Ақида

Имам Абу Ханифаның тағдыр туралы айтқан сөздері

1. ”Бірде бір кісі Абу Ханифаға онымен тағдыр туралы айтысу үшін келді. Сонда Абу Ханифа оған: «Тағдырды игергісі келетін адам күн көзінің дақтарына қараушыға ұқсайды. Ол қаншалықты көп қараған сайын, соншалықты көп абдырауға түседі», — деді”. Қз.: «Қалаид Уқуд әл-Акйян» (каф –77–ба).

2. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағала заттар пайда болғанға дейін олар туралы мәңгі білімге ие еді». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302-303 беттер.

3. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағала болмыстағы ешқашан болмаған нәрсе туралы біледі және Ол егер сол нәрсе болғанда қандай болатынын да біледі. Аллаһ Тағала сондай-ақ болмыстағы бар болып тұрған бар нәрсе туралы да біледі және Ол бар болып тұрған нәрсенің соңы қандай болатынын да біледі». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302-303 беттер.

4. Абу Ханифа былай деген: «Оның жазмышы Сақтаулы Тақтада  (әл-Ләух әл-Мәхфуз)» Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.

5. Абу Ханифа былай деген: “Біз: «Аллаһ Тағала Кәламға жазуды бұйырған», — деп айтамыз. Кәлам: «Мен не жазайын, уа Раббым?», — деп сұрады. Аллаһ Тағала: «Қайта тірілу күніне дейін не болатынын жаз!», — деді. Бұл туралы Аллаһ Тағаланың мына сөздерінде айтылады: «Олар істеген әр нәрсе амал дәптерлерде бекітілген. Үлкен-кіші әр нәрсе жазулы» («Қамар» сүресі, 52-53 аяттар)”. Қз.: «Китаб әл-Уәсыййя» шархымен,  21.

6. Абу Ханифа былай деген: «Бұл өмірде де (дүние), болашақ өмірде де (Ақырет) Оның қалауынсыз бірде-бір нәрсе орын алмайды». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  302.

7. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағала барлық болмысты жоқтан бар етіп жаратты». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  302.

8. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ жаратуды бастағанға дейін де Жаратушы болған». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  304.

9. Абу Ханифа былай деген: “Біз: «Құл өзінің амалдарымен, сөздерімен және білімімен жаратылған», — деп айтамыз. Ал амал жасаушы жаратылған болып табылғандықтан, оның амалдары тіпті жаратылған”. Қз.: «Китаб әл-Уәсыййя» шархымен,  14.

10. Абу Ханифа былай деген: «Құлдардың барлық әрекеттері: қозғалысы немесе қимылсыздығы болсын — олардың өздері тарапынан орындалады, ал Аллаһ Тағала олардың Жаратушысы болып табылады. Бұл әрекеттердің барлығы Аллаһтың қалауымен, Оның білуімен, Оның алдын ала бекітуімен (қада) және Оның жаратуымен (қадар) орын алады». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  303.

11. Абу Ханифа былай деген: «Құлдардың барлық әрекеттері: қозғалысы немесе қимылсыздығы болсын — олар тарапынан іс жүзінде орындалады, ал Аллаһ Тағала оларды жаратқан. Бұл әрекеттердің барлығы Оның қалауымен, Оның білуімен, Оның алдын ала бекітуімен (қада) және Оның жаратуымен (қадар) орын алады. Өзіне (Аллаһқа) мойынсұнуды қамтыған барлық әрекеттерді Аллаһ Тағала (оларды орындауды) бұйырғандықтан, Ол (мұндай әрекеттерді) жақсы көретіндіктен, Ол (оларға) разы болатындықтан, Оның (олар жайлы) білімі, Оның қалауы және Оның жаратылысы болғандықтан олар міндетті болып табылады.   Ал барлық күнәлар Оның біліумен, Оның алдын ала бекітуімен, Оның жаратылысымен және Оның қалауымен орын алады, бірақ  Оның (күнәларды) жақсы көруінен емес, Оның (оларға) разы болуынан емес және Оның (оларды істеуді) бұйырғанынан емес». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  302.

12. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Тағала жаратылыстарды күпірліктен және иманнан азат жаратты.[1] Кейін оларға үндеп, олар үшін бұйрықтар мен тыйымдарды орнатты. Өздерінің әрекеттері, өздерінің ақиқатты мойындамауы және табанды түрде теріске шығаруы арқылы күпірлікке түскендер Аллаһ Тағаланың көмегінен айырылып, кәпірлерге айналды. Ал өздерінің әрекеттерімен, өздерінің (тілдерімен иманның куәлігі болған шаһаданы) айтуымен, өздерінің (жүректерімен) сенуімен Аллаһ Тағаланың болысуының және Оның көмегінің арқасында  мүмін болғандар иман келтірді». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар»,  302-303.

13. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Адамның ұрпақтарын оның белінен тозаң ретінде суырып алды. Ол оларды ақыл-парасатты етті, содан соң оларға үн қатып, иман келтіруді бұйырып, күпірлікке түсуге тыйым салды және олар  Оның Раббылығын мойындады. Олар тарапынан бұл иман болды және адамдар осы тума бірқұдайшыл кейпінде (фитрада) туылады. Кім кәпірге айналған болса, осыдан (Аллаһпен жасасқан келісім-шарттан) кейін өзінің фитрасын ауыстырып және өзгертіп,  күпірлікке түсті. Ал кім иман келтірген және (өзінің иманын) растаған болса, мығым негізде тұр және (фитра күйінде) тұруды жалғастыруда».  Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.

14. Абу Ханифа былай деген: «Ол – барлық болмысты алдымен алдын ала белгілеп, содан соң Жаратқан (Жаратушы). Бұл дүниеде де, Ақыретте де Оның қалауынан, Оның білімінен, Оның алдын ала бекітуінен, Оның жаратуынан және Сақтаулы Тақтадағы Оның жазуынан тыс еш нәрсе жоқ». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 302.

15. Абу Ханифа былай деген: «Ол Өзінің бірде-бір жаратылысын күпірлікке де, иманға да мәжбүрлемеді. Керісінше, Ол оларды әрекет жасаушы тұлғалар етіп жаратты және иман күпірлікпен бірге құлдарының өздерінің амалдары болып табылады. Аллаһ Тағала күпірлік күйінде болып күпірлікке түскеннің кәпір болып табылатынын біледі. Бірақ егер мұндай адам осыдан соң иман келтірсе және Аллаһ Өзінің білімімен оны мүмін деп таныса, Ол оны сүйеді, ал бұл Аллаһтың білімін ешқандай өзгертпейді». Қз.: «әл-Фиқһ әл-Әкбар», 303.

«Әл-қада’ уә әл-қадар» — тағдырға иман келтіру — иманның негіздерінің бірі болып табылады және адам оған иман келтірмей, иман келтірген болып саналмайды. Аллаһ Тағала былай деген: «Ақиқатында, біз әрбір затты тағдырға сәйкес жараттық» («әл-Қамар» сүресі, 49-аят).

Ибн Хәжар әл-Әсқалани әр-Рағиб әл-Әсфаханидің сөздерінен жеткізгендей, тағдыр, негізінде, тағдырды Белгілеушінің Құдіретіне әрі тағдыр етіп белгіленген нәрсе мен   Оған белгілі болған нәрсеге нұсқайды. «Фәтх әл-Бәри» (11/477).

Аллаһ Тағала абсолюттік құдіретке ие және Ол үшін мүмкін болмаған еш нәрсе жоқ. Оның есімдерінің қатарында — Әл-Қадир (Құдіретті, Қабілетті), Әл-Муқтадир (Барлық нәрсеге Құдіретті), ал құдіреттілік – Оның сипаттарының бірі.

القادر «қадир» сөзі   قدر   «кадара» (істей алу, қабілетті (құдіретті) болу) етістігінен шыққан сабақты етістің есімшесі болып табылады.

القدير «қадир» сөзі فعيل үлгісі бойынша жасалған және күшейтілген мағынаға ие. Ол «қалағанының барлығын даналықпен шартталған шектің ішінде аз да емес көп те емес жасайтын» дегенді білдіреді және бұл сипатпен Құдіретті және Ұлы Аллаһтан өзге ешкімді сипаттауға болмайды.  Құранда былай делінеді: «Ол барлық нәрсеге құдіретті» («әл-Әхқаф» сүресі, 33-аят).

المقتدر «муқтадир» сөзі مفتعل үлгісімен «иқтадара» (істей алу, қабілетті (құдіретті) болу) етістігінен жасалған және ол одан да күшейтілген мағынаға ие. Құранда: «…Барлық нәрсеге Құдіретті Үкім Етушінің құзырындағы ақиқат орындарында», — деп айтылған («әл-Қамар» сүресі, 55-аят).

Имам Ахмадтан тағдыр туралы сұрағанда, ол былай деген: «Тағдыр (жазмыш) – бұл Аллаһтың құдіреті». Қз.: «Мәжму‘ әл-фәтауа» (8/308).

Ибн әл-Қайим былай деп жазған: “Имам Ахмад: «Тағдыр (жазмыш) – бұл Аллаһтың құдіреті», — деген. Ибн ‘Ақил бұл тұжырымды мақұлдаған және былай деген: «Ол Ахмадтың нақтылығына және оның дін негіздеріндегі терең білімдеріне нұсқайды». Абу әл-Уәфа да тура соны айтқан, өйткені тағдырды теріске шығару — Раббының құлдардың амалдарын жаратуға, жазуға және алдын ала белгілеп қоюға деген қабілетін теріске шығару болып табылады”.

Әһли-әс-Сунна уәл-Жәма’аның көзқарастарына сәйкес Аллаһтың тағдырында (жазмышында) Құранмен және Сүннетпен расталатын төрт саты айқындалады.

Бірінші саты – Аллаһтың бар болған және жоқ болған барлық нәрсе туралы абсолюттік білімі. Бұл білімге Аллаһ Тағала мәңгі ие.

Екінші саты – бұл барлық жаратылыстардың тағдырының және Қиямет күніне дейін орын алатын барлық нәрселердің Сақтаулы Тақтада жазылуы. Бұл жазу көктер мен жердің жаратылуынан елу мың жыл бұрын жазылды.

Үшінші саты – Аллаһтың қалауы. Аллаһтың қалаған нәрсесі ғана орын алады, ал Ол кәламаған нәрсенің орын алуы мүмкін емес.

Төртінші саты – Аллаһ Тағаланың барлық болмысты жаратуы. Аллаһтың Құдіреті абсолюттік сипатта және Ол амал жасайтын жаратылыстарды олардың амалдарымен бірге жаратты.

«Әл-Қада» және «әл-қадар» сөздері бірге қолданылса, «әл-қада» сөзімен тағдырдың алғашқы үш сатысы меңзеледі, ал «әл-кадар» сөзімен – соңғы, төртінші саты меңзеледі.



[1] Аллаһ Тағала жаратылыстарды өздерінің болмысы (фитрасы) бойынша бірқұдайшылдар етіп жаратты деп айту дұрысырақ болар еді, бұл туралы Абу Ханифа келесі сөзінде айқанындай.

 

Сондай-ақ мыналарды да оқуды ұсынамыз:

Абу Ханифаның туылуы, толық аты және нисбaсы

Имамның шариғи білімге деген қатынасыИмамның өз шәкірттеріне деген қатынасы

Абу Ханифаның Бірқұдайшылық туралы айтқан сөздері

Ханафи мәзһабы тәуассул және истиғаса туралы