Фиқһ мәселелері

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы (17)

Оң қолды сол қолдың үстіне қою және осылай істеу туралы бұйрық

«وَضْعُ اليُمْنَى عَلَى اْليُسْرَى وَالأَمْرُ بِهِ»

«Ол  (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оң қолын сол қолының үстіне қоятын»[1] және:

«إِنَّا مَعْشِرَ الأَنْبِيَاءِ أُمِرْنَا بِتَعْجِيْلِ فِطْرِنَا وَتَأْخِيْرِ سُحُورَنَا وَأنْ نَضَعَ أَيْمَانَنَا عَلَى شَمَائِلِنَا فِى الصَّلاَةِ».

 «Бізге — пайғамбарларға ауызашарға (ифтарға) асығу[2] және сәресін (сухурды) кейіндету[3], сондай-ақ намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою бұйырылған», — деп айтатын[4].

Сондай-ақ «ол сол қолын оң қолының үстіне қойып намаз орындап тұрған бір адамның жанынан өтіп бара жатты. Сонда ол оның қолдарын ажыратып, оң қолын сол қолының үстіне қойды»[5].

 

Қолдарды көкірекке қою

«وَضْعُهُمَا عَلَى اْلصَّدْرِ»      

«Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оң қолын сол алақанының, білезік буынының және білегінің  сырт жағына қоятын»[6], «әрі өзінің сахабаларына солай істеуді бұйыратын»[7], ал кейде «ол өзінің сол қолын оң қолымен қысып ұстайтын»[8].

«Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларды (яғни екі қолын — Аудармашының ескертпесі) көкірегіне қоятын»[9].

Сондай-ақ «ол екі қолды бүйіріне қойып намаз оқуға тыйым салатын [және ол (оны көрсетіп беру үшін) қолын бүйіріне қойды]»[10]. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәл осындай, яғни «силб» [крестке керілген адамға ұқсас] күйді қабылдауға  тыйым салатын[11].[12]


[1] Муслим және Абу Дәуд. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» кітабында келтірілген (352).

[2] Ауызашар, оразаның уақыты біткенді білдіретін күн батқан мезетте тамақтану (Аудармашының ескертпесі).

[3] Ораза ұстаудан бұрын таң атқанша азғантай уақыт қалғанға  дейін  соңғы тамақтану (Аудармашының ескертпесі).

[4] Ибн Хиббан және әд-Дийа’ бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[5] Ахмад және Абу Дәуд бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді.

[6] Абу Дәуд, ән-Нәса’и және Ибн Хузайма (1/54/2) бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді. Бұл хадистің сенімділігін Ибн Хиббан (485) анықтаған.

[7] Мәлик, әл-Бухари және Абу Ауана.

[8] Ән-Нәса’и және әд-Дарақутни бұл хадисті жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы келтіреді. Бұл хадисте (сол қолды оң қолмен) қысудың сүннет екендігіне куәлік бар, ал бұдан алдынғы хадисте (оң қолды сол қолдың үстіне) қою туралы сөз болған, әрі бұл да сүннет болып табылады.  Сөйтіп, бұл әрекеттің екеуі де – сүннет. Ал (мұсылмандардың) соңғы буынынан болған кейбір ханафилер мақұлдаған қою мен ұстауды  біріктіруге қатысты айтар болсақ, бұл діни жаңалық (бидғат).  Ол былайша көрініс табады: Ибн ’Абидин «Дурр әл-Мухтар» (1/454) кітабына жасаған ескертпелерінде нұсқағандай, оң қолды сол қолдың үстіне қойып, оң қолдың бас бармағы және шынашағымен сол қолдың білегін қапсыра ұстау, ал қалған үш саусақ (сол қолдың үстінде) жалпасынан жатады. Сондықтан да мұндай сөздермен адаспаңдар!

[9] Абу Дәуд, Ибн Хузайма «әс-Сахихта» (1/54/2), Ахмад және Абу әш-Шейх «Тарих Асбаханда» (125-бет). Бұл хадистің бір тізбегін (иснадын) әт-Тирмизи жақсы (хасан) деп айтқан. Мұқият қарап шыққан кезде, мағынасы бойынша  осыған ұқсас хадистерді «әл-Мууатта’» кітабында және әл-Бухаридің «әс-Сахих» хадистер жинағында табуға болады. Мен бұл хадистің иснадтарын өзімнің «Әхкам әл-Жәна’из» (118-бет) кітабымда мұқият зерттегенмін.

Ескертпе: Қолдарды көкірекке қою Сүннетте сенімді түрде бекітілген, ал бұған қайшы келетін барлық нәрсе не әлсіз, не мүлде негізсіз болып табылады. Имам Исхақ ибн Раһауайһ та осы Сүннетке сәйкес амал ететін, бұл туралы әл-Мәруази «әл-Мәса’ил» (222-бет) кітабында былай деп айтатынындай: «Исхақ бізбен бірге үтір намазын орындайтын… Ол дұға кезінде қолын көтеретін және дұғаны рукуғтан бұрын жасайтын, ал қолдарын көкірегіне немесе көкірегінен сәл төмендеу қоятын».

Тура осыны әл-Қади ’Ийәд әл-Мәлики өзінің «әл-И’ләм» кітабында «Мустахаббат әс-Саләт» тарауында (3-басылым, Рабат, 15-бет) былай деп айтқан: «Оң қолды көкіректің жоғарғы тұсына сол қолдың сырт жағына қою қажет». Мұнымен сондай-ақ Абдуллаһ Ибн Ахмад Ибн Хәнбал өзінің «әл-Мәса’ил» (62-бет) енбегінде баяндаған мына сөздері де ұқсас: «Мен әкемнің намазда бір қолын екіншісінің үстіне кіндіктен жоғары қоятынын көретінмін».

Аудармашының ескертпесі: Толығырақ осы кітаптың соңында келтірілген № 2 Қосымшаны қараңыз.

[10] Әл-Бухари және Муслим. Бұл хадистің алынған көздері мен жеткізушілерінің тізбектері «әл-Ируа’» кітабында келтірілген (374).

[11] Абу Дәуд, ән-Нәса’и және басқа (мухаддистер).

[12] Абу Дәуд, ән-Нәса’и және басқалар.

жалғасы бар