Шейх М.Н.әл-Әлбанидің «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы, тәкбірден сәлемге дейін, оны өзіңіз көргеніңіздей» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз. Оқырмандарымыздың назарына Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының көрінісін тек сенімді хадистердің негізінде қайта қалпына келтіретін кітаптың негізгі бөлімін ұсынамыз.
Қағбаға бет бұру
«اسْتِقْبَالُ اْلقِبْلَةِ»
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазға кірісетін кезінде, парыз және нәпіл намаздарын орындау барысында жүзін Қағбаға қарататын[1]. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «намазды дұрыс орындамаған адамға»[2]:
«إذَا قُمْتَ إِلَى الصَّلاَةِ فَأَسْبِغِ الوُضُوءَ، ثُمَّ اسْتَقْبِلِ اْلقِبْلَةَ فَكَبِّر».
«Намазға кірісер кезіңде мұқият дәрет ал, кейін Қыблаға бетіңді бұр да, тәкбір айт», — деп, дәл осылай істеуді бұйырды[3].
«Сапар кезінде ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) нәпіл намаздарды мінген жануарының үстінде (отырып) оқитын, және үтірді[4] де соның үстінде отырып, шығысқа не бастысқа қарап оқитын»[5].
Осыған[6] сондай-ақ Аллаһ Тағаланың
فأينما تولوّا فثم وجه لله) البقرة (11
«Сендер қай жаққа қарасаңдар да, сол жерде Аллаһтың Жүзі» («әл-Бақара» сүресі, 115-аят) деген сөздері де қатысты.
«(Кейде) Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түйесі үстінде қосымша (нәпіл) намаз оқымақшы болса, оны Қыблаға қаратып, тәкбір айтатын, одан кейін көлігі қай жақа жүрсе, сол жаққа қарап намаз оқитын»[7].
«Ол мініс көлігінде отырған кезінде рукуғ пен сәждені басын ию арқылы білдіретін: сәжде жасағанда басын рукуғ жасағаннан төменірек иетін»[8].
«Ол парыз намазын орындағысы келсе, көлігінен түсіп, жүзін Қыблаға қарататын»[9].
Қауіп-қатер (төніп тұрғандағы) намазда, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің үмметіне намазды «жүріп бара жатып, тұрып немесе көлік үстінде отырған күйде, Қыблаға қарай бет бұрып, не бұрмай»[10] орындауды бұйырды, сондай-ақ ол:
«إِذِا اخْتَلَطُوا؛ فَإِنَّمَا هُوَ التَّكْبِيرُ وَالإِشَارَةُ بِالرَّأْسِ».
«Ал егер олар (екі әскер) шайқаста араласып кетсе, онда ол (намаз) – тәкбір мен бас июлер ғана»[11], — деп те айтты.
Сондай-ақ ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):
«مَا بَيْنَ اْلمَشْرِقِ وَاْلمَغْرِبِ قِبْلَةٌ»
«Қыбла шығыс пен батыстың арасында»[12], — дейтін.
Жәбир (Аллаһ оған разы болсын) былай деп жеткізген: «Бірде, біз Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге жорықта болғанымызда, бұлттар аспанды жауып, сондықтан да біз Қыбланы анықтауға тырысып, (Қыблаға қатысты) пікірлеріміз келіспеді, әрі біздің әрқайсымыз намазын өзінің (Қағбаға қараған) бағытында орындады. Алайда әрқайсысы (оқылған намаздың) бағытын белгілеу үшін, алдына сызық сызып қойды. Таңертең біз аспанға қарап, намазды Қыбладан басқа жаққа қарай орындағанымызды байқадық. Болған оқиға туралы Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) баяндап бергенімізде, ол (бізге намазды қайта орындауды бұйырмады, әрі): «قَدْ أَجْزَأَتْ صَلَاتُكُم» «Сол намаздарың сендер үшін есептелді», — деп айтты».[13]
قد نرى تقلب وجهك في السماء فلنولينك قبلة ترضاها فولّ وجهك شطر المسجد الحرام) البقرة (144
«(Ей, Мухаммад) жүзіңнің көкке жөнелгенін көреміз. Сондықтан сені өзің разы болған Қыблаға қаратамыз. Енді (намазда) жүзіңді Әл-Харам Мешітіне қарай бұр. (Ей, мүміндер,) қай жерде болсаңдар да, жүздеріңді сол жаққа бұрыңдар!» («әл-Бақара» сүресі, 144-аят) деген аят түсірілгенге дейін ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазды Иерусалимге[14] қарай орындайтын [ал оның алдында Қағба болытын].
Осы аят түсірілген кезде, ол жүзін Қағбаға қарай бұрды. Қуба’ мешітінде таң намазы кезінде намаз оқып тұрған адамдарға бір адам келді де: «Ақиқатында, Аллаһ Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы түні уахи түсті, әрі оған жүзін Қағба жаққа қарай бұру бұйырылды, ендеше сендер де сол жаққа қарамайсыңдар ма?», — деп айтты. (Сол кезде) олардың жүздері Шам жаққа қараған болатын, әрі (мұны естіп) адамдар бұрылды [және олардың имамы да, олармен бірге Қыблаға бет бұру үшін, бұрылды][15].
[1] Бұл факт хадистердің көптеген (мутауатир) тізбектері арқылы жеткізіледі, сондықтан да оған жан-жақты тоқтаудың қажеті жоқ, десе де бұл мәселеге қатысты дәлелдердің кейбіреуі әрі қарай келтіріледі.
[2] Осы кітаптың соңындағы Қосымша № 1 қараңыз.
[3] Әл-Бухари, Муслим және әс-Сираж.
[4] Так ракағаттардан тұратын қосымша түнгі намаз. – Аудармашыдан.
[5] Әл-Бухари, Муслим және әс-Сираж. Бұл хадистің сенімділігі «әл-Ируа’ әл-Ғәлил» кітабында анықтап берілген (289 және 588).
[6] Муслим, әт-Тирмизи.
[7] Абу Дәуд, Ибн Хиббан «әс-Сикат» (1/12) кітабында, әд-Дийа’ «әл-Мухтара» кітабында жақсы (хасан) иснадпен. Оның сенімділігін (сахихтығын) Ибн әс-Сукн, сондай-ақ Ибн әл-Муләққин «Хуләсат әл-Бадр әл-Мунир» (22/1) кітабында растаған. Одан да бұрын бұл хадистің сенімділігіне Абд әл-Хаққ әл-Ишбили өзінің «әл-Әхкам» (№ 1394) атты менің тарапымнан тексерілген кітабында нұсқаған. Имам Ахмад бұл хадисті дәлел ретінде пайдаланған, бұл туралы Ибн Һади оның сөздерінен «әл-Мәса’ил» (1/67) кітабында баяндағандай.
[8] Ахмад және әт-Тирмизи, әрі соңғысы бұл хадисті сенімді деген.
[9] Әл-Бухари және Ахмад.
[10] Әл-Бухари және Муслим.
[11] Әл-Бәйһақи, ол бұл хадисті имам әл-Бухари және Муслим хадистерге қоятын талаптарға сәйкес келетін иснадпен келтіреді.
[12] Әт-Тирмизи және әл-Хаким. Олардың екеуі де бұл хадисті сенімді деген. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» (292) кітабында келтірілген.
Аудармашының ескертпесі: бұл бұйрық Мәдина қаласының тұрғындарына қатысты, өйткені Мәдина Меккеден солтүстікке қарай орналасқан, әрі егер Мәдинаның тұрғындары беттерін Мекке жаққа қаратса, онда олардың оң жағында батыс, ал сол жағында шығыс болады. Бұл хадис егер намазды орындаушы Қағбадан алыс қашықтықта орналасқан болса, оған Қасиетті Мешіт («әл-Мәсжид әл-Харам») бағытына бет бұру жеткілікті екеніне дәлел болып табылады. Сафий әр-Рахман әл-Мубаракфури «Итхаф әл-Кирам».
[13] Әд-Дарақутни, әл-Хаким, әл-Бәйһақи, әт-Тирмизи, Ибн Мәжаһ және әт-Табарани. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» (296) кітабында келтірілген.
[14] Иерусалимде орналасқан Алыстағы Мешіт — әл-Мәсжид әл-Ақса аталып тұр (Аудармашының ескертпесі).
[15] Әл-Бухари, Муслим, Ахмад, әс-Сираж, әт-Табарани (3/108/2) және Ибн Са’д (1/234). Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» (290) кітабында келтірілген.