Ол Ибн Журайжқа және ‘Абдул ‘Азиз ибн ‘Омар ибн ‘Абдул ‘Азизге мүлде қарама-қайшы келетін нәрселер жеткізеді, сөйтіп бұл салада (яғни хадис ғылымында) маман болып табылатындар ол мұны қасақана істейтін еді деп есептейді; (қандай да бір нәрсені) дәлелдеу үшін оған сілтеме жасауға болмайды». Ибн Мәкула: «Олар (яғни мухаддис ғалымдар) одан жеткізілетін хадистерді әлсіз деп айтады», — деп айтқан

Сонымен, бұл хадис жеткізуші өте әлсіз болып табылады, сондықтан да одан жеткен хадистер, сенімді (сахих) хадистердің деңгейі туралы айтпағанның өзінде, жақсы (хасан) хадистердің денгейіне дейін де көтеріле алмайды!

Осыдан алдынғы хадиспен келесі хадис те ұқсас:

«Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһқа дұға етіп жалбарынған және екі қолын көтерген кезінде, әдетте олармен бетін сипап өтетін».

Да‘иф (әлсіз хадис). Оны Абу Дәуд (1492) Ибн Ләхи‘адан, Хафс ибн Һишам ибн ‘Утба ибн Аби Уаққастан, Са’иб ибн Йазидтен, ал ол оның әкесінен келтіреді. Бұл хадистің жеткізушілер тізбегі Хафс ибн Һишам себепті әлсіз, өйткені ол белгісіз, сондай-ақ Ибн Ләхи‘аның әлсізідігі себепті де («Тақриб әт-Тахзибпен» салыстырыңыз).

Бұл хадис өзінің екі жеткізу жолымен нығайтыла алмайды, өйткені оның бірінші жеткізу жолында салмақты әлсіздік бар.

2. «Сендер Аллаһқа жалбарынған кездеріңде алақандарыңмен жалбарыныңдар және олардың сырт жағымен жалбарынбаңдар, ал (дұғаларыңды) аяқтаған кез(дерің)де олармен (екі қолдарыңмен) беттеріңді сипап өтіңдер».

Да‘иф (әлсіз хадис). Оны Ибн Мәжаһ (1181, 3866), Ибн Наср «Қийям әл-Ләйлде» (137-бет), әт-Табарани «әл-Му‘жам әл-Кәбирде» (3/98/1) және әл-Хаким (1/536) Салих ибн Хассаннан, ол Мухаммад ибн Қа‘бтан, ал ол Ибн Аббастан (Аллаһ оған разы болсын) «мәрфу‘»[18] түрінде келтіреді.

Бұл хадистің тізбегі хадис жеткізуде «мункар» болып табылатын Ибн Хассан себепті әлсіз, бұл туралы әл-Бухари айтқанындай; ән-Нәса’и: «Ол хадистерде дәрменсіз», — деді; Ибн Хиббан: «Ол әнші әйелдерді ұстайтын, музыка тыңдайтын және сенімді жеткізушілердің атынан ойдан тоқылған хадистерді жеткізетін», — деп айтқан; Ибн Аби Хатим «Китаб әл-‘Иләлде» (2/351): «Мен әкемнен (яғни Абу Хатим әр-Разиден) бұл хадис туралы сұрадым, ол бұған: «Мункар», — деп жауап берді.

Ибн Хассанды, осы хадисті сондай-ақ Мухаммад ибн Қа‘бтан жеткізген ‘Иса ибн Мәймун нығайтады, бұл туралы Ибн Нәср хабарлағанындай. Алайда бұл еш нәрсені өзгерпейді, өйткені Ибн Мәймун да әлсіз (жеткізуші) болып табылады: Ибн Хиббан ол туралы былай деген: «Ол әрбірі ойдан тоқылған хадистерді жеткізеді», — ал ән-Нәса’и ол туралы: «Сенімсіз», — деп айтқан

Бұл хадисті Ибн ‘Аббастан сондай-ақ Абу Дәуд (1485) келтіреді, ал одан  — әл-Бәйһақи (2/212): ‘Абдул Мәлик ибн Мухаммад ибн Айман арқылы, Абдуллаһ ибн Йа‘куб ибн Исхақтан, оған бұл хадисті Мухаммад ибн Қа‘бтан келесі нұсқада жеткізген әлдебіреуден  (былай деп) жеткізеді:

«Қабырғаларыңды жаппаңдар! Кім бауырының хатына оның рұқсатынсыз қараса, сол, ақиқатында, Отқа қараған болады! Аллаһқа алақандарыңмен жалбарыныңдар және Оған алақандарыңның сырт жағымен жалбарынбаңдар, ал (дұғаларыңды) аяқтаған кезде олармен (екі қолдарыңмен) беттеріңді сипап өтіңдер!»

Бұл хадистің (жеткізушілер) тізбегі әлсіз: Абу Дәуд ‘Абдул-Мәликті әлсіз (жеткізуші) деп атады; бұл хадистің тізбегінде сондай-ақ (әлдебір) шейх Абдуллаһ ибн Йа‘куб бар, ал оның есімі келтірілмейді, демек ол белгісіз – бәлкім, бұл шейх жоғарыда сөз етілген Ибн Хассан немесе Ибн Мәймун болған шығар.

Бұл хадисті сондай-ақ әл-Хаким (4/270) Масадиф ибн Зийад әл-Мәдини ол бұл хадисті  Мухаммад ибн Қа‘б әл-Куразиден естігендігі туралы оған жеткізгенін айтқан Мухаммад ибн Му‘ауийядан келтіреді. Әз-Зәһаби бұл хадистің түгел тізбегін тексеріп сараптаған, әд-Дәрақутни Ибн Му‘ауийяны өтірікші деп атағанын, сондықтан да бұл хадис ойдан шығарылған болып табылатынына нұсқаған.

Абу Дәуд бұл хадис туралы былай деп айтқан: «Бұл хадис бір тізбектен де көбірек (жолмен) Мухаммад ибн Қа‘б арқылы жеткізіледі, әрі олардың әрқайсысы әлсіз болып табылады».

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһтан  (Құранды) жатқа оқушылардың 70-сін өлтірген    көпқұдайшыларды жазалауын сұрап құнұт дұғасын оқыған кезінде екі қолын көтергені сенімді түрде бекітілген,  — имам Ахмад (3/137) және әт-Табарани «әл-Му‘жам әс-Сағирде» (111-бет) бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді. Құнұт дұғасын үтір намазында оқыған кезде екі қолды көтеру сенімді түрде ‘Омардан және басқа (сахабалардан) жеткізіледі. Алайда құнұт дұғасын оқығаннан кейін бетті сипау туралы Пайғамбардың өзінен де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның қандай да бір сахабаларынан да (Аллаһ оларға разы болсын) ешқандай хабар жеткізілмегендіктен, бұл іс-әрекет (бетті сипау), күмәнсіз, діни жаңалық (бид‘а) болып табылады.

Намаздан тыс кезде (дұғадан кейін) бет сипап өтуге қатысты айтар болсақ, бұл туралы тек жоғарыда аталған екі хадис қана бар: алайда «олар бірін-бірі нығайтады, әрі сөйтіп жақсы (хасан) хадистер деңгейіне дейін көтеріледі» деп айту негізсіз, мұны осы хадистердің жеткізу жолдарындағы анықталған салмақты әлсіздіктің себебінен әл-Манауи істегеніндей. Міне сол үшін де имам ән-Нәуауи «Мәжму‘та»: «Бұлай істеу құпталмайды», — деген, әрі «Осылай тек надан адам ғана істейді», — деп айтқан Ибн ‘Абд әс-Сәламаны қолдаған.

Аллаһқа дұға етіп жалбарынғаннан соң бетті екі қолмен сипап өту (Шариғат) тарапынан бұйырылмағандығы  Аллаһқа дұға етіп жалбарыну кезінде екі қолды көтеру туралы көптеген сенімді хадистердің болуымен, бірақ олардың біреуінде де бетті екі қолмен сипап өту туралы айтылмайтындығымен расталады; бұл, Аллаһтың қалауымен, осылай істеу бұйырылмағандығына және қабылданбайтындығына нұсқайды.



[1] Бұл хадистің аудармасы  осында (орысша аудармада – аудармашыдан (қз.)) азғантай өзгертулермен әл-Бухаридің «Сахихынан» (ықшамдалған нұсқасынан) алынған, орыс тіліндегі 1-ші басылым, 202-бет, № 400.

[2] (Арабтың) «идтираб» сөзі одан «мудтариб» сөзі пайда болған «идтараба» — «түсініксіз болу; тәртіпсіздікке келтіру» етістігінен пайда болған. «Термин ретінде бұл сөз түрлі, бірақ күші бойынша бірдей жолдармен жеткізілетін хадисті белгілеу үшін қолданылады. [«Мудтариб» хадис дегенде] әртүрлі әрі бір-біріне қайшы келетін үлгілерде жеткізілетін, әрі соның нәтижесінде оларды өзара үйлестіру мүмкін болмайтын хадис меңзеледі. Сонымен бірге оның түрлі жолдармен жеткізілетін барлық нұсқалары  күші бойынша өзара тең және, оларға қолданылған абзалдық өлшемдері қандай болса да, олардың ешқайсысына басқаларының алдында басымдық беруге болмайды» (91-бет. — Аудармашының ескертпесі). Бұл жерде және әрі қарай хадистердің түрлі үлгілерінінің анықтамалары мен түсіндірмелері Әл-Әлбанидің шәкірті, Кувейт Университеті Шариғат пен ислами зерттеулер факультетінің профессоры, доктор Махмуд Тахханның «Пособие по терминологии хадисов» (М., 2002, Владимир Абдалла Ниршаның орыс тіліне аударылған) кітабы бойынша келтіріледі.

[3] Жәрх және та‘дил — «қайтару (сенімсіз ету) және растау». «Хадистің сенімді немесе әлсіз екендігі бірқатар қорытындылардың жиынтығына, соның ішінде жеткізушілердің шыншыл және шыншыл еместігі, нақты және нақты еместігі туралы қорытындыға сүйенетін болғандықтан, ғалымдар растаудың (та‘дил) сенімге лайықты білгерлеріне сілтеме жасалып хадис жеткізушілері туралы  осындай және осыған ұқсас деректер келтірілетін кітаптар құрастырумен айналысатын. Міне осы «растау» (та‘дил) деп аталады. Бұдан тыс, мұндай кітаптарда кейбір жеткізушілердің шыншылдығы, нақтылығы немесе есте сақтау қабілеті күмәнға түсетін себептер де көрсетілетін, әрі олар да білгірлердің сілтемелері арқылы нығайтылатын және  «қайтару (сенімсіз ету)» (жәрх) деп аталатын» (127-бет. — Аудармашының ескертпесі).

[4] Тә‘лик — «іліп қойылған». Бұл әрі сондай-ақ ««му‘алләк» (іліп қойылған) сөзі… «алләқа» («бір нәрсені басқа бір нәрсеге іліп қою») етістіген [пайда болған]… Термин ретінде бұл сөз иснадының бас жағында бір немесе бірінен соң бірі келетін бірнеше жеткізушінің есімдері (айтылмай) қалып кеткен хадисті белгілеу үшін қолданылады.  «…егер «іліп қойылған» хадис тек сенімді (сахих) хабарлар ғана жазылған кітапта, мысалы, әл-Бухари мен Муслимнің «Сахихтарында» келтірілсе, онда оған ерекше үкімнің күші жүреді, әрі ол туралы: «Ғалымдар әл-Бухаридің «Сахихында» келтірілген «іліп қойылған» хадистерді зерттеумен айналысатын және олардың үзіліссіз иснадтарын келтіретін», — деп айтуға болады (54-56 — беттер. — Аудармашының ескертпесі).

[5] Мурсәл — «жіберілген». Бұл сөз ««арсалә» («жіберу») етістігінен пайда болған. Термин ретінде бұл сөз жеткізуші онымен кездескен немесе оның замандасы болған адамның сөздерінен жеткізілетін хадисті белгілеу үшін қолданылады.  Әрі осы орайда іс жүзінде аталған жеткізуші оны тыңдамаған, бірақ десе де жеткізу барысында ол оның осы хадисті тікелей одан немесе оны осы адамнан естіген кісіден тыңдаған деп тұжырым жасауға мүмкіндік беретіндей сөздерді қолданады, мысалы: «Ол былай деп айтқан…» (68-бет. — Аудармашының ескертпесі).

[6] Мәусул — «үзіліссіз». «Мәусул» санатына жататын хадистердің синонимі «иттасәлә» («үзіліссіз болу») етістіген пайда болған «муттасил» сөзі болып табылады. Термин ретінде «муттасил» сөзі «мәрфу‘» немесе «мәуқуф» санатына жататын үзіліссіз иснадтарымен жеткен хадистерді  белгілеу үшін қолданылады (114-бет. — Аудармашының ескертпесі). Өз кезегінде «мәрфу‘» («көтерілетін») «термин ретінде… Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қатысты етілетін сөздерді (қаул), амалдарды  (фи‘л), сөзбен айтылмаған мақұлдауды (тақрир) немесе сипаттарды (сифа) белгілеу үшін, ал  «мәуқуф» («қалдырылған») сөзі «термин ретінде…. сахабалардың әлдебіреуіне қатысты етілетін сөздерді (қаул), амалдарды  (фи‘л), сөзбен айтылмаған мақұлдауды (тақрир) белгілеу үшін қолданылады» (107-108 беттер. — Аудармашының ескертпесі).

[7] № 446 хадиспен салыстырыңыз, «Сахих әл-Бухари» (краткое изложение), 1-е изд. на русском яз., С. 221 (Аудармашының ескертпесі).

[8] «Мутауатир» сөзі «тауатур» — «бірінің ізінен басқасы ілесу» — сөзінен шыққан етістіктен жасалған есім болып табылады.  «Тауатур» сөзінің терминологиялық мағынасы: хабарды жеткізушілердің саны олардың оны фальсификациялау мақсатында  өзара келісуін жоққа шығаратындай көп болуы. Бұл анықтаманың мағынасы: (бұл жерде) иснадының әрбір тобындағы көптеген жеткізушілер тарапынан жеткізілетін хадис немесе хабар меңзеледі, ал бұл ақыл-санаға «осы жеткізушілердің барлығы осы хабарды ойдан тоқып жасау үшін өзара келісуі мүмкін емес» деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді (15-16-беттер. — Аудармашының ескертпесі).

[9] Оның толық есімі — Абу Абдуллаһ Мухаммад ибн Идрис әш-Шәфи‘и (Аллаһ оны рақым етсін). — Аудармашының ескертпесі.

[10] «Мудәлләс» сөзі «дәлләса» — «тауардың кемшілігін сатып алушыдан жасыру» деген мағынадағы етістіктеп пайда болған. «(Бұл етістіктен пайда болған) «тәдлис» сөзі термин ретінде  иснадтың кемшілігін жасыруды және оны сырттай сәндеуді (яғни оны фальсификациялауды) белгілеу үшін қолданылады» (62-бет — Аудармашының ескертпесі).

[11] «‘Ан‘ана» етістігі — «әрқайсысы бұл хабарды өзінен алдынғының сөздерінен жеткізген бірнеше тұлғалардың сөздерінен жеткізу, яғни: «…сөздерінен, …сөздерінен», — деп айту. «Термин ретінде («‘ан‘ана» етістігінен пайда болған) «му‘ан‘ан» сөзі «Пәлен пәленнің сөздерінен …. деп жеткізді» деп айтатын жеткізушінің сөздері келтірілетін хадисті белгілеу үшін қолданылады» (Аудармашының ескертпесі).

[12] Әл-Бухари мен Муслимнің «Сахихтарында» келтірілетін «му‘алләк» түріндегі хабарлар, Қз.: 671-ескертпе  (Аудармашының ескертпесі).

[13] Қз.: 678-ескертпе.

[14] Мәдинаның әмірі, кейіннен Умайя әулетінің халифаларының бірі  (Аудармашының ескертпесі).

[15] «Ғариб» сөзі сын есім болып табылады және «оқшау» немесе «өз туысқандарынан алыс» деп аударылады. Термин ретінде «ғариб» сөзі бір-ақ жалғыз жеткізушіден жеткізілетін хадисті белгілеу үшін қолданылады (23-бет. — Аудармашының ескертпесі).

[16] Егер Ибн Мә‘ин (хадис) жеткізуші туралы оң пікір білдірген болса, алайда қалған ғалымдар оны әлсіз деп жарияласа, онда Ибн Мә‘иннің тұжырымы қабылданбайды, өйткені ол сынға қатысты өзінің қаталдығымен және қаттылығымен танымал болған: әлсіз хадис жеткізушілер оның алдында өздерінің әлсіздіктері әшкере болмауы үшін барлық шараларды жасайтын; сондықтан да ол соған тиісті тұжырымдар шығаратын. Оның осы жеткізушіні сенімді деп жеке қалуының себебі осыменен түсіндіріледі.

[17] Қз.: 618-ескертпе  (Аудармашының ескертпесі).

[18] Қз.: 673-ескертпе (Аудармашының ескертпесі).

жалғасы бар