Адамдарға көпқұдайшылықтың мәнін және оның түрлерін жан-жақты түсіндіру қажеттілігі туралы

Оқырмандарымызға «Қабір-кесене-мазарларға, әруақ-әулиелер мен киелерге сиыну – қазақ халқын опат болуға алып баратын жол» атты кітабының екінші тарауын ұсынамыз.

Жүктеп алу.

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз шақыруының барлық уақытын көпқұдайшылықтың мәнін және оның түрлерін түсіндіруге бағыштады.  Ол оны түсіндірудің және одан сақтандырудың маңыздылығын басқа күнәлардың қауіптілігін түсіндірудің маңыздылығынан жоғарырақ қойды. Мұның себептері келесіде еді:

1) Егер адам көпқұдайшылық амалдарының қатарынан болған қандай да бір амалды саналы түрде біліп тұрып жасаса, ал содан соң онысына тәубе етпестен қайтыс болса, онда Аллаһ Тағала оны ешқашан кешірмейді және оның соңғы барар мекені ол одан ешқашан шықпайтын Тозақ болады.

Аллаһ былай деді: «Аллаһ өзіне серік қосылуды жарылқамайды да, бұдан басқасының барлығын (немесе кішілерін) қалағанына жарылқайды[1]. Сондай-ақ кім Аллаһқа серік қосса, расында, жала қойып, зор күнәлі болды» (4:48).

2) Көпқұдайшылық ең ауыр күнә болып табылады. Абу Бакрата былай деп баяндаған: ”Бірде біз Аллаһтың Елшісінің жанында болдық және ол бізге: «Сендерге ең ауыр күнәлар туралы айтып берейін бе? (Олар:) Аллаһқа серік қосу, ата-анаға мойынсұнбау және өтірік куәлік беру», — деді” (хадис сенімді (сахих); Бухари 2654; Муслим 87).

3) Көпқұдайшылық ең терең адасушылық болып табылады. Аллаһ былай деді: «Ақиқатында, Аллаһ оған серік қосылғанды жарылқамайды, одан басқа барлық (немесе кішілеу) күнәларды жарылқайды. Ал кім Аллаһқа серік қосса, сол терең адасушылыққа түсті» («ән-Ниса» сүресі, 4:116).

4) Көпқұдайшылық адамның Отта мәңгі қалуына және одан ешқашан шықпауына себеп болады. Аллаһ былай деді: «Расында, кім Аллаһқа серік қосса, Ол оған Жәннатты арам етті. Оның соңғы барар мекені Тозақ болады, әрі залымдарда көмекші болмайды» (5:72).

5) Көпқұдайшылық ұлы зұлымдық болып табылады.  Аллаһ былай деді: Сол уақытта Лүқман өз ұлына үгіт бере отырып: «Әй, ұлым! Аллаһқа серік қоспа! Күдіксіз, серік қосу (көпқұдайшылық) – зор зұлымдық!», — деді(«Лұқман» сүресі, 31:13).

6) Егер адам (саналы түрде біле тұра) көпқұдайшылықтан қандай да бір нәрсені істейтін болса, оның өмір бойы істеген игі амалдарының барлығы зая кетеді.  Аллаһ Өзінің Пайғамбарына (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: Расында, саған да, сенен бұрынғыларға да: «Егер Аллаһқа серік қоссаң, әлбетте, ғамалың жойылып кетеді де, анық зиянға ұшыраушылардан боласың», — деп уахи етілді(«әз-Зүмәр» сүресі, 39:65).

Бұдан тыс, Өзінің он сегіз пайғамбарлары мен елшілерінің есімдерін атап айтып, Аллаһ Тағала былай деді: «Аллаһтың нұсқауы осы. Құлдарынан кімді қаласа тура жолға салады. Егер олар серік қосса еді, әрине, істеген амалдары жойылып кетер еді» («әл-Әнғам» сүресі, 6:88).

Бұл аяттар бізге көпқұдайшылықтың мәнін, оның түрлері мен көріністерін біліп-үйренудің маңыздылығы туралы айтуда, оны жасаушылардың қатарынан болмау үшін. Өйткені біздің ешқайсымыз Аллаһқа мойынсынушылықтың ұзақ жылдары бойы жасаған игі амалдарымыздың заяға кеткен топыраққа айналуын қаламаймыз.

Дәл сондықтан да пайғамбарлар көпқұдайшылықтан бір нәрсе жасап қоюдан өте қатты қорыққан.

Аллаһ Тағала бізге бірқұдайшылдардың имамы болған Ибраһим пайғамбардың сөздері туралы баяндап, былай деген: Сол уақытта Ибраһим былай деді: «Раббым! Осы Мекке қаласын бейбіт қыл! Мені және ұлдарымды пұттарға құлшылық етуден сақта! Раббым, олар адамдардың көбін адастырды»” («Ибраһим» сүресі, 14:35-36).

Аллаһтың пайғамбары көпқұдайшылық жасаудан қалайша қорыққанына қараңыздаршы, ал ол туралы Аллаһ Тағала былай деп айтқан еді ғой: Шынында, Ибраһим нағыз Аллаһқа бойсұнушы, бірқұдайшыл (ханиф) бір басшы еді. Аллаһтың нығметтеріне шүкір етуші еді. Аллаһ оны таңдап, тура жолға салды. Оған дүниеде жақсылық бердік. Сондай-ақ ол Ақыретте де, әлбетте, игілерден болады. (Мухаммад,) содан соң саған: «Ибраһимнің дінін бірқұдайшыл (ханиф) болған күйде ұстан, өйткені ол көпқұдайшылдардан емес еді!», — деп уахи еттік” («ән-Нәһл» сүресі, 16: 120-123).

7) Көпқұдайшылық лас нәрсе (нәжіс), ал көпқұдайшыл лас (нәжіс) болып табылады. Аллаһ былай деді: «Әй, иман келтіргендер! Дау жоқ, көпқұдайшылдар (мүшриктер) лас болып табылады» («әт-Тәуба» сүресі, 9:28).

8) Аллаһ Тағала бізге көпқұдайшыл көпқұдайшылықты ұстанған күйде қайтыс болған соң, ол үшін жарылқау тілеуге тыйым салады. Аллаһ былай деді: «Пайғамбарға және мүміндерге көпқұдайшылдардың (мүшриктердің) тозақтық екендігі өздеріне білінгеннен кейін, тіпті олар жақындары болса да мүшріктер үшін жарылқау тілеулеріне болмайды» («әт-Тәуба» сүресі, 9:113).

Бұл аят көпқұдайшылықтың мәнін біздің туысқандарымызға түсіндірудің маңыздылығы туралы айтуда, өйткені олардан біреу  көпқұдайшылықтан (саналы түрде біле тұра) бір нәрсе жасай тұра немесе көпқұдайшылдардың сенімдерінен белгілі бір нәрселерге ие бола тұра жан тапсырса, онда біз Аллаһтан олар үшін тіпті кешірім тілей алмай қаламыз.



[1] Ибн Кәсир осы аяттың тәпсірінде өзге нәрселер қатарында мынаны да айтты: “Кейін Аллаһ Тағала: «Өзіне серік қосылуды жарылқамайды», — деп хабарлады. Яғни Оған серік қосқан түрде Онымен кездесетін құлын жарылқамайтынын (мәлімдеді). «Бірақ одан кішілерін», яғни күнәлардың, «қалағанына жарылқайды», яғни құлдарының ішінен. Бұл ардақты аятқа байланысты хадистер келтірілген болатын, әрі біз олардың арасынан мүмкін болғандарын келтіреміз.

Бірінші хадис. Имам Ахмад ‘Аишадан оның былай деп баяндағанын жеткізген: ”Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Аллаһтың алдындағы жазулар үш түрлі болады: Аллаһ назар бұрмайтын жазу; Аллаһ одан еш нәрсе қалдырмайтын жазу; Аллаһ кешірмейтін жазу. Аллаһ кешірмейтін жазуға келер болсақ, бұл – Аллаһқа серік қосу. Аса Құдіретті әрі Ұлы Аллаһ: «Расында, Аллаһ оған серік қосылғанды жарылқамайды», — деді. Және Ол: «Расында, кім Аллаһқа серік қосса, Ол оған Жәннатты арам етті» («ән-Ниса» сүресі, 72-аят), — деді.

Аллаһ ешқандай назар салмайтын жазуға келер болсақ, бұл Аллаһтың құлының өзінің Раббысымен болған қарым-қытынасындағы ораза (күнін) қалдыру немесе намазды қалдыру сияқты зұлымдық. Өйткені Аллаһ егер қаласа мұны кешіреді. 

Аллаһ одан еш нәрсені қалдырмайтын жазуға келер болсақ, бұл Оның құлдарының бір-біріне қатысты істеген зұлымдығы. Жаза міндетті түрде орындалады». Бұл хабарды Ахмад ғана келтірген. (Ахмад 6/240. Кейбір мухаддистер оның тізбегінде Садақа есімді әлсіз және Ибн Бабнус деген аз танылған жеткізуші болғанымен,  ол төменде келтірілетін Әнастың хадисімен күшейтіледі деп айтқан. Ибн Кәсирдің тафсирін тексерген мухаддистер әд-Дарақутнидің Ибн Бабнус туралы: «Жаман емес», — дегенін және Ибн ‘Адийдің: «Оның хадистері белгілі (танымал)», — дегенін, әрі Ибн Хиббан да оны сенім артуға лайықты деп атағанын келтірген. Ал Ахмад Шакир Садақаның шәкірті — Ибраһим ибн Муслимнің Садақа туралы: «Ол салиқалы еді», — деген сөздерін, сондай-ақ әл-Хакимнің осы хадистің сенімді (сахих) деп айтқанын келтіріп, бұл хадистің жеткізушілер тізбегін сахих деген).

Екінші хадис. Хафиз Абу Бакр әл-Баззар өзінің «Муснадында» Әнас ибн Маликтен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген: «Зұлымдықтың үш түрі болады: Аллаһ кешірмейтін зұлымдық; Аллаһ кешіретін зұлымдық және Аллаһ одан еш нәрсені (өтеусіз, жазасыз) қалдырмайтын зұлымдық.  Аллаһ кешірмейтін зұлымдыққа келер болсақ, бұл – Аллаһқа серік қосу. Әрі Ол: «Өйткені көпқұдайшылық (ширк) ұлы зұлымдық болып табылады» («Луқман» сүресі, 13-аят), — деп айтты. Аллаһ кешіретін зұлымдық туралы айтар болсақ, онда бұл Оның құлдарының Раббыларымен болған қарым-қатынасындағы өздеріне қатысты жасаған зұлымдықтары. Аллаһ қалдырмайтын зұлымдыққа келсек, бұл Оның құлдарының бір-біріне жасаған зұлымдығы. Әрі Ол біреулері үшін басқаларына қарсы жазаны орындайды» («Кашф әл-астар» №3439. Әл-Хайсами әл-Баззардың шейхы – Ахмад ибн Маликті білмейтіндігін айтты, ал қалған жеткізушілер сенім артуға лайық деп айтылған, оларда әлсіздік болса да. Кейбір мухаддистер әлсіз жеткізушісі және есте сақтау қабілеті әлсіз жеткізушісі болған басқа бір тізбекті келтіріп, бұл хадис жоғарыда келтірілген Айшаның хадисін күшейтеді деп айтқан).