Дүниенің жан-жақтарында көптеген жалған және болжалды қабірлердің бар екендігі туралы

Оқырмандарымызға «Қабір-кесене-мазарларға, әруақ-әулиелер мен киелерге сиыну – қазақ халқын опат болуға алып баратын жол» атты кітабының тоғызыншы тарауын ұсынамыз.

Жүктеп алу.

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

Түркістанда жалған қабірлердің табылуы жаңалық болып табылмайды. Бұл құбылыс бүкіл мұсылман әлемінде кең таралған. Бұл тарауда біз тек бұл жалған немесе болжалды қабірлердің кейбіреулерін ғана атап кетеміз.

1) Кирк қаласындағы (Ливан) Нұх пайғамбардың қабірі. Бұл қабір һижраның жетінші жылы табылды. Оған осы аймақта біреу хош иіс сезінгені, содан соң үлкен сүйектер табылғаны негіз болды. Әрі, әрине, «зерттеушілер» айналада осындай ірі сүйектерге толы қабірлер болуына қарамастан, бұл сүйектер Нұх пайғамбарға тиісті болуы мүмкін деген қорытынды шығарды. Қз.: «әл-Фәтауа» 27/459

2) Дамаскідегі Худ пайғамбардың қабірі. Бұл қабір Худ пайғамбарға өтірік телінеді, бұл туралы тарихшылар арасында келіспеушіліктер жоқ. Өйткені Худ пайғамбар Шам жерінде ешқашан болмаған. Ол Йеменде өмір сүрген халыққа жіберілген болатын. Кейін ол Меккеге қоныс аударды. Қз.: «әл-Иқтида» 2/651.

3) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) немересі — Хусайн ибн ‘Али ибн Абу Талибтың Каирдағы қабірі.

Ал іс жүзінде Хусайнның денесі Карбалада жерленген, әрі бұл туралы тарихшылар арасында келіспеушіліктер жоқ. Қз.: «әл-Бидая уән-Ниһая» 8/203.  Бұл сондай-ақ Каирдің һижраның төртінші ғасырында салынғандығы себепті де. Оны рафиди-шиғалар салған болатын. Қз.: «ән-Нужум уз-Захира» 1/408.

Дәл солар Хусайнның Каирда жерленгендігі туралы оқиғаны ойдан тоқыды, өйткені шиғалар Али ибн Абу Талибты және оның отбасын шектен тыс ұлықтайды. Ал енді, қалайша  һижраның бірінші ғасырында өлтірілген Хусайн төртінші ғасырда салынған Каирда жерленді?

Ал оның басы туралы айтар болсақ, оның жерленген жері туралы сегіз түрлі пікір бар: Мәдина, Дамаск, Каир, Карбала, Халәб, ’Асқалән, Мерв, Ракка. Сенімді пікір — оның Мәдинада жерленгендігінде. Қз.: «әл-Фәтауа» 27/450-489.

4) Дамаскідегі Убай ибн Ка’бтың  кесенесі. Тарихшылар оның Мәдинада жерленгеніне және ешқашан Дамаскіде болмағанына бірауызды келіскен. Қз.: «Әсна ул-Мәталиб» 286-288 беттер.

5) Маусыльдағы ‘Абдуллаһ ибн ‘Умардың қабірі. Тарихшылар оның Меккеде қайтыс болғанына және жерленгеніне бірауызды келіскен. Қз.: «әл-Ихтиярат әл-Фиқһия» 97-бет.

6) Мысырдағы ‘Уқба ибн ‘Амирдің қабірі. Адамдар бір наданның түсіне сүйеніп, ол дәл сол жерде жерленген деп есептейді. Қз.:«Әсна ул-Мәталиб» 286-288 беттер.

7) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жұбайлары — Умм Сәләма мен Умм Хабибаның Дамаскідегі қабірлері. Бұл анық өтірік болып табылады, өйткені Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) барлық әйелдері Мәдинада қайтыс болған. Қз.: «әл-Фәтауа» 4/516.

Сондай-ақ Сайидат Зәйнабтың (Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) немересі) Каирдағы қабірі. Бұл да айқын өтірік, өйткені ол тірі кезінде де, қайтыс болғаннан соң да, ешқашан Мысырда болмаған.

Тура осыны Бадауидің Тантадағы, имам Абу Ханифаның Бағдадтағы, Абу Айюб әл-Ансаридің Стамбулдағы, Саләхуддин әл-Айюбидің Дамаскідегі кесенелері, т.б. кесенелер туралы да айтуға болады. Қз: «әл-Фәтауа» 27/170.

Ал Түркістандағы, Сайрандағы «сансыз «бабтар»  мен Қазақ жеріне саңырауқұлақтай жайылған түрлі «аталардың»  кесенелері туралы айтар болсақ, біріншіден, олардадың сол адамдарға тиісті екені де, ал, екіншіден, олардың кім болғанының өзі де күмәнді-ақ, мысалы, Тараздағы кесенесін қабірге табынушылар құлшылық орнына айналдырған Қарахан бабаның, немесе Айша бибінің Аллаһқа қандай жақындығы бар екендігіне қандай дәлелдер бар; әрі дәлел бар ма? Олар әулие кісілер болғандығына дәлел болғанның өзінде де (ал бұл мүмкін емес), олардың қабірін құлшылық орнына айналдырып, олардан тілеп бару, тіпті дәнекер ретінде сұрау – бұл, жоғарыда айтып кеткеніміздей, Аллаһқа серік қосудан басқа еш нәрсе емес.

Жоғарыда аталған қабірлер, кесенелер т.б. «киелі, әулиелі, қасиетті» деп негізсіз аталатын орындар айқын өтірік немесе болжалды болып табылады. Олардың барлығына дерлік тұрақты түрде зиярат етіледі, олардың басында пұтқа табынушылық рәсімдері жасалып, құрбан шалынады. Олардың кейбіреулерінің басында жылдың белгілі күндерінде миллионға жуық адамдар жиналады. Ибн Бәтута былай деген: «Осындай әртүрлі кесенелердің дүние бойынша жүздеген және мыңдаған саны бар. Өте жиі жағдайда осы кесенелерді зиярат ету барысында қатты сығылысу салдарынан топ-топ адамдар қаза табады». Қз.: «Фахрис рихлә Ибн Бәтута» 783, 789 беттер.

Мұсылман елдеріндегі адамдардың басым бөлігінде діни сауаттың болмауы және Сүннеттің ғалымдарын ешкім тыңдамайтындығы немесе адамдар бірқұдайшылықты әлсіз насихаттайтыны нендей келеңсіздіктерге алып келетіндігіне қараңыздар.

Осы жолға бүгінгі күні Түркістанға, Бекет Атаға тағы басқа қабірлерге арнайы сапар ұйымдастырушылар да ілесуде.  Осының нәтижесінде посткеңестік аймақта Түркістан  сияқты пұтқа (қабірлер мен әруақтарға) табынушылықтың ең ірі жиын орыны қалыптасып, қарқынды түрде дамуда. Ал өз дініне қатысты азғантай болса да қызғаныш танытатын адам қалайша мұндайға үнсіз қала алады? Сіздер ұлы және хақ дінімізді биге, ысқыруға, шапалақ ұруға, қабірлер айналып тәуап жасауға, экстаз бен естен шығуға, «Аллаһ Өз жаратылыстарына сіңіп кеткен», — деп айтатын идеологияға,  ырымдар мен пұтқа табынушылық сенімдерге ауыстыруын қалайсыздар ма? Ендеше, өздеріңізді және отбасыларыңызды отыны адамдар мен тастар болатын Отқа тастайтын көпқұдайшылықтан, бидғаттардан құтқарудан бастаңыздар.

жалғасы бар