Ақида,  Әдіснама

Имам Абу Ханифаның кәламмен (діни пәлсапамен) айналысуға және дін туралы айтыс-тартыстарға берілуге тыйым салғандығы туралы

«Кәлам» терминінің түсіндірмесін біз алдын имам Абу Ханифаның, Аллаһ оны рахым етсін, білім алу жолына түскені туралы мақалада берген болатынбыз.

1. Абу Ханифа былай деген: «Басрада өздерінің әуес-қалауларына ілесетін адамдар көп. Мен: «Кәлам ең басты ғылым болып табылады», — деп ойлап, ол жерге жиырмадан астам рет барғанмын және сол жерде кейде бір жылға, кейде одан көбірек немесе азырақ мерзімге қалатынмын». Әл-Курди «Мәнақиб Аби Ханифа», 137.

2. Абу Ханифа былай деген: «Мен кәламмен көп айналысқаным соншалықты – онда үлкен белестерге жеттім және тіпті (адамдар) маған бармақтарымен көрсететіндей болды.  Бірде біз Хәммад ибн Абу Сулайманның үйірмесіне жақын отырғанымызда маған бір әйел келді де, былай деді: «Бір ер кісі әйелімен Сүннетке сәйкес ажырасқысы келеді. Ол әйеліне қанша рет талақ беруі керек?», — деп сұрады. Мен оған мұны Хәммадтан сұрауын және кейін маған қайтып келіп, бәрін айтып беруін бұйырдым. Ол бұл сұрақты Хәммадқа қойды, ал ол: «Ол әйеліне талақты оның хайызы біткен соң бір рет беруі керек және онымен жыныстық қатынасқа бармауы керек. Кейін ол тағы екі хайыздың аяқталуын күтуі керек, бірінші хайызы мен барлығы үшеу болғанға дейін. Кейін тұрмысқа шығуына болады», — деп жауап берді. Оны тыңдап болып әлгі әйел қайтып келіп, Хәммадтың сөздерін маған жеткізді. Ал мен: «Кәламның маған қажеті жоқ», — дедім де, содан соң кебістерімді қолыма алып, Хәммадтың алдына барып отырдым». Қз.: «Тарих Бағдад», 13/333.

3. Абу Ханифа былай деген: «Аллаһ Амр бин Убайдті лағнеттесін, өйткені ол адамдарға кәламға алып баратын, оларға еш пайда бермейтін жолды ашып берді». Әл-Харауи «Замм әл-Кәлам»,  28-31.

Бір адам Абу Ханифадан: «Адамдар тілге «акциденция» (әл-а’рад) және “объекттілік” (әл-әжсам) ұғымдарын енгізе бастағанына сенің пікірің қалай?», — деп сұрағанда, Абу Ханифа:  «Бұл – пәлсапашшылардың сөздері. Деректерден (асарлардан) ұстан,  салиқалы алдынғы буынымыздың өкілдерінің (сәлафтардың) жолымен жүр және діни жаңалықтардан сақ бол, өйткені кез келген діни жаңалық – дінбұзушылық (бидғат)». Әл-Харауи «Замм әл-Кәлам» (194).

4. Абу Ханифаның ұлы Хәммад былай деп баяндайтын: “Бірде маған әкем кіріп келді, ал сол кезде менің алдымда кәламның жақтаушылары болған бір топ адамдар бар болатын. Біз бір мәселе бойынша қызу айтысып жатқанымыз соншалықты – тіпті дауыстарымызды көтеретінбіз. Мен үйде әкемнің қимылынан шығып жатқан дауысты естіп, оның алдына шықтым. Ол менен: «Сенің алдыңдағы адамдар кім, уа, Хәммад?», — деп сұрады. Мен: «Пәлен, пәлен және пәлен», — деп олардың аттарын атап, жауап бердім. Ол: «Уа, Хәммад, кәламмен айналысуды қой!», — деді». Хәммад былай деді: «Мен әкемнің өз-өзіне қайшы келгенін және алдын бір нәрсені бұйырып, содан соң одан тыятындардан болатынын байқамаппын. Сондықтан мен одан: «Уа, әке, маған кәламды үйрен деген сен емес пе едің?», — деп сұрадым. Ол: «Иә, балам, алайда мен саған бүгін бұған тыйым саламын», — деді. Мен: «Не үшін?», — деп сұрадым. Бұған ол: «Уа, балам. Кәлам мәселелері бойынша келіспеушілікке түскен бұл адамдарды сен бұрын көзқарастары да бір, діндері де бір болғандардың арасында көретін едің. Шайтан олардың арасына дұшпандық және келіспеушіліктер егіп, олардан мұны тартып алмайынша осылай жалғаса берді, ал кейін олар бір-бірімен келіспеушілікке түсті…», — деп жауап берді». Имам Ахмад әл-Мәкки «Мәнақиб Аби Ханифа», 183-184.

5. Абу Ханифа Абу Йусуфқа былай деген: «Адамдармен діннің негіздері жайлы кәламға сүйеніп сөйлесуден сақ бол, өйткені олар саған еліктейді және осымен айналыса бастауы мүмкін». Имам Ахмад әл-Мәкки «Мәнақиб Аби Ханифа»,  373.

Абу Ханифаның, Аллаһ оны рахым етсін, діннің негіздеріне қатысты мәселелердегі сөздері мен сенімдері, сондай-ақ оның кәламға және онымен айналысушыларға деген қатынасы осындай болған.

Сондай-ақ мыналарды да оқуды ұсынамыз:

Абу Ханифаның Бірқұдайшылық туралы айтқан сөздері

Ханафи мәзһабы тәуассул және истиғаса туралы

Имам Абу Ханифаның тағдыр туралы айтқан сөздері

Имам Абу Ханифаның иман туралы айтқан сөздері

Имам Абу Ханифаның сахабалар туралы айтқан сөздері