Фиқһ мәселелері

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы, тәкбірден сәлемге дейін, оны өзіңіз көргеніңіздей (2)

Қазіргі заманның атақты ислам ғалымы — шейх әл-Әлбанидің «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы, тәкбірден сәлемге дейін, оны өзіңіз көргеніңіздей» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз.

Аса Мейірімді, ерекше Рақымды Аллаһтың атымен

Автордың бірінші басылымға жазған алғысөзі

 Өзінің құлдарына намазды жүктеген, адамдардың жетістіктері мен рахат-игілікте болуын оны орындаудадағы мойынсұнушылықпен байланыстырып, оны бекітуді және ең жақсы үлгіде орындауды бұйырған, әрі оны күпірлік пен иманды ажырататын өлшеуіш, арсыздықтан (әл-фәхша) әрі барлық айыпты амалдар мен бүкіл жамандықтардан (әл-мункар) құтылудың құралы еткен Аллаһқа мадақ![1]

Аллаһ Тағала оған:

وأنزلنا إليك الذكر لتبين للناس ما نزُِّل إليهم) النحل(: 44

«Саған да, адамдар үшін түсірілгенді ашық баян етерсің деп, Құранды түсірдік. Әрине, олар түсінер» («ән-Нәхл» сүресі, 44-аят), — деп айтқан Пайғамбарымыз Мухаммадқа Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл міндетті ең жақсы үлгіде орындады. Намаз — ол оның мән-мағынасын адамдарға сөздерімен және істерімен түсіндіріп берген, оны бірде тіпті мінбердің[2] үстінде орындап, рұқуғқа еңкейіп, соңынан:

«يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّمَا صَنَعْتُ هَذَا لِتَأْتَمُّوا بِى وَلِتَعْلَّمُوا صَلاَتِى».

«Уа, адамдар, ақиқатында, мен мұны сендер маған ілесулерің үшін және мен өз намазымды (қалай орындайтынымды) үйренулерің үшін істедім»[3], — деп айтқан ең ұлы рәсімдердің бірі еді.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):

   «صَلُّوا كَمَا رَأَيْتُمُونِي أُصَلِّي»

«Намазды мен сендердің көздеріңше қалай орындаған болсам, солай орындаңдар», — деп, оны өзі орындаған үлгіде орындауды бізге бұйырды[4].

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ:

خَمْسُ صَلَوَاتٍ افْتَرَضَهُنَّ اللهُ عَزَّ وَجَلَّ، مَنْ أَحْسَنَ وُضُوءَهُنَّ، وَصَلاَّهُنَّ لِوَقْتِهِنَّ، وَأَتَمَّ رُكُوْعَهُنَّ وَسُجُودَهُنَّ وَخُشُوعَهُنَّ؛ كَانَ لَهُ عَلَى اللهِ عَهْدٌ أَنْ يَغْفِرَ لَهُ، وَمَنْ لَمْ يَفْعَلْ؛ فَلَيْسَ لَهُ عَلَى اللهِ عَهْدٌ؛ إِنْ شَاءَ غَفَرَ لَهُ ، وَإِنْ شَاءَ عَذَّبَهُ

«Бес (уақыт) намазды Аллаһ Тағала парыз етті. Кім (алдын ала) дұрыстап дәрет алып, оларды  (бекітілген) уақыттарында, руқуғтары мен сәжделерін толық орындап және (қажетті) мойынсұнушылық (хушуғ) танытып, орындайтын болса, Аллаһтың оны кешіретіндігі туралы уәдесінің (орындалуын күтуге құқықты); ал (мұны) істемейтін адамға келер болсақ, Аллаһтың уәдесі оған қатысты емес), әрі Ол оны қаласа — кешіреді, қаласа — азаптайды», — деп айтып, намазды оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өнегесімен орындайтынның әрбірін игі хабармен сүйіншіледі, өйткені мұндай адам Аллаһтың оны Жәннатқа кіргізетіндігі туралы уәдесіне ие[5].

Мухаммад пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) отбасына, оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһқа құлшылық ету рәсімдерін, намазын, айтқан сөздері мен істерін бізге жеткізген, әрі мұның барлығын өздерінің ілескен мазһабы мен еліктейтін өнегесі еткен оның ізгі және әділетті сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, сондай-ақ Қиямет күніне дейін  оларға ілесіп, олардың жолымен жүргендерге де Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

Мен әл-Мунзиридің «әт-Тарғиб уа-т-Тархиб» кітабындағы намаз туралы тарауды оқып біткенімде және оны осыдан төрт жыл бұрын мұсылмандардың алғашқы буындарының (сәлафтардың) жолына ілесетін бауырларымызды оқытудағы құрал ретінде пайдаланғанымда, біздің барлығымызға намаздың Исламда қандай маңызды орынға ие екендігі және оны дұрыс орындайтындарды қандай сауап, нығмет және сый-құрмет күтіп тұрғандығы, әрі мұның барлығы (өз кезегінде) адамның намазы Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазына қаншалықты жақын не алыс болуына байланысты екені айқын болды.   Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):

«إِنَّ الْعَبْدَ لَيُصَلِّي الصَّلَاةَ مَا يُكْتَبُ لَهُ مِنْهَا إِلَّا عُشْرُهَا تُسْعُهَا ثُمُنُهَا سُبُعُهَا سُدُسُهَا خُمُسُهَا رُبُعُهَا ثُلُثُهَا نِصْفُهَا».

«Ақиқатында, Аллаһтың құлы намазды орындайды, әрі оған (сауап ретінде) оның оннан бір, тоғыздан бір, сегізден бір, жетіден бір, алтыдан бір, бестен бір, төрттен бір, үштен бір бөлігінен немесе оның жартысынан өзге ешнәрсе жазылмайды», — деп айтып, дәл осыған нұсқаған болатын[6].

Сондықтан да мен бауырларымыздың назарын мына жайтқа бұрдым: біз Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзі намазды, оның барлық құрамдас бөліктерін: уәжіптерін, әдептерін, үлгісін, дұғаларын, Аллаһқа айтылатын зікірлерін тағы да басқаларын  — қалай орындағанын нақты білсек қана, оны дұрыс орындай аламыз. Ал содан соң бізде (осы) білімдерді бірте-бірте өмірлік тәжірибеде қолдануға деген өте күшті ынта пайда болды, өйткені тек осындай жағдайда ғана біз намаздарымыздың бізді арсыз және айыпты амалдардан аман алып қалатынына әрі хадистерде айтылатын сауап пен нығметтердің бізге жазылатынына үміттене аламыз.

Алайда намаздың осы аспектілерінің барлығымен мұқият танысу адамдардың көпшілігіне, солардың ішінде ғалымдардың көпшілігіне де, олардың мазһабқа соқыр түрде ілесетіндіктері себепті ауыр болады. Саф Сүннетті жалпы және фиқһ саласына қолданбалы түрде зерттеумен айналысатын әрбір адам мазһабтардың әрқайсында басқа мазһабтарда жоқ ережелердің (сунан) бар екенін біледі. Бұдан қалса, барлық мазһабтарда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздері мен істеріне сәйкес келмейтін көп нәрселер де бар. Осындай сәйкессіздіктердің ең көп бөлігі мұсылман ғалымдарының кейінгі өкілдерінен шыққан ғалымдардың кітаптарында келеді [7].

Біз жиі жағдайда олар осының  барлығын Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жапсыруға тырысатындарын көрудеміз[8].

Сондықтан да хадистану саласында маманданған мұсылман ғалымдары (Аллаһ оларға игілігімен қайырсын) кейінгі ғалымдардың фиқһ бойынша кітаптарында келтірілетін осындай кең қолданылатын хадистердің жинақтарын құрастырды, әрі оларда  әрбір хадистің сенімділігіне, әлсіздігіне немесе жарамсыздығына талдау жасады. Олардың арасында шейх Абдул Қадир ибн Мухаммад әл-Қураши әл-Ханафидің «Әл-’Инайа би Ма’рифат Ахадис әл-Хидайа» және «әт-Турук уә әл-Уаса’ил фи Тахриж Ахадис Хуласат әд-Далә’ил» атты екі кітабын, әз-3айлә’идің «Насб әр-Райа ли Ахадис әл-Хидайа» жинағын және Ибн Хәжар әл-Асқаләни құрастырған оның «әд-Дирайа» атты ықшамдалған нұсқасын, сондай-ақ сол кісі жазған «әт-Тәлхис әл-Хабир фи Тахриж Ахадис әр-Рафи’и әл-Кәбир» атты кітаптарын келтіруге болады. Бұл тақырып бойынша басқа да кітаптар бар, алайда оларды атап өту көп орынды алуы мүмкін[9].

Осы кітаптың жазылу себебі және кейбір ерекшіліктері

Маған осы тақырыпқа арналған барлық мәселелерді өзіне қамтитын кітап кездеспегендіктен, мен мүмкіндігім жеткенше Аллаһқа деген ғибадат-құлшылығында Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолымен жүруді қалайтын діндес бауырларыма арналған Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазды орындауының тәкбірден[10] басталып, таслиммен[11] аяқталатын барлық ерекшіліктері біртұтас жинақталған кітапты құрастыруды өз парызым деп есептедім. Бұл Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шынайы сүйетін осы кітаппен танысқан адамдарға  оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  жоғарыда келтірілетін

   «صَلُّوا كَمَا رَأَيْتُمُونِي أُصَلِّي»

«Намазды мен сендердің көздеріңше қалай орындаған болсам, солай орындаңдар»  деген хадисінде қамтылған бұйрығын орындауды жеңілдету үшін.

Сондықтан да мен (осы) оңай емес міндетті орындауға кірістім де, түрлі дереккөздерде жинақталған (аталған тақырыпқа) тиісті хадистердің талдауын жасадым, соның жемісі сіздер қолдарыңызда ұстап тұрған осы кітап болды.

Мен осы кітапта ардақты хадистер туралы ғылымның ұстанымдары мен бекітілген ережелеріне сәйкес келетін Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сенімді (сахих) иснадқа ие хадистерін ғана пайдалануды өзіме міндет еттім.  Мен иснадттарында белгісіз немесе әлсіз жеткізушілері бар хадистерді:  олар намаздың (орындау) үлгісіне, зікірлеріне (Аллаһты еске алу сөздеріне), артықшылықтарына немесе т.б. қатысты болуына қарамастан — назарға алмадым. Мен: «Бізге сенімді (сахих) хадистер[12] жеткілікті, ал әлсіз хадистердің бізге қажеті жоқ», — деп есептеймін, өйткені олар Аллаһ Тағала олар туралы:

لا يغني من الحق شيئ ا

«…құр жорамалдар Ақиқаттың орнын баса алмайды» («ән-Нәжм», 28-аят), — деген, ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):

«إِيَّاكُمْ وَالظَّنَّ فَإِنَّ الظَّنَ أَكْذَبُ الْحَدِيثِ».

«Ешбір жағдайда күдіктенбеңдер, өйткені күдіктену – ең жалған сөздер!», [13] — деп айтқан жорамалдар мен күдіктерді оятады. Сондықтан да біз сенімсіз хадистерді басшылыққа алып, Аллаһқа құлшылық етуімізге болмайды; шын мәнінде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):

    «اتَّقُوا الْحَدِيثَ عَنِّي إِلَّا مَا عَلِمْتُمْ».

«Мен туралы өздеріңе белгілі болған нәрселерден басқа қандай да бір нәрселер айтудан сақ болыңдар» [14], — деп, бізге бұлай істеуге тыйым салған; өйткені ол бізге әлсіз хабарларды жеткізуге тыйым салғандықтан, әрине, оларға сәйкес амал етуге де тыйым салынған.

Мен осы кітаптың мәтінін құрастырып, оны екі: негізгі және қосымша – бөлімдерге бөлдім.

Негізгі бөлім өз құрамына хадистердің өздерін немесе олардан алынған қажетті үзінді сөздерді, сондай-ақ мәтінді басынан аяғына дейін тұтас етіп көрсету үшін оларды бірге байланыстыратын тиісті сөздерді де қамтиды. Мен әрбір хадистің мәтінін Сүннет жинақтарында келтірілген айтылу үлгісінде  сақтауға ерекше мұқияттылық таныттым; хадис әртүрлі риуаяттарға айтылатын жерлерде мен олардың ішіндегі мәтіннің қабылдануын т.б. жеңілдету үшін ең ыңғайлы нұсқасын таңдадым, бірақ сонымен бірге мен мұны: «Осы хадистің басқа бір нұсқасында былай деп жеткізіледі…., — немесе, — Басқа бір хабарда былай деп жеткізіледі….», — деп көрсетіп, хадистің өзге де нұсқаларын келтірдім. Мен қандай да бір хадисті жеткізген сахабаның атын өте сирек келтірдім, немесе кітаптың негізгі бөлімінде келтірілген әрбір хадисті қай мухаддис-имам (өзінің жинағына) қосқанын өте сирек түсіндірдім, — мұның барлығы  мәтінді және оған жазылған ескертпелерді оқуды және түсінуді оңайлату үшін жасалды.

Кітаптың қосымша бөліміне қатысты айтар болсақ, ол кітаптың  негізгі мәтініне жазылған ескертпелерден құралған. Онда мен хадистердің түрлі нұсқаларын және жеткізу жолдарын зерттеп, олардың алынған көздерін ашып көрсеттім. Сонымен қоса хадис ғылымының ережелеріне сәйкес, мен олардың иснадтарын және растаушы хабарларды (қажетті) түсіндірмелермен қамтамасыз еттім: хадистердің сенімділік дәрежесін иснадтардың сенімділігін сынау арқылы анықтап, хадис жеткізушілердің әрбірінің шыншылдығын «сенімсіздендіру және растау» («әл-жәрх уә-т-та’дил») ұстанымдарына сәйкес тексеріп шықтым. Жиі жағдайда қандай да бір хадистің жеткізілу жолында басқаларында болмаған қосымша сөздер болады, әрі сондай жағдайда мен мәтіннің тұтастығын бұзбау үшін, сол қосымшаларды кітаптың негізгі бөлімінде келтірілетін бастапқы хадиске тік жақшалар […] арқылы белгілеп еңгіздім; осы орайда мен дереккөздердің қайсысы осы қосымша келтірілген жалғыз дереккөз болып табылатынын нұсқамадым. Мен осы хадистің алынған көзі мен  оның бастапқы нұсқасы бір сахабадан жеткізілген жағдайда ғана осылай істедім; басқа жағдайда мен хадисті жеке, мысалы, «Намаздың басында айтылатын Аллаһқа дұға етіп жалбарыну сөздері (ду‘а әл-истифтах)» т.б. тарауларда келтірдім. Хадистердің қосымша нұсқаларын осындай тәсілмен енгізу өзіне үлкен пайданы қамтиды, әрі сіз мұны көптеген кітаптарда көре алмайсыз — мейірімінің арқасында игі істер соңына дейін жететін Аллаһқа мадақ!

Әрі қарай кітаптың қосымша бөлімінде мен аталған хадисте қаралатын мәселелер бойынша ғалымдардың үкім-ережелерін де атап өттім. Бұдан тыс, әр тараптың ұстанатын пікірін жақтайтын және теріске шығаратын дәлелдерді келтіре отырып, осы орайда олардың дәлелдемелерінің күшті және әлсіз жақтарын ашып көрсеттім.  Кейін мен келтірілген пікірлердің ең дұрысын таңдап, оны кітаптың негізгі бөлімінің мәтініне енгіздім. Қосымша бөлімде біз сондай-ақ бұл кітаптың тақырыбына тікелей байланысты емес, әрі Сүннеттің мәтіндерінде тікелей нұсқауы жоқ, бірақ ижтиһад[15] жасауды талап ететін кейбір мәселелер де қаралған.

Қазірге кезде біз жеңе алмайтын себептерге байланысты өзіне негізгі де, қосымша да бөлімдерін қамтыған кітапты толығымен басып шығара алмайтынымыз себепті, біз Аллаһтың қалауымен оның негізгі мәтінін жариялауды және бұл кітапты «Сифат саләт әнНәбийй, салләЛлаһу ‘аләйһи уа салләм, мин әттакбир иләттаслим кә’аннакә тараһа» (»Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы, тәкбірден сәлемге (таслимге) дейін, оны өзіңіз көргеніңіздей» деп атауды шештік.[16]

Мен Аллаһтан осы еңбекті Оның Игі-Берекелі Жүзі алдында ықыласты етуін, әрі оны менің мүмин бауырларым үшін пайдалы етуін сұраймын, өйткені Ол – Естуші, дұғаларға Жауап Беруші!

Осы кітаптың әдіснамасы

Бұл кітаптың мақсаты Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазға қатысты нұсқау-басшылығын жеткізу болғандықтан, мен өзімді қандай да бір мазһабтың ережелерімен шектемеуді қажет деп санадым. Сондықтан да мен осы кітапта  мұсылмандардың алғашқы және қазіргі буындарынан шыққан хадис білгірлерінің[17] жолына ілесіп[18], Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) туралы сенімді (сахих) түрде жеткізілетін нәрселерді ғана келтіретін боламын.

«Мухаддистер – (өз борышы бойынша) Пайғамбардың адамдары,

Олар оның жанында болмаса да, өз лебізімен онымен бірге»[19], — деп айтқан адамның сөздері нендей керемет.

Сөйтіп, бұл кітап, Аллаһ қаласа, әрбір қаралатын тақырып бойынша өзіне түрлі хадис жинақтарының және фиқһ бойынша еңбектердің терең қоймаларында шашылып жатқан және оларға қатысты мазһабтар арасында келіспеушіліктер бар түрлі мәселелерді біртұтас етіп жинақтайды. Сонымен бірге осы кітапта басқа кітаптарда немесе мазһабтарда жоқ ақиқат нәрселер де болуы мүмкін, сондықтан да кім оларға амал етсе, Аллаһ қаласа, Аллаһ соларды

لِمَا اخْتَلَفُواْ فِيهِ مِنَ الْحَقِّ بِإِذْنِهِ وَاللّهُ يَهْدِي مَن يَشَاء إِلَى صِرَاطٍ مُّسْتَقِيمٍ

 «олар  тартысқан шындыққа Өз ұйғаруымен жеткізді. Аллаһ қалағанын даңғыл жолға салады» («әл-Бақара» сүресі, 213-аят).

Өзім үшін осы кітапта да, басқа кітаптарымда да сенімді Сүннетті ұстану әдіснамасын белгілеп алып, ал бұл Сүннет, Аллаһ қаласа, адамдардың арасында таралады,  мен мұның әрбір топт пен мазһабтың разылығын туғызбайтынын білдім. Бұған қоса, олардың кейбіреулері, егер көпшілігі болмаса, маған (орынсыз) шабуылдар жасап, қатаң сынға да алады. Алайда бұл (мен үшін) маңызды емес, өйткені  мен сондай-ақбарлық адамдардың көңілдерінен шығу мүмкін емес екенін де білемін, бұл туралы Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):

«مَنْ أَرْضَى النَّاسَ بِسَخَطِ الله وَكَلَهُ اللهُ إِلَى اْلنَّاسِ»

«Кім Аллаһтың ашу-ызасын туғызып, адамдарға жағымпазданса, Аллаһ  (оны) сол адамдарға тапсырып қояды», — деп айтқанындай.[20] Аллаһ мына жолдарды жазған адамды сый-сауаптарға бөлесін:

Пана іздеп, бекінсем де тіп-тік құздың үңгірінде,

Адамдардың шабуылынан құтыла алмаспын-ау мүлде,

Өйткені бүркіттің қанатын болса да паналап,

Адамдардың кесірінен кім аман қалмақ?!

Осы жол – Аллаһ Тағала мүміндерге жүруді бұйырған және барлық елшілердің Мырзасы, пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түсіндірген Тура Жол (Сират әл-Мустақим) екеніне менің сенімім жетіп асады.  Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан және олардың ізбасарларынан болған салиқалы буын (сәлафтар), соның ішінде олардың мазһабтарын мұсылмандардың көпшілігі ұстанатын төрт имам да (Аллаһ оларды рақым етсін)  дәл осы жолмен жүрген. Олардың барлығы Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін ұстану мен Сүннетке қайшы кез келген көзқарасты, мұндай көзқарасты қолдайтын немесе айтатын адам қаншалықты ұлы  болса да, тәрк ету қажеттігін, екінін бірауыздан мақұлдаған, өйткені Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) абырой-мәртебесі барлық адамдардан жоғары, әрі оның жолы – ең дұрыс жол  .

Міне, сондықтан да мен олардың (яғни имамдардың — Аудармашының ескертпесі) басшылығын таңдадым, оларға ізбе-із ілестім, олардың сенімді хадистерді қатаң түрде ұстану туралы нұсқауларын орындадым, тіпті бұл олардың (белгілі бір мәселелер бойынша) көзқарастарына қайшы келсе де. Олардан жеткен дәл осы әмірлер менің осы Жолды әдістемелік тұрғыдан зерттеуімде және қандай да бір пікірге негізсіз, соқыр түрде еліктеуден (тақлид) бас тартуымда маған қатты әсер етті. Аллаһ Тағаладан оларға ұлы сый беруін сұраймын!



[1] «Әл-`Анкабут» сүресінің 45 аятымен салыстырыңыз (Аудармашының ескертпесі).

[2] Мешіттің ішінде орналасқан, имам үстіне шығып құтпа (уағыз-насихат) айтатын биіктеу етіп жасалған орын (Аудармашының ескертпесі).

[3] Әл-Бухари және Муслим. Нақтырақ «Мінберде тұрып намаз орындау» тарауын қараңыз.

[4] Әл-Бухари, Муслим, Ахмад. Бұл хадистің дереккөздері және жеткізушілерінің тізбектері (иснадтары) «әл-Ируа’» кітабында келтірілген (213).

[5] Мәлик, Абу Дәуд, ән-Нәса’и және ибн Хиббан. Бұл – сахихтығын көптеген имамдар растаған сенімді (сахих) хадис. Мен оны «Сахих Әби  Дәуд» (451 және 1276) кітабында келтіргенмін.

[6] Сенімді (сахих) хадис. Ибн әл-Мубарактың «Әз-Зуһд» (10/21/1-2) кітабында, Абу Дәудта және ән-Нәса’иде жақсы (хасан) жеткізушілер тізбегімен (осыдан кейін барлық жерде «иснад» – Аудармашының ескертпесі) келтіріледі. Мен оны «Сахих Әби Дәуд» (761) кітабында келтіргенмін.

[7] Әбул Хасанат әл-Лукнауи өзінің «Ән-Нәфи’ әл-Кәбир лиман йутали’ әл-жәми’ әс-Сағир» (122-123 беттер) еңбегінде бұл кітаптар туралы былай деп жазады: «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадистеріне қатысты айтар болсақ, онда олар (яғни бұл кітаптар) қолдануға келмейді, өйткені ең мықты фақиһтер сеніп жүгінетін кітаптар, ғалымдардың пәтуаларын айтпағанның өзінде, ойдан шығарылған хадистерге толы. Қозғалған тақырыптың ауқымды талдауын жасаған соң, бізге осы кітаптардың авторлары кейбір мәселелерде білікті болса да, хадистерді сенімділікке тексеруге осалдық танытатыны айқын болды».

Мен (яғни шейх әл-Әлбани – Аудармашының ескертпесі) былай деймін: кейбір ең жақсы кітаптарда келтірілетін осындай жалған, ойдан тоқылған хадистердің бірі келесідей: «Кім рамазан айының соңғы жұмасында парыз намаздарының қазасын өтесе, сол оның өмірінің барысында тіпті жетпіс жасына дейін өтемей қалдырған әрбір намазы үшін өтеу болады!» Әл-Лукнауи (Аллаһ оны рахым етсін) »Әл-Асар әл-Мәрфу’а фи-л-Ахбар әл-Мауду’а» (315-бет) еңбегінде осы хадисті келтіргеннен кейін былай деген: «Али әл-Қари »Әл-Маудуат әс-Суғрада» және »Әл-Маудуат ал-Кубрада»: «Бұл мүлде өтірік хадис, өйткені ол ғалымдардың «Бір рет жасалған ғибадат жылдар бойы қаза етілген (ғибадаттардың) өтеуі бола алмайды» деген бір ауызды келісіміне (ижма`) қайшы келеді. Сөйтіп, «Ән-Ниһайяның» авторының немесе «әл-Хидайа» еңбегіне түсіндірмелер жазған басқалардың да сөздерін дәйексөз етіп келтірудің мәні жоқ, өйткені олар мухаддис ғалымдардан емес еді әрі, бұдан тыс, олар бұл хадисті хадис жинақтарының қайсы біреуіне болса да жатқызбады», — деген».

Әш-Шаукани аталған хадисті ұқсас риуаятта өзінің »Әл-Фәуа’ид әл-Мәжму’а фи-л-Ахадис әл-Мәуду’а» еңбегінде келтірген және соңынан былай деген: «Күмәнсіз, бұл ойдан тоқылған хадис. Мен оны тіпті ойдан тоқылған хадистер жинақталған бірде-бір жинақта таппадым! Алайда бұл хадис біздің кезімізде Сана қаласында фиқһты үйреніп жүрген кейбір білімгерлердің арасында таралып кетті, әрі олардың көбі оған амал істей бастады. Бұл хадисті олар үшін кім ойдан шығарғанын мен білмеймін, Аллаһ өтірікшілерді масқара етсін!» (Дәйексөздің соңы, 54-бет).

Әрі қарай әл-Лукнауи былай деп жазады: «Рәсімдерді орындауға қатысты көптеген кітаптарда түрлі риуаяттармен кездесетін бұл хадистің ойдан шығарылғандығы туралы дәлелдерді растау үшін, мен ақыл мен деректердің қысқа және кеңейтілген куәліктерін қамтыған шағын еңбек жазып, оны «Бауырларды рамаданның соңғы жұмасындағы бидғаттардан сақтандыру» деп атаған болатынмын. Мен оған ақылды сергітетін әрі тыңдаушылар оған құлақ салатын  пайдалы қорытындыларды енгіздім. Осы еңбекке жүгініңіз, өйткені оның тараулары құнды, ал тақырыптары маңызды».

Мұндай өтірік хадистер фиқһ кітаптарында келтіретіндігі, олардың құрамындағы басқа, атақты хадис жинақтарына қатысты емес хадистерге деген сенімділікті түсіреді. Дәл осы мағынаға Али әл-Қаридің сөздері де нұсқайды. Мұсылман адам хадистерді оларда маманданған адамдардан алуға міндетті, өйткені көне араб мақалдары айтатындай: «Меккенің тау ішінен өтетін жерлерін оның тұрғындары жақсырақ біледі, — және, — Үй ішінде не барын оның иесі жақсырақ біледі».

[8] Имам ән-Нәуауи (Аллаһ оны рақым етсін) «әл-Мәжму’ Шарх әл-Мухаззаб» (1/160) деген еңбегіне жазған қысқа баяндауында  былай деп мәлімдейді: «Хадис  білгірлерінен болған зерттеуші ғалымдар және басқалар, егер хадис әлсіз болса, оған қатысты: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты, істеді, бұйырды, тыйым салды…», — деп, немесе бекітіп айтуды қамтитын басқа да кез келген сөздерді айтуға болмайды, бірақ оның орнына: «Одан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткізіледі, хабарланады, баяндалады», — деп немесе белгісіздікті қамтитын басқа сөздерді айту керек”, — дейді. (Сондай-ақ) олар (хадис білгірлері): «Бекітіп айтуды қамтитын сөздерді тек сенімді (сахих) және жақсы (хасан) хадистерге ғана, ал белгісіздікті қамтитын сөздерді өзге хадистердің барлығына қолдануға болады», — деп айтады. Өйткені бекітіп айтуды қамтитын сөздер олардан кейін келетін сөздер сенімді дегенді білдіреді, сондықтан да оларды тек сенімді жағдайда ғана қолдануға болады. Өзгеше болған (басқа) жағдайда адам іс жүзінде Елшіге (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өтірік жапсырған болады».

(Әрі қарай имам ән-Нәуауи былай деп жалғастырады:) «Бұл бірауызды келісілген пікір кейбір шынайы хадис білгірлерінен басқа біздің заманымыздың көптеген фақиһтарының тарапынан іс жүзінде тіпті кез келген саланың көпшілік ғалымдары тарапынан еленбей жүр. (Хадистерге қатысты) осылай істеу өте салғырт жауапсыздық болып табылады, өйткені олар жиі жағдайда сенімді хадис туралы: «Одан: «……..», — деп жеткізіледі», — деп айтады да, ал әлсіз хадис туралы: «Ол: «………», — деп айтты», — және: «Пәлен жеткізді», — дейді, ал мұның барлығы ақиқаттан нендей алыс!»

[9] Осы жерде шейх әл-Әлбанидің өзінің кітаптарын да атап өту қажет, мысалы, 8-томдық «Ируа’ әл-Ғалил фи Тахриж Манар әс-Сәбил» және «Ғайа әл-Марам фи Тахриж Әхадис әл-Хәлал уәл-Харам» (Йусуф әл-Қардауидің өзіне көптеген әлсіз хадистерді қамтыған «Исламдағы хәлал және харам» кітабындағы хадистердің сенімділігі туралы кітап) (Аудармашының ескертпесі).

[10] Бұл жерде намазды ашатын «Аллаһу Әкбар» («Аллаһ Ұлы!») деген сөздерді айту меңзеліп тұр (Аудармашының ескертпесі).

[11] Намазды аяқтайтын «Әс-сәләму аләйкум уа рахматуЛлаһ» («Сендерге Аллаһтың сәлемі мен игілігі болсын») деген сөздер (Аудармашының ескертпесі).

[12] Хадис білгірлерінің бірауызды пікіріне сәйкес, «сенімді (сахих) хадис» деген термин өзінің құрамына сенімді (сахих) және  жақсы (хасан), яғни өздігінше сенімді жақсы хадистерді әрі өзге хадистердің болуына байланысты солай  есептелетін хадистерді қамтиды

[13] Әл-Бухари және Муслим.

[14] Әт-Тирмизи, Ахмад және Ибн Әби  Шәйба жеткізген, сенімді (сахих) хадис. Мухаммад Саид әл-Халби  «Мусалсаләт» (т. 1, стр. 2) кітабында бұл хадисті әл-Бухариге қатысты еткен, бірақ бұл қате болып табылады. Кейінірек мен бұл хадистің әлсіз (да’иф) екеніне көз жеткіздім: мен бұл хадистің Ибн Әби  Шәйба келтірген жеткізушілерінің тізбегін (иснадын) сахих деп айтқан әл-Манауиге сеніп жүгінген болатынмын, алайда менің өзіме бұл иснад кездесіп қалды. Әрі мен оның айқын әлсіз екенін байқадым – менің «Силсиләт әл-Әхадис әд-Да’ифа» (1783) атты кітабымды қараңыз. Дегенмен оның орнын Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):

«مَنْ حَدَّثَ عَنِّي بِحَدِيثٍ يُرَى أَنَّهُ كَذِبٌ ، فَهُوَ أَحَدُ اْلكَاذِبَيْن».

«Кім мен туралы өзі өтірік деп санайтын нәрсені айтса, өтірікшілердің біреуі болып табылады», — деп айтқан басқа сөзі басады  (бұл хадисті Муслим және басқалар жеткізген). Менің «Силсиләт әл-Әхадис әд-Да’ифа» (бірінші том) кітабыма жазған алғысөзімді қараңыз.

[15] Ижтиһад – діннің атақты білгірінің діни-құқықтық сипаттағы мәселелерді жеке өзі шешу құқығы (Аудармашының ескертпесі).

[16] Шейх әл-Әлбани (Аллаһ оны рақымына алсын) бұл сөздерді кітаптың бірінші басылымының алғысөзіне  осыдан елу жыл бұрын жазған болатын. Сол кезден бастап бұл кітап толық үлгісінде дүние жүзінің көптеген тілдерінде басып шығарылды. Кітаптың орыс (қазақ – аудармашыдан (қаз)) тілді оқырманға ұсынылып отырған осы нұсқасы өзіне оның негізгі бөлімін де, қосымша бөлімін де  толық қамтыған (Аудармашының ескертпесі).

[17] Абдул-Хайй әл-Лукнауи «Имам әл-Каләм фима йата’алләк бил-Қира’а Хәлф әл-Имам» (156-бет) кітабында былай дейді: «Кім ырым-жырымның (соқыр нанымның) ықпалына бой бермей, ашық ақыл-парасатымен фиқһ мухитына және құқықтану негіздеріне тереңдесе, ғалымдар келіспеушілікке түскен басты және тармақты мәселелердің көпшілігінде хадис білгірлерінің мазһабы өзге мазһабтарға қарағанда күштірек екеніне көзін жеткізеді. Мен әр кез түрлі пікірлерге талдау жасағанымда, хадис білгірінің көзқарасы ынсапқа мейлінше жақын болып шығады – оларды Аллаһ тарапынан сый-сауаптар күтуде, және Ол оларға алғысын білдіреді. Олар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шынайы мирасқорлары және оның Заңының ықыласты таратушылары болғандықтан, өзгеше болуы мүмкін емес! Аллаһ бізді солардың қатарына кіргізсін және бізге өлім келіп жеткенше бойымызға оларға деген махаббатты салсын!»

[18] Әс-Субқи «әл-Фатауа» (1/148) кітабында былай деп мәлімдейді: «Мұсылмандардың ең маңызды ісі намаз болып табылады, әрбір мұсылман оны орындап, оның қажетті негіздерін сақтап, оның қамын ойлауы қажет. Онда орындауға міндетті болған ережелер де, сондай-ақ олардың міндетті екендігі жайында ғалымдардың пікірлері бірікпеген ережелер де бар. Намазға ғалымдардың бірауызды пікірі бар мәселелер де, — және бұл жерде Ақиқаттан басқаға орын жоқ, — және ғалымдар арасында келіспеушіліктер туғызған басқа мәселелер де қатысты. Дұрыс тәсіл — не осы мәселелерге қатысты пікірталастарға кіріспеу, не болмаса Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен сенімді деректерді іздеумен айналысып, соларды ұстану.  Егер адам осылай істейтін болса, оның намазы дұрыс және Аллаһ Тағаланың:

فَمَن كَانَ يَرْجُو لقِآَءَ رَبِّهِ فَلْيَعْمَلْ عَمَلا صَلحِ اً

«Сондай-ақ кім Раббысына жолығуды үміт етсе, сонда түзу іс істесін..(«әл-Каһф», 110-аят), — деп айтқан сөздерінің үкіміне кірген болмақ».

Мен (яғни шейх әл-Әлбани – Аудармашының ескертпесі): «Екінші тәсіл жетіктеу, тіпті міндетті болып табылады, өйткені бірінші тәсіл көптеген мәселелердің шешілуіне ықпал етпейтінімен қоса, оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Намазды мен сендердің көздеріңше қалай орындаған болсам, солай орындаңдар!» деген бұйрығына сәйкес келмейді, әрі адамды өз намазында Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазынан ауытқуға алып келеді», — деп мәлімдеймін. Осы туралы ойланыңыздаршы!

[19] Хасан ибн Мухаммад ән-Насауидің өлең жолдарынан. Бұл өлеңді хадис білгірі әл-Хафиз Дийя әд-Дин әл-Мақдиси өзінің «Фәдл әл-Хадис уа әһлиһи» («Хадистердің және олардың білгірлерінің артықшылықтары туралы») еңбегінде келтірген.

[20] Әт-Тирмизи, Қуда’и, Ибн Бушран және басқалар. Мен (яғни шейх әл-Әлбани – Аудармашының ескертпесі) бұл хадис және оның жеткізу жолдары туралы «Шарх әл-Ақида әт-Тахауийя» (278-бет) еңбегіндегі хадистерді тексеруім барысында пікір білдірген болатынмын.

жалғасы бар