Ақида

Қайтыс болған адамдардан (әруақтардан) Аллаһтың алдында шапағатшы болуын сұрап жалбарынуға болмайтындығы туралы

Оқырмандарымызға «Қабір-кесене-мазарларға, әруақ-әулиелер мен киелерге сиыну – қазақ халқын опат болуға алып баратын жол» атты кітабының он тоғызыншы тарауын ұсынамыз.

Жүктеп алу.

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

1-Бөлім. Қабірге (әруаққа) табынушылардың «Аллаһқа дәнекерсіз тікелей жалбарыну дұрыс емес» деген сенімі

Бұл бөлімде қабірге әруақтарға табынатын сопылардың кітаптарындағы олардың дәнекерлік мәселелеріндегі сенімдерін әшкерелейтін кейбір үзінділерді келтіру керек.

1. Қабірге табынушылардың жетекшілерінің бірі Йусуф ән-Нәбхани (1350 һ/ж) былай деп баяндайтын: “Бірде менің сәйідім Мухаммад әл-Ханафи төсенішін теңіз толқындарының үстіне жайды да, өзінің мюридіне: ««Я, Ханафи!», — деп айт та, судың бетімен жүре бер!», — деді. Мюрид теңіздің бетімен Мухаммад әл-Ханафидің ізімен жүріп кетті. Бір кезде оған «Не үшін мен: «Я, Ханафи!», — деп айтамын. Одан да «Я, Аллаһ!», — деген жақсырақ емес пе?» деген ой келеді де, ол: «Я, Аллаһ!», — деп, суға бата бастайды. Сонда шейх (әл-Ханафи) оның қолынан ұстап алып: «Сен Аллаһты тануды былай тұрсын, әлі әл-Ханафиді де танымадың ғой. «Я, Аллаһ!», — деп Аллаһты таныған кезіңде айтасың», — деген екен». Нәбхани: «Осымен шейх оған дәнекерсіз амал етуге болмайтынына нұсқаған болатын!”, — деп жалғастырады. «Шәуаһид ул-Хаққ» 447-бет.

2. Ханафи имамдарының бірі – имам әл-Әлюси (1270 һ/ж) былай деп баяндаған: “Бірде, мен кішкентай кезімде, сопылардың бір шейхы маған былай деді: «Егер басыңа қайғы-қасірет түссе, ешбір жағдайда Аллаһқа жалбарынба. Ақиқатында, Аллаһ саған көмектесуге асықпайды, әрі Оған сенің жағдайыңның ауыр, не ауыр еместігі бәрібір. Бірақ сен қайтыс болған әулиелерге жалбарынуың керек, өйткені олар міндетті түрде саған көмектесуге асығады, себебі сенің жағдайыңның ауырлығы оларды өте мазалайды”. Имам әл-Әлюси былай жалғастырған: «Әрі оның сөздері менің естіген құлағымды, менің ойымды және ақыл-санамды таң қалдырды. Сонда мен Аллаһтан Ол мені де, басқа мұсылмандарды да осы сияқты айқын адасушылықтан құтқаруын жалбарынып сұрадым». Қз.: «Рух ул-Мә’ани» 14/166.  

3. Қабірге табынушы сопылардың біреуі – ‘Абдулғани ән-Нәблуси (1143 һ/ж) дәнекерліктің қажет екенін дәлелдеп былай деген: “Имамдардың біреуі Мә’руф әл-Курхи өзінің асхабтарына былай деген екен: «Егер сендерде Аллаһтың алдында (сұрайтын) қандай да бір қажеттіліктерің болса, одан менің есіміммен сұраңдар, әрі Аллаһтан Оның Есімдері арқылы сұрамаңдар».  Сонда оның асхабтары одан: «Не үшін?», — деп сұрапты. Ол: «Өйткені сендер әлі Аллаһты танымағандықтарың себепті Аллаһ сендерге жауап бермейді.  Ал сендер қашан Аллаһты танысаңдар, сол кезде ол сендерге жауап беретін болады», — деп жауап берген екен”. Қз.: «Кашф ун-Нур» 20-бет.  

4. Қабірге табынушылардың жетекшілерінің бірі болған  әл-Куза’и былай деген: «Адамдар Аллаһтан тікелей Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәнекер етпестен сұрап жатқандары тістері жоқ немесе тістері толық жасалмаған кілт сияқты. Ал тістері жоқ кілт есіктерді ашпайтыны белгілі ғой!» Қз.: «әл-Барахин» 449-бет.

2-Бөлім. Ханафи мәзһабы имамдарының Аллаһқа дәнекер арқылы жалбарыну діндегі жаңалық (бидғат) және көпқұдайшылық (ширк) болып табылатындығы туралы айтқан сөздері

Бұл бөлімде ханафи мәзһабы имамдарының Аллаһқа дәнекер арқылы жалбарыну діндегі жаңалық (бидғат) және көпқұдайшылық (ширк) болып табылатындығы туралы айтқан сөздерін келтіру керек болады. Бұл өздерін өтіріктен ханафи мәзһабына телитін Түркістанда, Бекет Атада, т.с.с. қабір-кесене-мазарларда жиындар ұйымдастырушыларға дәлел болады.

1. Имам Абу Ханифаның (150 һ/ж) ақидасына түсіндірме жасап, имам ән-Нәйләуи былай деген: “Бірде имам Абу Ханифа қабірлерге жақындап келіп, оларға сәлем берген, ал содан кейін олармен әңгімелесіп оларға қарай сөйлей бастаған бір адамды көрді.  Сонда имам Абу Ханифа оған: «Олар саған жауап берді ме?», — деді. Әлгі адам: «Жоқ», — деп жауап берді. Сонда имам оған: «Қасірет болсын саған! Қалайша сен саған жауап қайтара алмайтын, еш нәрсеге ие болмаған және дауыстарды естімейтін денелермен сөлесе аласың?!», — деді. Содан соң ол оған «Әрі сен қабірдегілерді естірте алмайсың» («Фатыр» сүресі, 35: 22) деген аятты оқып берді”. Қз.: «Шифа ус-Судур» 44-бет, сондай-ақ «әр-Раққ әл-Мәншур» 92-бет.

2. Ханафи мәзһабы имамдарының бірі – Ахмад әр-Руми (1043) көпқұдайшылықтың түрлеріне түсіндірме жасап, былай дейді: ”Көпқұдайшылықтың үшінші түрі – бұл «жақындау» (тәуассул) көпқұдайшылығы. Оның мәні адамның Аллаһтан басқа біреулерге ол оны Аллаһқа жақындатуы үшін құлшылық етуінде. Бұл көпқұдайшылық – алғашқы пұтқа табынушылардың көпқұдайшылығы. Олардың сенімі бойынша олар Жаратушы Аллаһ Тағалаға тікелей құлшылық ету үшін өте төмен және елеусіз, әрі бұл Жаратушыға қатысты ұлы тіл тигізу болып табылады.  Осыдан шыға келе, олар Аллаһтың алдында өздеріне қарағанда биіктеу дәрежеге ие болғандарға құлшылық ете бастады”. Қз.: «Мәжалис ул-Әбрар» 118-120 беттер.  

3. Өз кезінде ханафилердің имамы болған имам УалиуЛлаһ әд-Дәхләуи (1176 һ/ж), қабірге табынушы сопылардың өздері мен әлемдердің Раббысы арасында дәнекер таңдап алатындарында  пұтқа табынушылардың жолымен жүретіндерін түсіндіріп, былай деген: «Олардың кейбіреулерінің сенімдері бойынша Аллаһ әлемдерді басқаратын Раббы болып табылады, бірақ сонымен бірге Ол  кейбір салиқалы адамдарға (әулиелерге) сый мен құдайы (сипат) беріп және олардың қолдарына болмыстың кейбір құбылыстарын басқару құқығын тапсырып, оларға сый-құрмет көрсетті. Осы орайда олар Аллаһ Тағала олардың кейбір адамдарға жасайтын шапағатын қабыл етеді деп санайды. Осынысымен олар Аллаһқа патшалардың патшасы деген рөлді, ал әулиелерге жергілікті жерлердегі болмысты басқаратын әлдебір әкімдердің рөлін беріп қойды. Мұндай сенімдер яһудилердің, христиандар мен көпқұдайшылдардың, сондай-ақ Мухаммадтың осы күнгі үмметіндегі кейбір екіжүзділердің сенімдерінен өзге еш нәрсе емес». Қз.: «Хужжату Ллаһи әл-бәлиға» 1/61.

4. Өзінің «Шарх ‘Ақида әт-Тахауия» кітабында имам Ибн Абил-‘Изз дәнекерлік пен шапағат етудің  мұндай түрлері де жәһилиет кезіндегі арабтардың көпқұдайшылығының, сондай-ақ үнділердің, түркілердің және берберлердің көпқұдайшылығының негізі болғанын растады. Қз.: «Шарх ‘Ақида әт-Тахауия» 21-бет.

5. Өз кезінде Бағдадтың ханафилерінің муфтиі болған имам Махмуд әл-Әлюси (1270 һ/ж) былай деген екен: «Жаратылғандарға өтініш айтып жүгіну және олардан  Аллаһқа дұға етуін сұрап, оларды дәнекер ету, күмәнсіз, рұқсат етілген, егер жүгінілетін кісі тірі болса. Ал егер ол қайтыс болған болса, немесе өзі жоқ болса, онда бірде-бір ғалым мұның рұқсат етілмейтініне және бидғаттардың бірі екеніне күмәнданбайды.  Мұндайды мұсылмандардың алғашқы буындарынан ешкім істемеген. Сахабалар өлген кісілерден бір нәрсе сұрағандығы туралы бірде-бір хабар келмеген, ал сахабалар басқалардан көбірек игілікке ұмтылатын еді ғой». Қз.: «Рух ул-Мә’ани» 6/125.  

6. Абу Жә’фар әт-Тахауи (321 һ/ж) авторы болып табылатын «’Ақида әт-Тахауия» кітабының басында былай деп айтылады: «Бұл — имам Абу Жәфар әт-Тахауидің үмметіміздің имамдары: Абу Ханифа ән-Ну’ман ибн Сабит әл-Куфидің, Абу Йусуф Я’куб ибн Ибраһим әл-Ансаридің, сондай-ақ Абу ‘Абдилләһ Мухаммад ибн әл-Хасан әш-Шәйбанидің, Аллаһ оларға разы болсын, мәзһабына сүйенген түрде, әһлю Сунна уәл-жәма’аның сенімдеріне түсіндірме жасап жеткізгендері.  Бұл (жоғарыда аталған имамдар) дін негіздерінде қандай ақидаға ие болғандығының және осы сенімдерді әлемдердің Раббысының алдында ұстанатындығының түсіндірмесі». Содан соң жалғыз Аллаһқа серік қоспаған күйде Оған ғана жалбарынудың маңыздылығын түсіндіре келе Абу Жә’фар әт-Тахауи былай деген: «Аллаһ Тағала дұғаларға жауап береді және қиыншылықтарды жеңілдетеді. Ол барлық нәрсеге иелік етеді, ал Оған ешкім иелік ете алмайды.  Әрі біз қас қағым сәт те Аллаһсыз өмір сүре алмаймыз. Ал кім қас қағым сәт болса да Аллаһсыз өмір сүре аламын деп санаса, сол кәпір болды». Қз.: «’Ақида әт-Тахауия» 56-бет.  

7. «’Ақида әт-Тахауиядан» алынған осы үзіндіге түсіндірме жасап, ханафи ғалымдары былай деген: «Аллаһ Тағала Өзінің құлдарына Өзіне дұға етіп жалбарынуды бұйырды, әрі оларға жауап беретінін уәде етті.  Ол Өзінің құлдарын Оған серік қоспай, жалғыз Өзіне ғана жалбарынуға ынталандырады. Өйткені Аллаһ – Сыпайы, Жомарт, құлы Оған қолын жайып дұға еткенде оның дұғасын жауапсыз қалдыруға ұялады. Сондықтан да Аллаһ Тағала Өзінің құлдарына қиын-қыстау сәттерде жалғыз Оған ғана жалбарынуды көп рет бұйырды. Құран мен Сүннетте мұны дәлелдейтін көптеген мәтіндер келген. Олар адамдарды әлемдердің Раббысы Аллаһқа ауыр жағдайларда жалбарынуға үндейді әрі жаратылыстардан кімге болсын жалбарынуға тыйым салады. Өйткені Аллаһ жалғыз Өзі барлық нәрсеге иелік етеді, әрі Оған мүмкін болмаған еш нәрсе жоқ, және Ол үшін құлы Одан сұрап жатқан нәрсесін беру қиындық туғызбайды. Сондай-ақ мұның себебі — Аллаһтың Сыпайы, Жомарт, Мейірімді, Ізгі, Сый Беруші екенінде, (Ол) береді және жауап қайырады және адамдардың қиыншылықтарын жеңілдете алады. Ол мейірімділік сипаттарымен сипатталған. Сондықтан да ешкім – мұсылман да, кәпір де — Аллаһсыз қас қағым сәт те тіршілік ете алмайды. Өйткені тіпті көпқұдайшылдар да Оған мұқтаж ғой. Құл жалғыз Аллаһқа ғана дұға еткен кезінде, сонысымен Аллаһтың Бар (әл-Қайюм), Бай (әл-Ғаний), Естуші (әс-Сәмиғ), Білуші (әл-Алим), Жомарт (әл-Жәуадуль-Карим), Мейірімді (әр-Рахман), барлық нәрсеге қабілетті болып табылатынын растайды, өйткені ешкім жоқ, кедей, саңырау, сараң, қатал және қабілетсіз болған біреуге дұға етпейді.

Аллаһ Тағала құлдары Оған дұға еткенде, Одан сұрап-тілегенде және Оған деген мұқтаждығын көрсеткенде қуанады. Ал қиын-қыстау сәттерде Одан сұрамайтындарға және Оған дұға етпейтіндерге келер болсақ, Ол мұндайларды жақсы көрмейді әрі оларға ашуланады. Сондықтан да кім өзін Аллаһқа мұқтаж емеспін деп санаса, Одан бет бұрса және жалғыз Одан басқа біреуге жалбарынса, сол кәпірге айналады әрі оның барар орны – мәңгі От. Ал бұдан не  жаманырақ болуы мүмкін?! Өйткені Аллаһқа дұға етпейтін (адам) – Аллаһты танымаған болады, тіпті ол Оны таныдым деп айтса да». Қз.: «Шарх ‘Ақида әт-Тахауия» Ибн Абил-‘Изз 519-524 беттер; «ән-Нур әл-Ләми’» 115-бет; «Шарх Тахауия» Ғунейми әл-Майдани 131-132 беттер.

8. Имам УалиуЛлаһ әд-Дәхләуи (1176) былай деген: «Жәһилиет кезінің көпқұдайшылдары өз мәселелерін шешу, аурулардан емделу, кедейді байыту т.с.с. нәрселер үшін жаратылыстарға жалбарынатын.  Әрі Аллаһ мұсылмандарға олар өздерінің намаздарында: «Саған ғана құлшылық етеміз және Сенен ғана көмек тілейміз» («әл-Фатиха» сүресі, 1:5), — деп айтсын деп, сондай-ақ: «Аллаһпен бірге ешкімге дұға етпеңдер» («әл-Жинн» сүресі, 72:18), — деп түсірді». Қз.: «Хужату Ллаһи әл-балиға» 1/62.  

9. Имам Шукри әл-Әлюси былай деген: “Біздің дініміз, сондай-ақ ақыл-сана мен тума сипат (фитра) бізге Аллаһ Тағала Өзінің кіршіксіз және кемел Шариғатында өлген және жоқ біреулерге дұға етіп жалбарынуды рұқсат етілген деп түсіруі мүмкін емес деп айтады. Бұл — христиандардың: «Уа, Исаның Анасы! Бізге Құдайдың алдында шапағат ет!», — немесе: «Уа, Иса! Маған пәлен нәрселерді бер», — деп айтатындарындай. Тура сол сияқты қабірге табынушылар да: «Уа, ‘Али! Уа, Хусайн! Уа, ‘Аббас! Уа, ‘Абдулқадир! Уа, ’Айдарус! Уа, Бәдауи! Уа, пәлен!», — деген әрі осылар сияқты өздеріне Аллаһқа серік қосуды және жаратылыстарды Оған теңеуді қамтитын көпқұдайшылық сөздерін айтады, Аллаһ Оған телитін нәрселерден Жоғары.   Мұндай нәрсені дін ешқашан алып келмеген. Керісінше, бұл – мәңгі Тозаққа және Аса Құдіретті, Кешірімді (Аллаһтың) ашу-ызасына жетелейтін айқын пұтқа табынушылықтың бір тармағы. Бұл туралы Ислам ғалымдары айтқан”. Қз.: «Фатх ул-Мәннан» 445, 449 беттер.  

Бұл имам Абу Ханифаның, оның шәкірттерінің, сондай-ақ ханафи мәзһабының ең ұлы имамдарының сөздері болатын.  Ендеше, осыдан кейін де Түркістанда, Бекет Атада, т.с.с. өтірік қасиеттілік телінетін жерлерде, қабір-кесенелер мен мазарларда жиындар ұйымдастыратын жалған ханафилер олардың істеп жүрген істерін «уаһабилерден» және «фундаменталисттерден» өзге ешкім сөкпейді деп айталады ма екен?! Олар өздерінің осы масқаралаушы, лас затбелгілерін осы ұлы имамдарға тағып қоюға батылы жетер ме екен?!

«Ал мүмін ерлер мен мүмін әйелдерді жазықсыз кейіткендер мойындарына жаланың және айқын күнәнің ауыр жүгін жүктеп алды» («әл-Әхзаб» сүресі, 33:58).

Сондай-ақ: «Сендер өз тілдеріңмен өтірік сөздерді таратасыңдар және ауыздарыңмен  өздерің білмеген нәрсені айтасыңдар, әрі осы істегендеріңді болмашы нәрсе ғана  деп болжайсыңдар. Алайда Аллаһтың қасында бұл – ұлы күнә» («ән-Нур» сүресі, 24:15).

3-Бөлім. Аллаһ Тағала аса Кешірімді және ерекше Рақымды

 Құрметті бауырымыз, адамдарды қайтыс болып кеткен кісілерге жалбарынуына итермелейтін негізгі себеп Аллаһ Тағала олардың істеген күнәлары үшін   тәубелерін, өкініштерін және кешірім тілеулерін қабыл етпейді деген сенімі екенін біліңіз. Олар Аллаһ Тағаланың кешіріміне және және Оның рахымына арғы дүниеде оларға шапағат етіп жатқан әулиелердің дәнекерлігі арқылы ғана қол жеткізуге болады деп ойлайды. Олардың сенімдері бойынша, егер олар Аллаһқа тікелей жалбарынса, Аллаһ Тағала оларға қарамайды және олардың дұғаларына жауап бермейді.

Бұл сенімдерді теріске шығару үшін кейбір аяттар мен хадистерді келтірудің өзі жеткілікті болады.

Аяттарға келер болсақ, онда Аллаһ Тағала былай деп айтады:

1. «Әй, өздеріне зиян қылған құлдарым! Аллаһтың рахметінен күдер үзбеңдер. Аллаһ барлық күнәларды жарылқайды. Өйткені Ол тым Жарылқаушы, аса Рақымды» («әз-Зумар» сүресі, 39:53).

2. «Әй, мүміндер, түгел Аллаһқа тәубе етіңдер! Бәлкім, құтыларсыңдар» («ән-Нур» сүресі, 24:31).

3. «Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Сонан соң Оған тәубе етіңдер» («Һуд» сүресі, 11:3).

4. «Олар Аллаһ Өзінің құлдарының тәубесін қабыл ететінін және садақаларын қабылдайтынын, Аллаһ Тәубені Қабыл Етуші және   ерекше Рақымды екенін білмейді ме?» («әт-Тәуба» сүресі, 9:104).

Құрметті бауырымыз, осы ұлы аяттар келтірілгеннен кейін де, сіз осы өтірікшілердің: «Біз Раббымыздың кешіріміне дәнекерсіз қол жеткізе алмаймыз», — деген сөздеріне сене бересіз бе?! Аллаһ оларды опат етсін! Олар нендей бет бұрған!

Өз қауымдарына жіберілген Пайғамбарлар мен елшілер осындай көпқұдайшылдардың сенімдерін қирату үшін де, оларға Аллаһтың Рақымы мен Кешірімін түсіндіретін. Пайғамбарлар мен елшілер өз қауымдарына олар осы дәнекерлерге жүгінулері арқылы соларды құдайларға айналдырып алатындарын және соларға құлшылық ететіндерін түсіндіріп берді. Пайғамбарлар адамдарға бұл дәнекерлерде ешқандай қажеттілік жоқ екенін, өйткені Аллаһ Тағала Өзінің құлдарын еститінін және оларға кешірім Қолын созатынын  түсіндіріп отырған.

Егер сіз осыған көз жеткізгіңіз келсе, онда келіңіз, бірге қарайықшы:

1. Аллаһ Тағала Нұх пайғамбар мен оның шақыруы (дағуаты) туралы не дегеніне қараңыз: Расында, Нұхты еліне: «Қауымыңды күйзелтуші азап келуден бұрын ескерт», — деп жібердік. Ол (Нұх): «Әй, қауымым! Шын мәнінде, мен сендерге ашық ескертушімін! – деді, — Аллаһқа құлшылық қылыңдар, Одан қорқыңдар және маған бағыныңдар. Ол сендердің күнәларыңды жарылқайды және белгілі бір мерзімге дейін сендерге мұрша береді (өмір сүрдіреді). Егер білсеңдер, ақиқатында, Аллаһтың белгілеген мерзімі келіп жетсе, ол әсте кейінге қалдырылмайды», — деді. Ол (Нұх) былай деді: «Раббым! Расында, мен елімді күндіз-түні шақырдым. Бірақ шақыруым олардың қашуын ғана тездетті. Расында, мен Сенің оларды жарылқауың үшін, оларды шақырған сайын, олар саусақтарын құлақтарына тығып, киімдерін бүркенген бойда, қасарысып, паңданған сайын паңданды. Сосын, рас, мен оларды қатты дауыстап шақырдым. Одан кейін мен оларға ашықша да, тіпті өздерімен оңаша сөйлесіп те айттым. Мен оларға: «Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені Ол —  өте Жарылқаушы», — дедім»” («Нух» сүресі, 71:1-10).

Бірақ оның қауымы Аллаһқа тікелей жалбарынып сұраудан бас тартты да, дәнекерлерден бас тартпады.

Нұх былай деді: «Раббым! Расында, олар маған қарсы келді. Сондай-ақ олар малдары мен балалары өздеріне зияннан басқа еш нәрсе келтірмейтін біреуге ілесті. Олар зор айлакерлік ойластырды және: «Тәңірлеріңді тастамаңдар; Уад, Суағ, Яғус, Яғүқ және Насырды әсте тастамаңдар», — деді»(«Нух» сүресі, 71: 21-23).

Енді сіз қалай деп ойлайсыз, бауырымыз, Аллаһ Тағала олардың күнәларын кешірді ме? Олардың сиынғандары оларға шапағат және көмек бере алды ма?

«Қылмыстарының салдарынан олар суға батырылды да, Отқа тасталды. Олар өздеріне Аллаһтан өзге көмекші таба алмады» («Нух» сүресі, 71: 25).

Ендеше, осыдан берік ұстаныңызшы, бауырымыз! Расында, бірқұдайшылық пен пұтқа табынушылықтың осыншалықты егжей-тегжейлі түсіндірмесін басқа жерден сирек жағдайда ғана таба аларсыз.

2. Ал мынау – Аллаһтың Һуд пайғамбардың шақыруы туралы айтқан сөздері:

Ғад қауымына туыстары Һудты жібердік: Ол: «Әй, елім! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа тәңірлерің жоқ. Сендер өте жалақорсыңдар», — деді («Һуд»  сүресі, 11:50).

Ғад елінің адамдары Аллаһқа қандай жала жапсырды?

(Һуд:) «Әй, елім! Бұл үшін сендерден сыйақы сұрамаймын, өйткені менің сыйымды Жаратушым береді. Сонда да түсінбейсіңдер ме? Әй, халқым! Раббыларыңнан кешірім тілеңдер. Сонсоң Оған тәубе етіңдер. Сендерге көктен мол жаңбыр жаудырып, қуаттарыңның үстіне қуат қосады. Сондай-ақ күнәкар болып, жалтармаңдар», — деді” («Һуд»  сүресі, 11:51-52).

Ал олар не үшін Аллаһтан бет бұрған еді және не үшін Аллаһ оларды күнәһарлар деп атады?!

Олар: «Әй, Һуд! Сен бізге ашық дәлел келтірмедің. Әрі біздер сенің сөзің үшін тәңірлерімізді тастамаймыз. Біз саған сенбейміз», — деді («Һуд»  сүресі, 11:53).

Ал тәңірлерді тастаудың мәні неде?

Олар: «Біз: «Саған кейбір тәңірлеріміздің киесі тиген екен», — деп қана айта аламыз», — деді. Ол (Һуд) былай деді: «Расында, мен сендердің Аллаһтан басқа құлшылық ететіндеріңнен аулақ екендігіме Аллаһты куә етіп шақырамын әрі сендердің де куә болуларыңды сұраймын»” («Һуд»  сүресі, 11: 54:55).

Олардың Аллаһтың орнына осы құдайларға сиынғаны неде көрініс тапқан еді?

”(Һуд:) «Маған Аллаһтан басқа бәрің мекерлік қылыңдар да, сонан кейін мұрса бермеңдер. Расында, мен менің де Раббым әрі сендердің де Раббыларың — Аллаһқа тәуекел еттім. Ол, айдарынан ұстамаған (толық меңгермеген) ешбір жәндік жоқ. Күдіксіз, Раббым тура жолда. Ал егер бет бұрсаңдар, онда мен өзім арқылы жіберілген нұсқауды сендерге жеткіздім ғой. Раббым сендердің орындарыңа басқа елді әкеледі, әрі сендер оған ешбір зиян келтіре алмайсыңдар. Шынында, Раббым — әр нәрсенің Қорғаушысы» (, — деді)» («Һуд»  сүресі, 11:55-57).

Ғад қауымына олардың дәнекерлері көмектесті ме және Аллаһ олардың шапағат етуін қабылдады ма?

«Әміріміз келген кезде, Біз Һудты және онымен бірге иман келтіргендерді мәрхаметімізбен құтқардық. Сондай-ақ оларды ауыр азаптан да босаттық. Ғад елі, міне, осындай болатын. Олар Раббыларының аяттарына қарсы келіп, Оның елшілеріне мойынсынбай, әрбір тәкаппар қырсыққа ілесті.  Бұл дүниеде де, Қиямет күнінде де олардың қырсоңынан лағынет қалмайды. Ақиқатында, Ғад елі Раббыларына иман келтірмеді! Һудтың қауымы Ғад елі жойылсын!» («Һуд»  сүресі, 11: 58-60).

3. Ал мынау Аллаһ Тағаланың Өз елшісі Салих туралы хабарлағаны:

Сәмуд еліне туыстары Салихты жібердік. Ол: «Әй, елім! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа ешбір тәңірлерің жоқ. Ол сендерді жерден жаратып оған қоныстандырды. Енді Одан жарылқау тілеңдер және Оған тәубе етіңдер. Күдіксіз, Раббым – тым Жақын, дұғаға Жауап беруші», — деді” («Һуд»  сүресі, 11: 61).

Сіз қалай деп ойлайсыз, бауырымыз: не себепті Салих пайғамбар оларға Аллаһ Тағаланың тым Жақын, дұғаға Жауап беруші екені туралы айтты?!

Ал оның халқы оған не деп жауап берді?

Олар: «Әй, Салих! Сен бұрын біздің үмітіміз болатынсың. Сен бізді аталарымыздың сиынған нәрсесіне сиынудан тыясың ба? Расында, сенің бізді шақырған нәрсеңе қатысты күмәніміз мол», — деді(«Һуд»  сүресі, 11: 62).

Олардың осы құдайларға табынуларының мәні неде еді? Және олар осы қабірлерге, әулиелер мен ізгілерге Аллаһтың алдында шапағатшы болуын сұрап табынуларын жалғастырғандары үшін,   бастарына не келіп түсті?

«Ал әміріміз келген кезде, мәрхаметімізбен Салихты және онымен бірге иман келтіргендерді құтқардық. Сондай-ақ сол күннің қорлығынан да азат еттік. Күдіксіз, Раббың — өте Күшті, аса Құдіретті. Ал залымдарды ащы бір дауыс алып, олар өз жұртында етпетінен түсіп, бұл жерде ешқашан өмір сүрмегендей типыл болды. Шынында, Сәмуд елі Раббыларына күпірлік етті. Сәмуд елі жоқ болсын!» («Һуд»  сүресі, 11: 66-68).

4. Ал мынау — Шу’айб  пайғамбардың өз халқына айтқан сөздері:

«Әй, халқым! Маған қарсы келулерің сендерге Нұх қауымының, не Һуд қауымының, немесе Салих қауымының басына түскен нәрселерін келтірмесін.  Лұт елі де сендерден ұзақ емес. Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Содан соң Оған тәубе қылыңдар. Шынында менің Раббым ерекше Рақымды, өте Сүйгіш (немесе Сүйікті («Һуд»  сүресі, 11:89-90).

Бауырымыз, сіз Шу’айбтың не себепті өз халқына  Аллаһтың ерекше Рақымды, өте Сүйгіш екенін айтқанын түсінген боларсыз?

Ал оның халқы оған не деп жауап берді?

Олар: «Әй, Шуайб! Сенің айтқан нәрселеріңнің көбі бізге түсініксіз. Әрі сені ішіміздегі әлсіз деп көреміз. Егер ағайының болмаса еді, әлбетте сені таспен атып өлтірер едік. Сондай-ақ сен бізге түк  қадірлі емессің», — деді” («Һуд»  сүресі, 11: 91).

Сонда Шу’айб оларға былай деді:

Ол: «Әй, халқым! Сендерге ағайыным Аллаһтан қадірлі ме? Аллаһты мүлде арқаларыңа тастадыңдар. Ал Раббым не істегендеріңді толық білуші», — деді («Һуд»  сүресі, 11: 92).

Ал олардың Аллаһты арқаларына тастауы не нәрседе көрініс тапқан еді?!

Мәдиян еліне олардың дәнекерлері көмектесті ме?

«Әміріміз келген кезде Шұғайыпты және онымен бірге иман келтіргендерді мәрхаметімізбен құтқардық. Ал залымдарды бір ащы дауыс қолға алды да, үйлерінде етбеттеген бойда жоққа айналды; тіпті ол жерде отырмағандай. Ақиқатында, Сәмуд елі жоқ болғандай, Мәдиян елі де жоқ болсын!»  («Һуд»  сүресі, 11: 94-95).

5. Ал енді, қадірменді біздің бауырымыз,  Ибраһим пайғамбардың қандай шақырумен келгеніне назар бұрыңыз:

(Мухаммад,) Кітаптағы Ибраһимді есіңе ал. Негізінде ол турашыл пайғамбар еді. Сол уақытта әкесіне: «Әй, әкетайым! Естімейтін, көрмейтін, сондай-ақ өзіңе бір пайдасы жоқ нәрсеге неге сиынасың? – деді, – Әй, әкетайым! Расында, маған саған ашылмаған білім ашылды. Сондықтан маған ілес. Сені тура жолға салайын. Әй, әкетайым! Шайтанға табынба! Өйткені, шайтан, Рақымды (Аллаһқа) қарсы болған. Әй, әкетайым! Сені Рақымды (Аллаһ) жағынан азап қолға алып, шайтанға дос болып қалуыңнан қорқамын»” («Мәриям» сүресі, 19: 41-45).

Егер байқаған болсаңыз, Ибраһим өзінің үгіттеуінде Аллаһтың Рақымды деген Есімін ерекше атап айтады!

Сондай-ақ жоғарыда айтылған аяттан сіз шайтанға құлшылық етудің мәні не екенін де түсіндіңіз.

Сондықтан да сіз енді Аллаһ Тағаланың мына Сөздерін де түсінесіз: “Әй, адам баласы! Сендерге: «Шайтанға табынбаңдар. Әрине ол, өздеріңе ашық дүшпан», — деп серт бермедім бе? Маған құлшылық қылыңдар. Тура жол осы! Расында, ол сендерден көптеген топты адастырды. Сонда да түсінбейсіңдер ме?(«Я-Син» сүресі, 36:60-62).

Енді Сіз Аллаһ Тағала не үшін Құранның тұтас бір сүресін әр-Рахман («Аса Мейірімді») деп атағанына таң қалмайсыз.

6. Ал енді Ибраһим пайғамбар өзінің халқына не деп айтқанын тыңдаңыз:

Күдіксіз Ибраһим де оның (Нұхтың) жолын ұстанушылардан еді. Міне, сол кезде Ибраһим Раббысына ынталы жүрекпен келген еді. Ол өз әкесіне де, еліне де: «Нелерге табынасыңдар? — деді. Аллаһтан өзге тәңірлерді қалап, өтірік айтасыңдар ма? Әлемдердің Раббысына байланысты не ойлайсыңдар?» («әс-Саффат» сүресі, 37:83-87).

Олар нені өтірік айтты және Раббылары туралы қандай ойда еді?!

«Сендердің өз Раббыларың туралы жасаған ой-жорамалдарың сендерді опат етті әрі сендер зиян шегушілерден болдыңдар» («Фуссыләт» сүресі, 41:23).

Біз Кұранның көркем хикаяларынан кейбір үзінділерді ғана келтірдік. Ал қалғандарына келер болсақ, олар да осындай.

«Бұл – қоныстар туралы хикаялардың кейбіреуі. Саған оны баян етеміз. Олардың кейі тұр, кейі орылып жоғалған. Біз оларға зұлымдық қылмадық. Олар өздеріне зұлымдық етті. Раббыңның әмірі келген сәтте, олардың Аллаһтан өзге жалбарынғандары өздеріне ешбір пайда келтірмеді. Сондай-ақ зияндарын арттырғаннан басқа түкке тұрмады. Раббың қолға алғанда, кенттердің залым халқын өстіп алады; күдіксіз, Оның соққысы қатты күйзелтеді. Күдіксіз, осыда Ақырет азабынан қорыққан кісілерге, әрине, дәлел бар. Қиямет; адамдардың жиналатын күні. Сондай-ақ ол әзір болатын бір күн» («Һуд»  сүресі, 11: 100-103).

Енді, бауырымыз, сіз Түркістанда, Бекет Атада, т.с.с. қабір-кесене-мазарларда және жалған киелі жерлерде пұтқа табынушылық рәсімдерін жандандыру қандай опат етуші жол екенін түсіндіңіз бе?!

Ал енді Мухаммад  пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) не деп айтқанын тыңдаңыз:

1. Әнас ибн Мәлик Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Ақиқатында, Аллаһ Өзінің құлының тәубе етіп, Оған тәубесімен жалбарынғанына сендерден біреуің шөл далада түйесімен келе жатып, түйесі қолынан шығып кетіп, оның (бүкіл) ішіп-жейтін тамағы және сусынымен (қашып) кеткен болып, ол оны табуға үмітін үзіп, бір талдың астына келіп жатып, осындай күйде болған кезінде күтпеген жерден түйесі алдына келіп тұрғанын көріп, өзін билеп алған қатты қуаныштан қателесіп: «Уа, Аллаһ – Сен менің құлымсың, ал мен – Сенің Раббыңмын», — деп айтқан кезіндегі қуанышынан да артық қуанады» адис сенімді (сахих); Муслим 2747).

2. Абу Муса әл-Әш’ари Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндайтын: «Ақиқатында, Аллаһ Тағала күндіз күнә жасағанның тәубесін қабыл ету үшін, түнде Өзінің Қолын созады, әрі Ол түнде күнә жасағанның тәубесін қабыл ету үшін күндіз Өзінің Қолын созады. Әрі күн батыстан шықпайынша осылай жалғаса береді» адис сенімді (сахих); Муслим 2759).

3. Жәбир ибн Суләйм былай деп баяндайтын: “Мен Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сіз Аллаһтан келген Елшісіз бе?», — дедім. Ол маған: «Мен — егер басыңа қайғы-қасірет түссе және сен Оған дұға етіп жалбарынсаң, осы қайғы-қасіретті сенен аударып жіберетін, ал егер сен қуаңшылық орын алған жылға жолықсаң және Оған жалбарынсаң, жағдайды түзейтін Аллаһтың Елшісімін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)», — деді” (хадис сенімді (сахих); Абу Дауд 4/344; Тирмизи 5/72; Қз.: «әл-Мишкат» 1/599).

4. Абу Хурайра Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Аллаһ Одан сұрамайтынға (тілемейтінге) ызаланады» адис жақсы (хасан); Тирмизи 5/456; Бухари «Адаб ул-Муфрадта» 224 т.б., Қз.: «әс-Сахиха» 2654).

5. Сәлман әл-Фариси Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Ақиқатында, сендердің (Игі және Жоғары) Раббыларың  — Ұялшақ, Жомарт. Ол құлы екі қолын көтеріп, дұға еткен кезінде оларды бос қайтаруға ұялады» (хадис жақсы (хасан); Абу Дауд 2/156; Ибн Хиббан 3/ 160).

4-Бөлім. Өлген адамдар өз қабірлерінде естімейді 

«Өлген адамдар өз қабірлерінде естиді» деген сенімдерді қирату өте маңызды болып табылады, өйткені дәл осы идеология адамдарды қабірлерге барып, өлген адамдардан шапағат тілеуге итермелейді. Сондықтан да егер адамға ол өлген кісілерге (әруақтарға) қанша жалбарынса да, олар оны естімейтіні түсінікті болса,   онда ол үшін өлілерге Аллаһпен қатар дұға етудің ешқандай мәні қалмайды.

1. Қабірге табынушылардың өлген адамдар өз қабірлерінде естиді деген сенімдері.

Қабірге әруақтарға табынушы сопылар (қубурилер) өлген адамдар тірі адамдардың сөйлегендерін және оларға дұға ететіндердің жалбарынуларын естиді деген сенімдерге ие.

Олар әулиелердің естуі, көруі және білімі тірі кездеріне  қарағанда қайтыс болған соң едәуір арта түседі деп санайды. Олардың пайымы бойынша, әулиенің жасырын қабілеттері ол тірі кезінде, қынабына салынған қылыш секілді, оның денесінде тұтқында болады, бірақ әулие қайтыс болғаннан кейін оның әруағы осы тар кісендерден шығады да, оның мүмкіндіктері еселеп-еселеп арта түседі.

Олар өлген адамдар олардың қабірлерін зиярат етушілердің сөздерін естиді деп есептейді.

Олар қайтыс болған адамдар Құранның оқылғанын ол қай жерде оқылса да естиді  және олар тірі адамдардың сәлем бергендерін де естиді дегенге сенеді.

Мұның үстіне олар әулиелер өз қабірлеріне өліп жатыр деп есептемейді. Олар әулиелерді жер бетін басып жүрген адамдар сияқты тірі деп санайды.

Осындай сенімдерге негізделіп, олар: «Егер әулиелердің естуі расталған болса, онда оларға жалбарынуға және дұға етуге не кедергі болмақ?!», — деп айтады. Дәл осы нәтижеге қол жеткізу үшін олар өлілер естиді дегенді дәлелдеуге бар күш-жігерін салады. Қубурия сопылары бұл мәселеге қатысты алғашқы кітаптардың бірі «Шифа ус-Сикамды» жазған Такиуддин әс-Субукиге (756 һ/ж) ілесіп, бұл туралы көптеген-көптеген кітаптар жазған[1].

  1. 1.      Өлген адамдар өз қабірлерінде естімейтіндеріне дәлелдер мен олардың түсіндірмелері

Біліңіз, бауырымыз, өлген адамдар қабірлерінде естімейтініне дәлелдер бұлтартпас, айқын және сахих (сенімді) болып табылады. Дәл сондықтан да мәзһабтардың атақты ғалымдарынан дерлік ешкім бұған қарсы шықпаған. Осы жерде біз бұл дәлелдердің кейбіреулерін оларға жасалған түсіндірмелерімен бірге келтіреміз.

1-дәлел:

Аллаһ Тағала: «Еститіндер ғана жауап береді. Ал өлгендерді Аллаһ тірілтеді, содан соң олар Оған қайтарылады» («әл-Әнғам» сүресі, 6:36).

Осы аяттан көрініп тұрғанындай, Аллаһ Тағала адамдардың екі санатын атап көрсетті:

1. Еститіндер;

2. Өлілер.

Әрі егер өлілер еститіндерден болғанда, бұл жіктеу дұрыс болмайтын еді.

2-дәлел:

Аллаһ Тағала былай деген: «Шынында, өлілерге естірте алмайсың. Әрі бұрылып қашқан саңырауларға да дауыс естірте алмайсың» («ән-Нәмл» сүресі, 27:80).

Құранның барлық тәпсіршілері бұл аятта өлілер мен саңыраулар дегенде тірі кәпірлер аталып тұрғандығына келіскен. Аллаһ Тағала оларды саңыраулар мен өлілерге теңеді, өйткені олар өлілер мен саңыраулар сияқты, бірқұдайшылыққа деген шақыруға жауап бермейді. Өйткені егер өліге және саңырауға сөйлеп, оны әлдебір нәрселерге шақырсаңыз, ол сізге жауап бермейді, өйткені сізді естімейді және түсінбейді. Сондықтан да аяттардың бірінде Аллаһ Тағала былай деген: «Расында, кәпірлерді үгіттесең де, үгіттемесең де – оларға бәрі бір. Олар иман келтірмейді. Аллаһ олардың жүректерін, құлақтарын бітеген, әрі көздерінде перде бар. Сондай-ақ олар үшін зор қинау бар» («әл-Бақара» сүресі, 2:6-7).

Осыдан шыға келе, қабірге табынушы сопылар келтірілген дәлелге бұл аятта  өлілер мен саңыраулар дегенде қабірлердегі қайтыс болған әулиелер емес, өздерінің шақыруды ұқпайтындықтарында өлілер мен саңырауларға ұқсайтын кәпірлер меңзеледі деп жауап берген.

Олардың бұл сөздеріне жауап келесідей болмақ:

1. Аят жалпы мағынаға ие әрі оны тікелей мағынада түсінуге еш нәрсе кедергі жасамайды;

2. Егер біз бұл аятта Аллаһ Тағала өлілер мен саңырауларға теңестірген кәпірлер меңзелген десек, онда бұл біздің мәселемізде бұрынғыдан да күштірек дәлел болмақ. Егер біз: «Ахмад өзінің батылдығында арыстан секілді», — деп айтсақ, онда осы теңестіруден нені түсінеміз? Біз бұдан арыстанның Ахмадтан батылырақ екенін түсінеміз, әйтпесе Ахмадты онымен салыстырудың мәні болмас еді.  Тура сол сияқты, егер біз: «Кәпірлер өлілер секілді айтқан сөзді түсінбейді және естімейді», — десек, онда бұл теңестіруден нені түсінеміз? Біз бұдан екі нәрсені түсінеміз:

1. Өлілер өздерінің естуге және түсінуге деген қабілетсіздіктерінде  кәпірлерден асып түседі, ал егер өлілер ести алатын болғанда онда кәпірлерді олармен теңеудің мәні болмайтын еді.

2. Осы теңеуден біз өлілердің естуге деген қабілетсіздігі адамдарда дәлелдеуді қажет етпейтін бұлжымас қағида (аксиома) болып табылатынын түсінеміз, өйткені егер Құран түсірілген адамдар өлілер естімейтініне сенімді болмағанда, онда оларға бұл теңестіруді келтірудің қажеті болмас еді.

Сондықтан да ханафи мәзһабының имамдарының бірі – имам әл-Жәнжухи (1323 һ/ж) осы аятқа түсіндірме жасап былай деген екен: «Бұл жерде Аллаһ Тағала кәпірлерді олардың ести алмайтындықтарында өлілермен теңестірді. Осыдан біз өлілердің естімейтіндерін түсінеміз, әйтпесе теңеу дұрыс болмас еді». Қз.: «әл-Каукаб әд-Дуррий» 319-бет.

Сондай-ақ бұл аятта өлілер мен саңыраулардың арасын ажырататын астарлы шекара өткізілген. Ол шекара мына нәрседе көрініс табады: Аллаһ Тағала өлілерді сөз еткен кезде, осыған еш нәрсені қоспады, ал саңыраулар туралы айтқан кезде: «Әрі бұрылып қашқан саңырауларға да дауыс естірте алмайсың», — деді.  Не себепті Аллаһ Тағала саңыраулар бұрылып қашқан жағдайда ғана, яғни алысқа кетіп үлгергенде шақыруды ести алмайтындықтарын айтты? Саңырау адам алыста, не жақында болуына қарамастан бәрібір естімейді емес пе? Мұның себебі – егер саңырау оған сөйлеген кезде жақын тұрған болса, ол шақырудың мәнін қолдың қимылынан және беттің ымынан (мимикасынан) түсіне алады, ал алысқа кетсе, онда бұл қимылдар мен ымды көре алмай қалады. Осыдан шыға келе, өлі адам өзінің естуге және түсінуге деген қабілетсіздігінде саңыраудан асып түсетіні түсінікті болады, өйткені өлі адам саңыраудан айрықша естімейді де, көрмейді де. Бұл астарлы шекараны ханафи имамдарының бірі – имам ән-Нәсафи (710 һ/ж) өзінің «әл-Мадарик» кітабында нақтылап түсіндіріп берген. Қз.: «әл-Мадарик» 3/20.

3-дәлел:

Аллаһ былай деді: «Тірілер мен өлілер тең емес. Рас, Аллаһ кімді қаласа, естіртеді. (Мухаммад) сен қабірлердегі біреулерге естірте алмайсың» («Фатыр» сүресі, 35:22).

Осы аятқа түсіндірме жасап, ханафи мәзһабының имамы – имам әт-Тафтазани (792 һ/ж) былай деген: «Бұл аятта Аллаһ Тағала кәпірлерді өлілерге теңеді. Әрі өлі естімейтінінде ешқандай келіспеушілік жоқ». Қз.: «Шарх ул-Макасид» 5/116.  

Бұл ханафи имамының сөздері бізді таң қаларлық қорытындыға алып келеді. Өлілер естімейтіндеріне ешқандай келіспеушіліктер болмаса да, өздерін ханафи мәзһабына жатқызатын қабірлерге (әруақтарға) табынушы сопылар, бар күш-жігерімен өлілер естиді, тіпті тірілерден де жақсырақ естиді, сондықтан да Аллаһқа жалбарынғаннан гөрі оларға жалбарынған пайдалырақ деген жалған пікірді қорғап қалғысы келеді.

4-дәлел:

Аллаһ былай деді: «Ол Аллаһ түнді күндізге кигізіп, күндізді де түнге кигізеді. Сондай-ақ ай мен күнді игерді. Бәрі де белгілі бір мерзімге дейін жүріп тұрады. Біртұтас осылар Раббыларың Аллаһтікі. Иелік Соған тән. Одан өзге табынғандарың бір ұрық қабығына да ие емес. Егер оларға жалбарынсаңдар, дауыстарыңды естімейді. Бірақ егер естігенде де, сендерге жауап қайтара алмайтын еді. Сондай-ақ Қиямет күні олар сендердің серік қосқандарыңды тәрк етеді. Бүкіл нәрседен толық Хабардар Аллаһтай саған ешкім түсіндірмейді» («Фатыр» сүресі, 35:13-14).

Сопылар осы дәлелге: «Бұл аятта жәһилиет кезіндегі көпқұдайшылдар (мүшріктер) жалбарынып, дұға ететін тастар, пұттар және мүсіндер туралы сөз болуда», — деп жауап береді. Алайда бұған жауап келесідей болады: «(Одан өзге) табынғандарың» «ин тад`уһум» деген сөздер олардың ақыл-сана иелеріне табынғандарына нұсқайды, өйткені егер аятта сөз тастар мен пұттар туралы болғанда, онда Аллаһ Тағала: «Одан өзге табынған заттарың» «ин тад`уһа», — деп айтар еді. Сондай-ақ «Олар сендердің серік қосқандарыңды тәрк етеді» деген сөлемше көпқұдайшылдар дұға етіп жалбарынған пайғамбарлар, періштелер, әулиелер, Қиямет күні қайта тірілген соң және осы пұтқа табынушылар Аллаһтан басқа  оларға табынғандарын білгеннен кейін олардың жасаған құлшылықтарын тәрк етеді дегенді білдіреді. Ал тастар мен пұт-мүсіндерге келер болсақ, бұл шариғи мәтіндерден белгілі болғандай, олар Қиямет Күні қайта тірілтілмейді, себебі олар «өмір» және «өлім» деген сипаттармен сипатталмайды.

Сондықтан да осыған ұқсас аяттарда Аллаһ Тағала былай деген: Ол күні Аллаһ оларды тұтас жинайды. Сосын періштелерге: «Осылар сендерге табынушы ма еді?», — деп сұрайды. (Періштелер): «Сен Пәксің! Біздің иеміз олар емес, Сенсің. Олар жындарға табынатын еді. Олардың көбі соларға сенетін», — дейді” («Саба» сүресі, 34:40-41).

Сондай-ақ Ол былай деген: “(Сол уақытта) Аллаһ: «Әй, Мәриям ұлы `Иса! Адамдарға: «Мені әрі анамды Аллаһпен бірге екі тәңір етіп алыңдар», — деп айттың ба?», — дейді. (`Иса): «Уа, Аллаһ! Сен Пәксің. Мен құқықты болмаған нәрсені қалай айтамын. Егер мен осындайды айтқанымда, Сен оны анық білер едің. Сондай-ақ Сен менің ішімдегіні білесің, ал мен Сенікін білмеймін. Сен шынайы түрде көместерді толык Білушісің», — дейді(«әл-Мәида» сүресі, 5:116).

Ол тағы да былай деп айтқан: Сол күні Ол оларды және Аллаһтан өзге табынғандарын жинайды. Сонда олардан: «Осы құлдарымды сендер адастырдыңдар ма? Немесе жолдан өздері адасты ма?», — деп сұрайды. Олар: «Сен Пәксің. Бізге Сенен өзгені ие және көмекші қылуымыз лайық емес. Бірақ Сен оларға да, аталарына да игіліктерден пайдалануға рұқсат бердің,  сөйтіп Сені еске алуды ұмытты да, жоғалуға лайық бір ел болды», — деді. Рас, олар айтқандарыңды жасынға айналдырды. Сонда оны қайтара да алмайсыңдар, бір көмек те таба алмайсыңдар. Сендерден кім зұлымдық жасаса, соған ұлы азап таттырамыз” («әл-Фурқан» сүресі, 25:17-19).

Сондай-ақ біз келтірген аятта егер осы қайтыс болып кеткен әулиелер адамдардың сөйлегендерін және олардың жалбарынғандарын тіпті ести алатын болғанда да, бұл жалбарынуларға жауап бере алмас еді. Өйткені ести алу қабілетінің болуы, жауап бере алуды білдірмейді.

Сондықтан да ханафи мәзһабының имамы әл-Әлюси былай деген: “«Бірақ егер естігенде де», яғни егер мұндайды елестетсек те, «сендерге жауап қайтара алмайтын еді», өйткені өлгендерге сөйлеу қабілеті берілмеген, ал есту қабілетінің болуы жауап бере алуды білдірмейді”  Қз.: «Рух ул-Мә’ани» 22/182.

5-дәлел:

Аллаһ былай деді: «Аллаһтан өзге Қияметке дейін өздеріне жауап бере алмайтындарға дұға етіп жалбарынғандардан (табынғандардан) кім залымырақ? Әрине, табынғандары олардың жалбарынуларынан хабарсыз. Адамдар жиналған кезде, оларға табынғандары дұшпан болып, олардың өздеріне құлшылық қылғандықтарына қарсы шығады» («әл-Ахқаф» сүресі, 46: 5-6).

6-дәлел:

Аллаһ былай деді: Немесе сондай қабырғалары төбесіне құлаған бір кенттен өткенді көрмедің бе? Ол: «Аллаһ бұны өлгеннен кейін қалай тірілтеді екен?», — деді. Аллаһ оны жүз жыл өлтіріп, сонсоң тірілтіп: «Қанша жаттың?», — деді. Ол: «Бір күн немесе күннің бір бөлігін жаттым», — деді. (Аллаһ): «Олай емес, жүз жыл өліп жаттың, енді тамағыңа, сусыныңа бір қара! Өзгермеген. Ал енді есегіңе қара! Сені міндетті түрде адамдар үшін бір белгі етеміз. Ал енді сүйектерге қара! Біз оны қалайша жинап, сонан соң оған ет кидіретінімізге қара», — деді. Бұл жағдайлар оған ашықша білінгенде: «Сөзсіз, Аллаһтың әр нәрсеге күші жететінін білемін», — деді” («әл-Бақара» сүресі, 2:259).

Ханафи мәзһабының имамы әл-Финжифири былай деген: «Бұл `Узайр пайғамбар болатын[2].  Ол Аллаһ Тағаланың өлілерді қалай тірілтетінін өз көзімен көруі үшін, Аллаһ Тағала оны өлтірді. Ол жер бетінде жерленбеген күйінде жүз жыл жатты. Кейін Аллаһ оны тірілтті де: «Сен осы күйде қанша уақыт болдың?», — деп сұрады. Бұған ‘Узайр күмәнданған күйде: «Бір күн немесе оның бір бөлігі», — деп жорамалдады. Әрі ол осы күйінде жүз жыл жатқанын білмеген еді. Бұл осы ұлы пайғамбар түн мен күннің ауысқанын да, ұрпақтардың қалай ауысқанын да сезбегеніне нұсқайды… Сондықтан да бұл уақиға өлілердің естімейтініне дәлел болады, бұған қоса ол жердің бетінде жатты және жерленбеген болатын.  Сондай-ақ бұл оқиға пайғамбарлар қайтыс болған соң, олардың рухтары олардың денесінде қалмайтынына және олардың өлімі – бұл шынайы өлім, ал олардың қабірлеріндегі өмірі – бұл кәдімгі тәндік (сипаттағы) емес, арғы дүниелік өмір екеніне дәлел болып табылады». Қз.: «Жәуахир ул-Қур`ан» 1/127.

Осы оқиғадан біз қайтыс болған пайғамбарлар еш нәрсені естімейтінін және бұл дүниеде не болып жатқандығы туралы білмейтінін түсінеміз. Егер пайғамбарларға қатысты осылай болса, онда мәртебесі олардан сан алуан есе төмен «әулиелер» туралы не айтуға болады. Ал егер біреу-міреу: «Бәрібір әулиелер осы қабілеттерінде пайғамбарлардан ерекшеленеді, әрі қалай болғанда да естиді, көреді және біледі!» — деп тұжырымдаса, онда Аллаһтың келесі Сөздерін оқысын:

7-дәлел:

Аллаһ былай деді: “Сонда олардың құлақтарына үңгірде неше жыл бойы перде қойдық… Осылайша оларды, өзара бір-бірінен сұрасулары үшін ояттық. Олардың бірі: «Қанша жатып қалдыңдар?», — деді. Олар: «Біз бір күн немесе күннің бір бөлігін болдық», — деді. «Қанша жатып, тұрғандарыңды Раббыларың жақсы біледі. Мына ақшаларыңмен біреуіңді қалаға жіберіңдер. Сонда тамақтың қайсысы жақсы екенін көріп, сендеге одан көрек келтірсін. Бірақ сақтық істеп, сендерді ешбіреуге сездірмесін», — десті... Олар үңгірлерінде үш жүз жыл және тоғыз (жыл) жатты. «Олардың қанша жатқанын Аллаһ жақсырақ біледі. Көктер мен жердегі көместі білу Оған тән. Ол нендей толық көріп, естиді. Оларға Аллаһтан өзге бір көмекші жоқ. Ол Өз үкіміне ешкімді ортақ қылмайды», — де («әл-Кәһф» сүресі, 18:11, 19, 25-26).

Бұл аяттар өлілердің естімейтіндеріне дәлел болады. Өйткені бұл жігіттер өлмеген болатын, олар терең ұйқыда еді, ал енді өлгендер туралы не айтуға болмақ?!

8-дәлел:

Абу Тәлха Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Бәдр шайқасы күні құрайштықтардың 24 жетекшілерінің мәйіттерін Бәдр ор-құдықтарының біріне тастауды бұйырғанын баяндаған. Әдетте, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір шайқасты жеңетін болса, ол шайқас орын алған жерде үш күн қалатын. Бірақ Бәдр шайқасынан кейін  ол үшінші күні қайтуға аттанды. Ол өзінің мініс жануарын дайындауды бұйырды, содан соң оған мініп, жолға түсті, әрі сахабалары ізінен ілесті. Олар бір-біріне: «Бір маңызды нәрсе болған сияқты», — деп жатты. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әлгі ордың жанынан өтіп бара жатқанда, оның іргесіне тұрып, өлген құрайштықтарды бірме-бір өздерінің және әкелерінің аттарымен атап, оларға сөйлей бастады: «Әй, пәленнің ұлы пәлен! Әй, пәленнің ұлы пәлен! Сендер дәл қазір осы дүниеге қайта оралып, Аллаһқа және Оның Елшісіне мойынсұнғыларың келе ме? Ақиқатында, біз Раббымыздың бізге  ақиқат деп уәде еткен нәрсесін таптық. Ал сендер Раббыларыңның сендер үшін ақиқат деп уәде еткен нәрсесін таптыңдар ма?» Сонда ‘Умар Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Я, Аллаһтың Елшісі! Сіз қалайша жансыз денелерге сөйлеп тұрсыз?», — деді. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Мухаммадтың жаны Қолында болғанмен ант етемін, сендер менің айтып тұрған нәрселерімді олардан жақсы естіп тұрған жоқсыңдар», — деп айтты.

 Қатада былай деген: «Аллаһ Тағала оларды олар оның сөздерін естіп, одан сайын қорлануы, масқара болуы, кектің (алынғанын білуі) және өкінуі үшін, тірілтті» (хадис сенімді (сахих); Бухари 4/1461).

Риуаяттардың бірінде: «Қазір олар мен айтып жатқан нәрселерді естіп жатыр», — деп айтылған (риуаят сенімді (сахих); Бухари 7/242).

Басқа бір риуаятта: «Уа, Аллаһтың елшісі! Олар сізді қалай естиді? Әрі олар сізге қалай жауап береді, олар шіріп кетті ғой?», — деп айтылады (риуаят сенімді (сахих); Муслим 4/2203).

Осы хадисті өлілер естиді дегенге дәлел ретінде келтіретін қубурия сопыларының логикасы таң қалдырады, өйткені бұл хадис өлілердің естімейтініне айқын дәлел болып табылады. Мұның түсіндірмесі келесідей:

1. Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Қазір олар менің айтқан нәрселерімді естіп жатыр» деген сөздері олар оны дәл сол сәтте ғана естігеніне нұсқайды, әйтпесе бұл құбылысты «қазір» деген сөзбен толықтыра сипаттаудың мәні болмас еді;

2. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ‘Умардың таң қалуына келіспеушілік білдірмеді әрі оған: «Сен сонда өлілердің тірілер секілді еститіндерін білмейтін бе едің?», — деп айтпады. Керісінше, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ‘Умарға, оның таң қалуы орынды екенін, бірақ бұл нәрсе мұғжизалар саласынан екенін ұқтырды;

3. Бұл хадисте сахабалардың мығым сенімі олардың өлілер естімейтінін білгенінде еді дегенге дәлел бар, демек, ешкім бұл хадисті өлілер естиді дегенге дәлел ретінде келтіре алмайды;

4. Қатаданың сөздері Аллаһ Тағала оларды тірілткеніне, әрі сол мезетте олар өлі болмағанына нұсқайды, демек, ешкім бұл хадисті өлілер естиді дегенге дәлел ретінде келтіре алмайды;

5. Негіз – өлілердің ешқашан және ешкімді естімейтінінде. Бірақ бұл оқиға Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұғжизаларының бірі болатын, әрі оның мәні Аллаһ Тағаланың сол мезетте оларды тірілтуінде еді. Дәл сондықтан да  Хатыб әт-Тибризи бұл хадисті өзінің «әл-Мишкат» (№ 5983) кітабында «Муғжизалар туралы» тарауында келтірген;

6. Кәпірлерге олар қырылған соң сөйлеу — пайғамбарлар (оларға Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы кәпірлердің өкініштері мен масқара болуын одан сайын арттыру үшін пайдаланатын ежелден жалғасып келе жатқан салт.

Аллаһ Салих пайғамбар және оның қауымының қырылуы жайында былай деді: Сонда оларды бір сілкініс қолға алды да, үйлерінде етпеттеген бойларында қалды. Сонда Салих олардан жүз бұрып: «Әй, елім! Расында, мен сендерге Раббымның жолдауын жеткіздім әрі сендерге ықыласты түрде жақсылық қаладым. Бірақ сендер өздеріңе жақсылық тілеушілерді жақсы көрмейсіңдер», — деді” («әл-Әғраф» сүресі, 7:78-79).

Сондай-ақ Шуғайып туралы да: Сонда оларды бір сілкіңіс қолға алып, жұрттарында етпеттеген бойларында қалды. Шұғайыпты жасынға шығарғандар тіпті ол жерде ешқашан болмағандай (жоқ) болды. Сондай-ақ Шұғайыпты жасынға шығарғандар зиян тартты. Сонда ол олардан бет бұрып: «Әй, елім! Расында, мен сендерге Раббымның нұсқауларын жеткізідім әрі сендерге ықыласты түрде жақсылық қаладым. Ал енді кәпір болған бір елге қалайша қайғырамын?», — деді(«әл-Әғраф» сүресі, 7:91-93).

Сонымен, осы бөлімде біз өлілер өз қабірлерінде естімейді дегенге дәлелдер келтірдік, сондай-ақ оқырмандарымыз іс белгілі бір мүдделерге қатысты болғанда біздің әулиелерден тілеуге шақыратын сопылар мен қабір-кесене-мазарларға сапарлар ұйымдастырушы «жетекшілеріміз» өздерінің қай мәзһабқа жататындарын мүлде ұмытып кететінін түсінулері үшін, әрбір аят пен хадиске дерлік ханафи мәзһабы ғалымдарының сөздерін қоса келтірдік. Сондай-ақ оқырмандарымыз «уаһһабилікпен күресу» ұраны – бұл кез-келген ыңғайлы жағдайда бүркене салатын кезекті қалқа ғана екенін түсінулері үшін де.

Ал  барлық мақтау әлемдердің Раббысы – Аллаһқа тән.

3. Қарсылас тараптың күмәндары және оларға жауап

Өздерінің ұстанымдарын бекіту үшін түрлі сопы тариқаттарының өкілдері жоғарыда келтірілген айқын және бірмағыналы аяттар мен хадистерге көздерін жұмып, өздерінің айтулары бойынша «күшті» дәлелдерін келтіруге талпынады. Ендеше, құрметті бауырымыз, айқын, бірмағыналы шариғи мәтіндерге көз жұма қарап және оларды көрмей, шариғаттың мәтіндерінен өздерінің жалған сөздерінің дұрыс екендігіне алыстан нұсқайтын бір нәрсе болса да ақтару — бұл барлық заманның бидғатшыларының жолы екенін біліңіз. Ендеше, олардың күмәндарын қарап шығайық.

1-күмән:

Әнас ибн Мәлик Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Ақиқатында, Аллаһтың құлы қабіріне қойылып, одан достары кетіп бара жатып, ол олардың аяқ киімдерінің дүрсілін естіген кезінде, оған екі періште келеді…» (хадис сенімді (сахих); Бухари 1/462-463; Муслим 4/2200-2201).

Олардың қорытындысы: Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жерленген адам кетіп бара жатқан адамдардың аяқ киімдерінің дүрсілін еститінін хабарлады, демек, өлілер естиді.

Жауап:

1. Тура осы жайт имам Ахмад пен Абу Дауд Бара ибн ‘Азибтен келтіретін хадисте түсіндіріледі. Бұл хадисте «… Әрі сол кезде оның денесіне рухы қайта оралады да, оған екі періште келеді….»  деген өте маңызды үзінді келеді. Осы үзіндіден жерленген адамның тәніне жаны қайта оралатыны және енді ол өлілердің қатарына жатпайтыны түсініледі, әрі оның жаны ол осы періштелердің сұрақтарына жауап беріп болмайынша тәнінде болады. Сондықтан да бұл хадис өлілер естиді дегенге ешқандай дәлел болмайды, керісінше, сұрақтарға жауап беру үшін оған жаны қайта оралатынын атап айту «егер оның жаны тәніне қайтарылмағанда ол періштелердің сұрақтарын ести алмайтын еді және оларға жауап бере алмайтын еді» дегенді білдіреді.

2. Ханафи ғалымдарының бірі ‘Абдуссаләм әр-Рустами бұл хадиске келесідей етіп жауап берген екен: «Бұл хадисте жерленген адам тек аяқ киімдердің дүрсілін еститініне ғана нұсқау бар. Бұл хадисте ол адамдардың оған қарап сөйлеулерін немесе олардың осы сөйлеген сөздерін түсінетініне нұсқау жоқ. Бұл шатырдың астында болып шатырдың үстімен жүріп бара жатқан біреудің аяқ киімінің дүрсілін еститін, бірақ оның сөздерін естімейтін және түсінбейтін адамның мысалындай». Қз.: «әт-Тибьян» 140-бет.

3. Сондай-ақ бұл көпшілігі ашарилер мен матурудилер болып табылатын қабірге табынушы сопылардың осы хадисті дәлелге келтіретіні таң қалдырады. Өйткені олардың сенімдері бойынша мутауатир дәрежесіне жетпеген хадистер идеологиялық мәселелерде дәлел бола алмайды, бұл осы хадистің сыртқы қорытындысының Құранның көптеген аяттарына қайшы келетінін айтпағанның өзінде. Ендеше, оларды осы хадиске жармасып алуға және өздерінің негіздерін ұмытуға не итермеледі екен?

Қалай болғанда да бұл хадис Құранға қайшы келмейді әрі онда өлілердің еститініне дәлел жоқ.

Ал барлық мақтау тек жалғыз Аллаһқа тән.

2-күмән:

Абу Хурайра Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ухуд шайқасынан қайтып келе жатқан кезінде Мус’аб ибн ‘Умайрдың және басқа да сахабалардың қабірінің басына келіп: «Мен олардың Аллаһтың құзырында тірі екендігіне куәлік етемін. Ендеше, оларды зиярат етіңдер және оларға сәлем беріңдер. Жаным Қолында болғанмен ант етемін, кім оларға сәлем берсе, олар оған Қиямет күніне дейін жауап қайтарады!», — деп айтты (қабылданбайтын хадис; әл-Байһақи; әл-Хаким).

Бұл хадис, бұл туралы имам әз-Зәһаби, Ибн Ражаб т.б. айтқандай, сенімсіз (сахих емес). Мұның үстіне имам әз-Зәһаби оны тіпті өтірік деген, әйтсе де бұл хадистің әлсіздігі мұндай деңгейге жетпейді. Қз.: «әд-Да’ифа» 5225.

3-күмән:

Абу Хурайрадан Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Кімде-кім өзі оны тірі кезінде білген мүмін адамның қабірінің жанынан өтіп бара жатып, оған сәлем берсе, бұл өлген кісі оны таниды әрі оған сәлеммен жауап береді» (қабылданбайтын хадис; әл-Хатыб «Тарих» 6/137; Қз.: «әд-Да’ифа» 4493).

Бұл хадис күші бойынша алдыңғы хадистен жоғары емес. Оның жеткізушілер тізбегінде (иснадында)  ‘Абдуррахман ибн Зәйд ибн Әсләм деген өте әлсіз жеткізуші бар. Хафиз әл-Хаким «Мәдхалде» (1/180) ол туралы ол хадистерді ойдан тоқитын және оларды өз әкесінен жеткізетін деп айтқан. Сондықтан да имам Ибн Ражаб былай деген: «Хадис әлсіз, бұдан қалса қабылданбайтын». Мұндай дәрежедегі әлсіз хадистер дәлел ретінде келтіруге жарамсыз.

4-күмән:

Зәйд ибн Әслам былай деп баяндайтын: «Бірде Абу Хурайра досымен бірге қабірдің жанынан өтіп бара жатып (досына): «Оған сәлем бер!», — деді. Досы: «Қабірге сәлем беру керек пе?», — деді.  Сонда Абу Хурайра: «Егер бұл адам бұл дүниеде сені бір рет болса да көрген болса, онда ол сені қазір міндетті түрде таниды», — деп айтты (хадис өтірік, ойдан шығарылған; ‘Абдурраззақ «Мусаннафта» 6723).

Бұл хадис бұдан алдын келтірілген екі хадистен анағұрлым әлсіздеу, өйткені бұл хадис жай әлсіз ғана емес, ол сонымен бірге өтірік, өйткені оның жеткізу тізбегінде хадистерді ойдан тоқитын Яхья ибн әл-‘Алә бар.

5-күмән:

Абу Хурайра Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім маған сәлем берсе, Аллаһ міндетті түрде менің жанымды тәніме қайтарады да, мен оған жауап беремін» (хадис жақсы (хасан); Абу Дауд 1/319; Бәйһақи 5/245; Ахмад 2/227; Табарани «әл-Әусатта» 449; Қз.: «әс-Сахиха» 2266).

Бұл хадисте Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзіне сәлем беретіндердің сәлемдерін еститініне дәлел жоқ, бірақ Аллаһ Тағала оған жанын қайтарады да, сәлемге жауап қайтаруға мүмкіндік береді. Осы хадистен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) рухы оның тәнінде емес Аллаһтың құзырында екені әрі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдардың сөздерін естімейтіні және оларға көмектесе алмайтыны түсініледі.  Бар болғаны – бұл оған рухы қайтарылатыны және ол сәлемге жауап беретіні. Бұл қалай орын алатыны – белгісіз, өйткені бұл – ғайып әлемі.

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған сәлем беретіндерді және салауат айтатындарды естімейтініне тағы да бір дәлел – бұл Абу Хурайра баян еткен мына хадис: “Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Менің қабірімді тұрақты түрде жиналыстар өтетін жерге айналдырмаңдар, бірақ мен үшін салауат тілеңдер, ақиқатында, сендер қай жақта болсаңдар да, салауаттарың маған жеткізіледі» (хадис жақсы (хасан); Абу Дауд 2042; Ахмад 2/367).

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «…маған жеткізіледі» деген сөздері оның өзі бұл салауаттарды естімейтініне айқын түрде нұсқайды. Ал «Кім менің қабірімнің жанында мен үшін салауат тілесе, мен оны естимін, ал кім алыстан мен үшін салауат тілесе, маған ол жеткізіледі» деген хадиске келер болсақ, бұл өтірік хадис.

Оның иснадындағы Мухаммад ибн Мәруан әс-Судди өтірікші болған және хадистерді ойдан шығарған. Сондықтан да имам Ибн әл-Жәузи бұл хадисті өзінің «әл-Мәуду’ат» (1/302-303) атты өтірік хадистер жинағында келтірген. Сондай-ақ «әд-Да’ифаны» № 203 қараңыз.

6-күмән:

Егер өлілер естімесе, онда не үшін қабірді зиярат еткенде оларға сәлем беріледі?!

Жауап:

Қабірлерді зиярат еткенде қайтыс болған мұсылмандарға: «Сәлем сендерге, бұл мекеннің тұрғындары», — деп сәлем беру өлілер осы сәлемді еститін болғандықтан айтылмайды, бұл олар үшін тыныштық пен кешірім тілеп айтылған дұға.

Осылайша, біз қабірге табынатын сопылардың осы маңызды идеологияқ мәселеде өз кесірлі ұстанымын дәлелдеуге тырысатын күмәндарын келтірдік.

Осы жерде сондай-ақ олардың «өлілер естиді» деген сенімдері олардың идеологиясының ең басты тіректерінің бірі болып табылатынын ерекше атап кету қажет. Осы сенімнің үстіне олар осыған жалғасатын, өлілерден тілеу, оларға сиыну,  олардың қабірлерін аса құрметтеу, т.с.с. іс-әрекеттерін құрады.  Олар бүкіл діннің мән-мағынасы осыда деп есептейді әрі қабірлерсіз дінді елестете алмайды. Ал біз олардан: «Егер өлілердің естуі туралы мәселе дінде соншалықты маңызды болса, онда неліктен бүкіл Құранда олардың еститінін растайтын бірде-бір аят та, сондай-ақ бұл туралы бірде-бір сенімді, бұлтарпас, айқын хадис те жоқ?!», — деп сұраймыз. Өйткені егер осы соншалықты маңызды болғанда және бұл мәселе діннің негізі болғанда, қасиетті мәтіндер осының дәлелдеріне толы болар еді ғой.  Өйткені мәселе қаншалықты маңызды болған сайын, ол қасиетті мәтіндерде соншалықты егжей-тегжейлі мазмұндалады. Сондықтан да біз дәрет, намаз, қажылық, ораза т.б. туралы жүздеген және мыңдаған хадистерді көреміз.

Ханафи имамы — имам Ибн Әбил-‘Изз былай деп деп айтқан: «Сондықтан да, қандай да бір мәселені түсінуге адамдардың қажеттілігі қаншалықты көп болса, соншалықты осы мәселеге қатысты (шариғи) мәтіндер де, Аллаһтың Өз жаратылыстарына түсірген мейірімі ретінде, айқын болады». Қз.: «Шарх ‘Ақида Тахауия» 93-бет.

4. Қалған мәзһабтардың өкілдері де ханафилердің «өлілер естімейді» деген пікірін қолдайды

Біз ханафи мәзһабының ғалымдары мен имамдары өлілердің естімейтіні туралы бірмағыналы түрде айтатынын айқындап алғанымыздан соң, осы жерде басқа мәзһабтардың өкілдерінің сөздерін де келтіру қажет. Өйткені оқырман бұл пікірдің тек ханафилермен ғана шектелмейтініне көз жеткізуі керек.  Бірақ мұндай сөздерді келтіру онсыз да ұзаққа созылған осы тарауды одан сайын ұзартып жіберетін болғандықтан, біз тек олардың аттары мен  олардың сөздерін тауып алуға болатын дереккөздерін нұсқаумен ғана шектелеміз.

Сонымен, өлілер естімейді деген пікірді сондай-ақ мына атақты және ең танымал ғалымдар  мен имамдар да таңдаған:

1. Әбул-Уалид Сулейман әл-Бәжи (474 һ/ж). Қз.: «әл-Мунтақа» 1/69;

2. Мухаммад ибн ‘Али әл-Мәзири (536 һ/ж). Қз.: «әл-Му’лим фи шарх Муслим» 17/206;

3. Абул-Фәдл Қады ‘Ияд (544 һ/ж). Қз.: «Шарх Зуркани ‘алә «Муатта» Мәлик» 1/63.

Олардың барлығы мәлики мәзһабының ең ұлы имамдары болып табылады.

4. Қады Абу Я’лә (458 һ/ж). Қз.: «әл-Жәми’ әл-Кәбир»;

5. Ибн Ражаб әл-Ханбали (795 һ/ж). Қз.: «әл-Әхуәл ул-Қубур»;

6. Мухаммад ибн Ахмад әс-Саффарини (1188 һ/ж). Қз.: «әл-Бәхр әз-Зәжира»;

Олардың барлығы ханбали мәзһабының ұлы имамдары;

7. Әл-Хусейн ибн Мухаммад әт-Тыби (743 һ/ж). Қз.: «әл-Мәфатих фи хиллил-Мәсабих»;

8. Ибн Хажәр әл-‘Асқаләни (852 һ/ж). Қз.: «Фатх ул-Бәри» 3/182;

9. ‘Абдуррауф әл-Мунауи (1031 һ/ж) Қз.: «Файд ул-Қадир»;

Олардың барлығы шәфиғи мәзһабының ұлы имамдарынан.

Біз бұл имамдардың есімдерін, олардан өзге ешкім бұл пікірді қолдамағандықтан емес, олар өз мәзһабтатының ең ұлы имамдары болғандығы себепті келтірдік.

5-Бөлім. Дұға құлшылық (ғибадат)  болып табылады,  әрі онымен Аллаһтан басқа ешкімге жалбарынуға болмайды

Қабірге сиынушы сопылар дұғаны құлшылық (ғибадат) деп санамайды

Біздің қадірменді бауырымыз, сопы тариқаттарының өкілдері дұға ғибадат болып табылмайды, демек, қайтыс болған ізгі кісілерге дұға етіп жалбарынуда қорқатын еш нәрсе жоқ деген сенімге ие екенін біліңіз. Олар өздерінің өлілерге дұға жасауын көпқұдайшылық, яғни Аллаһқа серік қосу деп санамайды.

Қабірге сиынатын сопылардың жетекшілерінің бірі Ибн Жиржис (1299 һ/ж) былай дейді:

«Ақиқатында, Аллаһтың дұшпандары болған уаһһабилер өздерінің мәзһабын қабірлердегі өлген адамдарға жүгіну және дұға ету және оларға Аллаһтың алдында шапағат етуін сұрап жалбарыну құлшылық болып табылады деген ережеге негіздеп құрған. Олар мұны өздерінің бидғатын одан сайын тарату үшін және мұсылмандарды күпірлікте айыптауға тырысатындықтарынан істейді. Бірақ олардың бұл ережесі – нағыз қателік. Өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізді құлшылық болып табылатын нәрселерге үйретті. Құлшылық дегеніміз — дін, бұл Жәбірейілдің хадисінде келгеніндей. Осы хадиске сәйкес құлшылық – бұл Исламның екі куәлігін айту, намаз оқу, зекет төлеу, ораза ұстау және қажылық жасау. Сондай-ақ Аллаһқа, періштелеріне, Кітаптарына, елшілеріне, тағдырға иман келтіру. Әрі осы аталған нәрселердің қайсысын болса да Аллаһтан басқаға арнап жасайтынын елестеу мүмкін емес.  Және ешкім ешқашан дұға және дәнекерлік ғибадат болып табылады деп айтпаған, әрі бұл туралы бізге  Пайғамбар да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтпаған». Қз.: «Сулх ул-Ихуан» 144-бет.

Ол тағы да былай деген: «Ал дәнекерлік пен дұғаға келер болсақ, мұсылмандардан ешкім мұны ғибадат деп айтпайды. Әрі ол тілде де, шариғатта да, адамдардың әдет-ғұрыптарында да олай емес». «Сулх ул-Ихуан» 142-бет.

Ал ең қызығы – бұл қабірге табынушының, олардың көбісі сияқты, өзін ханафи мәзһабына телитіні.

Ендеше, ханафи имамы Ибн Абил-‘Изз ханафи мәзһабының ең танымал идеологиялық кітабы болып табылатын «’Ақида ат-Тахауия» еңбегіне жазған өзінің түсіндірмесінде көпқұдайшылыққа берген анықтамасында не деп айтқанына қарайықшы:

«Көпқұдайшылық – бұл әулиелер Аллаһтың алдында шапағатшы болып табылады деген сенім, және осы сенімнің негізінде оларды өзі мен Аллаһтың арасында дәнекер ету және соларға құлшылық ету. (Исламға дейінгі) надандық дәуіріндегі арабтардың көпқұдайшылығының негізі, міне, осы». Қз.: «Шарх ‘Ақида әт-Тахауия» 20-21 беттер.  

Ибн Жиржистің сөзіне сенсек, бұл ұлы имам өзінің бидғатын одан сайын таратқысы келген және мұсылмандарды күпірлікте айыптауға тырысқан Аллаһтың дұшпаны уаһһаби болып табылады. Сондай-ақ, осыған қарағанда, бұл қабірге табынушы сопы «өз» мәзһабының кітаптарын жөнді оқымаған көрінеді. Өйткені ханафи ғалымдары айқын түрде мыналарды айтады:

«Аллаһтан басқа ешкім қабілетті болмаған нәрселерде Аллаһтан өзге біреуге дұға етіп жалбарыну – көпқұдайшылықтың барлық көріністерінің анасы болып табылады. Өйткені бұл жалбарыну өзіне бір мезетте көпқұдайшылықтың бірнеше түрін қамтиды, ал олардың ең айқыны үшеу: 

1. Жалбарынушы адамның өзі жалбарынып жатқан кісісі ғайыпты біледі (яғни ол басқалардың өзіне жалбарынып жатқанын біледі, мәселенің мәні  мен оның шешу жолын біледі) деп сенуі;

2. Жалбарынушы адамның өзі жалбарынып жатқан кісісі оның дұғалары мен жалбарынуларын естиді деп сенуі;

3. «Бұл әулие жамандықты қайтара алады және жақсылықты жақындата алады» деген сенім.

Әйтпесе, осы сенімдердің ешбірі болмағанда, ол осы әулиелерге дұға етіп ауызын да ашпас еді». Бұл және осыған ұқсас сөздерді ханафилердің мына кітаптарынан оқи аласыз:  Ибн Абил-‘Изз «Шарх Ақида әт-Тахауия», 535-536 беттер; «Рух ул-Мә’ани» 6/128; «Сыянат ул-инсан» 212-бет; «Тақуият ул-Иман» 31-бет; «Рисаләт ут-Таухид» 65-67 беттер; «Жәлә ул-‘Айнайн» 502-бет; «әл-Кауакиб уд-Дуррия» 58-59 беттер т.б.

Барлық мұсылмандар барлық заманда дұғаны Аллаһтан басқа ешкімге арнауға болмайтынын және бұл көпқұдайшылық болып табылатынын  білгендігі себепті де, һижраның VII ғасырына дейін ешкім  Аллаһтан басқа біреулерге дұға етіп жалбарынуға болатындығы туралы жазбаған болатын.   Сондықтан да Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дұға етіп жалбарынуға болатындығы туралы айтатын алғашқы кітаптардың бірінің авторы  Ибн Ну’ман әл-Мәлики әл-Мәғриби (683 һ/ж) өзінің «Мисбах уз-Заләм» атты кітабын не себепті жазғанын былай деп мойындаған болатын: «Исламның көптеген имамдары онсыз да Аллаһқа жалбарынудың қажеттілігі туралы біраз кітаптарды жазып қойды.  Сондықтан да мен Аллаһтың Елшісіне көмек тілеп дұға жасау туралы кітап жазуды шештім». Қз.: «Кәшф уз-Зунун» 2/1706-1707.  

Ибн Жиржистің сөзіне сенсек, һижраның жетінші ғасырына дейін өмір сүрген  барлық имамдар да Аллаһтың дұшпандары уаһһабилер болып табылады ғой?!!

Ендеше, біздің құрметті бауырымыз,  Құранның аяттары осы мәселені ап-айқын және түсінікті етіп ашып беретіні соншалықты – дұғаның құлшылық екенін дәлелдеу үшін олардың кейбіреуін ғана келтірудің өзі жетіп асады.

Аллаһ былай деді: Шын мәнінде, мешіттер Аллаһқа тән. Ендеше, Аллаһпен бірге ешкімге дұға етпеңдер. Расында, Аллаһтың құлы (Мухаммад) тұрып, Аллаһқа ғибадат қылган сәтте, олар оның үстіне үймелеп жабыса жаздады. (Мухаммад:) «Шын мәнінде, мен Раббыма қүлшылық қылып, Оған ешбір серік қоспаймын», — де. «Расында мен сендерге зиян келтіре де алмаймын, игілік те істей алмаймын», — де” («әл-Жинн» сүресі, 72:18-21).

Бұл аятта, егер адам Аллаһтың Раббы екенін мойындаса, ол өзінің ғибадатын тек Оған арнауға міндетті дегенге дәлел бар.  Сондай-ақ осы аятта Аллаһқа серік қосудың мәні адамның Аллаһпен қатар басқаны Раббы деп тануында емес, ол ғибадат-құлшылығын Аллаһпен қатар басқаларға арнауында екеніне дәлел бар. Сондай-ақ бұл аят Аллаһқа серік қосудың мәні адамның тек өзінің Рабысына ғана емес Оған қоса басқаларға да дұға етіп жалбарынуында екенін білдіреді.

«Аллаһтан өзге саған пайда, не зиян келтіре алмайтындарға  жалбарынба. Сонда егер оны істесең, онда күдіксіз сен залымдардан боларсың.  Егер Аллаһ саған бір зиян жеткізсе, сонда оны Аллаһтан басқа айықтырушы жоқ. Ал егер Ол саған бір жақсылық қаласа, оның кеңшілігін тойтарушы жоқ. Ол оны құлдарынан қалаған кісісіне береді. Ол — өте Жарылқаушы, ерекше Рахымды» («Юныс» сүресі, 10:106).

Бұл аятта егер адамзаттың абзалы — Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ғибадатта Аллаһқа серік қосып, Аллаһтан басқаға дұға етіп жалбарынғанда, залымдардың біреуі болатынына нұсқау бар.

«Олар Аллаһтан өзге, өздеріне пайда, не зиян бере алмайтын нәрселерге сиынады. Міне, осы терең адасу. Сөйтіп олар, пайдасынан зияны жақын біреулерге сиынады. Ондай қожайын нендей жаман! Ондай жолдас нендей жаман! Ал иман келтіріп, түзу іс істегендерді Аллаһ астарынан өзендер ағатын Жәннат бақтарына кіргізеді. Шынында, Аллаһ қалағанын істейді» («әл-Хаж» сүресі, 22:12-14).

Бұл аятта Аллаһтан басқаға дұға етіп жалбарыну терең адасушылық екеніне дәлел бар. Сондай-ақ «Ал иман келтіріп, түзу іс істегендерді» деген сөздер Аллаһ қана көмектесе алатын істе Аллаһтан басқаға дұға етіп жалбарыну күпірлік және иман келтірмегендердің амалы екені туралы айтып тұр.

«Аллаһтан өзге Қияметке дейін өздеріне жауап бере алмайтындарға дұға етіп жалбарынғандардан кім залымырақ? Әрине, табынғандары олардың жалбарынуларынан хабарсыз. Адамдар жиналған кезде, оларға табынғандары дұшпан болып, олардың өздеріне құлшылық қылғандарынан бас тартады» («әл-Әхқаф» сүресі, 46:5-6).

Осы аяттардан «көпқұдайшылдардың дұға етіп жалбарынатындары біреулердің оларға жалбарынып жатқандары туралы тіпті білмейді де» деген қорытынды щығады. Сондай-ақ бұл аяттардан «сол әулиелерге дұға етіп жалбарыну Аллаһпен қатар басқаларға құлшылық ету болып табылады» деген де қорытынды шығады. Сондықтан да (осы аяттың басында) Аллаһ: «…дұға етіп жалбарынғандардан…», — деді де, содан соң (аяттың соңында): «…олардың өздеріне құлшылық қылғандарынан бас тартады», — деп, дұға етіп жалбарынуды құлшылық деп атады.  

«Аллаһтан басқа құдайларға дұға етіп жалбарынба, әйтпесе азапқа тартылғандардың қатарында боласың» («әш-Шу‘ара» сүресі, 26:213).

Бұл аяттан біз Аллаһпен қатар кімге болсын жалбарыну азапқа тартылудың себебі болатынын әрі адамдар осы әулиелерге дұға етуі арқылы оларды «Аллаһтан басқа құдайларға» айналдыратынын түсінеміз.

«Саған Кітап түсірілетінін күтпеген едің, бірақ бұл Раббыңның мәрхаметі. Сондықтан кәпірлерді ешқашан сүйемелдеме! Аллаһтың аяттары саған түсірілгеннен кейін олар сені олардан (аяттарға амал қылудан) тоспасын. Оларды Раббыңа шақыр да, әсте серік қосушылардан болма! Аллаһпен бірге басқа құдайларға дұға етпе! Одан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ. Оның Өзінен басқа әр нәрсе жоқ болады. Үкім Оған тән. Сондай-ақ Оған қайтарыласыңдар» («әл-Қасас» сүресі, 28: 86-88).

Бұл аят дұғаның құлшылық болып табылатынына ең айқын дәлелдердің бірі болып табылады. Өйткені Аллаһ онда: «Аллаһпен бірге басқа құдайларға дұға етпе! Одан басқа құлшылыққа лайықты ешбір тәңір жоқ», — деді емес пе?

Сондай-ақ Аллаһ былай деген: «Расында мен Аллаһпен бірге (дұға етіп) шақырғандарыңа құлшылық етуден тосылдым», — де. «Сендердің қалауларыңды құптамаймын. Әйтпесе адасып, тура жолға ілеспегендерден боламын», — де («әл-Әнғам» сүресі, 6: 56).

Бұл аят олардың құдайлары оларға дұға етіп жалбарынғаннан кейін құдайларға айналғандығын білдіреді.

Раббыларың: «Маған дұға етіп жалбарыныңдар, Тілектеріңді қабылдаймын. Ақиқатында, маған ғибадат етуге паңсынғандар Тозаққа қор болған күйде кіреді», — деді” («Ғафир» сүресі, 40:60).

Бұл аят та — дұға етіп жалбарыну ғибадат болып табылатынына ең айқын дәлелдердің бірі.

Осыдан кейін «Ибн Жиржис ешқашан Құран оқымаған сияқты» деген ой қалыптасады.

“Егер олардан: «Көктер мен жерді кім жаратты?», — деп сұрасаң, әрине, олар: «Аллаһ», — дейді. «Көрдіңдер ме? Егер Аллаһ маған бір зиян беруді қаласа, олар Оның зиянын қайтара ала ма? Немесе, егер Аллаһ маған бір игілік қаласа, олар Оның игілігін тоса алады ма?» — де. «Аллаһ маған жетіп асады. Тәуекел етушілер жалғыз Оған тәуекел етеді», — де” («әз-Зүмәр» сүресі, 39:38).

Бұл аят егер адам көктер мен жерді жалғыз Аллаһ жаратқанын мойындаса, онда  ол тек Соған ғана дұға етіп жалбарынуы керек екендігін білдіреді. Ал кім Аллаһтан басқаларға да дұға етіп жалбарынса, сол өздеріне жалғыз Аллаһты жеткілікті етпейтіндердің қатарынан болады, міне, оның көпқұдайшылығының мәні де осыда.

Олар еш нәрсені жаратпайтын, оларға жәрдем ете алмайтын, тіпті өздеріне де жәрдем ете алмайтын жаратылғандарды Аллаһқа серік қоса ма? Егер оларды тура жолға шақырсаңдар, олар сендерге ермейді. Оларды мейлі шақырыңдар, мейлі үндемеңдер, — сендер үшін бәрі бір. Расында, Аллаһтан өзге жалбарынғандарың — өздерің сияқты құлдар. Егер шындықты айтып тұрған болсаңдар, онда оларға дұға етіңдерші, сендерге жауап берсін. Олардың жүретін аяқтары, ұстайтын қолдары, көретін көздері немесе еститін құлақтары бар ма? (Мухаммад) оларға: «Аллаһқа қосқан серіктеріңді шақырыңдар да, сонан соң маған мұрса бермей айлакерлік жасаңдар. Шынында, менің ием Кітапті түсірген Аллаһ. Ол ізгілерге қамқоршылық етеді. Ал сендердің Аллаһтан өзге жалбарынғандарың сендерге жәрдем ете алмайды. Олар тіпті өздеріне де жәрдем ете алмайды», — деп айт” («әл-Әғраф» сүресі, 7: 191-197).

Аллаһ Тағала бұл адамдардың көпқұдайшылығын дәл олардың осы жалған құдайларға жалбарынуымен байланыстырғанына назар бұрыңыз. Аллаһ Тағала бұл жерде олар намаздарын немесе оразаларын соларға арнағаны үшін көпқұдайшылдарға айналғанын айтпайды. Бұл дұға етіп жалбарынудың ғибадат деп аталуға көбірек лайықтырақ екеніне нұсқайды, ал Ибн Жиржис мұнымен әйтеуір келспейді.

Ол сондай Аллаһ, сендерге құрылықта, теңізде кезу мүмкіндігін берді. Сендер олар оған мәз болатын жақсы бір самал кезінде жүзетін оларды алып бара жатқан кемелерде  кезесіңдер. Бірақ, кенет бір боранды жел басталып, оларға әр тараптан толқындар тақап келгенде, олар қоршауда қалдық деп ойлайды да, сенімін тазартып, жалғыз Аллаһқа: «Егер осыдан бізді құтқарсаң шүкір етушілерден болар едік», — деп жалбарынады. Дегенмен, Аллаһ оларды құтқарған кезде, олар жер жүзінде орынсыз бұзақылық істейді. Әй, адам баласы! Бұзақылықтарыңның зияны өздеріңе ғана. Бұл – дүние тіршілігінің өткінші ләззаты ғана. Сонсоң барар жерлерің Біз жақ. Сонда сендерге істеген істеріңді білдіреміз («Юнус» сүресі, 10: 22-23).

Бұл аят егер біреу Аллаһпен бірге басқаға да дұға етіп жалбарынса, ол дінін көпқұдайшылықтан тазартқан болмайтынына нұсқайды.

Қашан адам баласына бір таршылық келсе, ол Раббысына жалбарынып, Оған ғана жүгінеді. Сосын қашан Аллаһ оған бір игілік берсе, адам бұрынғы Оған жалбарғанын ұмытады да, өзгелерді Аллаһтың жолынан адастыру үшін, Оған басқаларды теңдес жасайды. (Мухаммад) оларға: «Күпірлігің мен қолыңда барға біраз мәз бола тұр. Сөз жоқ, сен Тозақтықсың», — де(«әз-Зүмәр» сүресі, 39:8).

Бұл адам өзінің жалған құдайын барлық тұрғыдан Аллаһпен бірдей деп санамаса да, Аллаһ Тағала жалғыз Аллаһқа жалбарынбауды Оған теңдес жасау  деп атағанына назар салыңыз. Содан соң Аллаһ Тағала дәл осы амал әлгі адамның Тозақтық болуына себеп болатынына нұсқады.

Зәкарияны да есіңе ал. Ол Раббысына: «Раббым! Мені жалғыз қалдырма. Сен мұрагерлердің ең жақсысысың», — деп жалбарынды. Сонда тілегін қабыл етіп, оған Яхъяны бердік. Әрі жұбайын осыған қабілетті еттік (жасарттық). Өйткені олар жақсылық істеуге ұмтылатын, Бізден үміт әрі қорқу арқылы тілейтін әрі алдымызда мойынсұнушы болып тұратын(«әл-Әнбия» сүресі, 21: 89-90).

Бұл жерде Аллаһ Тағала Зәкария пайғамбарды ол өз дұғаларында жалғыз Аллаһқа ғана жалбарынғандығы үшін мақтайды.

«Шын мәнінде, аяттарымызға, өздеріне үгіт берілген кезде, сәждеге жығылып, Раббыларын мақтап, пәктейтіндер және тәкаппарлық танытпайтындар иман келтіреді. Олар жамбастарын төсектерінен ажыратып (түнде ұйқыдан түрып), Раббыларына қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды. Ешкім өздерінің істегендері үшін көзді шаттыққа бөлейтін қандай сый жасырылғанын білмейді. Мүмін кісі бұзық кісі сияқты болады ма? Әрине тең болмайды(«әс-Сәжда» сүресі, 32: 15-18).

Бұл аятта өзінің дұғаларында жалғыз Аллаһқа ықыласты түрде жалбарынатын кісі мүмін болып табылатынына және ол бұзықтар сияқты емес екеніне дәлел бар.

«Қашан олар кемеге отырса, Аллаһ алдында дінін тазартқан түрде Оған жалбарынады да,  оларды құтқарып жағаға шығарса, сол уақытта олар Аллаһқа серік қосады» («әл-‘Анкабут» сүресі, 29: 65).

Аллаһ Тағаланың: «…Аллаһ алдында дінін тазартқан түрде Оған жалбарынады», — дегеніне, ал содан соң: «…оларды құтқарып, жағаға шығарса, сол уақытта олар Аллаһқа серік қосады», — деп, яғни Аллаһқа ғана жалбарынғаннан кейін Аллаһтан басқа әлдекімге жалбарына бастағанын айтқанына назар бұрыңыз.

Егер біреу: «Бұл аяттарда «дұға» мен «жалбарыну», «шақыру» сөздерінің астарында жалпы ғибадат, мысалы, рукуғ пен сәжде, құрбан шалу, намаз, т.с.с. аталып тұр, әрі бұл аяттарда тыйым салынған деп жай дұға мен жалбарыну емес дәл сол ғибадат айтылып тұр», — десе, онда ол мына аяттарға қалай жауап берер екен?

«ухаммад,) егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен өте жақынмын және қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше, олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине, тура жол тапқан болар еді» («әл-Бақара» сүресі, 2:186).

«Ал қашан адам баласына бір зиян жетсе, ол жатса да, отырса да, немесе түрегеп тұрса да Бізге жалбарынады; алайда қашан Біз одан зиянды айықтырсақ, ол өзіне тиген зиянды айықтыру үшін бізге ешқашан жалбарынмағандай-ақ кете береді. Міне, шектен шығушыларға істеген істері осылайша көркем етіп көрсетілген» («Юнус» сүресі, 10:12).

«Маған қартайған шағымда Исмаил мен Исқақты берген Аллаһқа мадақтар болсын. Ақиқатында, Раббым дұғаны Естуші» («Ибраһим» сүресі, 14:39).

Сол уақытта ол әкесіне және қауымына: «Неменеге табынасыңдар?», — деді. Олар: «Біз пұттарға табынамыз әрі оларға үнемі берілеміз», — деді. (Ибраһим: ) «Олар жалбарынғандарыңды естиді ме? Немесе олар сендерге пайда, зиян келтіре алады ма?», — деді. Олар: «Жоқ, аталарымызды осылай істеген түрде таптық», — деді(«әш-Шу‘ара» сүресі, 26: 70-74).

«Ол Аллаһ, түнді күндізге кигізіп, күндізді де түнге кигізеді. Сондай-ақ ай мен күнді игерді. Бәрі де белгілі бір мерзімге дейін жүріп тұрады. Біртұтас осылар, Раббыларың Аллаһтікі. Иелік Соған тән. Одан өзге табынғандарың бір ұрық қабығына да ие емес. Егер оларға жалбарынсаңдар, дауыстарыңды естімейді. Бірақ егер естігенде де, сендерге жауап қайтара алмайтын еді. Сондай-ақ Қиямет күні олар сендердің серік қосқандарыңды тәрк етеді. Бүкіл нәрседен толық Хабардар Аллаһтай саған ешкім түсіндірмейді» («Фатыр» сүресі, 35:13-14).

Сондықтан да шейх ‘Абдуррахман ибн Хасан былай деген: Әрі көп жағдайларда «дұға» сөзі Құран мен Сүннетте, араб тілінде және сахабалар мен олардан кейін келген ғалымдардың сөз тіркестерінде «тілмен сұрап жалбарыну» деген мағынада қолданылады”. «Фатх ул-Мәжид» 286-бет.

Ал енді әлгі Ибн Жиржистің: «Және ешкім ешқашан дұға және дәнекерлік ғибадат болып табылады деп айтпаған, әрі бұл туралы бізге  Пайғамбар да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткізбеген», — деп айтқан сөздеріне келер болсақ, онда оған жауап келесі хадис болмақ.

Ну’ман ибн Башир Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Дұға – бұл құлшылық», — деп айтқанын баяндаған адис сенімді (сахих); Абу Дауд 2/161; Тирмизи 5/211; Нәсаи «әл-Кубрада» 6/450; Ибн Мәжаһ 2/1258; Ахмад 4/267 т.б.).

Міне, сопылар осылайша оп-оңай және әшейін-ақ «ешкім және ешқашан айтпаған» және «Пайғамбар да (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге бұл туралы жеткізбеген», «мұсылмандардан ешкім мұны ғибадат деп санамайды»,  «ол тілде де, шариғатта да, адамдардың әдет-ғұрпында да бұлай емес»  деген сияқты жалаң ауыз дәлел-дәйексіз сөздерді айта салады. Бұл тағы да бір рет сопылардың — егер олардың мүддесі талап етіп тұрса — Аллаһқа, Оның Кітабына, Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және мұсылмандарға өтірік жапсыра салу түкке тұрмайтын  ең өтірікші адамдардан екенін растайды.

Сондықтан да ханафи имамы Шукри әл-Әлюси (1342 һ/ж) былай деген: «Әрі қабірге табынушылар жеткен надандықтың және Аллаһқа, Оның Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және мұсылмандарға өтірік жапсырудың дәрежесіне  тіпті хауариждер мен рафидилер де жете алмағанына күмән жоқ». Қз.: «Ғаят ул-Амани» 1/215.  

Ал осы бөлімді  ханафи мәзһабының имамдарының бірі болған  – имам әл-Хужандидің (1379 һ/ж) мынандай керемет сөздерімен аяқтау керек болып тұр: “Кім Аллаһтың Кітабындағы  «ғибадат» пен «дұға» ұғымдары арасындағы байланыс туралы айтылатын аяттар туралы ой қозғаса, сондай-ақ ғибадат кезіндегі адамның көңіл-күйі туралы ойланатын болса, сол міндетті түрде дұға – бұл ең шынайы, нағыз ғибадат екенін өзі үшін ашады. Дұға адамның туа біткен сипаты; ол өзінің сиынатын құдайына жүрегінің ең терең түбінен жалбарынады, әсіресе өмірдің қиын-қыстау сәттерінде. Ал ғибадаттың басқа түрлеріне келер болсақ, адамдар олардың барлығын немесе көпшілігін олар орындауға бұйырылғандықтан орындайды. Адам баласы құлшылықтың осы түрлерін өзін күштеп орындайды, әрі жиі жағдайда осыны істеп жатқан кезінде өзін ерекше сезбейді. Сен намаздан кейін зікір сөздерін айтып отырған адамның жиі жағдайда тек тілін ғана қозғалтып жатқанын, ал жүрегін басқа ойлар аулағанын көрмейсің бе?! Бірақ ең жанды (шынайы), табиғи және нағыз ғибадат жүректің ең терең түбінен және жанның құпия жерлерінен келетін сөздер арқылы келетін дұғада іске асады, әрі осы – ықыластылық киімін жабылған тап-таза дұға.  Сондықтан да біз: «Дұға – бұл құлшылық, оның миы және оның өзегі», — деп айтамыз”. Қз.: «Мифтах ул-Жәнна» 69-70 беттер.



[1] Оқырман сопылардың бұл сенімдерін келесі кітаптардан таба алады: Ибн Жиржис «әл-Минха әл-Уахбия»; әл-Дәжауи «Сулх ул-Ихуан»; әл-Куза’и «Барахин»; «әл-Басаир»; «Шамс макаләт фи сама’ ил-амуат»; «Сама’ ул-маута» т.б.

[2] Имам Ибн Касир осы аяттың тәпсірінде: «Бұл өтіп бара жатқан адамның кім болғандығы жайлы ғалымдардың пікірлері бірдей болмаған», — деді де, кейін оның ‘Узайр пайғамбар болғандығына дәлелдер келтірді, содан соң  ол: «Әрі бұл ең танымал пікір»,  — деді. Ал  бұл қандай кент болғандығына қатысты  имам Ибн Касир: «Әрі ең кең таралған пікір – бұл Иерусалим болғаны. ‘Узайр оның үстінен оны Навухудоносор (II) қиратқаннан кейін өткен болатын». Қз.: «Тафсир Ибн Касир» 1/437.