Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы (26)

«Әл-Фатиха» сүресін ғана оқудың рұқсат етілетіндігі туралы

«جَوَازُ الاقْتِصَارِ عَلَى الفَاتِحَةِ»

«Әдетте Му‘аз (ибн Жәбал) [соңғы] құптан (‘иша) намазын Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге орындап, содан соң қайтып, өз руластарымен бірге намаз өткізетін. Бірде кешкісін, ол қайтып келіп, олармен бірге намаз өткізіп тұрған кезде, (оның тайпасынан) бір жас жігіт те [оның есімі Суләйм, ал өзі бану суләйм тайпасынан еді] онымен бірге намаз орындайды,  алайда намаз ол үшін өте созылып кеткен кезде, ол [кетеді де, мешіттің бір бұрышында оңашаланып] намаз оқиды да, кейін (мешіттен) шығып, түйесін жетектеп кетіп қалады. Намаз аяқталған соң (адамдар) Му‘азға болған уақиғаны айтып береді, әрі ол: «Ақиқатында, бұл оның тарапынан екіжүзділік болды! Мен міндетті түрде Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның істегені туралы айтып беремін!», — дейді.  Жас жігіт: «Мен де Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның істегені туралы айтып беремін!», — дейді.  Таңертең олар (екеуі) Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келеді де, Му‘аз бұл жас жігіттің қылығы туралы хабарлайды. Жас жігіт: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Ол сіздің қасыңызда едәуір көп уақыт болады да, сосын (бізге) келіп, оны (яғни намазды) біз үшін созып (ұзартып) жібереді!», — деді. Мұны естіп, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Бүлік шығарып жүрген сенбісің, уа, Му‘аз?!», — деді де, жас жігітке қарап: «Сен намаз орындаған кезіңде не істейсің, уа, менің бауырымның ұлы?!», — деп сұрады. Ол: «Мен Кітапты Ашушы сүрені оқимын, кейін Аллаһтан Жәннатты сұраймын да, Оған Оттан пана тілеп жалбарынамын. Расында, мен сіздің (намазда) сұрайтын нәрсеңізді де,  Му‘аздың іштей былдырлап сұрайтын нәрселерін де (дәндана[1]) білмеймін!», — деді.  Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Біз Му‘аз екеуіміздің сұрайытын нәрсеміз бірдей», — деп жауап берді». Бұл хадистің жеткізушісі әрі қарай былай деп хабарлады: «Жас жігіт былай деді: «Ал (дұшпан) тайпасы келіп, адамдарға жаудың (бізге) тап бергені туралы хабарланғанда, Му‘аз  (менің кім екенімді) әлі біледі!» Әрі қарай хадистің жеткізушісі былай деп айтқан: «Және (шынымен де оның тайпасына) жау шабуыл жасағанда, бұл жас жігіт шәһид болды.

Содан соң Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Му‘азға: «Ал менімен және сенімен айтысқан жігіт не істеді?», — деді. Му‘аз: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Аллаһтың алдында оның (айтқаны) дұрыс болды, ал мен (оны екіжүзді деп атап) өтірік айтқан екенмін, ол дін үшін шәһид болды!», — деп жауап берді»[2].


[1]  «Дәндана» — біреудің кейбір сөздерді ырғағы естілетіндей етіп, алайда оларды түсіну қиын болатындай айтуы; бұл сыбыстан сәл жоғарылау.

[2] Ибн Хузайма «әс-Сахихте» (1634) және әл-Бәйһақи бұл хадисті сенімді иснадпен келтіреді. Күшейтетін хадисті Абу Дәуд «Сахихта» (№ 758) келтірген, ал бұл оқиғаның негізгі мазмұнын әл-Бухари және Муслим келтіреді. Бірінші қосымша Муслим келтіретін, екіншісі — Ахмад (5/74), ал үшіншісі және төртіншісі  — әл-Бухари келтірген хадистерде қамтылады. Сондай-ақ осы бөлімнің атына сәйкес келетін хадис те бар, ол Ибн Аббастан былай деп жеткізіледі: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі ракағат намазды, оларда тек «әл-Фатиха» сүресін ғана оқып, орындады». Бұл хадисті Ахмад (1/282), Харис ибн Абу Усама өзінің «Муснадында» (38-бет «Зауа’ид») және әл-Бәйһақи (2/62) әлсіз иснадпен жеткізеді. Мен өз қателігімді байқағаныма дейін, өзімнің алдынғы еңбектерімде бұл хадисті жақсы деп атағанмын, өйткені бұл хадис әлсіз риуаятшы болып табылатын Хәнзала әд-Дауси арқылы жеткізіледі, әрі мен мұның менің назарымнан қалай тыс қалғанын білмеймін; мүмкін мен оны басқа біреу деп ойлаған шығармын. Қалай болғанда да,  мені өз қателігімді көруіме алып келген Аллаһқа мадақ, міне сондықтан да мен кітапта оны түзетуге асықтым. Кейін Аллаһ маған Му‘аздан жеткен одан да жақсы хадисті сыйлады: онда жоғарыда келтірілген Ибн Аббастан жеткізілетін хадис нұсқайтын нәрсе туралы  баяндалады. Оның Мейірімімен игі істер соңына дейін жеткізілетін Аллаһқа мадақ!

жалғасы бар