Жоба туралы

Ерекше Мейірімді, аса Рахымды Аллаһтың атымен !

Бүкіл нәрсені Білуші, Дана, әлемдердің Раббысы Аллаһқа мадақ!

Адамдарды Аллаһ Тағаланың дініне және Оның Шариғатына үйреткен, оларды Аллаһтың дінін түсінуге және осы діннің ережелері мен мәнін ұғынуға талпындырған және: «Аллаһ кімге игілік қаласа, соған дінді дұрыс түсінуді нәсіп етеді», — деп айтқан (әл-Бухари 71, Муслим 1037), адамдарға ұстаз, басшы, тура жолға нұсқаушы, тәрбиеші және кеңесші ретінде жіберілген Аллаһтың құлына әрі Оның Елшісіне салауаттар мен сәлем болсын!

Ислам діні бүтін және қол сұғылмай сақталуына, айқын болып қала беруіне және Қияметке дейін барлық жерде дұрыс жол ұстанушылар үшін шам-шырақ ретінде қызмет ететініне кепілдік берген Аллаһ Тағала бұл дінге Аллаһтың Кітабын тапсірлеген және оның заң-ережелерін түсіндіріп берген, Оның Пайғамбарының (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін сақтап қалған және сахабалардың (Аллаһ оларға разы болсын) және солардың шын жүректі ізбасарларының айтқан сөздерін жинақтаған ғұламалар мен имамдарды алып келді. Олар өз зердесі мен білімін, сондай-ақ ислам тарихының алғашқы үш ғасырында өмір сүрген имамдардың айтқан сөздерін Құран мен Сүннетті оқып білуде пайдаланды, Құран мен Сүннетте тікелей нұсқаулар болмаған жаңа құбылыстарды зерттеді және осы арқылы тиісті ережелер шығарып, бізге барлық сұрақтарға жауаптар, әрбір тұйыққа тірелген адам үшін басшылық және өмірдің барлық жағдайларына қатысты заң-ережелер қалдырды. Бұдан тыс, олардың Құран мен Сүннетті түсінуі, оларға шариғаттың негіз-ережелерін жасап шығаруға мүмкіндік берді. Ал бұл негіз-ережелерді басшылыққа алу арқылы, уақыттың әрбір кезеңіндегі оқиғалар мен мәселелер және жаңа болып көрініп, адамдардың қарым-қатынасына қатысты нәрселер туралы тұжырымдар шығару мүмкін болады. Бұл ғұламалардың өлімінен соң олардың ізімен бүгінгі күнге дейін осымен айналысатын және осыны Аллаһ қалағанынша ұзақ мерзім бойы істейтін фақихтер ілесті.

Сіздердің назарларыңызға айрықша салиқалылығымен және діндарлығымен ерекшеленген, білімді жоғары бағалаған, оларды дүние игіліктері алдында абзал санаған және ақиқатты ешқашан жасырмаған фиқх саласындағы ең үлкен имамдардың бірі туралы жобаны ұсынамыз. Оның ислам шариғаты және фиқхы туралы білімнің дамуына қосқан үлесін айрықша салмақты. Ол Исламның тарихына «әл-имам әл-а‘зам» («ұлы имам») деген атақпен кірді.

Сөз фақихтардан болған имам Абу Ханифа ән Ну‘ман бин Сабит туралы болуда, Аллаһ оны рахым етсін.

Біздің мақсатымыз – қазақ тілінде сөйлеп-ойлайтын мұсылмандарға имам Абу Ханифаның орынсыз ұмытылған мирасын қайтып беру және оны үмметтің зияткерлік, рухани, мәдени дамуының пайдасына қызмет жасату. Сондай-ақ біздің сайтымыздың беттерінде сіз Аллаһ Тағаладан ұялмай және қорықпай бұл ұлы ғалымға оның ешқашан қатысы болмаған нәрселерді жапсыратын, өздерін Абу Ханифа мазхабына телитін фанаттық (соқыр) түрде ілесуге салынған мұсылмандардың адасушылықтарының теріске шығарылуын таба аласыз.

Біз имам Абу Ханифаға, Аллаһ оны рахым етсін, қатысты қолда бар деректерге объективті түрде қарауға тырысамыз және оқырмандар да біздің сайтымызда тапқан мәліметтерге осылайша қарайды деп үміттенеміз.

Аллаһ Тағала баршамызға пайдалы білім нәсіп етіп, Ақиқатты көрсетіп және оны жалғаннан ажыратып, бізді оған келтірсін!

Құрметпен «Абу Ханифа мирасы» сайтының әкімшілігі