Төртінші тарау
Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ғибадаттағы ыждағаттылығы және Аллаһ жолындағы күресі (жиһады)
- Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мүминдер үшін үлгі-өнеге, ұқсап-еліктеуге және ізінен ілесуге шынайы лайықты имам (басшы) еді. Аллаһ Тағала ол туралы былай деді:
«Расында, сендер үшін, Аллаһты және Ақырет күнін үміт еткендер және Аллаһты көп еске алатындар үшін, Аллаһтың Елшісінде көркем өнегелер бар» («әл-Әхзаб» сүресі, 21-аят).
Ол намаздарында ыждағатты болғаны сонша, тік аяқта ұзақ уақыт тұрғандығы себепті табандары ісіп кететін және жарылатын. Одан: «Сіз не үшін осыны істейсіз, Аллаһ сіздің бұрыңғы әрі болашақ күнәларыңызды кешіріп қойды емес пе?» — деп сұрағанда, ол: «Ендеше, қалайша мен Оның шүкір етуші құлы болмаймын?!» — деп жауап беретін (әл-Бухари (№ 1130), Муслим (№ 2819)).
- Әр түні ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) он бір ракағаттан, ал кейде он үш ракағаттан тұратын түнгі намазды (қиям әл-ләйл) оқитын (әл-Бухари (№ 1147), Муслим (№ 737)). Ал күн сайын ол парыз намаздарына қосымша, олардан бұрын әрі олардан кейін бірнеше нәпіл намаздарын (әр-рауатиб) оқитын. Олардың жалпы ракағаттарының саны он екі болатын (Муслим (№ 728)), ал кейде он болатын (әл-Бухари (№ 1172), Муслим (№ 729)). Бұдан тыс ол төрт әрі одан да көп ракағаттардан тұратын таңертенгі нәпіл (духа)[1] намазын оқитын (Муслим (№ 719)).
Түнгі намаз туралы айтар болсақ, ол оны өте ұзаққа сөзатын, тіпті бір ракағатта Құранның (жуз деп аталатын) отыздан бір бөлігінен бесеуін оқитын (Муслим (№ 772)). Сөйтіп, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тәулік барысында орындайтын ракағаттарының саны қырықтан асатын, ал олардың он жетісі күнделікті бес уақыт парыз намаздарына (әл-фараид) тиесілі болатын (Ибн әл-Қаййим «Китаб әс-соләт» (140-бет)).
- Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстауына келер болсақ, ол рамазан айындағы парыз оразасынан бөлек нәпіл (міндетті емес қосымша) оразаларын да ұстайтын. Ол ай сайын үш күн ораза ұстайтын (Муслим (№ 1160)), дүйсенбі мен бейсенбі күндері ораза ұстауға тырысатын (әт-Термизи (№ 745), ән-Нәсәи (4/202)), шағбан айын түгелімен немесе оның басым бөлігін ораза ұстаумен өткізетін (әл-Бухари (№ 1969, 1970), Муслим (№ 1156, 1157)), мүминдерді шағбан айындағы алты күндік оразаны ұстауға ынталандыратын (Муслим (№ 1164)).
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейде көп күндерін нәпіл ораза ұстаумен өткізетіні соншалықты — адамдар оны оразаны мүлде үзбей ұстайтын шығар деп ойлай бастайтын, ал кейде ол ұзақ уақыт бойы ораза ұстамай жүретіні соншалықты — тіпті адамдар оны мүлде нәпіл ораза ұстамайтын шығар деп ойлайтын (әл-Бухари (№ 1971), Муслим (№ 1156).
Рамазаннан басқа айлардың ішінде ол оны түгелімен ораза ұстаумен өткізетін ай жоқ болатын, тек шағбаннан басқа.
Ол Ашура күнінде (мухаррам айының оныншы күні) (әл-Бухари (№ 2000-2007), Муслим (№ 1125) және зул-һижжа айының тоғызыншы (Арафа) күні ораза ұстайтын (әл-Бухари (№ 2000-2007), Муслим (№ 1125)).
Кейде ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі немесе үш күн арасын үзбей әрі кешкісін ауызын ашпай ораза ұстайтын, бірақ өзінің ізбасарларына бұлай істеуге тыйым салатын, әрі оларға өзінің басқалар сияқты емес екенін, яғни күндіз ораза ұстап, түнде тамақ жемей жүре алатынын, өйткені оны Раббысы тамақтандыратынын және сусындыратынын түсіндіретін (әл-Бухари (№1961-1964), Муслим (№1102-1103)) (яғни ол намаздарында Аллаһқа құпия түрде жүгінулерінде ләззат, қуаныш және жан рахатын сезінетіні соншалықты, бұл оны ішіп-жеу қажеттілігінен азат ететін; әрі бұл Пайғамбардың «өйткені Раббым мені тамақтандырады әрі сусындырады» деген сөздерінің дұрыс түсіндірмесі). Дәл сондықтан да ол Биләлға, оның намазға азан шақыруын қалап: «Я, Биләл, бізге намаздың рахатын жеткізші», — дейтін (Абу Дауд (№ 8549), Ахмад (5/393)), әрі: «Менің қос жанарымның сүйініші (рахаты, ләззаты) намаз етілді», — деп те айтатын (ән-Нәсаи (7/61), Ахмад (3/128). Қ-з: «Сахих ән-Нәсаи» (3/827)).
- Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайыр-садақаға өте жомарт болатын. Ал Жәбірейілмен (Аллаһтың оған сәлемі болсын) кездескен күндері ол ерекше жомарттық танытатын, әрі ірбір игілікке еркін ескен желден де жомарт болатын (әл-Бухари (№ 6), Муслим (№ 2308)).
Ол кедей болып қалудан қорықпайтын адамның жомарттығын танытып сыйлық тарататын. Бір кісіге ол екі таудың арасын толтырған бір отар қой сыйлады. Өз тайпасына қайтып келген бұл адам: «Уа, халқым! Исламды қабылдаңдар, өйткені Мухаммад кедейліктен қорықпай сыйлық таратады!» — деп үндеу салды (Муслим (№ 2312)).
Адамдардың ең абзалы, ең жомарт, ең ержүрек («әл-Бухари ма’а әл-фатх» (10/455. № 6033), Муслим (4/1804. № 2308)) әрі олардың ең мейірімдісі, ең ұлы сыпайылық, әділеттілік, сабырлық, жұмсақтық, ұстамдылық, кең пейілділік, байсалдылық, ұялшақтық пен табандылық иесі – міне, Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осындай болатын.
- Ол Аллаһ жолында ынта-ыждағат танытып күресудің (жиһадтың) барлық түрін жасайтын:
— Өз нәпсіңмен күресу, әрі ол өзіне төрт құрамдас бөлігін қамтиды – нәпсіні дінге үйрету, оқып-үйренгенге сәйкес амал ету, дінге даналық пен түсінуге негізделіп шақыру, дінге шақырумен ұштасып келетін қиындықтарға сабыр ету.
— Шайтанмен жиһад, әрі ол өзіне екі құрамдас бөлікті қамтиды. Олар – оның уәсуәстайтын күмән-шүбәларын тойтару әрі ол қоздыратын әуес-қалауларға (шахуаттарға) қарсы тұру.
— Кәпірлермен жиһад, әрі ол өзіне төрт құрамдас бөлікті қамтиды: жүрек арқылы жиһад, тіл арқылы жиһад, мал-мүлікпен жасалатын жиһад, қолмен жасалатын жиһад.
— Залымдармен жиһад, әрі ол өзіне үш құрамдас бөлікті қамтиды – қолмен жиһад жасау, кейін тілмен, кейін жүрекпен жиһад жасау.
Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жиһадтың осы он үш құрамдас бөлігінің барлығын ең кәміл дәрежеде жасады. Оның бүкіл уақыты жиһадқа яғни Аллаһтың жолында жүрекпен, тілмен, қолымен және мал-мүлікпен ынта-ыждағат танытуға бағышталды. Осының арқасында ол данқымен бүкіл адамзаттан асып түсті әрі Аллаһ Тағаланың алдындағы ең мәртебелі орының иесі болды (“Зад әл-ма’ад” (3/5,10,12)).
Оны мен бірқұдайшылықтың дұшпандары арасында шайқастар өтетін. Оның жеке басшылық жасауымен 27 жорық жасалып, оның тоғызы оның өзінің тікелей қатысуымен өткен шайқастармен тарихта қалды. Ал оның бұйрығы бойынша, бірақ оның қатысуынсыз жасалған жорықтарға[2] келер болсақ, олардың саны елу алтыға жетеді (ән-Нәуауи «Шарх Сахих Муслим» (12/95), «Фатх әл-Бари» (7/279-281, 8/153)).
- Адамдармен қарым-қатынас жасауда және олармен сөйлесіп-мәміле жасауда оған теңдес ешкім жоқ еді. Егер ол әлдебір нәрсені қарызға алса, одан да жақсырақ затпен қайыратын. Бірде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алдына ол қарызға бір түйе алған адам келіп, одан дөрекі түрде қарызын қайыруды талап етті. Сахабалар оны Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осылайша қарым-қатынас жасағаны үшін сазайын тарттыруды шешті, алайда Елші (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Қойыңдар оны, өйткені, ақиқатында, құқық иесінің сөйлеуге де құқығы бар», — деді де[3], содан соң: «Оған оның түйесінің жасындағыдай түйе қайырыңдар», — деп бұйырды. Сахабалар: «Уа, Аллаһтың елшісі, тек одан жақсы жастағы түйелер ғана бар», — деді. «(Онда) оған осындай түйе беріңдер», — деп бұйырды Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын). Түйені алған соң әлгі кісі Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сіз менімен толық есептестіңіз, Аллаһ сізді толығымен сыйға бөлесін!», — деді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Аллаһтың құлдарының ішіндегі ең жақсылары – қарыздарың басқаларға қарағанда ең жақсырақ қайыратындары», — деді. Әл-Бухари (№ 2305), Муслим (№ 1600).
Бірде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Жәбир ибн Абдуллаһтан оның түйесін азғантай саудаласып сатып алды да, кейін: «Мен сенің түйеңді сатып алу үшін саудаласты деп ойлайсың ба, уа, Жәбир?», — деп сұрады. «Жоқ, уа, Аллаһтың елшісі», — деп жауап берді Жәбир. «Өзіңе түйені де, ақшаны да ала сал», — деді Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын). «Әл-Бухари ма’а әл-фатх» (4/320. № 2097), Муслим (№ 3/1221, 715).
- Ол ең көркем мінез-құлыққа ие еді, өйткені оның мінезі, бұған Айша (анамыздан, Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте нұсқалатынындай, Құран болатын (Муслим (1/513, № 746)). Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен көркеммінезді кемелдікке жеткізу үшін жіберілдім», — деген еді. Әл-Байһақи (10/192), Ахмад (2/381). Қ-з: «Әс-силсилә әс-сахиха» (№ 45).
- Ол бұл дүниенің игіліктеріне кімнен болса да азырақ байланған еді әрі ең орташыл және қарапайым адам болатын. Ол (өсімдік талшықтарынан) тоқылған төсеніште уйықтайтын, әрі оның жамбастарында оның батқан іздері қалып қалатын. Бірде оған (Умар ибн әл-Хаттаб) келіп, әрі осыны көріп: «Уа, Аллаһтың елшісі, сіз не себепті жұмсақтау төсекке жатпайсыз — деп сұрады. Аллаһ Елшісі болса (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бұл дүние мен үшін не! Мені мен бұл дүние атты салтты мен оның жолындағы тал сияқты. Жазғы күнде жол басып келген ол соның көлеңкесінің астында азғана дамылдап алу үшін тоқтап, кейін оны тастап, әрі қарай жүре береді». Әт-Термизи және басқалар. Қ-з: «Әс-силсилә әс-сахиха» (№ 439), «Сахих әт-Термизи» (2/280).
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), былай дейтін: «Менде Ухуд тауының көлеміндей алтын болғанда, ақиқатында, мен үш күннен кейін одан қарыздарымды төлеу үшін сақтап қоятын нәрседен басқа ешнәрсе қалмағанын қалар едім!» Әл-Бухари (№ 2389), Муслим (№ 991).
Абу Хурайра, Аллаһ оған разы болсын, былай деп жеткізген: «Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тіпті қайтыс болғанға дейін не оның өзі, не оның отбасы ешқашан үш күн бойы тойып тамақ жемеген». «Әл-Бухари ма’а әл-фатх» (9/517, 549. № 5374).
Бұның себебі оларда үнемі тамақ аз болатындығында еді. Олар өздеріне тамақты жетерліктей таба алатын еді, алайда басқаларды өздерінен артық көретін, әрі өздері үшін көп нәрсе талап етпейтін. Қ-з: «Фатх әл-Бари» (9/517, 549. № 5374, Айшаның хадисі, № 5416).
Айша (Аллаһ оған разы болсын) былай дейтін: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тіпті арпаның нанын тойып жей алмай дүниеден өтті». «Әл-Бухари ма’а әл-фатх» (9/549. № 5414).
Ол сондай-ақ былай дейтін: «Егер Мухаммадтың жанұясы күніне екі рет тамақ жейтін болса, оның біреуі міндетті түрде тек құрмадан ғана тұратын еді». «Әл-Бухари ма’а әл-фатх» (11/282. № 6455).
Айшаның (Аллаһ оған разы болсын) басқа бір хабарында: «Екі ай өтіп, біз жаңа туған айды үшінші рет көретін едік, әрі сол уақыт ішінде Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үйлерінде от жағылмайтын күндер болатын»[4], — деп айтылады.
Айша (анамыз) оған осыны баяндап берген өзінің немере інісі Уруа одан: «Уа, апатай, сонда сіздерді не қолдап тұратын?» — деп сұрағанда, ол: «Су мен құрма», — деп жауап беретін. «Әл-Бухари ма’а әл-фатх» (11/283. № 6459).
Айша (анамыз, Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) төсегі құрма ағашының талшықтарымен толтырылған қайыс төсеніш болатын», — деп баяндаған. «Әл-Бухари ма’а әл-фатх» (11/282. № 6456).
Бұған қарамастан Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһқа: «Я, Аллаһ, Мухаммадтың отбасының ризығын қажетті тамақ[5] ете гөр!», — деп дұға ететін. «Әл-Бухари ма’а әл-фатх» (11/283. № 6460), Муслим (№ 1055).
- Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) күнә жасаудан кімнен болса да артық қорқатын. Ол былай деп айтатын: «Ақиқатында, мен кейде үйіме келіп төсегімнің үстінен немесе үйдің әлдебір жерінен түсіп қалған құрма тауып аламын да, оны жеу үшін көтеремін, бірақ кейіннен ол садақаның бір бөлігі болуы мүмкін деп қауіптеніп[6] оны тастай саламын» (Муслим (2/751. № 1070)).
Бірде әл-Хасан ибн ‘Али зекет ретінде жиналған құрмадан бір құрманы алып ауызына салды. (Сонда) Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған: «Болмайды, болмайды, таста оны! Сен біздің садақа ретінде жиналған нәрсені жемейтінімізді білмейтін бе едің?» — деді. Муслим (2/751. № 1069).
- Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы игі-берекелі істердің барлығын орындағанына қарамастан, адамдарға: «Шамаларың жететін істерге ғана кірісіңдер, өйткені, расында, сендер шаршап-шалдықпағандарыңа дейін, Аллаһ шаршамайды.[7] Аллаһ үшін ең сүйікті істер үнемі жасалатындары болып табылады, тіпті олар аз болса да», — дейтін.
Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үй-іші егер әлдебір істерді істей бастайтын болса, оларды үнемі жасайтын. «Әл-Бухари ма’а әл-фатх» (4/213. № 1970; 11/294. № 6465), Муслим (1/541, 2/811. № 782).
Пайғамбардың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) егер әлдебір намазды орындайтын болса, кейіннен оны түрақты түрде орындайтын». «Әл-Бухари ма’а әл-фатх» (4/213. № 1970); қ-з:. «Сахих әл-Бухари» (№ 6461-6467).
Бірде сахабалардың бір тобы Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) орындайтын Аллаһқа ұнамды істердің мөлшерін өздері үшін азсынып: «Біз бұрыңғы күнәлары да, болашақ күнәлары да кешірілген Пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) салыстырғанда кімбіз!» — деді. Сосын олардың біреуі: «Маған қатысты айтар болсақ, онда мен әрбір түнді үзбей намаз оқумен өткізетін боламын», — деді. Екіншісі: «Ал мен үнемі (күнде) ораза ұстаймын», — деді. Басқасы: «Ал мен болсам, әйелдерге жақындамаймын әрі ешқашан үйленбеймін» — деді. [Төртіншісі болса: «Мен ет жемеймін», — деді.] Ал біраз уақыт өткен соң оларға Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жақындай келіп, былай деді: «Пәлен және пәлен сөздерді айтып жүргендер сендерсіңдер ме? Аллаһпен ант етемін, мен сендерден көбірек Аллаһтан қорқамын, әрі сендерден көбірек Одан жасқанамын. Алайда мен кейбір күндерде ораза ұстаймын, ал басқаларында мұны істемеймін, мен түнделетіп намаз да оқимын әрі ұйықтаймын да, сондай-ақ мен әйелдермен де некелесемін, ал кім менің сүннетіме ергісі келмесе, оның маған ешқандай қатысы жоқ!» «Әл-Бухари ма’а әл-фатх» (9/104. № 5063), Муслим (2/1020. № 1401); шаршы жақшалардың ішінде Муслимнің риуаятындағы қосымша келтірілген.
Бұл хадисте «сүннет» деген сөзбен парыздан бөлек істелуі міндетті болмаған сауапты істер емес, жол, өнеге меңзеледі.
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ізгіліктің ұлы амалдарын жасайтын, бірақ сонымен бірге ол: «Дұрыстықты ұстаныңдар[8] әрі жақындаңдар[9], және ешқайсыларың өздеріңнің амалдарыңның ғана арқасында құтылмайтындарыңды біліңдер», — деп айтатын. Адамдар одан: «Тіпті сіз де ме, уа, Аллаһтың елшісі?» — деп сұрады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен де, тек егер Аллаһ маған мейірімін танытып, рахымына бөлемесе ғана», — деді.
Бұл хадистің басқа бір нұсқасында былай деп айтылады: «Дұрыстықты ұстаныңдар, әрі жақындаңдар, және Аллаһтан азанда, кешке және түннің бір уақытында көмек сұраңдар, әрі осылайша аздап-аздап (мақсаттарыңа) қол жеткізесіңдер». Әл-Бухари (№ 6463, 6464), Муслим (4/2170. № 2816-2818).
Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһқа мына сөздер арқылы жалбарынатын: «Уа, Жүректерді Аударушы! Менің жүрегімді Өзіңнің дініңде бекем ете гөр!» Әт-Термизи (5/238. № 3522) және басқалар. Қ-з: «Сахих әт-Термизи» (3/171). Ол тағы да: «Уа, Аллаһ! Жүректерді Бағыттаушы! Біздің жүректерімізді Өзіңе мойынсұнушылыққа бағытта!» Муслим (4/2045. № 2654).
Осы тарауда баян етілгеннен көптеген пайдалы ғибраттар мен қорытындылар алуға болады. Олардың арасында келесілерге нұсқайық:
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) – барлық мәселелерде түгелімен Аллаһпен шыншыл болған әрбір мұсылман үшін үлгі-өнеге, өйткені Аллаһ былай деді:
«Расында, сендер үшін, Аллаһқа және Ақырет Күніне үміт еткен және Аллаһты көп еске алған кісілер үшін, Аллаһтың Елшісінде өте көркем өнеге бар» («әл-Әхзаб» сүресі, 21-аят).
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) – сырт келбетімен де, адамгершілігімен де адамзаттың ең абзалы.
[1] «Духа» деп араб тілінде күн найза биіктігіне көтерілген уақыттан бастап тас төбеге жеткенге дейінгі уақыт аталады. Осы уақыт аралығында жұп ракағаттардан тұратын нәпіл намазын оқыған сауапты болады.
[2] Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығымен, бірақ оның өзінің қатысуынсыз жасалған жорықтар «сариййа» деп аталады.
[3] Бұл жерде берген қарызының қайтарылуына деген заңды құқық туралы сөз болып тұр.
[4] Бұл жерде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үйлерінде осы уақыт ішінде ыстық тамақ пісірілмейтіні меңзелуде.
[5] «Қажетті тамақ» (ар. «әл-қуут») дегенде артықшылыққа жол бермей өмір сүру үшін ғана жеткілікті азғандай ғана тамақ мөлшері меңзеледі. Адам қажетті нәрселерді ғана иеленсе, байлықпен де, кедейлікпен де байланысты болған қасіреттерден аман болады.
[6] Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның отбасына садақа алуға және адамдар садақа ретінде берген нәрсені жеуге тыйым салынған болатын.
[7] Яғни сендер игі істер істеуден шаршамағандарыңа дейін, Аллаһ сендерге сый-сауап беруден шаршамайды.
[8] Яғни тұрақты түрде істеуге шамаларын жетпейтін нәрселерді істеуге талпыңбаңдар, орташылдықты ұстаныңдар.
[9] Яғни өздерің үшін сендер соны күнде жасай алатын өздеріңе ыңғайлы нәрселерді таңдаңдар.