Фиқһ мәселелері

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы (31)

Рукуғ

«الرُّكُــوعُ»

Кейін, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (Құран) оқуды аяқтап болып, шамалы тұра тұратын[1], содан соң, бұл «Намазды ашатын тәкбір (такбират әл-ихрам)» тарауында түсіндірілгендей, екі қолын көтеріп[2], тәкбір айтатын[3] және рукуғ жасайтын[4].

Ол сондай-ақ «намазды нашар орындаған адамға да»:

«إِنَّهَا لاَ تَتِمُّ صَلاَةُ أَحَدِكُمْ حَتَّى يُسْبِغَ الْوُضُوءَ كَمَا أَمَرَهُ اللَّهُ تَعَالَى، ثُمَّ يُكَبِّرُ وَيَحْمَدُ اللَّهَ وَيُمَجِّدَهُ، وَيَقْرَأُ مِنَ الْقُرْآنِ مَا أَذِنَ اللَّهُ لَهُ فِيهِ، ثُمَّ يُكَبِّرُ فَيَرْكَعُ، وَيَضَعُ كَفَّيْهِ عَلَى رُكْبَتَيْهِ حَتَّى تَطْمَئِنَّ مَفَاصِلُهُ وَتَستَرخِي..».

«Ақиқатында, сендердің кез келгендеріңнің намазы ол сол үшін Аллаһ бұйырғандай етіп ең жақсы үлгімен дәрет алмайынша,…; кейін Аллаһты ұлықтамайынша; Оны мадақтап дәріптемейінше; кейін Құраннан Аллаһ оған үйреткенін және (есіне сақтауға) мүмкіндік бергенін өзіне қиындық туғызбайтындай мөлшерде оқымайынша; кейін тәкбір айтып, буындары тырысып тұрмағанын және босансынғанын (сезетіндей) [екі қолын тізелеріне қойып,] рукуғ жасамайынша…. толық болмайды»[5].

 

Рукуғтың сипаттамасы

«صِفَةُ الرُّكُـوعِ»

«Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алақандарын тізелеріне қоятын»[6] және «басқаларға да солай істеуді бұйыратын»[7], мысалы, жоғарыда келтірілген хадистегі «намазды нашар орындаған адамға» да осыны бұйырды.

«Ол алақандарын тізелерінің үстіне [оларды қысып ұстап тұрғандай] мығым тіреп қоятын»[8] және «саусақтарының арасын ашатын»[9], әрі тура соны «намазды нашар орындаған адамға» бұйырып:

«إِذَا رَكَعْتَ فَضَعْ رَاحَتَيْكَ عَلَى رُكْبَتَيْكَ، ثُمَّ فَرّجْ بَيْنَ أَصَابِعِكَ، ثُمَ امْكُثْ حَتَّى يَأخُذَ كُلُّ عُضْوٍ مَأْخَذَهُ».

       «Сен рукуғ жасағаныңда алақандарыңды тізелеріңе қой, кейін саусақтарыңның арасын аш, кейін денеңнің әрбір мүшесі өзінің тиісті күйіне түспейінше (осындай күйде) қала бер», — деген[10].

«Ол еркін тұратын (яғни қысылып тұрмайтын) және шынтақтарын бүйірлерінен алшақтау қоятын (яғни оларды бүйірлеріне жабыстырып ұстамайтын)»[11].

«Рукуғта ол арқасын біртегіс етіп, түзу ұстайтын»[12], «тіпті егер оған су құйылса, ол орнында қала берер еді (яғни ағып кетпес еді)»[13]. Ол сондай-ақ «намазды нашар орындаған адамға» былай деп айтқан:

«فَإِذَا رَكَعْتَ فَاجْعَل رَاحَتَيْكَ عَلَى رُكْبَتَيْكَ، وَامْدُدْ ظَهْرَكَ، وَمَكِّنْ لِرُكُوعِكَ».

«Сен рукуғ жасаған кезіңде, алақандарыңды тізелеріңе қой, арқаңды (бүкіл бойымен) түзе және осы күйде мығым тұр» (сөзбе-сөз: «өз рукуғыңда» — Аудармашының ескертпесі)»[14].

«Ол басын өте төмен де түсірмейтін (яғни оның басы салбырамайтын) және оны (өте жоғары да) [яғни арқасының бойынан жоғары] көтермейтін»[15] — ол (осы екеуінің арасындағы) орташа күйде болатын[16].

 

Рукуғ жасау кезінде тыныш тұру (әр мүшенің тиісті күйіне түсуі) міндеттілігі туралы

«وُجُوبُ الطَّمْأَنِيْنَةِ فِي الرُكُـوعِ»

Ол рукуғ жасау кезінде әр мүшесін тиісті күйіне түсіретін және, бұл жоғарыда ескертілгендей, «намазды нашар орындаған адамға» да осылай істеуді бұйырған еді.

Ол былай деп айтатын:

«أَتِمُّوا الرُّكُوعَ وَالسُّجُودَ؛ فَإِنِّي أَرَاكُمْ مِنْ بَعْدِ ظَهْرِي إِذَا مَا رَكَعْتُمْ، وَإِذَا مَا سَجَدْتُمْ».

«Өз рукуғтарың мен сәжделеріңді толық орындаңдар, өйткені, жаным Қолында болғанмен ант етемін, ақиқатында, мен сендерді рукуғ пен сәжде жасап жатқан кездеріңде  артымда көріп турамын[17]»[18].

Бірде «ол рукуғтарын дұрыс орындамай және сәжде жасау кезінде мұрнымен шұқып намаз орындап тұрған адамды көріп, оған былай деп айтқан:

«لَوْ مَاتَ هَذَا عَلَى حَالِهِ هَذِه؛ مَاتَ عَلَى غَيْرِ مِلَّةِ مُحَمَّدٍ، [يَنْقُرُ صَلاَتَهُ كَمَا يَنْقُرُ الْغُرَابُ الدَّمَ]، مَثَلُ الَّذِى لاَ يُتِمُّ رُكُوعَهُ وَيَنْقُرُ فِى سُجُودِهِ مِثْلُ الْجَائِعِ الّذِي يَأْكُلُ التَّمْرَةً وَالتَّمْرَتَيْنِ، لاَ يُغْنِيَانِ عَنْهُ شَيئاً».

«Егер бұл адам осы күйінде өлсе, ол [қанды шұқып жатқан қарға сияқты намазда мұрнымен шұқып,] Мухаммадтың дінінде (милләт) болмаған күйде өлер еді. Рукуғтарын соңына дейін (толық) орындамаушы және сәжде жасау барысында мұрнымен шұқушы, бір-екі құрма жейтін, бірақ олар оған еш пайда бермейтін аш адам секілді»[19].

Абу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) былай деп айтқан: «Менің сүйікті досым (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) маған намаз кезінде қораз секілді мұрынмен шұқуға, түлкі сияқты басты бұра беруге және маймыл сияқты (жүресінен) отыруға тыйым салды»[20].

Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сондай-ақ былай деп айтатын:

«أَسْوَأُ النَّاسِ سَرِقَةً الَّذِى يَسْرِقُ صَلاَتَهُ »قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ كَيْفَ يَسْرِقُ صَلاَتَهُ؟ قَالَ:«لاَ يُتِمُّ رُكُوعَهَا وَلاَ سُجُودَهَا».

«Адамдардың арасындағы ең жаман ұры өз намазынан (бір нәрсе) ұрлаушы болып табылады». Одан: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Ол қалайша өз намазынан (бір нәрселерді) ұрлайды?», — деп сұрады. Ал ол: «Ол рукуғтары мен сәжделерін соңына дейін орындамайды», — деп жауап берді[21].

Бірде «ол намаз орындап тұрған кезінде көзінің қырымен рукуғ пен сәжде жасаған кездерінде омыртқасы түзу етіп жазылмайтын бір адамды байқап қалды. (Намазын) аяқтап болған соң,  ол:

«يَا مَعْشَرَ الْمُسْلِمِينَ! إِنَّهُ لَا صَلَاةَ لِمَنْ لَا يُقِيمُ صُلْبَهُ فِي الرُّكُوعِ وَالسُّجُودِ».

«Уа, мұсылмандар жамағаты! Ақиқатында, рукуғ және сәжде жасаған кезде омыртқасын түзу етіп жазбағанның намазы жарамсыз (дұрыс емес)», — деді[22].

Басқа бір хадисте ол былай деп айтқан:

«لاَ تُجْزِئُ صَلاَةٌ لاَ يُقِيمُ الرَّجُلُ فِيهَا ظَهْرَه فِى الرُّكُوعِ وَالسُّجُودِ».

«Адам рукуғ және сәжде жасау кезінде арқасын түзу етіп жазбайынша, оның намазы үшін сауап берілмейді»[23].

 

Рукуғта айтылатын Аллаһты еске алу сөздері (зікірлер)

«أَذْكَارُالرُكُوعِ»

Ол (рукуғта – аудармашыдан (қз.)) Аллаһты еске алу сөздерін айтатын және төменде келтірілген түрлі дұғаларды кезектестіріп, Оған жалбарынатын:

 1.«سُبْحَانَ رَبِّيَّ العَظِيم»       

Субхәнә Рабби-л-‘Азым (3 рет)

«Ұлы Раббым Пәк (3 рет).[24]

Алайда кейде ол бұл сөздерді үш реттен де көбірек айтатын[25]. Бірде қосымша түнгі намазда ол бұл сөздерді көп айтатқаны сонша – оның рукуғінің ұзақтығы ол «әл-Бақара», «Ниса», «Әли Имран» секілді үш сүрені оқыған қиямының ұзақтығындай болды. Осы намазда ол Аллаһқа көп дұға етіп жалбарынатын және Одан кешірім сұрайтын. Бұл хадис жоғарыда «Қосымша түнгі намаз (таһажжуд)» тарауында (Хузайфа ибн әл-Йаманнан — Аудармашының ескертпесі) келтірілді.

 

 2.«سُبْحَانَ رَبِّيَّ العَظِيم وبِحَمْدٍِِِه»      

Субхәнә Рабби-л-‘Азым уа би-хамди-һи (3 рет).

«Ұлы Раббым Пәк және Оған мақтау-мадақ!»[26] (3 рет).

 

 3.«سُبُّوحٌ قُدُوسُ رَبُّ المَلاَئِكَةِ والرُّوحِ»      

Суббухун, Қуддусун, Раббу-л-мәләикәти уә-р-рух.

«Пәк, Қасиетті[27], періштелер мен Рухтың (Жәбірейілдің) Раббысы[28][29]

 

 4. «سُبْحَانَكَ اللَّهُمَّ! وَبِحَمْدِكَ اللَّهُمَّ! اغْفِرْ لِي»       

Субхәнә-кә, Аллаһуммә, уа би-хәмди-кә! Аллаһуммә, ғфир ли!

«Уа, Аллаһ, сен Пәксің[30] және Саған мадақ! Уа, Аллаһ, мені кешір!»

Ол өзіне Құранда бұйырылған нәреселердің барлығын орындап рукуғ пен сәжде жасау кезінде осы сөздерді жиі қайталайтын[31].

 

 5.«اللَّهُمَّ لَكَ رَكَعْتُ، وَبِكَ آمَنْتُ ـ وَلَكَ أسْلَمْتُ، ]أنتَ رَبِّي[ خَشَعَ لَكَ سَمْعِي وَبَصَرِي، وَمُخِي وَعَظمِي(عِظَامِي) وَعَصَبِي، ]وَمَا اسْتَقَلَّتْ بِهِ قَدَمِي للهِرّبِّ العِالَمِينَ[».

Аллаһуммә, лә-кә ракә‘ту, уа би-кә әмәнту, уа лә-кә әс-ләмту, [әнтә рабби,] хаша‘а лә-кә сам‘и, уа басари, уа муххи, уа ‘азми [немесе ‘ызами], уа ‘асаби [уа мә-стақалләт би-һи қадами ли Лләһи рабби-л-‘аләмин]

«Уа, Аллаһ, Өзіңе рукуғ еттім (иілдім) және Өзіңе иман келтіріп, Өзіңе бойұсындым [Сен — Раббымсың]. Саған құлағым, көзім, миым, сүйегім (тағы бір хабарда «сүйектерім» деп келеді), сіңірім бойұсынды [сондай-ақ аяғым  көтеріп тұрған бүкіл болмысым[32]  — барлығы әлемдердің Раббысы — Аллаһқа тән]!»[33]

 

 6.«اللَّهُمَّ لَكَ رَكَعْتُ، وَبِكَ آمَنْتُ، وَلَكَ أسْلَمْتُ، وَعَلَيْكَ تَوَكَّلْتُ، أنْتَ رَبِّي، خَشَعَ سَمعِي وَبَصَرِي وَدَمِّي وَلَحْمِي وَعَظمِي وَعَصَبِي للهِ رَبِّ العَالَمِينَ».

Аллаһуммә, лә-кә ракә‘ту, уа би-кә әмәнту, уа лә-кә асләмту уа ‘аләй-кә тауаккәлту, әнтә рабби, хаша‘а сам‘и уа басари, уа дами, уа ләхми, уа ‘азами, уа ‘асаби ли Лләһи рабби-л-‘аләмин.

«Уа, Аллаһ, Өзіңе рукуғ еттім (иілдім) және Өзіңе иман келтіріп, Өзіңе бойұсындым, Саған тәуекел еттім. Сен — Раббымсың. Құлағым, көзім, қаным және етім, сүйектерім мен сіңірлерім әлемдердің Раббысы – Аллаһқа тән!»[34]

 

 7.«اللَّهُمَّ لَكَ رَكَعْتُ، وَبِكَ آمَنْتُ، وَلَكَ أسْلَمْتُ، وَعَلَيْكَ تَوَكَّلْتُ، أنْتَ رَبِّي، خَشَعَ سَمعِي وَبَصَرِي وَدَمِّي وَلَحْمِي وَعَظمِي وَعَصَبِي للهِ رَبِّ العَالَمِينَ».

Субханә зи-л-жәбәрути, уә-л-мәләкути, уә-л кибри-йаи, уә-л-‘азамати.

«(Шексіз) күш-құдіреттің, биліктің, айбындылық пен ұлылықтың[35] Иесі Аллаһ (кемшілік атаулыдан) Пәк!» «Ол бұл сөздерді қосымша түнгі намазда айтатын»[36].

 

Рукуғты ұзақ уақытқа созып орындау туралы

«إِطَالَةُ الرُكُوعِ»

«Оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) рукуғы, рукуғтан кейін тік тұруы, сәждесі және екі сәжде арасында отыруы (ұзақтығы бойынша) шамамен бірдей болатын»[37].

 

Рукуғ жасау кезінде Құран оқуға тыйым салынғандығы туралы

«النَّهْيُ عَنْ قِرَاءَةِ القُرْآنِ فِي الرُكُوعِ»

«Ол  (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) рукуғ пен сәжде жасағанда Құран оқуға тыйым салатын»[38]. Бұдан тыс ол:

«أَلاَ إِنِّى نُهِيتُ أَنْ أَقْرَأَ رَاكِعًا أَوْ سَاجِدًا، فَأَمَّا الرُّكُوعُ فَعَظِّمُوا فِيهِ الرَّبَّ، وَأَمَّا السُّجُودُ فَاجْتَهِدُوا مِنَ الدُّعَاءِ ، فَقَمِنٌ أَنْ يُسْتَجَابَ لَكُمْ».

«Ақиқатында, маған рукуғ пен сәжде жасағанымда Құран оқуға тыйым салынды. Сондықтан да рукуғ жасау кезінде Аса Құдіретті және Ұлы Раббының Ұлылығын дәріптеңдер, ал сәжде жасау кезінде (Аллаһқа) жиі дұға етіп жалбарыныңдар, өйткені (дұғаларыңа) жауап қайтарылуы әбден мүмкін», — деп айтатын[39].


[1] Абу Дәуд және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен. Бұл, Ибн аль-Каййим мен басқа (ислам ғалымдарының) пікірінше, оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (Құран оқып болған соң) демін басу үшін болған.

[2] Әл-Бухари және Муслим. Осылайша рукуғтан тұрған кезде де екі қолды көтеру туралы Пайғамбардың өзінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өте көптеген (мутауатир) хадистер жеткізіледі. Бұл қағида — имам Мәлик, әш-Шәфи‘и және Ахмад сынды үш имамның, сондай-ақ хадис білгірлері болған ғалымдардың (мухаддистердің) және фиқһ мамандарының басым бөлігінің мазһабы. Имам Мәлик (Аллаһ оны рақым етсін) өмірінің соңына дейін осы қағиданы ұстанды, бұл туралы Ибн ‘Асакир (15/78/2) айтқанындай. Ханафи мазһабының кейбір өкілдері де, бұл осы кітаптың алғысөзінде түсіндірілгеніндей, соның ішінде Абу Юсуфтың шәкірті болған `Исам ибн Йусуф Абу ‘Асам әл-Бәлхи де (210 х. ж. қайтыс болды) осыны ұстанды. Абдуллаһ ибн Ахмад өзінің «әл-Мәса’ил» (60-бет) кітабында өзінің әкесінен (Ахмад ибн Хәнбалдан — Аудармашының ескертпесі) былай деп жеткізген: «‘Уқба ибн ‘Амирден ол намаз кезінде қолдарын көтерген адам туралы: «Әрбір осындай қозғалыс үшін ол (Аллаһтан) он игі іс жасағандай сый-сауап алады», — деп айтқаны жеткізіледі».

Мен (яғни шейх әл-Әлбани – Аудармашының ескертпесі) былай деймін: бұл сөз келесі құдси хадиспен расталады (құдси хадис — ол бізге Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арқылы жеткізіледі, ал бұл хадистің жеткізу тізбегінің өзі Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ұлы әрі Аса Құдіретті Аллаһқа көтеріледі.  — Аудармашының ескертпесі): «…кім жақсы іс істеймін деп шешсе және оны істесе, Аллаһ Өзінің құзырында оның (істегені) үшін оннан жеті жүзге дейін және одан да көбірек осындай (жақсы) істерді жазып қояды» (әл-Бухари және Муслим). Қз.: «Сахих әт-Тарғиб» (№ 16).

[3] Әл-Бухари және Муслим.

[4] Сол жерде.

[5] Абу Дәуд және ән-Нәса’и. Әл-Хаким бұл хадисті сенімді деген және әз-Зәһаби онымен келіскен.

[6] Әл-Бухари және Абу Дәуд.

[7] Әл-Бухари және Муслим.

[8] Әл-Бухари және Абу Дәуд.

[9] Әл-Хаким. Ол бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби және әт-Тайалиси келіскен. Бұл хадис Абу Дәудтың «Сахихында» келтіріледі (809).

[10] Ибн Хузайма және Ибн Хиббан өздеріңің «әс-Сахих» кітаптарында.

[11] Әт-Тирмизи, ол бұл хадисті сенімді деген және Ибн Хузайма да.

[12] Әл-Бухари және әл-Бәйһақи бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[13] Әт-Табарани «Му‘жам әл-Кәбирде» және «Му‘жам әс-Сағирде», Абдуллаһ ибн Ахмад «Зауа’ид әл-Муснадта» және Ибн Мәжаһ.

[14] Ахмад және Абу Дәуд бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[15] Абу Дәуд және әл-Бухари «Жуз әл-Қира’ада» бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[16] Муслим және Абу Ауана.

[17] Бұл Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тек намаз орындау кезінде ғана орын алған муғжизаларының бірі болған шынайы көруі еді: бұлайша көру жалпы сипатта болғандығы жайлы ешбір куәліктер жоқ.

[18] Әл-Бухари және Муслим.

[19] Абу Йа‘лә «әл-Муснадта» (340, 3491/1), әл-Әжури «әл-Әрба‘инде», әл-Бәйһақи, әт-Табарани (1/192/1), әд-Дийа’ «әл-Мунтақа мин әл-Әхадис әс-Сахах уәл-Хисанда» (276/1), Ибн ‘Асакир (2/226/2,414/1, 8/14/1,76/2) бұл хадисті жеткізушілердің жақсы тізбегі арқылы жеткізген және Ибн Хузайма да; соңғысы бұл хадисті сенімді деген (1/82/1). Ибн Батта «әл-Ибанада» (5/43/1) күшейтетін басқа хадистің қосымшадан басқа бірінші бөлімін «мурсәл» түрінде келтіреді.

[20] Әт-Тайалиси, Ахмад және Ибн Аби Шәйба. Бұл, мұны мен Абд әл-Хаққ әл-Ишбилидің  «әл-Әхкам» (1348) кітабына жазған түсіндірмемде айтқанымдай, жақсы хадис.

[21] Ибн Аби Шәйба (1/89/2), әт-Табарани және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деген және онымен әз-Зәһаби келіскен.

[22] Ибн Аби Шәйба (1/89/1), Ибн Мәжаһ және Ахмад бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді. Қз.: «әс-Сахих» (2536).

[23] Абу Ауана, Абу Дәуд және әс-Сахми (61). Әд-Дәрақутни бұл хадисті сенімді деген.

[24] Ахмад, Абу Дәуд, Ибн Мәжаһ, әд-Дәрақутни, әт-Тахауи, әл-Бәззар, Ибн Хузайма (604) және әт-Табарани бұл хадисті «Му‘жам әл-Кәбир» кітабында жеті сахабадан жеткізеді.  Сөйтіп, бұл хадис «Дәріптеуде тек үш ретпен шектелуге болады» деген пікірмен келіспейтіндердің (мысалы, Ибн әл-Қайимнің және басқалардың) пікірін теріске шығарады.

[25] Мұндай қорытынды оның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  қиямда тұруы, рукуғы мен сәждесі ұзақтықтары бойынша бірдей болғандығы туралы хабарланған хадистерде  айтылған, бұл туралы келесі тарауда сөз етіледі.

[26] Сенімді (сахих) хадис, Абу Дәуд, әд-Дәрақутни, Ахмад, әт-Табарани және әл-Бәйһақи келтіреді.

[27] Абу Исхақ былай деген: ««Суббух» деген «қандай да болсын кемшіліктерден Пәк» дегенді, ал «Қуддус» деген «Пәк және Қасиетті» дегенді білдіреді». Ибн Сайда былай деп айтқан: «Суббух пен Құддус Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһтың сипаттары болып табылады, өйткені Оны барлық (жаратылыстар) дәріптейді және ұлықтайды»  («Лисан әл-‘Араб»).

[28] Бұл жерде  Жәбірейіл (оған Аллаһтың сәлемі болсын) аталып тұрған болуы әбден ықтимал (Аудармашының ескертпесі).

[29] Муслим және Абу Ауана.

[30] Яғни: «Сенің Даңқың Саған телінетін кез келген лайықсыздықтан жоғары», — деп куәлік береміз (Аудармашының ескертпесі).

[31] Әл-Бухари және Муслим. «…өзіне Құранда бұйырылғанды орындап» деген сөздер Аллаһ Тағаланың : «Енді Раббыңды мақтай дәріптеп, Одан жарылқау тіле. Негізінен Аллаһ тәубені өте қабыл етуші» («Нәср» сүресі, 110:3), — деген сөздеріне қатысты.

[32] Бұл әрбір жеке затты атағаннан соң жалпы сөзді қолданудың мысалы (басқаша айтқанда бүкіл дене — Аудармашының ескертпесі).

[33] Муслим, Абу Ауана, әт-Тахауи және әд-Дарақутни.

[34] Ән-Нәса’и бұл хадисті жеткізушілердің  сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

            [35] Бұл сөздер шексіз құдіретті (әл-қахр) білдіретін «әл-жабр» сөзінің және абсолюттік билікті (әт-тасарруф) білдіретін «әл-мүлк» сөзінің таңдаулы шырайы болып табылады. Яғни Аллаһ шексіз құдірет пен  абсолюттік билік Иесі болып табылады, әрі олардың әрқайсысы ең жоғары дәрежеге жетеді.

[36] Абу Дәуд және ән-Нәса’и бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді. Ескертпе: Жоғарыда келтірілген (Аллаһты) еске алу сөздерінің (зікірлердің) екеуін немесе бірнешеуін бір рукуғта біріктіріп айту туралы қандай да бір куәлік бар ма әлде жоқ па? Ғалымдардың бұл мәселеге қатысты пікірлері әртүрлі болды. Ибн әл-Қайим өзінің «Зад әл-Ма‘ад» кітабында бұл туралы нақты еш нәрсе айтпаған. Имам ән-Нәуауи өзінің «әл-Әзкар» кітабында бірінші пікірге ауып, былай деп жазған: «Егер мүмкіндік болса, осы еске алу сөздердің (зікірлердің) барлығын біріктіру әрі (намаздағы) зікірлер айтылатын басқа әрекеттерді жасауда да осылай істеу ең жақсысы болып табылады». Абу әт-Таййиб Сыддық Хасан Хан онымен келіспеді де, «Нузул әл-Абрарда» (84-бет): «Бір зікірлер бір жерде, ал басқалары басқа жерде жеткізіледі, бірақ мен оларды біріктіруге мүмкіндік беретін куәліктерді көріп тұрған жоқпын.  Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейде бір дұғаны, ал кейде екінші дұғаны айтып, оларды бір кезде біріктірмеген; жаңадан бір нәрселерді ойдан шығарғанша (оның өнегесіне) ілесу жақсырақ болады». Соңғы көзқарас, Аллаһ қаласа, ақиқатқа едәуір жақынырақ. Алайда осы (рукуғ) күйінде және басқа да күйлерде ұзақтығы бойынша қиямда тұрғандай ұзақ тұру Сүннетте бекітілген. Сөйтіп, егер намаз орындаушы осы мәселеге қатысты Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне ілескісі келсе, ол үшін жалғыз мүмкін болған нәрсе не, бұған ән-Нәуауи нұсқағандай және Ибн Нәср «Қийям әл-Ләйл» (76-бет) кітабында Ибн Журайждан  ‘Ата осылай істегендігі туралы хабарда келтіргендей, осы зікірлерді біріктіріп айту болады, не көп рет қайталанатын қандай да бір зікірді  айту болады, әрі Сүннетке жақыны да осы.  Аллаһ бұл туралы жақсырақ біледі!

[37] Әл-Бухари және Муслим. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» кітабында келтірілген (331).

[38] Муслим және Абу Ауана. Бұл абсолюттік тыйым жалпы сипатқа ие, әрі ол парыз намаздарды да, нәпіл намаздарды да қамтиды. Ибн Асакирдің (17/299/1) «…қосымша намаздарға қатысты айтар болсақ, бұда (Құран оқуда) айыпталатын еш нәрсе жоқ»  деген қосымшасы не  үлкен беделге ие басқа хабарларға қайшы келеді (шазз), не оны жеткізу барысында өрескел қате (мункар) орын алған. Ибн ‘Асакирдің өзі бұл қосымшаның жасырын кемшілігіне нұсқады, сондықтан да оны басшылыққа алуға және оған амал етуге тыйым салынады.

[39] Муслим және Абу Ауана.

жалғасы бар