Фиқһ мәселелері

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы (43)

Шейх М.Н. әл-Әлбанидің «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы, тәкбірден сәлемге дейін, оны өзіңіз көргеніңіздей» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз. Назарларыңызға  шейхтың түрлі еңбектерінен және пәтуалар жинақтарынан алынған және кітапқа енгізілген қосымшаларды ұсынамыз.

Қосымша№7

Шейх әл-Әлбанидің имам төрт сүннет мазһабының қайсысына жатса да, оған ілесудің қажеттілігі туралы айтқан сөздері

(«Әһл  әл-хадис уа әл-асар» («Хадистер мен асарларды үстанушылар») бағдарламасындағы №192 аудиотаспаның мәтінге түсірілген көшірмесі, «Силсилә әл-һуда уа ән-нур» хабары, 11 минут, 35 секунд).

— Сұрақ[1]: Ханафи мазһабын ұстанушы имамның артынан ұйып намаз оқушы адам намазда оған ілесуі қажет пе? «Имамға ілесу» деген сөз тіркесінің астарында ханафи имамына ұйып намаз оқитын адамның сол (имам) сияқты тәкбірлерді айтқанда екі қолын көтермейтіні, қолдарын көкірегіне қоймайтыны, («әл-Фатиханы» оқып болғаннан кейін) «Әмин» деп дауыстап айтпайтыны  және тәшаһһудта сұқ бармағын қимылдатпайтыны меңзеледі ме? 

— Шейх әл-Әлбани:[2] Ханафи имамы қалай істесе, солай істеу керек.

Ал бұған шариғи дәлел қандай?

— Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, имам (намазда) басқалар оған ілесулері үшін тағайындалады», — деп айтқан сөздері.

Бұл хадистің мәтіні  тек тәкбірге, рукуғқа және одан түзелуге ғана нұсқамайды ма?

— Бұл сұрақты қойып жатып, сен, егер сенің түсінуіңе негізделсек: «Бұл хадис имамға ілесуді тек осы істермен ғана шектейді», — деп ойлайсың ғой? Егер сен осылай деп ойласаң, онда терең қателесесің. Ал егер сен басқа бір нәрсені меңзеп тұрған болсаң, онда мен мұны сенен түсінермін?

— Жоқ, мен дәл (соны, яғни) имамға ілесуді тек осы істермен ғана шектеуді меңзегенмін.

— Олай болса, сен бұл туралы білмейтіндердің алғашқысысың.

— Қалай сонда, шейх?!

— Хадисте былай деп айтылған: «Ақиқатында, имам (намазда) басқалар оған ілесулері үшін тағайындалады. Ол тәкбір айтқанда, сендер де тәкбір айтыңдар! Ол рукуғ жасағанда, сендер де рукуғ жасаңдар! Ол: «Аллаһ Оған мадақ айтқанды естісін (естіді)», — деп айтқанда, — «Раббымыз, Саған мадақ!», — деп айтыңдар. Ол сәжде жасағанда,  сендер де сәжде жасаңдар! Егер ол намазды тұрып орындаса, сендер де намазды тұрып орындаңдар! Ал егер ол намазды отырып орындаса,  сендер де барлығың бірге намазды отырып орындаңдар!»

Бұл хадисте алты нәрсе аталады. Егер сен өз сөздеріңмен «имамға ілесу хадисте айтылған осы алты нәрсемен ғана шектеледі» дегенді меңзесең,   онда мен бұны саған айтқанымдай, сен келтірілген хадиске қайшы келетіндердің алғашқысысың. Сен: «Қалайша, шейх?», — деп сұрадың. Міне, енді біз жауапқа келіп жеттік. Айтшы маған, егер имам бірінші тәшаһһудты айтуды ұмытып, үшінші ракағатты орындау үшін орнынан тұрса, сен оған ілесесің бе, әлде жоқ па?

— Мен оған ілесемін.

— Бірақ бұл туралы хадисте еш нәрсе айтылмаған ғой!

— Иә, еш нәрсе.

— Саған: «Сен өз сөздеріңе қайшы келетіндердің алғашқысысың», — деп айқанымда, мен біз (екеуіміз) бір маңызды ережені бекітіп, соған негізделуімізді ғана қалаған болатынмын.  Мен, сен және Сүннеттің сен секілді басқа да жақтаушылары, егер біз ханафи имамына ілесіп, («әл-Фатиханы» оқып болған соң) «Әминді» дауыстап айтпасақ, сонымызбен Сүннетке қайшы келеміз деп ойлаймыз.   Бірақ, басқа жағынан, егер (имамға ұйып – аудармашыдан (қаз)) намаз оқушы адам имам намазды отырып орындап жатқанын көріп, ол да отырса, онда намаз орындаушы адам намаздың тіректерінің біріне қайшы келеді ғой!  Сондықтан да, егер Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге намаздың тіректерінің бірін (яғни қиямды – Аудармашының ескертпесі) орынды себеппен қалдырған имамға ілесуді бұйырған болса, онда ол бізге маңызы бұдан төмендеу болған нәрселерде, егер бұған орынды себеп болса, оған ілесуді тіпті бұйырды! Мен саған белгілі мысал келтірдім, әрі сен менің сұрағыма дұрыс жауап бердің. Мен сенен имам намаздың ортасындағы тәшаһһудты ұмытқан және үшінші ракағатты орындау үшін орнынан тұрып кеткен жағдай туралы сұрадым. Сен имамға ілесетініңді айттың. Дұрыс, сенің жауабың Сүннетке сәйкес келеді, өйткені аталған жағдайға қатысты белгілі шариғи мәтін бар. Әрі дәл осы шариғи мәтіннің болуы сені дұрыс жауапқа алып келді. Сонымен бірге сенде оларға қатысты тікелей шариғи мәтін болмаса да, бірақ сені ілесуге міндеттейтін белгілі сұрақтар туындайды, мысалы, біздің бүгінгі сұхбатымыздың тақырыбы болған сұрақ. Кел, енді біз қазір маған ол туралы бірнеше рет сұрақ қойылған басқа бір жағдаятты елестетіп көрейік: имам бірінші тәшаһһудты ұмытып кетті,  намаз орындаушылар мұны оның есіне салды[3], содан соң ол үшінші ракағатты орындау үшін тұрып кеткен болса да, осы тәшаһһудқа қайта оралды. Сен қалай істейсің?

Егер имам бірінші тәшаһһудты қалдырып кетіп, кейін оған қайта оралса ма?

— Иә, ол бірінші тәшаһһудты қалдырып кетті де, кейін оған қайта оралды. Сен не істейсің?

Біз имамға ілесеміз, әрі біз де осы тәшаһһудқа онымен бірге қайта ораламыз.

— Сенің «Біз имамға ілесеміз» деген жауабың дұрыс. Ал бұған қандай шариғи дәлел бар?

Имамға ілесу туралы хадис.

— Ендеше, демек, сен оған қатысты: «Имамға ілесу онда аталған нәрселермен шектеледі», — деп, қателескен хадиске бізбен бірге қайта оралдың. Сөйтіп, сен қазір «Ақиқатында, имам (намазда) басқалар оған ілесулері үшін тағайындалады» деген біздің ережемізді ұстанудасың. Енді сен дінді дұрыс түсінуді қалайтын мұсылман адам ережелерді басшылыққа алуға тырысуы қажет екендігін түсінесің. Ал біз қазір талқылап жатқан тақырыпқа қатысты қандай ереже күшке ие болады? «Ақиқатында, имам (намазда) басқалар оған ілесулері үшін тағайындалады».  Ал басқа хадисте «Ендеше оған қайшы келмеңдер!» деген өте маңызды қосымша келтіріледі!  Ал енді сен әлі де: «Біз имамға тек қатаң шектелген мәселелерде ғана қайшы келмеуіміз керек», — деп ойлайсың ба?  Жоқ, керісінше! Біз оған ол істеп жатқан еш нәрседе қайшы келмейміз, бірақ ол мұны (яғни Сүннетке қайшы келуді – Аудармашының ескертпесі) қырсықтығы немесе тәкаппарлығы себепті емес, надандығы себепті істеп жатыр деген шартпен. Мәселені дәл осылай түсіну Сүннетке сәйкес келеді, әрі біз намазды орындап жатқан имамдарға ешқашан қайшы келмейміз. Сөйтіп, біз осы хадистен онда аталып кеткен нәрселерден едәуір көбірек нәрсе білдік. Осыған негізделіп, біз келесі тұжырымдаманы алға тарта аламыз: осы хадисте аталған нәрселер шектеу ретінде емес, мысал ретінде келтірілген. Сонымен біз осыдан алдынғы сұрақтан да маңыздырақ болған сұраққа келіп жеттік: егер имам бесін намазында бесінші ракағатқа тұрып, бес ракағат жасаса, сен не істейсің?

Біз оған ескертеміз (есіне саламыз).

— Сен оның есіне саласың. Егер ол еске салғанды түсінсе, онда жақсы. Ал егер ескермесе ше, біз оған ілесеміз бе?

— Жоқ, біз оған ілеспейміз.

— Не үшін?

— Өйткені ол намазға (артық ракағат) қосты.

— Ол намазға (артық ракағатты) қасақана қосты ма, әлде ұмытшақтықпен бе?

— Бірақ мен оның есіне салдым ғой!

— Оқасы жоқ! Мен сенен сұрап тұрмын: әдейі ме, әлде ұмытшақтықпен бе?

— Ұмытшақтықпен!

— Міне, жауап! Сен оның есіне салғаның сен оның жүрегінің құпияларын білгеніңді және ашқаныңды, әрі ол (өзінің намаздағы қатесін) есіне алғанын көргеніңді білдіреді ме?

Әрине, жоқ!

— Онда саған немесе маған сен оның есіне салған сөздерден не пайда? Бұл жерде ең бастысы — сен оның (қателескенін) есіне салған кезде ол сенің еске салуыңды түсінгенін және өз қатесін еске алғанын нақты білу. Мұндай жағдайда ол намазда оған ұюға болмайтын қырсыққа айналады. Алайда біздің арамызда жүректердің ішіндегілерді білу қабілеті берілген біреу-міреу бар ма?! Әрине, біз: «Жүректерде не бар екендігі бізге белгілі», — деп айтатындай сопы емеспіз ғой. Онда не үшін сен имамға намазда қайшы шықтың? Өйткені сен  «Ақиқатында, имам (намазда) басқалар оған ілесулері үшін тағайындалады» деген қағидамен толық қанағаттанбадың. Бұл – біріншіден. Ал, екіншіден, басқа бір жайт та бар. Бәлкім, мен осы жерде осы шариғат мәтініне қайшы келетіндердің кейбіреулері жауап беріп қойған сұрақты қозғайтын шығармын. Екі «Сахихтың» екеуінде де Абдуллаһ ибн Мәс‘удтан, Аллаһ оған разы болсын, оның былай деп айтқаны жеткізіледі: «Бірде Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бесін (зуһр) намазын бес ракағат етіп оқыды. Сонда одан (адамдар): «Намазға (ракағаттар) қосылды ма?», — деп сұрады. Бұған ол: «Не болды?», — деді. Оған: «Сіз бес ракағат орындадыңыз», — деп айтылды. Сонда ол екі сәжде жасады да, кейін (намазды аяқтайтын) сәлем беру сөздерін айтты. Кейін ол бізге қарай бұрылды да: «Егер намазға қатысты бір нәрсе орын алғанда, мен міндетті түрде бұл туралы сендерге хабарлайтын едім. Алайда мен сендер сияқты адаммын. Мен де сендер сияқты ұмытамын. Сондықтан да мен бір нәрсенің ұмытсам, менің есіме салыңдар!», — деді. Міне, осы жерде біздің алдымызда мынандай сұрақ туындайды: не үшін Елшінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары бесін намазының бесінші ракағатында орын алған қоспада Елшіге (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ілесті?  Менің білуімше, бұл сұраққа екі жауап бар. Осы орайда мен осы жерде сахабалардың Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінен тікелей естіген «Ақиқатында, имам (намазда) басқалар оған ілесулері үшін тағайындалады… Ал егер ол намазды отырып оқыса, сендер де барлығың бірге намазды отырып оқыңдар» дегендерін бізден көбірек қабылдағанына ерекше назар бұрғым келеді. Сахабалар бұл хадистен имамға ілесудің міндетті екенін түсінді, тіпті егер имам оны қасақана жасаса, намаз бұзылатын нәрсеге дейін! Өйткені егер адам тұрып намаз оқуға қабілетті бола тұра, отырып намаз оқыса, онда оның парыз намазы жарамсыз болады! Елшінің «Ал егер ол намазды отырып орындаса…» деген сөздерінен әрбір араб тілді мұсылман немесе байырғы араб (бұл жерде) шариғатқа қайшы келетін барып тұрған мойынсұнбаушы, тәкаппар және қырсық емес, алайда не намазды орынды себеппен отырып оқып жатқан адам, не ол туралы: «Намазды тұрып орында. Егер мұны істей алмасаң, онда отырып! Егер мұны да істей алмасаң, онда жамбастап (жатып)…», —  делінетін хадисте айтылатын әлсіз адам меңзеліп тұрғанын түсінеді. Сахабалар Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздерінен Дана Заң Шығарушы өзінің ардақты Елшісіне ол адамдарға имамға ұйып намаз оқып жатқан адамдар сол имамға барлық нәрседе ілесуге тиісті екендігін жеткізуді бұйырғанын түсінді: имам намазды жарамсыз ететіндей әдейі қателік жасады ма, әлде ол ұмытшақтықпен жаңсақтыққа жол берді ме – бұл маңызды емес.   Әрі олар осы шариғи ережені дұрыс түсінгендіктен және Елші (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бес ракағат намаз оқығанын көргендіктен олар да оған ілесті. Бұл бірінші пікір.

Маған  табиғи себептерге байланысты салмақсыздау болып көрінетін екінші пікір де бар. Оның мәні келесідей: олар (яғни сахабалар) Шариғаттың түсуі аяқталмаған кезде өмір сүргендігі себепті оған (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ілесті, сахабалар төрт ракағаттан тұратын намазға қатысты ол бес ракағаттық болғандығы туралы заң ережесі түсті деп ойлаған болуы мүмкін. Міне, сондықтан да олар Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ілесті.

Әрине, іс жүзінде екінші нұсқаны да жорамалдауға болады, алайда бірінші пікір маған айқындау болып көрініп тұр. Істің мәні екінші пікірдің тек жорамалға ғана негізделгендігінде, ал бірінші пікір, менің көзқарасым бойынша және сахабалардың жолына дәлме-дәл ілескендердің көзқарасы бойынша, едәуір салмақтылау мәселеге қатысты өзіне бәрін қамти алатын шариғи мәтінді тәжірибеде іске асыруға сүйенеді.  Бізде шариғи мәтін бар емес пе? Ал бұл бірінші кезектегі маңызды мәселе. Біз Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары намазда төрт ракағаттың орнына бес ракағат орындағанын көрдік қой! Бұдан тыс, «Сахихта» Бану Умайя тайпасының жетекшілерінің бірі, менің ойымша оның есімі  ‘Уқба бин әл-Уалид болатын – маған оның атын есіме салыңыздаршы (оның аты әл-Уалид бин ‘Укба еді), – адамдардың намазына имамдық етті, ал сол адамдардың ішінде сахабалар мен олардың ізбасарлары да (таби‘индер) болатын. Ол  олармен бірге таң намазын төрт ракағат етіп орындады да, сәлем беру сөздерін (таслим) айтқан соң: «Сендер үшін тағы қосайын ба?», — деп сұрады. Міне, сол кезде адамдардың ешқайсысы намазды қайта орындаған жоқ. Не үшін? Өйткені Елші (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Имам қадағалаушы болып табылады», — деді, яғни ол намаздағы қателіктер үшін, егер олар ұмытшақтықпен жасалған болса, жауап береді. Яғни Аллаһ олардан (ұюшылардан – аудармашыдан (қаз.)) олардың осындай қателіктері үшін сұрамайды, «қадағалаушы» сөзінің мағынасы да, міне, осыда.

Сөйтіп, біз барлық үлкен және ұсақ мәселелерде, соның ішінде (намаздың) қосымша және міндетті (құрамдас бөліктерінде де) бізге имам оны қасақана түрде дұрыс орындамауға ниет еткені айқын болмайынша имамға ілесеміз. Егер оның мазһабының пікірі осындай болса, онда біз оны қателесуші деп санап қана қоямыз, бірақ Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) имамға ілесу туралы бұйрығын орындап, қосымша келіспеушіліктер енгізбейміз.

Шейх, бірақ ханафи мазһабының имамдары рукуғтар мен сәжделерін тіпті соңына дейін жеткізбейді ғой. Олар намазды асығыстықпен, тиісті байсалдылықсыз орындайды. Енді біз намазды оларға ұйып орындауымыз және оларға (намазымызда) еліктеуіміз керек пе?

— Сен (бұған) жауапты алып қойдың. Егер сен мұндай имамға намазда еліктеуді және оған ілесуді қаламасаң – оның артына тұрма және оған ұйып намаз оқыма!

Шейх, бірақ біз олармен бірге Ауғанстанда (кеңес оккупациясына қарсы – Аудармашының ескертпесі) жиһад жүргіземіз ғой, әрі егер сен олармен бірге намаз орындамасаң, онда оларда күдік туындайды да, олар сені кәпір, уаһһаби т.с.с. деп санайды. Мұндай жағдайда біз олармен бірге жиһад жүргізе алмаймыз ғой! 

— Егер сен осы сабақтан толығымен пайда ала алған болсаң, онда біздің тағы қандай сөздеріміз сен үшін түсініксіз?

Намазды нашар орындаған адам туралы хадис. Өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оған намазды қайтадан орындауды бұйырып: «Қайт та, қайтадан намаз орында, өйткені сен намазды орындамадың!», — деді ғой.  Ал бұл намаз орындаушы (ханафи ғалымы) намаздың элементтерін соңына дейін жеткізбейді ғой, демек, оның намазы жарамсыз емес пе? Біз осының барлығымен қалайша санаспаймыз?

— Біз бұл сұрақты талқылауды аяқтап қойғанбыз.

Иә, шейх! Бірақ ана жақта, Ауғанстанда адамдардың намазына имамдық жасайтын адамдар сопылардың мәуләуи тариқатына жатады. Олар ханафи мазһабын ұстанады, әрі біз олармен бірге жиһад жүргіземіз!

— Бірақ мен саған айтып тұрмын ғой, бауырым, олармен бірге намаз оқи бер! Мен саған: «Олармен бірге намаз оқыма!», — деп айтып тұрған жоқпын ғой.

Олардың артына ұйып па?

— Иә, олардың артына ұйып! Сен келтірген намазды нашар орындаған адам туралы дәлел орынды. Алайда сен оған ұйып намаз орындайтын сол имам, намазды қасақана жылдам оқиды ма және, демек, хадиске әдейі қарсы шығады ма? Әлде бұл нәрсе олардың мазһабында орынды және қабыл етілетін амал болып саналады ма?

— Жоқ, олардың мазһабы осындай.

— Бұл жауап жеткілікті. Қорынтыдылай келгенде ең бастысы – сенің ережені түсінгенің. Бұл ереже саған қайшы келетін имамның пікіріне емес, ол имамның «ол осыны әдейі істеп жатыр ма, әлде тек (өз мазһабының) тиісті ережесін қанағат тұтып жатыр ма?» дегенге қатысты пікіріне қарауға бұйырады. Егер (өз мазһабын) қанағат тұтып жатса, онда егер ол намазды дұрыс орындамаса, сенің мойныңа жауапкершілік жүктелмейді. Ал егер ол Сүннетті біле тұра, алайда қырсықтық танытып, одан ауытқып, қасақана осылай істеген болса, онда біз саған: «Мұндай имамның артынан ұйып намаз оқыма!», — деп айтамыз.

— Бірақ, шейх, имамға ұйып намаз оқушылар, имамдардың өздері, одан қалса бүкіл ислам үмметі тұтас Елшіге ілесуге міндетті ғой! Ал қалайша біз имамға Сүннетке қайшы болған нәрседе ілесе аламыз?! 

— Бауырым, Аллаһ сені кешірсін! Сен қайтадан біз қазір ғана талқылаған нәрсеге қайта оралғың келіп тұр ма? Әрі сен қазір тағы да біз жауап беріп қойған сұрақты қайта қойып отырсың. Сен естіген сөздеріңнің арасында қайсысы саған түсініксіз болды? Сен: «Барлық мұсылмандарға Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ілесу бұйырылған!», — деп айтасын, бұл дұрыс. Бірақ сен бізден осыған қарама-қайшы бір нәрсе естідің бе?

— Иә, сіз имам Елшіге (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайшы келсе оған ілесуді бұйырып жатырсыз!

— Аллаһу Әкбар! Біздің имамға ілескеніміз Елшіге (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ілескеніміздің бір бөлігі болып табылады, өйткені ол: «Ақиқатында, имам (намазда) басқалар оған ілесулері үшін тағайындалады», — деп айтты. Аллаһ сені кешірсін! Біз қателесіп намаздың парыз-уәжіп немесе нәпіл құрамдас бөліктерін қалдырып немесе ұмытып кеткен имамға тек Елшінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы сөздерін орындағанымыз және тәжірибеге енгізгеніміз себепті ғана ілесеміз! Ал ұмыту қателік пе?

— Иә, қателік.

— Сондықтан да, егер имам өз пікірін өз мазһабының ереже-қағидаларымен негіздесе, онда, біздің ойымызша, ол қателесуші болып табылады, алайда Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһтың алдында оның намазы жарамды болып табылады! Сен Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Олар намазды сендер үшін орындайды. Егер олар оны дұрыс орындаса, онда намаз сендер жақта (яғни намаздарың үшін сендерге сауап бар), ал егер қателессе, онда намаз сендер жақта, бірақ оларға қарсы», — деп айтқанын білмейсің бе? Хадистің осы мән-мағынасынан шыға келе, біздің намазымыз жарамды, ал қателік имамға жүктеледі.



[1] Бұл жерде және әрі қарай сұрақтар қалың шрифтпен берілген – Аудармашының ескертпесі.

[2] Бұл жерде және әрі қарай әл-Әлбанидің сөздері әдеттегі шрифтпен берілген – Аудармашының ескертпесі.

[3] Сүннетке сәйкес имамның артында ұйып намаз оқитын ер кісілер: «Субхана-Ллаһ!», — деп айту арқылы имамның қателескенін оның есіне салады – Аудармашының ескертпесі.

жалғасы бар