Фиқһ мәселелері

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы (29)

Шейх М.Н. әл-Әлбанидің «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы, тәкбірден сәлемге дейін, оны өзіңіз көргеніңіздей» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз.

Құранды барлық ережелерге сәйкес оқу («тартил»[1]) және оны дауыспен  көркемдеу

«تَرْتِيْلُ القِرَاءَةِ وَتَحْسِيْنُ الصَّوْتِ بِهَا»

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Құранды әуенмен, байсалды, оның дұрыс ырғағын бұзбай, оған Аллаһ Тағала үйреткендей, асықпай және тездетпей, керісінше «әрбір әріпті анық айтып»[2] оқитын, тіпті «ол қандай да бір сүрені жай және байсалды мәнермен оқығанда, сол (сүре) іс жүзіндегісінен ұзындау болып көрінетін»[3].

Ол былай деп айтатын:

«يُقَالُ لِصَاحِبِ الْقُرْآنِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ اقْرَأْهُ وَارْقَهْ وَرَتِّلْ كَمَا كُنْتَ تُرَتِّلُ فِى الدُّنْيَا ، فَإِنَّ مَنْزِلَكَ عِنْدَ آخِرَ آيَةٍ تَقْرَؤُهَا».

«Құранды білгенге[4] (Қиямет күні): “Оқы, көтеріле бер[5] әрі мұны дүние өміріңде істейтініңдей сөздерді анықтап айт (раттил[6]), әрі ақиқатында, сенің орның соңғы оқыған аятыңа сәйкес болады», — деп айтылады»[7].

Ол «(созылуы мүмкін болған белгілі әріптердің) оқуын созатын, мысалы, «Бисми-Лләһи» сөзін, «әр-Рахман» сөзін, «әр-Рахим» сөзін[8], сондай-ақ «нәдиид» сөзін («Қаф» сүресі, 10-аят)[9] және басқа да соларға ұқсас сөздерді.

Ол, бұл туралы жоғарыда түсіндірілгеніндей, әдетте әрбір аятты оқып болған соң тоқтайтын[10].

Кейде «ол әдемі дірілді дауыспен (йуражжи’)[11] (Құранның аяттарын) әуенді дыбыстап оқитын, мысалы (мұсылмандар) Меккені алған күні түйесінің үстінде отырып, ол [өте жұмсақ және нәзік (дауыспен)] «әл-Фатх» (48:29) сүресін оқыды[12], ал Абдуллаһ ибн Муғаффәл бұл әдемі дауыстың «а-а-а» деген дыбысы бар еді деп жеткізген[13].

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):

« زَيِّنُوا الْقُرْآنَ بِأَصْوَاتِكُمْ؛ [فَإِنَّ الصَّوتَ الحَسَنُ يَزِيْدُ القُرآنَ حُسْناً]».

«Құранды дауыстарыңмен көркемдеңдер [, өйткені әдемі дауыс Құранның әдемілігін арттырады]!және: — Ақиқатында, Құран оқушылардың арасында ең жақсы дауысқа, сендер оның Құран оқығанын естігенде: «Ол Аллаһтан  қорқады», — деп есептейтін адам ие»[14], деп, Құран оқығанда дауысты әдемі етуді бұйыратын[15].

Ол сондай-ақ Құранды әуенді дауыспен оқуды бұйырып, былай деп айтқан:

«تَعَلَّمُوا كِتَابَ اللَّهِ، وَاقْتَنُوهُ،وتعاهدوه، وَتَغَنُّوا بِهِ، فَوَالَّذِي نَفْسُ مُحَمَّدٍ بِيَدِهِ لَهُوَ أَشَدُّ تَفَلُّتًا مِنْ الْمَخَاضِ مِنْ الْعُقُلِ»

«Аллаһтың Кітабын зерттеп-үйреніңдер, оны үнемі оқыңдар, оны меңгеріңдер   (яғни Құранды жаттаңдар) және оны әуендетіп оқыңдар, өйткені жаным Қолында болғанмен ант етемін, ол түйелердің бұғауларынан босап кететінінен де тезірек босап кетеді[16]»[17].

Ол сондай-ақ:

«لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَتَغَنَّ بِالْقُرْآنِ»

«Құранды әуендетіп оқымаған бізден емес»[18], — деп айтқан және:

«مَا أَذِنَ اللَّهُ لِشَىْءٍ مَا أَذِنَ لِنَبِىٍّ حَسَنِ الصَّوْتِ [حَسَنِ التَّرنُم] يَتَغَنَّى بِالْقُرْآنِ [يَجْهَرُ بِهِ]»

«Аллаһ Құранды [дауыстап]  әуендетіп оқитын[19] [, өз дауысын көркемдететін; — хадистің басқа нұсқасында: «әуендетіп оқитын», — деп айтылады] Пайғамбарды тыңдағандай етіп ешкімді тыңдамайды»[20], — деп айтатын.

Ол (өзінің атақты сахабаларының бірі болған) Абу Муса әл-Әш‘ариге (Аллаһ оған разы болсын) былай деп айтқан:

«لَوْ رَأَيْتَنِى وَأَنَا أَسْتَمِعُ قِرَاَءَتَكَ الْبَارِحَةَ، لَقَدْ أُوتِيتَ مِزْمَارًا مِنْ مَزَامِيرِ آلِ دَاوُدَ»

«Сен мені кеше мен сенің (Құран) оқығаныңды тыңдаған кезімде көрсең еді[21]! (Ақиқатында,) саған Дәуіт әулеті сырнайларының[22] бір сырнайы сый етілген [Ал Абу Муса әл-Әш‘ари: «Егер мен сіздің сол жерде болғаныңызды білгенімде, дауысымды одан да күштірек көркемдетер едім», — деген[23]].


[1]  «Тартил» — Құранды (барлық ережелеріне сәйкес) оқу, бұл оның әрбір әрібінің анық айтылуын меңзейді (Аудармашының ескертпесі).

[2] Ибн әл-Мубарак «әз-Зуһдта» (162/1 «әл-Кауакибтен», 575), Абу Дәуд және Ахмад бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[3] Муслим және Мәлик.

[4] Құранды толығымен немесе оның бір бөлігін жатқа білген әрі ондағы бұйрықтарға сәйкес амал еткен адам туралы (Аудармашының ескертпесі).

[5] Жәннаттың сатыларынан көтерілу туралы айтылып тұр (Аудармашының ескертпесі).

[6]  «Раттил» — «ратталә» етістігінің бұйрық түрі — әуендетіп оқу [әрбір әріпті барлық ережелерге сәйкес нақты дыбыстап шығару] (Аудармашының ескертпесі). Қз.: 356 ескертпе.

[7] Абу Дәуд және әт-Тирмизи, соңғысы бұл хадисті сенімді деген. Сөйтіп, ең жоғарғы сатыға Құранды толығымен жатқа білетін адам иемденеді, әрине, мұндай білгір адам іс жүзінде Құранның барлық нұсқауларына ілескен болса (Аудармашының ескертпесі).

[8] Әл-Бухари және Абу Дәуд.

[9] Әл-Бухари «Аф‘әл әл-‘Ибадта» бұл хабарды жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[10] «Әрбір аятты олардың арасында тоқтап-тоқтап оқу» тарауында.

[11] Бұл сөздің етістіктен жасалған зат есімі — тәржи’.  Хафиз Ибн Хәжар оны : «Бұл (Құран аяттарын) оқуда дауысты дыбыстарды көбейтуге (дуруб әл-харакат) ұқсайды, ал мұның негізі дірілдетуде (тардид); дауысты тәржи’ ету – бұл оны кеңірдекпен дірілдету (тардид би-ль-хальк)» деп түсіндірді; әл-Манауи былай деп айтқан: «Бұл Ардақты (Пайғамбар) (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Меккені алған күні оның кеудесін тасып толтырған өте үлкен қуаныш пен бақыттың себебінен болуы әбден ықтимал».

[12] Әл-Бухари және Муслим.

[13] Сол жерде. Ибн Хәжар «Фәтх әл-Бәриде» «а-а-а» деген бұл дыбыстауға түсіндірме жасап, былай деп жазады: «Бұл  соңынан дыбыссыз әлиф, ал оның соңынан басқа хамза ілесетін фатхалы хамза». Шейх Али әл-Қари тура сол түсіндірмені (Құранның басқа білгірлерінен) келтіріп, кейіннен былай деген: «Бұл – үш сөзылмалы әлиф болуы әбден ықтимал».

Аудармашының ескертпесі: хамза (ء) — екі дауысты дыбыстың арасында қысқа демсіздену ретінде шығарылатын әріп. Бөлек жазылуы мүмкін, бірақ жиі жағдайда «әлиф» (أ), «уау» (ؤ), «йа» (ئ) әріптерінің сүйеуіші ретінде қолданылады. Фатха – «ә» деген қысқа дыбысты білдіретін үстіңгі белгі (َ ). «Әлиф» (ا) — созылыңқы «ә» ретінде дыбысталатын араб әліппесінің алғашқы әрібі.

[14] Бұл сенімді (сахих) хадис, оны Ибн әл-Мубарак «әз-Зуһдта» (162/1 «әл-Кауахибтен» 575), әд-Дәрими, Ибн Нәср, әт-Табарани, Абу Ну‘айм «Ахбар Исбаханда» және әд-Дийа’ «әл-Мухтарада» жеткізген.

[15] Әл-Бухари «та‘лиқ» түрінде, Абу Дәуд, әд-Дәрими, әл-Хаким, Таммам әр-Рази бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбектері арқылы келтіреді.

Маңызды ескертпе: бұл хадистің бір нұсқасында оның жеткізушілерінің біреуі сөздерді шатастырып: «Дауыстарыңды Құранмен көркемдетіңдер», — деп жеткізген. Бұл қателік хадисті және оның мағынасын жеткізуде болып тұр, әрі осындай нұсқада келтірілген хадисті сенімді деп айтатын адам қатты қателеседі, өйткені мұндай болған жағдайда бұл хадис осы тарауда қаралатын басқа сенімді түсіндірме жасайтын хадистерге қайшы келер еді. Іс жүзінде осындай хабарлар «мақлюб» хадистердің (хадистің ақпараттық бөлігінде немесе иснадында бір сөздің орыны ауыстырылған немесе басқасымен алмастырылған — Аудармашының ескертпесі) мысалы болады. Қозғалған мәселе толығырақ «Силсиләт әл-Әхадис әд-Да‘ифа» (№ 5328) кітабында қаралады.

[16] Яғни ұмытылады (Аудармашының ескертпесі).

[17] Әд-Дәрими және Ахмад бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[18] Абу Дәуд және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

Ескертпе: Абу Дәудтен жеткен бұл хадисті Ибн әл-Әсир өзінің «Жәми’ әл-Усул» еңбегінде әл-Бухариге жатқызып, оны Абу Һурайрадан жеткен хадис деп келтіреді. Оған ұстаз және бауыр Абд әл-Кадир әл-Арнаут пен оның көмекшілерінің бірі сүйеніп, былай деген (т. 2, 457-бет): «Әл-Әлбани өзінің «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы» кітабында (106-бет) зерттеу тақырыбынан ауытқып, бұл хадисті Абу Дәудке жатқызды». Сөйтіп олардың екеуі де егер хадис (әл-Бухари мен Муслимнің) «әс-Сахих» жинақтарының біреуінде келтірілетін болса, онда ғалым оны соларға жатқызу керек деп нұсқады.

Мен бұған былай деймін: егер осындай тұжырымдамаларда қандай да бір жасырын ниет жоқ деп білсек, онда менің нұсқаған нәрсем ақиқатқа сай және дұрыс. Алайда олар бұл жайттың мен тарапымнан осы, Аллаһ қаласа, игілікті кітапты құрастыруым барысында байқаусыз қалмағанын әрі маған әл-Бухаридің бұл хадисті Абу Һурайрадан келтіргені де белгілі екенін білуге тиіс. Бірақ мен бұл хадисті әл-Бухариге әдейі жатқызбадым, алайда, олар, бәлкім, ойлағандай, білмегендігім немесе ынтасыздығым себепті емес. Егер іс кейбір адамдар жорамалдайтындай  осылай болғанда, онда бұл кітаптың бесінші басылымы шығып үлгерген осы уақыт ішінде мен ынтасыздығымнан жіберген қателігіме нұсқар едім,  немесе бұрын білмеген нәрсемді білер едім, алайда, Аллаһқа мадақ, мұндай еш нәрсе болған жоқ.  Ақиқатында, бұл хадистің сенімді (риуаятшы) болған жеткізушілерінің біреуі – Абу Әсим әд-Дахак ибн Мухләд ән-Нәбил, Абу Һурайрадан басталатын жеткізушілер тізбегінде қателесті, өйткені ол оны Ибн Журайжтан, Ибн Шихабтан, Абу Сәламадан, Абу Хурайрадан «мәрфу» үлгісінде (түрінде) келтірді, әрі бұл түсіндірілген. Алайда істің мәні барлық сенімді хадис баяндаушылар да осы хадисті Ибн Журайжтан жоғарыда аталған Абу Һурайрадан басталатын  тізбек арқылы «мәрфу» түрінде, бірақ басқа «Аллаһ …. тыңдайтындай басқа еш нәрсені тыңдамайды» деген нұсқамен (риуаятпен) келтіретінінде, әрі бұл хадис осы кітапта әрі қарай  аталатын болады.

Ибн Журайжтан хадистің бұл нұсқасы сенімді жеткізушілердің көбірек бөлігінен жеткізіледі, ал олардың әрбірі мұндай хадисті әз-Зухриден жеткізген.

Әрі әз-Зухриден де бұл нұсқа Яхья ибн Аби Кәсирден, Мухаммад ибн Умардан, Мухаммад ибн Ибраһим әт-Таймиден және Умар ибн Динардан жеткізіледі, әрі олардың барлығы бірге Абу Сәламадан, ал ол Абу Һурайрадан жеткізетін сенімді хадис баяндаушылар болатын.

«Осы Абу Һурайрадан келетін жалғыз иснад арқылы жеткізілетін бұл сенімді дәлелдер, — ал ол хадисті оның екінші нұсқасында жеткізген, — хадистің тек Абу Әсим жеткізетін бірінші нұсқасына қарағанда көбірек айғақтарға ие» дегенге бір ауызды келісім бар. Шындығында, ол онда қателік жасады, әрі бұл хадис ғалымдар жіктеген белгілі «шазз» санатына жатады. Осы себепті хадис білгірі (әл-хафиз)  Абу Бакр ән-Нисабури: «Хадистің екінші нұсқасын жеткізетін Ибн Журайждан баяндайтын риуаятшылардың көп болуына байланысты», — деп айтып, Абу Әсимнің хадисті осы риуаятта жеткізгенде қателескеніне сенімді еді. Мен (яғни шейх әл-Әлбани – Аудармашының ескертпесі): «Сондай-ақ бұл хадисті әз-Зухриден келтіретін риуаятшылар санының көп болуы және оны кейін Абу Сәламадан жеткізгендердің  көп   болуы себепті де», — деп айтамын.  Сондықтан әл-Хатыб әл Бәғдади Абу Бакр ән-Нисабуриге мен одан дәйексөз ретінде келтірген  (пікірде) ілесті.  Ибн әл-Асир өзінің «әл-Жәми’» еңбегінде, кейін Ибн Хәжар да «әл-Фатх»-та  (13/429) хадистің бірінші нұсқасының кемшіліктеріне сыпайы түрде нұсқады, ал бұл кейбір (ғалымдар) тарапынан байқаусыз қалды, бірақ егер біреу-міреу мұны байқаған болса да, оның «әс-Сахих» жинағында келтірілетін хадистің бір нұсқасында қателік бар екенін мойындауға итермелейтін батылы жетпейтін шығар еді.

Мен ол туралы осы кітаптың түпнұсқасында («әл-Әсл») осыдан жиырма жыл бұрын жазып кеткен зерттеу қорытындысы, міне, осындай. Мен оны (кітаптың) осы басылымында атап кетуді жөн санадым. Әрбір ынсапты адам мен «зерттеу тақырыбынан ауытқыған» болдым ба, әлде менен өзге басқа біреу (кейбір) хадис білгірлері қателік жіберген нәрседе маған қарсы пікір білдіргенде осы зерттеуді жақсылап өткізбеді ме – осыны білу үшін.    Олар сонысымен мен оның (яғни шейх әл-Әрнауттың – Аудармашының ескертпесі) қатесіне ортақ болуымды және сол (қателікте) қала беруімді қалады. Аллаһ осындай ұзақ түсіндірменің себепкері болған кісіні кешірсін, өйткені мен осы кітапта мұндайдан қашқақтауға тырысудамын және енді осы сияқты көпсөзді ой бөлісуге қайта оралуға мәжбүр болмайтын шығармын деп үміттенемін. Ал Аллаһ – ең жақсы Көмекші!

[19] Әл-Мунзири: «”Тәғанна” сөзі ”әдемі дауыспен оқу” дегенді білдіреді; Суфйан бин ‘Уйяйна және басқалар бұл пікір  ”истәғна”  ((Құранның арқасында) бұл дүниенің игіліктеріне мұқтаж болмау) сөзіне қатысты деген, алайда мұндай пікір кері қайтарылады», — деп айтқан.

[20] Әл-Бухари, Муслим, әт-Тахауи және Ибн Мәндаһ «әт-Таухидте»(81/1).

[21] Яғни: егер сен мені сол кезде көргеніңде, бұл саған қуаныш қосар еді (Аудармашының ескертпесі).

[22] Діндар-ғалымдар «сырнай» дегенде  бұл жерде әдемі дауыс, ал «Дәуіттің әулеті» дегенде  Дәуіт (пайғамбардың) өзі (оған Аллаһтың сәлемі болсын) туралы меңзеледі деп айтады. Кімнің болсын әулеті нақты оның өзіне ғана қатысты бола алады, ал Дәуіт өте әдемі дауысқа ие болатын. Бұл туралы имам ән-Нәуауи Муслимнің «Сахихына» жазған түсіндірмесінде нұсқаған.

[23] Абду-р-Раззақ «әл-Амалиде» (2/44/1), әл-Бухари, Муслим, Ибн Нәср және әл-Хаким.

жалғасы бар