Әдіснама,  Фиқһ мәселелері

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы, тәкбірден сәлемге дейін, оны өзіңіз көргеніңіздей (3)

Қазіргі заманның атақты ислам ғалымы — шейх әл-Әлбанидің «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) намазының сипаттамасы, тәкбірден сәлемге дейін, оны өзіңіз көргеніңіздей» атты кітабын жариялауды жалғастырамыз.

Имамдардың Сүннетке ілесуге және өздерінің пікірлері оған қайшы келген жағдайда олардан бас тартуға қатысты айтқан сөздері

Біз осы жерде осындай сөздердің кейбіреулерін келтірсек, өте пайдалы болмақ. Өйткені бұл имамдардың көзқарастарына – жоқ, тіпті ұлы имамдардың өздеріне де емес,  мәртебесі бойынша олардан әлдеқайда төмен адамдарға соқыр түрде ілесетіндерге[1] өздерінің мазһабтары мен көзқарастарын Көктен түскендей дәрежеде ұстанатындарға сақтандыру және ескерту болуы мүмкін! Ал Пәк Аллаһ Тағала былай деп айтты ғой:

اتبعوا ما أنزل إليكم من ربكم ولا تتبعوا من دونه أولياء قليلا ما تذكّرون  (الأعراف3 )

«Раббыларың тарапынан сендерге түсірілгенге бой ұсыныңдар да, Одан өзгені қамқоршы етіп алмаңдар. Нендей аз ғана үгіт тыңдайсыңдар!» («әл-Әғраф» сүресі, 3-аят).

 

Имам Абу Ханифа (Аллаһ оны рақым етсін)

 

Олардың алғашқысы — ізбасарлары көптеген сөздері мен ескертулерін бізге жеткізген имам Абу Ханифа ән-Ну’ман ибн Сабит, Аллаһ оны рақым етсін. Оның айтқандарының барлығы бір нәрсеге: яғни хадисті негіз ретінде алу керектігіне және имамдардың қандай да бір сахих хадиске қайшы келетін көзқарастарынан бас тарту қажеттігіне келіп ұштасады.

1. «Егер хадис сенімді (сахих) болса – міне сол менің мазһабым»[2].

2. «Біздің пікірлерімізді біз оларды қайдан алғанығымызды білмей алуға ешкімге рұқсат етілмейді»[3].

Басқа бір хабарда былай деп жеткізіледі: «Белгілі бір мәселе бойынша менің дәлелдерімді білмей, менің сөздеріме негізделіп, пәтуа шығару — тыйым салынған (харам)».

Тағы бір хабарда «…өйткені біз барлығымыз — адамбыз: бүгін бір сөздерді айтамыз, ал ертең олардан бас тартамыз» деген қосымша жасалған.

Сондай-ақ мынандай хабар да жеткізіледі: «Қасірет саған, уа, Йақуб! [4] Сен менен естігеніңнің барлығын жазып ала берме. Ақиқатында, бүгін мен былай, ал ертең – басқаша ойлаймын, немесе ертең – былай ойлаймын да, ал бүрсі күні басқаша ойлаймын» [5].

3.  «Егер мен Аллаһ Тағаланың Кітабына немесе Елші (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) туралы  хабарларға қайшы келетін нәрселер айтқан болсам, менің сөздерімді тастаңдар»[6].

 

Имам Мәлик ибн Әнас (Аллаһ оны рақым етсін)

 

1. «Ақиқатында, мен бар болғаны адаммын: (кейде) қателесуім де, қателеспеуім де мүмкін. Мен айтқан көзқарастарды жете ойланыңдар: Құран мен Сүннетке сәйкес келетіннің барлығын қабыл алыңдар да, Құран мен Сүннетке сәйкес келмейтіннің барлығын тастаңдар»[7].

2. «Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кейінгі әрбір адамның сөздері, Пайғамбардың өзінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздерінен басқа, қабыл етіледі де, әрі қайтарылады да»[8].

3. Ибн Уаһб былай деген: «Мен Мәликке дәрет алу кезінде аяқтағы саусақтардың араларын тазалау туралы сұрақ қойылғанын естідім. Ол: «Адамдар бұлай істемеу керек», — деп жауап берді.  Мен адамдар азайғанынша кідіре тұрдым да, сосын оған: «Біз бұған қатысты Сүннетті білеміз», — дедім. Ол: «Ол қандай екен?», — деп сұрады. Мен: «Бізге әл-Ләйс ибн Са’ад, Ибн Ләхий’а мен Амр ибн әл-Харис Йазид ибн Амр әл-Ма’афиридің сөздерінен, Абу Абд әр-Рахман әл-Хубулидің сөздерінен, әл-Мустаурид ибн Шаддад әл-Қурашиден оның: ”Мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  шынашағымен аяғының саусақтарының арасынан жүргізіп өткенін көрдім”, — дегенін жеткізді». Сонда Мәлик: «Бұл жақсы (хасан) хадис. Мен осы уақытқа дейін оны ешқашан естімеппін», — деді. Содан соң мен оған осындай сұрақ қойылғанда ол аяқ саусақтарының арасын тазалауды бұйыратынын еститінмін»[9].

 

Имам әш-Шәфи’и (Аллаһ оны рақым етсін)

 

Ал имам әш-Шәфи’иге (Аллаһ оны рақым етсін) қатысты айтар болсақ, оның қозғалып жатқан мәселе бойынша айтқан сөздері көп және керемет[10], ал оның ізбасарлары басқаларға қарағанда оларды көбірек ұстанатын.

1. «Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннеті біздің әрбірімізге келіп жетеді де, әрі байқаусыз да қалады. Мен бір нәрсе айтсам немесе бір нәрсені дәйектесем, әрі менің айтқан сөздерім   Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (Сүннетімен) ұштаспаса, онда Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  айтқаны менің де айтқаным болып табылады»[11].

2. «Мұсылмандар  «егер адамға Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қандай да бір іс-әрекеті немесе айтқан сөзі түсіндірілсе, оған оны басқа біреудің сөздеріне бола тастауға рұқсат етілмейді» дегенге бірауыздан келіскен»[12].

3. «Егер сендер менің жазған нәрселерімде Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне қайшы келетін қандай да бір нәрсе тапсаңдар, онда Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне сәйкес сөйлеңдер де, менің айтқандарымды тастаңдар»[13] (басқа бір нұсқада: «… онда оған ілесіңдер де, ешкімнің сөзіне назар аудармаңдар», — деп айтылған[14]).

4. «Егер хадис сенімді болса, міне сол – менің мазһабым»[15].

5. «Сіз[16] маған қарағанда хадистер туралы көбірек білесіз. Сондықтан да егер хадис сенімді болса, маған ол туралы: ол Куфадан, Басрадан немесе Шамнан болса да — мен оған, егер ол сенімді болса, сілтеме жасауым үшін, хабарлаңыз»[17].

6. «Егер кез келген мәселе бойынша менің айтқанымның Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен сенімді хабарға сәйкес келмеуі байқалса, әрі бұл хадис білгірлері тарапынан анықталса, онда мен өз айтқандарымнан бас тартамын, мейлі бұл менің тірі кезімде, мейлі өлгенімнен кейін болсын»[18].

7. «Егер сендер менің Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздеріне және істеріне қайшы келетін бір нәрсе айтқанымды көрсеңдер, онда менің ақылымның кеткенін біліңдер»[19].

8. «Менің айтқандарымның қайсысы болмасын Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадисте сенімді түрде бекітілген нәрселерге қайшы келсе, онда Пайғамбардың хадисі маңыздырақ, ал менің айтқандарыма ілеспеңдер!»[20]

9. «Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен әрбір хадис — бұл менің де тұжырымым, тіпті сендер оны менен естімесеңдер де»[21].

 

Имам Ахмад ибн Хәнбал (Аллаһ оны рақым етсін)

 

Имам Ахмад басқа имамдарға қарағанда көбірек Сүннетті жинаумен айналысатынымен және оны ұстанатын дәрежесі соншалықты – «тіпті өзінің құрамына дедукциялық қорытындылар (тафри`)  мен өз жеке пайдасын көздеген ой-тұжырымдарды (рай) қамтитын кітаптың жазылуына қарсы болғандығымен» [22] танылған.  Сондықтан да ол былай деп айтатын:

1. «Маған да еліктеме (тақлид жасама), Мәликке де, әш-Шәфи’иге де, әл-Әуза’иге де, әс-Сауриге де еліктеме (тақлид жасама), бірақ олар алатын көзден ал!»[23] Осы айтылған сөздің басқа бір нұсқасында былай деп хабарланады: «Өз имандарыңда олардың ешқайсысына еліктеу (тақлид) жасамаңдар! Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мен оның сахабаларынан жеткенді алыңдар; ал олардан соң адамға оларға қатысты таңдау мүмкіндігі берілген табиғиндер (олардың ізбасарлары) келеді». Бірде ол былай деді: «Ілесудің (әл-иттиба`) мәні адам Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабаларынан жеткен нәрсеге ілесуінде, ал олардың ізбасарларына (табиғиндерге) қатысты оның таңдау құқығы бар»[24].

2. «Әл-Әуза’идің пікірі, Мәликтің пікірі, Абу Ханифаның пікірі — мұның барлығы пікір ғана, әрі олардың әрбірі мен үшін бірдей, ал дәлел — Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадистерде»[25].

3. «Егер біреу Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисін қайтарып жатса, ол опат болудың ернеуінде тұр»[26].

Имамдардың (Аллаһ оларды рақым етсін) хадистерге ілесуге қатысты айтқан айқын, дәлелді, өзге түсіндірмелері мен бұрмалаулары жоқ сөздері осындай. Олардың барлығы салмақты негіздерге ие болмай өздеріне соқыр түрде еліктеуге тыйым салатын. Сондықтан кім Сүннетте сенімді түрде бекітілген нәрселердің барлығын ұстанса, тіпті ол осы орайда имамдардың кейбір нұсқауларына қайшы амал жасаса да,  олардың мазһабтарын бұзбайды, олар көрсеткен жолдан таймайды. Тіпті, керісінше, мұндай адам ешқашан сынбайтын бекем тұтқадан ұстанып, олардың әрқайсысына ілескен (муттаби`) болады. Ал сенімді түрде бекітілген Сүннеттен ол тек имамдардың нұсқауларына қайшы келгендігі себепті ғана бас тартқан адамның жағдайы мүлде басқаша. Керісінше, дәл осындай адам оларға қарсы шығып, олардың жоғарыда келтірілген сөздеріне қайшы келген болады. Аллаһ Тағала:

فلا وربك لا يؤمنون حتى يحُكّموك فيما شجر بينهم ثمّ لا يجدوا في أنفسهم حرجا مما قضيت ويسلموا تسليما) النساء (6:

«(Мухаммад) Раббыңа серт! Олар өзара таласқан нәрселерінде сені би қылып, содан соң берген билігіңнен көңілдерінде ақау таппай толық бой ұсынғанға дейін мүмін бола алмайды» («ән-Ниса» сүресі, 65-аят), — деген.

Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді:

فليحذر الذين يخالفون عن أمره أن تصيبهم فتنة أو يصيبهم عذاب أليم)  النور (63:

«Сондықтан оның әміріне қарсы келгендер өздеріне бір апат жетуінен немесе жан түршігерлік азап келуінен сақтансын» («ән-Нур» сүресі, 63-аят).

Хафиз Ибн Ражаб әл-Хәнбали (Аллаһ оны рақым етсін) былай деп айтқан: «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қандай да бір бұйрығы немесе оның әдеті жеткен әрбір адам, ол туралы оның үмметіне хабарлауы, оларды ықыласты түрде насихаттауы, оның әміріне ілесу қажет екендігін бұйыруы керек, тіпті бұл біреудің беделді пікіріне қайшы келсе де. Ақиқатында, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірі іс-әрекеті немесе қандай да бір амалы кейбір мәселелерде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірлеріне түсінбестіктің себебімен қайшы келген кез келген ықпал иесінің пікіріне қарағанда ұлықтауға және еліктеуге лайықтырақ. Сондықтан да Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары мен олардың ізбасарлары сенімді Сүннетке қайшы іс-әрекет жасайтын әрбір адамды теріске шығаратын. Кей жағдайда олар мұны едәуір қатал түрде орындаған шығар[27], бірақ мұндай адамды жеке ұнатпағандықтары себепті емес, өйткені олар оны жақсы көретін және құрметтейтін, (бірақ) олар Аллаһтың Елшісін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) артығырақ сүйгендері себепті және оның  бұйрығы олар үшін басқа кез келген адамның бұйрығынан жоғары болғандықтан (солай істейтін). Сондықтан да Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірлері мен басқа біреудің әмірлері өзара  қайшылыққа түссе, әрине, Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әмірлеріне ілесу керек. Алайда бұл нәрсе (жеке) пікірі (ижтиһады – аудармашыдан (қаз.)) Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайшы келетін адамға құрметпен қарауға кедергі болмайды, өйткені бұл адам өзінің кешірілетінін білді[28]. Іс жүзінде мұндай адам өзінің Сүннетке қайшы келетін пікіріне өзгелердің ілесуін тоқтатуға қарсы да болмас еді, егер осы мәселеге қатысты Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тиісті бұйрығы болған болса»[29].

Ақиқатында, олар, бұл туралы жоғарыда айтылып кеткендей, ізбасарларын осыған үндеген болса және өздерінің көзқарастары Сүннетке қайшы келген тұста олардан бас тартуға шақырған болса, ендеше қалайша осыған қарсы болар еді. Имам әш-Шәфи’и, мысалы, ізбасарларына (өзі туралы:)  «Ол сахих Сүннетті ұстанады», — деп есептеуді бұйырған еді, тіпті ол (кейбір мәселелерде) оған ілеспеген немесе Сүннетке қайшы келетін қандай да бір нәрселерге ілескен болса да. Міне сондықтан да атақты талдаушы Ибн Дақиқ әл-’Ид (Аллаһ оны рақым етсін) бір немесе (барлық) төрт имамның мазһабтары сенімді (сахих) хадистерден ерекшеленетін мәселелерді жеке көлемді кітапқа жинақтағанда, оның алғысөзінде былай деп жазған болатын: «Бұл жауаптардың барлығын мужтаһид имамдарға телуге қатаң тыйым салынған (харам); осы имамдарға соқыр түрде ілесетін құқықтанушылар (фәқиһтер) бұл мәселелерде оларға жүгініп, сонысымен оларға өтірік жапсырмаулары үшін, бұл туралы білуге тиісті»[30].

 

Сүннетке ілесу үшін өз имамдарының кейбір айтқан нәрселеріне ілесуден бас тарту

 

Жоғарыда айтылғандардардың барлығына орай имамдарға дұрыс ілесу (иттиба) өздерінің имамдарының айтқандарының барлығын түгел сөзсіз қабылдай бермей, олар Сүннетке қайшы келетіні анықталып жатса, олардың көбін тәрк ететін «алғашқы буынның (сәлафтардың) көпшілігінің және кейінгілердің (халәфтардың) кейбіреулерінің ғана»[31] үлесіне тиді. Тіпті екі имам да  — Мухаммад ибн әл-Хасан және Абу Йусуф (Аллаһ оларды рақым етсін) — өздерінің ұстазы Абу Ханифаның нұсқауларына «оның мазһабының шамамен үштен бір бөлігінде»[32] қарсы болған, бұл туралы екініші кезекті мәселелер (фуру’) қаралатын көптеген кітаптарда түсіндірілетініндей.

Тура осыны имам әл-Музани[33] және имам әш-Шәфи’идің өзге де ізбасарлары туралы, сондай-ақ басқа имамдардың ізбасарлары туралы да (Аллаһ оларды рақым етсін) айтуға болады. Егер біз өзіміздің осы тұжырымымызға дәлелдер келтірер болсақ, бұл көп орынды алады, әрі біз осы кітапқа жазылған алғысөзде қойылған мақсаттың шеңберінен тыс шығып кетеміз. Сондықтан да екі мысалмен ғана шектелейік:

1. Имам Мухаммад өзінің «әл-Мууатта’»[34] (158-бет) кітабында былай деп жазады: «Абу Ханифаға (Аллаһ оны рақым етсін) қатысты айтар болсақ, ол жаңбыр сурау намазы бар деп есептемейтін, ал біздің пікірімізше, имам адамдармен бірге екі ракағат (намазды) орындап, кейін дұға етуі  және (сыртқы) киімін басқаша киюі керек[35]…».

2. Имам Мухаммадтың[36] серіктерінің бірі және имам Абу Йусуфтың ізбасары[37] болған Исам ибн Йусуф әл-Бәлхи «Абу Ханифаның (сөздеріне) көп жағдайда қайшы келетін пәтуалар шығаратын, өйткені оған оның өзі соларға негізделіп  пәтуалар шығаратын өзге дәлелдер ұсынылған кезде, оның дәлелдері туралы білмейтін»[38]. Сондықтан да «рукуғ жасаудан бұрын және одан бой түзегенде ол қолдарын (иық тұсына дейін[39]) көтеретін»[40], бұл туралы Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннеті болып табылатын көптеген жолдармен жеткізілген (мутауатир) сенімді (сахих) хадистерде хабарланатынындай. Әрі үш имам (Абу Ханифа, Абу Йусуф және Мухаммад) бұған қатысты өзге пікірде болса да, ол бұған тыйым салмайтын. Жоғарыда айтылып кеткендей, әрбір мұсылман адам төрт имамның және өзге де беделді дін білгірлерінің (ғалымдардың) айтқандарына ілесіп, осылай етуі керек.

Сөзімді қорыта келе, мен, ақиқатында, еліктеушілердің (муқаллидтердің) ешқайсысы бұл кітапта келтірілген Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетеріне қатысты пайдалар олардың мазһабына қайшы келетіндіктен ғана олардан бас тартып, кітаптың ұстанымдарын айыптауға жабылмайтын шығар деп ықыласты түрде үміт етемін.  Әрі мұндай адам, керісінше, имамдардың Сүннетке сәйкес амал ету жөніндегі және олардың көзқарастары Сүннетке қайшы келсе, олардан бас тарту керек екендігі жайындағы біз жоғарыда келтірген   насихаттарын  әділ көзқараспен қарап шығады деп үміттенемін. Сондай-ақ бұл адам мұндай әдіснаманы  сөгу (мәшраб) өзі соларға осылайша еліктейтін кез келген имамды сөгумен бірдей екенін де білсін, өйткені, мұны біз жоғарыда түсіндіріліп өткендей, ақиқатында, біз бұл әдіснаманы имамдардың өздерінен алдық. Ал кім осы жолда  оларға ілесуден бас тартса, сол өзін үлкен қауіпке салады, өйткені бұлай істеу арқылы ол Сүннеттен бет бұрған болады.

Өйткені Аллаһ Тағала:

فلا وربك لا يؤمنون حتى يحُكّموك فيما شجر بينهم ثمّ لا يجدوا في أنفسهم حرجا مما قضيت ويسلموا تسليما) النساء (65:

«(Мухаммад) Раббыңа серт! Олар өзара таласқан нәрселерінде сені би қылып, содан соң берген билігіңнен көңілдерінде ақау таппай толық бой ұсынғанға дейін мүмін бола алмайды» («ән-Ниса» сүресі, 65-аят), — деп айтқандай, өзара келісе алмаған жағдайда біз Сүннетке қайтып, соны басшылыққа алуымыз керек.

Аллаһ Тағаладан бізді Ол:

إنما كان قول المؤمنين إذا دُعوا إلى لله ورسوله ليحكم بينهم أن يقولوا سمعنا وأطعنا   

وأولئك هم المفلحون . ومن يطع لله ورسوله ويخش لله ويتقه فأولئك هم الفائزون

)النور (5251:

«Шын мәнінде, мүміндер Аллаһқа және Оның Елшісіне, араларына үкім беруге шақырылғанда, олардың сөздері: «Естідік те, бой ұсындық!» , — деу болады. Міне бұлар құтылушылар. Кімде-кім Аллаһқа және Оның Елшісіне бағынса, сондай-ақ Аллаһтан қорқып, сақтанса, міне солар жетістікке жетеді» («ән-Нур» сүресі, 51-52-аяттар), — деп сипаттағандардан етуін сұраймын.

 Дамаск, 13 жумада әл-ахира, һ.1370 ж. (21.03.1951)



[1] Біреудің пікіріне дәл осылайша соқыр түрде ілесуге (тақлидке) қатысты имам әт-Тахауи былай деп нұсқаған болатын: «Тек (ақыл-санасы) шектелген немесе ой-өрісі тар адам ғана осындай пікірге ілеседі» (Дәйексөзді Ибн ’Абидин «Расм әл-Муфти» (шығармалар жинағында, 1-том, 32-бетте) келтірген.

Аудармашының ескертпесі: Адамдардың  келесі іс-әрекет түрлерінің бірімен айналысатын  үш санаты бар:

1)                       Ижтиһад

2)                       Иттиба‘

3)                       Тақлид

1)                       Ижтиһад (сөзбе-сөз ‹тырысу›, ‹күш-жігер салу›, ‹ұқыпты-ынталы болу›) – бұл Құран мен Сүннетте тікелей нұсқауы болмаған діни-құқықтық сипаттағы мәселелерді дербес түрде шешу құқығына ие атақты діндар ғалымның іс-әрекеті.  Ижтиһадпен тек араб тілін жетік менгерген, Құран мен оның тәпсірлерін жатқа білетін, Сүннет пен оның түсіндірмесін жақсы игерген және басқа да бір қатар талаптарға жауап беретін адамдар ғана айналыса алады. Ижтиһадпен айналысуға құқығы бар адамды мужтаһид деп атайды.

2)                       Иттиба‘ (сөбе-сөз «ілесу», «еру») – діни-құқықтық сипаттағы шешімдерге Құран мен Сүннеттен, сахабалардың бір ауызды келісімінен және ислам ғалымдарының бір ауызды келісімінен (ижма`) келтірілген дәлелдерді қарап шығу және түсіну арқылы ілесе алатын, алайда діни-құқықтық сипаттағы мәселелерді дербес түрде шеше алмайтын адамның іс-әрекеті. Иттиба`пен айналыса алатын адамды муттаби`  деп атайды.

3)                       Тақлид (сөзбе-сөз «ұқсау», «еліктеу», «көшіру») – бұл діндарлардың біреуінің  айтқан сөздері мен шешімдерін оның пікірінің әділетті екенін растай немесе теріске шығара алатын Құран мен Сүннетке жүгінусіз сөзсіз басшылыққа алатын адамның іс-әрекеті. Тақлидті ұстанатын адамды муқаллид деп атайды.

Осы жерде тақлидтің рұқсат етілген және тыйым салынған түрлері бар екенін атап кету қажет.

Тақлидтің рұқсат етілген түрі

Шейхул-ислам Ибн Таймийя, Аллаһ оны рақым етсін, былай деген: «Мұсылман адам қандай да бір проблемаға жолықса, ол Аллаһ және Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)  бекіткен нәрселердің негізінде  шешім шығарып береді деп сенетін адамынан пәтуа алуға тырысуы қажет. Осы орайда ол өзін қай мазһабқа жатқызатыны маңызды емес. Кез келген мұсылман үшін қандай да бір ғалымға ол айтқан нәрселердің барлығында соқыр түрде ілесу міндетті емес. Сол сияқты кез келген мұсылман үшін ғалымдардың белгілі мазһабына ол олардан талап ететін және оларға хабарлайтын нәрселердің барлығында ілесу де міндетті емес. Керісінше, Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің (сөздерінен)  басқа кез келген адамның айтқан сөздері қабылдануы да, кері қайтарылуы да мүмкін.  (Мұсылман адам) (қандай да бір мәселе бойынша) шариғи үкімді білуге қабілетті болмаған жағдайда белгілі бір адамның мазһабына ілесуге рұқсат етіледі; алайда шариғи үкімді тақлидтің осындай түріне жүгінбей білуге қабілетті әрбір жеке адам үшін бұл міндетті емес.   Сондықтан да әрбір адам күш-жігері жеткенше Аллаһтан қорқуы және Аллаһ  пен Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйырған нәрселерін білуі, әрі бұйырылғанды орындап, тыйым салынған нәрселерден қашқақтауы қажет» («Мәжму’  Фатауа» («Пәтуалар жинағы»), 20/208, 209).

Тақлидтің тыйым салынған түрі

Ибн әл-Қаййим, Аллаһ оны рақым етсін, өзінің «И‘ләм әл-Мууаққи‘ин» (2/188) еңбегінде  тақлидтің тыйым салынған түрлеріне нұсқап былай деді: «Оның үш түрі бар: (1) Аллаһтың түсіргенінен толығымен бет бұру және өз ата-бабаларына тақлид жасаумен разы болу;  (2) айтқан сөздері қабыл етілетін адам болып табылатындығы сіз үшін белгісіз болған адамға тақлид жасау; (3) (белгілі бір мәселе бойынша) дәлел орнатылған соң және осы орнатылған дәлел тақлид жасалып жатқан адамның көзқарасына қайшы келетіндігі айқын болғаннан кейін де тақлид жасау».

Шейхул-ислам Ибн Таймийя, Аллаһ оған рақым етсін, былай деген: «Ешкім Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) басқа біреуге ол бұйыратын және тыйым салатын, немесе нұсқайтын нәрселердің барлығында соқыр түрде ілесуіне болмайды. Мұсылмандар ислам ғалымдарының кейде біреуіне, ал кейде басқасына ілесіп, әркез өз сұрақтарын соларға берулері керек.  Егер ілесуші адам қандай да бір нақты мәселе бойынша өзінің дін ұстануына абзалырақ немесе дұрысырақ болып табылады т.с.с. деп санаған  имамдардың біреуінің пікіріне ілесуді шешсе, бұл рұқсат етіледі, әрі Абу Ханифа да, Мәлик те, әш-Шәфи`и де бұған тыйым салынған деп айтпайтын»  («Мәжму‘ Фатауа / Пәтуалар жинағы», 23-том, 382-бет).

Шейх Сулайман ибн Абдаллаһ, Аллаһ оны рақым етсін, былай деген: «Мүмін адам, егер Аллаһтың Кітабы мен Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннеті оған жеткен болса және ол оларды қандай да бір мәселеге қатысты түсінетін болса, онда ол бұл мәселе бойынша кіммен келіспейтініне қарамастан, оларға сәйкес амал етуі тиіс! Бұл — бізге Раббымыз және Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) міндеттеген әрі осыған қатысты мұсылман ғалымдары бір ауызды келісімде болған нәрсе,  әрі бұған тек кейбір соқыр еліктеушілер мен жүректері қатуланғандар ғана келіспейді.  Мұндай адамдар ғалымдар емес» («Тайсир әл-`Азым әл-Хамид», 546-бет).

Имам Ахмад ибн Хәнбал, Аллаһ оны рақым етсін,  былай деген: «Хадистің жеткізушілерінің тізбегін және оның сенімділігін білетін адамдардың Суфьян (әс-Сауридің) пікіріне ілесулерін жалғастыра беретіні ерсі-ақ. Ал Аллаһ Тағала:

 فَلْيَحْذَرِ الذَِّينَ يخَُلفِوُنَ عَنْ أَمْرِهِ أَن تصُِيبهَمُْ فِتْنَة أَوْ يصُِيبهَمُْ عذَاَ بٌ أَلِيمٌ

«Сондықтан оның әміріне қарсы келгендер, өздеріне бір азғыру (фитна) жетуінен немесе жан түршігерлік азап келуінен сақтансын («Нур» сүресі, 63-аят), — деді ғой! (Әрі қарай имам Ахмад былай деп жалғастырды:) Сіздер фитнаның не екенін білесіздер ме? Фитна – бұл көпқұдайшылық (ширк)! Өйткені оның айтқан сөздерінің кейбіреулерін қабылдамай қайтарып тастау ауытқушылықтың жүрекке енуіне себеп болуы мүмкін, әрі сөйтіп (адам) опат етіледі».  (Ибн Батта «Әл-Ибана әл-Кубрада» (№97) хабарлаған. Сондай-ақ Абдуллаһ ибн Ахмадтың «Әл-Мәса’илін», 3-т., 135-бетті қараңыз.

Шейх Абдурахман ибн Хасан, Аллаһ оны рақым етсін, былай деген: «Имам Ахмадтың, Аллаһ оны рақым етсін, бұл сөздерінде адамның оған дәлел жетуден бұрын тақлид етуі айыпталатын нәрсе емес екендігіне нұсқау бар. Алайда айыптауға лайықты адам – бұл оған дәлел жетсе де, өзінің ғалымының сөздеріне (берілгендігі) себепті оған қарсы келуші»  («Фатх әл-Мажид», 2-том, 649-бет).

Сөйтіп, жоғарыда баяндалғанның барлығын қорытындылап, келесілерді атап айту қажет болады:

1) Мужтаһид белгілі бір мәселе бойынша орынды себептерге байланысты ижтиһад жасауға  қабілетсіз болса, тақлид жасауына болады;

2) муттаби’ және муқаллид екі шарт орындалғанда ғана тақлид жасай алады:  (а) ол қандай да бір мәселе бойынша шариғи қаулыны орынды себептерге байланысты дербес түрде білуге қабілетсіз болған жағдайда болса;  (б) оның тақлид жасайтын адамы өзінің дұрыс көзқарастарымен, шынайы сенімімен, білімдерімен және ижтиһад жасауға деген құқығымен танылған болуы керек;

3)  оның Құран және Сүннетпен бекітілген дәлелге қайшы келетіні айқын болғаннан кейін тақлид жасауына тыйым салынады;

4) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінен басқа бір адамның немесе бір мазһабтың ізінен діни-құқықтық сипаттағы барлық мәселелер бойынша толығымен тақлид жасауға тыйым салынады;

5) тиісті талаптарға жауап бермейтін және осыған лайықты болмаған адамға тақлид жасауға болмайды.

Сөйтіп, шейх әл-Әлбани осы кітапта тақлид мәселелерін сөз еткенде, оның тыйым салынған түрін меңзегені ап-айқын болады. Бұл кітаптың өзінің мәтінінен де, онда келтірілілетін діндар-ғалымдардың тиісті сөздерінен де түсінікті.

[2] Ибн ’Абидин «әл-Хашийяда» (1/63) және «Расм әл-Муфтиде» (1/4), шейх Салих әл-Фуләни «Иқаз әл-Химамда» (62-бет) және басқалар жеткізген. Ибн әл-Хумамның ұстазы Ибн әш-Шахна әл-Кәбир жазған «Шарх әл-Һидайа» еңбегінде Ибн ‘Абидиннен мына сөз жеткізіледі: «Мазһабқа қайшы келетін қандай да бір хадис сенімді (сахих) екені анықталса, адам осы хадиске сәйкес амал ету керек болады, әрі осы оның мазһабына айналады, ал ол хадиске сәйкес амал еткендігі себепті ханафи мазһабын ұстанушылардың қатарынан шықпайды. Мысалы, Абу Ханифа, Аллаһ оны рақым етсін: «Егер хадис сенімді болса, міне сол менің мазһабым», — деп айтқаны сенімді түрде жеткізіледі, ал Абу Ханифаның және басқа да имамдардың осы айтқан сөзін  Ибн ‘Абд әл-Бәрр жеткізген».

Мен (яғни шейх әл-Әлбани – Аудармашының ескертпесі) былай айтамын: бұл имамдардың білімдерінің толықтығы мен тақуалығының көрінісі болып табылады, өйткені осындай сөздері арқылы олар (өз білімдерімен) бүкіл Сүннетті түгел қамтымайтынына нұсқады.   Имам әш-Шәфи’и мұны егжей-тегжейлі түсіндіріп берді, әрі бұл туралы әрі қарай айтылады. Олар өздеріне жетпеген қандай да бір Сүннетпен бірікпеген жағдайлар да болатын, сондықтан да олардың өздері де бізге Сүннетке ілесуді және оны өз мазһабының бір бөлігі етуді бұйыратын. Аллаһ олардың барлығын рақым етсін!

[3] Ибн Абд әл-Бәрр «әл-Интиқа’ фи Фада’ил әс-Саләса әл-А’ймат әл-Фуқаһа» (145), Ибн әл-Қайим «И’ләм әл-Мууаққи’ин» (2/309), Ибн ’Абидин «әл-Бахр әр-Ра’иққа» (6/293) және «Расм әл-Муфтиге» (29, 32) жасаған ескертпелерінде және екінші деректі жеткізген әш-Ша’рани «әл-Мизанда» (1/55), соңғы деректі Аббас әд-Даури «әт-Тарих Ибн Ма’инде» (6/77/1) сахих иснадпен Абу Ханифаның шәкірті Зуфардан жеткізген. Тура осындай деректер Абу Ханифаның серіктерінен: Зуфардан, Абу Йусуфтан және Афийи ибн Йазидтен («Иқаз», 52-бет) жеткізілген. Ибн әл-Қайим Абу Йусуфтан келген дерекке «И’ләм әл-Мууаққи’инде» нұсқаған (2/344). Екінші дерекке жасалған қосымшаны «Иқаздың» редакторы (65-бет) Ибн Абд әл-Бәррға, Ибн әл-Қайимға және басқаларға қатысты етеді.

[4] Бұл жерде Абу Ханифа өзінің атақты шәкірті Абу Йусуфқа айтып тұр (Аллаһ оларды рақым етсін).

[5] Имам Абу Ханифа жиі жағдайда ұқсастық бойынша теңеуге (қиясқа) сүйеніп тұжырым шығаратын, ал содан соң, егер қаралып жатқан мәселе бойынша Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисі бар екенін білсе, немесе күштірек дәйектелген қиясты тапса, өзінің бұрынғы көзқарасынан бас тартатын болғандығы себепті осылай дейтін.

Имам ‘Абдул-Уаһһаб әш-Ша’рани былай деп айтатын: “Имам Абу Ханифа туралы (Аллаһ оны рақым етсін) біздің сеніміміз әрі әрбір кітап авторының сенімі:  егер ол шариғи ғылымда жинақталған және хафиздар барлық елді аралап шыққан біздің кезімізге дейін өмір сүргенде, ол осы дәлелдерді алатын еді де, өзінің кез келген ұқсастық бойынша  салыстыруын (қиясын) қалдырар еді.  Алғашында басқа мазхабтарда оның мазхабымен салыстырғанда қияс аз болатыны сияқты, оның да мазхабында қияс аз болатын. Алайда оның заманында шариғи дәлелдер табиғиндердің және олардың ізбасарларының арасында әртүрлі қалаларда бөлініп таралғандығы себепті, белгілі бір мәселеде (шешім шығару) қажеттілігіне байланысты тікелей хадистің болмағандығынан оның мазхабында қияс көп болды. Одан кейін өмір сүрген хадис білгірлері түрлі қалалар мен елді мекендерден хадистерді іздеу және жинақтау мақсатында сапарларға шығатын және оларды жазып алатын болды. Сөйтіп кейбір шариғи хадистерді басқалар түсіндірді. Міне, оның мазһабында қиястың үлес салмағы көп болу себебі осындай». Қз.: “әл-Мизан” 1/62.

Абул-Хасанат (Әл-Луқнауи) «Ән-Нәфи‘ ал-Кәбирде» (стр. 135) әш-Ша‘ранидің сөздерін толықтау етіп келтіреді, әрі өз ескертпелерінде оларды мақұлдап, түсіндіреді, сондықтан кез-келген қалаған адам осы еңбекке жүгінуге тиісті.

Мен (яғни шейх әл-Әлбани – Аудармашының ескертпесі.) былай деймін: Сөйтіп, жоғарыда келтірілген түсіндірме Абу Ханифаның кейде сенімді хадистерге әдейі емес түрде қайшы келгенінің себебі орынды екеніне нұсқайды. Ал бұл себеп толығымен қабылдауға жарамды, өйткені Аллаһ Тағала  ешбір жанға ол көтере алатыннан артық нәрсе жүктемейді. Міне, сондықтан да кейбір надан адамдар істейтіндей, Абу Ханифаны осы үшін сөгуге болмайды. Керісінше, оны құрметтеу қажет, өйткені ол – олар арқылы осы иман сақталып қалған және бізге толығымен үлестірілген мұсылмандардың имамдарының бірі, әрі ол қалай болғанда да (Аллаһтан) сый алады: (өз ижтиһадында) хақ болса да, болмаса да. Басқа жағынан, имам Абу Ханифаны құрметтеушілерге оның (сенімді) хадистерге қайшы келетін сөздерін ұстануларына болмайды, өйткені, іс жүзінде, осындай сөздер оның мазһабының бір бөлігі болып табылмайды, бұл (имамның) жоғарыда келтірілген сөздерінен келіп шығатынындай. Сөйтіп, (бұл мәселеде) шектен шығушылықтың екі түрі бар, ал ақиқат олардың ортасында:

رَبَّنَا اغْفرِْ لَنَا وَلإِخْ وَنِنَا الذَِّينَ سَبقَوُناَ باِلإيَمَنِ وَلا تَجْعَلْ فِى قلُوُبنِاَ غلِا لًّلِّذَِّينَ ءَامَنوُ ا رَبَّنَآ إِنَّكَ رَءُوفٌ رَّحِيمٌ

 «Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды кешіре гөр! Біздің жүректерімізге иман келтіргендерге деген жек көрушілік пен көре алмаушылық сала көрме! Раббымыз! Ақиқатында, Сен — аса Мейірбан, ерекше Рақымдысың!» («әл-Хашр» сүресі, 10-аят).

[6] Әл-Фуләни «Иқаз әл-Химамда» (50-бет) бұл сөздердің имам Мухаммадтан  шыққанын хабарлайды да, артынша: «Бұл мужтаһидке (діни-құқықтық сипаттағы мәселелерді дербес түрде шешуге құқықты діннің беделді білгірі – Аудармашының ескертпесі) қатысты емес, өйткені ол олардың пікірімен еш байланысты емес, бірақ бұл муқаллидке (соқыр түрде ілесушіге – Аудармашының ескертпесі) қатысты».

Мен (яғни шейх әл-Әлбани) былай деймін: әш-Ша‘рани өзінің «Әл-Мизан» (т. 1, стр. 26) атты еңбегінде осыған негізделіп былай деген: «Егер біреу-міреу: «Мен өзімнің имамым ілеспеген, алайда олардың сенімділігі (сахихтығы) оның өлімінен кейін анықталған хадистермен не істеуім керек?», — деп сұраса, оған: «Сен осы хадистерге амал етуің қажет, өйткені сенің имамың оларды кездестіргенде және олардың сенімділігін анықтағанда, ол саған соларға сәйкес амал етуді бұйырар еді, өйткені барлық имамдар Шариғаттың қолындағы тұтқындар еді», — деп жауап беру керек».  Кім осылай істесе, екі қолымен кез-келген игілікті жинап алар еді, алайда кім: «Егер менің имамым (бұл) хадиске сәйкес амал етпеген болса, мен де оған амал етпеймін», — десе, сол, бұл жағдай мазһабтардың негізін салған имамдардың соқыр ілесушілерінің (муқаллидтердің) көпшілігімен орын алып жатқанындай, үлкен пайданы қолдан жіберіп алады. Олар үшін сенімділігі имамдардың заманынан кейін анықталған әрбір хадиске сәйкес амал ету әрі сол арқылы солардың қалауын орындау жақсырақ болар еді, өйткені біз: «Егер имамдар көбірек өмір сүргенде әрі оларға сенімділігі өздерінен кейін анықталаған хадистер кездескенде, олар міндетті түрде оларды қабылдар еді және соларға сәйкес амал етер еді, әрі өздері бұрын қолданған кез-келген ұқсастық бойынша салыстырудан (қиястан) және өздері бұрын айтқан кез-келген сөздерден бас тартар еді», — деп бекем  түрде сенеміз.

[7] Ибн Абд әл-Бәрр «Жәми’ Бәйан әл-’Илм уа Фәдлих» (2/32), Ибн Абд әл-Бәррдың  сөздерін «Усул әл-Әхкам» (6/149) кітабында келтірген   Ибн Хазм және әл-Фуләни (72-бет).

[8] Бұл — имам Мәликке қатысты етілетін атақты сөзі. Ибн Абдул Хади «Иршад әс-Салик» (227/1) енбегінде, Ибн Абд әл-Бәрр «Жами’ Бәйан әл-’Илм уә Фәдлихта» (2/91), әрі бұл сөздерді әл-Хакам ибн Утайбаға және Мужаһидке тиісті деп есептеген Ибн Хазм «Усул әл-Әхкам» (6/145, 179) еңбектерінде сенімді деді. Осы сөздің көркемділігіне таң қалған Тақи әд-Дин әс-Субки, оны Ибн ’Аббастан «әл-Фатауада» (1/148) келтіріп, кейін былай деді: «Бұл сөздер басында Ибн ’Аббас пен Мужаһидтен жеткізілетін, кейін Мәлик (Аллаһ оны рақым етсін) бұл сөздерді олардан алды да, олар арқылы танымал болды».

Мен (яғни шейх әл-Әлбани – Аудармашының ескертпесі ) былай деймін: Имам Ахмад кейін осы сөздерді олардан алды, бұл туралы Абу Дәуд «Мәса’ил ‘ан әл-Имам Ахмадта» (2-бет): «Мен имам Ахмадтың: «Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзге әрбір адамның пікірі қабыл етілуі де, кері қайтарылуы да мүмкін», — деп айтатынын естігенмін», — деп айтқанындай.

[9] Ибн Аби  Хатим «әл-Жәрх уа Та’дил» еңбегіне жазған кіріспесінде.

[10] Ибн Хазм «Усул әл-Әхкам» еңбегінде былай деген: «Ақиқатында, ислам құқықтанушыларының барлығы (фуқаһа) соқыр ілесудің (тақлидтің) қарсыластары болған. Олар өздерінің жақтастарына өздерінің пікірлеріне соқыр түрде ілесуге тыйым салатын. Бұл мәселеде ең үлкен қызғаныш көрсететін имам әш-Шәфи’и еді, Аллаһ оны рахым етсін, өйткені ол жиі және басқаларға қарағанда жүйелі түрде сахих хабарларға ілесу мен дәлелге сәйкес келетін нәрселерді ғана қабылдау қажеттігі туралы айтатын. Ол сондай-ақ өзіне соқыр ілесуге қарсы болатын, әрі айналасындағыларды ондайдан сақтандыратын. Ендеше, Аллаһ оған рақымын сыйласын және оның сыйы өте үлкен болсын, өйткені ол ұлы игіліктің себепкері болды!»

[11] Әл-Хаким әш-Шәфи’иге дейін жететін көптеген жеткізушілер арқылы хабарлаған, бұл туралы Ибн ’Асакирдің «Тарих Димашқ» (15/1/3) кітабында, «И’ләм әл-Мууаққи’ин» (2/363, 364) және «Иқаз» (100-бет) кітаптарында баяндалатынындай.

[12] Ибн әл-Қайим (2/361) және әл-Фуләни (68-бет).

[13] Әл-Харауи «Замм әл-Каләм» (3/47/1), әл-Хатиб «әл-Ихтижаж би әш-Шәфи’и» (8/2), Ибн ’Асакир (15/9/10), ән-Нәуауи «әл-Мәжму’» (1/63), Ибн әл-Қайим (2/361) және әл-Фуләни (100-бет).

[14] Бұл риуаятты Абу Ну’айм «Хилйат әл-Әулийа» еңбегінде келтіреді.

[15] Ән-Нәуауи «әл-Мәжму’та» (1/63), Ша’рани (1/57), әл-Хаким мен әл-Бәйһақиға, және әл-Фуләниге (107-бет) сілтеме жасап келтіреді. Әш-Ша’рани былай деген: «Ибн Хазм: «Яғни хадистің сахихтығын ол анықтады ма, әлде басқа имам ба – бәрі бір», — деген».

Мен (яғни шейх әл-Әлбани – Аудармашының ескертпесі) былай деп айтамын: Оның келесі айтқан сөзі (№5 – Аудармашының ескертпесі) осы сөздердің мағынасын түсіндіреді. Қысқа баяндамасында имам ән-Нәуауи,  Аллаһ оған рақым етсін, былай деген: «Біздің серіктеріміз тасуиб (яғни таң намазының азаны шақырылғанда «Әс-саләту хайрун мин-ән-наум» («Намаз ұйқыдан қайырлы») деген сөздерді айту») мәселесінде, ауруға байланысты ихрамнан шығу шарттарына қатысты мәселеде, сондай-ақ мазһабтың кітаптарындағы басқа да белгілі мәселелерде осы (айтылғанға) сәйкес амал ететін. (Әш-Шәфи`идің айтқанына емес,) хадиске негізделіп пәтуа шығаратын серіктерімізден  Абу Йакуб әл-Бууайти және Абул-Касим әд-Дарики болатын. Ал біздің мухаддистерден осылай істейтіндердің қатарында имам Абу Бакр әл-Бәйһақи және басқа да (хадис білгірлері) бар еді.  Бізден бұрын өмір сүрген біздің пікірлестеріміз егер қандай да мәселеге жолықса, әрі егер осы мәселеге қатысты хадис бар болатын болса, ал әш-Шәфи`идің пікірі (мазһабы) оған қайшы келсе,  онда олар сол хадиске сәйкес амал ететін және соның негізінде өз пәтуаларын шығарып: «Әш-Шәфи`идің мазһабы осы хадис қандай болса, тура сондай!», — деп айтатын. Шейх Абу Амр (ибн ас-Сәлах) былай деген: «Шәфи`и мазһабын ұстанушының кез-келгені, өзінің мазһабымен бірікпейтін хадис тапса, ол ижтиһад шартарын жалпы түрде немесе осы мәселеге ғана қатысты орындады ма – осыны талдайтын. Өйткені соңғы жағдайда ол (кімге болсын) тәуелсіз түрде осы хадиске амал ете алатын. Ал егер ол оларды орындамаған болса, алайда содан соң жүргізген зерттеулерден кейін оған осы хадиске қарама-қайшы амал ету ауыр болатын болса, ол өзінің осы хадиспен қайшы келетініне сенімді ақтау іздемейтін, әрі егер әш-Шәф`иден басқа бір тәуелсіз имам осы хадиске сәйкес амал еткен болса, оған тек осы хадиске сәйкес амал ету ғана қалатын. Сонымен, осы ол үшін аталған мәселеге бойынша өз мазһабын қалдырудың орынды себебі болатын». Абу Амр айтқан нәрселер дұрыс әрі бекітілген. Ал Аллаһ бұл туралы жақсырақ біледі!».

Мен (яғни шейх әл-Әлбани – Аудармашының ескертпесі) былай деймін: Ибн Сәлах жоғарыда келтірілген сөздерде атап кетпеген басқа да жағдаят бар: ал егер адам осы хадиске сәйкес амал ететін адамды таппаса ше? Бұл сұраққа Тақий әд-Дин әс-Субқи өзінің «Мә’на Қаул әш-Шәфи’и әл-Матләби «Иза сахха л-хадис фа-һууа мазхаби» (‹Әш-Шәфи`идің «Егер хадис сахих болса, онда сол менің мазһабым» деген сөздері талап ететін нәрселердің мағынасы») атты зерттеуінде (3-т., 102-бет) былай деп жауап берген: «Мен үшін ең бастысы — хадиске ілесу (иттиба`). Адам Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алдында түрғанын әрі қазір ғана одан (қандай да бір) хадис естігенін елестетуі керек. (Мұндай жағдайда) ол осы хадиске амал етпей, асықпаушылық танытып тұра берер ме еді? Аллаһпен ант етемін, жоқ…., әрі әрбір адам өзінің түсінуіне сәйкес жауапкершілікке тартылады».

Бұл зерттеудің соңы және талқылауы (Ибн әл-Қайимнің) «И’ләм әл-Мууаққи’ин» (2-т., 320 және 370-беттерінде), сондай-ақ әл-Фуләнидің «Иқазу химам улюл-абсар, ли-л-иқтида’ би саййид әл-мухажирин уә-л-ансар, уа тахзирухум ‘ан әл-ибтида’ әш-ша’и’ фи-л кура уа-л-амсар, мин тақлид әл-мазахиб ма’а-л-хамиййа уә-л-асабиййа байна фуқаһа’ әл-а’сар» («Алғырлардың ынтасын мухажирлер мен ансарлардың мырзасына ілесуге ояту және оларды қазіргі заман фақиһтерінің пікірлеріне соқыр түрде еліктеудің себебімен қалалар мен елді мекендерде таралған діни жаңалықтардан сақтандыру») атты еңбегінде бар. Осы тақырыпқа қатысты айтар болсақ, бұл кітап бірегей, әрі ақиқатты сүйетін әрбір адам оның мазмұнын түсінуге және ой елегенінен өткізуге тырысып, оны оқып-зерттеуі керек.

[16] Ахмад ибн Хәнбалға, Аллаһ оны рақым етсін, айтып тұр.

[17] Ибн Аби  Хатим «әл-Әдаб әш-Шәфи’и» (94-95-беттер), Абу Ну’айм «Хилйат әл-Әулийа» (9/106), Әл-Хатиб «әл-Ихтижаж би әш-Шәфи’и» (8/1), Ибн ’Асакир (15/9/1), Ибн Абд әл-Бәрр «әл-Интиқа’» (75-бет), Ибн әл-Жәузи «әл-Мәнақиб әл-имам Ахмад» (499-бет) және әл-Харауи (2/47/2) үш тізбек арқылы Абдуллаһ ибн Ахмад ибн Хәнбалдан, оның әкесінен, ол оны оған әш-Шәфи’и айтқанын жеткізген.  Демек, бұл – Әш-Шәфи`иден жеткен сенімді хабар. Сол себепті де Ибн әл-Қайим «И’ләмда» (2/325),  әл-Фуләни де «Иқазда» (152-бет) бұл сөздерді оған (әш-Шәфи’иге)  тиісті деп айтқан, кейін былай деген: «Әл-Бәйһақи былай деп жеткізген: «Дәл осы себепті ол (әш-Шәфи’и) хадистерді жиі пайдаланатыны соншалықты –  тіпті Хижжаздың, Шамның, Йеменнің және Ирактың адамдарынан білім алатын. Егер оған өзі өмір сүрген аймақтағы адамдардың мазһабынан ерекшеленетін ақиқат айқын болса, олардың мазһабына сенім артпастан және алаңдамастан, сенімді деп тапқанының барлығын қабылдайтын. Одан бұрын өмір сүргендердің кейбіреулері өздері өмір сүрген аймақтағы мазһабтың адамдары басшылыққа алатын нәрселермен шектелетін, тіпті оған қайшы келетін нәрселердің сенімділігін растауға тырыспайтын. Біздің барлығымызды Аллаһ кешірсін!»

[18] Абу Ну’айм (9/107), әл-Харауи (47/1), Ибн әл-Қайим «И’ләм әл-Муаққи’ин» (2/363) және әл-Фуләни (104-бет).

[19] Ибн Әби  Хатим «әл-Әдаб» (93-бет), Абул Қасым Самарканди «әл-Әмалиде»  Абул Хафс әл-Муаддаб (234/1) келтірген үзінді сөз ретінде, Абу Ну’айм (9/106), Ибн ’Асакир (15/10/1) жеткізушілердің сенімді тізбектері арқылы.

[20] Ибн Әби  Хатим, Абу Ну’айм және Ибн ’Асакир (15/9/2).

[21] Ибн Әби  Хатим (93-94-беттер).

[22] Ибн әл-Жәузи «әл-Мәнақиб» (192-бет).

[23] Әл-Фуләни (113-бет) және Ибн әл-Қайим «И’ләм» (2/302).

[24] Абу Дәуд және «Мәса’ил әл-имам Ахмад» (276-277-беттер).

[25] Ибн Абд әл-Бәрр «Жәми’ Бәйан әл-’Илм уа Фәдлих» (2/149).

[26] Ибн әл-Жәузи (182-бет).

[27] Мен (яғни шейх әл-Әлбани – Аудармашының ескертпесі) былай деп айтамын: тіпті өздерінің әкелеріне және ғалымдарға қатысты да, бұл туралы әт-Тахауи «Шарх Мә’ани әл-Асарда» (1/372) және Абу Йа’лә өзінің «Муснад» (3/1317) еңбегінде жеткізушілердің сенімді тізбегі арқылы  Сәлим ибн Абдуллаһ ибн Омардан былай деп баяндағанын жеткізгендей: «Бірде мен Ибн Омармен бірге мешітте отырғанымда, оған Шамның бір адамы келіп, қажылықтан бұрын умра жасау (әт-таматтуғ қажылығы) туралы сұрақ қойды. Ибн Омар: “Бұл жақсы және тамаша іс”, — деп жауап берді. Әлгі адам: «Тіпті сенің әкең (Омар ибн әлХаттаб) бұған тыйым салған болса да ма?» — деді. Ибн Омар: “Саған қасірет келсін! Егер менің әкем Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) істеген және өзгелерге істеуге бұйырған нәрсені істеуге тыйым салса, сен менің әкеме мойынсұнасың ба, әлде Аллаһтың Елшісіне ме (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)?!”, – деді. Әлгі адам: «Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әміріне», — деп жауап берді. Сонда Ибн Омар: «Болды, енді бара бер», — деді». Осы хабарды Ахмад (5700) және әт-Тирмизи жеткізген, соңғысы оны сенімді деп айтқан. Түсіндірмелерде Омар, сондай-ақ Осман (оларға Аллаһ разы болсын) «әл-ифрад қажылығын» «әт-таматтуғ қажылығына» қарағанда (едәуір) абзалырақ деп санағандығы келтірілген (Аудармашының ескертпесі). Толығырақ мына дереккөздерге қараңыз: «Сахих әл-Бухари» (ықшамдалған мазмұндамасы), № 732 және № 741 хадистер, сондай-ақ оларға берілген ескертпелер.

Ибн ’Асакир (7/51/1) де Ибн Әби Зи’бтан мынаны жеткізген: «Са’д ибн Ибраһим (Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) атақты сахабасы — Абдурахман ибн Ауфтың баласы) Раби’а ибн Абу Абдурахманның пікіріне негіздеіп, бір адамға қатысты шешім шығарған болатын, ал мен (Ибн Әби  Зи’б) оның шығарған шешіміне қайшы келетін Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисін келтірдім. (Сонда) Са’д Раби’аға: «Бұл – Әби  Зи’б, әрі мен оны лайықты хадис жеткізушісі деп санаймын. Ол Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) менің шешіміме қайшы келетін нәрсені хабарлады», — деді. Раби’а оған: «Сен ижтихад жасадың, әрі сенің шешімің шығып қойды», — деді. ‘Бұған Са’д: «Қандай таңқаларлық нәрсе! Мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қаулысын емес, Са’дтың шешесінің баласы Са’дтың қаулысын орындап тұрмын! Жоқ, мен Са’дтың шешесінің баласы Са’дтың қаулысынан бас тартамын да, Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қаулысын орындаймын», — деп дауыстап жіберді. Кейін Са’д оған жазбаша түрде рәсімделген шешімді алып келуді бұйырды да, жазылған нәрсені жыртып тастады және жаңа қаулы шығарды».

[28] Іс жүзінде ол тіпті сауап алады, өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Егер үкім етуші (би, сот) ыждағаттылық  танытып (ижтиһад жасап) қаулы шығарса, және оның пікірі дұрыс (Аллаһтың және Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шешіміне сәйкес) болып шықса, онда оған екі сауап тиісті. Ал егер ол ыждағаттылық танытып үкім етсе, және қателессе, онда оған бір сауап тиісті» (Бұл хадис әл-Бухаридің және Муслимнің «Сахих» жинақтарында, сондай-ақ басқа да жинақтарда келтірілген).

[29] «Иқаз әл-Химам» (93-бет) еңбегіне жазылған ескертпелерде келтірілген.

[30] Әл-Фуләни (99-бет).

[31] «Әл-Уақиға» сүресінің 13-14 аяттарымен салыстырыңыз.

[32] Ибн ’Абидин «әл-Хашийя» (1/62) және әл-Ғазалиден оның дереккөзіне «ән-Нафи’ әл-Кәбирде» нұсқаған әл-Лукнәуи.

Мысалы, Ресей Ғылым Академиясы Шығыстану Институтының Санкт-Петербургтегі филиалы 2001 жылы басып шығарған Абу Йусуфтың орыс тіліне аударылған «Китаб әл-Хараж» (Мұсылмандық салық жүйесі) кітабында Абу Йусуфтың пікірі оның ұстаздары Абу Ханифа мен Ибн Аби  Ләйләнің пікірлеріне немесе  олардың біреуінің пікіріне қайшы келетін.  Мәселен, «Китаб әл-Хараждың» авторы мұндай келіспеушіліктерін «Ал мен, Абу Йусуф, былай деп айтамын…», «Мен, Абу Йусуф, былай деп есептеймін…»  деген және басқа да сол сияқты сөздерімен білдіреді (Аудармашының ескертпесі).

[33] Өзінің «(Имам) әш-Шәфи’идің Фиқһына қысқаша шолу» деген кітабының кіріспесінде оның өзі мыналарды нұсқап айтады: «Бұл кітап – Мухаммад ибн Идрис әш-Шәфи’идің (Аллаһ оны рақым етсін) білімінің жиынтығы, әрі (Имам) өзінің немесе кімнің болса да пікіріне ілесуге тыйым салғандығын ұмытпастан, оны түсініп ұғынуды қалайтын адамға көмектесу үшін (жазылған) оның айтқан сөздерінің түсіндірмесі болып табылады, өйткені мұндай адам бар ыждағатымен өзінің дінін онымен салыстыруы үшін».

[34] Ол онда өзінің имамымен (Абу Ханифамен) шамамен 20 құқықтық мәселелер бойынша келіспеушілігін келтірген (№ 42, 44, 103, 120, 158, 169, 172, 173, 228, 230, 240, 244, 274, 275, 284, 314, 331, 338, 355, 356 — «Та’лик әл-Мумажид ’алә Мууатта’ Мухаммад» кітабы бойынша келтіріледі («Имам Мухаммадтың «әл-Мууатта» еңбегіне жазылған маңызды ескертпелер»).

[35] Яғни астарын үстіне қаратып, теріс аударып, нәтижесінде киімнің оң жағы сол жаққа, ал сол жағы оң жаққа ауысатындай етіп кию (Аудармашының ескертпесі). Толығырақ әл-Бухаридің «Сахихын» (ықшамдалған нұсқасын), «Жаңбыр сұрау намазы туралы Кітапты», № 503 және № 509 хадистерді қараңыз (Аудармашының ескертпесі).

[36] Ибн ’Абидин «әл-Хашийат» (1/74) және «Расм әл-Муфти» (1/17) кітаптарында оны солардың қатарында атап өтті. Кураши оны «әл-Жәуахир әл-Мәдийа фи Табақат әл-Ханафийа» (347) кітабында атап, ол туралы былай деген: «Ол сенімді хадис жеткізушісі болып табылады. Ол және оның бауыры Ибраһим өз кезінде Бәлхтың екі шейхы болған».

[37]  «Әл-Фәуа’ид әл-Бәхийа фи Таражум әл-Ханафийа» (116-бет).

[38]  «Әл-Бәхр әр-Ра’иқ» (6/93) және «Расм әл-Муфти» (1/28).

[39] Қз.: мысалы, әл-Бухари «Сахих» (ықшамдалған нұсқасы), № 390 хадис (Аудармашының ескертпесі).

[40]  «Әл-Фәуа’ид әл-Бәхийа фи Таражум әл-Ханафийа» (116). Әрі қарай «әл-Фәуа’идтің» авторы келесі ескертпені қосады: «Бұл хабардан Мәкхулдің Абу Ханифа: «Кім намазда қолын көтерсе, намазын опат етті», — деп айтқандығы туралы әнгімесі өтірік деп қорытынды шығаруға болады. Осы (Абу Ханифаға жалған жапсырылған) сөзбен Жоғары Хатшы әл-Иткани адастырылған болатын, бұған оның өмірбаянында нұсқалатынындай. Ал Абу Йусуфтың жанынан кетпей жүретін `Исам бин Йусуф (намаз кезінде) қолдарын көтеретін, сондықтан да егер (имам Абу Ханифаның) жоғарыда аталып кеткен сөздері  қандай да бір негізге ие болғанда, онда олар туралы Абу Йусуфқа және `Исамға белгілі болар еді. Сондай-ақ егер ханафи мазһабын ұстанатын адам белгілі бір мәселе бойынша (өзінің мазһабына) қайшы келетін (Сүннеттен) келген куәліктің күшті болуы себепті өз имамының мазһабын тастаса, ол тақлид шеңберінен шығып кетпейтінін де айту қажет.  Керісінше, бұл (соқыр) тақлидтен бас тарту үлгісіндегі дұрыс (ойға қонымды) тақлид болар еді. Сіз `Исам бин Йусуф Абу Ханифаның (намазда) қол көтермеуге қатысты пікірін (мазһабын) тастағанын көрмейсіз бе, әрі осы тұста ол ханафи мазһабын ұстанушы болып қала береді.        Мен біздің заманымыздың адамдары үстінен, олар мазһабтарына қайшы келетін (Сүннеттен келген) дәлелдердің күштілігі себепті белгілі бір мәселе бойынша өз имамдарына еліктеуден (тақлид жасаудан) бас тартатын кез келген адамға сөгіс білдіретіні және оны мұндай адамды имамның ізбасарларының қатарынан өшіретіні үшін, Аллаһқа шағымданамын! Бұл қарапайым адамдардан шығып жатса – таң қаларлық нәрсе емес, алайда бұл өздерін ғалымдарға ұқсататын, бірақ өздері (осы адамдардың) ізінен мал сияқты еретіндерден шығатыны – таң қалдырады!».

Аудармашының ескертпесі:  Толығырақ № 3 Қосымшаны, № 2 хадиске берілген түсіндірмені қараңыз.

жалғасы бар