Ғалымдармен танысу,  Фиқһ мәселелері

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы, тәкбірден сәлемге дейін, оны өзіңіз көргеніңіздей

Аса Мейірімді, ерекше Рақымды Аллаһтың атымен!

 Оқырмандарымыздың назарына қазіргі заманның атақты ислам ғалымы — шейх әл-Әлбанидің «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы, тәкбірден сәлемге дейін, оны өзіңіз көргеніңіздей» еңбегі ұсынылады. Автор хадистерді көп жылдар бойы зерттеудің негізінде Мухаммад пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазды қалай орындағанының үлгісін қайта қалпына  келтіреді.

Кітап мүмін мұсылмандарға, сондай-ақ Ислам дінін оқып үйренушілерге, оның тарихы мен намаз оқу тәжірибесіне қызығушылық танытатындарға арналған.

Бесінші басылым «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазы сипаттамасының қысқаша мазмұндамасы» атты еңбегімен толықтырылған, ол да қазіргі заманның атақты ғалымы  Мухаммад Насыруддин әл-Әлбаниге тиісті.

Кітапты араб тілінен орыс тіліне аударған Дамир Хайруддин.

Қазақ тіліне орыс тіліндегі бесінші түзетілген және толықтырылған Москва/UMMAH, 2008 г, басылымынан (аль-Альбани, Мухаммад Насируддин «Описание намаза Пророка r с самого начала до конца, как если бы вы это видели собственными глазами» / Пер. с араб. Д. Хайруддин. — М.: Издатель Эжаев, 2010.—304 с.) аударған және қазақ тіліндегі аударма мәтінін араб тіліндегі түпнұсқамен салыстырып өңдеген  «Абу Ханифа мирасы» сайтының редакциясы.

Біз кітапты сайтымызға тарау-тарауымен бөліп орналастыруды жөн көрдік.  Өйткені бұл оқырмандарымыздың кітапты оқуына және оның мазмұнымен жан-жақты танысуына ыңғайлырақ сияқты. Кітаптың толық нұсқасын мына сілтемеден жүктеп алуыңызға болады: http://salaf-forum.com/viewtopic.php?f=39&t=9590&p=61458#p61458 .

Кітапты коммерциялық мақсатта басып шығару және тарату «Абу Ханифа мирасы» сайты редакциясының рұқсатымен ғана іске асуға тиіс, ал коммерциялық емес мақсатта басып шығару және тарату еркін.

Аллаһ Тағаладан еңбегімізді Оның Игі-Берекелі Жүзі үшін ықыласты және мұсылмандарға пайдалы етуін сұраймыз.

Әрі Оның рақымымен игі істер соңына дейін жететін Аллаһ Тағалаға мадақ. Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мүшелеріне, барлық сахабаларына, сондай-ақ ігілікте оларға мығым ілескендердің барлығына Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын!

Құрметпен «Абу Ханифа мирасы» сайтының редакциясы

 

Аса Мейірімді, ерекше Рақымды Аллаһтың атымен!

Аудармашының[1] үшінші басылымға алғысөзі

Біз Оны ғана мадақтайтын және Одан ғана көмек пен кешірім тілейтін Аллаһқа мақтаулар болсын! Біз Аллаһтан өзіміздің нәпсіміздің және амалдарымыздың жамандығынан пана іздейміз. Кімді Аллаһ тура жолмен жүргізсе, оны ешкім адастыра алмайды. Ал кімді Аллаһ тастап қойса, оны ешкім тура жолға сала алмайды. Жалғыз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқтығына күәлік береміз және Мухаммад – Аллаһтың құлы әрі Оның Елшісі екеніне куәлік береміз.

Содан соң:

»Описание намаза Пророка (да благославит и приветствует его Аллах) с самого начала до конца, как если бы вы это видели собственными глазами» атты кітаптың алғашқы орыс тіліндегі басылымы жарық көргелі бері бір жарым жылдай уақыт өтіп кетті. Аллаһтың рақымымен атақты ғалым және мухаддис Насируддин әл-Әлбани (Аллаһ оны рақым етсін) жазған бұл еңбек Ресейдің ғана емес, ТМД елдері оқырмандарының арасында оң бағаланып, кең таралды.

Сонымен қоса, орыс тілді мұсылмандар тарапынан өте үлкен сұраныстың себебімен бұл кітаптын орыс тілдегі бірінші басылымы асығыстықпен әзірленгенін және оған араб тіліндегі кейбір тараулар мен ескертпелер  енгізілмей қалғанын атап өту қажет.  Сондықтан да жаңа басылымды дайындаудың қажеттілігі туындады да, бұл Аллаһтың қалауымен іске асырылды. Осы орайда қадірменді оқырманның назарын үшінші басылымға енгізілген келесідей толықтырулар мен өзгертулерге бұрамын:

1. Автордың алғысөзіне шейх әл-Әлбани аталған кітаптың алғашқы арабша басылымы жарық көргенінен он жыл откен соң жазған «Кейбір күмәндар және оларға жауап» атты тарау енгізілді.

2. Автордың араб грамматикасына қатысты және тек араб тілін менгерген адамдарға ғана түсінікті болған ескертпелерінен басқа барлық ескертпелері қосымша аударылды.

3. Оқырманға ыңғайлы болу үшін кітаптың соңына шейх әл-Әлбани (Аллаһ оны рақым етсін) тарапынан құрастырылған бұл еңбектің қысқартылған үлгісі орналастырылды. Бұл қосымшада кітаптың негізгі бөліміндегі әрбір мәселе жеке қаралады. Бұдан тыс онда намаздың белгілі бір құрамдас бөлігіне қатысты күшке ие шариғи нормалар, сондай-ақ намазхан адамға пайдалы болатын кейбір авторлық ескертпелер көрсетілген.

4. «Кітаптың авторы туралы қысқаша мәліметтер» тарауына шейх әл-Әлбанидің өмірі туралы оқырманға қызықты болуы мүмкін қосымша ақпарат орналастырылған.

5. Кітаптың негізгі бөлігі мен ескертпелерінің аудармасы араб тіліндегі түпнұсқамен жаңадан салыстырылып тексерілді.    Қажетті болған жағдайларда кітаптың орыс тілдегі мәтініне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Осы орайда Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерін барынша нақты және сайма-сай аударуға ерекше назар қойылды. Сондай-ақ кітаптың алғашқы екі басылымдарындағы кейбір қателіктер жойылды. Бұл ең алдымен орыс транскрипциясында келтірілетін араб тіліндегі Аллаһты зікір ету сөздеріне қатысты.

6. Негізінен Қасиетті Құранның аяттары бұл кітапта Эльмир Кулиевтің мағыналық аудармасымен беріледі.[2] Бұл — Құран мағынасының Эльмир Кулиев тарапынан жасаған аудармасы осы кезде бұл саладағы ең жақсы еңбек болып табылатындығы себепті, өйткені ол Қасиетті Кітаптың мазмұнын барынша толық және дұрыс ашып береді.

7. Кітаптың алғашқы екі басылымдарындағы глоссарий шейх әл-Әлбани тарапынан жасалмағандығына және оның кітабының бір бөлігі болып табылмайтындығына оқырманның назарын ерекше бұрамын.

Әрі соңында мен осы кітапты дайындауға, басып шығаруға және таратуға көмектескендердің барлығына ықыласты алғысымды білдіремін. Аллаһ оларға осы дүниеде де, Ақыретте де игілік сыйласын!  Барлық нәрсені Естуші және барлық нәрсені Көруші Аллаһтан Оның Көркем Есімдері мен Жоғары Сипаттары арқылы шейх әл-Әлбаниді оның мұсылмандарды ағарту және дұрыс басшылыққа ілестіруге қосқан баға жетпес үлесі үшін марапаттауын сұраймын. Сондай-ақ мен осы еңбегімді Оның Игі Жүзінің алдында ықыласты етуін және Оның Өзіне ғана арналған болуын сұраймын!

Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның ардақты отбасына, сахабаларына және таза жүректерімен оларға ілескендердің барлығына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!  Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мадақ!

 19-шәуәл, һижраның 1425 жылы (02.12.2004)

 Дамир Хайруддин


بسم لله الرحمن الرحيم

Аса Мейірімді, ерекше Рақымды Аллаһтың атымен

 Кітаптың авторы туралы қысқаша мәліметтер

 Шейх Мухаммад Насырруддин ибн Нух ибн Адам Нәжжати әл-Әлбани (оны Аллаһ рақым етсін) Албанияның бұрынғы астанасы Шкодер қаласында 1333 һ.ж. (христиан жыл санауы бойынша 1914 ж.) дүниеге келді. Ол кедей және діндар отбасыдан шыққан болатын.

Оның әкесі әл-Хаж Нух Нәжжати әл-Әлбани, Стамбулда (Туркия) шариғи білім алып, Албанияға қайта оралады да, ханафи мазһабының (діни-құқықтық мектеп) ірі ғалымына айналады.

Албанияда билік басына Ахмет Зогу келіп, ол елдің барлық жерінде секуляристік идеялар тарала бастаған соң, болашақ шейхтың отбасы Дамаск қаласына (Сирияға) һижра (дінін сақтап қалу мақсатында қоныс аудару) жасайды. Осы жерде ол білімге ұмтылатын адамдар үшін көп ғасырлар бойы баспана  қызметін атқарған мектепте бастауыш білім алады, кейін әкесі оған Қасиетті Құранды, оның оқу ережелерін (тәжуид), араб тілінің грамматикасын, ханафи мазһабының фиқһын және ислам ақидасының қалған пәндерін де үйретті. Әкесінің басшылығымен ол Құранды толық жаттап алды. Бұдан тыс ол шейх Са’ид әл-Бурханиден «Мараки әл-Фәләх» кітабын (ханафи мазһабының фиқһын) және тіл мен риторика бойынша кейбір еңбектерді үйренеді, әрі сонымен бір уақытта көптеген атақты ғалымдардың лекцияларына қатысты. Олардың арасынан Мухаммад Бахжат Битар мен Изуддин әт-Танухиді ерекше атап кету қажет. Ол әкесінен сондай-ақ сағат жөндеу кәсібін үйреніп алды да, онда елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, атақты шеберге айналды, әрі осы кәсіппен өмір сүруге қажетті қаражат тауып жүрді.

Әкесінің қарсы болуына қарамастан, ол хадистерді және олармен шектес пәндерді тереңірек оқып-үйренумен айналыса бастады. Олардың негізінен ханафи мазһабының әртүрлі еңбектерінен құралған отбасылық кітапханасы жас жігіттің қажеттіліктері мен білімге деген шөлін қанағаттындыра алмады. Көптеген кітаптарды сатып алуға қаржысы болмаған ол кітаптарды Дамаскінің «әз-Заһирийя» кітапханасынан алатын, немесе кітап сатушыларға қарыз болатын. Ол сол кезде кедей болғаны соншалықты, дәптер алуға да ақшасы болмайтын. Сондықтан да ол хадистерді жазып алу үшін көшеде жатқан қағаздарды теріп алатын, коп жағдайда бұл открыткалар болатын.

Жиырма жасқа жеткен шағында ол шейх Мухаммад Рашид Риданың «әл-Мәнар» журналында жариялаған әл-Ғазалидің «Иман туралы ғылымдарды қайта тірілту» кітабында келтірілген хадистердің және олардың жеткізушілерінің тізбектерінің (иснадтарының) сенімділігін сынау арқылы олардың сенімділігін анықтап жазған мақалалардың ықпалымен шейх әл-Әлбани хадистануда және осы салаға қатысты ғылымдарда мамандана бастайды. Жас жігіттің бойында жарқын ақылдың және ерекше қабілеттердің белгілерін, керемет есте сақтауды, сондай-ақ ислам ғылымдары мен хадистерді оқып үйренуге деген құштарлықты байқаған Халебтік тарихшы және хадис білгірі шейх Мухаммад Рағиб әт-Табах оған өзінің сенімді жеткізушілер туралы деректердің «әл-Әнуар әл-Жәлийа фи Мухтасар әл-Асбат әл-Халәбийа» атты жинағын оқытуға жазба рұқсат (ижаза) береді. Бұдан тыс, белгілі уақыт өткен соң шейх әл-Әлбани хадис жеткізушілерінің тізбегі одан имам Ахмадқа дейін жалғасатын шейх Мухаммад Бахжат Битардан да ижаза алды.

Болашақ шейхтың алғашқы хадистану еңбегі ең ірі хадис білгірі (хафиз) әл-Иракидің құрамына бес мыңға хадис жиналған «әл-Муғни ’ан-Хамли-л-Асфар фи-л-Асфар фи Тахриж ма фил-лхийа мин-әл-Акбар» атты бағалы енбегін көшіріп жазу және оған ескертпелер құрастыру болды.  Осы сәттен бастап өмірінің соңына дейін шейх әл-Әлбанидің басты қамы хадистер туралы ардақты ғылымға қызмет жасау болды.

Белгілі уақыт өткеннен кейін ол Дамаскінің ғылыми орталықтарында танымал болды. «Әз-Заһирийа» кітапханасының басшылығы тіпті оған зерттеулер үшін арнайы бөлме және кітап қоймаларының кілтін берді. Сол жерде шейх таңертеңнен бастап қараңғы кешке дейін жұмыс істейтін. Шейх әл-Әлбани (Аллаһ оны рақым етсін) хадис туралы ғылымға тереңдей кіріп кеткені соншалықты – кейде сағат шеберханасын жауып кетіп, кітапханада он екі сағаттап қалатын және тек намаз оқуға ғана үзіліс жасайтын. Жиі жағдайда ол кітапханадан тамақтану үшін де кетпейтін және өзімен алып келген бір-екі тілім нанмен амалдайтын. Бірде шейх әл-Әлбани хафиз Ибн Абу Дуньяның «Замм әл-Мәләхи» қолжазбасындағы хадистерді талдау барысында онда бір маңызды бөлігінің жетіспейтінін байқап, оны табу үшін кітапханада сақталатын барлық хадис қолжазбаларының бірыңғай каталогын  жасауға мұқият кіріседі. Нәтижесінде шейх әл-Әлбани он мың қолжазбаның мазмұнымен жан-жақты танысып шығады. Бұл жайт туралы бірнеше жылдар өткен соң доктор Мухаммад Мустафа Азами куәлік береді. Ол өзінің «Ертедегі хадистану әдебиетін зерттеу» атты еңбегінің алғысөзінде былай деп жазады: «Мен шейх Насируддин әл-Әлбаниге, ол маған сирек кездесетін қолжазбалар туралы өзінің кең көлемді білімдерін ұсынғаны үшін, өз алғысымды білдіргім келеді».[3]

Өз өмірінің осы кезеңінде шейх әл-Әлбани (Аллаһ оны рақым етсін) бүгінгі күнге дейін көбі жарияланбаған көптеген пайдалы енбектерді жазды[4]. Шейхтың алғашқы авторлық еңбегі »Тахзир әс-сәжид мин иттихази-л-қубур мәсажид» («Ғибадат жасаушыны қабірлерді намаз оқу орындары етіп таңдап алудан сақтандыру») атты кітап болып табылады. Ол тек қана шариғат дәлелдеріне және салыстырмалы фиқһ қағидаларына негізделген, әрі көп рет қайта басып шығарылды.  Шейх әл-Әлбани сенімділікке тексерген хадис жинақтарының алғашқыларының бірі имам әт-Табаранидің «әл-Му`жам әс-Сағир» еңбегі болды.

Кітапханада жұмыс жасауымен бір мезгілде ол сондай-ақ ай сайын Сирия мен Иорданияның әртүрлі қалаларына шығып, адамдарды Аллаһтың Кітабы мен Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне ілесуге шақырды. Бұдан тыс Дамаскіде ол көптеген шейхтардың алдында болып, олармен бірқұдайшылық (таухид), діни жаңалықтар (бидғат), ғалымдарға саналы түрде ілесу (иттиба`) және мазһабтарға соқыр түрде ілесу (әт-та`асуб әл-мазһабий) мәселелері туралы пікірталастар жүргізді. Осы жолда шейх әл-Әлбани көптеген қиындықтар мен сынақтарға жолыққанын атап өту қажет. Мазһабқа соқыр түрде ілесушілерден, сопылардан және бидғатты жақтаушылардан болған көптеген адамдар оған қарсы шықты. Бұдан қалса, олар шейхқа түрлі лақап аттар тағып, қарапайым халықты оған қарсы айдап салатын. Дамаскінің терең білімдерімен танылған құрметті ғалымдары шейх әл-Әлбанидің ислам шақыруын (дағуатын) толығымен қолдап, оны әрі қарай әрекет жасай беруге ынталандырып отырды. Олардың арасында Дамаскінің   құрметті ғалымдарын: шейх Мухаммад Бахжат Битарды, шейх Абдул-Фаттахты және имам Тауфиқ әл-Базрахты, — Аллаһ оларды рақымына бөлесін, — ерекше атау керек.

Біраз уақыт өткен соң шейх әл-Әлбани (Аллаһ оны рақым етсін) сабақ беретін болды. Білімгерлер мен университет оқытушылары аптасына екі рет қатысатын оның сабақтарында  ислам сенім жүйесінің (ақида), құқығының (фиқһ), хадистердің және басқа ғылымдардың мәселелері қаралатын. Нақты айтқанда, шейх әл-Әлбани өзінің дәрістерінде Абдурахман ибн Хусайн ибн Мухаммад ибн Абд ал-Уаһһабтың »Фатх әл-Мәжид», Сыддық Хасан Ханның »Әр-Рауда ән-Нәдийа» (әш-Шәуканидің »Әд-Дурар әл-Бахиййа» еңбегіне түсіндірмелер), Хәллафтің »Усул әл-Фиқһ», Ахмад Шакирдің »Әл-Ба’ис әл-Хасис» (Ибн Касирдің «Ихтисар Улюм ал-Хадис» кітабына түсіндірмелер), Мухаммад Әсадтің »Минһаж әл-Ислам фи әл-Хукм», Әсад Рустумның »Мусталәх әт-Тарих», Саид Сабиқтың »Фиқһ әс-Сунна», әл-Мунзиридің »әт-Тарғиб уа әт-Тархиб», ән-Нәуауидің »Рийад әс-Салихин», Ибн Дақиқ әл-‘Ийдтің »Әл-Имам фи Әхадис әл-Әхкам» сынды Ислам дінінің заманауи және классикалық ғылыми енбектері бойынша толық лекция курстарын өткізіп, олардың мазмұнын түсіндіріп берді.

Шейхтың хадистану саласындағы жетістіктері ерте мойындалды. Мысалы, ислам фиқһының энциклопедиясын дайындап жатқан Дамаск Университетінің Шариғат факультеті 1955 жылдың өзінде-ақ оған сауда-саттық саласындағы сауда келісімдеріне қатысты хадистердің алынған көздеріне нұсқауды және олардың сенімділігін (сахихтығын) тексеріп беруді ұсынды. Бірнеше уақыт өткен соң, Біріккен Араб Республикасы[5] тұсында, шейх Суннет бойынша кітаптарды шығаруға және ондағы хадистерді тексеруге құзырлы Хадистер бойынша Комитеттің мүшесі болып сайланды.

Бірқатар еңбектері жарық көрген соң, шейх әл-Әлбани (Аллаһ оны рақым етсін) Мәдина Ислам Университетіне (Сауд Арабиясы) хадис ғылымдары бойынша лекциялар курсын оқуға шақырылады және сол оқу орнында һижраның 1381 жылынан 1383 жылына дейін жұмыс істейді, әрі Университет басшылығының мүшесі болады. Оның күш-жігерінің арқасында хадистерді  және солармен байланысты ғылымдарды оқыту сапалық тұрғыдан өзгеше, анағұрлым жоғары деңгейге көтеріледі. Нәтижесінде көптеген студенттер хадистану мен сонымен шектес пәндер бойынша мамандандырыла бастайды. Шейхтың қызметін мойындау ретінде оған «Мәдина Ислам Университетінің профессоры» атағы беріледі. Кейін ол өзінің меншікті сағат шеберханасын бауырларының біріне тапсырып, «әз-Заһирийя» кітапханасындағы бұрынғы зерттеулері мен жұмыстарына қайта оралады.

Шейх әл-Әлбани (Аллаһ оны рақым етсін) лекциялар топтамасымен көптеген мемлекеттерде (Катар, Мысыр, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Испания, Ұлыбритания т.б.) болып қайтты. Бүкіл дүние жүзіне танымал болуына қарамастан, ол атақ-даңққа ешқашан ұмтылмайтын.  Шейх:

حُبُّ الظهُورِ يَقصِمُ الظهور

«Атақ-даңққа деген махаббат адамның омыртқасын сындырады», — деп жиі қайталауды ұнататын.

Шейх әл-Әлбани көптеген теле және радио бағдарламарына қатысып, телекөрермендер мен радиотыңдаушылардың түрлі сұрақтарына жауап беретін. Бұдан тыс кез-келген адам шейхтың үйіне телефон арқылы хабарласып, оған жеке сұрағын қоя алатын. Шейхтың көзін көрген замандастарының айтуы бойынша мұндай жағдайларда ол жұмысын бөлетін, қойылып тұрған сұрақтың барлық егжей-тегжейліктеріне үңіліп, оны зейін салып тыңдайтын, содан соң оған тыңғылықты және толық жауап беретін, әрі осы орайда өзі келтірген сілтеменің дереккөзіне, оның авторына және тіпті ол орналасқан бетке нұсқайтын. Бұл жерде шейхтың тек діни-құқықтық сұрақтарға ғана емес, сонымен қоса дін әдіснамасына (минһаж) қатысты сұрақтарға да жауап беретін, әрі ол осы сияқты сұрақтарға жауап беретін алғашқы ғалымдардың бірі болғанын атап кету маңызды. Шейх әл-Әлбани Құранға, Сүннетке және ізгі алдынғы ұрпақтардың жолына негізделген дұрыс ақида мен дұрыс манһажды қоса ұстану қажеттігін бірнеше рет сызып айтқан болатын.

Ірі мұсылман ғалымдар мен имамдар шейх әл-Әлбаниді құрметпен тілге алатын. Олар онымен діни-құқықтық сипаттағы мәселелер бойынша кеңес жасайтын, оны зиярат ететін, көптеген хаттармен алмасып тұратын. Шейх әл-Әлбани Пәкістан мен Индияның (Бадиуддин Шах әс-Синди, Абд әс-Самад Шарафуддин, Мухаммад Мустафа Азами), Марокконың (Мухаммад Замзами), Мысырдың (Ахмад Шакир), Сауд Арабиясының (Абд әл-Азиз ибн Баз, Мухаммад әл-Әмин әл-Шанқити) және басқа елдердің жетекші мухаддистерімен кездесті әрі олармен бесеңді түрде хат алмасып тұрды.

Шейх әл-Әлбанидің хадистану ғылымына қосқан қомақты үлесі мен осы салаға сіңірген еңбегі Ибн Баз, Ибн әл-Усаймин, Муқбил Ибн Хади сынды ірі ғалымдарды айтпағанның өзінде, бұрын өткен және қазір өмір сүріп жатқан көптеген мұсылман ғалымдары: доктор Амин әл-Мисри (Мәдина Ислам Университеті, ғылыми зерттеулер кафедрасының басшысы, ол өзін шейх әл-Әлбанидің шәкірті деп есептейтін), доктор Субхи әс-Саләх (Дамаск Университеті хадистану факультетінің бұрынғы басшысы), доктор Ахмад әл-Асәл (әр-Рияд Университеті ислам зерттеулері кафедрасының басшысы), шейх Мухаммад Таййиб Аукиджи (Анкара Университеті тәпсір және хадистер факультетінің бұрынғы басшысы) тарапынан мойындалды.

Шейх әл-Әлбанидің ғылыми мұрасына келер болсақ, ол айтарлықтай үлкен. Өз өмірінің барысында ол 190-ға жуық кітап жазды, ең үлкен ислам ғалымдарының қаламынан туындаған Исламның 78 еңбегіндегі хадистердің сенімділігін тексеріп шықты. Осы жерде шейх әл-Әлбанидің 60 жылдан астам уақыт бойы хадистерді оқып зерттеумен айналысып, он мыңдаған хадистердегі 30 мыңға жуық жеке иснадтардың сенімділігін тексеріп шыққанын атап кету қажет. Шейх шығарған пәтуалардың саны 30 томға жуық.  Бұдан тыс шейхтың 5 мыңнан астам лекциялары аудиотаспаларға жазып алынған.

Шейхтың өзгелерде сирек кездесетін қабілеттері мен дарындылығы ғылыми зерттеулерде ғана емес, тұрмыстық салада да тамаша көрініс тапқан. Мысалы, шейх өз өмірінің соңында көшіп барған Амманның шетінде орналасқан үйінде күн энергиясымен жұмыс істейтін су жылытқышын, өзін екінші қабатқа көтеретін лифт (қартайған шағында шейх баспалдақтан мініп-түсуге қиналатын болды), үйдің шатырына орнатылған және намаздың уақытын дәл ме дәл көрсететін күн сағатын және басқа да пайдалы заттарды өз қолымен жасады.

Жоғары айтылғандай, шейх әл-Әлбани сенімді хадистерді тексеріп, оларды әлсіз немесе ойдан шығарылған хадистерден ажыратып алу үшін біраз күш жұмсады.  Мысалы ол (Аллаһ оны рақым етсін) әт-Тирмизидің, Абу Дәудтың, ән-Нәса’идің, Ибн Мәжаһтың, әс-Суйутидің, әл-Мунзиридің, әл-Хайсамидің, ибн Хиббанның, Ибн Хузайманың, әл-Мақдисидің және басқа мухаддистердің атақты хадис жинақтарын тексеріп шықты. Бұдан тыс шейх әл-Әлбани бұрынғының және қазіргінің атақты ғалымдарының еңбектеріндегі, мысалы: имам әл-Бухаридің «Әл-Әдаб әл-Муфрад», әт-Тирмизидің »Әш-Шәма’ил әл-Мухамадийа», имам ән-Нәуауидің »Рийад әс-Салихин» және »Әл-Әзкар», шейх-ул-Ислам Ибн Таймиййяның »әл-Иман», Ибн әл-Қаййимнің »Иғасат әл-Лухфан», Саид Сабиқтың »Фиқһ әс-Сунна», Мухаммад әл-Ғазалидің »Фиқһ әс-Сира», Йусуф Қардауидің »Әл-Хәлал уа-л-Харам фи-л-Ислам» және басқа да танымал кітаптардағы хадистердің сенімділігін тексеріп шықты. Әлсіз және сенімді хадистерді жеке кітаптарға жинақтаған шейх әл-Әлбанидің себебімен ислам ғалымдары мен қарапайым мұсылмандар әлсіз және ойдан шығарылған хадистерді сенімді және жақсы хадистерден ажырату мүмкіндігіне ие болды.

Шейх әл-Әлбанидің өзі де Ислам туралы керемет кітаптар мен мақалалар жазды, олардың арасында »Әт-Тәуассул: әнуа’уһу уа әхкамуһу» (»Аллаһқа жақындаудың (жолдарын) іздеу (Тәуассул) және оның түрлері»), »Хижжату нәбийй, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уа салләм, кәма рауаха ‘анһу Жәбир, радый Аллаһу ‘анһу» (»Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қажылығы: ол туралы Жәбир, оған Аллаһ разы болсын, баяндап берген сөздерінен»), »Мәнасиқ әл-Хаж уа әл-Умра фи әл-Китаб уә әс-Сунна уа Асари әс-Сәлаф» (»(Аллаһтың) Кітабына, Сүннетке және салиқалы сәлафтардың деректеріне (асарларларына) сәйкес қажылық және умра рәсімдері»), »Сифат саләт ән-Нәбий, саллә-Ллаһу ‘аләйһи уа сәлләм, мин әт-такбир илә-т-таслим кә’анна-кә тараха» (»Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы, тәкбірден сәлемге дейін, оны өзіңіз көргеніңіздей»), »Әхкам әл-Жәна’из уа бидауха» (»Жаназа рәсімдері және онымен байланысты бидғаттар»), »Фитна әт-Такфир» (»Күпірлікте айыптау фитнасы») және басқалар.

Шейх әл-Әлбани бүгінгі күні дүние жүзіне аты шыққан көптеген шәкірттерді өсіріп тәрбиеледі. Олардың арасында шейх Хамди Абдул-Мәжид әс-Сәлафи әл-Курди, шейх Мухаммад ’Айд Аббаси, доктор ’Умар Сулайман әл-Әшкар және оның үлкен ағасы Мухаммад әл-Әшкар, Аллаһ оны рақым етсін, шейх Мухаммад Ибраһим Шакра, мухаддис шейх Муқбил ибн Хади әл-Уади’и, шейх Али Хашшан, шейх Мухаммад Жамил Зину, шейх Абдурахман Абдус-Самад, шейх Али Хасан Абдул-Хамид әл-Хәлаби, шейх Салим әл-Хиләли, шейх Мухаммад Салих әл-Мунажид және көптеген басқаларды ерекше атап кету қажет.

Шейхтың сіңірген еңбегін мойындау ретінде һижраның 1419 жылы оған «Пайғамбардың хадистерін зерттеу және сенімділігін тексеру әрі оқыту арқылы оларға қамқорлық жасауға бағытталған ғылыми күш салу үшін» Фәйсал патша атындағы ислам зерттеулері бойынша дүниежүзілік сыйлық берілді.

Шейх әл-Әлбани (Аллаһ оны рақым етсін) өзінің фәнилік өмірінің соңғы күндеріне дейін, денсаулығы бірден нашарлай түскенінше, ғылыми және ұстаздық қызметін атқаруын тоқтатпады. Шейх 87 жасында, 1420 һ.ж. жумада әс-сани айының 22-де (1999 жылы, 2 қазанда), сенбі күні, күн батқанға дейін  қайтыс болды. Оның жаназа намазы сол күні кешке оқылды, өйткені ол өзінің соңғы өсиеттінде өзінің жерлеу рәсімін Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне сәйкес барынша тез өткізілуін жазып кеткен болатын. Оның жаназасына қатысқан адамдардың саны бес мыңнан астам болды.

Аллаһ ол кісіні кешірсін және Өзінің рақымына бөлесін!


[1] Орыс тіліне аударған аудармашының, яғни Д. Хайруддиннің (аудармашыдан (қаз)).

[2] Қазақша аудармада Құран аяттарының мағынасы Халифа Алтай аудармасымен берілген (аудармашыдан (қаз)).

[3] Редактордың (рус.) ескертпесі: Осы жерде шейх әл-Әлбани Халеб қаласының (Сирия) және Марракеш қаласының (Марокко) кітіпханаларында, сондай-ақ Британ Ұлттық кітапханасында сақталатын хадистер жазылған қолжазбалардың каталогын жасағанын да атап өту қажет.

[4] Редактордың (рус.) ескертпесі: бүгінгі күні шейх әл-Әлбанидің 70 астам қолжазбалары жарияланбай қалған.

[5] Редактордың (рус) ескертпесі: 1958 жылы Мысыр  мен Сирия бірігіп, Біріккен Араб Республикасын құрды. Бұл саяси одақ 1961 жылы Сирия БАР құрамынан шыққанға дейін өмір сүрді.

жалғасы бар