Түркістанды, Арыстан Бабты, т.с.с. жерлерді зиярат етушілердің сол жерлер мен сол жерлердегі заттардың қасиеттілігі және берекелі екендігі туралы сенімі

Оқырмандарымызға «Қабір-кесене-мазарларға, әруақ-әулиелер мен киелерге сиыну – қазақ халқын опат болуға алып баратын жол» атты кітабының он екінші тарауын ұсынамыз.

Жүктеп алу.

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

Орта Азия мұсылман халықтарының арасында және мұсылман әлемінің басқа да аймақтарында мазарлар, кесенелер, ағаштар, тастар, тәспілер т.с.с. заттарды құт-берекелі, киелі деп қадірлеп-қастерлеу өте кең таралған. Адамдар осы заттар құтты сипаттарға ие және оларға қол тигізіп сипау арқылы осы құт-берекеден өзіңе де үлес  алуға болады деп есептейді.

Мынау – Түркістанды, Арыстан Бабты зиярат етушілердің әсерлері туралы айтылған ғаламтордан алынған кейбір үзінділер:

Қасиетті құдық:

«Түркістан қаласынан 60 шақырымдай жерде жергілікті халық әулиелі мекен санайтын Укаша aта сахабаның зияраты және қасиетті құдығы бар. Келушілер Укаша сахабаның ұзындығы 20-25 метрдей ұзын қабірінің басына дұға жасаған соң, осы арадан 700-800 метрдей қашықтықта, тау басындағы құдыққа барып, тереңдігі 30 метрге дейін жететін құдыққа қауға тастайды. Ырым бойынша, әулиенің құдіретіне күмән келтірген немесе ой-пікірі теріс адамға құдық бір тамшы су бермейді. Ал ниеті таза, ықыласы күшті адамның шелегі құр қалмайды …»

«Мешітке барар жолда екі бұлақ көзі бар. Бекет aта Бақыржан қажының асатаяғын суырып алған жерден тұщы су шыққан. Ал асатаяқты суыра алмаған ұлына налыған әкесінің көз жасы тамған тұстан ащы су аққан. Кейін екеуі бір арнаға тоғысқан. Суы сәл кермек татығанымен, қанша ішсең де ішке тимейді. Кейін өткізілген лабораториялық сараптама оның адам саулығына пайдасы барлығын анықтаған. Зиярат етушілер оны ыдыстарына құйып, өздерімен бірге ала кетеді».

Қасиетті тастар мен құдықтар:

«Домалақ-ана – Анар-ана – бұл қасиетті екі тас арасынан тек сенімі бар адам ғана өте алады. Ғайып берген құдықтың тереңдігі 40 метр. Бұл суды тек жаны таза адам ғана толтырып ала алады. Көбіне бұл қолдан келмейтін іс, өйткені шелек не сынады, не су жан-жаққа шашырайды. Бұл екі сынақтан жолаушылар Түркістанның киелі жерлерін аралап шыққан соң өтеді. Бұл сынақ адам қаншалықты жанын тазартқанын және Аллаһ қаншалықты оның сиынуын естігенін тексереді».

Кесенелер мен қабірлер:

«Айша-бибі кесенесі – бұл жер бала көтере алмайтын және мықты жанұя сұрайтын әйел адамдар аса киелі тұтатын жер болып саналады. Райымбек атаның жерленген орны – бұл жерге барып келген адамның жолы болып, жұмыстарында сәттілік болады».

Бауленталар, ақ шүберектер:

«Біз баспалдақтың айналысындағы әрбір бұтақ пен ағаштарға жіптер, баулар, шүберектер және байлауға болатын басқа да нарселердің байланғанын көрдік. Айналада тиындар жатты. Біз де тиын тастап тілек тіледік». «Ағаштардың бұтақтарына байланған ленталар түрлі-түсті болып көз баурайды. Ал бұрын баспалдақтың орнына тек тар жол болатын, онымен осы жерге пұтқа табынушылардың Құдай деген жоғарғы пұтына құрбан шалатын қойларды сүрейтін. Қойды бөлетін, еті мен терісін бұтақтарға ілетін, осы орайда әрбеу Мәңгі Аспанның Иесіне тылсым тілегімен жалбарынатын, әрі ол туралы ешкім білмеуге тиіс болатын. Жоғары күштерге деген жүгіну барынша жеке сипатта болуы үшін, теріні ленталарға бөліп, осы рәсімге қатысқан тайпаластарына, олардың әрқайсысы өзі үшін кесінді-тілегін ілуі үшін тарататын. Уақыт өтісімен қайысты матадан кесілген ленталар ауыстырды».

 Заттармен жасалатын табаррук:

«Зиярат етушілер алдымен әулие басына (кесенесіне) түнеп, ғи­ба­дат етеді. «Арыстан Бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген ұлағатты ұғым ертеден-ақ қалыптасқан. Түркіс­тандағы Әзірет Сұлтанның кесенесіне зиярат етіп барған мұсылмандар алдымен міндетті түрде Отырардағы Арыстан Бабтың басына барып, құл­шылық етеді. Арыстан Баб кешеніндегі мешітте намаздарын оқып, дұға бағыштайды. Осындай дәстүрді ор­ындағаннан кейін ғана Қожа Ахметтің басына келеді (оның кесенесін айналып, сипап, алақандарын беттеріне үйкейді). Садақа беріп, бар ықыласымен тілесе, Аллаһ тілегін қа­был етеді. Бұл қастерлі сенімді ға­сырлар бойы жалғасып келе жатқан ата-баба жолы деп айтуға болады. Біз де сол үрдіспен Арыстан Баб басына (кесенесіне) түнедік».

Оқырман бұл үзінділерді және басқа да көптеген осындай жасалып жатқан шариғатпен заңдастырылмаған береке іздеуді ғаламторға «әулие» деп іздеу салысымен, топ-тобымен таба алады. Оларды оқығаннан кейін тек Түркістанда ғана емес, бүкіл қазақ жеріне осындай пұтқа табынушылық сенімдердің етек жайғанына күмән қалмайды. Осы және өзге фактілер «біздің халқымыз пұтқа және қабірлерге табынушылықтан алыс» деп айтушылардың сөздерін теріске шығаруда. Ең таң қаларлығы осының барлығы Түркістанда жиын ұйымдастырушылардың үнсіз мақұлдауымен орын алуда.

Осының барлығы ханафи мәзһабының имамдары мұндай іс-әрекеттердің барлығына қатаң тыйым салғандығына қарамастан белең алуда. Үзінділерде келтірілген іс-әрекеттердің кейбіреулерін ханафи ғалымдары көпқұдайшылық деп, ал басқаларын – көпқұдайшылыққа апаратын есік деп атаған. Қз.: «Зиярат ул-қубур» 42-бет; «Мәжалис ул-абрар» 129-130 беттер; «Нәфаис ул-Азхар» 161-бет; Ибн Туркмани «әл-Люма’» 1/52; «Фатх ул-Мәннан» 445, 521-522 беттер; «Ғаят ул-Амани» 1/297-298; «Мифтах ул-жәнна» 47-бет.

Бұдан қалса, ханафи имамдары адамдар құт-берекелі  және игілік дарытатын деп санайтын барлық заттарды, мейлі олар ағаштар, құрылыстар немесе басқа да нәрселер болсын, алып тастауды бұйырған. Дәл осындай пұтқа табынушылық сенімдердің негізінде адамдар оларға шүберектерді, жіптерді, бауларды т.с.с. нәрселерді іліп қояды.  Қз.:«Зиярат ул-қубур» 51-52 беттер; «Мәжалис ул-абрар» 129-бет; «Нәфаис ул-Азхар» 160-161 беттер.

Өзге мәзһабтардың имамдары да ханафи ғалымдарын осы мәселеде қолдайды. Имам Абу Бакр әт-Тартуши былай деген: «Қараңыздар, Аллаһ сіздерді рақым етсін!  Қай жерде болмасын, сендер адамдардың зиярат жасап баратын, оларды ұлықтап, олардан ауруларынан шипа сұрайтын және оларға баулар мен шүберектерін ілетін талды немесе бұтаны тапсаңдар, сол ағашты шауып тастаңдар». Қз.: «әл-Хауадис уәл-бида’» 105-бет.

Ендеше, Түркістанға, Бекет Атаға тағы да сол сияқты жерлерге сапар ұйымдастырушыларға ханафи мәзһабының имамдарының сөздеріне ілесуге не кедергі жасайды?

жалғасы бар