Имам Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, діндар жанұяда өсті, дінді түсінуге және оның қағидаларын адамдарға жеткізуге тырысты, бұған оның бүкіл өмірі айғақ болады.
Біз жастайынан керемет тәлім-тәрбие және білім алған, ал соңынан Аллаһ оны жетпіс жасында көз жұмдырғанға дейін өзі адамдарды оқытып, оларға насихат берген имамның қызметін ашып көрсеткіміз келді. Ал өлім туралы айтар болсақ, имам үнемі адамдарға: «Ақиқаттың үстіндегі өлім бос өмірден жақсы», — деп үйрететін.
Йазид бин әл-Қумайттың былай дегені жеткізіледі: “Бірде имам бір адаммен айтысып жатқан кезде, әлгі адам: «Аллаһтан қорық!», — деді. Осы сөздерді естіп, имамның реңі кетті, ол қалтырап қалды да, басын түсіріп: «Уа, бауырым, Аллаһ саған игілігімен қайырсын! Адамдар өздерімен сүйсініп, білім туралы сөйлеп тұрған кезде, олар өз амалдарын Аллаһқа арнауы үшін, өздеріне Аллаһ Тағала туралы ескерту айтылуына бәрінен де көп мұқтаж. Біл, білімге қатысты бір нәрсе айтқан кез келген уақытта мен Аллаһ мені жауапкершілікке тартатынын ұмытпайтынмын және мен үнемі құтылуға ұмтылатынмын»”.
Әл-Бухаридің шейхтарының бірі болған Мәкки бин Ибраһим былай дегені жеткізіледі: “Мен саудамен айналысатынмын және имам маған: «Білімсіз сауда адамдардың арасындағы қарым-қатынасты бұзады», — деді, содан соң ол мен білімге ие болғанымша маған насихат айтты. Ал сол кезден бері мен имамды және оның сөздерін еске алсам, намаздарымда Аллаһтан оған игілік беруін тілеймін, өйткені соның себебімен менің алдымда білімнің қақпалары ашылды”.
Абу Шиһаб әл-Ханнаттың былай дегені жеткізілген: “Мен Абу Ханифаның былай дегенін естідім: «Осы дүние үшін білім алған адам білімнің берекесінен жұрдай болады, ол оның жүрегінде орнықпайды және ешкімге пайда әкелмейді. Ал кім дін үшін білім алған болса, ол үшін білім берекелі болады және жүрегінде орнығады, ал одан білім алғандар оның білімі арқылы пайдаға қол жеткізеді»”.
Имам Абу Ханифа өзінің ең жақсы шәкірті Абу Йусуфқа, Аллаһ Тағала олардың екеуін де рахым етсін, былай дейтін: «Ең алдымен білім іздеумен шұғылдан, кейін – хәлал байлық табумен, ал содан соң – жар іздеумен, өйткені, ақиқатында, егер сен ең басында білім іздеудің орнына байлық табумен шұғылдансаң, сен білім іздене алмайсың. Байлық сені күңдер мен құлдар алуға итермелейтін болады және сен фәни дүниенің істерінен шыға алмай қаласың». Кейін имам оған: «Ал байлық жинап алған соң, неке мәселесімен айналыс және әйеліңмен мен саған айтқандай қарым-қатынас жаса. Бұған қоса, сен Аллаһ Тағаладан қорқуың, аманатты иесіне қайыруың, барша адамдарға қатысты ықыластылық танытуың (бұл оларға бақилық өмірде де осы дүниеде де пайда келтіретін нәрселерге нұсқауда көрініс табады) және оларға менсінбей қарамауың керек. Оларды құрметте, олармен азырақ сөйлес, тек егер олардың өздері сенімен сөйлесуге ұмтылмаса ғана, ал олармен кездескен кездеріңде фиқһ мәселелерін талқыла, сонда осыған қызығатындар білімге жетумен айналысады, ал бұған қызықпайтындар сенен аулақ жүретін болады және сонымен бірге олар саған ренжімейді де, сені қоршап та алмайды».
Бәкр бин Жәфардың былай дегені жеткізіледі: “Кейде Абу Ханифаға, Аллаһ оны рахым етсін, бір адам келіп, бір нәрселер айтатын және егер ол көп сөзді болып жатса, имам оның сөзін бөліп: «Қойшы соны, сен не үшін пәлен және пәлен нәрсе туралы айтып тұрсың?», — деп айтатын. Имам сондай-ақ жиі: «Адамдарға ұнамайтын нәрселерді әрі қарай жеткізбеңдер! Біз туралы жаман айтатынды Аллаһ кешірсін, ал біз туралы жақсы сөз айтатынды Аллаһ рахымына бөлесін! Аллаһтың дінін үйреніңдер және адамдар мен олардың өздері үшін айналысып жатқандарын тастаңдар, өйткені бұл оларды сендерге мұқтаж болуға мәжбүр етеді», — деп айтатын”.
Йахйя бин Шәйбан, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, былай деген: “Бірде Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, өзінің ұлы Хәммадтың оның оқушыларымен кәлам мәселелеріне байланысты пікір таластырып жатқанын көріп, оларға мұнымен айналысуға тыйым салды, ал олар оған: «Біз сенің өзіңнің сен біз жүргізуге тыйым салып тұрғандай осындай пікірталастар жүргізгеніңді көргенбіз», — дегенде, имам, Аллаһ оны рахым етсін: «Біз пікірталастарымызды, басымызда құстар отырғандай етіп, сақтықтықпен жүргізетінбіз, өйткені жолдасымыз қателікке жол беріп қояды ма деп қорқатынбыз, ал сендер жолдастарыңның қателесуін қалап, пікірталас жүргізесіңдер, ал кім мұны қаласа – жолдасының күпірлікке түсуін қалайды», — деді”.
Исма‘ил бин Хәммад бин Абу Ханифаның былай деп айтқаны жеткізіледі: “Абу Ханифаның ұлы «әл-Фәтиха» сүресін жақсы оқуды үйреніп алған кезде, ол оның ұстазына бес жүз дирхәм сыйлады». Өзінің «әл-Кәмил» деген атымен танымал кітабында Ибн Жәббар мұғалімнің: «Мұны маған не үшін беріп жіберді?», — деп сұрағанын келтіреді. Кейін бұл мұғалімге Абу Ханифаның өзі келіп, одан кешірім сұрап: «Уа, пәлен, менің ұлымды үйреткен нәрсеңді аз деп санама, өйткені, Аллаһпен ант етемін, егер бізде бұдан көбірек болғанда, Құранға деген құрметімізден, оны да саған берер едік!», — деп айтқан.
Сондай-ақ мыналарды да оқуды ұсынамыз:
Абу Ханифаның туылуы, толық аты және нисбaсы
Имам Абу Ханифаның сыртқы бейнесі және адамгершілік сипаттары
Имамның Аллаһ Тағалаға құлшылық етуі