Фиқһ мәселелері

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы (10)

Шейх М.Н.әл-Әлбанидің «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы, тәкбірден сәлемге дейін, оны өзіңіз көргеніңіздей» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз. Оқырмандарымыздың назарына Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының көрінісін тек сенімді хадистердің негізінде қайта қалпына келтіретін кітаптың  негізгі бөлімін ұсынамыз.

Намазды аяқ киім киген күйде орындау және осылай істеуге нұсқау туралы

«الصَّلاَةُ فِي النِّعَالِ وَاْلأَمْرُ بِهَا»

«Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейде  (намазда) жалаң аяқ, кейде аяқ киім киіп тұратын»[1].

Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осыны өзінің үмметіне бұйырып:

 

«إِذَا صَلَّى أَحَدُكُم فَلْيَلْبِس نَعْلَيْهِ أَوْ لِيَخْلَعْهُمَا بَيْنَ رِجْلَيْهِ، وَلاَ يُؤْذِي بِهِمَا غَيْرَهُ».

«Сендерден біреулерің намазды орындаса, аяқ қиімін кисін немесе оны шешіп, аяқтарының арасына қойсын және басқаларға ыңғайсыздық жасамасын», — деді.[2]

Кейде ол:

«خَالِفُوا الْيَهُودَ، فَإِنَّهُمْ لاَ يُصَلُّونَ فِى خِفَافِهِمْ وَلاَ نِعَالِهِمْ».

«Яһудилерге ұқсамаңдар, өйткені олар кебістерімен де, қайыс шұлықпен (хуффпен) де намаз орындамайды!»[3], — дейтін.

Кейбір жағдайда ол намазды орындап жатқанда кебістерін шешетін, ал содан соң намазын жалғастыратын, бұл туралы Абу Саид әл-Худри (Аллаһ оған разы болсын) былай деп айтқанындай: «Бірде біз Аллаһтың Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге намазда тұрғанбыз. Намазды орындап тұрған кезімізде ол өзінің кебістерін шешті де, сол жағына қойды. Мұны адамдар көрген кезінде, олар да өзінің сандалияларын шешіп қойды. Намазды аяқтап болып, ол: «Не үшін сендер аяқ киімдеріңді шештіңдер?», — деп сұрады. Олар: «Сен аяқ киіміңді шешкеніңді көріп, біз де аяқ киімдерімізді шештік», — деді. Бұған Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):

«إِنَّ جِبْرِيلَ أَتَانِى فَأَخْبَرَنِى أَنَّ بِهِمَا قَذَراً (خَبَثًا)، فَأَلقَيْتُهُمَا، فَإِذَا جَاءَ أَحَدُكُمُ الْمَسْجِدَ، فَلْيُقَلِّبْ نَعْلَيْهِ، فَإِنْ رَأَى فِيهِمَا قَذَراً (أَذَىً) (خَبَثاً)، فَلْيَمْسَحْهُمَا بِالأَرْضِ، وَلَيُصَلِّ فِيهِمَا».

«Ақиқатында, маған Жәбірейіл келді де, онда лас нәрсе бар екенін хабарлады, — немесе ол, — бір зиянды нәрсе, — деп айтты [хадистің басқа бір нұсқасында аяқ киімде нәжіс бір нәрсе бар еді деп хабарланады] әрі сондықтан да мен оны шештім. Сондықтан да сендерден кім мешітке келсе, аяқ киіміне қарасын. Егер ол онда лас нәрсе тапса, — немесе ол: «зиянды бір нәрсе», — деп айтты [бұл хадистің басқа бір нұсқасында «нәжіс бір нәрсе» деп айтылған], — оны сүртсін де, сосын онымен намазды орындай берсін», — деді» [4].

«Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) аяқ киімін шешетін кезде, оны өзінің сол жағына қоятын»[5] және ол сондай-ақ былай дейтін:

«إِذَا صَلَّى أَحَدُكُمْ فَلاَ يَضَعْ نَعْلَيْهِ عَنْ يَمِينِهِ، وَلاَ عَنْ يَسَارِهِ، فَيَكُونَ عَنْ يَمِينِ غَيْرِهِ، إِلاَّ أَنْ لاَ يَكُونَ عَنْ يَسَارِهِ أَحَدٌ، وَلْيَضَعْهُمَا بَيْنَ رِجْلَيْهِ».

«Сендерден біреу намазды орындаса, аяқ киімін оң жағына және ол біреудің оң жағында қалмауы үшін, сол жағына да қоймасын. Ол аяқ киімін аяқтарының арасына қойсын»[6].


[1] Абу Дәуд және Ибн Мәжаһ. Бұл хадис көптеген жеткізушілер тізбектері арқылы жеткізіледі, бұл жөнінде әт-Тахауи хабарлағандай.

[2] Абу Дәуд және әл-Бәззар (53, «әз-3ауа’ид»). Әл-Хаким бұл хадистің сенімділігін анықтады және онымен әз-Зәһаби келісті.

[3] Сол жерде.

[4] Абу Дәуд, Ибн Хузайма және әл-Хаким, соңғысы бұл хадисті сенімді деді. Онымен әз-Зәһаби және ән-Нәуауи келіскен. Бұл хадистің бірінші нұсқасы сенімділікке «әл-Ируа’да» (284) тексерілген.

[5] Сол жерде.

[6] Абу Дәуд, ән-Нәса’и және Ибн Хузайма (1/110/2) бұл хадисті жеткізушілерінің сенімді тізбегімен жеткізеді.

жалғасы бар