Имам Абу Ханифаның музыкаға деген қатынасы

«Музыка мен ән шариғатта рұқсат етілген (халал)» деген пікірдің жақтаушылары түрлі мазхабтардың кейінгі ілесушілеріне сілтей отырып, төрт имамның барлығы музыка мен әнді халал деп санағандығын сенімді түрде айтады. Ақиқатында, бұл – осы имамдарға жабылған жала. Шейхуль-Ислам Ибн Таймия осындай сөздерді төрт имамдардың сөздері деп есептейтіндер туралы былай деп айтатын: «Бұл – төрт имамға жапсырылған өтірік, өйткені олар музыкалық аспаптардың харам екендігіне бірауыздан келіскен!» Қараңыз: «Минхаджу-Ссунна» 3/439.

Имам Абу Саур, Абу Ханифа және оның екі шәкірті Йақуб пен Мухаммад: «Ән мен жоқтау үшін ақы төлеуге руқсат етілмейді», — деген. Олар сондай-ақ: «Музыка – нәпсіге арналған шарап», — деп те айтқан. Қараңыз: Маджму’ әл-фатауа» 10/417.

Абу Тайиб әт-Табари былай деген: «Абу Ханифаға келер болсақ, ол ән айтуды айыптаған және оны тыңдауды күнә деп санаған!» Қараңыз: «Тальбису Иблис» 245.

Ибн әл-Қайим былай деп жазған: «Абу Ханифаның мазхабы бұған (ән мен музыкаға) қатысты (басқалармен салыстырғанда) едәуір қатал, ал оның түсіндірмелері ең қатаң түсіндірмелер болып табылады. Оның жақтаушылары: «барлық музыкалық аспаптарды, сұрнайды, дағыраны (барабанды), тіпті таяқпен (ырғақты етіп) тоқылдатуды да тыңдауға тыйым салынған (харам)», — деп анық түрде айтқан.

Абу Юсуф музыкалық аспаптардың дыбыстары естіліп жатқан үй туралы былай деген: «Иелерінің рұқсатынсыз оған кіре беріңдер, өйткені күнәлі істі жою міндетті болып табылады! Ал егер рұқсатсыз кіру рұқсат етілген болмағанда, адамдар өзінің міндетін (күнәлі істі жоюды) орындай алмас еді». Қараңыз: «Иғасату-лляхфән» 1/425.

Сондай-ақ ханафи мазхабының атақты ғалымы имам ас-Сарахуси: «Әнді үйрену үшін және жоқтау үшін ақы төлеуге рұқсат етілмейді, өйткені бұл күнә болып табылады», — деген. Қараңыз: «әл-Мабсут» 16/41.

Ханафи мазхабының басқа танымал имамы – Ибн Абидин де: «Ән айту — тыйым салынған (харам)!» — деген. Қараңыз: «Хашия Ибн Абидин» 4/322.