Әлемдер үшін мейірім

Құрметті оқырмандарымыздың назарына Са‘ид бин ‘Али бин Уахф әл-Қахтанидің «Әлемдер үшін мейірім» атты кітабының тарауларын ұсынамыз

Араб тілінен аударған Арсен Абу Яхья Қырыми

Қазақ тіліне орыс тілінен аударған «Абу Ханифа мирасы» сайтының редакциясы

Танымал ислам ғалымы Са‘ид бин ‘Али бин Уахф әл-Қахтанидің осы кітабы оқырманға  Мухаммад пайғамбар туралы (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), оның керемет адамгершілік сипаттары, оның Аллаһ Тағаламен және қарапайым адамдармен қарым-қатынасы жайында,  Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі) шыққан тегі, оның балалығы мен жасөспірімдік шағы, сыртқы және ішкі сипаттары, оған сый етілген муғжизалар, оның миссиясының баршаға бірдей екендігі, оның өз ілесушілеріне қалдырыған өсиеттері мен олардың оған қатысты міндеттері туралы өте қызық әрі жеңіл баяндайды, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.

Адамдар ең бірінші кезекте Жаратушының рахымымен, ал содан соң Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ұлы адамгершілігінің арқасында Аллаһтың дініне ынталарымен ұмтылды, әрі топ-топ болып кірді. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) туралы білу, әрбір ер және әйел мұсылман үшін тану әрі мойындау парыз болған үш негіздің бірі болып табылады.

Кітап оқырмандардың кең ортасына арналған.

 

Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен!

КІРІСПЕ

Бүкіл мақтау-мадақтар Аллаһқа тән. Біз Оны мадақтаймыз, Одан көмек пен кешірім сұраймыз, өз нәпсіміздің жамандығы мен кесірлі амалдарымыздан пана тілейміз. Кімді Аллаһ тура жолға салса, оны ешкім адастыра алмайды, ал кімді Ол дұрыс басшылықсыз қалдырса, оны  ешкім тура жолға сала алмайды. Мен ешбір серігі жоқ Жалғыз Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ екеніне әрі Мухаммад – Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік беремін. Оған, оның отбасына және сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын.

Ал содан соң:

Аллаһ Тағала Мухаммадты (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әлемдер үшін мейірім ретінде жіберді. Бұған Оның мына сөздері нұсқайды:

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ (١٠٧)

«Біз Сені әлемдер үшін мейірім ретінде ғана жібердік» («әл-Әнбия» сүресі, 107-аят).

Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) – Раббымыздың адамдар мен жындарға, олардың иман келтіргендеріне де, кәпірлеріне де жіберген мейірімі. Ол адамдарды Аллаһқа шақыру үшін, қараңғылықтан жарыққа шығару үшін келді. Аллаһ Тағала оған былай деп бұйырды:

قُلْ يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنِّي رَسُولُ اللَّهِ إِلَيْكُمْ جَمِيعًا الَّذِي لَهُ مُلْكُ السَّمَاوَاتِ وَالأرْضِ لا إِلَهَ إِلا هُوَ يُحْيِي وَيُمِيتُ فَآمِنُوا بِاللَّهِ وَرَسُولِهِ النَّبِيِّ الأمِّيِّ الَّذِي يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَكَلِمَاتِهِ وَاتَّبِعُوهُ لَعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ (١٥٨)

 

«ухаммад): «Әй, адам баласы! Мен барлығыңа Аллаһтың елшісімін. Жер мен көктің иелігі Оған тән. Одан басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Ол тірілтеді әрі өлтіреді. Аллаһқа және Оның Елшісіне, Аллаһтың Сөздеріне иман келтірген, оқу мен жазуды білмейтін  Пайғамбарына иман келтіріңдер. Оған еріңдер, әрине тура жол табасыңдар«, — де» («әл-Әғраф» сүресі», 158-аят).

Раббы Өзінің елшісіне сондай-ақ былай деді:

وَإِذْ صَرَفْنَا إِلَيْكَ نَفَرًا مِنَ الْجِنِّ يَسْتَمِعُونَ الْقُرْآنَ فَلَمَّا حَضَرُوهُ قَالُوا أَنْصِتُوا فَلَمَّا قُضِيَ وَلَّوْا إِلَى قَوْمِهِمْ مُنْذِرِينَ (٢٩)

«ухаммад,) сол уақытта саған жындардан Құран тыңдаулары үшін бір топты келтірген едік. Олар жетіп келген сәтте: «Үндемеңдер әрі тыңдаңдар!» десті. Сонда оқылуы біткен кезде, елдеріне ескертуші болып қайтты» («әл-Әхқаф» сүресі, 29-аят).

Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) – бүкіл әлемдер үшін Аллаһтың мейірімі, әрі Оның бүкіл жаратылыстарына келтірген дәлелі. Ол – иман келтіргендер үшін Аллаһ Тағаланың сыйы, өйткені (Құранда) былай деп айтылған:

لَقَدْ مَنَّ اللَّهُ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ إِذْ بَعَثَ فِيهِمْ رَسُولا مِنْ أَنْفُسِهِمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آيَاتِهِ وَيُزَكِّيهِمْ وَيُعَلِّمُهُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَإِنْ كَانُوا مِنْ قَبْلُ لَفِي ضَلالٍ مُبِينٍ (١٦٤)

«Расында, Аллаһ мүминдерге мейірімін төгіп, олардың ішіне өздерінен, оларға Аллаһтың аяттарын оқитын, оларды тазартатын және оларға Кітап, хикмет үйрететін Елші жіберді, олар бұрын ашық адасуда болса да» («Әли Имран» сүресі, 164-аят).

Абу Надра мұны өз көзімен көрген кісіге сілтеме жасап, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қажылық кезінде Минада құтпа жасап жатып, былай деп айтқанын жеткізген: «Уа, адамдар! Ақиқатында, сендердің Раббыларың да жалғыз, арғы аталарың да бір. Ақ түсті адамның қара түстіден әрі қара түстінің де ақ түстіден  артықшылығы жоқ болғаны сияқты, арабтың да араб еместен, сол сияқты араб еместің де арабтан  артықшылығы жоқ! Біреулердің басқалардан артықшылығы тек тақуалықта ғана болуы мүмкін!» Имам Ахмад «Муснадта» (әл-Банна реттеуі бойынша 12/226) келтіреді. Әл-Хайсами «Мужма’ әз-зауаидте» (3/266) былай деген: «Бұл хадисті Ахмад келтіреді, ал оның жеткізушілері — «Сахихтарда» аталатындар.

Бұл сөйлемдерде адамдар арасындағы маңызға ие болған айырмашылық – бұл тақуалықтағы айырмашылық екеніне нұсқау бар. Адам қаншалықты Аллаһтан қорықса, соншалықты ардақты болмақ, ол қандай халыққа немесе нәсілге жатса да.

Аллаһ Тағала бұл ардақты пайғамбарға бүкіл ең көркем адамгершілік сипаттарын сыйлады. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) керемет мінез-құлқының, немесе оның жомарттығы, бекзаттығы, кең пейілділігі, мейірімділігі мен кешірімділігі, ақыл-парасаттылығы, байсалдылығы, жұмсақтығы, сабырлығы, сыпайылығы, әділдігі, ізгілігі, мейірбандығы, ержүректілігі, күштілігі т.б. сол сияқты сипаттарының бірінің себебімен Исламды қабылдаған адамдардың санына жету мүмкін емес.

Оның өмір жолын зерттейтін әрбір адам, көркем-мінез оған барлық кезде және барлық нәрседе тән болғанына көз жеткізеді. Адамдар ең алдымен Аллаһтың мейірімімен, ал содан соң Оның Елшісінің игі мінез-құлқынының арқасында Исламға ынта-жігерімен ұмтылды әрі топ-тобымен кірді. Оның Пайғамбарының керемет мінез-құлқының себебімен Исламды қабылдағандар қаншама десеңізші!

Осындай адамдардың бірі Сумама ибн Усәл болып табылады. (Пайғамбарымыз) Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кеңпейілділігімен тамсанған ол Исламды қабылдап, оған былай деді: «Жер бетінде мен үшін сенің жүзіңнен жек көрінішті бірде-бір жүз жоқ болатын, ал қазір ол мен үшін басқалардың барлығынан да сүйіктірек болды! Аллаһпен ант етемін! Жер бетінде мен үшін сенің дініңнен жек көрінішті дін жоқ болатын, ал енді болса мен үшін одан сүйіктірек дін жоқ! Аллаһпен ант етемін, жер бетінде мен үшін сенің қалаңнан жек көрінішті басқа қала жоқ болатын, ал енді ол мен үшін бәрінен де сүйікті қалаға айналды!» (әл-Бухари (№ 4372), Муслим (№ 1764)).

Басқа бір мысал – мешітте кіші дәретін сындырған бәдәуидің оқиғасы болып табылады. Пайғамбардың (оған Аллаһтың иігілігі мен сәлемі болсын) кешірімділігі мен ізгілігіне алғыс білдіре отырып, ол Аллаһ Тағалаға: «Уа, Аллаһ, мені мен Мухаммадты ғана рахым ете гөр, әрі басқа ешкімді емес!» — деп дұға етті. Алайда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бүкіл болмысты қамтитын Аллаһтың рахымын «шектеуге» рұқсат етпеді де, Аллаһтың мейірімін меңзеп: «Сен кең болған нәрсені тарылтып жібердің!», — деп, оған игі насихат берді (әл-Бухари (№ 6010)).

Ендігі бір мысал – бұл Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Муғауия ибн әл-Хакам намаз үстінде сөйлеген кезінде берген жылы-жұмсақ насихаты. Бұл туралы Муғауияның өзі былай деп баяндайды: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) – менің әке-шешем ол үшін өтем болсын – намазын аяқтаған соң, маған сөйлей бастады, әрі мен одан бұрын және одан кейін мұндай керемет ұстазды көрген емеспін! Аллаһпен ант етемін, ол маған айқайламады да, ұрмады да, ұрыспады да» (Муслим (№ 537).

Бір кісіге ол екі таудың арасын толтыратын бір атар қой сый етті. Мұндай бұрын-соңды етімеген жомарттықтан аң-таң болған әлгі кісі өз тайпасына барып, былай деді: «Уа, халқым! Исламды қабылдаңдар, өйткені Мухаммад кедейліктен қорықпайтын адам секілді сыйлар таратады!» (Муслим (№ 2312)).

Құрайштықтардың кәпір ақсүйектерінің бірі болған Сафуан ибн Умайяға Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жүз қой, ізінен тағы жүз қой, кейін тағы жүз қой сыйға тартты. Сафуан: «Аллаһтың Елшісі маған сый беріп жатқан кезінің басында мен үшін ең жеккөрінішті адам еді. Бірақ ол мен үшін ең сүйікті адам болғанына дейін маған сыйлықтар бере берді», — деп баяндайтын. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жомарттығы Сафуанның Исламды қабылдауына себеп болды (Муслим (№ 2313)).

Басқа бір көпқұдайшыл Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өлтіруді ниет етті, алайда ол мұны істей алмады, өйткені Аллаһ Тағала Өзінің Елшісін қорғады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің кең пейілділігімен бұл адамды кешірді (Ибн Хәжар «Фатх әл-Бари» 6/96, 97 (хадис № 2910), Муслим (№ 843)). Өз тайпасына оралған соң ол Исламды қабылдады және өз руластарын оған шақырды, әрі олардың көбі оның шақыруына жауап беріп, мұсылман болды (Ибн Хәжар «Фатх әл-Бари» 7/428, «Шарх ән-Нәуауи ли сахих Муслим»15/44).

Яһудилердің діндар-ғалымы болған АбдуЛлаһ ибн Саләм Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мединаға қоныстанған бойда оған келген болатын, әрі ол былай деп баяндаған: “Көпшілік қатарында мен де оны көру үшін оған келген едім. Мен оның жүзін көрген кезімде-ақ оның өтірікші емес екенін бірден түсіндім. Мен одан естіген алғашқы сөздер: «Уа, адамдар! Сәлем таратыңдар, кедейлерді тамақтандырыңдар, туысқандық қатынастарды үзбей ұстаңдар және адамдар ұйықтап жатқан кездерінде түнделетіп намаз оқыңдар, — сонда есендікпен (сәлеметтікпен) Жәннатқа кіресіңдер!» — деген сөздер еді” (әт-Тирмизи (№ 2485), Ибн Мәжаһ (№ 3251)).

Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шындығында да Аллаһтың пайғамбары екенін тексеруді ұйғарып, осы мақсатта онымен әділетсіз әрі дөрекі сөйлей бастаған басқа бір яһуди ғалымы болған Зайд ибн Са’наның Исламды қабылдауы да есте қаларлық уқиға еді. Алайда Елші (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны кешірді әрі Умарға оған сыйлық беруді бұйырды. Мұндай қатынасты көрген Зәйд Умарға өзінің осылай істегенінің себебін түсіндіре бастады да: «Мен Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жүзіне қараған сәтте-ақ онда пайғамбардың барлық белгілерін көрдім. Алайда мен оның бойында бар екенін анықтағым келген екі белгі қалған болатын, ал олар – оның момындығы мен ақыл-парасаттылығы ашу мен парықсыздан үстем болуы, әрі оған тигізіліп жатқан үлкен әділетсіздік онда бұдан да үлкен ақыл-парасаттылық пен момындық туғызатыны еді. Әрі мен оның бойында осы белгілердің бар екенін тексерген болатынмын, және мен, уа, Умар, сені өзімнің Аллаһпен Раббы ретінде, Исламмен дін ретінде, Мухаммадпен пайғамбар ретінде разы екеніме және сондай-ақ өз мал-мүлкімнің жартысын Мухаммадтың үмметіне садақа ретінде беріп жатқаныма куә болуыңа шақырамын», — деді (Ибн Хәжар «Әл-исаба фи тамйиз әс-сахаба» (1/566)).

Тағы бір яһуди болған кісі өлім ауызында жатып, Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген болатын: «Тәуратты түсіргенмен ант етемін, біз өзіміздің Кітабымызда сіздің сипаттарыңыз бен келуіңіздің сүреттемесен табамыз, әрі сондықтан да мен Аллаһтан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдайлар жоқ екеніне, әрі сіз – Аллаһтың Елшісі екеніңізге куәлік беремін!» (Ахмад (5/411), Ибн Касир «әт-Тафсир» (2/252)).

Христиан патшасы болған эфиопияның негусы Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шақыруын әрі оның Иса – Аллаһтың құлы әрі Оның елшісі екендігі туралы сөздерін естіп, мұсылмандардың делегациясына былай деді: «Сендерге және сендер кімнен келген болсаңдар, соған сәлем. Мен оның Аллаһтың елшісі әрі Иса (келуімен) сүйіншілеген (пайғамбар) екеніне куәлік етемін. Егер мемлекетті басқару міндетім болмағанда, мен оның аяқ киімін сүю үшін оған қарай жолға шығар едім!» (әз-Заһаби «Сияр а’ләм ән-нубалә» (1/438)).

Византияның императоры Ираклий Абу Суфиянның Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ешқашан қиянат жасамайды, адамдарға Аллаһқа серік қоспаған күйде құлшылық етуді бұйырады, пұттарға табынуға тыйым салады, намаз оқуды, садақа  беруді және адалдықты әмір етеді деген сөздеріне жауап ретінде былай деді: «Егер сенің айтып жатқаның шындық болса, онда ол міндетті түрде қазір менің қолымда болған нәрселерді иеленеді. Мен оның келуін білетінмін, бірақ ол сендердің біреулерің болады деп ойламаппын. Егер мен оған жетіп баратыныма сенімді болғанымда еді, міндетті түрде  онымен кездесуге тырысар едім, ал кездессем, міндетті түрде аяғын жуар едім!» (әл-Бухари (№ 7).

Аллаһ Тағаланың Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) туралы айтқан сөздері нендей ақиқат:

«Расында, сен, (уа, Мухаммад) ұлы мінезге иесің» («әл-Қалам» сүресі, 4-аят).

Әрі ардақты Елшінің: «Мен көркем мінезді кемелдікке жеткізу үшін жіберілгенмін», — деген сөздері де нендей шындық десеңіздерші! (әл-Бәйһақи (10/192), Ахмад (2/381), сондай-ақ әл-Әлбанидің «Әс-силсилә әс-сахиха» кітабын қараңыз (№ 45)).

Айшадан (оған Аллаһ разы болсын) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мінезі туралы сұрағанда, ол: «Оның мінезі Кұран болатын», — деді (Муслим (№ 746)).

Пайғамбар туралы (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) білу әрбір мұсылман ер мен әйел оқып-уйренуі әрі мойындауы міндетті болған әрі адам қабірде сұралатын үш негіздің екіншісі болып табылады. Оның маңыздылығын ескере отырып, мен осы «Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) – әлемдер үшін мейірім» атты шағын еңбекті жазуды жөн көрдім. Мен онда Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шыққан тегі, оның жасөспірімдік шағы, мінез-құлқы, ішкі және сыртқы сипаттары, оған сый етілген муғжизалар туралы баяндадым. Мен оның миссиясының (яғни жіберілу мақсатының) жалпыға бірыңғайлығы, оның өз ізбасарларына қалдырған өсиеттері және олардың оған қатысты міндеттері туралы атап өттім.

Кітап өз құрамына келесі тарауларды қамтиды:

Бірінші тарау:

Ең жақсылардың ең жақсысы;

Екінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) балалық және жасөспірімдік шағы;

Үшінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сырт бейнесін суреттеу және оның адамгершілік көркі;

Төртінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ғибадаттағы ынта-ыждағаты және оның жиһады; 

Бесінші тарау:

Ардақты Пайғамбар – Аллаһтың әлемдерге деген мейірімі;

Алтыншы тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) балаларға деген игі қарым-қатынасы әрі оларға куаныш сыйлауға деген ұмтылысы;

Жетінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мінез-құлқының көркемділігі;

Сегізінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жомарттығы әрі кеңпейілділігі;

Тоғызыншы тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әділдігі;

Оныншы тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сыпайылығы;

Он бірінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ұстамдылығы және кішіпейілділігі (мейірімдігі);

Он екінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) салмақтылығы әрі байсалдылығы (байыптылығы);

Он үшінші тарау:

Пайғамбардың оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жұмсақтығы және момындығы; 

Он төртінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сабырлылығы;

Он бесінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ержүректілігі;

Он алтыншы тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мүминдер арасында бейбітшілік орнату мен олардың жүректерін біріктірудегі даналығы;

Он жетінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға ақиқатты жеткізудегі теңдесі жоқ қабілеті;

Он сегізінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) муғжизалары әрі оның пайғамбарлығының бұлтартпас айғақтары;

Он тоғызыншы тарау:

Мухаммад — Аллаһтың барша адамдар мен жындарға жіберген елшісі;

Жиырмасыншы тарау:

Яһудилер мен христиандардың қатарынан болған әділ діндарлардың Мухаммадтың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлығын мойындауы;

Жиырма бірінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) амалдарының ең жақсылары – оның ең соңында орындағандары;

Жиырма екінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз үмметімен қоштасуы әрі оған қалдырған өсиеттері;

Жиырма үшінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тірілермен және өлілермен қоштасуы;

Жиырма төртінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ауруының басталуы және Абу Бакрге жамағат намазын өткізуді тапсыруы;

Жиырма бесінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ұлы құтпасы және оның адамдарға қалдырған өсиеттері;

Жиырма алтыншы тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ауруы күшейген кездегі мінез-құлқы және жақындарына қалдырған өсиеті;

Жиырма жетінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болуы қарсаңындағы өсиеттері;

Жиырма сегізінші тарау:

Ең жоғары қауымға ұмтылу;

Жиырма тоғызыншы тарау:

 Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлем) шаһидтің өлілімен қайтыс болды;

Отызыншы тарау:

«Кім Аллаһқа құлшылық етсе, сол Аллаһтың Тірі және ешқашан өлмейтінін есте сақтап жүрсін»;

Отыз бірінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өлімі – барша мұсылмандардың қайғысы;

Отыз екінші тарау:

Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мирасы; 

Отыз үшінші тарау:

Мұсылмандардың өз Пайғамбарына (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қатысты міндеттері.

Мен Аллаһ Тағаладан осы қарапайым еңбегімді берекелі етуін, оны толығымен Өзінің Ардақты Дидарына арналған етуін, мен үшін бұл дүние де, қайтыс болуымнан кейін де, әрі ол жеткізілетін адамдардың барлығына пайдалы етуін сұраймын, өйткені Ол – өтініш-сұрау жасалатындардың ең жақсысы, әрі үміт артылатындардың ең мейірімдісі. Ол маған жеткілікті әрі Ол ең жақсы Қамқоршы. Одан басқа ешкімде күш те, қуат та жоқ. Әрі Оның құлы және елшісі, Ол Өзінің уахиын сеніп тапсырған жаратылыстардың ең абзалы болған пайғамбарымыз Абдуллаһтың ұлы Мухаммадқа, оның сахабаларына, және Қиямет Күніне дейін соларға ілескендердің барлығына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

Са‘ид бин ‘Али бин Уахф әл-Қахтани

жалғасы бар